8. Көмектiң және күтiмнiң қосымша түрлеріне
мұқтаждықты айқындау тәртібі
42. Аумақтық бөлiмше қызметкердiң:
1) қосымша медициналық көмекке (азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудің мемлекеттік кепiлдікті көлемінің тiзбесiне енбейтiн), оның iшiнде қосымша тамақтануға және қосымша дәрi-дәрмек сатып алуға;
2) қызметкерге басқа адамның, оның iшiнде оның отбасы мүшелерi жүзеге асыратын күтiмге (арнайы медициналық және тұрмыстық);
3) санаторлық-курорттық емделу кезеңіндегі барлық демалыс уақытына және қызметкердiң емделу орнына баруына және келуiне, қажетті жағдайларда - оның iлесiп баратын адамының санаторлық-курорттық емделу орнына бару және кейiн келу жолақысын қоса алғанда, санаторлық-курорттық емделуге;
4) қызметкерге еңбек қызметіне және тұрмыста қажеттi техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдарына;
5) арнайы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуге;
6) кәсіптік оқуға (қайта оқуға) мұқтаждығын анықтайды.
9. Қайта куәландыру тәртібі
43. Мүгедектердi қайта куәландыру осы Ереженiң 3-тарауына сәйкес жүргiзіледi.
44. Мүгедектердi және еңбек қабілетiн жоғалтқан адамдарды қайта куәландыру мүгедектiктi белгiлеген мерзiмi өткен соң, медицина ұйымының жолдамасы (088/у нысаны) бойынша жүргiзіледi.
45. Мүгедектердi және еңбек қабілетiн жоғалтқан адамдарды, сондай-ақ оларға мүгедектік немесе еңбек қабілетiн жоғалту қайта куәландыру мерзiмiнсiз немесе жасына қарай зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа толғанға дейiн белгіленген адамдарды мерзiмiнен бұрын қайта куәландыру медицина ұйымының жолдамасы бойынша мынадай жағдайларда:
денсаулығы жағдайының, ауруының (жарақат) себебiнiң өзгерiсi кезiнде;
куәландырылатын адамның өтiніш негізiнде, бiрақ белгіленген мерзiмнiң аяқталуына дейiн екi ай қалғанда;
аумақтық бөлiмшенің сараптамалық қорытындысына шағым жасалғанда;
аумақтық бөлiмшенiң сараптамалық қорытындысының негiзділігіне бақылау жүргiзу кезiнде;
жалған құжаттарды беру, сараптама қорытындысын негiзсiз шығару фактілерi анықталғанда жүргiзiледi.
10. Аумақтық бөлiмшенiң сараптамалық
қорытындысына шағымдану тәртібі
46. Аумақтық бөлiмшенің сараптамалық қорытындысына азамат немесе оның заңды өкiлi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотта шағымдана алады.
47. Азаматтардың, мүгедектердің, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың және қызметкерлердiң құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнің бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
Медициналық-әлеуметтiк
сараптама жүргiзу
ережесіне 1-қосымша
16 жасқа дейінгі бала мүгедек деп
танылатын медициналық айғақтар
1. Оның негiзiнде мүгедектiк 6 айдан 2 жылға дейiнгi мерзiмге белгіленетiн функционалдық өзгерістер мен патологиялық жай-күйлер.
Мүгедектіктi белгілеу 6 айдан 2 жылға дейiнгi мерзiмге бұзылған функцияларды қалпына келтiру немесе едәуiр жақсарту, адамның толыққанды өмiрге оралу мүмкiндiгiн көздейдi:
1) бас-ми жарақатынан, нейроинфекциядан кейiнгi шамалы білiнетiн қозғалу, психикалық, сөйлеу бұзылушылықтары;
2) операциядан кейiнгi кезеңде (6 айдан астам) ұзақ мерзiмдi қалпына келтiру және оңалту iс-шараларын талап ететiн жай-күй;
3) ағымының ұзақтығы 2 айдан асатын уақыт iшiнде геморрагиялық васкулит кезiнде туындаған патологиялық жай-күйлер;
4) асқазанның, ұлтабардың жара ауруының асқынған ағымы;
5) орта дәрежедегi қант диабеті;
6) процесс белсенділiгiнiң жоғары дәрежесi 3 айдан асатын дәнекер тiннiң диффуздық зақымдануынан туындаған патологиялық жай-күйлер;
7) баланың тіршілік көрсеткiштерi бойынша (айқын білiнетiн зат алмасу, иммундық, қан тамырларының зақымдануы, қан формуласының өзгеруi және т.б.) тағайындалған әсерi күштi препараттарды ұзақ (3 айдан астам) уақыт пайдаланудан туындаған, ұзақ терапевтiк түзеудi талап ететiн патологиялық жай-күй;
8) коагулопатиялар мен тромбоцитопатия аясында жатырдан дисфункциялық қан кетуi.
2. Оның негiзiнде мүгедектiк 2 жыл мерзiмге белгiленетiн функционалдық өзгерістер мен патологиялық жай-күйлер.
Бұл топқа қалпына келтiру немесе жақсарту әжептәуiр уақытты қажет ететiн немесе болжамы белгiсiз патологиялық жай-күйлер енедi:
1) сөйлеу, көру, есту қабілеттерінің бұзылуымен немесе оларсыз жүріп-тұруымен ұштастырылатын бiркелкi білінетiн тұрақты бұзылуы (бiр немесе бiрнеше буынның парезi, плегиялары, тұрақты гиперкинездер, қимыл үйлесiмiнің бұзылуы және т.б.);
2) сөйлеу қабілетiнiң тұрақты бұзылуы (алалия, афазия, түзеуге келмейтiн түрi), дизартрия мен кекештенудің ауыр түрi;
3) омыртқа жұлынының зақымдануынан болған жамбас органдары функцияларының білiнетiн бұзылуы;
4) тұрақты терапевтiк резистентті эпилептиформалық жай-күйлер (айына 1 және одан да көп ұстамасы болатын), жиi болатын шағын және тырыспасыз ұстамалар (аптасына 2-3 рет);
5) ұзақтығы 6 айға және одан да ұзаққа созылатын созылмалы психопатиялық жай-күйлер;
6) есту, көру, сөйлеу, жүрiп-тұру аппаратының, басқа да органдардың немесе жүйелер функциялары мен мiнез-құлықтың патологиялық нысандарымен ұштасатын есуастық дәрежесiндегі ақыл-ой кемiстiгi;
7) тұрақты әлеуметтік бейiмсiзденуге әкеп соқтыратын мiнез-құлық патологиясы, эмоционалдық-жiгер аясының бұзылуы;
8) жақсырақ көретiн көздiң көру қабiлетiнiң (түзетумен) 0,2 диоптрийге дейiн төмендеуi немесе жақсырақ көретiн көздiң көру өрiсiнiң шоғырлану нүктесiнен барлық бағыттарда 25 градусқа дейiн тарылуы;
9) есту функцияларының болмауы (ІІI-IV дәрежедегі құлақ мүкiстiгi);
10) туа бiткен немесе пайда болған кеңiрдек, көмекей ауруларының салдарынан трахеотомикалық түтiксiз өздiгiнен дем ала алмауы;
11) жылына 6 және одан да көп ұстамасы және ұстамадан кейiнгi кезеңде жоюға болатын асқынулары бар бронхиалды ентiкпе;
12) iшек-қарын жолы, бауырдың және өт жолдары аурулары мен даму ақаулары кезіндегі ас қорыту органдары функцияларының тұрақты білінетiн бұзылуы;
13) белгiлi бiр жасқа дейiн оперативтiк емдеуге болмайтын жүрек кемiстiгi, I-ІІ дәрежедегi жүрек-қан тамырлары жеткiлiксiздiгiнен асқынған iрi қан тамырлары дамуының кемiстiктерi;
14) I-II дәрежедегі жүрек функциясының тұрақты жеткiлiксiздiгi, айқын білінетiн созылмалы гипоксемия, жүрек функциясының бұзылуына байланысты, оның iшiнде кардиостимулятор орнатылғаннан кейiнгi синкопальдiк жай-күйлер;
15) бүйрек функциясының айқын білінетiн тұрақты бұзылуы, бүйрек тiніндегі патологиялық процесс белсенділігiнің жоғары дәрежесi;
16) терiнің және/немесе шырышты қабықтың қимыл белсендiлiгiнiң күрт шектелуiне және әлеуметтiк бейiмсiзденуге әкеп соғатын ауқымды зақымдануы (жара болу, эритродермия, айқын қышыну, тыртықтардың пайда болуына байланысты өзгерістер, папилломатоз және басқалары);
17) туа бiткен немесе тұқым қуалайтын қан аурулары кезіндегі гемоглобиннiң бiр литрге 100 граммнан (бұдан әрi - л/г) кем болып төмендей отырып, жылына бiр реттен артық болатын анемиялық криздер;
18) қатерсiз iсiктiң салдарынан болған орган функциясының айқын бұзылуы және/немесе косметикалық кемiстік;
19) тiрек-қозғалыс функцияларының айқын бұзылуы бар жамбас пен сан буындарының туа бiткен немесе кейiннен шығып кетуі;
20) организм функцияларының бiркелкi білінетiн бұзылуы бар органдардың немесе жүйелердiң туберкулезi.
3. Мүгедектiк 5 жыл мерзiмге белгiленетiн функционалдық өзгерістер мен патологиялық жай-күйлер:
1) арнайы диетаны талап ететiн, бiрқалыпты тұрақтануы басталғанға дейiнгi туа бiткен тұқым қуалайтын зат алмасу аурулары (фенилкетонурия, целиакция және басқалары);
2) тіршілiк-тынысының бұзылуына және әлеуметтік бейiмсiзденуге әкеп соқтыратын туа бiткен, тұқым қуалайтын аурулар мен синдромдар;
3) асқынған лейкоз, лимфогрануломатоз;
4) iсiк процесiнің стадиясына қарамастан, хирургиялық және басқа да емдеу түрлерінен кейiнгi кез келген жерде орналасқан қатерлi iсiктер;
5) гипертензиялық синдромды гидроцефалия, операция жасалған гидроцефалия;
6) сүйек тiнiнiң айқын білiнетiн ауқымды деструкциялары (остеопороз, шемiршектiң қосылуы), сүйектердің, буындардың, бұлшық еттердiң қисаюына, аяқ-қол функцияларының II-ІІІ дәрежедегi бұзылуы бар қайталама патологиялық сынықтарға әкеп соғатын бұлшық еттердiң патологиялық өзгерістерi (миофиброз, диффузды кальциноз);
7) омыртқа мен кеуде қуысының ІІІ-ІV дәрежеде қисаюы, бiр немесе бiрнеше аяқ-қол буындарының тартылып және шор болып бiтуi, iрi сүйектер жалған буындарының контрактуралары және/немесе анкилозына байланысты жүрiп-тұру аппараты функцияларының бұзылуы;
8) туа бiткен кемiстігі салдарынан аяқ-қолдың немесе олардың сегментiнiң айқын білiнiп бұзылуы (мутиляция, контрактуралар, синдактилиялар, артропатиялар және басқалар);
9) органдардың жарым-жартылай немесе толық аплазиясы бар бет дамуындағы туа бiткен ақауларға, сондай-ақ жұмсақ тiннiң және бет скелетiнiң кейiннен пайда болған ақауларына байланысты тыныс алу, шайнау, жұтыну, сөйлеу функцияларының айқын білiнетiн бұзылуы;
10) зәр мен үлкен дәреттің тұрақты тоқтамауы, мерзiмi бойынша хирургиялық емдеуге жатпайтын ішектегi, қуық пен қуық-жыныс жолдарындағы жыланкөз жаралар.
4. Мүгедектік 16 жасқа толғанға дейінгi мерзiмге белгiленетiн функционалдық өзгерістер мен патологиялық жай-күйлер.
Тiршілiк-тынысының тұрақты шектелуi, органдар функцияларының сауығу немесе әжептәуiр жақсару деректерi жоқ, тіршілік әрекетiнiң үдемелi шектелуi, емдеу мен оңалту iс-шараларының болжамды болашағы болмайтын кезде балаға 16 жасқа дейінгi мүгедектiк белгіленедi:
1) бiр немесе бiрнеше буынның бiркелкi білінiп және айқын білiнiп сал болуы немесе терең парезi, тұрақты жайылған гиперкинезi (қос атетоз, хореоатетоз секiлдi), қимыл үйлесiмінің бiлінетiн бұзылуы;
2) екi және одан да көп жылдар бойы орын алатын терапевтiк резистенттi тырыспалар (айына 3-4 рет және одан да көбiрек);
3) олигофрениялық немесе әртүрлi генездегi жарымес имбецилдiк немесе идиотияның тиiстi дәрежесi;
4) кереңдiк, керең-мылқаулық;
5) жұлынның зақымдануына байланысты жамбас органдары функцияларының тұрақты бұзылуы, түзетуге келмейтiн iшек және қуық-жыныс жолдарындағы жыланкөз жаралар;
6) тыныс функцияларының айқын бұзылуы бар туа бiткен және тұқым қуалайтын қолқа-өкпе жүйесінің зақымдануы (муковисцидоз, асқынған альвеолиттер және өкпенің басқа да жайылмалы аурулары);
7) пайда болған және туа бiткен сипаттағы созылмалы бронхиалды-өкпе аурулары кезіндегі ІІ және одан да жоғары дәрежедегi тыныстың тұрақты тарылуы, ентiкпелi ұстаманың қалыптасуы және жүрек-тамыр, орталық жүйке жүйесiнiң бұзылуы кезiнде, бүйрек бездерiнің созылмалы жеткілiксiздiгiне әкеп соқтыратын гормондарға тәуелдi бронхиалды ентiкпе;
8) жүректiң инкурабельдi фонындағы ауруларының II-III дәрежедегi тұраланған жүрек кемiстiгi;
9) туа бiткен, тұқым қуалайтын, кейiннен пайда болған ауруларға байланысты бауыр функциясының қайтымсыз айқын бұзылуы;
10) бүйрек функциясының созылмалы жетiспеушілiгi, қатерлi гипертония, бүйректің асқынған қантсыз диабетi;
11) инкурабельдi қатерлi iсiктер;
12) орган функциялары бұзылған жағдайда, хирургиялық әдiспен емдеуге келмейтiн қатерсiз iсiктер;
13) организм функцияларының айқын білінiп бұзылуына әкеп соғатын органдар мен жүйелердiң болмауы (туа бiткен немесе кейiн пайда болған) немесе дамуы айқын жетілмеген кезде туындайтын патологиялық жай-күй;
14) аяқ-қолдың бiр немесе бiрнеше буынының деңгейiне қарамастан келте болуы;
15) өз еркiмен жүріп-тұру немесе өзiн өзi күту қабілетiнiң күрт шектелуi кезiнде анкилоздарға, контрактураларға, патологиялық сынуға, скелеттiң қисаюына әкеп соғатын скелет сүйектерiнiң жүйелi зақымдануы және тiрек-қозғалыс аппаратының дамуындағы ақаулар;
16) ішкі секреция функцияларының жетіспеушілiгi салдарынан организм функцияларының айқын білінiп бұзылуы: қант диабетi (өзге жүйелер мен органдардың асқынуы бар инсулинге тәуелдi түрi), қантсыз диабет (питуитрин-резистентті түрi), Иценко-Кушинг ауруы (асқынған түрi), бүйрек безiнiң созылмалы жеткілiксiздiгі (Аддисон ауруы, адреналэктомиядан кейiнгi жағдай, бүйрек безiнiң туа бiткен дисфункциясы), гипофизарлы нанизм, туа бiткен немесе кейiннен пайда болған гипотиреоздың, гипопаратиреоздың ауыр түрi;
17) созылмалы лейкоз, гистиоцитоз;
18) қан өндiрудің орташа және ауыр дәрежедегi туа бiткен және кейiннен пайда болған гипо- және апластикалық жай-күйлерi (гемоглобин 100 г/л төмен, тромбоциттер 1 куб миллиметрде (бұдан әрi - 1 куб. мм) 100 мыңнан төмен, лейкоциттер 1 куб. мм 4 мың. кем;
19) коагулопатия мен тромбопатияның ауыр түрлерi, ауыр геморрагиялық криздер үздiксiз қайталанып отыратын созылмалы тромбоцитопеникалық пурпура (қандағы тромбоциттер саны 50 мың және 1 куб.мм-ден кем);
20) туа бiткен иммундық тапшылық жағдайы. Ауыр аралас иммундық жеткіліксiздiк, агамма- және гипогаммаглобулинемия, лимфа байланыстарының, өкпенің, бауырдың, басқа да органдардың бактериямен зақымдалуын тудыратын септикалық гранулематоз;
21) қан сывороткасындағы Е иммунноглобулиннiң бiр литрде 1000 КЕД артық концентрациясымен терi асты клетчаткаларының, өкпенiң, бауырдың және басқа да органдардың көбiне "салқын" абсцестерiн тудыратын Е гипериммунноглобулинемия синдромы;
22) пайда болған иммунитет тапшылығы, адамның туа бiткен иммундық тапшылық жай-күйлерiнiң айқын көрiнiсi.
Медициналық-әлеуметтiк
сараптама жүргiзу
ережесіне 2-қосымша
Организмнiң негiзгі функцияларының бұзылуын
және тіршiлiк тынысының шектелуiн жiктеу
1. Адам организмінiң негiзгі функцияларының бұзылуын жіктеу:
1) организмнің психикалық функцияларының бұзылуы (аңғару, зейiн, еске сақтау, ойлау, сөйлеу, эмоциялар, жiгер және т.б.);
2) сезiну функцияларының бұзылуы (көру, есту, иiстi сезу, түйсiну);
3) статикалық-динамикалық функциялардың бұзылуы;
4) қан айналымы, тыныстау, ас қорыту, сыртқа шығару, зат пен энергия алмасу, ішкі секреция функцияларының бұзылуы.
2. Организм функцияларының бұзылуын біліну дәрежесіне қарай жiктеу:
1) бiрiншi дәреже - функциялардың шамалы білiнетін бұзылуы;
2) екiншi дәреже - функциялардың орташа білiнетiн бұзылуы;
3) үшiншi дәреже - функциялардың білiнетін бұзылуы;
4) төртiншi дәреже - функциялардың едәуiр немесе күрт білiнетiн бұзылуы.
3. Тiршілiк-тынысының негiзгi санаттарын жiктеу:
1) өзiн өзi күту қабілеті - негізгi физиологиялық қажеттіктерiн өз бетiмен қанағаттандыра алу, күнделiктi тұрмыстық әрекет жасау және жеке гигиена дағдыларын орындай алу қабілетi;
2) өз бетімен жүріп-тұру қабілетi - кеңiстiкте өз бетiмен қозғала алу, кедергiлерден өту, өзi орындайтын тұрмыстық, қоғамдық, кәсіптiк қызметтер шегінде денесiн тепе-тең қалпында ұстай бiлу қабілетi;
3) оқу қабiлетi - (дәрiстік, кәсiби және басқа да) білiмдi қабылдап және түсіне алу, дағдылар мен машықтарды (әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық) игеру қабілетi;
4) еңбек қызметіне қабiлетi (еңбек қабілеті) - жұмыстың орындалу мазмұнына, көлемiне және шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес iс-әрекетті жүзеге асыру қабілеті;
5) бағдарлана бiлу қабілетi - уақытта және кеңiстікте бағдарлана бiлу қабілетi;
6) қарым-қатынас жасау қабілеті - адамдар арасында ақпаратты қабылдау, қайта өңдеу және алмасу жолымен қарым-қатынас орнату қабілеті;
7) өзінің жүрiс-тұрысын бақылау қабілетi - өзiн сезiне бiлуге және әлеуметтiк-құқықтық нормаларды ескере отырып бара-бар мiнез-құлыққа қабiлетi.
4. Тiршілiк-тынысының шектелуiн біліну дәрежесiне қарай жiктеу:
1) өзiне өзi қызмет көрсету қабілетiнiң шектелуi:
бiрiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып, өзiне өзi қызмет көрсету қабiлетi;
екiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып және/немесе өзге адамдардың көмегiмен өзiне өзi қызмет көрсету қабілеті;
үшіншi дәреже - өзiн өзi күтуге қабілетiнiң болмау және басқа адамдарға толық тәуелдi болуы;
2) өз бетiмен жүріп-тұру қабілетiнiң шектелуi:
бiрiншi дәреже - неғұрлым көп уақыт жұмсап және қашықтықты қысқарту арқылы өз бетiмен жүріп-тұру қабілеті;
екiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып және/немесе басқа адамдардың көмегiмен өз бетiмен жүрiп-тұру қабілетi;
үшiншi дәреже - өз бетiмен жүріп-тұруға қабілетсiздігі және басқа адамдарға толық тәуелдi болуы;
3) оқуға қабілетiнiң шектелуi:
бiрiншi дәреже - оқу процесiнiң арнайы режимiн сақтай отырып және (немесе) қосымша құралдарды пайдалана отырып және/немесе басқа адамдардың көмегiмен жалпы үлгідегi оқу орындарында оқуға қабілеттілiгi;
екiншi дәреже - тек арнайы оқу орындарында немесе арнайы бағдарламалар бойынша үй жағдайында оқуға қабілеттілiгi;
үшiншi дәреже - оқуға қабілетсiздiгі;
4) еңбек қызметiне қабілетiнiң (еңбек қабілетiнің) шектелуi:
бiрiншi дәреже - біліктілiгiн төмендеткен немесе өндiрiстiк қызметтiң көлемiн азайтқан жағдайда, еңбек қызметiн орындауға қабiлетi, өз мамандығы бойынша жұмысты орындау мүмкiндiгiнің болмауы;
екiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып, арнайы жасалған жағдайларда және/немесе арнайы жабдықталған жұмыс орындарында және/немесе басқа адамдардың көмегiмен еңбек қызметiн орындауға қабілетi;
үшiншi дәреже - еңбек қызметiне қабілетсiздігі;
5) бағдарлануға қабілетiнің шектелуi:
бiрiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдаланған жағдайда бағдарлай білуге қабілетi;
екiншi дәреже - басқа адамдардың көмегін талап ететiн бағдарлануға қабілетi;
үшiншi дәреже - бағдарлануға қабілетсiздiгi (дезориентация);
6) қарым-қатынас жасау қабілетiнiң шектелуi;
бiрiншi дәреже - ақпаратты меңгеру, қабылдау және беру жылдамдығының төмендеуiмен, көлемiнiң кiшiреюiмен сипатталатын қарым-қатынас жасауға қабілетi;
екiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып және/немесе басқа адамдардың көмегімен қарым-қатынас жасауға қабілеттілiгi;
үшiншi дәреже - қарым-қатынас жасауға қабілетсiздігі;
7) өзiнiң мiнез-құлқын бақылау қабілетінің шектелуi;
бiрiншi дәреже - өзiнiң мiнез-құлқын өз бетiмен бақылау қабілетінiң iшiнара төмендеуi;
екiншi дәреже - өзiнiң мiнез-құлқын тек қана бөгде адамдардың көмегiмен iшiнара немесе толық бақылау қабiлетi;
үшінші дәреже - өзiнiң мiнез құлқын бақылау қабiлетсiздiгi.
Медициналық-әлеуметтiк
сараптама жүргiзу
ережесіне 3-қосымша
Мүгедектiктiң үшіншi тобы қайта куәландыру мерзiмiнсiз
белгiленетiн анатомиялық кемiстiктердiң тiзбесi
1. Жоғары буын кемiстiктерi мен ақаулары:
1) бiлектiң болмауы және жоғары буынның одан да жоғары кесiлуi;
2) айқын білiнетiн контрактура (буындағы қозғалыс көлемi 10 градусқа дейiн) немесе ең шеткi супинациядағы немесе ең шеткi пронациядағы жағдайда бұғана қозғалуы кезіндегі (60 градустан кем немесе 150 градустан артық) шынтақ буынының қолайсыз қалыптағы анкилозы;
3) резекциядан кейiнгi иық немесе бiлектiң бос буыны;
4) иықтың немесе бұғананың екi сүйегінің де егер оперативтi емдеуге келмейтiн жалған буыны;
5) бiрiншiсiн қоспағанда, барлық төрт саусақтың бақай сүйектерiнiң болмауы;
6) бiрiншiсiн қоса алғанда, барлық үш саусақтың бақай сүйектерiнiң болмауы;
7) анкилоз немесе бiрiншiсiн қоспағанда, төрт саусақтың немесе бiрiншiсiн қоса алғанда, үш саусақтың қолайсыз жағдайдағы айқын білінетiн контрактурасы (қозғалыс 5-8 градус шегіндегі шектелуi);
8) тиiстi алақан сүйектерiмен қоса, бiрiншi және екiншi саусақтардың болмауы;
9) екi қолдың да бiрiншi саусақтарының болмауы.
2. Төменгі буындардың кемiстiктерi мен ақаулары:
1) сан және/немесе тiзе тұқылдары;
2) Пирогов әдiсi бойынша кесiлгеннен кейiнгi табан тұқылы, Шопар буыны деңгейіндегі ақаулы тұқыл;
3) Шарп бойынша сүйек бастары резекциясы бар табанның екi жақты тұқылдары;
4) айқын білінетiн контрактура немесе табанның ақаулы қолайсыздығымен қоса тiзе-табан буынының анкилозы немесе екi аяқтың да тiзе-табан буынының анкилозы;
5) оперативтi емдеуге келмейтiн санның немесе тiзенің екi сүйегiнiң жалған буыны;
6) резекциядан кейінгі жамбас-санның бос буыны;
7) айқын білінетiн контрактура немесе жамбас-сан буынының функционалдық тиiмсiз қолайсыз жағдайдағы анкилозы (170 градустан артық және 150 градустан кем);
8) жамбас-сан буынының туа бiткен немесе пайда болған қисаюы;
9) төменгi буынның 10 сантиметрге және одан да көп қысқаруы.
3. IV дәрежедегi кифосколиоз, қабырғалардың майысуы білінуi бар IV дәрежедегі сколиоз.
4. Қолдың немесе жоғары буынның сал болуы, төменгi буынның сал болуы, трофикалық едәуiр бұзылуы бар төменгi немесе жоғары буындардың білінетiн парезi.
5. Егер протездеу шайнауды қамтамасыз ете алмаса, жақтың немесе қатты таңдайдың кемістіктерi.
6. Гипофизарлы нанизм, остеохондропатия, ергежейлi остеохондродистрофия.
7. IV дәрежедегi екi жақты кереңдiк, екi жақты кереңдiк, кереңдiк-мылқаулық.
8. Кеңiрдектiң болмауы салдарынан тұрақты канюленосительство.
9. Гастроэктомия.
10. Тыныс алу жеткiлiксiздiгi кезiндегі пульмонэктомия; тыныс алу жеткiлiксiздігінiң болуы кезінде 5 және одан да артық қабырға кесiлетiн торокопластика.
11. Бiр көздiң көру өткiрлiгiнiң түзетумен 0,03-ке дейiн төмендеуi, бiр көздiң көрмеуi немесе бiр көздiң болмауы.
Медициналық-әлеуметтiк
сараптама жүргiзу
ережесіне 4-қосымша
Мүгедектердi жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз
ету үшін берілетiн медициналық айғақтардың тiзбесi
1. Бөлмеде жүріп-тұруға арналған кресло-арбамен қамтамасыз ететін медициналық айғақтар:
1) созылмалы қан айналымы жеткiлiксiздiгiнiң ІІІ дәрежесi;
2) өкпе-жүрек жеткіліксiздiгінің ІІІ дәрежесi;
3) гемиплегия, гемипарездiң айқындалған түрi;
4) параплегия, төменгi парапарездің айқындалған түрi;
5) триплегия, трипарездiң айқындалған түрi;
6) тетраплегия, тетрапарездiң айқындалған түрi;
7) айқын білінетiн атаксия, гиперкинетикалық амиостатикалық синдром;
8) екi балтыр тұқылы немесе келтенiң одан да жоғары деңгейлерi;
9) аяқ буындары функцияларының IV дәрежеде бұзылуы;
10) аяқтардың туа бiткен кемiстiгiнен жүрiп-тұрудың айқын білінетiн бұзылуы;
11) паркинсонизм, акинеттік-регидті түрi.
2. Серуендеуге арналған кресло-арбамен қамтамасыз етiлетiн медициналық айғақтар:
1) гемиплегия, гемипарездiң айқын білінетін түрi;
2) параплегия, төменгi парапарездiң айқын білінетiн түрi;
3) триплегия, трипарездің айқын білінетiн түрi;
4) тетраплегия, тетрапарездiң айқын білінетiн түрi;
5) екi балтыр тұқылы немесе келтенiң одан да жоғары деңгейлерi;
6) аяқ буындары функцияларының IV дәрежеде бұзылуы;
7) аяқтардың туа бiткен даму кемiстiгiнен жүрiп-тұрудың айқын білінетiн бұзылуы.
3. Мүгедектердi арнайы автокөлiкпен қамтамасыз ететiн медициналық айғақтар:
1) өкпе-жүрек жеткiлiксiздiгiнiң ІІ дәрежесi;
2) бiр аяқтың сал болуы немесе айқын білінетiн парезi;
3) параплегия, аяқ парапарезінің айқын білінетiн түрi;
4) гемиплегия, гемипарездiң айқын білінетiн түрi;
5) аяқтардың тромбо-облитерация ауруларының күре тамырларының созылмалы жеткіліксiздігінің II және одан да жоғары дәрежесi;
6) аяқтардың көк тамыр ауруларының созылмалы жеткiлiксiздiгiнiң II-III дәрежесi;
7) бiр аяқтың немесе екi бiрдей аяқтың кемiнде 2 iрi буынының қозғалмай шор болып немесе қолайсыз бiтуi;
8) Шарп әдiсi бойынша екi табанның бiрдей келтелілiгi (табан сүйектерінің басын кесiп тастау) және екi табанның одан да жоғарырақ келте болуы;
9) аяқтың балтырдан келте болуы және аяқтың одан да жоғары кесілуi;
10) жамбас пен сан буындардың кейiннен шығып кетуi;
11) жамбас пен санның немесе тiзенiң жансыз болып қалған буындары;
12) жамбас пен сан буындарының шор болып бiтуi немесе айқын білінетiн қолайсыз бiтуi (қозғалу көлемi 10 градустан кем);
13) тiзе буынының 150 градустан кем және 170 градустан артық шор болып бiтуi немесе айқын білінетiн функционалды қолайсыз болып бiтуi;
14) екi аяқтың да сирақ буындарының шор болып қатып қалуы немесе айқын білiнетiн қолайсыз болып бiтуi;
15) екi сан немесе екi балтыр сүйектерiнiң 170 градустан кем дұрыс бiтпеген сынықтары;
16) аяқтардың 2 және одан да көп iрi сүйектерiнiң созылмалы жыланкөзбен iрiндеп-қабынуы (2 жылдан астам), жарықшақтанып шiруi, терең жара болуы;
17) екi сан немесе екi балтыр сүйектерiнің 170 градустан кем болып дұрыс бiтпеген жалған буындары немесе iрi сүйек (сүйек аумағының жартысынан астамының көлденеңiнен немесе шетінен бұзылуы бар) кемiстiгi немесе балтыр жілiгiнiң ақауы;
18) бiр аяқтың 10 сантиметрге және одан да көбiрек қысқаруы;
19) жарақаттанудың салдарынан ұзақ уақыт бойы жазылмайтын (6 айдан астам) немесе жиi қайталанатын балтырдағы алаңы 20 шаршы сантиметр, табанның үстiңгi жағындағы алаңы 10 шаршы сантиметр, табандағы кемiнде алаңы 2 шаршы сантиметр және одан да көп көлемдегі трофикалық жаралар;
20) омыртқа сүйектерiнiң айқын білiнетiн бұзылуы бар IV дәрежедегi қисаюы.