Тауарлардың сыртқы сауда саласындағы лицензиялау ережесі туралы
келісім
(Мәскеу қ., 2009 жылғы 9 маусымда)
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды
ҚР 2009 жылғы 24 қарашадағы № 207-ІV Заңымен ратификацияланды
2010 ж. 1 қаңтарда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімді іске асыру мақсатында,
Тараптардың үшінші елдерге қатысты бірыңғай сауда режимін белгілеу жөніндегі ниетін назарға ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Қолдану саласы
Осы Келісім Еуразия экономикалық қоғамдастығының шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің әкелуге немесе әкетуге арналған тыйым салулар немесе шектеулер қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі - бірыңғай тізбе) енгізілген үшінші елдермен саудадағы тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру тәртібін айқындайды.
Осы Келісімнің әрекеті экспорттық бақылауға жататын тауарлардың экспортына және (немесе) импортына, қару-жарақ пен әскери техниканың, сондай-ақ өзге де әскери мақсаттағы өнімнің экспорты мен импортына қолданылмайды.
2-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Келісімде 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 1-бабында айқындалған ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
бас лицензия - Тараптың шешімі негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін және лицензияда айқындалған санда лицензияланатын жекелеген тауар түрінің экспортына және (немесе) импортына құқық беретін лицензия;
ерекше лицензия - сыртқы сауда қызметіне қатысушыға жекелеген тауар түрінің экспортына және (немесе) импортына ерекше құқық беретін лицензия;
бір жолғы лицензия - мәні лицензияланатын тауар болып табылатын сыртқы сауда мәмілесі негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін және осы тауардың белгілі бір сандағы экспортына және (немесе) импортына құқық беретін лйцензия;
рұқсат - оған қатысты белгілі бір сандағы экспортқа және (немесе) импортқа бақылау белгіленген мәні тауар болып табылатын сыртқы сауда мәмілесінің негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін рұқсат беру құжаты;
өтініш беруші - сыртқы сауда қызметіне қатысушы лицензияны немесе рұқсатты ресімдеу мақсатында Тарап мемлекеті атқарушы билігінің уәкілетті мемлекеттік органына ұсынатын құжаттар;
лицензияны орындау - оларға қатысты берілген лицензия негізінде кедендік ресімдеу жүргізілген тауарлардың Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумағына үшінші елдерден нақты әкелінуі немесе тауарлардың Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумағынан үшінші елдерге әкетілуі.
3-бап. Лицензиялар беру шарттары мен тәртібі
1. Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билігінің уәкілетті мемлекеттік органдары (бұдан әрі - уәкілетті органдар) лицензиялардың мынадай түрлерін береді:
бір жолғы;
бас;
ерекше.
Уәкілетті органның бас және ерекше лицензияларды беруі Кеден одағы комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) шешімінде көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Бір жолғы лицензияның қолданылу кезеңі оның қолданысы басталған күннен бастап 1 жылдан аспайды. Бір жолғы лицензияның қолданылу мерзімі сыртқы сауда келісім-шартының (шартының) қолданылу мерзімімен немесе лицензияны беру үшін негіз болып табылатын құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.
Оларға қатысты сандық шектеулер енгізілген тауарлар үшін лицензияның қолданылу кезеңі квота белгіленген күнтізбелік жылы аяқталады.
Бас лицензияның қолданылу мерзімі оның қолданысы басталған күнінен бастап бір жылдан аспайды, ал оларға қатысты сандық шектеулер енгізілген тауарлар үшін, егер Комиссия шешімінде өзгеше ескертілмесе квота белгіленген күнтізбелік жылы аяқталады.
Ерекше лицензияның қолданылу мерзімі әрбір нақты жағдайда Комиссия шешімімен белгіленеді.
3. Өтініш беруші лицензияны ресімдеу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды береді:
1-қосымшаға сәйкес тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру туралы өтінішті ресімдеу және мұндай лицензияны ресімдеу туралы нұсқаулыққа сәйкес толтырылған және ресімделген лицензия беру туралы өтініш (бұдан әрі - өтініш);
Комиссия әзірлеген және сыртқы сауда қызметіне қатысушыға өтеусіз негізде берілетін бағдарламалық қамтамасыз ету көмегімен жасалған, Комиссия бекіткен форматта өтініштің электрондық көшірмесі. Сыртқы сауда қызметіне қатысушы өтініштердің Комиссия бекіткен форматқа қатаң сәйкестіктегі электрондық көшірмесін қалыптастыратын өз бағдарламалық қамсыздандыруын пайдалана алады;
сыртқы сауда шартының (келісім-шартының) көшірмесі, қосымшасы және (немесе) оған толықтыру (бір жолғы лицензия үшін), ал сыртқы сауда шарты (келісім-шарты) болмаған жағдайда Тараптардың ниеттерін растайтын өзге де құжат көшірмесі;
салық органында есепке тұрғаны туралы құжаттың көшірмесі;
егер, қызметтің мұндай түрі оған қатысты бірыңғай кедендік аумақта лицензиялау енгізілген тауар айналымына байланысты болса, лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі;
егер, оның негізінде бұл тауарға лицензиялау енгізілген Комиссия шешімімен айқындалса, өзге де құжаттар.
құжаттардың берілген көшірмелерінің әрбір парағы өтініш берушінің қолымен және мөрімен куәландырылуы не құжаттардың көшірмелері тігіліп әрі өтініш берушінің қолымен және мөрімен куәландырылуы тиіс.
Өтініш беруші ұсынған құжаттар уәкілетті органда тіркелуі тиіс.
Өтініш беруші лицензия бергені үшін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерде алынатын мемлекеттік бажды (лицензиялық алымды) төлегенін растайтын құжатты бергеннен кейін лицензия беріледі.
4. Комиссия шешімінде көзделген жағдайларда, өтініш беруші өтінішті уәкілетті органға ұсынбастан бұрын Комиссия шешімінің негізінде Тарап айқындаған Тарап мемлекетінің атқарушы билігінің тиісті органына келісуге жібереді.
5. Лицензия беруді немесе оны беруден бас тартуды уәкілетті орган осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттар негізінде құжаттар берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
6. Мыналар лицензия беруден бас тарту үшін негіз болып табылады:
өтініш беруші лицензия алу үшін ұсынатын құжаттарда толық емес немесе дұрыс емес мәліметтердің болуы;
осы Келісімнің 3 және 5-баптарында көзделген талаптарды сақтамау;
лицензия беруге негіз болатын бір немесе бірнеше құжаттар қолданысының тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы;
оны іске асыру үшін лицензия сұралатын шартты (келісім-шартты) орындау салдары туындауы мүмкін Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелерінің бұзылуы;
квотаның бітуі (лицензиялар квоталанатын тауарларға ресімделген жағдайда).
Лицензия беруден бас тарту туралы шешім дәлелді болуы тиіс және өтініш берушіге жазбаша нысанда ұсынылады.
7. Уәкілетті орган өтініш берушіге берілетін лицензияның түпнұсқасын ресімдейді. Өтініш беруші тауарлар кедендік рәсімделгенге дейін лицензия түпнұсқасын тиісті кеден органына ұсынады, ол лицензияны бақылауға қою кезінде өтініш берушіге кеден органының бақылауға қою туралы белгісі бар оның көшірмесін береді.
Лицензияның болмауы Тарап мемлекеттері кеден органдарының тауарларды кедендік ресімдеуден бас тартуы үшін негіз болады.
8. Берілген лицензияларға, оның ішінде техникалық сипаттағы себептер бойынша өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
9. Егер, өтініш берушінің заңды тұлға ретінде тіркелген құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілсе (ұйымдық-құқықтық нысанның, атауының не оның орналасқан орнының өзгеруі) немесе жеке тұлға болып табылатын өтініш берушінің паспорттық деректері өзгерсе, өтініш беруші өтініш пен көрсетілген өзгерістерді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, берілген лицензияның қолданысын тоқтату және жаңа лицензия ресімдеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті.
10. уәкілетті орган мынадай жағдайларда лицензияның қолданысын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы:
өтініш берушінің жазбаша өтініші;
өтініш берушінің заңды тұлға ретінде тіркелген құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілуі (ұйымдық-құқықтық нысанның, атауының не оның орналасқан орнының өзгеруі) немесе жеке тұлға болып табылатын өтініш берушінің паспорттық деректерінің өзгеруі;
лицензия алу мақсатында өтініш беруші ұсынған құжаттарда дұрыс емес мәліметтердің анықталуы;
оның негізінде лицензия берілген бір немесе бірнеше құжаттар қолданысының тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы;
оның негізінде берілген шарттың (келісім-шарттың) орындалуы Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелерін бұзуы;
қызметтің лицензияланған түрін жүзеге асыруға арналған лицензияны қайтарып алу, егер қызметтің мұндай түрі оларға қатысты лицензиялау енгізілген тауарлардың айналымына байланысты болса;
белгіленген тәртіпті сақтау кезінде лицензия берілмейтін лицензияны беруге алып келген лицензияны беру кезінде жіберілген заң бұзушылықтардың айқындалуы;
лицензия иесінің халықаралық нормативтік құқықтық актілерде немесе Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген лицензия беру шарттарын сақтамауы;
лицензия иесінің осы баптың 13-тармағын орындамауы.
Лицензияның қолданысы бұл туралы шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатыла тұрады.
Тоқтатыла тұрған лицензияның қолданысын уәкілетті орган оның қолданысын тоқтата тұруға әкелген себептерді жойғаннан кейін жаңғыртылуы мүмкін. Бұл ретте лицензияның қолданысын тоқтата тұру оны ұзарту үшін негіз болып табылмайды.
Лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібін Комиссия айқындайды.
11. Лицензия жоғалған жағдайда уәкілетті орган өтініш берушінің жазбаша өтініші бойынша және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік баж (лицензиялық алым) төленгеннен кейін түпнұсқаға ұқсас ресімделген және «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензия телнұсқасын береді.
Лицензияны жоғалтудың себебі мен жағдаяттары түсіндірілетін өтініш еркін нысанда жасалады.
Лицензияның телнұсқасын уәкілетті орган өтініш берілген күнінен бастап 5 жұмыс күні ішінде береді.
12. Бас және ерекше лицензиялардың иелері тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-күніне дейін уәкілетті органға лицензияның орындалу барысы туралы есепті ұсынуға міндетті.
Бір жолғы лицензиялардың иелері лицензияның қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін 15 күн ішінде уәкілетті органға лицензияның орындалуы туралы анықтама беруге міндетті.
13. Тарап мемлекетінің тиісті кеден органы лицензияны бақылаудан алған кезде оның жазбаша өтініші негізінде өтініш берушіге 5 жұмыс күні ішінде лицензияны орындау туралы анықтама береді.
Анықтама беру нысаны мен тәртібін Комиссия айқындайды.
4-бап. Рұқсаттар беру шарттары мен тәртібі
1. Рұқсаттар барлық өтініш берушіге шектеусіз беріледі.
2. Рұқсат жобасын және рұқсатты ресімдеу 2-қосымшаға сәйкес тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына арналған рұқсат жобасын ресімдеу және осындай рұқсатты ресімдеу туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
3. Рұқсат алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға Комиссия әзірлеген бағдарламалық қамтамасыз етудің көмегімен жасалған, Комиссия бекіткен нысандағы және өтеусіз негізде сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға берілетін рұқсат жобасын қағаз тасығышта және электрондық көшірмесін 1 данада рұқсат жобасын береді. Сыртқы сауда қызметіне қатысушы Комиссия бекіткен форматқа қатаң сәйкестікте рұқсат жобасының электрондық көшірмесін қалыптастыратын меншікті бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана алады.
Рұқсат алу үшін рұқсат жобасы мен оның электрондық көшірмесінен басқа, өзге де құжаттарды беруді талап етуге жол берілмейді.
4. Рұқсат жобасын беру күнінен бастап 3 жұмыс күні ішінде рұқсат беріледі.
5. Рұқсаттың қолданылу мерзімі рұқсат берілген күнтізбелік жылмен шектеледі.
6. Берілген рұқсатқа өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
7. уәкілетті орган оны алуға өкілеттіктерін жазбаша растау бар өтініш берушіге немесе оның өкіліне берілетін рұқсаттың түпнұсқасын ресімдейді. Өтініш беруші тауарларды кедендік ресімдеуге дейін рұқсатты бақылауға қою кезінде өтініш берушіге бақылауға қою туралы кеден органының белгісі бар оның көшірмесін өтініш берушіге беретін тиісті кеден органына рұқсатты түпнұсқасын береді.
8. Берілген рұқсат басқа өтініш берушілерге қайта ресімдеуге жатпайды.
9. уәкілетті орган берілген рұқсатты жоғалтқан жағдайда өтініш берушінің жазбаша өтініші бойынша түпнұсқаға ұқсас ресімделетін және «Телнұсқа» деген жазбадан тұратын рұқсаттың телнұсқасын өтініш берушіге бере алады. Бұл ретте өтініште рұқсатты жоғалтудың себептері мен жағдаяттары түсіндірілуі тиіс. Өтініш еркін нысанда жасалады.
10. Бақылау енгізілген экспортқа және (немесе) импортқа қатысты тауарларды кедендік ресімдеу кезінде өтініш беруші кеден мақсаттары үшін қажетті құжаттардан басқа, кеден органдарына рұқсаттың түпнұсқасын көрсетеді.
Рұқсаттың болмауы кеден органдарының тауарларды кедендік ресімдеуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
5-бап. Жалпы ережелер
1. Өтінішті қарау, лицензия беру және лицензияның болуын растайтын құжатты қайта ресімдеу үшін уәкілетті орган Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік баж (лицензиялық алым) алады. Мемлекеттік баж мөлшері көрсетілетін қызметтердің құнына сәйкес келуі тиіс.
2. Лицензиялар мен рұқсаттар оларға қатысты лицензиялау немесе бақылау енгізілген Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жіктелетін әрбір тауарға беріледі.
3. Лицензиялар мен рұқсаттарға қол қою құқығы берілген уәкілетті органдардың лауазымды тұлғалары қолдарының үлгілері, сондай-ақ уәкілетті органдар мөрлері бедерлерінің үлгілері Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарына хабарлау үшін Комиссияға жіберіледі.
4. Лицензияларды немесе рұқсаттарды ресімдеу үшін берілген құжаттар, сондай-ақ лицензияны орындауды растайтын құжаттар лицензияның немесе рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан не лицензияның қолданылуын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы шешім қабылданған күннен кейін 3 жыл ішінде уәкілетті органдарда сақталуға тиіс.
Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін құжаттар лицензияны немесе рұқсатты берген Тараптар мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылады.
5. уәкілетті органдар берілген лицензиялар мен рұқсаттар туралы дерекқорды жүргізуді жүзеге асырады және көрсетілген ақпаратты Комиссия белгілеген тәртіппен және мерзімде береді. Комиссия Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарына берілген лицензиялар туралы деректер береді.
6. Комиссияға үшінші елдерге қатысты бірыңғай тарифтік емес реттеу шараларын, тауарлармен сыртқы сауданы қозғайтын және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін ескере отырып енгізілетін шараларды, сондай-ақ тауарлармен сыртқы сауданың тыйымдары мен шектеулерінің ерекше түрлерін қолдану жөніндегі тиісті өкілеттіктерді берген күннен бастап Комиссияға осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларда көзделген тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру және лицензияны ресімдеу туралы өтінішті ресімдеу туралы нұсқаулыққа және тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына рұқсат жобасын ресімдеу және осындай рұқсатты ресімдеу туралы нұсқаулыққа өзгерістер енгізуге құқық беріледі.
6-бап. Дауларды шешу
1. Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар келіссөздер және консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
2. Егер дау бір Тараптың екінші Тарапқа жіберген оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші күнінен бастап 6 айдың ішінде консультациялар мен келіссөздер жолымен реттелмейтін болса, онда оны шешу тәсіліне қатысты Тараптардың арасындағы өзге уағдаластық болмаған жағдайда Тараптардың кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына береді.
7-бап. Өзгерістер
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
8-бап. Қорытынды ережелер
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібін 2007 жылғы 6 қазанда Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамада айқындалады.
2009 жылғы 9 маусымда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы оның депозитарийі болып табылатын, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Комиссияда сақталады.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін Ресей Федерациясының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Тауарлармен сыртқы сауда
саласындағы лицензиялау ережелері
туралы келісімге
1-қосымша
Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе)
импортына лицензия беру туралы өтінішті ресімдеу және осындай
лицензияны ресімдеу туралы нұсқаулық
Жалпы ережелер
1. Осы Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру туралы өтінішті ресімдеу және осындай лицензияны ресімдеу туралы нұсқаулық (бұдан әрі - нұсқаулық) тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру туралы өтінішті (бұдан әрі тиісінше - өтініш, лицензия) ресімдеу және Тараптар мемлекеттері атқарушы билігінің уәкілетті органдары (бұдан әрі - уәкілетті органдар) беретін лицензияны ресімдеу туралы өтінішті ресімдеу тәртібін айқындайды.
2. Жекелеген деректемелерге кодталған ақпаратты енгізген кезде кодтарды көрсету үшін кедендік ресімдеу мақсаты үшін пайдаланылатын нормативтік-анықтамалық ақпараттың жіктеуіші (бұдан әрі - жіктеуіштер) қолданылады.
3. Осы нұсқаулықтың 2-тармағында көрсетілген ақпарат кодтары аралары «|» (тік сызық) белгімен бөлінген деректеме алаңының оң жақ жоғары бұрышында орналасуы тиіс.
Өтінішті ресімдеу тәртібі
4. Өтінішті өтініш беруші қағаз жеткізгіште ресімдейді және осы нұсқаулыққа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша баспа құрылғыда толтырылады.
5. Өтініштің деректемелері мынадай түрде толтырылады:
1-деректеме. «№ өтініш».
Өтініш нөмірі 13 белгіден тұрады және мынадай түрде құрастырылады:
1 және 2 - белгілер - өтінішті тіркеген кеден одағына мүше мемлекеттің (Беларусь Республикасы - BY, Қазақстан Республикасы - KZ, Ресей Федерациясы - RU) альфа 2 коды;
3 және 4 - белгілер - жылдың соңғы 2 саны;
5 - 7 - белгілер - өтінішті тіркеуші уәкілетті орган мөрінің (кодының) нөмірі;
8 - 13 — белгілер - өтінішке өсу тәртібімен алты сандық тіркеу нөмірін беру жолымен арнайы журналда уәкілетті орган беретін өтініштің реттік нөмірі.
Деректемені өтінішті тіркейтін уәкілетті орган толтырады;
2-деректеме. «Қолдану кезеңі».
Өтініш беруші сұрау салған мынадай түрде ресімделетін лицензияның қолданылу кезеңі көрсетіледі:
ЖЖЖЖ.КК.АА-дан бастап ЖЖЖЖ.КК.АА кезеңіне,
мұнда:
ЖЖЖЖ - жылы;
КК - күні;
АА - айы.
Символдар бір-бірінен нүктелер арқылы ажыратылады (мысалы, 2008.01.01-дан бастап 2008.31.12 кезеңіне);
3-деректеме. «Лицензия түрі».
Сұралатын лицензия типі үшін лицензияның түрі және мынадай тауарды тасымалдау бағыты көрсетіледі мұнда:
а) лицензия түрі (деректеменің сол жақ бөлігі):
бас - бас лицензияны ресімдеу үшін;
бір жолғы - бір жолғы лицензияны ресімдеу үшін;
айрықша - айрықша лицензияны ресімдеу үшін;
б) тауарды тасымалдау бағыты (деректеменің оң жақ бөлігі):
экспорт - экспорттық лицензияны ресімдеу үшін;
импорт - импорттық лицензияны ресімдеу үшін.
Деректеменің сол және оң жақ бөліктері бір-бірінен «|» (тік сызық) белгімен бөлінеді.
4-деректеме. «Келісім-шарт».
Келісім-шарттың (шарттың) нөмірі, оған қол қойылған күн көрсетіледі.
Күні осы бөлімнің 2-деректемесінде көзделген талаптарға сәйкес көрсетіледі.
Өтінішті бас және айрықша лицензияларға ресімдеген жағдайда 4-деректеме толтырылмайды;
5-деректеме. «Өтініш беруші».
Өтініш беруші туралы мәлімет көрсетіледі:
заңды тұлғалар үшін - толық ресми атауы және заңды мекен-жайы. Оң жақ жоғары бұрышында салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі;
дара кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты және паспорттық деректері (сериясы, нөмірі, қашан және кім берді, тұрғылықты жері). Оң жақ жоғары бұрышында салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі;
6-деректеме.
«Сатып алушы» - экспорттық лицензияны ресімдеу үшін.
«Сатушы» - импорттык лицензияны ресімдеу үшін.
Шартта (келісім-шартта) көрсетілген тауарға құқық беруді көздейтін шарт (келісім-шарт) бойынша өтініш берушінің контрагенті болып табылатын шетелдік әріптестің толық ресми атауы және толық мекен жайы көрсетіледі.
Бұл ретте сатып алушы ретінде өтініш берушіден тауарға құқық алатын шетелдік әріптес, ал сатушы ретінде осындай құқықты өтініш берушіге беретін шетелдік әріптес көрсетіледі.
Бас және айрықша лицензияларды ресімдеген жағдайда «келісім-шарт (тар) (шарт (тар)) талаптарына сәйкес» деген жазба жасалады;
7-деректеме.
«Тағайындалған елі» - экспорттық лицензияны ресімдеу үшін.
«Жөнелтілетін ел» - импорттық лицензияны ресімдеу үшін.
«Әлем елдері және аумақтар» деген жіктеуішке сәйкес тағайындалған елдің (экспорт кезінде) және жөнелтуші елдің (импорт кезінде) атауы және елдің 2 альфа коды көрсетіледі.
Егер келісім-шартта (шартта) бірнеше тағайындалған (жөнелтілетін) ел көзделген болса «Келісім-шарт (шарт) талаптарына сәйкес» жазба жазылады, елдің 2 альфа коды көрсетілмейді. Егер бұл бірнеше елдер Еуропалық одақ елдеріне жататын болса «ЕО елдері» деп жазылады және елдің 2 альфа коды көрсетілмейді.
8-деректеме.
«Сатып алушының елі» - экспорттық лицензияны ресімдеу үшін.
«Сатушының елі» - импорттық лицензияны ресімдеу үшін.
«Әлем елдері және аумақтар» деген жіктеуішке сәйкес сатып алушы (сатушы) елдің атауы және елдің 2 альфа коды көрсетіледі.
Бас және айрықша лицензияларды ресімдеген жағдайда «Келісім-шарт (тар) (шарт (тар)) талаптарына сәйкес» деген жазба жасалады және елдің 2 альфа коды көрсетілмейді;
9-деректеме. «Келісім-шарт валютасы»
«Әлем валютасы» жіктеуішіне сәйкес келісім-шарт (шарт) валютасының қысқаша атауы және оның коды көрсетіледі.
Бас немесе айрықша лицензияларды ресімдеген жағдайда «Келісім-шарт (тар) (шарт (тар)) талаптарына сәйкес» деген жазба жасалады және валюта коды көрсетілмейді;
10-деректеме. «Құны»
Тауардың келісім-шарт (шарт) валютасындағы құны көрсетіледі.
Егер құны бөлшек бірліктерде болса, онда ол дөңгелектеу ережелері бойынша толық шамаға дейін дөңгелектенеді.
Бас және айрықша лицензияларды ресімдеген жағдайда құны көрсетілмейді;
11-деректеме. «Статистикалық құны»
Тауардың құны шартқа (келісім-шартқа) сәйкес АҚШ долларымен көрсетіледі.
АҚШ долларынан ерекшеленетін валютада көрсетілген тауардың құнын АҚШ долларына қайта есептеу валюта тепе-теңдігіне сәйкес жүргізіледі (келісім-шартта көрсетілген валютаның Тараптардың Ұлттық банкі келісім-шартқа (шартқа) қол қойған күні айқындаған бағам бойынша АҚШ долларына құндық ара қатынасы).
Егер құны бөлшек бірліктерде болса, онда ол дөңгелектеу ережелері бойынша толық шамаға дейін дөңгелектенеді;
Бас және айрықша лицензиялар үшін болжамды құны көрсетіледі;
12-деректеме. «Шыққан елі»
«Әлем елдері және аумақтар» жіктеуішіне сәйкес шыққан елінің атауы және елдің 2 альфа коды көрсетіледі.
Егер келісім-шартта (шартта) бірнеше шыққан елі көзделген болса «Келісім-шарт (шарт) талаптарына сәйкес» жазба жазылады және елдің 2 альфа коды көрсетілмейді. Егер бұл бірнеше елдер Еуропалық одақ елдеріне жататын болса «ЕО елдері» деп жазылады және елдің 2 альфа коды көрсетілмейді.
Шыққан елі ретінде тауар толығымен шығарылған немесе жеткілікті түрде өңдеуге (қайта өңдеуге) ұшыраған ел түсініледі;
13 -деректеме. «Саны».
14-деректемеде көзделген тауардың саны өлшем бірлікпен көрсетіледі (салмақтық бірліктер үшін - таза салмағы).
Таза салмағы ретінде техникалық регламенттерге және (немесе) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар мен басқа да заңнамалық актілерге сәйкес айқындалатын тауардың орамсыз салмағы түсініледі;
14-деректеме. «Өлшем бірлігі».
«Өлшем бірлігі» жіктеуішіне сәйкес Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына (СЭҚ БТН) сәйкес тауардың өлшем бірлігінің (негізгі және қосымша) қысқартылған атауы көрсетіледі.
2 өлшем бірлігі болған кезде тауар санын көрсету - жолма жол;
15-деректеме. «СЭҚ БТН бойынша тауардың коды және оның сипаттамасы».
СЭҚ БТН-ға сәйкес тауардың және оның кодының сипаттамасы көрсетіледі. Тауардың сипаттамасы тауарды СЭҚ БТН бойынша бір 10 таңбалы жіктеуіштік кодқа сәйкестендіруге мүмкіндік беруі тиіс. Тауардың сипаттамасы оның атауын (сауда, коммерциялық немесе өзге дәстүрлі атауын) қамтуы тиіс.