Әкімшілік рәсімдер туралы 2000 ж. 27 қарашадағы № 107-II
Қазақстан Республикасының Заңы
(2008.04.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2009 жылғы 10 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2-тарау. Мемлекеттік органдар мен лауазымды (4 - 8 баптар)
адамдардың мемлекеттік функциялар мен
лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыруы
кезінде шешімдер қабылдау тәртібі және
оларды ресімдеу
3-тарау. Мемлекеттік органдардың жұмысын (9 - 14 баптар)
ұйымдастыру рәсімдері
4-тарау. Азаматтардың құқықтары мен заңды (15 - 20 баптар)
мүдделерін қорғау рәсімдері
5-тарау. Экономика саласында шешімдер (21 - 22 баптар)
қабылдаудың негізгі рәсімдері
6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер (23 - 25 баптар)
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен кіріспе өзгертілді (бұр. ред. қара)
Осы Заң басқару қызметiн ұйымдастыруды жетiлдiруге, мемлекеттік органдардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге, басқарушылық шешiмдердi жедел қабылдауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, мемлекеттік мүдделердi қорғауға, мемлекеттік қызметшiлердiң лауазымдық өкілеттікті қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануына жол бермеуге , сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қызметке жәрдемдесетiн әкiмшiлiк рәсiмдердi белгiлеуге бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 12.03.04 ж. № 536-II Заңымен 1-бап толықтырлды
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1. Әкiмшiлiк рәсiмдер деп:
1) мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың мемлекеттік функциялар мен лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыру кезiнде шешiмдер қабылдау мен орындау тәртібі және оларды ресiмдеу;
2) мемлекеттік аппараттың жұмысын ұйымдастыру рәсiмi;
3) азаматтардың өз құқықтарын iске асыру жөніндегі өтiніштерiн қарау рәсiмдерi, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн әкiмшiлiк қорғау рәсiмдерi;
4) экономика саласындағы шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнiң негiзгi бастаулары ұғынылады.
2. мемлекеттік органдар деп мемлекет атынан Конституция, заңдар, өзге де нормативтік құқықтық актiлер арқылы:
1) жалпыға бiрдей мiндетті мiнез-құлық ережелерiн белгілейтiн актiлер шығару;
2) әлеуметтiк мәнi бар қоғамдық қатынастарды басқару мен реттеп отыру;
3) мемлекет белгiлеген жалпыға бiрдей мiндеттi мiнез-құлық ережелерiнiң сақталуына бақылау жасау жөнiндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкiлеттік берiлген мемлекеттік мекемелер ұғынылады.
2-1. Мемлекеттік органның құзыретi деп мемлекеттік орган қызметiнiң нысанасын айқындайтын оның белгiленген өкiлеттiктерiнiң жиынтығы ұғынылады;
мемлекеттік органның өкiлеттiктерi деп мемлекеттік органның заңдарда белгiленген құқықтары мен мiндеттерi ұғынылады;
мемлекеттік органның құқықтары деп заңдарда белгiленген белгiлi бiр iс-әрекеттi жасау, басқа тұлғадан (басқа тұлғалардан) белгiлi бiр мiнез-құлықты (ic-әрекеттi немесе iс-әрекет жасаудан тартынуды) талап ету мүмкiндiгi ұғынылады;
мемлекеттік органның мiндеттемелерi деп заңдарда белгiленген, мемлекеттік орган орындауға мiндеттi iс-әрекет шеңберi ұғынылады;
мемлекеттік органның мiндеттерi деп мемлекеттік орган қызметiнiң негiзгi бағыттары ұғынылады;
мемлекеттік органның функциялары деп мемлекеттік органның қызметтi заңдарда белгiленген өкiлеттiктер шегiнде жүзеге асыруы ұғынылады.
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 1-бап 2-2- тармақпен толықтырылды; 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2-2. Мемлекеттік қызмет көрсету - Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген функциялар мен өкілеттіктерге негізделген, бюджет қаражаты есебінен және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) қаржыландырылатын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңды мүдделерін қорғауға және қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған мемлекеттік қызметтер стандарттарына сәйкес жүзеге асырылатын қызмет.
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 1-бап 2-3- тармақпен толықтырылды; 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2-3. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының, мазмұны мен нәтижесінің сипаттамаларын қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 1-бап 2-4- тармақпен толықтырылды
2-4. 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 1-бап 2-5- тармақпен толықтырылды; 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2-5. Мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімі - мемлекеттік қызметтер көрсетуді алушыларды, олардың көрсетілуін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарды және ұйымдарды көрсете отырып, республикалық және жергілікті деңгейде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үнемі жаңартылып отыратын тізбесін және басқа да сипаттамаларды қамтитын нормативтік құқықтық акт.
3. Лауазымды адамдар деп осы Заңда мемлекеттік функцияларды (өкiмет өкiлiнiң функцияларын) тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшілiк-шаруашылық функцияларын орындайтын адамдар ұғынылады.
Конституцияның, заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына байланысты лауазымды адамдар өздерiне жүктелген функцияларды:
1) жеке-дара өкiм жүргiзу тәртібімен мемлекеттiң нақты лауазымды адамының атынан;
2) нақты мемлекеттік органда шешiмдер қабылдаудың заңдарда көзделген тәртібіне байланысты жеке-дара өкiм жүргiзу тәртібімен не алқалық тәртiппен нақты мемлекеттік органның және оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң атынан жүзеге асыра алады.
2-бап. Осы Заңның қолданылу шектерi
1. Осы Заңда көзделген әкiмшiлiк рәсiмдер заң актілерімен реттелмеген бөлiгiнде:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Мемлекет басшысының қызметiн қамтамасыз ететiн мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, Президентке тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттік органдардың;
2) Қазақстан Республикасының Парламентi Палаталары, Орталық сайлау комиссиясы аппараттарының;
3) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Жоғарғы Соты мен өзге де соттары аппараттарының;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, Премьер-Министрi Кеңсесiнің, орталық атқарушы органдарының;
5) Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi органдары аппараттарының;
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарының;
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 1-тармақ 7) тармақшамен толықтырылды
7) мемлекеттік қызметтерді ұсынуы кезінде мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілерінің қызметінде қолданылады.
2. Осы Заңда көзделген рәсiмдердiң күшi:
1) азаматтардың өтiнiштерiн қарауға және қаралу тәртібі әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарда, қылмыстық iс жүргізу және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген өзге де iстердi қарауға;
2) дайындалу рәсiмi өзге заң актілерінде көзделген нормативтiк құқықтық актiлердi дайындауға;
3) жүзеге асырылу тәртібі арнаулы заң актілерімен белгiленетiн жоспарлаудың стратегиялық, бюджеттік және индикативтiк түрлерiне қолданылмайды.
3-бап. Әкiмшiлiк рәсiмдердi белгілеу принциптерi
Осы Заңда көзделген әкiмшiлiк рәсiмдер:
1) заңдылық;
2) төменгi мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдарға бағынуы;
3) заң мен сот алдында баршаның теңдiгi;
4) азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, азаматтар мен ұйымдардың өтiнiштерiн қарау кезiнде төрешiлдiк пен сөзбұйдалық көрiнiстерiне жол бермеу;
5) әкiмшiлiк рәсiмдерiнде көзделген iс-әрекеттер мен актiлердiң барлық азаматтар, ұйымдар мен лауазымды адамдар үшiн мiндеттiлiгi;
6) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өзара жауапкершiлiгi мен мүдделерiнiң теңбе-тең болуы;
7) мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңдарды қатаң сақтай отырып, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;
8) мемлекеттік билiктiң беделiн қолдау мен Қазақстан Республикасының беделiн түсiретiн және мемлекеттік қызмет мүдделерiне қайшы келетiн iс-әрекеттерге жол бермеу, соның iшiнде сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұру, мемлекеттік қызметшiлер үшiн заңдарда белгіленген тыйымдар мен шектеулердi қатаң сақтау;
9) барлық деңгейдегi мемлекеттік органдар үшiн әкiмшiлiк рәсiмдер талаптарының бiрыңғай болуы;
10) барлық мемлекеттік органдар мен мемлекеттiң лауазымды адамдары құзыреттерiнiң ара-жiгін айқын межелеу және олардың келісе отырып жұмыс iстеуi;
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
11) үнемдiлiк пен тиiмдiлiк;
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 3-бап 12) тармақшамен толықтырылды
12) мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігі мен сапасы принциптеріне негізделеді.
2-тарау. Мемлекеттік органдар мен лауазымды
адамдардың мемлекеттік функциялар мен
лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыруы
кезінде шешімдер қабылдау тәртібі және
оларды ресімдеу
4-бап. Мемлекеттік органдардың өз функцияларын жүзеге асыруы кезiнде шешiмдер қабылдауы
1. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар мемлекеттік функциялар мен лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыруы кезiнде құқықтық актiлер шығару арқылы шешiмдер қабылдайды.
2. Мемлекеттік органдардың құқықтық актiсi жеке қолданылатын актiлерге жатады, белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат болып табылады және:
1) бiр рет не өзгеше шектеулi түрде қолдануға есептеледі;
2) (немесе) заңдарда регламенттелген жағдай шеңберiнде белгiлi бiр тұлғаға не өзге де белгiлi бiр тұлғалар тобына қолданылады;
3) (немесе) белгiлi бiр тұлғаның немесе тұлғалардың өзге шектеулi тобының құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi, өзгертедi, тоқтатады немесе тоқтата тұрады.
3. Жеке қолданылатын құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының заңдарына кiрмейдi және нормативтiк құқықтық актiлерге жатпайды.
4. Жеке қолданылатын құқықтық актiлердi қабылдау рәсiмдерi, олардың ресiмделуiн, орындалуын және орындалуына бақылау жасауды ұйымдастыру осы Заңмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
5-бап. Құқықтық актілерге және олардың ресiмделуiне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік органдардың құқықтық актiсi мынадай талаптарға сай келуге тиiс:
1) құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге тиiс;
2) құқықтық актiнiң құрылымы реттеу нысанасының толық ашылуын қамтамасыз етуге, ал мазмұны дайындалып жатқан құқықтық актiнiң бiркелкi түсiнiлуi мен қолданылуын қамтамасыз етуге тиiс;
3) құқықтық актiде белгiленiп отырған шаралардың мазмұны анық баяндалуға, құқықтық актiнiң күшi қолданылатын және (немесе) оларды белгiленген мерзiмде iске асыру үшiн жауапты адамдар тобы айқын белгiленуге тиiс;
4) басқарудың төменгi деңгейлерiнде iске асыруды қажет ететiн құқықтық актiлерде белгiлi бiр мемлекеттік органдарға және (немесе) лауазымды адамдарға оларды орындау жөнiнде берiлетiн нақты тапсырмалар болуға тиiс.
2. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн құқықтық актілері қабылданған кезiнен бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиiс.
3. Әртүрлi деңгейдегi мемлекеттік органдар қабылдаған құқықтық актiлер бiр-бiрiне қайшы келген жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттік органның құқықтық актiсi қолданылады.
4. Бiр деңгейдегi мемлекеттік органдар қабылдаған құқықтық актiлер бiр-бiрiне қайшы келген жағдайда осы шешiмдi қабылдау құзыретiне кiретiн органның құқықтық актiсi қолданылады. Мүдделi тұлғаның арызы бойынша бiр құқықтық актiнiң басқа құқықтық актiден басымдығы туралы шешiмдi жоғары тұрған мемлекеттік орган немесе сот қабылдайды.
5. Мемлекеттік органдардың құқықтық актiсiнде, осы баптың 1-тармағында көзделген талаптардан басқа, мынадай деректемелер болуға тиiс:
1) құқықтық актінiң атауы;
2) сол актіде қаралатын нысананы белгiлейтiн тақырып;
3) актiнің қабылданған орны мен күнi;
4) тиiстi актiге қол қоюға уәкiлетті адамның (адамдардың) қойған қолы (қолдары);
5) органның мөрi.
6-бап. Құқықтық актiнiң орындалуын ұйымдастыру мен бақылау
1. Құқықтық актiнiң орындалуын ұйымдастыру уәкiлеттi мемлекеттік органдардың (лауазымды адамдардың) қабылданған шешiмдi уақтылы және толық орындау жөніндегі ұйымдастыру шараларын әзiрлеуi мен қабылдауы болып табылады.
2. Қажет болған жағдайда құқықтық актiнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн уәкiлеттi мемлекеттік орган (лауазымды адам) оны орындау жөніндегі ұйымдастыру шараларының жоспарын әзiрлеп, бекiтедi, ол тiкелей орындаушыларға жеткiзiледi.
3. Егер құқықтық актiде оны орындаудың нақты мерзiмдерi мен тiкелей орындаушылары айқындалмаса, оларды орындаушы мемлекеттік орган немесе жоғары тұрған орган белгiлейдi және дереу тiкелей орындаушылардың назарына жеткiзiледi.
4. Қабылданған шешiмдердi уақтылы және толық орындау мақсатында мемлекеттік орган немесе лауазымды адам олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға тиiс.
5. Бақылау былайша бөлiнедi:
1) құқықтық актiлердiң (орындалуы құқықтық актiлерде көзделген шаралардың) орындалуын бақылау. Бұл жағдайда орындалуға тиiс шараларды қамтитын барлық құқықтық актiлер бақылауға алынады;
2) мемлекеттік органдардың басшы лауазымды адамдарының қызметтiк сипаттағы өзге де құжаттардан туындайтын тапсырмаларының орындалуын бақылау;
3) iшкi (тиiстi мемлекеттік органның шегiнде) және сыртқы (өзге мемлекеттік органдардың қызметiн) бақылау. Бұл орайда сыртқы бақылауды жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар не осындай бақылауға арнайы уәкiлеттік берiлген мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
6. Бақылау:
1) қажетті ақпаратты талап ету;
2) орындау туралы есептер мен баяндамаларды тыңдау және талқылау;
3) ревизиялар және құжаттық тексерудiң өзге де нысандары;
4) жергiлiктi жерге барып тексеру жолымен;
5) заңдарға қайшы келмейтiн басқа да тәсiлдермен жүргізiледi.
7. Бақылау:
1) мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметiнiң олардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкестiгi;
2) орындаудың уақтылы және толымды болуы;
3) орындау кезiнде заңдар талаптарының сақталу өлшемдерi бойынша жүргiзiледi.
8. Бiр мәселе бойынша әртүрлi орындардың қатар тексерулер жүргiзуiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген қайталап тексерулер жүргiзуге жол берiлмейдi.
7-бап. Құқықтық актiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі
1. Күшiне енген құқықтық актiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттік орган және (немесе) лауазымды адам қажет болған жағдайда бақылау жөнiнде шаралар әзiрлейдi.
2. Бұл орайда мемлекеттік орган және (немесе) лауазымды адам оның орындалуы туралы келiп түскен ақпаратқа:
1) құқықтық актiнiң орындалу дәрежесi мен сапасын;
2) құқықтық актiнiң орындалуында ауытқулардың бар-жағын, олардың себептерiн анықтау және ауытқуларды жоюдың ықтимал шараларын белгiлеу;
3) бақылаудан алу не орындалу мерзiмiн ұзарту мүмкiндiктерiн;
4) құқықтық актiнiң орындалмағаны үшiн нақты лауазымды адамдардың жауапкершiлiгiн анықтау үшiн талдау жасайды.
Ақпаратты талдау қорытындылары бойынша әзiрленген ұсыныстар құқықтық актiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруға уәкiлетті мемлекеттік органның басшылығына тиiстi шешiм қабылдау үшiн баяндалады. Қабылданған шешiм туралы орындаушылар хабардар етiледi.
3. Құқықтық актіде көзделген шараларды бақылаудан алу мен оның орындалу мерзiмiн ұзартуды уәкiлеттi мемлекеттік орган және (немесе) лауазымды адам жүзеге асырады.
4. Жоғары тұрған мемлекеттік органның не орындаушы органның бақылау қызметi құқықтық актiде белгiленген орындау мерзiмi өткенге дейiн орындаушыға алдын ала тиiстi жазбаша ескерту жiбередi.
8-бап. Мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінiң күшiне енуi және қолданылуының тоқтатылуы
1. Егер мемлекеттік органның құқықтық актiсiнде неғұрлым кеш мерзiм белгiленбесе, ол қабылданған кезiнен бастап күшiне енедi.
2. Мемлекеттік органның құқықтық актiсi осы құқықтық акт арналған адамдар оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.
3. Құқықтық актiнiң қолданылуы тоқтатылғанға дейiн бұл құқықтық актiнi қабылдаған мемлекеттік орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оның қолданылуын тоқтата тұруы, өзгертуi немесе күшiн жоюы мүмкiн.
4. Мүдделi тұлғалардың жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа құқықтық актiнiң күшiн жою, өзгерту немесе қолданылуын тоқтата тұру туралы арыз беруi тиiстi шешiм қабылданғанға дейiн құқықтық актiнiң қолданылуын тоқтата тұрады.
3-тарау. Мемлекеттік органдардың жұмысын
ұйымдастыру рәсімдері
9-бап. Мемлекеттік органдардың жұмысын жоспарлау
1. Мемлекеттік органдар өз қызметін тоқсанға, жылға және келешектегi ұзақ мерзiмге арнап жасалатын жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік органның жұмыс жоспарлары:
2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) органның құрылымдық бөлiмшелерiнiң ұсыныстары негізiнде алдын ала жасалады;
2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) нормативтік құқықтық актілерді және мемлекеттік органның даму бағдарламаларын орындау үшін жасалады.
3. Мемлекеттік органның жұмыс жоспары негiзiнде осы органның құрылымдық бөлiмшелерi өздерiнiң жұмыс жоспарларын жасайды.
4. 2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Мемлекеттік органның жұмыс жоспарлары және даму бағдарламалары Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен әзірленеді және бекітіледі.
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды; 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 9-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
9-1-бап. Регламент және стандарт
1. Мемлекеттік орган өз қызметін ұйымдастыру мен оның ішкі тәртібі мәселелері бойынша регламент қабылдайды.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік орган ішкі қызметін ұйымдастыру мен оның тәртібі және мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл қызметі мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің стандартын қабылдайды.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты мен регламенті мемлекеттік органның құзыретіне кіретін әрбір мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қабылданады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты, мемлекеттік органның регламенті Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік стандарттар мен регламенттер негізінде әзірленеді.
2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен 9-2-баппен толықтырылды
9-2-бап. Мемлекеттік органның функциялары
Мемлекеттік органның функциялары стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау болып бөлінуі мүмкін:
жоспарлы құжаттарды әзірлеу, қабылдау, мемлекеттік жоспарлау жүйесін айқындау, халықаралық қатынастарды, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі функциялар стратегиялық функциялар болып табылады;
мемлекеттік функциялардың іске асырылуын нормативтік құқықтық қамтамасыз ету, рұқсат құжаттарын (лицензиялауды, тіркеуді, сертификаттауды қосқанда) беру, нормативтік құқықтық актілердің орындалуына талдау жүргізу, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі функциялар реттеушілік функциялар болып табылады;
жоспарлы құжаттарды, нормативтік құқықтық актілерді орындауға, мемлекеттік органның жоспарлы құжаттарында көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге, мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұсынуға бағытталған функциялар іске асыру функциялары болып табылады;
жеке және заңды тұлғалар, соның ішінде мемлекеттік мекемелер қызметінің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатымен тексеру және бақылау жөніндегі функциялар бақылау функциялары болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беретін мемлекеттік органдардың құрылымында функцияларды стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау деп бөлуді — Қазақстан Республикасының Президенті, ал орталық атқарушы органдарда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
10-бап. Жеке-дара өкiмшiлiк қызмет
1. Жеке-дара өкiмшiлiк қызмет - лауазымды адамдардың мемлекеттік органдарда жүзеге асыратын уәкiлеттi лауазымды адамдардың құқықтық актiлерге жеке-дара қол қоюын, бағынысты қызметкерлерге нұсқаулар мен тапсырмалар беруiн, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру жөнiнде өзге де ұйымдық-өкiмшiлiк шараларын жеке-дара қабылдауын қамтитын қызметi.
2. Мемлекеттік органның басшысы (алқалы мемлекеттік органдарды қоспағанда) сенiп тапсырылған органға басшылықты жеке-дара өкiмшiлiк қызмет жолымен жүзеге асырады және қабылданатын шешiмдердiң заңдылығы үшiн жеке жауапты болады.
3. Жеке-дара өкiмшiлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде төменгi лауазымды адамдар өздерiнiң әрекеттерiн жоғары тұрған лауазымды адамның шешiмдерiмен қатаң сәйкестiкте жүзеге асырады. Егер мемлекеттік функциялар тек қана жеке-дара өкiмшiлiк қызмет жолымен жүзеге асырылса, бұл жағдайда төменгi лауазымды адамдардың мiндетi уәкiлеттi адамның осы қызметiн қамтамасыз ету болып табылады.
11-бап. Алқалы мемлекеттік органдардың қызметi
1. Шешiмдерi мемлекеттік органдар мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданатын органдар алқалы мемлекеттік органдар болып табылады. Алқалы орган қабылдайтын шешiмдердiң заңдылығы үшiн жауапкершiлiк, шешiмдi қабылдаған кезде қарсы дауыс бергендердi қоспағанда, алқалы органның дауыс беруге қатысқан барлық мүшелерiне жүктеледi.
2. Алқалы органдар қызметiнiң негiзгi нысаны олардың отырыстары болып табылады, оларда осы органдардың шешiмдерi қабылданады.
3. Алқалы мемлекеттік органдардың отырыстарын дайындау және өткізу кезiнде уәкiлеттi органдар (олардың құрылымдық бөлiмшелерi) мен лауазымды адамдар мынадай мәселелердi шешедi:
1) отырыстарды жоспарлау - осы отырыстарды өткізу жоспары әзiрленедi және бекітіледi. Осы жоспар тиiсiнше тоқсандық және жылдық мерзiмге әзiрленедi, ал тиiстi келiсуден кейiн оны алқалы органның басшысы не алқалы органның қызметін қамтамасыз ететiн органның басшысы бекiтедi. Бекiтiлген жоспар мүдделi органдар мен лауазымды адамдардың назарына жеткiзiледi;
2) алқалы мемлекеттік органның отырысына шығарылатын мәселелердi дайындауды, отырысты өткізу жөніндегi өзге де ұйымдық шараларды оның тиiстi құрылымдық бөлiмшелерi не алқалы органның қызметiн қамтамасыз ететiн орган жүзеге асырады.
4. Отырыстарды жүргiзу тәртібі алқалы мемлекеттік органдардың регламенттерiмен айқындалады.
5. Алқалы органның отырысы хаттамаға түсiрiледi.
6. Отырыста қабылданған шешiмдер алқалы мемлекеттік органның регламентiне сәйкес қаулылармен ресiмделiп, орындаушылардың назарына жеткiзiледi. Қажет болған жағдайда қабылданған шешiмдердi iске асыру жөнiнде шаралар жоспары жасалып, бекітіледi, олардың орындалуы бақылауға алынады.