Қаржылық қадағалау агенттігі жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық саясатын жетілдіруді, сондай-ақ зейнетақы активтерінің сақталуын және қорлар мен зейнетақы активтерін басқарушылардың жауапкершілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында олардың қызметін қадағалауды жалғастырады.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу
Азаматтардың тұрғын үй проблемаларын шешу және Астана мен Алматы қалаларында жылжымайтын мүлік нарығын жандандыру үшін «Самұрық-Қазына» қоры арқылы ипотекалық кредит берудің және тұрғын үй секторын дамытудың арнайы бағдарламасы іске қосылатын болады. Осы бағдарламаны қаржыландыруға Қор Ұлттық қордың және жинақтаушы зейнетақы қорларының қарыз қаражатын тарту есебінен қалыптастырылатын 5 млрд. АҚШ доллары (600 млрд. теңге) мөлшерінде сома беретін болады. Осы бағдарламаның қаражаты есебінен екінші деңгейдегі банктер арқылы Алматы және Астана қалаларында құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендерін аяқтауға қарыздар беру қамтамасыз етілетін болады.
Екінші деңгейдегі банктер мен тұрғын үйді әділ бағасы бойынша сатуға дайын құрылыс салушы компаниялар осы бағдарламаға қатысушылар болады.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша бағдарламаның негізгі параметрлері:
1) «Самұрық-Қазына» қоры екінші деңгейдегі банктерде жеңілдікті ставка бойынша 15 жылға бірқатар несиелік желілер ашатын болады. Өз кезегінде екінші деңгейдегі банктер қарыз алушылардың әр түрлі топтарына ипотекалық кредиттерді мерзімінен бұрын өтеу құқығымен 10,5%-12,5%-бен 15 жыл мерзімге дейін беретін болады.
2) қаражаттың бір бөлігі жаңа қарыз алушылар үшін түпкілікті ставканың 10,5 % деңгейінде болуын және 2009 жыл бойы іске асырылуын көздейтін жаңа ипотекалық бағдарламаға жіберілетін болады. Осы бағдарлама халыққа ипотека бойынша жеңілдікті ставкалармен және тұрғын үйдің қол жетімді бағасы бойынша тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Екінші деңгейдегі банктер құрылысы аяқталмаған объектілерде пәтерлер сатып алуға ипотекалық қарыздар беру жолымен қарыз алушы-құрылыс компаниялармен ахуалды түзетуге және кредиттік портфельдің сапасын елеулі дәрежеде жақсартуға мүмкіндік алады.
3) екінші деңгейдегі банктер бұған дейінгі кезеңдерде алаңы 120 шаршы метрден аспайтын тұрғын үй алуға ипотекалық қарыз алған және осы ипотекалық қарызға қызмет көрсету бойынша өз міндеттемелерін адал орындаған, қарыз алушының, ипотекалық қарыз алуды қамтамасыз ететін тұрғын үйді қоспағанда, басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда кредит желісінің бір бөлігін қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыз бойынша пайыздық ставкаларды 10,5% - 12,5%-ға дейін төмендетуге бағыттайтын болады.
4) өз кезегінде мемлекет ұлттық компаниялардың және мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың тұлғасында Астана және Алматы қалаларының нарығынан әділ бағамен жаңа тұрғын үйлер сатып алатын болады.
Үкімет, сондай-ақ тұрғын үйге қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайтын болады. Бұл үшін қолданыстағы тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізіледі.
Әкімдіктерге пәтерлерді құрылысы аяқталған объектілерде және дайындығы жоғары дәрежедегі объектілерде жеке құрылыс салушылардан белгіленген баға бойынша сатып алу құқығы берілетін болады. Бұл тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұлғайту мақсатында жалгерлік тұрғын үй құрылысына 15 млрд. теңге жіберілетін болады. Бұл қосымша 265 мың шаршы метр жалгерлік тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған барлық объектілер тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі арқылы сатылатын болады. Бұл халықтың басым санаттарына жылдық 4 %-дан аспайтын пайыздық ставка бойынша алдын ала тұрғын үй қарыздарын ұсынуға және тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы салымның жинақталуына байланысты қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Үлескерлердің құқықтарын қорғауды арттыру мақсатында Үкімет үлестік құрылыс мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізетін болады.
Шағын және орта бизнесті қолдау
Экономиканы отандық қаржы институттары тарапынан қаржыландырудың қысқаруы жағдайында шағын және орта бизнеске көмек көрсету жалғасатын болады. Мемлекеттік қолдау олардың салалық тиістілігіне қарамастан, шағын және орта бизнестің барлық субъектілеріне көрсетілетін болады.
Біріншіден, осы мақсаттарға «Самұрық-Қазына» қоры 2009 жылы қосымша 1 млрд. АҚШ долларын (120 млрд. теңге) бөледі. Бөлінетін қаражат шеңберінде 70% ағымдағы жобаларды қайта қаржыландыруға және 30% жаңа жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.
Екінші деңгейдегі банктер шағын және орта бизнеске кредит беру бойынша барлық бағдарламалардың операторлары болады. «Самұрық-Қазына» қоры бөлетін қаражат шеңберінде бір жобаны қаржыландыруға арналған лимит 3-тен 5 млн. АҚШ. долларына дейін өседі.
Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп шағын және орта бизнес үшін сыйақы ставкасын тұрақтандыру бойынша дағдарысқа дейінгі деңгейге дейін (14%-дан аспайтын) шара қабылдайды, сондай-ақ тиімді ставканы тіркей отырып, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қабылданған барлық бағдарламалар қайта қаралатын болады.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және орта бизнеске берілетін кредиттерге кепілдік беру тетігін енгізетін болады.
Екіншіден, «Самұрық-Қазына» қоры ауылдық жерде шағын кредит берудің, оның ішінде ауылдық кәсіпкерлерге кредит берудің бағдарламасын әзірлейді.
Үшіншіден, шағын және орта бизнес субъектілерін тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз ету мақсатында оларға «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңның қолданылуы шеңберінде мемлекеттік органдардың, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік тапсырыстарына қол жеткізуі ұсынылатын болады.
Жер қойнауын пайдаланушылармен және сервистік компаниялармен қазақстандық қатысуды ұлғайту бойынша жұмыс күшейтілетін болады.
Төртіншіден, Үкімет кәсіпкерлікті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді төмендету және рұқсат беру жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Агроөнеркәсіптік кешенді дамуға ерекше назар аударылатын болады. Агроөнеркәсіп сектор экономиканы тұрақтандыру мен сауықтыру бағыттарының бірі ретінде белгілеуге мүмкіндік беретін негізгі факторлар мыналар:
1. Агроөнеркәсіптік кешен жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 30%-ын шоғырландырады. Сондықтан ол халықты жұмыспен қамту деңгейін қолдауға бағытталған шаралардың орталық буыны болып табылады.
2. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жағымсыз экономикалық үрдістің әсеріне ұшырау деңгейі барынша аз.
3. Агроөнеркәсіптік кешен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті шешеді.
4. Қазақстан экспорт нарығында өнімнің бәсеке қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті түрде салыстырмалы артықшылықтарға ие болып отыр.
Көрсетілген себептерге қарай агроөнеркәсіп секторындағы өндірісті қолдау мен көлемін кеңейту экономикалық белсенділіктің және халықтың жұмыспен қамтылуының артуына, ал орта мерзімді перспективада - экспортты әртараптандыру мен экономикалық дамудың орнықтылығын қамтамасыз етуге елеулі түрде оң ықпалын тигізеді.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған республикалық бюджеттен шығыстар 2009 - 2011 жылдары 350 млрд. теңгеге жуықты құрайды.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға «ҚазАгро» холдингінен қосымша 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге) көлемінде қаражат берілетін болады. Жобалар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен бірлесіп іске асырылатын болады.
Инвестициялар, ең алдымен, астық секторы, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу және жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру сияқты қолданыстағы секторларды қолдауға және жаңа экспортқа бағдарланған секторларды дамытуға бағытталатын болады. Дамыған экспорттық инфрақұрылымдары бар жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының, құс фабрикаларының, тауарлы-сүт фермаларының, семірту алаңдары мен сойыс пункттерінің желілері құрылатын болады. Қазіргі заманғы ет өңдеу кешендерін ұйымдастыру, тамшылатып суландыру технологияларын қолданып жеміс-көкөніс дақылдарын өндіруді және жіңішке жүн талшығын терең өңдеуді дамыту, Қазақстан астығы экспортының инфрақұрылымын дамыту, аграрлық техникалық маркеттерді құру және дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі жобалар іске асырылатын болады.
Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру
Экономикалық дамудың жүйелік проблемаларын шешу және халықты жұмыспен қамту деңгейін қолдау үшін ауқымды құрылыс жүргізу және инфрақұрылымды жаңғырту қамтамасыз етілетін болады. Экономикалық өсуді қолдау мақсатында «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жалғасатын болады.
Инфрақұрылымға, әсіресе электр энергетикасы секторына инвестициялар ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін маңызы зор болады. Инвестицияларды, ең алдымен, экономиканың шикізат емес секторына одан әрі тарту, инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге байланысты болады.
Үздік әлемдік практика инфрақұрылымды дамыту экономикалық белсенділікті қолдау және дағдарыс кезінде халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі барынша тиімді құралдардың бірі болып табылатындығын көрсетіп отыр.
Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға "Самұрық-Қазына" қоры қосымша 1 млрд. АҚШ долларын (120 млрд. теңге) бөледі және 2009 жылы 3 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылатын болады. Бұдан басқа, "Самұрық-Қазына" қорының жобаларын қаржыландыруға зейнетақы қорларының қаражаты тартылатын болады.
Электр энергетикасы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет келесі жылдан бастап әр жылдарға бөле отырып кемінде жеті жыл мерзімге арналған энергия өндіруші ұйымдардың тобы бойынша шектеулі тарифтерді бекітеді және оны бұған дейінгі жылдың инфляциясын ескере отырып жыл сайын түзететін болады. Электр энергиясына арналған шекті тарифтер жаңа активтерді құруға, электр энергетикасындағы қазіргі энергия жинақтайтын қуаттарды кеңейтуге, жаңартуға, қайта жаңалауға және техникалық қайта жарақтандыруға инвестициялар тартуды қамтамасыз ететін болады.
Электрожелілік активтерді дамыту үшін тарифтерге инвестициялық құрауышты енгізу көзделуде. Осыған байланысты Үкімет электр желісіне қосылғаны үшін төлемді толығымен алып тастайды.
Үкімет энергияны үнемдеу және энергияның қайта жаңартылатын көздерін пайдалану жөніндегі шаралар кешенін қосымша пысықтайтын болады.
Үкімет халықтың нақты табыстарының сақталуы жөніндегі барлық шараларды қабылдайды және Мемлекет басшысының 2009 - 2011 жылдары әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыны және бюджет саласының қызметкерлеріне жалақыны арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, 2009 және 2010 жылдары зейнетақының, жалақы мен стипендиялардың мөлшері 25%-ға ұлғаятын болады. 2011 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-ға дейін ұлғайтылатын болады.
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын 9%-ға ұлғайып отырады.
2010 жылдан бастап, сондай-ақ 4-ші және одан көп бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақының мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішке дейін және бала бір жасқа толғанға дейін күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы 2007 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есе ұлғаятын болады.
Кәсіпорындарда өндіріс көлемі төмендеген жағдайда Үкімет ірі компаниялармен қызметкерлердің жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейтін болады.
Қажет болған кезде Үкімет облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, қоғамдық жұмыстардың белсенді түрлерін қолданып және өңірлерде жаңа жұмыс орындардың ашып, оның ішінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік объектілердің ауқымды құрылысы арқылы, оның ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы шеңберінде халықтың жұмыспен өнімді қамтылуын арттыру жөнінде қосымша іс-шаралар көздейтін болады.
Ішкі нарықта тауарлардың тапшылығына және бағалардың өсуіне жол бермеу мақсатында Үкімет бірінші кезекте қажетті тауарлардың - ет, құрғақ сүт, өсімдік майы, қант және күріштің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Қорытынды
Тұтастай алғанда тұрақтандыру шараларын іске асырудан Қазақстан экономикасы қосымша 2 172 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алады, олардың ішінде, мыналардың есебінен:
Ұлттық қор қаражаты - 1 200 млрд. теңге;
Ұлттық Банк шаралары - 350 млрд. теңге;
жаңа Салық кодексін қолдану шеңберінде салықтық жүктемені төмендету — 500 млрд. теңге;
Стресті активтер қорын құру - 122 млрд. теңге.
2007 - 2008 жылдары қабылданған шаралардың және Жоспарды іске асырудың нәтижесінде Қазақстанда 2009 - 2010 жылдары ЖІӨ-нің нақты өсімі жылына 1-3 % деңгейінде күтіледі. Инфляция деңгейі 2009 және 2010 жылдардың соңына қарай 7 - 9 % шегінде ұстап тұрылатын болады. Алдағы екі жыл ішінде жұмыссыздық деңгейі 8%-дан аспайды.