«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібінің
кейбір мәселелері туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 тамыздағы № 802 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 31 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін, оларды қайта өңдеу, сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу ережесі бекітілсін.
2. «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 ақпандағы № 205 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 9, 114-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі жөніндегі нұсқаулықта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
"Осы Нұсқаулықтың әрекеті ұйымдастыру мен жүргізудің ерекше тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекелеген кесімдерімен белгіленетін астықты, шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін, оларды сақтау және тасымалдау, шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды".
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 23 тамыздағы
№ 802 қаулысымен
бекітілген
Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін, оларды қайта
өңдеу, сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтердi
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу
ережесi
Осы Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін, оларды қайта өңдеу, сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) бәсекелестікті ынталандырған жағдайда еліміздің экономикасындағы қазақстандық мақта тауарын өндірушілердің үлесін ұлғайтуға, шитті мақта өндіру жөніндегі Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қауіп төндіретін теңгерімнің бұзылуын болдырмау жолымен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының 24-бабына сәйкес әзірленді және «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» акционерлік қоғамының немесе оның аффилиирленген тұлғаларының шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін, оларды қайта өңдеу, сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруы мен өткізуінің ерекше тәртібін айқындайды.
2. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» акционерлік қоғамы, оның аффилиирленген тұлғалары шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін, оларды қайта өңдеу, сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алудың тапсырысшылары (бұдан әрі - Тапсырысшы) болып табылады.
3. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін, оларды қайта өңдеу, сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды Тапсырысшы өзінің иелігіндегі ақша есебінен жүзеге асырады.
2. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін мемлекеттік
сатып алу тәртібi
4. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін мемлекеттік сатып алу нақты жеткізу бойынша төлеу жағдайында және көктемгі-жазғы кезеңде алдын-ала төлеу жағдайында сатып алу арқылы жүзеге асырылады.
5. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін Тапсырысшы:
егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, сатып алынатын шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерінің номенклатурасы мен көлемін, сатып алу бағаларын айқындайды;
бағалау комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады;
аптасына кемінде бес рет шығарылатын және Қазақстан Республикасының аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымында Тапсырысшының атауы мен орналасқан жері, шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін әлеуетті жеткізушілердің өтінім берген мерзімі мен орны көрсетілген хабарландырулар, сондай-ақ Тапсырысшы айқындайтын басқа да қажетті ақпаратты жариялауды қамтамасыз етеді. Хабарландыру өтінім қабылдау аяқталғанға дейін жиырма күннен кешіктірмей жариялануға тиіс.
6. Тапсырысшы сатып алатын шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдері сапалық көрсеткіштері бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қолданыстағы стандарттар талаптарына сәйкес келуге тиіс.
7. Комиссияның құрамына Тапсырысшының өкілдері енгізіледі.
8. Комиссияның дербес құрамы, сондай-ақ шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерінің номенклатурасы, көлемі мен сатып алу бағалары Тапсырысшының бірінші басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның шешімімен бекітіледі.
9. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін мемлекеттік сатып алуды Тапсырысшы осы Ережеге сәйкес шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу және сақтау қызметтерін жеткізуші ретінде анықталған кәсіпорындардағы жеткізушілерден жүзеге асырады.
10. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін мемлекеттік сатып алуға қатысуға мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу үшін азаматтық құқық қабілеті бар, Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын, тиісті салық органында есепте тұрған заңды және/немесе жеке тұлғалар жіберіледі.
11. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін әлеуетті жеткізуші Комиссияға мынадай құжаттардан тұратын өтінім ұсынады:
1) көктемгі-жазғы кезеңде алдын-ала төлеу жағдайында сатып алу арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін:
Тапсырысшы бекіткен нысан бойынша жазбаша өтініш;
екінші деңгейдегі банктің немесе Тапсырысшы айқындаған ұйымның әлеуетті жеткізушіге кепілдік беру ниеті туралы хаты. Кепілдік сомасы жеткізілетін шитті мақта және/немесе оны қайта өңдеу өнімдері көлемінің құны және оны жеткізбеген немесе толық жеткізбеген жағдайда төленетін тұрақсыздық айыбы мөлшерінде белгіленеді;
қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің көшірмесі не салық төлеушінің тіркеу нөмірі көрсетіле отырып және шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін әлеуетті жеткізушінің бірыңғай жер салығын төлеуші болып табылатынын және қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтындығын растай отырып, салық қызметі органдарының анықтамасы;
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және статистикалық есепке алу куәлігінің не кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығын растайтын құжаттың көшірмесі (мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу үшін азаматтық құқық қабілетінің болуын растау үшін);
2) нақты жеткізу бойынша төлеу жағдайында сатып алу арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін:
Тапсырысшы бекіткен нысан бойынша жазбаша өтініш;
шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерінің болуын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің көшірмесі не салық төлеушінің тіркеу нөмірі көрсетіле отырып және шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін әлеуетті жеткізушінің бірыңғай жер салығын төлеуші болып табылатынын және қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтындығын растай отырып, салық қызметі органдарының анықтамасы.
Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін әлеуетті жеткізуші өзі туралы қосымша ақпарат бере алады.
12. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін әлеуетті жеткізуші шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін әлеуетті жеткізушінің өтінімін қарау нәтижелеріне қарамастан өз өтінімін дайындауға және беруге байланысты барлық шығыстарды көтереді.
13. Өтінімдерді ұсыну мерзімі аяқталған соң ұсынылған өтінім қарауға жатпайды.
14. Комиссия шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін әлеуетті жеткізушілердің өтінімдері түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:
ұсынылған құжаттарды қарайды және мемлекеттік сатып алудың қорытындысын шығарады;
шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін жеткізушілердің тігілуі, нөмірленуі және Комиссия төрағасы мен мүшелерінің қолдары қойылуы тиіс тізілімін жасайды.
15. Комиссия отырыстары Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде өткізіледі. Шешім ашық дауыс берумен қабылданады және егер қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі оған дауыс берсе қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
Комиссия отырысында қабылданған шешім тиісті хаттамамен рәсімделеді және оған отырысқа қатысқан Комиссия төрағасы мен мүшелері қол қояды.
Комиссия төрағасы болмаған жағдайда Тапсырысшының шешімімен төрағаның функциялары Комиссия мүшелерінің біріне жүктеледі.
16. Тапсырысшы шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін жеткізушілердің тізіліміне сәйкес шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін жеткізушілермен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасады.
Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін мемлекеттік сатып алу туралы шарттар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес бекітілген мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шарт нысаны бойынша жасалады.
3. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу,
сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді мемлекеттік
сатып алу тәртібі
17. Шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу, сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді (бұдан әрі - қызметтер) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін Тапсырысшы:
сатып алынатын қызметтердің көлемі мен шекті бағасын айқындайды;
бағалау комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын мерзімді баспасөз басылымдарында Тапсырысшының атауы мен орналасқан жері, сатып алынатын қызметтерді көрсету мерзімі, шарттары мен шекті бағалары, қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуетті жеткізушілердің өтінімдер беру орны мен түпкілікті мерзімі туралы мәліметтер, сондай-ақ Тапсырысшы айқындайтын басқа да қажетті ақпарат көрсетілетін хабарландырудың жариялануын қамтамасыз етеді. Хабарландырулар өтінімдерді қабылдау аяқталған күнге дейін он күннен кешіктірмей жариялануға тиіс.
18. Комиссияның дербес құрамы, сондай-ақ қызметтерді сатып алу көлемі Тапсырысшының бірінші басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның шешімімен бекітіледі.
19. Тапсырысшы шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу және сақтау жөніндегі қызметтерді жеткізушіні анықтау жөніндегі рәсімдерді өткізбестен, бюджет (бизнес-жоспар) бекітілгеннен кейін шитті мақта мен оны қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу және сақтау жөніндегі қызметтерді жеткізушілермен олар өздерінің барлық шарттық міндеттемелерін тиісті түрде орындаған және осы Ереженің 20-тармағының талаптарын сақтаған кезде бұрын жасалған шарттардың қолданылу мерзімін ұзарта алады.
Бұл ретте Тапсырысшы сатып алуға бөлінген қаражатты оңтайлы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жеткізушілер ұсынып отырған бағаға барлық қажетті негіздемені жеткізушілерден сұрап алады.
20. Қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысуға бас лицензиясы бар (егер қызметтер көрсету жөніндегі қызмет лицензияланатын болса) әлеуетті көрсетушілер оларда:
салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдар;
екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша мерзімі өткен берешегі болмаған жағдайда жіберіледі.
21. Қызметтерді әлеуетті көрсетушілер. Комиссияға мынадай құжаттардан тұратын өтінімді ұсынады:
Тапсырысшы бекіткен нысан бойынша жазбаша өтініш;
жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесі (заңды тұлғалар үшін);
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі немесе жеке кәсіпкер үшін мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын уәкілетті орган берген белгіленген нысандағы құжаттың көшірмесі;
мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы банктің (банктердің) анықтамасы;
салық органының салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдар бойынша мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы анықтамасы.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерінде қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алу көзделген жағдайда, әлеуетті көрсетуші Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы берген лицензияның көшірмесін тапсыруға тиіс.
Қызметтерді әлеуетті көрсетуші өзі туралы қосымша ақпарат бере алады.
22. Қызметтерді әлеуетті көрсетуші өтінімді қарау нәтижелеріне қарамастан өз өтінімін дайындауға және беруге байланысты барлық шығыстарды көтереді.
23. Өтінімдерді ұсыну мерзімі аяқталғаннан кейін ұсынылған өтінім қарауға жатпайды.
24. Комиссия қызметтерді әлеуетті көрсетушілердің өтінімі түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:
ұсынылған құжаттарды қарайды және қызметтерді мемлекеттік сатып алудың қорытындысын шығарады:
қызметтерді көрсетушілердің тізімін жасайды олар тігілуі, нөмірленуі және оларға Комиссия төрағасы мен мүшелерінің қолдары қойылуы тиіс.
25. Комиссия отырыстары Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде өткізіледі. Шешім ашық дауыс берумен қабылданады және егер оған қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санынан көпшілігі дауыс берсе қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
Комиссия отырысында қабылданған шешім тиісті хаттамамен ресімделеді және оған отырысқа қатысқан Комиссия төрағасы мен мүшелері қол қояды.
Комиссия төрағасы болмаған жағдайда Тапсырысшының шешімімен төрағаның функциялары Комиссия мүшелерінің біріне жүктеледі.
26. Тапсырысшы қызметтерді көрсетушілердің тізіліміне сәйкес қызметтерді көрсетушілермен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасайды. Қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес бекітілген мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шарт нысаны бойынша жасалады.