Мемлекеттік тіркелуге тиісті тамақ өнімдерін әкелу (импорттау) ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 19 ақпандағы № 165 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 30 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік тіркелуге тиісті тамақ өнімдерін әкелу (импорттау) ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 19 ақпандағы
№ 165 қаулысымен
Бекітілген
Мемлекеттік тіркелуге тиісті тамақ өнімдерін
әкелу (импорттау) ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік тіркелуге тиісті тамақ өнімдерін әкелу (импорттау) ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, ветеринария және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Ереженің талаптары Қазақстан Республикасының аумағына мемлекеттік тіркелуге тиісті тамақ өнімдерін әкелуді (импорттауды) жүзеге асыратын барлық субъектілерге қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағына мемлекеттік тіркелуге тиісті тамақ өнімдерін әкелуге (импорттауға), тіркеу сынақтарын өткізу үшін қажетті үлгілерді әкелу (импорттау) жағдайларын қоспағанда, олар мемлекеттік тіркелгеннен кейін ғана рұқсат етіледі.
4. Ветеринария саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының шекарасы мен көлігінде алғаш рет әкелінетін (импортталатын) азықтарды және азық қоспаларын бақылауды жүзеге асырады.
5. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының шекарасы мен көлігінде балалар тағамы азық-түлігінің, тамаққа тағамдық және биологиялық активті қоспалардың, генетикалық түрлендірілген объектілердің, бояғыштардың, сумен және тамақ өнімдерімен араласатын материалдар мен бұйымдардың, адам денсаулығына зиянды әсер ететін химиялық заттардың, өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерінің әкелінуіне (импортталауына) бақылауды жүзеге асырады.
6. Осы Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) тамақ өнімдерін әкелуді (импорттауды) жүзеге асыратын субъект (бұдан әрі - субъект) - тамақ өнімдерін әкелуді (импорттауды) жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
2) тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар) - өз құзыреті шегінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын ветеринария және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органдар.
2. Тіркеу сынақтарын өткізу үшін қажетті үлгілерді қоспағанда, мемлекеттік тіркелуге
тиісті тамақ өнімдерін әкелу (импорттау) тәртібі
7. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (импортталатын) тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 13 және 28-баптарында белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
8. Қазақстан Республикасының аумағына мыналар болған кезде басқа мемлекеттерден мемлекеттік тіркелуге тиісті тамақ өнімдерін (бұдан әрі - тамақ өнімдері) әкелуге (импорттауға) жол беріледі:
1) экспорттаушы ел берген тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін куәландыратын құжат;
2) уәкілетті органдардың лауазымды тұлғасы берген әкелуге (импорттауға) рұқсат.
9. Субъект мыналарды көрсете отырып, әкелудің (импорттаудың) белгіленген жері бойынша уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшесіне (бұдан әрі - бөлімше) тамақ өнімдерін әкелуге (импорттауға) өтініш береді:
1) тамақ өнімдерінің атауы және сипаттамасы;
2) саны (көлемі);
3) шыққан елі, импорттау мақсаты;
4) көлік құралының түрі;
5) жүретін бағыты;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту пункті;
7) сақтау, қайта өңдеу орындары;
8) сату мерзімі мен орны;
9) Халықаралық эпизоотиялық бюродан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан тамақ өнімдерін әкелуге (импорттауға) қатысты басқа да ақпарат.
Өтініш бір данада мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ресімделеді және оған тамақ өнімдерін өндірушімен (дайындаушымен) жасаған шарттың (келісім-шарттың) көшірмесі қоса беріледі.
10. Өтініш түскен күннен бастап 15 күнтізбелік мерзім ішінде бөлімше Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, ветеринария және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қарайды.
Қарау нәтижелері бойынша бөлімше өтінішті ілеспе хатпен бірге уәкілетті органдарға жібереді не жазбаша түрде себептерін көрсетіп, құжаттарды субъектіге қайтарады.
11. Уәкілетті органдар 5 жұмыс күні ішінде өтінішті қарайды және уәкілетті органдардың тиісті лауазымды тұлғасының әкелуге (импорттауға) рұқсатын беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бас тартқан жағдайда себебін көрсетіп, жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
Әкелуге (импорттауға) рұқсат белгіленген үлгідегі бланкіде ресімделеді және бөлімшеге жіберіледі ол субъектінің қолына береді. Рұқсаттың көшірмесі уәкілетті органдардың және оның бөлімшелерінің мұрағатында сақталады.
12. Ветеринарлық қадағалануға тиісті тамақ өнімдерін әкелуге (импорттауға) рұқсаттың қолданылу мерзімі 30 күнтізбелік күннен аспайды.
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалануға тиісті тамақ өнімдерін әкелуге (импорттауға) рұқсат жасалған шарттың (келісім-шарттың) бүкіл кезеңінде әрекет етеді.
13. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде шекара мен көлікте мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдардың лауазымды тұлғалары (бұдан әрі - лауазымды тұлғалар) өз құзыреті шегінде тамақ өнімдерін қарап-тексеруді, оның тауарға ілеспе құжаттарын және әкелуге (импорттауға) рұқсатын тексеруді жүргізеді.
14. Қазақстан Республикасының аумағына әкелу (импорттау) жүзеге асырылатын тамақ өнімдері Заңда белгіленген талаптарға сәйкес болмаған жағдайда лауазымды тұлғалар өз құзыреті шегінде тамақ өнімдерін әкелуді (импорттауды) уақытша тоқтата тұру және оларды зертханалық сараптамаға жіберу туралы шешім қабылдайды немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге (импорттауға) тыйым салады.
15. Заңның 20-бабының талаптарына сәйкестігі және тамақ өнімдерін әкелуге (импорттауға) рұқсатының бар-жоғы анықталған жағдайда, лауазымды тұлғалар осындай тамақ өнімдерін жібереді және оның әкелінуі (импортталуы) мен соңғы белгіленген пункті туралы оған қызмет көрсетілетін аумақта белгіленген пункт орналасқан шекара мен көліктегі уәкілетті органдардың бөлімшесіне хабарлайды.
16. Шекара мен көліктегі уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшесінің басшысы соңғы белгіленген келу пунктте тамақ өнімдері келіп түскен (импортталған) күннен бастап жұмыс күні ішінде сынама алуды ұйымдастырады және оны тиісті сараптама жүргізу үшін аккредиттелген зертханаға жібереді. Зертханалық сараптаманың нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының аумағында тамақ өнімдерін одан әрі өткізуге және/немесе сатуға рұқсат беру немесе тыйым салу туралы шешім қабылдайды.
17. Субъект тиісті сараптаманың нәтижелері бойынша қауіпті деп танылған тамақ өнімдерін үш күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге әкетуге міндетті.
Егер қауіпті деп танылған тамақ өнімдері белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге шығарылмаса, олар Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасына сәйкес кәдеге жаратылады немесе жойылады.
3. Тіркеу сынақтары үшін тамақ өнімдерінің үлгілерін әкелу
(импорттау) тәртібі
18. Қазақстан Республикасының аумағына мыналар болған кезде басқа мемлекеттерден тіркеу сынақтары үшін тамақ өнімдерінің үлгілерін (бұдан әрі - үлгілер) әкелуге (импорттауға) жол беріледі:
1) экспорттаушы ел берген тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін куәландыратын құжат;
2) уәкілетті органдардың лауазымды тұлғасы берген әкелуге (импорттауға) рұқсат.
19. Субъект мыналарды көрсете отырып, уәкілетті органдарға үлгілерді әкелуге (импорттауға) рұқсат беруге өтініш береді:
1) үлгілердің атауы мен сипаттамасы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте тіркеу сынақтарын жүргізу үшін саны (көлемі);
3) шыққан елі, импорттау мақсаты.
Өтініш бір данада мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ресімделеді.
20. Уәкілетті органдар өтінішті түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қарайды және тиісті лауазымды тұлғаның үлгілерді әкелуге (импорттауға) рұқсатын беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бас тартқан жағдайда субъектіге себебі көрсетіліп, жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
21. Әкелуге (импорттауға) рұқсат белгіленген үлгідегі бланкіде ресімделеді және субъектінің қолына беріледі. Рұқсаттың көшірмесі уәкілетті органдардың мұрағатында сақталады. Үлгілерді әкелуге (импорттауға) рұқсаттың қолданылу мерзімі 30 күнтізбелік күннен аспайды.
22. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде лауазымды тұлға, өз құзыреті шегінде, тауарға ілеспе құжаттарды және әкелуге (импорттауға) рұқсатты тексеруді жүргізеді.