«Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 27 ақпандағы № 201 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 16 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 27 ақпандағы
№ 201 қаулысымен
бекітілген
«Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың
қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті
1. Қолданылу саласы
1. Осы Техникалық регламенттің реттеу объектілері мыналар болып табылады:
1) балалардың күтіміне арналған бұйымдар;
2) ойыншықтар;
3) киім, тоқыма материалдардан, теріден, үлбірден жасалған тігін бұйымдары;
4) тоқыма бұйымдар;
5) дайын бөлек тоқыма бұйымдар;
6) аяқ киім, былғары-галантереялық бұйымдар;
7) балалар арбалары, велосипедтер;
8) баспа (оқу, кітап, журнал) өнімдері, электронды оқу басылымдары; мектеп-жазу керек-жарақтары.
Балаларға арналған өнімдердің тізбесі мен оның қауіпсіздігіне қойылатын талаптар осы Техникалық регламенттің 1, 2, 3, 4, 5 және 6-қосымшаларда берілген.
2. Осы Техникалық регламент өнім түріне қарай оның тұтынушының өміріне немесе денсаулығы үшін: химиялық, биологиялық, механикалық, өрт, электрлік, термикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптарды белгілейді.
3. Осы Техникалық регламенттің қолданысы бұрын қолданылған немесе жеке тапсырыс бойынша жасалған өнімдерге, сондай-ақ:
1) дәрі-дәрмек құралдары саласындағы жекелеген Техникалық регламенттермен және медициналық мақсаттағы техника және бұйым қауіпсіздігімен талаптар белгіленетін медициналық мақсатта қолдану үшін әзірленіп, дайындалған өнімдерге;
2) балалар тамағы азық-түліктерінің қауіпсіздігі саласындағы жекелеген Техникалық регламентпен талаптар белгіленетін балалар тамағына арналған азық-түліктерге;
3) парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен оны өндіру саласындағы жекелеген Техникалық регламентпен талаптар белгіленетін парфюмерлік-косметикалық тауарларға;
4) спорт жабдықтары мен мүккәмалын пайдалануға беру саласындағы жекелеген Техникалық регламентпен талаптар белгіленетін спорт бұйымдарына;
5) жиһаз өндіру және өнімдері саласындағы жекелеген Техникалық регламентпен талаптар белгіленетін жиһазға;
6) целлюлоза-қағаз өнеркәсібі өнімдерінің және оны өндіру процестерінің қауіпсіздігі саласындағы жекелеген Техникалық регламентпен талаптар белгіленетін целлюлоза-қағаздан өндірілген санитарлық-гигиеналық мақсаттағы өнімдерге (подгузниктер, балалар күтіміне арналған салфеткалар), мектеп дәптерлеріне қолданылмайды.
2. Терминдер мен анықтамалар
4. Осы Техникалық регламентте мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) зиянды заттар - әдеттегі пайдалану кезінде бұйымның материалында рұқсат етілген концентрацияның артық болуынан тұтынушының денсаулық жағдайына теріс ықпал етуі мүмкін заттар;
2) биологиялық қауіпсіз басылым - оқу процесінде көру жұмысы үшін оңтайлы жағдай қамтамасыз етілетін, мәтінді көздің қабылдауымен, көздің өткірлігіне күш түсумен, аккомодациямен, көздің қозғалысымен байланысты көзді шаршатпайтын басылым;
3) биологиялық қауіптілік - дайын бұйымның дене қасиеті деңгейінің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуінің салдарынан баланың ағзасына кері ықпал етуі;
4) уыттылық индексі - жасуша дақылында in vitro анықтайтын жалпы өткір уыттылықтың интегралдық көрсеткіші;
5) механикалық қауіптілік - дайын бұйымның мөлшерсіздік, артық салмақ, төзімділіктің, тұрақтылықтың жеткіліксіз болуының немесе баланың денсаулығына зиян келтіру қаупін арттыратын бұйымның бетіндегі кедір-бұдырлардың салдарынан тұтынушыға кері ықпал етуі;
6) жаңа туған нәресте - қоса алғанда 28 күнге дейінгі жастағы бала;
7) химиялық қауіптілік - өнімде денсаулыққа зиянды, қауіпті химиялық заттардың концентрациясының шекті рұқсат етілген деңгейінен асуы.
3. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды жобалау
кезінде қойылатын қауіпсіздік талаптары
5. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды жобалау кезінде өнім мен бұйым жобасының осы Техникалық регламент талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет.
6. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды жобалау кезінде өмірлік циклінің барлық кезеңінде механикалық, химиялық, радиациялық, биологиялық, электрлік, өрт қауіпсіздігімен және балалардың адамгершілік-эмоционалдық салауаттылығымен байланысты барлық қауіптерді сәйкестендіруге тиіс.
7. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіптеріне жүргізілген бағалауды ескере отырып, өмірлік циклдің барлық кезеңінде балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпін жоюға немесе оны рұқсат етілген деңгейге дейін азайтуға (төмендетуге) арналған барлық шаралар кешені анықталуы тиіс.
8. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды жобалау кезінде жобалау құжаттамасы әзірленуге тиіс. Жобалау құжаттамасы жобаның техникалық сипаттамасын, балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың егжей-тегжейлі сызбаларын, пайдалану сипаттамаларын, пайдалану жөніндегі нұсқаулықты және өзге де қажетті құжаттарды қамтиды.
4. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды өндіру
кезінде қойылатын қауіпсіздік талаптары
9. Өндіру кезінде балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды дайындау процесінің жобалау құжаттамасының, осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет.
10. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды өндіру кезінде өндіруші жобалау құжаттамасында анықталған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі барлық шаралар кешенін орындауға міндетті.
11. Өндіруші кәсіпорында қабылданған технологиялық процестердің, бақылау жүйесінің, кәсіпорында қолданыстағы сапа менеджменті жүйесінің барлық кешенін ескере отырып, жобалау құжаттамасында көзделген балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге талдау жүргізуі тиіс.
12. Өндіру кезінде қауіпсіздік байланысты болатын барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс.
5. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды тасымалдау
және сақтау кезінде қойылатын қауіпсіздік талаптары
13. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды тасымалдау және сақтау олардың қауіпсіздігін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылуы тиіс.
6. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды
нарықта орналастыру және айналымда болу кезінде
қойылатын қауіпсіздік талаптары
14. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдар егер мақсаты бойынша пайдалану кезінде олар:
адамның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп төндірмесе;
баланың адамгершілік-эмоционалдық салауаттылығын сақтаса;
тұтынушыларды адастырмаса, Қазақстан Республикасының нарықта орналастырылуы мүмкін.
7. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды нарықтағы
айналыстан шығару, оларды кәдеге жарату және жою талаптары
15. Балалардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін немесе осы Техникалық регламенттің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін балаларға арналған қауіпті өнімдер мен бұйымдар өндіру және айналдыру процестерінен шығаруға жатады.
16. Балаларға арналған қауіпті өнімдер мен бұйымдардың иесі осы Техникалық регламентте белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздікті айқындаған сәттен бастап немесе балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органның ұйғарымының негізінде оны дереу өндіру және (немесе) айналдыру процестерінен шығаруға міндетті.
17. Егер балаларға арналған қауіпті өнімдер мен бұйымдардың иесі оларды өндіру және (немесе) айналдыру процестерінен шығару жөнінде шаралар қабылдамаса, мұндай өнім мен бұйым Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынуға жатады.
18. Өндіру, айналу процестерінен шығарылған балаларға арналған өнімдер мен бұйымдар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізілетін тиісті сараптауға жатады. Сараптама нәтижелері бойынша сәйкессіздік расталған кезде сәйкессіздікті жою туралы шешім қабылданады немесе қажет болғанда балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды кәдеге жарату немесе жою туралы шешім қабылданады.
19. Шыққан жері белгісіз және адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндіретін балаларға арналған өнімдер мен бұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сараптама жүргізілмей алып қоюға және жоюға жатады.
20. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды жаңа атаумен одан әрі мақсаты бойынша пайдалану балаларға арналған қауіпті өнімдер мен бұйымдардың сәйкестігін растайтын сараптама нәтижелері бойынша балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиісті мемлекеттік органдардың қорытындысын алғанда ғана мүмкін болады.
21. Балаларға арналған қауіпті өнімдер мен бұйымдарды сараптау, тасымалдау, кәдеге жарату немесе жою шығыстарын олардың иелері төлейді.
22. Кәдеге жаратуға, жоюға жауапты адамдар балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды пайдаланудан шығарудың және кәдеге жаратудың осы Техникалық регламент талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз етуге тиіс.
23. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды пайдалануды тоқтатқаннан кейін оларды пайдаланудан шығару, кәдеге жарату, жою кезінде:
1) оларды рұқсатсыз пайдалануды болдырмау шаралары қабылдануы тиіс;
2) балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды кәдеге жаратудың, жоюдың барлық кезеңдерін жүргізетін қызметкердің қажетті біліктілігі болуы, тиісті оқудан өтуі және еңбек қауіпсіздігінің барлық талаптарын сақтауы тиіс.
8. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдар
қауіпсіздігінің жалпы талаптары
24. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдар егер оны тікелей мақсатына сәйкес пайдалану кезінде тұтынушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтірмесе және өнімді тұтынушыны адастырмаса Қазақстан Республикасының аумағында айналымда бола алады.
25. Аса қауіпті, өте қауіпті зиянды заттар балаларға арналған өнімдер мен бұйымдарды дайындау үшін қолданылмауы тиіс.
Ауыр металдардың концентрациясы (қорғасын, мырыш, күшән, сынап, хром, кобальт, никель), зиянды химиялық заттарды бөліп шығарулары (формальдегид, фенол, бензол, стирол, винилхлорид және т.б.) осы Техникалық регламенттің 1, 2, 3, 4, 5 және 6-қосымшаларда белгіленген нормалардан аспауы тиіс.
26. Судағы уыттылық индексі бұйымның түріне байланысты 70%-дан кем емес және 120%-дан артық емес, әуеде - 80%-дан кем емес және 120%-дан артық емес болуы тиіс.
9. Балалар күтіміне арналған бұйымдар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
27. Балалар күтіміне арналған бұйымдар бала денсаулығына зиян келтіруді болдырмау үшін химиялық, механикалық, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
28. Балалар күтіміне арналған бұйымдар қауіпсіздікті сипаттайтын көрсеткіштер бойынша осы Техникалық регламенттің 1, 2, 3, 4, 5 және 6-қосымшаларда келтірілген белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
10. Ойыншықтардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
29. Баланың денсаулығына немесе өміріне зиян келтіруінің алдын алу үшін ойыншықтар бұйымның түріне қарай химиялық, механикалық, биологиялық, өрт, электр, термикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс.
30. Ойыншықтар психологиялық-педагогикалық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Ойыншықтарды психологиялық-педагогикалық талаптарға сәйкес келмейді деп тануға психологиялық-педагогикалық сараптаманың қорытындысы негіз болады.
31. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін көрсеткіштер бойынша ойыншықтар осы Техникалық регламенттің 2-қосымшада белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
11. Тоқыма материалдардан, былғарыдан, үлбірден
жасалған киімдердің, тігін бұйымдарының; трикотаж
бұйымдардың, дайын бөлек тоқыма бұйымдарының
қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
32. Тоқыма материалдардан, былғарыдан, үлбірден жасалған киімдердің, тігін бұйымдарының; трикотаж бұйымдардың, дайын бөлек тоқыма бұйымдарының қауіпсіздігі өнімнің түріне және пайдаланушының жасына қарай белгіленген химиялық және физикалық-химиялық қасиеттердің (бояудың орнықтылығы, ылғал сорғыштығы, ауа өткізгіштігі) көрсеткіштер кешенімен сипатталады.
33. Тоқыма материалдар, былғарыдан, үлбірден жасалған киімдер, тігін бұйымдары; трикотаж бұйымдар, дайын бөлек тоқыма бұйымдары олардың қауіпсіздік көрсеткіштерін сипаттайтын көрсеткіштер бойынша осы Техникалық регламенттің 3-қосымша талаптарына сәйкес келуге тиіс.
12. Аяқ киім, былғары-галантерея бұйымдарының
қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
34. Аяқ киімнің қауіпсіздігі бояғыш заттардың химиялық орнықтылығымен, зиянды химиялық заттарды бөлу концентрациясымен, механикалық қасиеттердің кешенімен (беріктігі, икемділігі, өзгеруі) бағаланады.
35. Олардың қауіпсіздігін сипаттайтын көрсеткіштер бойынша аяқ-киім, былғары-галантерея бұйымдары 4-қосымша талаптарына сәйкес келуге тиіс.
13. Арбалардың, велосипедтердің қауіпсіздігіне
қойылатын талаптар
36. Арбалар, велосипедтер олардың арналуына сәйкес бұйымдарды пайдалану кезінде пайдаланушылар үшін қауіпсіз болуға тиіс.
37. Арбалар, велосипедтер қауіпсіздік бойынша осы Техникалық регламенттің 5-қосымшада берілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
14. Баспа (оқу, кітап, журнал) өнімдерінің, электронды
оқулық басылымдарының; мектеп-жазу керек-жарақтарының
қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
38. Баспа өнімдері, электронды оқу басылымдары, мектеп-жазу керек-жарақтары денсаулық үшін қауіпсіз материалдардан дайындалуға тиіс.
39. Басылымның биологиялық қауіпсіздігі балалардың көру органдарының физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес басылымның түріне, бір мезгілде мәтінді оқу көлеміне және пайдаланушының жасына қарай қаріптік ресімдеу өлшемдерімен және мәтіндерді ресімдеу тәсілдерімен айқындалады.
40. Баспа (оқу, кітап, журнал) өнімдерінің, электронды оқу құралдарының, мектеп-жазу керек-жарақтарының биологиялық, химиялық қауіпсіздігі бойынша талаптар осы Техникалық регламенттің 6-қосымшада келтірілген.
15. Өнімнің нарықтағы айналу шарттары мен оларды таңбалау
41. Өнімнің нарықта айналысының қажетті шарты осы Техникалық регламентпен белгіленген талаптарға сәйкестік болып табылады.
42. Тұтынушыларды өнім қауіпсіздігіне қатысты адастыратын іс-әрекеттерді болдырмау мақсатында сатып алушыларға және (немесе) тұтынушыларға өнім туралы толық және дұрыс ақпаратты таңбалау (сәйкес ақпарат бұйымға ілінетін заттаңбаға, бұйым орамасына, бұйым топтамасының орамасына түсіру немесе өнімге салма-парақ) жолымен жеткізеді.
Таңбалау дұрыс, тексерілетін, оқылатын болуы керек.
43. Таңбалау мынадай міндетті ақпаратты қамтуға тиіс:
1) өнім дайындалған ел;
2) дайындаушының (сатушының немесе шетелдік дайындаушының уәкілетті өкілінің) фирмалық атауы;
3) дайындаушының, сатушының немесе шетелдік дайындаушының уәкілетті өкілінің мекенжайы;
4) бұйымның атауы және (немесе) негізгі арналуы;
5) нарыққа сәйкестік белгісі;
6) өнімнің (қажет жағдайда) жарамдылық белгісі;
7) егер нарық айналымына бұйымның партиясы ұсынылса, өнім партиясының нөмірі.
Ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде ұсынылуға тиіс.
Импорттық өнім үшін өнім дайындалған елді, дайындаушының фирмалық атауын, шетелдік дайындаушының мекенжайын латын әліпбиін пайдалана отырып белгілеуге рұқсат етіледі.
Пайдаланушыға арналған қосымша ақпарат: пайдалану жөніндегі нұсқаулық, өнімді пайдаланған кезде ерекше сақтық шаралары; бастапқы шикізаттың түрі мен салмақтық үлесі, күтіп ұстау тәсілдері және бұйымды дұрыс қолдану тәсілдері туралы мәлімет; бұйымның мөлшері, бұйым арналған пайдаланушының жасы немесе салмағы, және басқа да қажетті ақпарат - осы Техникалық регламенттің 1, 2, 3, 4, 5 және 6-қосымшаларға сәйкес өнімнің түріне байланысты беріледі.
16. Өнімнің осы Техникалық регламент талаптарына
сәйкестігін растау
44. Үйлестірілген стандарттарға сәйкесетін балаларға арналған өнімдер мен бұйымдар, олардың өмірлік циклінің процестері осы Техникалық регламент талаптарына сәйкесетін деп есептеледі.
45. Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың осы Техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
17. Нарықтағы сәйкестік белгісі
46. Осы Техникалық регламентте көзделген тәртіппен сәйкестігі осы Техникалық регламенттің талаптарымен расталған балаларға арналған өнім нарықтағы сәйкестік белгісімен таңбаланады.
47. Өнімді нарықтағы сәйкестік белгісімен таңбалауды сәйкестік туралы сертификаттың немесе декларацияның негізінде дайындаушы (сатушы) жүзеге асырады.
48. Өнімді нарықтағы сәйкестік белгісімен таңбалауды оның нақты бейнеленуін қамтамасыз ететін тәсілдермен жүзеге асыру керек. Белгінің бейнесі басып шығарумен, ойып, күйдірумен немесе басқа тәсілмен орындалуға тиіс.
18. Үйлестірілген стандарттар тізбесі
Үйлестірілген стандарттар тізілімі мыналарды қамтиды:
1) «Балалар ойынына және ойыншықтарға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» атты санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы № 838 бұйрығы;
2) «Жеңіл өнеркәсіптің балалар тауарларына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» коммуналдық және балалар мен өспірімдердің гигиенасы жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ереже мен нормаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2004 жылғы 18 тамыздағы № 631 бұйрығы;
3) ГОСТ ИСО 8124-2-2001 «Ойыншықтар. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары мен сынау әдістері. Тұтанғыштық»;
4) ГОСТ 8124-3-2001 «Ойыншықтар. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары мен сынау әдістері. Бала денсаулығы үшін зиянды элементтердің бөлінуі»;
5) ГОСТ 30782-2001 «Ойыншықтар. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары мен сынау әдістері. Жас мөлшерін графикалық шартты белгілеу»;
6) ГОСТ 29152-91 «Балалар арбасына арналған қаптамалық жасанды былғары. Жалпы техникалық шарттар»;
7) ГОСТ 7474-88 «Әйелдер мен қыз балаларға арналған сыртқы тоқыма бұйымдар»;
8) ГОСТ 26456.2-91 «Типтік дене пішіндері. Шөлке-шұлық бұйымдарын жобалауға арналған өлшемдік белгілер. Емшектегі, бөбекхана, мектеп жасына дейінгі ұл бала мен қыз бала дене пішіндері»;
9) ГОСТ 26456.3-91 «Типтік дене пішіндері. Шөлке-шұлық бұйымдарын жобалауға арналған өлшемдік белгілер. Мектеп және жасөспірім жас шамасындағы ұл балалар мен бозбалалар дене пішіндері»;
10) ГОСТ 26456-93 «Типтік дене пішіндері. Шөлке-шұлық бұйымдарын жобалауға арналған өлшемдік белгілер. Мектеп және жасөспірім жас шамасындағы қыздар мен бойжеткендер дене пішіндері»;
11) ГОСТ 19245-93 «Балалар арбасы. Жалпы техникалық шарттар»;
12) ГОСТ 19301.2-94 «Балалар жиһазы. Кереуеттердің атқарымдық өлшемдері»;
13) ГОСТ 23380-83 «Оқушы мен оқытушы үстелдері. Сынау әдістері»;
14) ГОСТ 23381-89 «Оқушы және бала орындықтары. Сынау әдістері»;
15) ГОСТ 26682-85 «Мектеп жасына дейінгі мекемелерге арналған жиһаз. Атқарымдық өлшемдер»;
16) ГОСТ ИСО 8124-2-2001 «Ойыншықтар. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары мен сынау әдістері. Тұтанғыштық»;
17) ГОСТ ИСО 8124-3-2001 «Ойыншықтар. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары мен сынау әдістері. Бала денсаулығы үшін зиянды заттардың бөлінуі»;
18) ГОСТ 25779-90 «Ойыншықтар. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары мен бақылау әдістері»;
19) ГОСТ 30782-2001 «Ойыншықтар. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары мен сынау әдістері. Жас мөлшерін азаматтық шарттық белгілеу».
19. Өтпелі кезең
49. Осы Техникалық регламенттің қолданысқа енген сәтінен бастап Қазақстан Республикасының аумағында қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттар оларды осы Техникалық регламентке сәйкес келтіргенге дейін осы Техникалық регламентке қайшы келмейтін бөлікте қолданылады.
«Балаларға арналған өнімдер
мен бұйымдар қауіпсіздігіне
қойылатын талаптар»
техникалық регламентіне
1-қосымша
Балалар күтіміне арналған өнімдердің тізбесі және
бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер
1. Осы талаптар балалар күтіміне арналған өнімдердің мынадай топтарына қолданылады:
сүт емізіктері, жай емізік;
санитарлық-гигиеналық, галантерея бұйымдары;
ыдыс-аяқ, ас үй заттары;
тіс щеткалары, қызыл иекке арналған массажерлар;
бір жолғы пайдаланылатын санитарлық-гигиеналық бұйымдар.
2. Сулы (дистилденген) ортада айқындалатын өнімнің уыттылық индексі қоса алғанда 70 %-ден 120 % аралығында, ауада - қоса алғанда 80 %-нен 120 % аралығында болуға тиіс.
3. Осы Техникалық регламентке сәйкестігін растауға жататын балалар күтіміне арналған өнімдер тобының тізбесі, сипаттамасы 1-кестеде келтірілген.
1-кесте
Өнім топтарының атауы | Бұйымның сипаттамасы. СЭҚ ТН бойынша коды |
1 | 2 |
Емізіктер, жай емізіктер | Латекстен, резинадан немесе силиконнан жасалған сүт емізіктері, жай емізіктер 401490 |
Санитарлық-гигиеналық, галантерея бұйымдары | Балалар күтіміне арналған санитарлық- гигиеналық қалыптық және қалыптық емес резеңке бұйымдар 25 3720, 25 4520 Пластмассадан жасалған санитарлық- гигиеналық бұйымдар (ванналар, дәрет алу түбегі, шағын орындық және дәрет алуға арналған соған ұқсас баламалар); балаларға арналған галантерея бұйымдары 22 9310, 22 9320, 494226, 96 9210 Санитарлық-гигиеналық бұйымдар (ванна, шылапшын және дәрет алуға арналған соған ұқсас баламалар); балаларға арналған металдан жасалған галантерея бұйымдары 14 8142, 14 8412, 14 8417, 494222, 96 9751, 96 9752, 96 9213 |
Ыдыс-аяқ, ас үй заттары | пластмассадан, шыныдан, металдан, керамикадан (фарфор, жартылай фарфор, фаянс, шыны керамика, қыш) жасалған балалардың ыдыс-аяқ, ас үй заттары (кеселер, табақша, құты, тарелкалар, қасықтар, шанышқылар, бөтелкелер және тамақ өнімдеріне арналған басқа баламалары) 14 8140, 14 8220, 14 8310, 14 8330, 14 8410, 22 9390, 59 7000, 59 9100, 59 9200, 59 9400, 59 9600, 96 9769, 59 8730, 59 8611, 59 87 26 |
Тіс щеткалары, қызыл иекке арналған массажерлар және басқа да ұқсас бұйымдар | 96 7717 |
Бір жолғы пайдаланылатын санитарлық-гигиеналық бұйымдар | Гель тәріздес, ылғал тартатын материалдардан жасалған көп қабатты бұйым: жаялықша, іш киімдер, жаялықтар; гигиеналық мақта таяқшалар (мұрынға, құлаққа арналған) |
2. Сүт емізіктері, жай емізіктер; латекстен,
резеңкеден немесе силиконнан жасалған
санитарлық-гигиеналық бұйымдар
4. Сүт емізіктер, жай емізіктердің сырты және ішкі беті тегіс болуға тиіс. Емізіктердің үстіңгі беті қайнаған дистилденген суда бес рет дезинфекциялағаннан кейін жабыспауға тиіс.
5. Жай емізікте қалқанша болуға тиіс. Баланың аузына емізіктің ену ұзындығы 35 мм-ден аспауға тиіс.
6. Жай емізіктегі кішкентай баллонның сақинамен қосылу беріктігі кемінде 40 Н болуға тиіс.
7. Емізікті ұстап тұратындар (таспа, тоқыма бау, шынжыр) баланың денсаулығы үшін қауіпсіз болуға тиіс, ең жоғары ұзындығы - 220 мм. Тоқыма бұйымдардың ылғалдың әсерінен беріктігі (түсінің өзгеруі және бояғыштың ауысуы) - кемінде эталонның сұр шәкілі бойынша кемінде 4 балл. Химиялық элементтердің өзгеріп отыратын бақылаудағы өлшемі материалдың түріне және шикізат құрамына қарай белгіленеді.
8. Сүт емізіктері, жай емізіктер жабық орамда сатылуға тиіс. Таңбалануы (орамдағы), бұйымды пайдалану және гигиеналық күтіп-ұстау жөнінде түсінікті оқылатын нұсқаулығы болуға тиіс.
9. Балалар күтіміне арналған санитарлық-гигиеналық бұйымдар бес есе залалсыздандыруға тұрақты болуы, сыртқы түрін сақтауы, жабыспауы тиіс. Жылытқыш түріндегі бұйым қымталған (суды өткізбеуі) болуы тиіс.
10. Бұйымдардың химиялық қауіпсіздігі зиянды химиялық заттардың модельдік ортаға бөлінуімен сипатталады. Денсаулық үшін зиянды химиялық заттардың бөлінуі 2-кестеде көрсетілген нормалардан аспауы тиіс. Сулы сығындының рН өзгерісі + 1,0 аспауы тиіс.
2-кесте
Бұйымның атауы | Анықталатын зиянды заттың атауы | Модельдік ортаға бөліну нормативі |
1 | 2 | 3 |
Сүт емізіктері, құрғақ еміздіктер латексті, резеңке | Қорғасын, күшән | Рұқсат етілмейді |
Мырыш | 1,0 мг/дм3 аспайды |
Антиоксидант (Агидол-2) | 2,0 мг/дм3 аспайды |
М-нитрозоаминдер (хлорлы метиленмен шайғындалу) | 10,0 мкг/кг аспайды |
N-нитрозқұраушы (жасанды шайыр шайғындысы) | 200,0 мкг/кг аспайды |
Цимат (диметилдитиокарбамат) | Рұқсат етілмейді |
Фтал ангидриді | 0,2 мг/дм3 аспайды |
Фенол | 0,05 мг/дм3 аспайды |
Сүт емізіктері, силиконды құрғақ емізіктер | Қорғасын, күшән | Рұқсат етілмейді |
Мырыш | 1,0 мг/дм3 аспайды |
Антиоксидант (Агидол-2) | 2,0 мг/дм3 аспайды |
Фенол | 0,05 мг/дм3 аспайды |
Формальдегид | Рұқсат етілмейді |
Метил спирті | Рұқсат етілмейді |
Триметилсиланол | Рұқсат етілмейді |
Бутил спирті | Рұқсат етілмейді |
Резеңкеден жасалған санитар- лық-гигиеналық бұйымдар | Қорғасын | 0,03 мг/дм3 аспайды |
Күшән | 0,05 мг/дм3 аспайды |
Мырыш | 1,0 мг/дм3 аспайды |
Фенол | 0,05 мг/дм3 аспайды |
Формальдегид | 0,1 мг/дм3 аспайды |
Антиоксиданттар | 0,5 мг/дм3 аспайды |
Ыстықтай жабыстырылған жылдамдатқыштар: тиазол класы | |
0,4 мг/дм3 аспайды |
тиурам класы | 0,5 мг/дм3 аспайды |
Пластификаторлар: дибутилфталат диоктилфталат | 0,2 мг/дм3 аспайды |
2,0 мг/дм3 аспайды |