Орталық пайдаланылатын телекоммуникация желілерінің басым байланыс операторлары үшін телекоммуникацияның басқа желілерін қосу қызметтерін көрсетудің, сондай-ақ желілердің әрекеттестігі және трафикті өткізу бойынша осыған байланысты міндеттемелердің талаптарын айқындайтын қосу шартының үлгі нысанын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 мамырдағы № 709 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 14 тамыздағы № 652 Қаулысымен күші жойылды
«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңы 26-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерінің басым байланыс операторлары үшін телекоммуникацияның басқа желілерін қосу қызметтерін көрсетудің, сондай-ақ желілердің әрекеттестігі және трафикті өткізу бойынша осыған байланысты міндеттемелердің талаптарын айқындайтын қосу шартының үлгі нысаны бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Уәкілетті органның басқа телекоммуникация желілерін басым байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілеріне қосу қызметтерін көрсету шарттарын, сондай-ақ желілердің өзара әрекет етуі және трафикті өткізу жөніндегі онымен байланысты міндеттемелерді айқындайтын қосылу шарты ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 қазандағы № 996 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 38, 424-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 қазандағы № 996 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 мамырдағы № 497 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 27, 257-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 14 мамырдағы
№ 709 қаулысымен
Бекітілген
Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерінің басым
байланыс операторлары үшін телекоммуникацияның басқа желілерін
қосу қызметтерін көрсетудің, сондай-ақ желілердің әрекеттестігі
және трафикті өткізу бойынша осыған байланысты міндеттемелердің
талаптарын айқындайтын қосу шартының үлгі нысаны
____________________________ | 200__ жылғы «___»__________________ |
(шарттың жасалған орны)
Бұдан әрі Қосатын байланыс операторы деп аталатын _____________________________________________________________________________________________________________________
(басым оператордың атауы, уәкілетті орган берген лицензияның №______)
атынан_____________________________________________________________________________________ негізінде әрекет
ететін______________________________________________________________________________________ бір тараптан және
(лауазымы, Т.А.Ә.)
бұдан әрі Қосылатын байланыс операторы деп аталатын _________________
(байланыс
_____________________________________________________________________
операторының атауы, уәкілетті орган берген лицензияның №____________)
атынан ______________________________________________________________
негізінде әрекет ететін______________________________________________
(лауазымы, Т.А.Ә.)
екінші тараптан (бұдан әрі - Тараптар) осы ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерінің басым байланыс операторлары үшін телекоммуникацияның басқа желілерін қосу қызметтерін көрсетудің, сондай-ақ желілердің әрекеттестігі және трафикті өткізу бойынша осыған байланысты міндеттемелердің талаптарын айқындайтын қосу шартын (бұдан әрі - Шарт) жасасты.
1. Шарттың мәні
1. Осы Шарт жария шарт болып табылады әрі Қосатын және Қосылатын байланыс операторларының өзара:
Тараптардың телекоммуникация желілерін қосу;
Тараптардың трафигін өткізу қызметтерін өзара көрсету кезіндегі өзара іс-қимылының тәртібін айқындайды.
2. Қосатын байланыс операторының Қосылатын байланыс операторына табиғи монополиялар саласында телефон трафигін қосудың және өткізудің реттелетін қызметтерін көрсетуі кезінде Қосатын және Қосылатын байланыс операторларының өзара қатынастары Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес реттеледі және осы Шарттың мәні болып табылмайды.
2. Тараптардың желілерін қосу шарттары
3. Қосылатын байланыс операторының желісін Қосатын байланыс операторының желісіне қосу деңгейлері Қосылатын байланыс операторына байланыс саласындағы уәкілетті орган берген тиісті лицензиялардың шарттарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4. Тараптар желілерінің технологиялық ұштасқан жабдығы Тараптардың әрқайсысы үшін белгіленген тәртіпке сәйкес Тараптардың өкілдері үшін қолжетімді болады.
5. Тараптардың желілерін қосу нүктелері, терім форматы, сигнализация, байланысты ұйымдастыру схемасы, синхрондау Қосатын байланыс операторы Қосылатын байланыс операторына берген ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіне қосылуға арналған техникалық шарттарда көрсетілген.
6. Қосудың қосымша пункттерін ұйымдастыру қажет болған кезде, Қосылатын байланыс операторы Қосатын байланыс операторына жазбаша өтінім береді және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қосылуға арналған техникалық шарттарды орындайды.
7. Желіаралық қосылыстағы жүктеме нормалары асып кеткен жағдайда Тараптардың кез келгені бұл туралы басқа Тарапқа қажетті порттар санын көрсете отырып, кеңейту жөніндегі жұмыстарды жүргізгенге дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын хабарлайды. Бұл ретте хабарлама алған Тарап жүктемені бақылау үшін өлшеуді жүргізеді және сұратылған порттар санын растайды (келіседі).
Уағдаластық бойынша желі сыйымдылығын кеңейту жөніндегі жұмыстарды Тараптардың біреуі орындауы мүмкін, жұмсалған шығындарды басқа Тарап кейіннен өтейді.
8. Тараптар Шарт бойынша техникалық және пайдалану өлшемдеріне сәйкес өз желісінің абоненттеріне (пайдаланушыларына) де, басқа Тараптың абоненттеріне (пайдаланушыларына) де оларды ұсынудың сапасы мен уақтылылығы жағынын тең мәнді қызметтер көрсетеді.
3. Трафикті өткізу
9. Тараптар өз желілері бойынша трафикті байланыс саласындағы уәкілетті орган берген лицензияларға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізеді.
10. Желіаралық қосылыстардың ұзақтығы байланыс саласындағы уәкілетті орган әрбір трафик түрі үшін бекіткен тарифтеу бірліктері мөлшерінде есептеледі. Желіаралық қосылыстардың тарифтеу бірлігінің мөлшерінен кем ұзақтығы белгілі бір трафик түрі үшін тарифтеу бірлігінің белгіленген мөлшеріне дейін ұлғайту жағына дөңгелектенеді.
Желіаралық қосылыстар ұзақтығын есептеу терминалдың шақырылатын нөмірінің (телефон аппараты, автожауап қайтарушы, факсимильді аппарат, модем және т.б.) «абоненттің жауабы» деген сигналы түскен сәттен басталады.
11. Егер желіаралық қосылыс жасалмаған жағдайда не Тараптардың бірінің абоненті төменде санамаланған сигналдардың бірін алған жағдайда, басқа Тарап оны табысты қосылыс деп есептемейді:
1) «шақыруды жолдау бақылауы» сигналына жауап жоқ;
2) «бос емес» сигналы;
3) «нөмір қолжетімді емес» сигналы;
4) Тараптардың бірінің станциясының нөмірдің қолжетімсіздігі туралы дауыстық хабарламасы.
12. Желіаралық қосылыстардың ұзақтығын есептеу абоненттердің екі терминалының кез келгенінен «тоқтату» деген сигнал алынғаннан кейін аяқталады. Қосылыстардың жалпы сомасының есептемелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қосылыстарды тарифтеу бірліктері мөлшерінде әрбір қосылыс ұзақтығының сомасына негізделеді.
13. Тараптар шот-фактураларды өзара ұсынуды жүзеге асырады, трафиктің есебін және өз желілерінің абоненттерінен (пайдаланушыларынан) төлемақы жинауды дербес жүргізеді.
14. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған шұғыл қызметтердің телефондарына басқа Тараптың желісінен телефон трафигін өткізуді өз желілерінде шектеуге немесе тоқтата тұруға Тараптардың құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда телефон трафигін өткізгені үшін төлемақы алынбайды.
4. Тараптардың міндеттемелері
15. Қосатын байланыс операторы:
1) Қосатын байланыс операторына байланыс саласындағы уәкілетті орган берген лицензияларға және Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес телекоммуникация қызметтерін көрсету үшін өз желісін Қосылатын байланыс операторының желісіне қосуды пайдалануға;
2) тестілілік сынақтардың оң нәтижелері мен пайдалануға беру туралы акт болған жағдайда Қосатын байланыс операторы берген қосуға арналған техникалық шарттарды толық көлемде орындағаннан және осы шартқа Тараптар қол қойғаннан кейін техникалық мүмкіндік болған жағдайда Қосылатын байланыс операторының желісін 7 (жеті) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде өз желісіне қосуды жүргізуге;
3) Қосылатын байланыс операторының жазбаша өтінімі бойынша өтінім алынғаннан кейін 30 (отыз) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде оған Қосылатын байланыс операторы желісінің жаңа қосылысына немесе қосу пункттерін жаңғыртуға арналған техникалық шарттарды беруге;
4) өз желісін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген стандарттар мен нормаларға сәйкес құруға, жабдықтауға, оған қызмет көрсетуге және пайдалануға. Олар болмаған жағдайда Халықаралық электр байланысы одағы - телекоммуникация секторының стандарттары мен ұсынымдарын басшылыққа алуға;
5) телекоммуникация қызметтерін қамтамасыз етуде Қосылатын байланыс операторының мүдделерін қозғайтын іркіліс туғызуы мүмкін Қосатын байланыс операторының байланыс құралдары авариялық істен шыққан кезде оған бұл туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ байланысты қалпына келтіру жөніндегі барлық шараларды қабылдауға;
6) Қосылатын байланыс операторының телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз етуде іркіліс туғызуы мүмкін Қосатын байланыс операторының желісінде жоспарлы жұмыстар жүргізілген кезде оған бұл туралы жұмыстар басталғанға дейін кемінде 5 (бес) күнтізбелік күн бұрын хабарлауға;
7) Қосатын байланыс операторына жіберілген Қосылатын байланыс операторының жазбаша келісімінсіз осы Шарт бойынша Тараптардың желілерін қосу схемасына Қосылатын байланыс операторы тиісті сұрау салуды алған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде өзгерістер енгізбеуге.
Көрсетілген мерзімде Қосылатын байланыс операторының қарсы пікірі болмаған жағдайда Тараптардың желілерін қосу схемасына өзгерістер келісілген болып саналады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен Тараптардың желілерін қосуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдары кешенін ажыратуды жүргізуге;
9) Қосатын байланыс операторының желісінде нөмірлеу мен кодтар, терім қағидаттары өзгерген жағдайда өзгерістер енгізілгенге дейін 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде Қосылатын байланыс операторын хабардар етуге;
10) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес мұндай сертификаттау міндетті болып табылатын жағдайларда өз желісіне сертификатталмаған жабдықты қосуға жол бермеуге;
11) желілердің ЖАС 7 жалпы арналы сигнализациясына сәйкес сигнал өлшемдерін, оның ішінде байланыс операторының коммутациялық жабдығының бастапқы жазбаларында ол болған жағдайда (нақтыланған қоңырау жазбасы - Call Detaіl Rесоrd) халықаралық форматта (А абонент нөмірі) шақыратын абоненттің немірін дұрыс трансляциялауды қамтамасыз етуге;
12) Шарт бойынша алынған қызметтерге ақы төлеуді уақтылы жүзеге асыруға міндетті.
16. Қосылатын байланыс операторы:
1) Қосылатын байланыс операторына байланыс саласындағы уәкілетті орган берген лицензияларға және Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес телекоммуникация қызметтерін көрсету үшін өз желісін Қосатын байланыс операторының желісіне қосуды пайдалануға;
2) өз желісін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген стандарттар мен нормаларға сәйкес құруға, жабдықтауға, оған қызмет көрсетуге және пайдалануға. Олар болмаған жағдайда Халықаралық электр байланысы одағы - телекоммуникация секторының стандарттары мен ұсынымдарын басшылыққа алуға;
3) телекоммуникация қызметтерін қамтамасыз етуде Қосатын байланыс операторының мүдделерін қозғайтын іркіліс туғызуы мүмкін Қосылатын байланыс операторының байланыс құралдары авариялық істен шыққан кезде оған бұл туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ байланысты қалпына келтіру жөніндегі барлық шараларды қабылдауға;
4) Қосатын байланыс операторының телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз етуде іркіліс туғызуы мүмкін Қосылатын байланыс операторының желісінде жоспарлы жұмыстар жүргізілген кезде оған бұл туралы жұмыстар басталғанға дейін кемінде 5 (бес) күнтізбелік күн бұрын хабарлауға;
5) Қосылатын байланыс операторына жіберілген Қосатын байланыс операторының жазбаша келісімінсіз осы Шарт бойынша Тараптардың желілерін қосу схемасына Қосатын байланыс операторы тиісті сұрау салуды алған кезден бастап 10 (он) күнтізбелік күн ішінде өзгерістер енгізбеуге.
Көрсетілген мерзімде Қосатын байланыс операторының қарсы пікірі болмаған жағдайда Тараптардың желілерін қосу схемасына өзгерістер келісілген болып саналады;
6) өзінің желісіне телекоммуникацияның басқа да желілерін қосуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізуге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен Тараптардың желілерін қосуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдары кешенін ажыратуды жүргізуге;
8) Қосылатын байланыс операторының желісінде нөмірлеу мен кодтар, терім қағидаттары өзгерген жағдайда өзгерістер енгізілгенге дейін 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде Қосатын байланыс операторын хабардар етуге;
9) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес мұндай сертификаттау міндетті болып табылатын жағдайларда өз желісіне сертификатталмаған жабдықты қосуға жол бермеуге;
10) желілердің ЖАС 7 жалпы арналы сигнализациясына сәйкес сигнал өлшемдерін, оның ішінде байланыс операторының коммутациялық жабдығының бастапқы жазбаларында ол болған жағдайда (нақтыланған қоңырау жазбасы — Call Detaіl Rесоrd) халықаралық форматта (А абонент нөмірі) шақыратын абоненттің нөмірін дұрыс трансляциялауды қамтамасыз етуге;
11) Шарт бойынша алынған қызметтерге ақы төлеуді уақтылы жүзеге асыруға міндетті.
5. Өзара есеп айырысу тәртібі
17. Шарт бойынша Тараптар көрсететін қызметтердің құны Шартқа қосымша түрінде ресімделеді. Шартқа қосымшада көзделген қызметтерге тарифтер өзгерген жағдайда, мұндай өзгеріске бастамашы болған Тарап басқа Тарапты жаңа тарифтер енгізілгенге дейін 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын хабардар етеді.
18. Осы Шарт бойынша есепті айда алынған қызметтер үшін Тараптар есепті айдан кейінгі айдың 7 (жетісі) күнінен кешіктірмей, алдын ала шот-фактуралармен және есепті кезеңдегі трафик бойынша деректермен алмасады.
19. Көрсетілген қызметтер көлемін салыстырып тексеру нәтижелері бойынша Қосатын байланыс операторы есепті айдан кейінгі айдың 20 (жиырмасы) күніне дейінгі мерзімде Салыстырып тексеру хаттамасын және Өзара есеп айырысу актісін жасайды, оларға Тараптар қол қояды.
Өзара есеп айырысу актісі негізінде Тараптар есепті айдан кейінгі айдың 25 (жиырма бесі) күнінен кешіктірмей бір біріне алдын ала шот-фактураларға түзетілген шот-фактураларды ұсынады. Тараптардың әрқайсысының түзетілген және алдын ала шот-фактуралары бойынша қорытынды сомалар Өзара есеп айырысу актісі бойынша есепті кезең үшін Тараптарға тиесілі соманы құрайды.
Өзара есеп айырысу актісінде есепті айдан кейінгі екінші айдың 10 (оны) күніне дейін көрсетілген Акт бойынша берешекті төлейтін дебитор-тарап анықталады.
20. Төлемақы бойынша ұсынылған қаржылық құжаттар ресми келіп түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Тараптар оларға шағым беруі мүмкін.
Егер Дебитор-тарап көрсетілген мерзімде қаржылық құжаттарға шағым бермеген жағдайда, ол шотты алған күнінен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде ұсынылған шотқа ақы төлеуге міндетті.
21. Егер бағыттар бойынша деректер алшақтығының пайыздық қатынасы 2 (екі) пайыздан аспайтын болса, Өзара есеп айырысу актісі Тараптардың биллингілік деректерінің орташа арифметикалық мәндері негізінде жасалады.
Бұл ретте Тараптардың әрқайсысы алшақтықтың себебін анықтауға құқылы.
22. Жекелеген не барлық бағыттар бойынша деректердегі алшақтықтың пайыздық қатынасы 2 (екі) пайыздан асатын болса, Тараптар мынадай рәсімге сәйкес табысты қосылыстардың саны мен жалпы ұзақтығын салыстырып тексеруді жүзеге асырады:
1) осы Шарттың 18-тармағына сәйкес есепті кезеңдегі трафик бойынша алдын ала деректерді алғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде Тараптар салыстырылып тексерілетін кезеңдегі әрбір тәуліктегі табысты қосылыстардың саны мен ұзақтығы бойынша ақпаратты қамтитын, 2 пайыздан жоғары алшақтық орын алған бағыттар бойынша деректер алмасады;
2) Тараптардың келісімі бойынша есепті айдағы трафик деректері бойынша неғұрлым көп алшақтық анықталған салыстырылып тексерілетін кезең таңдалады. Бұдан әрі Тараптар осы кезеңдегі трафик бойынша нақтыланған деректермен алмасады және деректерді салыстырып тексеруді жүргізеді;
3) екінші Тараптан салыстырылып тексеру үшін таңдалған кезеңдегі нақтыланған деректерді алғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей Тараптар екінші Тарапқа салыстырып тексеру нәтижелерін ұсынуға міндетті;
4) егер салыстырып тексеру нәтижесінде Тараптар трафик бойынша деректер алшақтығының көлемін алшақтықтың жол берілетін деңгейіне дейін төмендете алмаса, онда белгілі бір деректерді қабылдау мәселесі Тараптардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен өтетін келіссөздер жолымен және тиісті Хаттамаға қол қоюмен шешіледі.
Салыстырып тексеруді жүргізу нәтижелері бойынша Тараптар Желіаралық трафикті және төленуге тиісті сомаларды салыстырып тексеру бойынша келіспеушіліктерді реттеу хаттамасына қол қояды, бұл қайта есептеу үшін негіздеме болып табылады. Тараптар есепті айдан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей келісілген шешімге келуі тиіс.
Қол қойылған Желіаралық трафикті және төленуге тиісті сомаларды салыстырып тексеру бойынша келіспеушіліктерді реттеу хаттамасы негізінде Қосатын байланыс операторы Өзара есеп айырысу актісін жасайды және Тараптар өзара есеп айырысу үдерісін аяқтайды.
23. Тараптар арасында трафикті өткізу үшін өзара есеп айырысу абоненттермен байланыс қызметтері үшін және байланыс операторлары арасындағы қызметтер алмасу үшін есеп айырысудың сертификатталған және сенімді автоматтандырылған жүйелерінің, сондай-ақ Тараптар қосылыстарының ұзақтығын уақытпен есепке алу аппаратурасының биллингілік деректерінің негізінде ғана жүргізіледі.
Тараптардың бірінде абоненттермен байланыс қызметтері үшін және байланыс операторлары арасындағы қызметтер алмасу үшін есеп айырысудың сертификатталған және сенімді автоматтандырылған жүйелері, сондай-ақ қосылыстар ұзақтығын уақытпен есепке алу аппаратурасы болмаған жағдайда тиісті биллингілік жүйесі бар Тараптың деректері есепке алынады.
24. Тараптардың бірі осы Шарттың 22-тармағын орындамаған жағдайда, басқа Тарап өзіндегі есепті кезеңдегі деректер негізінде осы Шартқа сәйкес бір жақты тәртіппен қызметтерге ақы төлеуге шот ұсынуға құқылы. Дебитор-Тарап шотты алған күнінен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде ұсынылған шотқа ақы төлеуге міндетті.
25. Тараптар үш жылдық кезеңдегі барлық өзара есеп айырысудың дәлдігін растау үшін қажетті есеп құжаттарын жүргізуге міндетті және трафик деректерінің алшақтығы себептерін қосымша тергеу құқығын өздеріне қалдырады.
6. Тараптардың жауапкершілігі
26. Көрсетілген қызметтер үшін төлем кешіктірілген жағдайда Тараптар Шартқа сәйкес кешіктірілген әрбір күн үшін осы сомаларды төлеу күні қолданылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,5 еселік қайта қаржыландыру ставкасын негізге ала отырып есептелген, бірақ негізгі борыш сомасынан аспайтын тұрақсыздық айыбын төлейді.
Егер Тараптардың қосымша келісімінде өзгеше айтылмаса, тұрақсыздық айыбын есептеудің басталу мерзімі есепті айдан кейінгі екінші айдың 11 (он бірі) күні болып табылады.
27. Тараптар қосылған желілердің жекелеген нөмірлерінен (нөмірлеріне) трафикті осы Шарттың талаптарында көзделмеген өткізуді тоқтата тұруға құқылы, бұл туралы Шарттың талаптарын бұзған Тарапқа себептерін көрсете отырып, 5 (бес) күнтізбелік күн бұрын жазбаша хабарлама береді.
28. Шарттың талаптары бұзылған жағдайда, Тараптар екінші Тарапқа 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын жазбаша хабарлама бере отырып, дәйекті түрде мынадай шараларды қабылдауға құқылы:
1) Шартта көзделген қызметтерді ұсынудағы ықтимал шектеу туралы ескерту;
2) Шарттың 15-тармағының 12) тармақшасын және 16-тармағының 11) тармақшасын орындауға байланысты жол берілген бұзушылықтарды басқа Тарап жоймаған жағдайда Шартта көзделген қызметтерді ұсынуды 1 (бір) айдан артық шектеу және (немесе) тоқтата тұру;
3) Шартты сот тәртібімен бұзу.
29. Шарттың талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Тараптарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік жүктеледі.
Тараптар Шарт бойынша міндеттемелердің кез келгенін бұзған жағдайда тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды) төлеу және залалдар мен шығыстарды өтеу Шарт бойынша тиісті міндеттемелерді лайықты түрде орындау міндетінен босатпайды.
7. Форс-мажор
30. Тараптардың ешқайсысы екінші Тараптың алдында байланыс жүйелерінің немесе жабдықтардың кез келген ақауынан немесе істен шығуынан туындаған қандай да бір тікелей немесе жанама зиян немесе залал үшін немесе қызметтерді ұсынуда табиғи жойқын апаттардан, апаттардан, қоғамдық тәртіпсіздіктерден немесе Тараптардың еркіне тәуелсіз басқа да себептерден туындаған үзілістер үшін жауапты болмайды.
31. Егер осындай мән-жайлардың кез келгені міндеттемелерді Шартта белгіленген мерзімде орындауға тікелей әсер етсе, онда бұл мерзім тиісті мән-жайдың әрекет ету уақытына ұзартылады.
Қазақстан Республикасы уәкілетті органының форс-мажордың туындауын растайтын ресми құжаттары форс-мажордың дәлелдемесі болады.
32. Форс-мажордың туындауы себебінен міндеттемелерін орындау мүмкін болмай қалған Тарап олар туындаған сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей, басқа Тарапты жазбаша хабардар етуге міндетті.
Хабарламау немесе уақытылы хабарламау Тарапты жоғарыда көрсетілген кез келген мән-жайға міндеттемелерді орындау жөніндегі жауапкершіліктен босататын негіздеме ретінде сілтеме жасау құқығынан айырады. Форс-мажор 4 (төрт) айдан астам созылған жағдайда екінші Тараптың атына алдын ала жазбаша хабарлама жібере отырып, Тараптардың кез келгені Шартты бұза алады.
33. Желінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті қалпына келтіру жұмыстарынан басқа, Тараптардың желісін қосуды кейіннен қалпына келтіру қосымша ақы төлеусіз жүргізіледі.
8. Шарттың қолданылу мерзімі, оны өзгерту және бұзу тәртібі
34. Шарт Тараптардың қол қойған күнінен бастап күшіне енеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, 20___ жылғы «___»___________ бастап мерзімсіз қолданылады.
35. Шартты Тараптардың кез келгені Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұза алады. Бұл ретте Тараптардың барлық қаржылық міндеттемелері Шарт бұзылған күнге дейін толық көлемде орындалуы тиіс.
36. Шарт бұзылғанға дейін реттелмеген қаржылық өзара қарым-қатынастар ол бұзылғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
37. Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Шартқа сәйкес Шарт бұзылған немесе оның қолданылуы тоқтатылған жағдайда Шарттың 36 және 51-тармақтарының ережелері ол бұзылғаннан немесе тоқтатылғаннан кейін де күшін сақтайды.
38. Шартқа барлық өзгерістер мен толықтырулар Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған және Тараптардың мөрлерімен бекітілген Шартқа қосымша келісім түрінде ресімделуге тиіс.
9. Хабарламалар мен хабарлар
39. Егер олар жазбаша түрде жасалса, Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойса және тапсырыс хатпен немесе курьерлік қызметпен жіберілсе немесе оларды алғандығы туралы белгімен Тараптардың Шартта көрсетілген мекен-жайлары бойынша қолына берілсе, Шарт бойынша Тараптар бір-біріне жолдайтын барлық хабарламалар және (немесе) хабарлар күшінде болады және жеткізілді деп саналады.
40. Егер хабар және (немесе) хабарлама жедел шешім қабылдауды талап ететін шұғыл сипатта болса (байланыс әрекетінің тоқталуы, алдын алу жұмыстары, авариялық жағдайлар туындаған жағдайда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және т.б.), хабарламаларды және (немесе) хабарларды Шарттың 39-тармағында көрсетілген тәртіппен кейіннен жолдай отырып, факс арқылы жіберуге жол беріледі.