Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., №15-16, 211-құжат; 1998 ж., №16, 219-құжат; №17-18, 225-құжат; 1999 ж., №20, 721-құжат; №21, 774-құжат; 2000 ж., №6, 141-құжат; 2001 ж., №8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., №4, 32, 33-құжаттар; №10, 106-құжат; №17, 155-құжат; №23-24, 192-құжат; 2003 ж., №15, 137-құжат; №18, 142-құжат; 2004 ж., №5, 22-құжат; №17, 97-құжат; №23, 139-құжат; 2005 ж., №13, 53-құжат; №14, 58-құжат; №21-22, 87-құжат; 2006 ж., №2, 19-құжат; №3, 22-құжат; №5-6, 31-құжат; №8, 45-құжат; №12, 72-құжат; №15, 92-құжат; 2007 ж., №1, 2-құжат; №4, 33-құжат; №5-6, 40-құжат; №9, 67-құжат; №10, 69-құжат; №17, 140-құжат; 2008 ж., №12, 48-құжат; №13-14, 58-құжат; №17-18, 72-құжат; №23, 114-құжат; №24, 126-құжат):
1) 251-баптың бірінші бөлігінің екінші абзацындағы «салына отырып,» деген сөздер «сала отырып не онсыз» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 312-бап мынадай мазмұндағы ескертулермен толықтырылсын:
«Ескертулер.
1. Мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адамға не оған теңестірілген адамға оның бұрын жасаған заңды іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін сомасы немесе құны екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сыйлықты алғаш рет беру, егер мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам не оған теңестірілген адам жасаған іс-әрекеттер (әрекетсіздік) алдын ала уағдаластықпен байланысты болмаса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
2. Пара берген адам, егер мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адамның не оған теңестірілген адамның тарапынан оған қатысты қорқытып пара алу орын алған болса немесе ол адам пара бергені туралы қылмыстық іс қозғауға құқығы бар органға өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.»;
3) 356-бапта:
тақырыбындағы «Судьяға және қылмыстық процеске қатысушыларға» деген сөздер «Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға» деген сөздермен ауыстырылсын;
бірінші бөліктің бірінші абзацындағы «Судьяға, сот приставына, сот атқарушысына, жәбірленушіге, куәгерге, қылмыстық процеске басқа да қатысушыларға қатысты, сол сияқты олардың туыстарына» деген сөздер «Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға» деген сөздермен ауыстырылсын.
2. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., №23, 335-құжат; 1998 ж., №23, 416-құжат; 2000 ж., №3-4, 66-құжат; №6, 141-құжат; 2001 ж., №8, 53-құжат; №15-16, 239-құжат; №17-18, 245-құжат; №21-22, 281-құжат; 2002 ж., №4, 32, 33-құжаттар; № 17, 155-құжат; №23-24, 192-құжат; 2003 ж., №18, 142-құжат; 2004 ж., №5, 22-құжат; №23, 139-құжат; №24, 153, 154, 156-құжаттар; 2005 ж., №13, 53-құжат; №21-22, 87-құжат; №24, 123-құжат; 2006 ж., №2, 19-құжат; №5-6, 31-құжат; №12, 72-құжат; 2007 ж., №1, 2-құжат; №5-6, 40-құжат; №10, 69-құжат; №13, 99-құжат; 2008 ж., №12, 48-құжат; №15-16, 62, 63-құжаттар; №23, 114-құжат):
1) 68-баптың жетінші бөлігіндегі «өтініш пен қарсылық» деген сөздер «өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті және қарсылықты» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 69-баптың екінші бөлігіндегі «өтініш пен қарсылық» деген сөздер «өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті және қарсылықты» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 74-баптың екінші бөлігіндегі «өтініш білдіруге» деген сөздер «өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 75-баптың алтыншы бөлігіндегі «өтініш пен қарсылық білдіруге» деген сөздер «өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті және қарсылықты мәлімдеуге» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 77-баптың төртінші бөлігі «өтемақы алуға» деген сөздерден кейін «; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге» деген сөздермен толықтырылсын;
6) 78-баптың үшінші бөлігі «соттың қарауына қатысуға» деген сөздерден кейін «; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге» деген сөздермен толықтырылсын;
7) 82-баптың үшінші бөлігінде:
«өтінішін мәлімдеуге» деген сөздер «, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге» деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші және үшінші сөйлемдер мынадай редакцияда жазылсын:
«Куә, егер адвокаттың іске қандай да бір басқа жағдайда қатысы болмаса, адвокаттың қатысуымен айғақ беруге құқылы. Адвокаттың келмеуі жауап алуды тергеуші белгілеген уақытта жүргізуге кедергі келтірмейді.»;
8) 83-баптың үшінші бөлігіндегі «өтініш білдіруге» деген сөздер «, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 84-баптың екінші бөлігіндегі «аудармашыдан бас тартуға» деген сөздер «аудармашыдан бас тартуды, қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге» деген сөздермен ауыстырылсын;
10) 85-баптың үшінші бөлігі «сыйақы алуға» деген сөздерден кейін «; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге» деген сөздермен толықтырылсын;
11) 86-баптың төртінші бөлігі «өтем алуға» деген сөздерден кейін «; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге» деген сөздермен толықтырылсын;
12) 98-бапта:
тақырыбы «мамандардың,» деген сөзден кейін «сот отырысы хатшыларының,» деген сөздермен толықтырылсын;
бірінші бөлік «маман,» деген сөзден кейін «сот отырысы хатшысы,» деген сөздермен толықтырылсын;
13) 100-баптың алтыншы бөлігі мынадай мазмұндағы үшінші сөйлеммен толықтырылсын:
«Қылмыстық процесті жүргізуші органның қауіпсіздік шараларын тоқтату туралы шешіміне қорғалатын адамның сотқа немесе прокурорға шағым беруі шағым жасалған шешімнің атқарылуын тоқтата тұрады.».
3. «Жедел-іздестіру қызметі туралы» 1994 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1994 ж., № 13-14, 199-құжат; 1995 ж., № 24, 167-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 1998 ж., № 24, 436-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 8, 53-құжат; № 17-18, 245-құжат; 2002 ж., № 4, 32-құжат; № 15, 147-құжат; № 17, 155-құжат; 2004 ж., № 18, 106-құжат; № 23, 142-құжат; № 24, 154-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат):
23-баптың 3-тармағындағы «Үкіметі белгілеген тәртіппен» деген сөздер «заңдарына сәйкес» деген сөздермен ауыстырылсын.
4. «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 10, 241-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске
қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.»;
2) мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-баптармен толықтырылсын:
«1-1-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды
мемлекеттік қорғауды жүзеге асыру принциптері
Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, қорғалатын адамның жеке басының құқықтары мен заңды мүдделерінің басымдығы, қорғалатын адамдар мен мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін органдардың өзара жауапкершілігі принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
1-2-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды
мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету
Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарын мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету аталған адамдардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне нақты қол сұғу қатері төнген кезде қолданылатын осы Заңда көзделген қауіпсіздік, құқықтық және әлеуметтік қорғау шараларын (бұдан әрі - мемлекеттік қорғау шаралары) уәкілетті мемлекеттік органдардың жүзеге асыруынан тұрады.»;
3) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«2-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар
Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін:
1) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган;
2) қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қамтамасыз етеді.
Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру ұлттық қауіпсіздік, қаржы полициясы, әділет, ішкі істер, әскери басқару органдарына және кеден ісі саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын органға жүктеледі.»;
4) 3-бапта:
бірінші бөлікте:
мынадай мазмұндағы 6-1) және 6-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«6-1) жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсететін азаматтар;
6-2) жеке айыптаушылар;»;
10) тармақша «приставтары» деген сөзден кейін «, сот орындаушылары» деген сөздермен толықтырылсын;
14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«14) айыпталушылар, сотталушылар, сотталғандар, сондай-ақ өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған немесе сот ақтау үкімін шығарған адамдар;»;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қылмыстардың алдын алуға немесе оны ашуға септігін тигізетін адамдарға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де әрекеттер жасаудың нақты қатері төнген кезде, оларға қатысты мемлекеттік қорғау шаралары қылмыстық іс қозғалғанға дейін де қолданылуы мүмкін.»;
5) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«4-бап. Мемлекеттік қорғалу құқығының пайда болуы
1. Қорғалуға жататын адамдарды өлтірумен, күш қолданумен, мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не құқыққа қарсы өзге де қауіпті іс-әрекеттермен қорқытудың жеткілікті негіздері болған кезде, қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар өз құзыреті шегінде осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қолдануға міндетті.
2. «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсететін азаматтарға қатысты қауіпсіздік
шараларын қолдану туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізетін органмен қатар жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар осы Заңда көзделген тәртіппен қабылдайды.»;
6) 7-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Басқа тұрғылықты жерге көшіру, құжаттарды ауыстыру және сырт пішінін өзгерту қауіпсіздіктің ерекше шаралары болып табылады және қорғалатын адамның қауіпсіздігі басқа қауіпсіздік шараларын қолданумен қамтамасыз етіле алмайтын жағдайларда қолданылады.»;
7) 14-бап «құралдары» деген сөзден кейін «, қорғалатын адамның келісімімен бақылаудың техникалық құралдары» деген сөздермен толықтырылсын;
8) 17-бап «мұндай мәліметтер» деген сөздерден кейін «басқа да» деген сөздермен толықтырылсын;
9) 18-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Мемлекеттік органдар және мемлекеттік ұйымдар өз құзыреті шегінде қорғалатын адамдардың жұмысқа орналасуына және оқуға орналасуына жәрдем көрсетуге міндетті.»;
10) 20-бап «оның келісімімен» деген сөздерден кейін «, кәмелеттік жасқа толмаған адам үшін - оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен» деген сөздермен толықтырылсын;
11) 21-бапта:
бірінші бөліктің 2) тармақшасындағы «ішкі істер органдары» деген сөздер «уәкілетті мемлекеттік органдар» деген сөздермен ауыстырылсын;
үшінші бөліктегі «Жергілікті атқарушы органдар» деген сөздер «Мемлекеттік органдар және мемлекеттік ұйымдар» деген сөздермен ауыстырылсын;
12) мынадай мазмұндағы 21-1 және 21-2-баптармен толықтырылсын:
«21-1-бап. Әскери қызметшілердің, запастағы азаматтардың олардың әскери жиындардан өтуі кезінде, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері, құрамалары немесе мемлекеттік мекемелері азаматтық персоналдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Әскери қызметшілердің, запастағы азаматтардың олардың әскери жиындардан өтуі кезінде, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері, құрамалары немесе мемлекеттік мекемелері азаматтық персоналдарының қауіпсіздігі Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдеріндегі, құрамаларындағы немесе мемлекеттік мекемелеріндегі әскери қызметті өткеру және жұмыстың ерекшеліктерін ескере отырып, осы Заңда белгіленген қауіпсіздік шараларын қолдану жолымен қамтамасыз етіледі.
Қорғалатын адамға қатысты, қорғалатын адамды жаңа әскери қызмет орнына, оның ішінде Қарулы Күштердің, Қазақстан Республикасының заңнамасында әскери қызмет көзделген басқа мемлекеттік органның басқа да әскерлері мен әскери құралымдардың әскери бөліміне немесе мемлекеттік мекемесіне ауыстыру, шақыру бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан қорғалатын адамға қатер төндіруі мүмкін әскери қызметшіні, егер оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болса, басқа әскери бөлімге, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басқа мемлекеттік мекемесіне іссапарға жіберу немесе ауыстыру сияқты қауіпсіздік шаралары да қолданылуы мүмкін.
Қорғалатын адамды іссапарға жіберу және ауыстыру оның жазбаша түрде берген келісімімен жүзеге асырылады. Ауыстыру кезінде әскери қызметші тең әскери лауазымға тағайындалады, бұл ретте оны негізгі немесе бірдей бейінді әскери есепке алу мамандығымен пайдалану қамтамасыз етілуге тиіс.
Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын өзге де органдар қорғалатын адамның қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз етуде әскери бөлімнің қолбасшылығына немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесінің бастығына жәрдем көрсетеді.
21-2-бап. Күзетпен ұстаудағы немесе жазасын өтеу орнындағы
қорғалатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Күзетпен ұстаудағы немесе қамауға алу, бас бостандығынан айыру не тәртіптік әскери бөлімде ұстау түрінде жазасын өтеу орнындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қамтамасыз етіледі.»;
13) 23-бап мынадай мазмұндағы сегізінші бөлікпен толықтырылсын:
«Кәмелеттік жасқа толмағандарға немесе өздерінің дене немесе психикалық жағдайына байланысты өз құқықтары мен мүдделерін өз бетінше іске асыру мүмкіндіктерінен айрылған адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану олардың заңды өкілдерін тарта отырып жүзеге асырылады. Заңды өкілдердің осы Заңда көзделген шекте өздері өкілдік ететін жеке тұлғалардың құқықтары сияқты құқықтары бар.»;
14) 26-баптың 3-тармақшасы «мүлікті сақтауға» деген сөздерден кейін «міндетті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға берілген мүлікті сатқан, басқа адамға берген немесе бүлдірген жағдайда, қорғалатын адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады» деген сөздермен толықтырылсын;
15) мынадай мазмұндағы 26-1-баппен толықтырылсын:
«26-1-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың
құқықтары мен міндеттері
1. Қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдардың:
1) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылданатын адамдардың қауіпсіздігіне төнетін қатер туралы өтініштер мен хабарламалар бойынша мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға сұрау салуға және олардан қажетті мәліметтерді алуға;
2) іс жүргізу іс-әрекеттерін жүргізуге немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға қажетті тапсырмалар беруге құқығы бар.
2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдардың:
1) қорғалатын адамға қатысты іс жүргізу іс-әрекеттерін қоспағанда, қажетті қауіпсіздік шараларын таңдап алуға, оларды қолдану тәсілдерін белгілеуге, қолданылатын қауіпсіздік шараларын қажет болғанда өзгертуге және толықтыруға;
2) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылданған қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға сұрау салуға және олардан қажетті мәліметтерді алуға;
3) қорғалатын адамнан қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын сақтауды, аталған шараларды қолдануға байланысты заңды өкімдерді орындауды талап етуге;
4) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдарға қауіпсіздік шараларын қолдану не оларды тоқтату туралы ұсыныспен өтініш беруге;
5) заңда белгіленген тәртіппен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге құқығы бар.
3. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар:
1) қауіпсіздік шараларын қолдануды қажет ететін, өздеріне белгілі болған әрбір оқиғаға жедел ден қоюға;
2) қорғалатын адамға қатысты барлық қажетті қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруға;
3) қорғалатын адамдарды қауіпсіздігіне төнген қатер туралы, оларға қатысты осы Заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану туралы, өзгерту немесе қолдануды тоқтату туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты шешімдер қабылдау туралы уақтылы хабардар етуге;
4) қауіпсіздік шараларын қолдану (қолданудан бас тарту) туралы қаулымен таныстырған кезде қорғалатын адамға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. НАЗАРБАЕВ |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы сәуірдің 7-сі
№ 149-ІV ҚРЗ