5) қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі техникалық шешімдерді;
6) авариялық жағдайлардың туындау жағдайына талдауды;
7) қызметкерлерді авария жағдайында іс-әрекетке дайындауды;
8) авариялардың туындауы мен дамуының ықтимал сценарийлерінің схемасын;
9) аварияны жою жоспарын (хабарлау жүйесі; адамдарды қорғау жөніндегі құралдар мен шаралар; аварияларды, төтенше жағдайларды жоюға арналған резервтік ресурстар; зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша медициналық қамтамасыз ету) қамтуға тиіс.
4. Декларацияны әзірлеуді қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйым не өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге аттестатталған ұйым жүзеге асырады. Декларацияны әзірлеу ережесін уәкілетті орган белгілейді.
5. Декларация ондағы өндірістік қауіпсіздік мәліметтері өзгерген немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары өзгерген кезде өзгерістер пайда болған кезден бастап үш ай ішінде нақтыланады.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Декларацияны қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымның басшысы бекітеді.
Қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымның иесі декларациядағы мәліметтердің уақтылы ұсынылуына, оның толықтығы мен дұрыстығына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Декларация сараптамадан өткізіледі.
Декларацияға өзгерістер енгізілген кезде ол міндетті түрде қайтадан сараптамадан өткізілуге тиіс.
8. Декларация екі данада сараптама қорытындысымен бірге жоба құрамында немесе жеке құжатпен уәкілетті органға тіркеу үшін ұсынылады. Бір данасы уәкілетті органда, бір данасы қауіпті объектіні пайдаланушы ұйымда сақталады.
9. Қауіпті объектіні декларациясыз пайдалануға тыйым салынады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12-бап. Қауіпті өндірістік объектілердің қызметкерлерін
өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша кәсіби
даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру
1. Қауіпті өндірістік объектілердің қызметкерлерін өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша кәсіби даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру қауіпті өндірістік объектілері бар қауіпті өндірістік объектілердің иелеріне жүктеледі.
2. Даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру бағдарламалары уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісілуге тиіс.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Емтихан комиссиясын:
жоғары және орта білімнен кейінгі білімі бар мамандар үшін - уәкілетті органның өкілі;
жұмысшы мамандықтары үшін - уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілі басқарады.
4. Жұмысты қауіпсіз орындау ережелерін оқытудың жыл сайынғы бағдарламасының ұзақтығы қырық сағаттан аз болмауға және оны уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бекітуге тиіс.
5. Қауіпті өндірістік объектілерде жұмыспен қамтылған барлық адамдардың білімі тексерілуге тиіс.
6. Емтихан қабылдау жөніндегі комиссия білімі тексерілуден өткен адамдардан құралуға тиіс. Комиссияның құрамын қауіпті объектінің иесі айқындайды, ол уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісіледі.
7. Қауіпті өндірістік объектілердің қызметкерлерін оқыту және олардан емтихан қабылдау уәкілетті орган аккредиттеген оқу ұйымында жүргізілуі мүмкін.
8. Комиссия құрамы үш адамнан артық болуы керек.
9. Емтихан билеттерін уәкілетті орган бекітеді.
10. Білімді тексеру нәтижелері хаттамамен ресімделеді. Білімді тексеру хаттамасы үш жыл бойы сақталады.
11. Емтихан тапсырған адамдарға емтихан комиссиясының төрағасы қол қойған куәлік беріледі.
12. Куәлік онда көрсетілген мерзім ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
13. Емтиханды қайтадан тапсыра алмаған адамдар жұмысқа жіберілмейді.
14. Мерзімі өткен куәлігі бар адамдар жұмысқа жіберілгеннен кейін бір ай ішінде емтихан тапсыруға тиіс.
15. Оқытуды ұйымдастыру жөніндегі, соның ішінде емтихан комиссиясы мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі барлық шығыстар қауіпті өндірістік объектінің иесіне жүктеледі.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен тақырып өзгертілді (бұр.ред.қара)
4-тарау. Аварияларды жоюға әзірлікті қамтамасыз ету
13-бап. Аварияларды жоюға әзірлікті қамтамасыз ету
Қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдар авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-қимылға әзірлікті қамтамасыз ету мақсатында:
1) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға;
2) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың алдын алу, олардың салдарын шектеу және зардаптарын жою жөніндегі профилактикалық жұмыстарға әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарын тартуға;
3) авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою үшін материалдық және қаржылық ресурстар резервін ұстауға;
4) қызметкерлерді қауіпті өндірістік объектілерде авария бола қалған жағдайдағы қорғану әдістері мен іс-қимылдарын үйретуге;
5) қауіпті өндірістік объектілерде авария бола қалған жағдайда байқау, хабарлау, байланыс және іс-қимылды қолдау жүйелерін құру мен олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 13-1-бабымен толықтырылды
13-1-бап. Аварияларды жою жоспары
Қауіпті өндірістік объектіде аварияларды жою жоспары әзірленеді.
Аварияларды жою жоспарында адамдарды құтқару бойынша іс-шаралар, персонал мен авариялық-құтқару қызметтерінің іс-қимылдары көзделеді.
Аварияларды жою жоспарында:
1) жедел бөлім;
2) аварияларды жоюға қатысатын персонал арасында міндеттерді бөлу, олардың іс-қимылдарының дәйектілігі;
3) авария туындаған жағдайда хабарланатын және оны жоюға қатысатын лауазымды адамдар мен мекемелердің тізімдері болады.
Аварияларды жою жоспарын ұйым басшысы бекітеді және авариялық-құтқару қызметтерімен және құрамаларымен келісіледі.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 13-2-бабымен толықтырылды
13-2-бап. Оқу дабылдары және аварияларға қарсы жаттығулар
Қауіпті өндірістік объектілерде оқу дабылдары мен аварияларға қарсы жаттығулар ұйым басшысы бекіткен және уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісілген жоспар бойынша жүргізіледі.
Оқу дабылын ұйым басшысы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің және авариялық-құтқару қызметінің өкілдерімен бірлесе отырып жүргізеді.
Оқу дабылының қорытындылары актімен ресімделеді. Актіде жазылған ұсыныстардың орындалуын бақылау ұйым басшысына жүктеледі.
14-бап. 2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 4-1-тараумен толықтырылды
4-1-тарау. Инциденттердің, авариялардың себептерін тексеру және есепке алу
14-1-бап. Қауіпті өндірістік объекті иесінің іс-әрекетi
1. Қауіпті өндірістік объектінің иесі қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылар жұмыс істемей қалған немесе олар зақымданған, технологиялық процесс режимінен ауытқыған (бұдан әрі - инцидент) кезде:
үш тәулік ішінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін хабардар етеді;
инцидентті тексеруді жүргізеді;
инциденттерді болғызбау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және жүзеге асырады;
болған инциденттердің есебін жүргізеді.
2. Авария болған кезде:
болған авария туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, жергілікті атқарушы органға дереу хабарлайды;
хабарлама алған орган инстанция бойынша жоғары тұрған органдарды болған авария туралы хабардар етеді;
аварияның себептерін тексеру жөніндегі комиссияға аталған комиссияның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін қажетті барлық ақпаратты табыс етеді;
комиссия жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асырады.
14-2-бап. Аварияларды тексеру жөніндегі комиссия
1. Қауіптілігі декларациялануға тиіс объектілердегі аварияны уәкілетті орган басшысының бұйрығымен тағайындалатын комиссия тексереді.
2. Қалған аварияларды уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі басшысының бұйрығымен тағайындалатын комиссия тексереді.
3. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілі аварияларды тексеру жөніндегі комиссияның төрағасы болып тағайындалады.
4. Комиссияның құрамына қауіпті өндірістік объекті иесінің өкілі кіреді.
14-3-бап. Комиссияның құқықтары
1. Комиссия төрағасы аварияны тексеруге қатысты мәселелер бойынша сараптама тағайындауға құқылы.
2. Сараптама комиссиясы аварияны тексеру жөніндегі комиссия төрағасының өкімімен тағайындалады. Сараптамалық қорытындыны қажет ететін мәселелер жазбаша нысанда қойылады. Сараптама комиссиясының барлық мүшелері қол қойған материалдар аварияны тексеру жөніндегі комиссияға комиссия төрағасы белгілеген мерзімде табыс етіледі.
3. Тексеру барысында аварияны тексеру жөніндегі комиссияның болған оқиғаны көрген адамдардан, лауазымды адамдардан және басқа да адамдардан жазбаша және ауызша түсініктеме алуға құқығы бар.
14-4-бап. Тексерудің міндеттерi
Комиссия тексеру барысында аварияның алдында болған мән-жайларды анықтайды, оның себептерін, техникалық құрылғыларды пайдалану талаптарын, технологиялық процестерді бұзудың сипатын, өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарды айқындайды, олардың салдарларын жою және мұндай авариялардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды белгілейді, материалдық залалды анықтайды.
14-5-бап. Тексеру материалдары
Аварияны тексеру материалдарына:
1) аварияның себептерін тексеру үшін комиссия тағайындау (құру) туралы бұйрық;
2) аварияның себептерін тексеру актісі, оған:
авария болған жерді қарау хаттамасы, жоспарлар, сызбалар, фото-суреттер;
авария орнының эскизі;
комиссия төрағасының техникалық сараптама тағайындау туралы өкімі және аварияны тексеру жөніндегі комиссия шығарған басқа да өкімдер;
сараптама комиссиясының аварияның себептері туралы қорытындысы, зертханалық және басқа да зерттеулердің, эксперименттердің, талдаулардың нәтижелері қоса беріледі;
3) авариялық-құтқару қызметі қызметкерлерінің (егер олар аварияны жою үшін шақырылған болса) баянхаттары;
4) аварияға қатысы бар адамдарды, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздіктің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауға жауапты лауазымды адамдардан жауап алу хаттамалары мен олардың түсініктемелері;
5) қызмет көрсететін персоналды өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқыту, олардың білімін тексеру, нұсқама алуы туралы анықтамалар;
6) аварияның мән-жайы мен себептерін сипаттайтын басқа да материалдар кіреді.
Тексеру материалдарын техникалық ресімдеу қауіпті өндірістік объектінің иесіне жүктеледі, ол аварияны тексеру аяқталғаннан кейін бес күннен кешіктірмей:
1) декларацияланған объектідегі авария жөніндегі материалды - уәкілетті органға;
2) қалған авариялар жөніндегі материалдарды - уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жібереді.
Комиссияның шешімі бойынша аварияның себептерін тексеру материалдары объект орналасқан жердегі сотқа жіберілуі мүмкін.
14-6-бап. Тексеру қорытындылары
1. Объект иесі аварияның себептерін тексерудің нәтижелері бойынша он күн ішінде бұйрық шығарады.
Бұйрықта аварияның мән-жайы мен себептері туралы комиссияның қорытындылары жариялануға, оның салдарын жою жөніндегі шаралар, сондай-ақ мұндай авариялардың алдын алу жөніндегі және кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы шаралар белгіленуге тиіс.
2. Объект иесі аварияны тексеру нәтижелері бойынша ұсынылған іс-шаралардың орындалу мерзімі туралы жазбаша хабарламаны уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне табыс етеді.
3. Егер авария техникалық құрылғылардың конструкциялық кемшіліктерінен болса, қауіпті объект иесі оны әзірлеушіге рекламация, ал уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне оның көшірмесін жібереді.
14-7-бап. Аварияларды тексеру жөніндегі шығыстар
Аварияны тексеруге байланысты барлық шығыстарды қауіпті өндірістік объектінің иесі көтереді.
2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 4-2-тараумен толықтырылды
4-2-тарау. Қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын
технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды (оның
ішінде шетелдік) дайындауға, сынауға және қолдануға рұқсат беру
14-8-бап. Қайта жасалған техникалық құрылғыларға,
материалдарға қабылдау сынақтарын жүргізу
1. Қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын қайта құрылған, оның ішінде шетелде өндірілген техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне қабылдау сынақтарына жатады.
Қабылдау сынақтарын уәкілетті орган аттестаттаған ұйымдар жүргізеді.
2. Техникалық құрылғылардың, материалдардың тәжірибелік үлгілеріне қабылдау сынақтарын жүргізуге рұқсатты уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері береді.
3. Техникалық құрылғылардың, материалдардың тәжірибелік үлгілеріне қабылдау сынақтарын жүргізуге рұқсат алу үшін аттестатталған ұйым уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне мынадай құжаттарды:
1) сынақ жүргізу жөніндегі комиссияның тағайындалғаны туралы бұйрықты;
2) сынақ бағдарламасы мен әдістемесін ұсынады.
4. Тәжірибелік үлгілерге қабылдау сынақтары техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ететін жағдайларда жүргізілуге тиіс.
5. Уәкілетті органмен келісім бойынша қабылдау сынақтары дайындаушыда жүргізілуі мүмкін. Сынақтардың көлемі мен оны жүргізу тәртібін аттестатталған ұйым айқындайды.
6. Шетелде өндірілген техникалық құрылғылар, материалдар үшін үлгілерге қабылдау сынақтарын жеткізуші елде Қазақстан Республикасында аттестатталған ұйымның жүргізуіне жол беріледі. Мұндай сынақтарды жүргізу уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.
7. Қабылдау сынақтарының нәтижелері бойынша техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптары мен нормаларына сәйкестігі туралы акт, кемшіліктерінің болуы немесе болмауы, оларды жою жөніндегі ұсынымдар, өнімнің осы түрін Қазақстан Республикасының аумағында қолдану жөнінде ұсыныстар беріледі.
14-9-бап. Техникалық құрылғыларды, материалдарды дайындауға
рұқсат беру
1. Техникалық құрылғыларды, материалдарды дайындауға рұқсат алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) мақсаты туралы қысқаша ақпараты бар ілеспе хатты;
2) дайындаушының сериялық өндіру кезінде өнімнің қауіпсіздік көрсеткіштерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкіндігін растайтын сараптамалық қорытындыны ұсынады.
2. Уәкілетті орган құжаттарды алған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзім ішінде ұсынылған материалдарды қарайды және олар бойынша шешім қабылдайды. Толық емес деректер ұсынылған жағдайда өтініш берушіден қосымша мәліметтер сұратылады. Бұл жағдайда қарау мерзімі олардың келіп түскен уақытынан бастап есептеледі.
Уәкілетті орган қарау нәтижелері бойынша техникалық құрылғыларды, материалдарды Қазақстан Республикасының аумағында дайындауға рұқсат береді.
3. Ұсынылған өтінім өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкес келмеген жағдайда өтініш берушіге негізделген бас тарту беріледі.
14-10-бап. Технологияларды, техникалық құрылғыларды,
материалдарды қолдануға рұқсат беру
1. Технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, қолдануға рұқсат алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың мақсаты мен қолданылу саласы туралы қысқаша ақпараты бар ілеспе хатты;
2) технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкестігі туралы сараптамалық қорытындыны ұсынады.
2. Технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкілетті орган оларды қолдануға рұқсат береді.
3. Пайдалану процесінде технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған жағдайда оларға берілген рұқсат кері қайтарып алынады.
4. Технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға берілген, кері қайтарып алынған рұқсаттардың есебін уәкілетті орган жүзеге асырады.
5. Рұқсат Қазақстан Республикасының аумағында барлық құқық субъектілері үшін қолданылады.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат берілген және кері қайтарып алынған технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар туралы ақпаратты уәкілетті орган мерзімдік баспасөзде жариялайды немесе уәкілетті органның сайтында орналастырылады.
14-11-бап. Жаңа, оның ішінде шетелде өндірілген жарылғыш
материалдарды қолдануға рұқсат беру
1. Жаңа, оның ішінде шетелде өндірілген жарылғыш материалдарды қолдануға рұқсатты уәкілетті орган сынақтар кешенін өткізгеннен кейін береді, ол:
1) жарылғыш материалдардың оларды дайындауға және қолдануға арналған техникалық құжаттамада белгіленген талаптарға, оның ішінде қауіпсіздік жөніндегі ережелер мен нормаларға сәйкес келуіне бақылау сынақтарын;
2) өндірістік жағдайларда алдын ала және қабылдау сынақтарын;
3) өндірістік сынақтарды бақылау сынақтарының нәтижелеріне байланысты бір немесе екі кезеңде жүргізуді қамтиды.
2. Сынақтар жүргізу жөніндегі комиссияның құрамына кәсіпорынның, сараптама ұйымының және уәкілетті органның өкілдері енгізілуге тиіс.
3. Өтінім беруші рұқсат алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) тәжірибелік партияны сынау актісін;
2) жарылғыш материалдардың сәйкестік сертификатын ұсынады.
14-12-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жасау
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жасауға:
1) қауіпті өндірістік объектілерді салудың, кеңейтудің, реконструкциялаудың, техникалық қайта жарақтандырудың, консервациялаудың және жоюдың жобалық құжаттамасы жатады.
Жобалық құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайда міндетті түрде қайта сараптама жүргізілуге тиіс;
2) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар;
3) өндірістік қауіпсіздік декларациясы;
4) ғимараттардың, құрылыстардың жай-күйі жатады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын уәкілетті орган аттестаттаған ұйымдар қауіпті өндірістік объект иесінің қаражаты есебінен жүргізеді.
3. Сараптамалық қорытынды өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу нәтижесі болып табылады.
14-13-бап. Ұйымдарды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында
жұмыстар жүргізуге аттестаттау
1. Ұйымдар:
1) декларацияланатын объектілерде жұмыстар жүргізу;
2) техникалық құрылғылардың, технологиялардың және материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжаттар беру;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында сараптама жүргізу;
4) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу;
5) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарын жүргізу;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
7) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;
8) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру құқығына аттестатталуға тиіс.
2. Аттестаттау үшін ұйым мынадай құжаттарды:
1) өтінішті;
2) ұйым жарғысының нотариалды куәландырылған көшірмесін;
3) ұйымның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің көшірмесін;
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) ұйымның өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы сараптама қорытындысын табыс етеді.
3. Құжаттарды қарау құжаттарды толық көлемде тапсырған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
4. Уәкілетті орган қарау нәтижесі бойынша аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
5. Аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы дәлелді шешім ұйымға шешім қабылданған күннен бастап бес күн мерзімде беріледі.
6. Аттестатты беруден мына себептер бойынша:
1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмағанда;
2) ұйым өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай келмегенде бас тартылуы мүмкін.
Ұйым аталған себептерді жойған кезде аттестаттау туралы өтініш жалпы негіздерде қаралады.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Аттестаттың қолданылу мерзімі бес жылды құрайды.
Ұйым өзіне берілген аттестатта көзделмеген, осы баптың 1-тармағында аталған қызметті жүзеге асырған жағдайда уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасында көзделген тәртіппен аттестаттың қолданылуын тоқтата тұрады.
Аттестат сот тәртібімен:
1) заңды тұлға қайта құрылған немесе таратылған;
2) аттестаттың қолданылуын тоқтата тұрған себептер жойылмаған;
3) ұйым аттестаттың қолданылуын тоқтату туралы өтініш берген;
4) қолдану мерзімі аяқталған жағдайда кері қайтарылады.
8. Аттестат алған ұйымдар туралы немесе аттестаттың қолданылуының тоқтатылғаны туралы ақпаратты уәкілетті орган мерзімдік баспасөзде жариялайды.
Уәкілетті орган берілген және кері қайтарылып алынған аттестаттардың тізбесін жүргізеді.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5-тарау.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік
бақылау
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
15-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік
Бақылау
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптарын орындауы мақсатында уәкілетті орган жүзеге асырады.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы;
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары - уәкілетті орган басшысының орынбасарлары;
Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті органның мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті органның аумақтық мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары жатады.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік инспекторға бірыңғай үлгідегі куәлік, нөмірлі мөртабан және пломбир уәкілетті орган белгілеген тәртіппен беріледі.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 15-1-бабымен толықтырылды
15-1-бап. Мемлекеттік инспектордың құқықтары
Мемлекеттік инспектордың:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйіне тексеру жүргізу мақсатында қауіпті өнеркәсіптік объектілерге белгіленген тәртіпті сақтай отырып кіруге;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының орындалуын тексеру үшін қажетті құжаттармен танысуға;
3) Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда бұзушылықтарды жою туралы акт - нұсқама енгізуге, бұзушылықтарға кінәлі тұлғаларды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында белгіленген әкімшілік жауаптылыққа тартуға;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін ақауы бар техникалық құрылғыларды олардың ақауын жойғанға дейінгі кезеңде, өндірісті тоқтата тұруға, тоқтауға байланысты жағдайларды қоспағанда, техникалық ақауы бар құрылғыларды пайдалануға тыйым салуға құқығы бар.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 15-2-бабымен толықтырылды
15-2-бап. Мемлекеттік инспектордың міндеттері
Мемлекеттік инспектор:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылауды жүзеге асыруға;
2) ұйымдардың Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасын сақтауының жай-күйін сипаттайтын көрсеткіштерді жинауға, қорытындылауға, жүйелеуге және оларға талдау жүргізуге;
3) Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасы мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті.