Қазақстан Республикасында ана мен бала өлім-жітімін азайту жөніндегі 2008 - 2010 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1325 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 25 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ ана мен бала өлім-жітімін азайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында ана мен бала өлім-жітімін азайту жөніндегі 2008-2010 жылдарға арналған бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Бағдарламаның орындалуына жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ мүдделі ұйымдар:
1) Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) жыл сайын, 10 шілдеге және 10 қаңтарға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын, 20 қаңтарға Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Масімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1325 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында
ана мен бала өлім-жітімін азайту жөніндегі
2008 - 2010 жылдарға арналған
бағдарлама
Мазмұны
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Проблеманың қазіргі кездегі жағдайын талдау
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары және іске асырудың тетіктері
6. Қаржыландыру көздері мен көлемі
7. Күтілетін нәтижелер
8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы | Қазақстан Республикасында ана мен бала өлім-жітімін азайтудың 2008 - 2010 жылдарға арналған бағдарламасы |
Әзірлеу үшін негіздеме | «Мемлекет басшысының 2005 - 2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 - 2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 қаулысы (Жоспардың 109-тармағы) Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 21 қарашадағы Заңымен ратификацияланған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт (12-бабы, 2-тармағы, а) тармақшасы) |
Бағдарламаны әзірлеуші | Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі |
Мақсаты | Ана мен бала денсаулығын сақтау саласында тиімділігі дәлелденген қазіргі заманғы тәсілдерді енгізу арқылы ана мен бала өлім-жітімін азайту |
Міндеттері | Дәлелді медицинаны ескере отырып, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру және іске асыру; ана мен бала денсаулығын сақтау (бұдан әрі - АБДС) саласында ұтымды жоспарлау және басқарудың, перинаталдық көмекті өңірлендірудің өлшемдерін енгізу; бастапқы медициналық-санитарлық көмекке бағытталып енгізіліп жатқан технологияларды ескере отырып, АБДС кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау; босандыру және балалар ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту; дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (бұдан әрі - ДДҰ) ұсынған тірі туу мен өлі туудың халықаралық өлшемдерін енгізу; әйелдер мен балаларға сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау қызметтерінің өзара іс-қимылы мен сабақтастығын жақсарту; ана мен баланың денсаулығын сақтау кезінде сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту; халықтың ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы тиімді тәсілдер туралы ақпараттануын арттыру. |
Іске асыру мерзімдері | 2008-2010 жылдар |
Қаржыландыру көздері мен көлемі | Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қыркүйектегі № 1438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 1216 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында ЖҚТБ індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі 2006 - 2010 жылдарға арналған бағдарламаның шеңберінде көзделген республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, халықаралық ұйымдардың қаражаты, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздері. Мемлекеттік бюджеттен 2008 - 2010 жылдарға бағдарламаны іске асыруға жұмсалатын жалпы шығындар 24 240 250,1 мың теңгені, оның ішінде республикалық бюджет қаражатынан 8 310 940,1 мың теңгені, жергілікті бюджеттердің қаражатынан 15 929 310,0 мың теңгені құрайды. Жылдар бойынша | Барлығы (мың теңге) | Республика- лық бюджет (мың теңге) | Жергілікті бюджет (мың теңге) | 2008 ж. | 8 151 134,0 | 2 586 953,0 | 5 564 181,0 | 2009 ж. | 7 859 861,7 | 2 766 530,7 | 5 093 331,0 | 2010 ж. | 8 229 254,4 | 2 957 456,4 | 5 271 798,0 | Жиыны | 24 240 250,1 | 8 310 940,1 | 15 929 310,0 | Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады. |
Күтілетін нәтижелер | Аналардың өлім-жітім көрсеткіші 2010 жылға қарай тірі туған 100 000 анаға шаққанда 40,0-қа дейін, сәби өлім-жітімі тірі туған 1000 нәрестеге шаққанда 25,0-ке дейін, балалар өлім-жітімі тірі туған 1000 балаға шаққанда 30,0-ға дейін (тірі туу мен өлі туудың халықаралық өлшемдеріне көшуді ескергенде) төмендейтін болады. |
2. Кіріспе
Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан нарықтық экономикасы бар демократиялық мемлекетті құру үшін кең ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыруда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Бұл ретте адам әлеуетін дамыту мен республика халқын 2030 жылға қарай 20 миллион адамға дейін көбейту елді дамытудың маңызды басымдығы болды. Тиісінше, ана мен бала денсаулығын сақтау, тууды арттыру және бала мен ана өлім-жітімін азайту, медициналық-демографиялық жағдайды жақсарту және Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіруі жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып табылады. Халықтың үміті мен мұқтаждығына жауап беретін медициналық қызметтің сапасын арттырудың қажеттілігі Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген елдің денсаулық сақтау ісін одан әрі дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Ана мен бала өлім-жітімінің көрсеткіштері ана мен бала денсаулығының интегралды индикаторы болып табылады және экономикалық, экологиялық, мәдени, әлеуметтік-гигиеналық және медициналық-ұйымдастыру факторларының өзара іс-қимылдарының популяциялық қорытындысын көрсетеді, сондықтан халықтың денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған мемлекеттің саясатын көрнекі түрде көрсетеді.
Сонымен бірге, аналар мен бес жасқа дейінгі балалардың өлім-жітім оқиғалары көбінесе мынадай факторлармен түсіндіріледі:
ресурстарды жоспарлауға, нормалауға, ұйымдастыруға, басқару мен пайдалануға қазіргі заманғы тәсілдерді, АБДС саласында жұмысты бағалау мен мониторинг жүйесін ұтымды пайдаланбау;
АБДС саласын реформалау мен дамытудың қазіргі заманғы қажеттіліктеріне сай келмейтін жетілмеген кадр саясаты, кадрлармен нашар толықтырылу, даярлау мен қайта даярлаудың техникалық базасының нашарлығы, медицина қызметкерлерін ынталандыру тетіктерінің, құқықтық және әлеуметтік қорғаудың болмау салдары;
дәлелді медицинаға негізделген балалық шақтағы негізгі ауруларды клиникалық емдеуде стандартталған тәсілдердің болмауы және жүктілік пен босану ағымдарының асқынулары;
денсаулық сақтау қызметтері ықпалдасуының және медициналық көмек көрсету деңгейлерінің арасындағы сабақтастықтың жеткіліксіздігі;
әсіресе салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік, психологиялық және экологиялық ортаның сапасын жақсарту мәселелерінде сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың төмен деңгейі;
халықтың өз денсаулығына ынтымақтасқан жауапкершілігі жөніндегі ақпараттық-білім беру және алдын алу іс-шараларының тиімді жүргізілмеуі.
Қолданыстағы денсаулық сақтау жүйесі жағдайында ақпараттық және технологиялық жарақтандыруды, денсаулық сақтау ісінің кадрлық және басқарушылық әлеуетін күшейтуді жаңартумен қатар ана мен бала өлім-жітімін азайту үшін ДДҰ/ЮНИСЕФ, ЮНФПА ұсынған «Жүкті болу қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Емшекпен қоректендіруді қорғау, қолдау және көтермелеу бағдарламасы», «Отбасын жоспарлау», «Балалық шақтағы ауруларды сабақтастыра емдеу және ерте шақтағы балаларды дамыту», «ЖЖБЖ, АИТВ мен туберкулезді бақылау», «Тірі туу мен өлі туудың халықаралық өлшемдерін енгізу» сияқты негізгі стратегиялар мен бағдарламаларды енгізу қажет.
Бұл стратегиялар мен бағдарламалар АБДС саласындағы экономикалық тиімділік пен нәтижелілікті арттыруға, кадр әлеуетін күшейтуге, медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға, АБДС саласын стандарттау мен жаңартуды жүргізуге (клиникалық хаттамалар, мониторингтің/бағалаудың, сапаны бақылаудың жаңа құралдары), сондай-ақ әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау мен қолдау жөніндегі проблемаларды шешуге халықты көбірек тарту мүмкіндік береді.
Әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту, ана мен бала өлім-жітімін азайту мақсатында бұл бағдарлама әйелдер мен балалар диагностикасының, емдеу мен алдын алудың барлық қазіргі заманғы және тиімді әдістерін кешенді орындауды жақсартуға, кадр саясатын жақсартуға, ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ босандыру және балалар ұйымдарының, материалдық-техникалық базасын жақсартуға шақырады.
3. Проблеманың қазіргі кездегі жағдайын талдау
Ана мен бала денсаулығын сақтау Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының басым бағыттары болып қалады.
Соңғы жылдары республикада туу көрсеткішінің өсуі, өлім-жітім көрсеткішінің тұрақтануы байқалып отыр, халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығының артуының оң үрдісі байқалады.
Ресми статистика деректері бойынша 2004 жылдан бастап республикада ана өлім-жітімі көрсеткіштерінің өсуі байқалады. 2004 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш тірі туған 100 мың адамға шаққанда 36,9-ды құраса, 2006 жылы ана өлім-жітімінің деңгейі тірі туған 100 мың адамға шаққанда 45,6-ға дейін жетті.
Қазақстан Республикасында ана өлім-жітімінің деңгейі ресми статистика деректері бойынша XX ғасырдың 70-ші жылдарының ортасында Еуропа елдерінде байқалған көрсеткіштерге сәйкес болып отыр және бұрынғы социалистік елдердегі көрсеткіштерден айтарлықтай асып отыр.
Жыл сайын Қазақстан Республикасында шамамен 500 000-ға жуық жүктілік пен 300 000-ден астам босану тіркеледі.
Алайда, оң медициналық-демографиялық жағдаймен қатар, жыл сайын республикада 100-ден астам ана мен 5 жасқа дейінгі 5000-ға жуық баланың қайтыс болатыны анықталған.
Ана өлім-жітімінің құрылымында бірінші орынды қан кету, гестоздар мен аборттар алады. Басқаша айтқанда, Қазақстанда алдын алуға болатын өлім-жітімнен аналардың қайтыс болуы жалғасуда.
Қазақстанда ана өлім-жітімі көрсеткішінің жоғары болуы және туудың 100 %-ға жуығы медицина қызметкерлерінің қатысуымен немесе қадағалауымен жүргізілуі негізгі проблеманың жүкті, босанатын және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетудің сапасында екенін білдіреді.
Әйелге отбасын жоспарлау, жүктілік пен босану кезеңінде білікті медициналық көмек көрсету және босанғаннан кейінгі кезеңде оған дұрыс күтім жасауды қамтамасыз ету секілді сапалы қызметтерге қол жеткізуді ұсынған кезде ғана ана өлім-жітімінің көпшілігін болдырмауға болатыны баршаға белгілі. Әйелдердің өмірін сақтаудың негізі реттелген денсаулық сақтау жүйесі болып табылады.
Антенаталдық бақылаумен қамтылған әйелдердің жоғары көрсеткішіне қарамастан, ескірген және тиімділігі аз тәсілдерді пайдалану денсаулықты жақсарту жөніндегі күтілетін нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді және формальды сипатқа ие болады. Жоғарыда көрсетілген проблемалар ұзақ уақыт бойы халықаралық практикаға шектелген қолжетімділіктің нәтижесі болып табылады.
Бұдан басқа, республикада балиғат жасындағы әйелдердің арасында аборттар аса жиілігі тіркеліп отыр, оның деңгейі 1,4-ті құрайды, бұл бала туудың ұқсас деңгейі 0,5-0,7-ге тең болатын елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары және ұрпақты болудың қауіпсіз тәсілі мен отбасын жоспарлау туралы халықтың білімі мен дағдыларының төмен деңгейімен түсіндіріледі. Жүкті әйелдер арасында жыныстық жолмен берілетін жұқпалармен (бұдан әрі - ЖЖБЖ) сырқаттанудың жоғары деңгейі және адам иммунитеті тапшылығы вирусы (бұдан әрі - АИТВ) - жұқпаларының өсуі орын алуда.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында әйелдер арасында сүт безі обыры сырқаттану мен онкопатологиялық өлім-жітім көрсеткіштерінің өсуіне байланысты онкологияның қазіргі заманның өзекті проблемасы болып отырғанын атап өту қажет. Онкологиялық аурулар құрылымында әйелдердің сүт безі обыры репродуктивтік мүшелердің ішінде бірінші орында және қатерлі ісіктер құрылымында үшінші орында тұр. Мұндай аурудан болатын өлім-жітім құрылымында обырдың асқынған түрлерінің себептері асып түседі.
Көрінетін және алынып тасталатын қатерлі ісіктер арасында әйелдердің онкопатологиясы құрылымында екінші орында жатыр мойны обыры тұр.
Нәрестелер өлім-жітімі деңгейінің тұрақты төмендеу үрдісі бар, бұл 1993 жылы тірі туған 1000 нәрестеге шаққанда 28,0-ді құраса, 2006 жылы ол тірі туған 1000 нәрестеге шаққанда 13,91-ге дейін төмендеді. Балалар өлім-жітімі көрсеткіші (туғаннан бастап 5 жасқа дейінгі балалар арасында) тірі туған 1000 балаға шаққанда 17,6-ны құрайды.
Нәрестелер өлім-жітімінің негізгі себептері перинаталдық кезеңде туындаған жағдайлар, (47%), жұқпалар (26,9%), туа біткен даму кемістігі (бұдан әрі - ТДК) (10,4%), жазатайым оқиғалар (0,9%) болып табылады. Перинаталдық кезеңде болған нәрестелер өлім-жітімі жағдайының құрылымында барлық 1 жасқа толмаған балалар өлім-жітімінің жартысына жуығын құрайды.
Әлемдік медицина ғылымының деректері бойынша ТДК жиі туындауы айтарлықтай төмен және бір жасқа дейінгі балалар өлім-жітімінің құрылымында 8%-дан (ДДҰ, 2004 жыл) аспайды. Қазақстанда ТДК нәрестелер өлім-жітімінің себебі ретінде әр жылда 14-23% құрады. Бұл ТДК санатын балалар өлім-жітімінің кейбір басқарылатын себептерін жасыру немесе өлім-жітім себептерін қасақана өзгерту тәсілдері ретінде пайдаланылуы туралы ойға әкеледі.
Нәрестелер өлім-жітімі құрылымындағы көш бастаушы перинаталдық кезеңдегі туындаған жағдайлар болып отыр. Көп жағдайда перинаталдық өлімнің алдын алу мүмкін емес деген ой қалыптасатындықтан, бұл алғашқы кезде қолайлы үрдіс сияқты болып көрінеді.
Перинаталдық қызметі жақсы ұйымдастырылған және халқының тұрмыс деңгейі жоғары елдерде бұл кезеңдегі өлім-жітім 80 %-ды құрайды. Алайда бұл жағдайлар алдын алу қиындығының себептерімен, атап айтқанда, гендік және хромосомдық аурулармен, өмір сүрумен үйлеспейтін даму кемістіктерімен түсіндіріледі.
Қазақстанда перинаталдық кезеңдегі өлім-жітім негізінен алдын алуға болатын себептермен түсіндіріледі. Негізгі айырылулар (67%-дан аса) дене салмағы 2000 және одан артық грамм болатын балаларда, негізінен, асфиксиядан, жұқпалар мен туған кездегі жарақаттанудан болады. Көрсетілген себептердің толығымен алдын алуға болады және босандыру жүйесіндегі көрсетілетін перинаталдық көмектің сапасын көрсетеді. Ең алдымен, олар босандыру тәсілдерін дұрыс жүргізбеудің, сондай-ақ бастапқы реанимацияның, жіті терапияның және жаңа туған нәрестелерге күтім жасаудың сәйкессіздігі
болып табылады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ-пен 1003 жылы жүргізген сәби және балалар өлім-жітімінің себептерін зерттеу шеңберінде босану механизміне (дәрімен әрекет жасау, қол құралы, бұтаралықты қорғау), артық әрекеттер, босану жолдарын госпитальдік микрофлорамен асыра жиналуына әкелетін босану процесінде қынапты жиі тексеру, босанудың тиісті мониторингінің болмауы, жылу буынын және емшек сүтімен қоректендіруді ерте бастау шартын сақтамау анықталды. Мұның барлығы босану кезінде нәрестенің алғаш тыныс алуының бұзылуына және тұншығуына, жарақаттануға және көптеген шұғыл жағдайлардың даму қаупіне (тыныс алу бұзылуының синдромы, геморрагиялық бұзылулар және жұқпалар) әкеледі.
1997 жылдан бастап елімізде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 1997 жылғы 25 шілдедегі № 113 бұйрығымен бекітілген Емшек сүтімен қоректендіруді көтермелеу, қолдау және сақтау жөніндегі бағдарлама қабылданды. Алайда босандыру мекемелерінің көбі тек емшек сүтімен қоректендірудің және нәрестелер мен ерте шақтағы балалардың жұқпалы ауруларының алдын алуда ана мен баланың тері арқылы жанасуының маңыздылығын сезініп отырған жоқ. Мысалы, алдын ала деректер бойынша нәрестелердің 64%-ы ғана туғаннан кейінгі бірінші сағатта кеудеге жатқызылды (МИКО, 2006 жыл).
7 күннен 1 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі (кешіккен неонаталдық және постнаталдық кезеңдер) көбінесе жұқпа дертімен - 61% байланысты. Осы шақ кезеңіндегі жұқпалар негізінен жіті респираторлық аурулармен, өкпе қабынумен және іш өтумен белгіленеді. Бастапқы денсаулық сақтау буынының (БМСК және стационарлар) аурулардың алдын алу үшін балаларды патронаждық байқау және сырқат адамдарды клиникалық тексеру бойынша жұмыс сапасының төмендігі көрсетілген жас топтарындағы балалардың осы жұқпалардан өлім-жітімін анықтайтын негізгі факторы болып табылады. Бұдан басқа балаларды дәрігерге кеш әкелу және олардың жоғарыда көрсетілген себептерден өлім-жітімінде әлеуметтік-экономикалық деңгейдің төмен болуының және ата-ана мен жақын адамдардың аурулардың алаңдататын, қауіпті белгілері мен симптомдары туралы аз білуі, бала жағдайының ауырлығын толық сезінбеушілігінің рөлі зор. Соның салдарынан республикада 1 жасқа дейінгі балалардың бір тәулікке дейінгі (2006 ж., 20 %) өлім-жітімі, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балалардың үйде шетінеуі (2006 ж., 9-10 %) көрсеткіштерінің жоғары болуы байқалып отыр.
Осы міндеттерді шешу үшін ұсынылған БМСК қызметінің мүмкіндіктері толық және тиімді пайдаланылмайды, бірінші кезекте бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыруда ескі тәсілдер, жетілдірілмеген клиникалық хаттамалар себептерінен туындап отыр және осының салдарынан дәрі-дәрмектердің артықшылығымен (полипрагматия) кейбір жағдайларда өзара үйлеспейтін дәрілік заттармен емдеу жүргізіледі. Сонымен қатар ерте шақтағы балаларды стационарға негізсіз жатқызу орын алған.
Ана мен бала өлім-жітімі көрсеткіштерінің ресми статистикасының деректеріне қарамастан, балама зерттеулердің деректері бойынша шынайы көрсеткіштері едәуір жоғары.
2006 жылы Қазақстанда Статистика жөніндегі агенттік халықаралық ұйымдармен бірлесіп мультииндикаторлық кластерлік зерттеулер жүргізді, оның барысында 38,8 мыңнан астам отбасының ересек адамдарына сұрақ қойылды, зерттеулер деректері бойынша ана өлімінің бағалау көрсеткіші 100 000 тірі туғанға 70,0 құрады, ал сәби шетінеуі 1000 туғанға 31,8 шегінде өзгеріп тұрады.
Сондықтан ресми статистиканың деректері Қазақстандағы ана мен бала өлім-жітімінің нақты деңгейін көрсетіп отырған жоқ. Бұл өз кезегінде осы негізгі көрсеткіштерді азайту бойынша іс-шараларды тиімді жоспарлап, өткізуге мүмкіндік бермейді, өйткені олар бірқатар фактордан - ұрпақты болу жасындағы әйелдердің денсаулығынан, жүктілікті тексеріп-емдеу және босандырудан, нәрестелерді күту және ерте шақтағы балалардың дамуын байқаудан бастап қалыптасады.
Бұдан басқа статистикалық деректердің дұрыс болмауы, оның ішінде қайтыс болу оқиғаларын жасыру және тірі туу мен өлі туудың халықаралық өлшемдерінен айырмашылығы бар есептерді қолдану арқылы ана мен сәби өлім-жітімінің есебін жүргізуге түрлі мәндегі көзқарастардан туындайды.
Осыған байланысты 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған және 1994 жылы Қазақстан бекіткен Бала құқығы туралы конвенцияның 6 және 7-баптарына, «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы Заңына сәйкес ДДҰ ұсынған тірі туу мен өлі туу өлшемдеріне көшеді. Егер бұрын 1000 грамм және одан артық салмақпен туған балалардың есебі жүргізілсе, ал халықаралық стандарттарға көшкесін біз 500 грамм және одан артық салмақпен туған барлық балаларды күтіп бағатын боламыз.
Ана мен бала өлім-жітімі көрсеткішінің болжамды өсіміне байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі № 310 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасымен әкімшілік шара қолдануға уақытша мораторий жариялау көзделген.
ДДҰ ұсынған босануға жәрдемдесу ұйымдарының практикасына тиімді перинаталдық технологияларды, атап айтқанда, серіктестік босану, босану жағдайын еркін таңдау, партограмма бойынша босану мониторингі, босанудың үшінші кезеңін белсенді тексеріп-емдеу, ана мен баланың бірге болуы, ерте терілік жанасу, жылу режимін сақтау және тек емшек сүтімен қоректендіру) енгізу босану кезінде аралық және қалыпты салмағы бар нәрестелердің көбінің өмір сүріп кетуіне ықпал тигізеді және неонаталдық өлім-жітім көрсеткішін кем дегенде 2 есе азайтуды қамтамасыз етеді. Ерте және жүйелі перинаталдық күтім ананың да, баланың да денсаулығына оң әсерін тигізеді.
Осы міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін «ВАВІЕS» әдіснамасы болып табылады, ол перинаталдық көмекті жақсарту бойынша іс-шаралардың мониторингін жүргізуге, бағалауға және уақтылы реттеуге, ресурстарды бөлуге және жалпы босануға жәрдемдесу ұйымдарының және жеке буындарының жұмыс сапасын бағалауға мүмкіндік береді.
Еліміздің пилоттық өңірлеріндегі (Жезқазған, Қарағанды, Алматы қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары) босануға жәрдемдесу ұйымдарында сынақтан өткізілген тиімді әдістер мен технологияларды енгізудің оң тәжірибесі нәрестелерді босанудан болған жарақаттанудан, тұншығудан және басқа да тыныс алудың бұзылуларынан жоғалту көрсеткіштерінің нақты төмендеуін көрсетті, бұл ерте неонаталдық өлім-жітімнің 17%-ға азаюын, сондай-ақ нәрестелердің бактериялық жұқпалармен сырқаттанушылығының екі есеге жуық, яғни тірі туған 1000 нәрестенің 17,6-дан 8,5-ке дейін азайғанын анықтады.
«BABIES» матрицасын қолдана отырып дене салмағына, өлім кезеңіне байланысты перинаталдық жоғалтуды талдау екінші және үшінші деңгейдегі ұйымдарда асқынуларының және мезгілінен бұрын босану қауіпі жоғары жүкті әйелдердің концентрациясының белгіленген принципін растады. Жүкті әйелдерді босану алдындағы дайындау босанудағы асқынулардың азаюына әкелді, мерзімінен бұрын босанудың жиілігі шамамен екі есе, операциялық әрекеттермен босандыру - 1,8 есе төмендеді.
Қазіргі уақытта АБДС саласы кадр әлеуетінің мейлінше тапшылығын басынан кешуде. Сөйтіп неонатологтармен, учаскелік педиатрлармен, анестезиологтармен, балалар патологоанатомдарымен толықтырылу 50-75%-ды құрап отыр. Дәрігерлердің орташа жасы 46,0+ 1,5 жыл «акушерия және гинекология» мамандығы бойынша интерн-дәрігерлердің үлесі 7 %-ды ғана құрап отыр. Медициналық жоғары оқу орындарының әрбір екінші түлегі денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істемейді. Сонымен қатар ауруханалық төсек айналымының және медициналық қызметкерлер құрамының 2 және одан артық жүктемесінің көбеюіне байланысты қазіргі уақытта босандыратын және балалар ұйымдарындағы медицина қызметкерлерінің еңбек ету қарқыны едәуір өскен.
Практикалық дағдыларды жеткілікті көлемде алмау, оқытудың теориялық негіздерін уақтылы жаңартпау, оқытуды талдау және реттеу практикасының болмауы себебінен базалық медициналық білім берудің ескіргені маңызды проблема болып табылады.
Медициналық қызметтер сапасын жақсарту үшін денсаулық сақтау саласын басқарудың барлық төрт құрамы: қадағалау және бақылау, ресурстар, қаржыландыру және қызметтер, атап айтқанда, АБДС бойынша, қазіргі заманғы менеджменттің талаптары аясында реттеуді талап етеді.