2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 16 қазандағы № 958 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 30 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 «Мемлекет басшысының 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдар:
1) Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) жыл сайын 10 қаңтарға және 10 шілдеге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын 1 ақпанға және 1 тамызға Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беруді қамтамасыз етсін.
4. Бағдарламаның орындалуын бақылау және үйлестіру Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.С. Есімовке жүктелсін.
5. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 16 қазандағы
958 қаулысымен
бекітілген
2008-2010 жылдарға арналған
«Жасыл ел» бағдарламасы
Мазмұны
1. Бағдарлама паспорты
2. Кіріспе
3. Орман шаруашылығының және елді мекендерді көгалдандырудың қазіргі жай-күйін талдау
3.1. Орман шаруашылығының және елді мекендерді көгалдандырудың қазіргі жай-күйі, 2005-2007 жылдарға
арналған «Жасыл ел» бағдарламасын іске асырудың қорытындылары
3.2. Ормандарды молықтыру және орман өсірудің проблемалық мәселелері
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
5. Бағдарламаны іске асыру тетіктері және негізгі бағыттары
5.1. Ормандарды өрттерден, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасының басқа да бұзушылықтарынан күзету, оларды
зиянкестер мен аурулардан қорғау
5.2. Ормандарды молықтыру және орман өсіру, елді мекендерді көгалдандыру
5.2.1. Мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағында ормандарды
молықтыру және орман өсіру
5.2.2. Темір және автомобиль жолдарының бойында қорғаныштық орман екпелерін құру
5.2.3. Гидрографиялық желі, арналар мен су қоймалары бойында орман екпелерін құру
5.2.4. Елді мекендердің жасыл аймақтарын құру және оларды көгалдандыру
5.2.5. Астана қаласының жасыл аймағын құру
5.3. Бағдарламаны іске асыруға жастардың қатысуы
5.4. Жеке орман қорын қалыптастыру және дамыту
5.5. Орман орналастыру және орман шаруашылығын жобалау
5.6. Орман және орман-саябақ шаруашылығы саласындағы кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру
5.7. Бағдарламаны ақпараттық қамтамасыз ету
6. Қажетті ресурстар және қаржыландыру көздері
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
8. 2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Бағдарлама паспорты
Атауы | 2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы |
Бағдарламаны әзірлеу үшін негіздеме | Мемлекет басшысының 2005 - 2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 58.1-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 - 2009 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес |
Бағдарламаны негізгі әзірлеуші | Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігі |
Бағдарламаның мақсаты | Ормандардың сақталуын қамтамасыз ету, орман көмкерген жер алқаптарын біртіндеп ұлғайту, ормандарды өрттерден күзетуді, зиянкестер мен аурулардан қорғауды жақсарту, ормандардың жас құрылымын, сапалық құрамын және санитарлық жай-күйін жақсарту, елді мекендердегі жасыл желектердің алқаптарын ұлғайту, олардың төңірегінде жасыл аймақтар құру және кеңейту, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 2-3%-ға төмендету, Бағдарламаны орындау жөніндегі іс-шараларға жыл сайын 12 мың адамнан тұратын жастар еңбек отрядтарын тарту. Ормандарды молықтырудың жалпы көлемі 3 жылда 145,18 мың гектар, соның ішінде 2008 жылы - 37,39 мың гектар, 2009 жылы 47,63 мың гектар және 2010 жылы - 60,0 мың гектар болады. Астана қаласының санитарлық аймағын 15,0 мың гектар, жыл сайын 5 мың гектар алқапта құру, қалалар мен елді мекендерде 3 жылда - 13,00 миллион жасыл екпелер отырғызу. |
Бағдарламаның міндеттері | Ормандарды өрттерден, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасының басқа да бұзушылықтарынан күзету тиімділігін арттыру, оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау; орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жетілдіру; ормандарды молықтыру және орман өсіру, елді мекендерді көгалдандыру, соның ішінде: орман тұқымы және тұқымбақ шаруашылығын кеңейту; мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағында ормандарды молықтыру және орман өсіру; гидрографиялық желі, арналар мен су қоймалары бойында орман екпелерін құру; елді мекендерді көгалдандыру және көркейту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, сонымен бірге Астана қаласының жасыл аймағын құру; "Жасыл ел" бағдарламасын жүзеге асыруға жастардың қатысуы; жеке орман қорын дамыту жөніндегі іс-шаралар; орман орналастыру және жобалау-іздестіру жұмыстары; орман және орман-саябақ шаруашылығы саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру; Бағдарламаны ақпараттық қамтамасыз ету. |
Бағдарламаны іске асыру мерзімі | 2008-2010 жылдар |
Бағдарламаны қаржыландыру көздері | Бағдарламаның іс-шараларын іске асыруға республикалық бюджеттің, жергілікті бюджеттің қаражаты, сыртқы қарыздар және гранттар көзделген: республикалық бюджеттен: 2008 жылы - 7228,57 миллион теңге, 2009 жылы - 7086,17 миллион теңге және 2010 жылы - 7400,09 миллион теңге; жергілікті бюджеттен: 2008 жылы - 7353,50 миллион теңге, 2009 жылы - 7987,71 миллион теңге және 2010 жылы - 8198,45 миллион теңге. 2008-2010 жылдарда «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін ұлғайту» жобасына жұмсалатын қаржы көлемі - 2141,3 миллион теңге. 2008-2010 жылдарға арналған шығындар көлемі тиісті жылға арналған «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және жергілікті бюджет туралы облыстық және Астана қаласы мәслихаттарының шешімдеріне сәйкес нақтыланатын болады. |
Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер | Орман өрттерінен зақымдалатын алқаптарды азайту, ормандарды 3 жыл ішінде жалпы көлемі 145,18 мың гектар алқапта молықтыру, соның ішінде 2008 жылы - 37,49 мың гектар, 2009 жылы - 47,63 мың гектар және 2010 жылы - 60,06 мың гектар болады; 15,0 мың гектар, жыл сайын 5 мың гектар алқапта Астана қаласының санитарлық-қорғаныштық жасыл аймағын құру, жыл сайын мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінің 47 қызметкерінің біліктілігін арттыру, жаңа селекциялық-тұқымбақтық объектілерді құру. |
2. Кіріспе
2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы 2005-2007 жылдардағы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 58.1-тармағын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау үшін әзірленді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы республикада экологиялық жағдайды тұрақтандыруды және жақсартуды, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы негізгі міндеттердің бірі ретінде алға қойып отыр.
Осыған байланысты орман шаруашылығы және елді мекендерді көгалдандыру саласында бағдарлама әзірленді, онда ағаш отырғызу жұмыстарының көлемін ұлғайту, елді мекендерді көгалдандыру және түптеп келгенде осы процестерге жастарды тарту арқылы республика аумағының орманды жерлерін кеңейту жөніндегі негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалған.
3. Орман шаруашылығының және елді мекендерді көгалдандырудың
қазіргі жай-күйін талдау
3.1. Орман шаруашылығының және елді мекендерді көгалдандырудың қазіргі жай-күйі, 2005-2007 жылдарға арналған
«Жасыл ел» бағдарламасын іске асырудың қорытындылары
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің қарауында 22 мемлекеттік мекеме бар, оларға 3,4 миллион гектар алқапта мемлекеттік орман қоры немесе республикалық мемлекеттік орман қоры алқабының 13,0 % бекітіліп берілген.
Облыстар әкімдерінің қарауында 22,6 миллион гектар алқапта 124 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі жұмыс істейді, бұл мемлекеттік орман қорының жалпы алқабының 85,6 % құрайды.
2007 жылғы 1 қаңтарға орман қоры есебінің деректері бойынша орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің жалпы алқабы 26,4 миллион гектарды (республика аумағының 9,7 %) құрайды, оның орман көмкерген жерлері 12,3 миллион гектар алқапты алып жатыр. Мемлекет аумағының ормандылығы 4,5% құрайды.
Көп жылғы стратегиялық деректер бойынша орта есеппен өрт қаупі бар кезең ішінде мемлекеттік орман қорының аумағында орман өрттерінің мыңға жуық оқиғалары болады. Олардың таралу алқабы көптеген факторларға байланысты, негізінен ауа райы-климаттық жағдайлар болып табылады.
Табиғи факторлар да, адамның қызметі де орман өрттерінің себептері болып табылады, олар өрт қаупінің көктемгі және күзгі шырқау шектерінде барынша қауіп төндіреді. Мәселен, көктемгі және күзгі кезеңдерде далада ауыл шаруашылығы жұмыстарының жүргізілуіне байланысты егістік қалдықтарын өртеуден және отқа сақ болмаудан шығатын өрттер саны да күрт көбейіп кетеді. Табиғи факторлардан найзағай жарқылдары елеулі қатер төндіреді, Ертіс өңірінің жалды ормандарында өрттердің көпшілігі солардан шығады.
Республика бойынша ірі орман өрттеріне жасалған талдау ең үлкен алқапты - 62% - дала өрттерінің мемлекеттік орман қорының аумағына ұласу себебінен болатын орман өрттері құрайтынын көрсетті.
Орман секторын дамыту басымдықтарының бірі ормандарды молықтыру болып табылады. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында және Қазақстан халқына барлық жыл сайынғы жолдауларында Президент осы бағытты мемлекет аумағын экологиялық сауықтыруға жәрдемдесетін басым бағыттардың бірі ретінде бөліп көрсетеді.
Орман дақылдарын өсіріп шығарудың республика аумағының орманды жерлерін арттыруда зор маңызы бар. Бүгінгі күнге жасанды екпелер 1029,3 мың гектарды немесе орман көмкерген жерлердің 10%-ға жуығын құрайды.
1990 жылға дейін ормандарды қалпына келтіру жұмыстары жыл сайын 80 мың гектардан астам алқапта орындалып келді. Бұл орайда тұқым себу мен ағаш отырғызу үлесіне 80%-дай тиетін. Жаңадан өсірілетін орман дақылдарының жалпы көлемінде қылқан жапырақты тұқымдар 16%, ал жапырақты тұқымдар - 84%, оның ішінде сексеуіл - 77% құрайды.
2005 жылы ормандарды молықтыру көлемі 30,7 мың гектар, оның ішінде ағаш отырғызу мен тұқым себу - 24,9 мың гектарды құрады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2005-2007 жылдарға арналған «Жасыл ел» салалық бағдарламасын әзірлеп, оны 2005 жылғы 25 маусымдағы № 632 қаулымен бекітті, ол ормандарды сақтау және молықтыру, елді мекендерді көгалдандыру жөніндегі жұмыстарды кеңейтуді, осы жұмыстарға жастардың қатысуын көздеді.
2005-2006 жылдары оны іске асыру барысында ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі жұмыстар 67,6 мың гектар, оның ішінде ағаш отырғызу және тұқым себу әдісімен 55,3 мың гектар алқапта жүргізілді.
Орман дақылдары жұмысын қамтамасыз ету үшін қазіргі кезде республикада 143 орман питомнигі бар, оларда жыл сайын әртүрлі дақылдардың 150-200 миллион дана стандартты екпесін өсіруге болады.
270 артықшылығы бар ағаштан, 45 гектар артықшылығы бар екпелерден, тұрақты орман тұқымы учаскелерінен және 850 гектардан асатын орман тұқымы плантацияларынан тұратын селекциялық негіздегі орман тұқымы базасы қалыптасып келеді. Оны одан әрі дамыту үшін екі республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын - Алматы және Көкшетау орман селекциялық орталықтары жұмыс істейді.
Әртүрлі нысаналы мақсаттағы ағаш тұқымдарын плантацияда өсіруді дамыту Қазақстанның орман шаруашылығындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осы процеске жеке инвестицияларды тарту, яғни жеке орман иелену институтын дамыту басым мәселе болып табылады, оған мемлекеттік қолдау көрсетілуге тиіс.
Астана қаласының санитарлық-қорғаныштық жасыл аймағын құру жөніндегі жұмыстар 1997 жылдан бері жүргізілуде, қазірдің өзінде 30 мың гектар жасыл екпелер отырғызылды. Бұл жұмыстар одан әрі жүргізіле береді. Қала шетінде екпелер құрумен қатар астанадан бес бағытта темір және автомобиль жолдарының бойында ағаштар отырғызылады.
«Республика ормандарын сақтау және оның аумағының орманды жерлерін көбейту» атты толық көлемді жоба әзірленді, ол Ертіс өңірінің жалды ормандарын және Қызылорда облысында сексеуіл екпелерін сақтауға және қалпына келтіруге, республиканың орман шаруашылығы саласына қолдау білдіруге, сексеуіл ормандарында жайылымдық жерлерді пайдаланудың экологиялық нормаларын әзірлеуге және практикаға енгізуге бағытталған.
Мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері мен табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде жұмыстар жүргізілуде, өртке қарсы және орман қорғау іс-шаралары жүзеге асырылуда.
Ормандарды авиациямен күзету Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылдың 19 қаңтарындағы № 53 қаулысымен бекітілген нормативтерге сәйкес 5639,5 мың гектар алқапта жүргізіледі.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында қорғаныштық екпелер құру және оларды күтіп ұстау жұмыстары атқарылды, мұнда 353 мың түп қалемше отырғызылды.
Темір жолдар бойында 0,15 мың гектар алқапта қорғаныштық екпелер отырғызылды және 62,4 мың гектар алқапта қорғаныштық екпелерге күтім жасау жөнінде іс-шаралар кешені жүргізілді.
1,25 мың гектар алқапта су қорғау екпелерін құру және күтіп ұстау жөнінде іс-шаралар жүргізілді.
Облыстық орталықтарда жалпы алғанда 430 гектар алқапта саябақтар мен жасыл желекті белдеулер отырғызылды.
Елді мекендерді көгалдандыруға студенттік экологиялық отрядтарының сарбаздары қатысты, олардың қатысуымен 2088,5 мың екпе отырғызылды.
2005-2007 жылдары Астана қаласының әкімдігі саябақтар, жасыл желекті белдеулер, бульварлар отырғызу бағдарламасын жүзеге асырды. Жаңадан отырғызылған скверьлер мен саябақтардың жалпы көлемі 34,5 гектар болды.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қызметін қамтамасыз ету үшін «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының Республикалық штабы құрылды.
Барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында оқу орындарының базасында 2005 жылы 28 мың, 2006 жылы 32 мың адамнан тұратын отрядтар құрылды.
3.2. Орманды молықтыру мен орман өсірудің проблемалық мәселелері
Ағаш отырғызу мен ағаш тұқымын себу 8,9 мың гектарға дейін қысқарған 1992 жылдан 2002 жылға дейінгі кезеңде осы жұмыстар көлемінің сан мәрте азайып кетуі тұқымбақтардың (питомниктердің) және орман тұқымы шаруашылығы объектілерінің бір бөлігінің жойылып кетуіне, ағаш отырғызу материалын өсіру көлемінің қысқаруына әкеп соқты.
Елді мекендерде көгалдандыру екпелері ретінде ағаш және бұта тұқымдарының шектеулі ассортименті отырғызылған, қолданыстағы нормативтерге сәйкес жасыл аймақтар, саябақтар, скверьлер елді мекендердің бәрінде бірдей құрылмауда.
Темір және автомобиль жолдарының бойында қорғаныштық екпелер, егістік қорғайтын, жайылымдық қорғайтын және эрозияға қарсы екпелер жеткілікті мөлшерде құрылмаған.
Орман шаруашылығы саласында қызметкерлер саны соңғы жылдары күрт қысқарып кетті, бұл қаржыландырудың азаюымен және жұмыс көлемінің төмендеуімен байланысты. Мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері мен табиғат қорғау мекемелері инженер-техник қызметкерлерінің 30 % жуығының жоғары білімі жоқ. Орта техникалық білімді мамандар жетіспейді. Республикада орманшы-қорықшылар даярлайтын орта техникалық оқу орындары жоқ.
Орман шаруашылығы мамандарын оқыту кезінде қажетті оқу базасының, жабдықтардың, мамандандырылған зертханалардың, жаңа оқулықтар мен арнайы әдебиеттің болмауы, профессор-оқытушы құрамының жетіспеуі талап етілетін біліктілік деңгейіндегі мамандар даярлауды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
Кеңестік өкіметтен кейінгі кезеңде ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемінің азайып кетуінің маңызды себептері мемлекеттің орман шаруашылығының жеткілікті мөлшерде қаржыландырылмауымен, білікті кадрлардың жетіспеуімен қатар:
орман саласына жергілікті атқарушы органдарды, өзін өзі басқару органдарын және халықты, сондай-ақ экономиканың жеке секторын кеңінен тартпай, ормандарды иелену және пайдалану функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік институттарға ғана бағдар ұстанған ормандарды басқару жүйесінің орынсыз орталықтандырылуы;
сапалы отырғызу материалын жедел өсіру жөніндегі инновациялық технологиялардың, ормандарды молықтырудың және тез өсетін ағаш тұқымдарының өнеркәсіптік плантацияларын құрудың тиімді тәсілдерінің жетіспеуі болып табылады.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Бағдарламаның мақсаты ормандарды қорғау және күзету, молықтыру, елді мекендерді көгалдандыру және олардың төңірегінде осы процестерге жастарды тарту арқылы жасыл аймақтар құру мақсатында кейіннен орман шаруашылығын жүргізу тиімділігін арттыру, ағаш отырғызылған жерлердің көлемін ұлғайту үшін ормандарды және оларды ұтымды пайдалану және әлеуетін еселей түсу саласындағы ахуалды тұрақтандыру болып табылады. Аталған мақсаттарға жету үшін Бағдарламамен келесі қарастырылған:
1. Ормандарды өрттерден, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасының басқа да бұзушылықтарынан күзету тиімділігін арттыру, оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау;
мемлекеттік мекемелердің материалды-техникалық базасын жетілдіру.
2. Ормандарды молықтыру және орман өсіру, елді мекендерді көгалдандыру, соның ішінде:
орман тұқымы және тұқымбақ шаруашылығын кеңейту;
мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағында ормандарды молықтыру және орман өсіру;
темір және автомобиль жолдарының бойында қорғаныштық екпелер құру;
гидрографиялық желі, арналар мен су қоймалары бойында орман екпелерін құру;
елді мекендерді көгалдандыру және көркейту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, сонымен бірге Астана қаласының жасыл аймағын құру;
Бағдарламаны жүзеге асыруға жастардың қатысуы;
жеке орман қорын қалыптастыру және дамыту.
3. Орман орналастыру және орман шаруашылығын жобалау.
4. Орман және орман-саябақ шаруашылығы саласында кадрлардың біліктілігін арттыру.
5. Бағдарламаны ақпараттық қамтамасыз ету.
5. Бағдарламаны іске асыру тетіктері және негізгі бағыттары
5.1. Ормандарды өрттерден, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасының басқа да бұзушылықтарынан күзету,
оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау
Ормандарды өрттерден, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасының басқа да бұзушылықтарынан күзетуді мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері және табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
Республикалық маңызы бар жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру кезінде, сондай-ақ ормандарды жерүсті күзетуді күшейту үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 19 қаңтардағы № 53 қаулысымен бекітілген нормативтерге сәйкес мемлекеттік инспекторлар мен мемлекеттік орман күзетінің штаты ұлғайтылатын болады.
Ормандарды өрттерден және орман заңнамасының бұзушылықтарынан күзету, оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау тиімділігін арттырудың негізі осы бағыттарда іс-шаралар кешенін жүзеге асыратын жердегі және авиациялық қызметтердің пәрменді жүйесін ұйымдастыру болып табылады.
Тиімділікті арттыру мыналардың есебінен қамтамасыз етілетін болады:
ормандарды жерден күзету қызметтерінің материалдық-техникалық базасын бекітілген нормативтерге сәйкес осы заманғы өртке қарсы техникамен және жабдықтармен, күзет машиналарымен, байланыс құралдарымен, қызмет қаруымен және нысандық киіммен кезең-кезеңмен нығайту;
мемлекеттік орман қоры аумағындағы жабылып қалған өртке қарсы объектілерді (бақылау бекеттері, өрт сөндіретін су бөгендері) қалпына келтіру;
ормандарды өртке қарсы жарақтандыру жөнінде іс-шаралар жүргізу, оның ішінде өртке қарсы жолақтар, жыртылған жер жиектерін тарту және оларға күтім жасау, орман шаруашылығы және өртке қарсы мақсаттағы жолдарды жөндеу, сондай-ақ негізінен биологиялық әдістерді пайдаланып, ормандарды зиянкестер мен аурулардан қорғаудың белсенді тәсілдерін қолдану;
ормандардағы өрт қауіптілігінің дәрежесіне байланысты авиациямен қарауылдаудың қажетті жиілігін қамтамасыз ету, өрт сөндіруші-десантшылар санын көбейту;
биотехникалық іс-шаралар жүргізу.
Материалдық-техникалық базаны нығайту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 19 қаңтардағы № 53 қаулысымен бекітілген нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
Темір және автомобиль жолдары, арналар, магистральды құбыр желілері өтетін және басқа да желілік құрылыстар тұрған жерлер жолақтарында орналасқан қорғаныштық екпелерде өртке қарсы алдын алу іс-шаралары жүзеге асырылатын болады.
Ормандарды сақтау үшін орман зиянкестерінің жойылмаған ошақтарында қорғаудың биологиялық әдістері қолданылып, күресудің жойқын шаралары қолданылады, орман патологиялық зерттеулер жүзеге асырылады.
5.2. Ормандарды молықтыру және орман өсіру, елді мекендерді көгалдандыру
5.2.1. Мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағында ормандарды молықтыру және орман өсіру
Қазақстанның кең-байтақ аумағын ескере отырып (272,49 миллион км2), мемлекеттің орманды жерлерін бір пайызға ғана ұлғайту үшін 2724,9 мың гектар алқапқа ағаш отырғызу және екпелер өсіру қажет. Салыстыру үшін - өткен алпыс жыл ішінде республика аумағында 1025,9 мың гектар жасанды екпелер алқабы құрылды.
Сондықтан ормандарды молықтыру мен орман өсіруге мол шығын жұмсалатынын назарға ала отырып (орташа есеппен 1 гектар 700 АҚШ долларына жуық), бірінші кезекте орман екпелері мына аумақтарда:
1) шөлейттену процесіне ұрымтал алқабы басым бұрын орман өскен жерлерде;
2) ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін қолайсыз жерлерді пайдалана отырып, елді мекендерге жақын маңда (жасыл аймақтар, әртүрлі нысаналы мақсаттағы өнеркәсіп плантациялары);
3) гидрографиялық желі, арналар мен су қоймалары бойында;
4) автомобиль және темір жолдар бойында;
5) жайсыз табиғи факторлардың әсерін азайту үшін ауыл шаруашылығы жерлерінде құрылуға тиіс.
Ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шараларды сапасы жақсартылған тұқымның және отырғызу материалының қажетті мөлшерімен қамтамасыз ету үшін селекциялық-генетикалық негізде тұрақты орман дақылдары тұқымы базасын құру жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғастырылатын болады және отырғызу материалын өсіру жөніндегі озық технологияларды қолданып, тұқымбақ шаруашылығы кеңейтіледі.
Ормандарды молықтыру орман дақылдарын себу және отырғызу, сондай-ақ ормандарды табиғи жолмен қалпына келтіру үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылатын болады. Ормандарды табиғи жолмен қалпына келтіруге жәрдемдесу тұқымдардың өсіп-өнуіне жағдайлар жасау және ағаш кесілетін жерлерді қоршау мақсатында кеспе ағаштарды жоспарлау, жерді ішінара өңдеу кезінде шаруашылық жағынан бағалы тұқымдардың өркендері мен жас талдарын сақтау арқылы жүргізіледі.
Ең алдымен орман дақылдарын құру өртеңдер мен ағашы кесілген жерлерде жүзеге асырылатын болады. Осындай алқаптардың басым бөлігі Ертіс өңірінің жалды ормандарында, Қазақ шағын адырлы шоқыларының қарағайлы ормандарында, сексеуіл ормандары өсетін аймақта орналасқан.
2007 жылдан бастап Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің (бұдан әрі - ХҚДБ) қарызы қаражатының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қосымша қаржыландыруының және Ғаламдық Экологиялық Қор грантының есебінен ірі көлемді «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасы (бұдан әрі - Жоба) іске асырылуда, ол 7 жылға есептелген.