Осы тарауда көзделген жағдайларды қоспағанда, электрондық сайлау жүйесiне қатысты ic-әрекеттi кiмнiң болса да жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Дауыс беру басталғанға дейін сайлау комиссиясының төрағасы электрондық сайлау жүйесін қосудың мөр басылып жабылған паролiн ашады және электрондық сайлау жүйесiн оны енгізу жолымен iске қосады. Бұл ретте қатысушыларға парольдің сақталу шараларының бүтiндiгiне алдын ала көз жеткізу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуi тиiс.
3. Сайлаушы электрондық дауыс беруге сайлаушылардың тiзiмдерi негiзiнде сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуi бойынша жiберiледi.
4. Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берген кезде осы Конституциялық заңға сәйкес сайлаушылар дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғының көмегімен дауыс бередi, ол дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс берген барлық сайлаушылардың дауыстары туралы деректердiң сақталу мүмкiндiгiмен қамтамасыз етілуге тиiс.
Осы Конституциялық заңның 41-бабының 6-тармағына сәйкес берген өтiнiштерi негiзiнде сайлаушылар тiзiмiнен олар туралы деректер электрондық дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғыға алдын ала енгізiлiп қойылады.
5. Сайлаушы электрондық дауыс берудi жасырын дауыс беруге арналған кабинада жүзеге асырады, онда осы Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, дауыс беретiн адамнан басқа адамның қатысуына тыйым салынады.
Сайлаушы электрондық дауыс беру бюллетенінен электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны басқару элементтерiн пайдалану жолымен өзi дауыс бергiсi келетiн кандидаттың аты-жөнiн табады және соған дауыс бергенiн растайды.
Сайлаушы саяси партия үшiн дауыс берген кезде электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны басқару элементтерiн пайдалану жолымен өзi дауыс бергiсi келетiн саяси партияның атауын табады және соған дауыс бергенiн растайды.
Дауыс беруге арналған кабинада дауыс берген сайлаушы электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны сайлау комиссиясының мүшесіне бередi.
6. Электрондық дауыс беруге және дауыстарды санауға кедергi келтiретін техникалық ақаулар туындаған жағдайда сайлау комиссиясы бағдарламаны қайта қосу туралы шешiм қабылдауға құқылы, ол хаттамамен ресiмделедi және оған сайлау комиссиясының мүшелерi қол қояды.
Бұл шешiмнiң орындалуы электрондық сайлау жүйесiн пайдалануды қамтамасыз ететiн маманға жүктеледi.
7. Егер жабдықтың техникалық жай-күйi сайлауды тиiстi дәрежеде өткізуге мүмкiндiк бермесе, онда тиiстi сайлау учаскесiнде дауыс беру Орталық немесе тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының шешiмiмен ақауларды жоюға және дауыс берудi ұйымдастыруға қажеттi мерзiмге кейiнге қалдырылады.
Тиiстi сайлау учаскесiнде ақаулар туындағанға дейiн дауыс берген сайлаушылар кейінгі дауыс беруге жалпы негiзде қатысады.
50-6-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде дауыстарды санау
1. Электрондық дауыс берудi пайдаланған кезде дауыстарды санау электрондық сайлау жүйесiмен жүргізiледi.
Дауыстарды санау осы Конституциялық заңмен белгіленген уақытта басталады, бiрақ осы учаскедегі дауыс беруге арналған барлық құрылғылардағы деректер электрондық сайлау жүйесiне енгізілмей тұрып басталмауы керек.
Дауыстарды санау туралы мәлiметтер дауыс беру туралы деректер құрылғысында тiркелуге тиiс.
2. Сайлау учаскесiндегі электрондық дауыс беру нәтижелерi туралы ақпарат электрондық жүйемен электрондық хаттамаға енгізiлiп, ол комиссия мүшелерiнiң электрондық цифрлық қолтаңбаларымен расталады.
Сайлау комиссиясының мүшелерi қол қойған электрондық хаттаманың қағаздағы көшiрмесi сайлау учаскесiнің үй-жайында жалпыжұрттың танысуы үшiн арнайы белгіленген орынға iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.
3. Осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегі бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, тиiстi сайлау комиссиясының мөрiмен расталған, электрондық дауыс беру нәтижелерi туралы электрондық хаттаманың қағазға түсiрiлген көшiрмесi беріледi.
50-7-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде сайлау қорытындыларын белгiлеу
1. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде сайлау округтері бойынша сайлау қорытындыларын электрондық хаттамалар негiзiнде Орталық сайлау комиссиясы белгілейдi және олар тиiстi сайлау комиссияларына хабарланады.
Электрондық сайлау жүйесі арнайы бөлiнген коммуникациялық желiлерге осы тармаққа сәйкес ақпарат беру үшін қажеттi мерзімге ғана қосылады.
2. Егер дауыс беру осы Конституциялық заңның 50-5-бабының 7-тармағымен көзделген тәртiппен кейiнге қалдырылған жағдайда, тиiсті сайлау округы бойынша сайлау қорытындылары тиiстi сайлау округының барлық учаскелерiнде дауыс беру өткiзiлгеннен кейiн белгiленедi.
50-8-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру нәтижелерiне шағымдану
1. Жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру нәтижелерiне шағымдану кезінде дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғы дәлелдеме ретiнде қаралады.
2. Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғылар осы баптың мақсаттары үшін тиiсті облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) аумақтық сайлау комиссиясында сақталады.
50-9-бап. Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғыларды сақтау
Дауыстар саналғаннан кейiн дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғы пакетке салынып, сайлау комиссиясының мөрiмен бекітіледi және тиiстi облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) сайлау комиссиясына берiледi.
Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғылар сайлау аяқталған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.
II. ЕРЕКШЕ БӨЛIМ
10-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы
06.11.98 ж. № 285-II ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңдарымен 51-бап өзгертілді
51-бап. Республика Президентінің кезектi сайлауы
Президенттiң кезектi сайлауы бес жылда бiр рет тиiстi жылғы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
52-бап. ҚР 06.11.98 ж. № 285-II Заңымен алынып тасталды
ҚР 06.11.98 ж. № 285-II Заңымен 53-бап өзгертілді; ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңдарымен 53-бап өзгертілді
53-бап. Республика Президентi сайлауын жариялау
1. Президенттiң кезектi сайлауын Парламент Мәжілісi қыркүйектің екінші жексенбiсiнен кешiктiрмей жариялайды.
2. алынып тасталды
3. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Президент болып сайлана алмайды.
Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
ҚР 08.05.98 ж. № 222-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңдарымен 54-бап өзгертілді
54-бап. Республика Президенттiгiне кандидатқа қойылатын талаптар
1. Президент болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.
2. Президенттiкке кандидатқа Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға оның сәйкестiгiн азаматтың өзiн-өзi ұсыну туралы өтiнiшi немесе республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының кандидатты ұсыну туралы хаттамасының үзiндiсiн кандидаттың дауысқа түсуге келісімi туралы өтiнiшiмен қоса тапсырған кезден бастап бес күн iшiнде Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi. Бұл ретте Президентке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл тұру фактiсiн Орталық сайлау комиссиясы анықтайды, ал кандидаттың мемлекеттік тiлдi еркiн игергенiн анықтау рәсімі Республика Конституциялық Кеңесінің Конституцияның 41-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беруi туралы актiсiне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен анықталады.
3. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 55-бап өзгертілді
55-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттар ұсыну
1. Президенттiкке кандидаттар ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық, қоғамдық бiрлестiктерде, сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну жолымен - азаматтарда болады.
2. Президенттiкке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып, сайлауға екi ай қалғанда аяқталады.
3. Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Қоғамдық бiрлестiктер осы қоғамдық бiрлестiктiң мүшесi болып табылмайтын адамдарды кандидаттыққа ұсынуға хақылы. Қоғамдық бiрлестiк Президенттiкке бiр ғана кандидат ұсынуға хақылы. Президенттiкке кандидат ұсыну туралы шешiм республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады да хаттамадан үзiндi жасалады. Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының шешiмi:
1) Президенттiкке кандидатқа жеткiзiледi;
2) Президенттiкке кандидаттың дауысқа түсуге келісім беруi туралы өтiнiшiмен қоса Орталық сайлау комиссиясына тапсырылады.
4. Президенттiкке кандидаттыққа өзiн-өзi ұсыну олардың Орталық сайлау комиссиясына тиiстi өтiнiш беруi арқылы жүргiзiледi.
5. Егер кандидаттарды тiркеу мерзімі аяқталатын күні Президенттікке екіден кем кандидат тiркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 56-бап өзгертілді
56-бап. Республика Президенттiгiне кандидатты қолдап қол жинау
1. Сайлаушылардың Президенттiкке кандидатты қолдауы олардың қол жинауы арқылы расталады.
2. Президенттiкке кандидатты сайлаушылардың Республиканың облыстарының, республикалық маңызы бар қаласының және астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр процентi қолдауға тиiс.
3. Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды сенім бiлдiрiлген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың Конституциямен және осы Конституциялық заңмен белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруден кейiн бес күннен кем емес мерзiмде осы Конституциялық заңның 55-бабының 3 және 4-тармақтарында белгiленген оны ұсыну туралы құжаттар негiзiнде Орталық сайлау комиссиясы беретiн қол қою парақтарымен ресiмделедi.
4. Әрбiр қол қою парағының рет нөмiрi болуға тиiс және оған кандидаттың тегi, аты, әкесiнiң аты мен оның сенім бiлдiрген адамының жеке қолы, қол жинаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, қол жинау жүргiзiлген елдi мекеннiң атауы, сондай-ақ қол қоятын адамдар туралы мынадай мәлiметтер бар бағаналар енгiзiлуге тиiс:
1) тегi, аты және әкесiнiң аты;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi мен сериясы;
3) туған күнi, айы мен жылы;
4) тұрғылықты немесе уақытша тұратын жерiнiң мекен-жайы;
5) жеке қолы.
5. Қол жинаушы адам қол жинаған кезде тиiстi қол қоятын парақта жеке қолы қойылған кандидаттың сенім бiлдiрген адамының тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетуге тиiс.
6. Орталық сайлау комиссиясы:
1) қол қою парағының үлгiсiн бекiтедi;
2) Президенттiкке кандидаттарды қол қою парақтарының қажеттi санымен қамтамасыз етуге мiндеттi.
7. Президенттiкке кандидатты қолдауға қол жинау жөніндегі толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол он күн iшiнде паспорт қызметi қызметкерлерiн қатыстыра отырып қойылған қолдардың шын екендiгiн тексерудi жүзеге асырады, тиiстi хаттаманы ресiмдейдi және оны Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.
8. Қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру, осы баптың 2-тармағына сәйкес, Президенттікке кандидатқа қажеттi дұрыс қойылған қолдар саны анықталғанға дейiн жүргізiледi.
57-бап. ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
58-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттың сайлау қорының мөлшерi
Кандидаттың сайлау қоры:
1) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен бес мың еседен артық аспауға тиiстi кандидаттың жеке қаражатынан;
2) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен жетi мың еседен артық аспауға тиiс кандидатты ұсынған республикалық қоғамдық бiрлестiктiң қаражатынан;
3) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен он бес мың еседен артық аспауға тиiс Республика азаматтары мен ұйымдарының өз еркiмен берген қайырмалдықтарынан құралады.
ҚР 08.05.98 ж. № 222-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 28.06.99 ж. № 407-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 59-бап өзгертілді
59-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттарды тiркеу
1. Президенттiкке кандидаттарды тiркеудi Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
2. Президенттiкке кандидат тiркелгенге дейiн және оның Конституция мен осы Конституциялық заң талаптарына сәйкес келуi тексеруден өткеннен кейiн, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдарды тексергеннен кейiн Орталық сайлау комиссиясының есеп-шотына заңмен белгiленген ең төменгi жалақының елу мәрте мөлшерiнде сайлау жарнасын енгiзедi. Кандидат сайлау қорытындылары бойынша Республика Президенті болып сайланған немесе кандидат дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде бес процентін алған жағдайларда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмауға тиіс және республикалық бюджет кірісіне алынады.
Кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тiркеуге дейін тұрғылықты жерi бойынша салық органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзімі басталатын айдың бiрiнші күніне мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерінің орындалуына салық бақылауын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген тәртіппен және нысанда табысы және мүлкі туралы декларациялар ұсынады.
Кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) жариялаған табысы және мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығын салық қызметi органдары кандидат тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.
Бұл ретте салық қызметi органдарынан кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкі туралы мәліметтер беру жөнiнде талап алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн iшiнде беруге міндетті.
3. Президенттiкке кандидаттар нешеу болса да тiркеуге ұсынылады.
4. Президенттiкке кандидаттарды тiркеу, егер сайлауды тағайындау кезiнде өзгеше көзделмесе, сайлауға дейiн екi ай бұрын басталады және сайлауға қырық күн қалғанда аяқталады.
5. Қоғамдық ұйымнан Президенттiкке кандидаттарды тiркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүзеге асырылады:
1) қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының Президенттiкке кандидат ұсыну жөніндегі мәжілісiнiң осы қоғамдық бiрлестiктi Республиканың Әдiлет министрлігінде тiркеу туралы құжаттың көшiрмесi қоса тiркелген хаттаманың үзiндiсi;
2) Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсуге келісім беру жөніндегі өтiнiш;
3) азаматтардың кандидатты қолдап жиналған қолдарын тексерудiң нәтижесi туралы аумақтық сайлау комиссиясының хаттамалары;
4) кандидаттың өмiрбаяндық деректерi;
4-1) алынып тасталды
4-2) кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;
5) кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат.
6. Президенттiкке кандидат өзiн өзi ұсынған жағдайда оны тiркеу мына құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады:
1) Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсу ниетi жөніндегі өтiнiшi;
2) аумақтық сайлау комиссиясының азаматтардың Президенттiкке кандидатты қолдап жиналған қолдарды тексеру нәтижелерi жөніндегі хаттамасы;
3) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер;
3-1) алынып тасталды
3-2) кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;
4) кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгендiгiн куәландыратын құжат.
7. Орталық сайлау комиссиясы:
1) Президенттiкке кандидаттарды тiркегеннен кейiн жетi күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында әрбiр кандидаттың тегiн, аты мен әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын қызметiн (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн көрсетiп, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай орның қоғамдық бiрлестiкке қатыстылығы мен ұлты туралы мәлiметтердi жариялайды.
2) тiркелген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi;
3) мынадай жағдайда:
кандидат ұсыну ережелерiн бұзған, тiркеу үшін қажетті құжаттарды табыс етпеген;
кандидат Конституцияда және осы Конституциялық заңда оған қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;
кандидат өзiнiң сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;
кандидат өзiн тiркегенге дейiн, сайлау күні не соның алдындағы күнi сайлау алдындағы үгiт жүргiзген;
сот кандидаттың және (немесе) оның сенім бiлдiрiлген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетіне нұқсан келтiретін, оның iскерлік беделiн түсiретiн жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн анықтаған; сот кандидат пен оның сенім бiлдiрілген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнің күшiн жояды;
3-1) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңдарына сәйкес кандидаттың немесе оның жұбайының (зайыбының) декларацияны тапсыру кезіне декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған жағдайда кандидатты тіркеу туралы шешiмнің күшiн жояды.
Тіркеуден бас тартуға немесе тiркеудiң күшін жоюға қатысты кандидаттар тиiстi сотқа шағым жасай алады.
Дауыс беретiн күнге екі күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшін жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейдi.
8. Орталық сайлау комиссиясының Президенттiкке кандидатты тiркеуден бас тартуына немесе тiркеу жөніндегі шешiмнiң күшiн жоюына кандидаттың жеке өзi не оны ұсынған қоғамдық бiрлестiк он күн iшiнде Жоғарғы Сотқа шағым беруi мүмкiн, ол шағымды берiлген күнiнен бастап он күн мерзiм iшiнде қарайды. Жоғарғы Соттың шешiмi түпкiлiктi болып табылады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 60-бап өзгертілді
60-бап. Кандидатурасын алып тастау, кандидат ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою
1. Президенттiкке кандидат тіркелген күннен бастап және дауыс беруге екі күн қалғанға дейінгі кез келген уақытта Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтiнiш бере отырып өз кандидатурасын алып тастай алады.
2. Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы тiркеуге дейiн және тiркеуден кейiн кез келген уақытта тиiсiнше Орталық сайлау комиссиясына ұсыныс жасау арқылы Президенттiкке кандидат ұсыну жөніндегі өз шешiмiнiң күшiн жоя алады.
3. Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi не оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
4. Егер кандидатурасын алып тастау немесе кандидатты ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою осыған мәжбүр ететiн себептерсiз жүргiзiлген болса, онда Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткізуге республикалық бюджет қаражатынан жұмсалған шығыстың бiр бөлiгiн кандидаттың немесе тиiсiнше оны ұсынған қоғамдық бiрлестiктiң есебiне жатқызуға хақылы.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 61-бап өзгертілді
61-бап. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн шығып қалғандардың орнына Республика Президенттiгiне кандидаттар ұсыну
1. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейін кандидаттардың шығып қалуы нәтижесiнде Президенттікке екiден кем кандидат қалған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы өз қаулысымен сайлауды екi айдан аспайтын мерзімге ұзартады.
2. Мұндай жағдайда Президенттiкке кандидаттар ұсыну осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 62-бап өзгертілді
62-бап. Республика Президентiн сайлау кезіндегі дауыстарды санау
1. Президент сайлауында дауыстарды санау нәтижелерi аумақтық сайлау комиссияларының мәжілістерiнде белгiленедi және хаттамаға енгiзiледi, оған комиссия төрағасы мен мүшелерi қол қойып, екi күн мерзiм iшiнде Орталық сайлау комиссиясына жолданады.
2. Дауыстарды санау нәтижелерiн анықтауға байланысты өзге мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
ҚР 06.11.98 ж. № 285-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 63-бап өзгертілді
63-бап. Қайта дауыс беру
1. Егер сайлау бюллетенiне екiден артық Президенттiкке кандидаттар енгiзiлiп және олардың бiр де бiреуi сайланбай қалса, Орталық сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екi кандидат бойынша Президент сайлауы жөнiнде қайта дауыс беру тағайындайды. Кандидаттардың біреуі шығып қалған жағдайда, сайлау бюллетенiне неғұрлым көп дауыс алған келесi кандидат енгізіледi.
2. Қайта дауыс беру осы Конституциялық заңның талаптарын сақтай отырып екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Қайта дауыс берудi өткізу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
3. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 64-бап өзгертілді
64-бап. Қайта сайлау
1. Егер Президент сайлауы жарамсыз деп танылса не қайта дауыс беру сайланған Президенттi анықтауға мүмкiндiк бермесе, Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауын қайта тағайындайды.
2. Қайта сайлау алғашқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Дауыс беру бастапқы сайлауды өткізу үшiн жасалған тiзiм бойынша және сол сайлау учаскелерiнде өткiзiледi.
3. Сайлау комиссияларын құру, Президенттiкке кандидаттар ұсыну мен тiркеу, басқа да сайлау шаралары осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте сайлау шаралары мерзiмiнiң қысқартылуын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.
4. Қайта сайлау өткізу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
ҚР 11.06.98 ж. № 285-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 65-бап өзгертілді
65-бап. Республика Президентi сайлауының қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиясы хаттамаларының негiзiнде сайлаудан кейiн жетi күндiк мерзiмнен кешiктiрмей Президент сайлауының қорытындыларын белгiлейдi және тиiстi қаулы қабылдайды.
2. Республика Президентi болып:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған;
2) қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатпен салыстырғанда, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшiлiк дауысын алған;
3) алынып тасталды
3. Республика Президентi сайлауының қорытындысын анықтау мен жариялауға байланысты өзге мәселелер осы Жалпы Конституциялық заңның бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
ҚР 11.06.98 ж. № 285-I; 06.05.99 ж. № 375-I; Конституциялық Заңдарымен 66-бап өзгертілді
66-бап. Сайланған Республика Президентiн тiркеу
1. Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде сайлау өткiзген күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде сайланған Республика Президентiн тiркейдi.
2. Егер учаскелердiң немесе әкiмшiлiк бөлiнiстердiң жалпы санының кемiнде төрттен бiр бөлiгiнде:
1) сайлау жарамсыз деп танылса;
2) не оның барысында немесе дауысты санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алса, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi сайлау комиссияларының ұсынысы, азаматтардың арыздары бойынша сайланған Президентi тiркеуден бас тартуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген ретпен қабылданған Орталық сайлау комиссиясының шешiмiне Президенттiкке кандидат оның қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде Жоғарғы Сотқа шағым бере алады, ол он күн мерзiм iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдайды.
64-бап . ҚР 06.11.98 ж. № 285-I Конституциялық Заңымен 67-бап алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 68-бап өзгертілді
68-бап. Республика Конституциялық Кеңесiнiң Республика Президентi сайлауын өткізудiң дұрыстығы жөніндегі мәселенi қарауы
1. Республика Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң сайлау қорытындылары шығарылғаннан кейін он күн ішінде берiлуi мүмкін өтiнiшi бойынша Конституциялық Кеңес дау туындаған жағдайда Республика Президентi сайлауын өткізудiң дұрыстығы жөніндегі мәселенi шешедi. Бұл ретте Республика Президентінің қызметке кiрiсуi өтiнiштi қарау кезiнде тоқтатыла тұрады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Президентi сайлауын өткізудiң дұрыстығы жөнiнде дау туындаған жағдайда сайлауды әзiрлеу мен өткізуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.
3. Конституциялық Кеңес Конституцияны бұзу анықталған учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) Республика Президентi сайлауы Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы тиiстi учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) сайлауды жарамсыз деп тану және сайлау жарамсыз деп танылған учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) екi ай iшiнде қайта дауыс беру өткізу жөнiнде шешiм қабылдайды.
11-тарау. Республика Парламентi Сенатының
депутаттарын сайлау
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 69-бап өзгертілді
69-бап. Сенат депутаттарын сайлауын тағайындау