485-бап. Энергия мөлшерi туралы шарт талаптарын бұзудың зардабы
Егер энергиямен жабдықтаушы ұйым жалғанған желi арқылы абонентке энергияны шартта көзделгенінен аз мөлшерде берсе, заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнiнен туындамаса, осы Кодекстiң 419-бабында көзделген ережелер қолданылады.
486-бап. Энергияның сапасы
1. Энергиямен жабдықтаушы ұйым беретiн энергияның сапасы мемлекеттік стандарттарда және стандарттау жөніндегі өзге де нормативтік құжаттарда белгіленген немесе шартта көзделген талаптарға сәйкес болуға тиiс.
2. Энергиямен жабдықтаушы ұйым энергияның сапасына қойылатын талаптарды бұзған жағдайда, егер заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, осы Кодекстiң 491-бабында көзделген ережелер қолданылады.
487-бап. Абоненттiң желiлердi, аспаптар мен жабдықтарды күтiп ұстау және пайдалану жөніндегі мiндеттерi
1. Абонент өз пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың тиiстi техникалық жай-күйiн және қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, энергияны тұтынудың белгiленген режимін сақтауға, сондай-ақ авариялар, өрт, энергия есептеу аспаптарының ақаулы болуы және энергияны пайдалану кезiнде туындайтын өзге де кемшiлiктер туралы энергиямен жабдықтаушы ұйымға дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда энергетикалық желiлердiң, сондай-ақ энергия тұтынуды есептейтiн аспаптардың тиiстi техникалық жай-күйi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетi, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымға жүктеледi.
3. Энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың техникалық жай-күйiне және оларды пайдалануға қойылатын талаптар заңдармен белгiленедi.
4. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерiн абонент пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың техникалық жай-күйін және қауiпсiздiгiн бақылау үшiн аспаптарға жiберуге мiндеттi. Олардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі заңдармен белгiленедi.
488-бап. Энергияға ақы төлеу
1. Егер заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, энергияны есептеу деректеріне сәйкес белгіленетін, абонент іс жүзінде алған энергия мөлшері үшін энергия ақысы төленеді.
2. Энергия үшiн есеп айырысу тәртібі заңдармен немесе тараптардың келісімiмен белгiленедi.
489-бап. Абоненттiң энергияны басқа тұлғаға беруi
1. Абонент жалғанған желi арқылы энергиямен жабдықтаушы ұйымнан өзi алған энергияны басқа тұлғаға (қосалқы абонентке) энергиямен жабдықтайтын ұйымның келiсуiмен ғана бере алады.
2. Абоненттiң қосалқы абонентке энергия беру жөніндегі шартына, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы параграфтағы ережелер қолданылады.
3. Қосалқы абонентке энергия беру кезiнде, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымның алдында абонент жауапты болады.
490-бап. Шартты өзгерту және бұзу
1. Абоненттiң энергетикалық қондырғыларының мемлекеттік энергетикалық қадағалау органы куәландырған қанағаттанғысыз жай-күйi авария қаупiн туғызатын немесе азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайды қоспағанда, энергияны үзiлiспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге тараптардың келісімi бойынша жол берiледi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентке энергияны үзiлiспен беру, тоқтату немесе шектеп беру туралы алдын ала ескертуге тиiс.
2. Энергиямен жабдықтау ұйымы жүйесiнде аварияның алдын алу немесе оны жою жөнiнде шұғыл шаралар қолдану қажет болған жағдайда абоненттiң келiсуiнсiз және оған ескертпей, бiрақ оған дереу хабарлай отырып энергияны үзіліспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге жол беріледі.
3. Заңдарда үздiксiз циклды өндiрiс үшiн энергия берудегi үзіліске оның берiлуiн тоқтатуға немесе шектеуге жол берiлмейдi және заңдармен реттеледi.
4. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланушы азамат абонент болған жағдайларда, бұл туралы ол энергиямен жабдықтаушы ұйымға хабарлап, пайдаланған энергия ақысын толық төлеген кезде шарттан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы.
5. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтынуға пайдаланушы азамат абонент болған жағдайларда энергиямен жабдықтаушы ұйым шартты орындауды тоқтатқанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей абонентке ескерткен жағдайда өзi пайдаланған энергияға абоненттiң ақы төлемеуiне байланысты шарттың орындалуын бiр жақты тоқтатуға құқылы.
491-бап. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша жауаптылық
1. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайларда энергиямен жабдықтаушы ұйым мен абонент осыдан келтiрiлген нақты залалды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы).
2. Егер заңдар негiзiнде жүзеге асырылған энергия тұтыну режимiн реттеу нәтижесiнде абонентке энергия беруде үзiлiс жасалған болса, энергиямен жабдықтаушы ұйым өзi кiнәлi болған жағдайда шарт мiндеттемелерiнiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшін жауапты болады.
492-бап. Энергиямен жабдықтау шартының ережелерiн жалғанған желi арқылы жабдықтау жөніндегі өзге де қатынастарға қолдану
1. Жалғанған желi арқылы жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі қатынастарға, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, осы параграфтың ережелерi қолданылады.
2. Жалғанған желi арқылы газбен, мұнаймен және мұнай өнiмдерiмен, сумен, басқа да тауарлармен жабдықтау жөніндегі қатынастарға, егер заңдарда, шартта өзгеше белгiленбесе немесе ол мiндеттемелер мәнiнен туындамаса, осы параграфтың ережелерi қолданылады.
6. Кәсiпорынды сату
493-бап. Кәсiпорынды сату шарты
1. Кәсiпорынды сату шарты бойынша сатушы тұтас алғанда кәсiпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сатып алушының меншiгiне (осы Кодекстiң 119-бабы) беруге мiндеттенедi, бұған сатушы басқа тұлғаларға беруге құқығы болмайтын құқықтар мен мiндеттер қосылмаЙды.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кәсiпорынның қызметкерлерi жөніндегі құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртiппен сатушыдан сатып алушыға ауысады.
3. Фирмалық атауларды, тауар белгiлерiн, қызмет көрсету белгiлерiн және сатушыны дараландыратын басқа да құралдар мен оның өнiмдерiн, оның атқаратын жұмысын немесе көрсететiн қызметiн пайдалану құқықтары, сондай-ақ лицензия негiзiнде дараландыратын құралдарды пайдалану жөнiнде сатушыға тиесiлi құқықтар, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушыға ауысады.
4. Тиiстi қызметпен айналысуға арнайы рұқсат (лицензия) беру негiзiнде алынған құқықтар, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, кәсіпорынды сатып алушыға ауыспауға тиіс. Шарт бойынша берілетін кәсіпорынның құрамына оның арнайы рұқсаты (лицензиясы) болмауынан сатып алушы орындай алмайтын мiндеттемелердiң енгiзiлуi сатып алушыны кредит берушiлер алдындағы тиісті міндеттемелерден босатпайды. Міндеттемелерді орындамағаны үшін сатушы мен сатып алушы кредит берушілер алдында бірдей жауап береді.
5. Кәсіпорынды жекешелендіру тәртібімен сату ерекшеліктері жекешелендіру туралы заң актілерімен белгіленеді.
494-бап. Кәсiпорынды сату шартының нысаны және оны мемлекеттік тiркеу
1. Кәсiпорынды сату шарты, осы Кодекстiң 495-бабының 2-тармағында аталған құжаттарды мiндеттi түрде қоса отырып, тараптардың қолы қойылған бiр құжат дайындау жолымен жазбаша түрде жасалады.
2. Кәсiпорынды сату шарты мемлекеттік тiркелуге тиiс және тiркелген кезiнен бастап жасалған болып есептеледi.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 495-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
495-бап. Сатуға жататын кәсiпорынның құрамын белгiлеу және құнын бағалау
1. Сатуға жататын кәсiпорынның құрамы мен құны, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, тараптардың келісімiмен айқындалады.
2. Шартқа қол қойылғанға дейiн тараптар: түгендеу актiсiн, бухгалтерлiк балансты, кәсiпорынның құрамы мен құны туралы аудиторлық ұйымның аудиторлық есебін, сондай-ақ кредит берушiлердi, олар қойған талаптардың сипатын, мөлшерi мен мерзiмдерiн көрсете отырып, кәсiпорынның құрамына енгiзiлетiн барлық борыштың (мiндеттемелердiң) тiзбесiн жасап, қарауға тиiс.
Аталған құжаттарда көрсетiлген мүлiк, құқықтар мен мiндеттер, егер осы Кодекстiң 493-бабынан өзгеше туындамайтын болса және шартта өзгеше белгiленбесе, сатушыдан сатып алушыға ауысуға тиiс.
496-бап. Кредит берушiлердiң кәсiпорынды сату кезіндегі құқықтары
1. Сатушы сатылатын кәсiпорынның құрамына енгiзiлген мiндеттемелер жөнiнде кәсiпорын сатып алушыға берiлгенге дейiн оны сату туралы кредит берушiлерге жазбаша түрде хабарлауға тиiс.
2. Борышты аударуға өз келісімiн беру туралы сатушыға жазбаша хабарламаған кредит берушi кәсiпорынның сатылатындығы туралы хабар алған күннен бастап үш ай iшiнде мiндеттемелердi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды және сатушының осыдан келген залалдарды өтеуiн не кәсiпорынды сату шартын толық немесе оның тиiстi бөлiгiн жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiп бойынша кәсiпорынды сату туралы хабардар етiлмеген кредит берушi сатушының кәсiпорынды сатып алушыға бергендiгi туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл iшiнде, осы баптың 2-тармағында көзделген талаптардың қанағаттандырылуы туралы талап қоя алады.
4. Кәсiпорын сатып алушыға берiлгеннен кейiн кредит берушiнiң келiсуiнсiз сатып алушыға аударылып, берiлген кәсiпорынның құрамына енгiзiлген борыш үшiн сатушы мен сатып алушы бiрдей жауап бередi.
497-бап. Кәсiпорынды беру
1. Сатушының кәсiпорынды сатып алушыға беруi өткізу актiсi бойынша жүзеге асырылады, онда кәсiпорынның құрамы жөніндегі және кәсiпорынды сату туралы кредит берушiлерге хабарлау жөніндегі деректер, сондай-ақ берiлген мүлiктен табылған кемшiлiктер туралы мәлiметтер және оны жоғалтып алуға байланысты беру мiндеттерiн орындау мүмкiн болмайтын мүлiктердiң тiзбесi көрсетiледi.
2. Өткізу актiсiн жасауды және оны қол қоюға табыс етудi қоса алғанда, кәсiпорынды беруге дайындау сатушының мiндетi болып табылады, егер шартта өзгеше көзделмесе, соның есебiнен жүзеге асырылады.
3. Өткізу актiсiнде екi тарап қол қойған күннен бастап кәсiпорын сатып алушыға берiлген деп есептеледi.
Сол кезден бастап кәсiпорын құрамында берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатып алушыға ауысады.
498-бап. Кәсiпорынға меншiк құқығының ауысуы
1. Кәсiпорынға меншiк құқығы осы құқық мемлекеттік тiркеуден өткен кезден бастап сатып алушыға ауысады.
2. Сатып алушының кәсiпорынға меншiк құқығын мемлекеттік тiркеу кәсiпорын сатып алушыға берiлгеннен кейiн тiкелей жүзеге асырылады (осы Кодекстiң 497-бабы).
3. Шартта сатып алушыға берiлген кәсiпорынға меншiк құқығы кәсiпорынға ақы төленгенше немесе өзге де мән-жайлар туғанға дейiн сатушының өзiнде қалдыру көзделген жағдайларда сатып алушы меншiк құқығы өзiне ауысқанға дейiн, берiлген кәсiпорынның құрамына кiретiн мүлiктер мен құқықтарды кәсiпорынның қызметiн мүлiктiк кешен ретiнде қамтамасыз ету үшiн қаншалықты қажет болса, соншалықты дәрежеде пайдалануға құқылы.
499-бап. Кемшiлiктерi бар кәсiпорынды беру мен қабылдаудың салдары
1. Кәсiпорынды өткізу актiсi бойынша құрамы шартта көзделгенге сәйкес келмейтiн кәсiпорынды сатушының беру және сатып алушының қабылдау салдары, соның iшiнде берiлген мүлiктердiң сапасына қатысты салдары, егер шарттан өзгеше туындамаса және ол осы баптың 2-4-тармақтарында өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 413-415, 419, 422, 428, 432-баптарында көзделген ережелер негiзiнде айқындалады.
2. Кәсiпорынның анықталған кемшiлiктерi және жоғалған мүлiк туралы мәлiметтер көрсетiлген өткізу актiсi бойынша кәсiпорын берiлген және қабылданған жағдайларда (осы Кодекстiң 497-бабының 1-тармағы), егер мұндай жағдайларда өзге талаптар қою құқығы шартта көзделмесе, сатып алушы кәсiпорынның сатып алу бағасын тиiсiнше кемiтудi талап етуге құқылы.
3. Кәсiпорынның құрамында сатушының шартта немесе өткізу актiсiнде көрсетiлмеген борышы (мiндеттемелерi) өзiне берiлген жағдайда, егер сатушы шарт жасасу және кәсiпорынды беру кезiнде осы борыш (мiндеттемелер) туралы сатып алушының бiлгендiгiн дәлелдей алмаса, сатып алушы сатып алу бағасын кемiтудi талап етуге құқылы.
4. Сатушы берiлген кәсiпорынның құрамындағы мүлiктердiң жетпейтiндiгi немесе берiлуге тиiс мүлiктiң жекелеген түрлерiнiң жоқ екендiгi туралы сатып алушыдан хабар алған жағдайда тиiсiнше сапалы емес мүлiктi кешiктiрмей алмастыруға немесе сатып алушыға жетпейтiн мүлiктi беруге тиiс.
5. Егер сатушы жауап беретiн кемшiлiктердiң салдарынан кәсiпорын сату шартында аталған мақсаттарға жарамсыз болып шықса және сатушы ол кемшiлiктердi осы Кодекске заң актілеріне немесе шартқа сәйкес белгiленген жағдайларда, тәртiп пен мерзiмде жоймаған болса, не кемшiлiктердi жою мүмкiн болмаса, сатып алушы сот тәртібімен кәсiпорынды сату шартын бұзуды немесе өзгертудi және тараптардың шарт бойынша орындаған нәрсесiн қайтарып берудi талап етуге құқылы.
500-бап Кәсiпорынды сату шартына мәмiлелердiң жарамсыздық салдары туралы және шартты бұзу мен өзгерту туралы ережелердi қолдану
Осы Кодекстiң мәмiлелердiң жарамсыздық салдары туралы және сатып алу-сату шартын бұзу мен өзгерту туралы, шарт бойынша бiр тараптан немесе екi тараптан алынғандарды заттай қайтаруды немесе өндiрiп алуды көздейтiн ережелерi, егер мұндай салдар сатушы мен сатып алушыға кредит берушiлердiң, басқа да адамдардың құқықтарын және заң актілерімен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзбайтын болса және қоғамдық мүдделерге қайшы келмесе кәсiпорынды сату шартына қолданылады.
26-тарау. Айырбас
501-бап. Айырбас шарты
1. Айырбас шарты бойынша тараптардың әрқайсысы шаруашылық жүргiзудi, оралымды басқаруды басқа тараптың меншiгiне бiр тауарды екiншiсiне айырбасқа беруге мiндеттенедi.
2. Айырбас шартына тиiсiнше сатып алу-сату шартының ережелерi қолданылады, өйткенi бұл осы тараудың ережелерiне және айырбас мәнiне қайшы келмейдi. Бұл орайда тараптардың әрқайсысы тауарды беруге мiндеттенетiн сатушы деп және айырбастап алуға мiндеттенетiн сатып алушы деп танылады.
3. Осы тарауда көзделген ережелер, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе және ол тиiстi мiндеттемелер мәнiнен туындамаса, құқықтарды айырбастауға (жұмыстар, қызмет көрсетулер) қолданылады.
502-бап. Айырбас шарты бойынша баға мен шығындар
1. Егер шарттан өзгеше туындамаса, айырбастауға жататын тауарлар бiр-бiрiне тең деп ұйғарылады, ал оларды беру мен қабылдап алу жөніндегі шығындарды әрбiр жағдайда тиiстi мiндет жүктелетiн тарап жүзеге асырады.
2. Шартқа сәйкес айырбасталатын тауарлар бiр-бiрiне тең емес деп танылған жағдайда бағасы айырбастауға берiлетiн тауардың бағасынан кем тауарды беруге мiндеттенген тарап, егер шартта өзгеше тәртiп көзделмесе, тауар беру мiндетiн орындағанға дейiн немесе одан кейiн бағадағы айырманы тiкелей өзi төлеуге тиiс.
503-бап. Айырбас шарты бойынша өзара тауар беру мiндеттемелерiн орындау
Шартқа сәйкес айырбасталатын тауарларды беру мерзiмдерi тұспа-тұс келмейтiн жағдайларда тауар беруге тиiстi тараптың тауарды беру мiндеттемелерiн басқа тарап тауар берген соң орындауына өзара мiндеттемелердi орындау туралы ережелер қолданылады (осы Кодекстiң 284-бабы).
504-бап. Айырбасталатын тауарларға меншiк құқығының ауысуы
Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, айырбасталатын тауарларға меншiк құқығы айырбас шарты бойынша сатып алушы болатын тараптарға тараптардың әрқайсысы тиiстi тауарларды беру мiндеттемелерiн орындағаннан кейiн бiр мезгiлде ауысады.
505-бап. Айырбас шарты бойынша сатып алынған тауарды алып қойғаны үшiн жауапкершiлiк
Айырбас шарты бойынша сатып алынған тауарды үшiншi тұлғалар алып қойған тарап осы Кодекстiң 414-бабында көзделген негiздемелер болған кезде басқа тараптан оның айырбасқа алған тауарын, ал тауарды заттай алу мүмкiн болмаған жағдайда оның құнын қайтаруды талап етуге құқылы
27-тарау. Сыйға тарту
506-бап. Сыйға тарту шарты
1. Сыйға тарту шарты бойынша бiр тарап (сыйға тартушы) басқа тараптың (сыйды алушының) меншiгiне затты немесе өзiне немесе үшiншi адамға мүлiктiк құқықты (талапты) тегiн бередi немесе беруге мiндеттенедi не оны өзiнiң немесе үшiншi тұлғаның алдындағы мүлiктiк мiндеттен босатады немесе босатуға мiндеттенедi.
Затты немесе құқықты қарсы беру не қарсы мiндеттеме болған кезде шарт сыйға тарту шарты деп танылмайды. Мұндай шартқа осы Кодекстiң 160-бабының 2-тармағында көзделген ережелер қолданылады.
2. Әлдекiмге затты немесе мүлiктiк құқықты тегiн беруге уәде ету не әлдекiмдi мүлiктiк мiндеттен (сыйға тартуға уәде беруден) босату сыйға тарту шарты болып танылады және егер уәде тиiстi нысанда (508-баптың 2-тармағы) жасалса және алдағы уақытта нақты тұлғаға затты немесе құқықты тегiн беру не оны мүлiктiк мiндеттен босатуға айқын ниет бiлдiрiлген болса, уәде берушiнi босатпай тастайды.
Нақты сыйға тарту затын зат, құқық түрiнде көрсетпей-ақ, өзiнiң барлық мүлкiн немесе өзiнiң барлық мүлкiнiң бiр бөлiгiн сыйға тартуға уәде беру немесе мiндеттемеден босату жарамсыз болады.
3. Сыйға тартушы қайтыс болғаннан кейiн сый алушыға сый берудi көздейтiн шарт жарамсыз болады.
Мұндай сыйға тарту түрiне осы Кодекстiң мұрагерлiк туралы ережелерi қолданылады.
507-бап. Сый алушының сыйды алудан бас тартуы
1. Сый алушы өзiне сый берiлгенге дейiн кез келген уақытта одан бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда сыйға тарту шарты бұзылған деп есептеледi.
2. Егер сыйға тарту шарты жазбаша түрде жасалса, сыйдан бас тарту да жазбаша түрде жасалуға тиiс. Сыйға тарту шарты тiркелген жағдайда (508-баптың 3-тармағы) сыйды алудан бас тарту да мемлекеттік тiркелуге тиiс.
3. Егер сыйға тарту шарты жазбаша түрде жасалған болса, сый берушi сый алушыдан сыйды алудан бас тартқаны үшiн өзiне келтiрiлген нақты зиянды өтеуiн талап етуге құқылы.
508-бап. Сыйға тарту шартының нысаны
1. Сый алушыға сыймен қоса сыйға тарту осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауызша жасалуы мүмкiн. Сыйды беру оны тапсыру, символдық беру (кiлттердi табыс ету және т.б.) не құқық белгiлейтiн құжаттарды тапсыру арқылы жүзеге асырылады.
2. Қозғалмайтын мүлiктi сыйға тарту шарты:
1) заңды тұлға сый берушi болған және сыйдың құны заң актілерінде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiштен асатын;
2) шартта алдағы уақытта сыйға тартуға уәде етiлген жағдайларда жазбаша түрде жасалуға тиiс.
Ауызша жасалған сыйға тарту шарты осы тармақта көзделген жағдайларда жарамсыз болады.
3. Қозғалмайтын мүлiктi сыйға тарту шарты мемлекеттік тiркелуге тиiс.
509-бап. Сыйға тартуға тыйым салу
Құны заң актілерінде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын әдеттегi сыйлықтарды қоспағанда:
1) жас балалар мен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған азаматтардың атынан олардың заңды өкiлдерiнiң;
2) емдеу, тәрбиелеу мекемелерiнiң, әлеуметтiк қорғау мекемелерiнiң және сол секiлдi мекемелердiң қызметкерлерiне олардың емдеуіндегі, асырауындағы не тәрбиесіндегі азаматтардың және осы азаматтардың зайыптары мен туыстарының;
3) мемлекеттік қызметшiлерге олардың лауазымдық жағдайына байланысты немесе олардың қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты сыйға тартуға жол берiлмейдi.
510-бап. Сыйға тартуды шектеу
1. Заты шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығына жататын заңды тұлға, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң келісімiмен өзiнiң затын сыйлауға құқылы. Бұл шектеу құны заң актілерінде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын әдеттегi сыйлықтарға қолданылмайды.
2. Бiрлескен ортақ меншiктегi мүлiктi сыйға тартуға бiрлескен меншiктiң барлық қатысушыларының келісімi бойынша осы Кодекстiң 220-бабында көзделген ережелердi сақтай отырып жол берiледi.
3. Сый берушiге тиесiлi талап құқықтарын үшiншi тұлғаға сыйға тарту осы Кодекстiң 339-343, 345, 346-баптарында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.
4. Үшiншi тұлға алдында сый алушының мiндеттерiн орындау арқылы сыйға тарту осы Кодекстiң 276-бабының 1-тармағында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.
Үшiншi тұлға алдында сый берушiнiң сый алушы борышын өзiне аудару арқылы сыйға тартуы осы Кодекстiң 348-бабында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.
5. Өкiлдiң сыйға тартуға жасаған сенімхатында сый алушы аталмаса және сыйға тартатын заты көрсетiлмесе, ол жарамсыз болады.
511-бап. Сыйға тарту шартын орындаудан бас тарту
1. Егер шарт жасалғаннан кейiн сый берушiнiң мүлiктiк немесе отбасылық жағдайы, не денсаулығы шартты жаңа жағдайларда орындау оның тұрмыс деңгейiнiң едәуiр нашарлауына әкеп соқтыратындай болып өзгерсе, сыйға тартушы келешекте сый алушыға зат немесе құқық беру уәдесiн немесе сый алушыны мүлiктiк мiндеттен босату уәдесiн қамтитын шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
2. Сыйға тартушы келешекте сый алушыға зат не құқық беру уәдесiн, не сый алушыны оған сыйға тартуды өзгерту құқығын берушi негiздемелер бойынша мүлiктiк мiндеттемеден босату уәдесiн қамтитын шартты орындаудан бас тартуға құқылы (осы Кодекстiң 512-бабының 1-тармағы).
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген негiздемелер бойынша сыйға тартушының сыйға тарту шартын орындаудан бас тартуы сый алушыға залалдарды өтеудi талап ету құқығын бермейдi.
512-бап. Сыйға тартудың күшiн жою
1. Егер сый алушы сыйға тартушының өмiрiне, оның отбасы мүшелерiнiң немесе жақын туыстарының бiреуiне қастандық жасаса не сый берушiге қасақана дене жарақатын салса, сыйға тартушы сыйға тартудың күшін жоюға құқылы.
Сый алушы сыйға тартушыны қасақана өлтiрген жағдайда сотта сыйға тартудың күшiн жоюды талап етуге сыйға тартушы мұрагерлерiнiң құқығы болады.
2. Егер сый алушының сыйға тартушы үшiн үлкен мүлiктiк емес құндылық болып саналатын сыйланған затты ұстауы оның бiржола жойылу қаупiн тудырса, сыйға тартушы сыйға тартудың күшiн сот тәртібімен жоюды талап етуге құқылы.
3. Сот мүдделi тұлғаның талап етуi бойынша, жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның оның кәсiпкерлiк қызметiне байланысты банкроттық туралы заң актілерінiң ережелерiн бұза отырып жасаған сыйға тартуының күшiн мұндай тұлғаны банкрот деп жариялаудың алдындағы бiр жыл iшiнде жоя алады.
4. Сыйға тарту шартында, сый берушi сый алушыдан ұзақ өмiр жүрген жағдайда, сыйға тартудың күшiн жою құқығы ескертiлуi мүмкін.
5. Сыйға тартудың күшi жойылған жағдайда, егер сыйланған зат сыйға тартудың күшi жойылған кезге дейiн сол күйiнде сақталса, сый алушы оны қайтаруға мiндеттi.
513-бап. Сыйға тарту шартын орындаудан бас тарту және сыйға тартудың күшiн жою мүмкiн болмайтын жағдайлар
Сыйға тарту шартын орындаудан бас тарту туралы (осы Кодекстiң 511-бабы) және сыйға тартудың күшiн жою туралы (осы Кодекстiң 512-бабы) ережелер құны заң актілерінде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын сыйлықтарға қолданылмайды (осы Кодекстiң 510-бабының 1-тармағы).
514-бап. Сыйланған заттың кемшiлiктерi салдарынан зиян келтiру зардабы
Сыйланған заттың кемшiлiктерi салдарынан сый алушы азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкіне келтiрiлген зиянды, егер бұл кемшiлiктер сый алушыға затты беруден бұрын пайда болғаны дәлелденсе және анық кемшiлiктер қатарына жатпаса, ал сыйға тартушы ол жөнiнде бiле тұра сый алушыға ескертпесе, осы Кодекстiң 47-тарауында көзделген ережелерге сәйкес сыйға тартушы өтеуге тиiс.
515-бап. Сыйға тартуға уәде беру кезіндегі құқық мирасқорлығы
1. Сыйға тарту шарты бойынша сыйға тартуға уәде берiлген сый алушының құқықтары, егер сыйға тарту шартында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiне (құқық мирасқорларына) ауыспайды.
2. Сыйға тартуға уәде берген сыйға тартушының мiндеттерi, егер сыйға тарту шартында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiне (құқық мирасқорларына) ауысады.
516-бап. Қайырмалдық
1. Жалпы пайдалану мақсатында затты немесе құқықты сыйға тарту қайырмалдық деп танылады.
Қайырмалдық азаматтарға, емдеу, тәрбие беру мекемелерiне, әлеуметтiк қорғау мекемелерiне және басқа да сол сияқты мекемелерге, қайырымдылық, ғылыми және оқу мекемелерiне, қорларға, мұражайлар мен басқа да мәдениет мекемелерiне, қоғамдық және дiни бiрлестiктерге, сондай-ақ мемлекетке және осы Кодекстiң 111 және 112-баптарында аталған азаматтық құқықтың басқа да субъектiлерiне жасалуы мүмкiн.
2. Қайырмалдықты алуға ешкiмнiң рұқсаты немесе келісімi талап етiлмейдi.
3. Азаматқа мүлiк қайырмалдыққа берілуге тиiс, ал заңды тұлғаларға қайырмалдық етушi осы мүлiктi белгiлi бiр мақсатқа пайдалануды ескертiп беруi мүмкiн. Мұндай талап болмаған жағдайда азаматқа мүлiктi қайырмалдыққа беру жай сыйға тарту болып есептеледi, ал басқа жағдайларда қайырмалдыққа берiлген мүлiктi сый алушы мүлiктi мақсатына сай пайдаланады.
Пайдалану үшiн белгiлi бiр мақсат белгiленген қайырмалдықты алушы заңды тұлға қайырмалдыққа берiлген мүлiктi пайдалану жөніндегі барлық операциялардың оқшауланған есебiн жүргізуге тиiс.
4. Егер мән-жайлардың өзгеруi салдарынан қайырмалдыққа берiлген мүлiктiң қайырмалдық берушi көрсеткен мақсатқа сәйкес пайдаланылуы мүмкiн болмаса, ол басқа мақсатқа қайырмалдық берушiнiң келісімiмен ғана, ал қайырмалдық берушi азамат қайтыс болған немесе қайырмалдық берушi заңды тұлға таратылған жағдайда - соттың шешiмi бойынша пайдаланылуы мүмкiн.