3) үкiмдi (қаулыны) өзгертедi;
4) үкiмнiң (қаулының) күшiн жойып, iстi бiрiншi сатыдағы сотқа соттың жаңадан қарауына жiбередi;
5) үкiмнiң (қаулының) күшiн жойып, iстi осы Кодекстiң 303-бабында көрсетiлген негiздер бойынша қосымша тергеуге жiбередi;
6) осы Кодекстiң 387-бабында көрсетiлген мән-жайлар анықталғанда жеке қаулы шығарады.
412-бап. Yкiмнiң күшiн жоюға немесе оны өзгертуге
негiздер
Мыналар:
1) сот тергеуiнiң бiржақтылығы және толық еместiгi;
2) соттың үкiмде (қаулыда) айтылған тұжырымдарының iстiң нақты мән-жайына сәйкес келмеуi;
3) қылмыстық iс жүргiзу заңының едәуiр бұзылуы;
4) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;
5) жазаның қылмыстың ауырлығына және сотталғанның жеке басына сәйкес келмеуi бiрiншi сатыдағы сот үкімінiң күшiн жоюға не оны өзгертуге негiз болып табылады.
413-бап. Сот тергеуiнiң бiржақтылығы немесе толық еместiгi
1. Анықталған жағдайда iстiң дұрыс шешiлуi үшiн елеулi мәнi болуы мүмкiн мән-жайларды ашылмаған күйi қалдырған сот тергеуi бiржақты немесе толық емес деп танылады.
2. Iс бойынша:
1) айғақтарының iс үшiн елеулi мәнi бар адамдардан жауап алынбаған немесе заң бойынша жүргiзiлуi мiндеттi болып табылатын сараптама жүргiзiлмеген, сол сияқты елеулi мәнi бар құжаттар немесе заттай дәлелдемелер сұратып алынбаған;
2) iстi соттың жаңадан қарауына берген сот қаулысында аталған дәлелдемелер зерттелмеген;
3) сотталғанның жеке басы туралы апелляциялық саты анықтай алмайтын деректер жеткiлiктi дәрежеде толық анықталмаған барлық жағдайда сот тергеуi толық емес деп танылады.
414-бап. Соттың үкiмде (қаулыда) айтылған тұжырымдарының iстiң
нақты мән-жайына сәйкес келмеуi
Егер:
1) сот тұжырымдары сот отырысында қаралған дәлелдемелермен расталмаса;
2) сот өз тұжырымдарына едәуiр ықпал ете алатын мән-жайларды ескермесе;
3) сот тұжырымдары үшiн елеулi мәнi бар қарама-қайшы дәлелдемелер болған жағдайда, үкiмде (қаулыда) соттың бұл дәлелдемелердiң бiреулерiн қабылдап, екiншiлерiн қабылдамай тастауына қандай негiздер болғаны көрсетiлмесе;
4) соттың үкiмде (қаулыда) айтылған тұжырымдарында елеулi қайшылықтар болып, олар iстiң шешiлуiне, соның iшiнде сотталғанның, ақталғанның кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi туралы мәселенi соттың шешуiне, қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығына немесе жазалау шараларын анықтауға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн болса үкiм (қаулы) iстiң нақты мән-жайына сәйкес келмейдi деп танылады.
415-бап. Қылмыстық iс жүргiзу заңының елеулi түрде бұзылуы
1. Iстi сот қарауы кезiнде осы Кодекстiң принциптерi мен өзге де жалпы ережелерi бұзылып, олар iске қатысушы адамдарды заңда кепілдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым көрсету, сот iсiн жүргiзу рәсiмiн сақтамау жолымен немесе өзгедей жолмен iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге кедергi жасаса, соттың қаулысына, әдiл үкіміне немесе өзге де шешiмiне ықпал етсе немесе ықпал етуi мүмкiн болса, бұл қылмыстық iс жүргізу заңын елеулi түрде бұзушылық болып танылады.
2. Сот тергеуiнiң бiржақтылығы немесе толық еместiгi iстi талқылаудан жол берiлетiн дәлелдемелердi қателесiп алып тастаудың немесе бiр тараптың iс үшiн маңызы болуы мүмкiн дәлелдемелерiн зерттеуден негiзсiз бас тартудың не мiндеттi түрде зерттелуге тиiс дәлелдемелердi зерттемеудiң салдарынан болған кезде үкiмнiң күшi жойылуға тиiс.
3. Егер:
1) сот осы Кодекстiң 37-бабында көзделген негiздер болғанда қылмыстық iстi қысқартпаса;
2) үкiмдi соттың заңсыз құрамы шығарған болса;
3) осы Кодекстiң 315-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген реттердi қоспағанда, iс сотталушы жоқта қаралса;
4) заң бойынша қорғаушының қатысуы мiндеттi болғанда, iс оның қатысуынсыз қаралса немесе сотталушының қорғаушыға ие болу құқығы өзгедей жолмен бұзылса;
5) сотта сотталушының ана тілін немесе өзi бiлетiн тiлдi не аудармашының қызметiн пайдалану құқығы бұзылса;
6) сотталушыға сот жарыссөзiне қатысу құқығы берілмесе;
7) сотталушыға соңғы сөз берiлмесе;
8) үкiм шығарылған кезде судьялар кеңесiнiң құпиясы бұзылса;
9) үкiмге судьялардың бiрi қол қоймаса;
10) iсте сот отырысының хаттамасы болмаса, кез келген жағдайда үкімнің күшi жойылуға тиіс.
416-бап. Қылмыстық заңды дұрыс қолданбау
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң жалпы бөлiмi талаптарының бұзылуы;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi ерекше бөлiмiнiң қолданылуға тиiстiсiнен басқа баптың, бап бөлiгiнiң, бап бөлiгi тармағының қолданылуы;
3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабының санкциясында көзделгендегiден неғұрлым қатаң жазаның белгiленуi қылмыстық заңды дұрыс қолданбау болып табылады.
417-бап. Сот тағайындаған жазаның қылмыстың ауырлығына және
сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуi
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң тиiстi бабының санкциясында көзделген шектен шықпағанымен, түрi мен мөлшерi жағынан шектен тыс жұмсақ немесе шектен тыс қаталдығы салдарынан әдiлетсiз болып табылатын жаза қылмыстың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейдi деп танылады.
418-бап. Істi қысқарта отырып айыптау үкімінiң күшiн жою
Апелляциялық шағымдарды, наразылықты қараған кезде апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 37-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 12) тармақтарында және 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген негiздер болған үкiмнiң күшiн жойып, iстi қысқартады.
419-бап. Ақтау үкімінiң күшiн жою
1. Апелляциялық саты тек прокурордың наразылығы бойынша не жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, сондай-ақ сот арқылы ақталған, ақталу негiздемелерiмен келiспеген адамның шағымы бойынша ғана ақтау үкімiнiң, істі қысқарту туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң күшiн жоя алады.
2. Егер ақталған адамның кiнәсiздiгiне немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң мәнiне дау айтылмаса, қылмыстық iс жүргiзу заңы елеулi бұзылды деген себеппен ақтау үкімінiң, iстi қысқарту туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң күшiн жоюға болмайды.
420-бап. Iстi сотта жаңадан талқылауға жiбере отырып үкiмнiң
күшiн жою
1. Егер апелляциялық саты:
1) бiрiншi сатыдағы сот жол берiп, үкiмнiң заңдылығына ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн қылмыстық iс жүргiзу заңын елеулi түрде бұзуды;
2) сот тергеуiнiң бiржақтылығын немесе толық еместiгiн;
3) азаматтық талап қою шешiлмегенiн немесе дұрыс шешiлмегенiн анықтаса, iс үкiм шығарған соттың жаңадан талқылауына, бiрақ судьялардың өзге құрамының қарауына жiберiле отырып, үкiмнiң күшi толық немесе бiр бөлiгiнде жойылуға тиiс.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 421-бап өзгертілді
421-бап. Yкiмдi өзгерту
1. Заң дұрыс қолданылмаған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот:
1) сот белгілеген жазаны немесе түзеу мекемесiнiң түрiн жеңiлдетуге;
2) онша ауыр емес қылмыс туралы заңды қолдануға және қылмыс дәрежесiнiң өзгеруiне сәйкес жаза белгiлеуге, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң неғұрлым жеңiл түрiне ауыстыруға;
3) тағылған айыптау шегiнен немесе соттың басты талқылауы кезiнде мемлекеттік немесе жеке айыптаушы қолдаған айыптау шегiнен шықпай, неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға және осыған байланысты неғұрлым қатаң жаза белгiлеуге;
4) егер жаза мөлшерiн ұлғайту арифметикалық қателердi немесе алдын ала қамауда ұстауды есептеу кезіндегі қателердi жоюға байланысты болса, қылмыстар жиынтығы бойынша немесе үкiмдер жиынтығы бойынша, сондай-ақ қылмыстардың кәнігiлігi кезiнде жаза белгiлеудi реттейтiн қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауын жоя отырып, жаза мөлшерiн ұлғайтуға;
5) егер бiрiншi сатыдағы сот қолданбаған болса, қылмыстық заң бабының санкциясына сәйкес қосымша жаза қолдануға;
6) сотталған адамға түзеу мекемесiнiң заңда көзделгенiнен неғұрлым жұмсақ түрiн тағайындаудың күшiн жоюға және түзеу мекемесiнiң түрiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес тағайындауға;
7) егер бiрiншi сатыдағы сот жасамаса немесе дұрыс жасамаса, тиiстi қылмыстардың кәнiгiлiгi бар екендiгiн тануға;
8) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабының бесiншi бөлiгiне сәйкес бұрынғы үкiм бойынша шартты соттаудың күшiн жоюға және осыған байланысты, егер бiрiншi сатыдағы сот жасамаған болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабының ережелерi бойынша жаза белгiлеуге; 9) егер сот үкімімен тағайындалған жаза тым жүмсақ деп танылса, жаза мөлшерін үлғайтуға немесе жазаның неғүрлым қатаң түрін тағайындауға қүқылы.
2. Апелляциялық сатыдағы сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3)-9) тармақтарында көрсетiлген шешiмдi осы негiздер бойынша прокурор наразылық келтiрген немесе жеке айыптаушы, жәбiрленуші, олардың өкiлдерi шағым жасаған жағдайда ғана қабылдауға құқылы.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 422-бап тоғызыншы бөлікпен толықтырылды
422-бап. Апелляциялық қаулының мазмұны
1. Апелляциялық қаулы кiрiспе, сипаттамалы-дәлелдi және қарар бөлiмдерiнен тұрады.
2. Қаулының кiрiспе бөлiмiнде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және апелляциялық алқаның құрамы;
3) апелляциялық наразылық немесе апелляциялық шағым жасаған адамдар;
4) iстi апелляциялық сатыда қарауға қатысқан адамдар көрсетiлуге тиiс.
3. Қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде берiлген апелляциялық шағымдардың, наразылықтың, оларға қарсылықтардың дәлелдерi, апелляциялық сатыдағы сотқа қатысқан адамдардың пiкiрлерi, сондай-ақ қабылданған шешiмнiң себептерi қысқаша баяндалуға тиiс.
4. Егер шағымдар, наразылық қанағаттандырылмай қалдырылса, қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде шағымдардың, наразылықтың дәлелдерi негiзсiз немесе елеулi емес деп танылған негiздеме көрсетiлуге тиiс.
5. Yкiмнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген жағдайда, қаулыда қылмыстық немесе қылмыстық iс жүргiзу заңының қандай баптарының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылық неден көрiнетiнi, бiрiншi сатыдағы соттың үкіміне өзгерістер енгiзгендегi негiздер көрсетiлуге тиiс.
6. Егер апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 421-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген шешiмдердi қабылдаса, қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде бiрiншi сатыдағы соттың шешiмi дұрыс емес деп танылған себептер, сондай-ақ сотталған адам жағдайының нашарлауы негiздерi келтiрiлуге тиiс.
7. Іс соттың жаңадан талқылауына жiберiлген жағдайда қаулыда iс жаңадан қаралған кезде қандай заң бұзушылық жойылуы керек екенi көрсетiлуге тиiс. Бұл ретте апелляциялық сатының айыптаудың дәлелденгендiгi немесе дәлелденбегендiгi туралы, дәлелдемелердiң анықтығы туралы немесе бiр дәлелдемелердiң басқаларынан басымдығы туралы, бiрiншi сатыдағы соттың қылмыстық заңды қолдануы туралы және жазалау шарасы туралы мәселелердi алдын ала шешiп қоюға құқығы жоқ.
8. Қаулының қарар бөлiгiнде апелляциялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешiмi көрсетiледi.
9. Апелляциялық сатының соты айқын қате жазуларды түзету және түсініксіз жағдайларды түсіндіру туралы мәселелерді қарау қажетболған жағдайда, апелляциялық қаулының мәнін өзгертпей, қосымша қаулы шығаруға құқылы.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 423-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
423-бап. Апелляциялық қаулы шығару
1. Апелляциялық қаулы кеңесу бөлмесiнде шығарылады, оған судьялардың бүкiл құрамы қол қояды және судьялар кеңесу бөлмесiнен қайтып келгеннен кейiн отырыс залында оқылады.
2. Сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң талаптарын сақтай отырып, қаулының қарар бөлiмін шығара алады. Бұл жағдайда қаулының толық мәтiнi iс қаралған күннен бастап он күн мерзiмде жасалып, оған барлық судьялар қол қояды.
423-1-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын
орындауға кiрiсу
1. Апелляциялық сатының қаулысы ол шығарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей, ал осы Кодекстiң 423-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда, оның толық мәтiнi дайындалған күннен бастап iспен бiрге үкiм шығарған сотқа жiберiледi.
2. Осы Кодекстiң 303-бабына сәйкес iс қосымша тергеуге қайтарылған жағдайда апелляциялық сатының қаулысы iспен бiрге тиiстi прокурорға жiберiледi. Бұл жағдайда бiрiншi сатыдағы сотқа апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi жiберiледi.
3. Сотталған адам соған сәйкес қамаудан босатылуға тиiс болатын қаулы, егер сотталған адам апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, бұл бөлiгiнде дереу орындалады. Өзге жағдайларда апелляциялық қаулының көшiрмесi немесе оның қарар бөлiгiнен үзiндi сотталған адамды қамаудан босату туралы шешiмдi орындау үшiн қамау орнының әкiмшiлiгiне дереу жiберiледi.
423-2-бап. Iстi апелляциялық сатыда қайта қарау
1. Егер:
1) кейбір сотталғандарға қатысты белгiленген мерзiмде берiлген апелляциялық шағымдар, наразылық апелляциялық сатыдағы сотқа басқа сотталған адамдарға қатысты істер қаралғаннан кейiн келiп түссе;
2) шағымданудың, наразылық келтiрудiң өтiп кеткен мерзiмiн басқа сотталған адамдарға қатысты iс қаралғаннан кейiн осы Кодекспен көзделген тәртiппен сот қалпына келтiрсе, апелляциялық қаулының күшi жойылмай-ақ iстi апелляциялық сатыда қайта қарауға жол берiледi.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталғанның, оның қорғаушысының немесе өкiлiнiң шағымдарын осы адамға қатысты iс процеске қатысушы басқа да адамдардың апелляциялық шағымдары, наразылығы бойынша қаралған жағдайда да қарауға мiндеттi.
3. Егер қайтадан шығарылған қаулы апелляциялық сатыда бұрын шығарылған қаулыға қайшы келген жағдайда, тиiсiнше Жоғарғы Соттың немесе облыстық сот пен соған теңестiрiлген соттың төрағасы қадағалау сатысына апелляциялық қаулылардың бiрiнiң күшiн жою туралы ұсыным жасайды.
423-3-бап. Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iстi бiрiншi
саты бойынша қарау
1. Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жалпы тәртiппен қаралуға тиiс.
2. Егер айыптаушы тараптың апелляциялық шағымында, наразылығында осындай өтiнiш жасалса және оны апелляциялық сатыдағы сот бастапқы үкiмнің күшiн жоюдың негiзi ретiнде көрсетсе, iстi жаңадан қараған кезде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға жол берiледi.
3. Iстi жаңадан қараған кезде бiрiншi сатыдағы соттың:
1) егер айыптаушы тараптың шағымы, наразылығы бойынша үкiмнiң осы бөлiгiнiң күшi жойылмаған болса, сотталғанды айыптаудың бастапқы үкiмде алып тасталған бөлiгiнде кiнәлi деп тануға;
2) егер бастапқы үкiмнiң күшi осы негiздер бойынша емес, айыптаушы тараптың шағымы, наразылығы бойынша жойылған болса да, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өткізудi немесе неғұрлым қатаң режимдегi колонияларда өткізудi тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқығы жоқ.
4. Iстi жаңадан қараған кезде бiрiншi сатыдағы сот шығарған үкiмге жалпы тәртiппен шағымдануға, наразылық бiлдiруге болады. Бұл ретте, егер бiрiншi үкiмнiң күшi сотталғанды қорғаған шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екiншi үкiмнiң күшi жазаның жеңiлдiгiне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгiне орай жойылса, iстi үшiншi мәрте қарап жатқан сот екiншi үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануы мүмкiн, бiрақ оның бiрiншi үкiммен салыстырғанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқығы жоқ.
ҚР 11.07.01 Ж. № 238-II Заңымен 48-тарау алып тасталды
9-бөлім. Сот шешімдерін орындау
49-тарау. Сот үкімдері мен қаулыларын орындау
11.07.01 ж. № 238-II ҚР Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 447-бап өзгертілді
447-бап. Үкiмнiң заңды күшiне енуi және оны орындауға кiрiсу
1. Аудандық және оған теңестiрiлген сот, облыстық және соған теңестiрiлген сот шығарған бiрiншi сатыдағы сот үкiмдерi, егер оған шағымданбаса немесе наразылық келтiрiлмесе, апелляциялық шағымдану немесе наразылық келтіру мерзiмі өткен соң заңды күшіне енеді және орындалуға тиiс.
2. Апелляциялық шағым жасалған немесе наразылық келтiрiлген жағдайда, аудандық немесе облыстық сот үкімінiң күшi жойылмаса, апелляциялық қаулы шығарылған күнi күшiне енедi. Егер апелляциялық шағым, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейiн қайтарып алынса, үкiм шағымды, наразылықты қайтарып алуға байланысты апелляциялық iс жүргiзудiң тоқтатылғаны туралы апелляциялық сатының қаулысы шығарылған күнi заңды күшiне енедi.
3. Үкiм заңды күшiне енген немесе iс кассациялық сатыдағы соттан қайтарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрмей бiрiншi сатыдағы сот үкiмдi орындауға кiрiседi.
4. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам, егер айыптау үкімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабымен белгiленген мерзiмде орындалмаса, жазаны өтеуден босатылады.
5. Егер сот ақтау үкімін қабылдаса не сотталушы жаза тағайындалмай сотталса немесе жазадан босатылса не бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесiлсе, ал үкiм қабылданғанға дейiн ол қамауда ұсталса, мұндай шешiм шығарған сот оны дереу қамаудан босатады.
11.07.01 ж. № 238-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 448-бап өзгертілді
448-бап. Сот қаулысының заңды күшiне енуi және
оны орындауға кiрiсу
1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағымдану немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жеке шағым жасалған немесе наразылық бiлдiрiлген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындалады.
2. Соттың шағымдануға немесе наразылық бiлдiруге жатпайтын қаулысы ол шыққаннан кейiн дереу күшiне енедi және орындалады.
3. Iстi қысқарту туралы сот қаулысы сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде немесе сот отырысында оның айыпталушыны немесе сотталушыны қамаудан босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады.
4. Апелляциялық сатының қаулысы ол жарияланған кезден бастап заңды күшіне енеді
5. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодекстiң 423-1-бабында көзделген тәртiпте орындалады.
6. Жеке қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуы және нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 449-бап өзгертілді
449-бап. Соттың үкімін, қаулысын орындауға
кiрiсу тәртібі
1. Заңды күшiне енген соттың үкімі мен қаулысы мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында сөзсiз орындалуға жатады. Соттың үкімін, қаулысын орындамау қылмыстық жауапкершiлiк жүктейдi.
2. Үкiм мен қаулыны орындауға кiрiсу бiрiншi саты бойынша iстi қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес үкiмдi орындау мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа қамауда ұсталған адамдарға қатысты iстi апелляциялық тұрғыда қараудың нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгерген жағдайда үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс.
3. Егер үкiмде сотталушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталушыны мемлекеттік наградасынан, көрсетiлген атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы ұсынысты, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енуi туралы анықтаманы жолдайды.
4. Үкiмдi орындаушы органдар оның орындалғаны жайында үкiмдi шығарған сотқа дереу хабарлайды. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа сотталушының жазасын өтеу орны туралы хабарлауы тиiс.
450-бап. Үкiмдi орындауға кiрiсу жайында сотталушының
туған-туысқандары мен азаматтық талапкерге хабарлау
1. Қамауда ұсталған сотталушы қамауға немесе бас бостандығынан айыруға кесiлген үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталушының отбасын жазаны өтеу үшiн оның қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Азаматтық талап қанағаттандырылған жағдайда сот атқарушысы азаматтық талапкердi үкiмнiң орындалғаны туралы хабардар етедi.
451-бап. Туыстарына сотталушымен жүздесуге рұқсат ету
Үкiм орындалғанға дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы қамауда ұсталып отырған сотталушының ерiне /зайыбына/, жақын туыстарына олардың өтiнiшi бойынша сотталушымен жүздесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
452-бап. Үкiмнiң атқарылуын кейiнгi қалдыру
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, бас бостандығын шектеуге, қамауға немесе бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:
1) жазаны өтеуге кедергi келтiретiн сотталушының ауыр сырқаты болса, - ол сауығып кеткенге дейiн;
2) сотталған әйелдiң жүктi болуы немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында көзделген тәртiпте;
3) өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдаяттардың салдарынан, сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот белгiлеген алты айдан артық емес мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты - үш айдан артық емес мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Айыппұл төлеу, егер оны дереу төлеу сотталушы үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе бөлiп өтелуi мүмкiн.
3. Үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы мәселенi сотталушының оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшi бойынша не прокурордың ұсынуы бойынша немесе өз бастамашылығымен сот шешедi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 453-бап өзгертілді
453-бап. Үкiмдi орындау кезiнде сот қарауға
жататын мәселелер
Соттың жүргiзуiне үкiмдi орындауға байланысты мынадай мәселелердi қарау жатады:
1) жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда айыппұл төлеу түріндегі жазаны қоғамдық жұмысқа тартумен, түзеу жұмыстарына жiберумен немесе қамауға алумен /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабы/, қоғамдық жұмыстарға тартуды бас бостандығын шектеумен немесе қамауға алумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы/, түзеу жұмыстарын бас бостандығын шектеумен, қамауға алумен немесе бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы/, бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 45-бабы/ ауыстыру туралы;
1-1) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынған және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау мен бұлтартпау шарасын таңдау туралы;
2) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамға шығарылған үкiм бойынша тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы;
3) жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабы), жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 71-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босатуды жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабының жетiншi бөлiгi) туралы;
4) науқастануына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;