“Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу ережесін бекіту туралы”
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 750 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 29 қарашадағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізiледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2005 жылғы 20 шілдедегi
№ 750 қаулысымен
бекiтілген
Медициналық әлеуметтік сараптама жүргізу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы медициналық әлеуметтік сараптама жүргізу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы", "Мiндетті әлеуметтік сақтандыру туралы", "Қызметкер еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгін мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзiрлендi және мүгедектiкті әрi еңбек қабілетін жоғалту дәрежесiн белгiлеу, сондай-ақ көмек пен күтiмнiң қосымша түрлеріне мұқтаждықты айқындау тәртібін регламенттейдi.
2. Мүгедектiктi және еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесiн белгілеудi, сондай-ақ көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждықты айқындауды халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлiмшелерi (бұдан әрi - аумақтық бөлiмшелер) медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрi - МӘС) жүргiзу жолымен жүргiзедi.
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
мүгедек - тiршілiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
мүгедектік - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршілiк-тынысының шектелу дәрежесi;
мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедекті оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерін белгілейтiн құжат;
білiктілiк - қызметкердің кәсiптік даярлығының дәрежесi, оның күрделілігі белгілi дәрежедегі жұмысты орындау үшiн қажеттi білімi, ептілiгi мен дағдыларының болуы;
медициналық-әлеуметтік сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуiн бағалау негізiнде оңалтуды қоса алғанда, куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілiктерiн белгіленген тәртiппен анықтау;
организм функцияларының бұзылуы - организмнiң қызметiнде немесе құрылымында туындайтын, олардың нормадан едәуір ауытқуы ретiнде қаралатын проблемалар;
куәландыру - мақсаты клиникалық-функционалдық және еңбек болжамын, оңалту мен әлеуметтік қорғау шараларын белгiлей отырып, тiршiлiк-тынысының шектелуін, организм функцияларының бұзылуынан денсаулық жағдайының өзгерістерiн бағалау болып табылатын медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу;
куәландырылатын адам - оған қатысты оңалту және әлеуметтiк қорғау шаралары белгіленiп, медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзiлетiн адам;
тіршілiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн өзi қарап күту, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгiнен толық немесе iшiнара айрылуы;
жалпы еңбек қабiлеті - адамның кез келген (білікті емес) жұмысты орындау, қызметтер көрсету қабілеті;
кәсiптiк еңбек қабiлетi - адамның нақты жағдайларда белгiлi бiр біліктіліктегi, көлемдегi және сападағы жұмысты орындауға қабiлетi;
кәсiп - арнайы даярлықтың және жұмыс тәжiрибесiнің нәтижесiнде алған теориялық білімi мен практикалық машықтар кешенiн меңгерген адамның еңбек қызметiнің (жұмысының) түрi;
қызметкер - оның еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауына байланысты мертігу немесе денсаулығына өзге де жарақат алған адам;
мүгедек бала - тiршілік-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтік қорғау қажеттілігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегiз жасқа толмаған адам;
мүгедектердi оңалту - организм функцияларының тұрақты бұзылып денсаулықтың бұзылуынан туындаған тіршілiк-тынысының шектелуiн жоюға немесе мүмкiндiгiнше толық өтеуге бағытталған медициналық, әлеуметтік және кәсiптiк iс-шаралар кешенi;
оңалту потенциалы - мүгедек организмінің бұзылған функциялары мен қабiлеттерiн медициналық, психологиялық және әлеуметтiк факторларын талдау негiзiнде қалпына келтірудің нақты мүмкiндiктерінің көрсеткiшi;
оңалту болжамы - оңалту потенциалын iске асырудың болжамды мүмкiндігі және мүгедектiң қоғамға кiрiгуiнiң болжамды деңгейі;
еңбек қабiлетi - қызметкердiң белгiлi бiр біліктіліктегi, көлемдегi және сападағы жұмысты орындауға қабілеті;
еңбек қабілетінен айрылу - дәрежесi оның жоғалтқан еңбек қабілетiне пайыздық қатынасты бiлдiретін қызметкердiң жұмысты орындау, қызметтер көрсету қабiлетінен айрылуы;
организм функциялары - организм жүйелерінің физиологиялық (психикалықты қоса алғанда) функциясы.
2. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың мiндеттерi
4. Негізгі мiндеттерi:
1) мүгедектіктi және еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн, олардың себептерiн, мерзiмдерiн, туындаған уақытын және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне қажеттілігiн айқындай отырып белгілеу;
2) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын әзiрлеу, әлеуметтiк көмектi, медициналық-әлеуметтік оңалтуды және олардың орындалуын, осы iс-шаралардың тиiмділігiн бақылауды жүзеге асыратын ұйымдарда оңалту iс-шараларын iске асыруға ықпал ету.
5. Негізгi функциялар:
1) мүгедектікті және еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесiн, олардың себептерiн, мерзiмдерiн, туындаған уақытын, көмек пен күтімнің қосымша түрлерiне қажеттілiгiн айқындай отырып белгiлеу;
2) адамдардың санаторлық-курорттық емделуге, қосымша тамақтануға, күтiмге, оның iшiнде арнайы медициналық күтiмге, дәрi-дәрмектер сатып алуға, ауруды күтуге, техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдарға және (немесе) арнайы жүріп-тұру құралдарына әрi көмектiң басқа да түрлерiне мұқтаждығын анықтау;
3) қайтыс болған адамның отбасына әлеуметтiк төлемдер беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүгедектің қайтыс болуының себептік байланысын белгiлеу;
4) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасын әзiрлеу және түзету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту жөніндегі iс-шаралардың түрiн, нысанын, мерзiмi мен көлемiн белгілеу, оңалту iс-шараларының орындалуын мерзiмдiк бақылау, серпiндiк қадағалау жүргiзу, осы iс-шаралардың тиiмділігін анықтау;
5) уақытша еңбекке жарамсыздық мерзiмiн қалпына келтiру емделуi кезеңiне ұзарту;
6) әскери мiндетті және әскерге шақырылу жасындағы адамдардың мүгедек деп танылуының барлық жағдайлары туралы мәлiметтердi әскери комиссариаттарға ұсыну;
7) медициналық ұйымдардың дәрiгерлерiне медициналық-әлеуметтiк сараптама мен мүгедектердi оңалту мәселелерi жөнiнде консультативтiк көмек көрсету, олардың біліктiлiгін арттыру жөніндегі iс-шаралар жүргiзуге қатысу;
8) жұмыс практикасына қазiргi заманғы, ғылыми қағидаттар мен әдiстердi енгізу, сондай-ақ озық тәжiрибенi қорыту, тарату және медициналық-әлеуметтiк сараптама мен мүгедектердi оңалту жөнiнде әдiстемелiк ұсынымдар әзiрлеу.
3. Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жiберу тәртібі
6. Тiршілік-тынысының, оның iшiнде аурудың, жарақаттың немесе кемiстiктер салдарынан еңбек қабiлетiнің шектелуiне әкеп соқтыратын, организм функциялары тұрақты бұзылған адамдар, оның iшiнде 18 жасқа дейінгілер МӘС-ке жiберiлуге тиiс.
7. Медициналық ұйымдар уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын жүргiзедi және айғақтар болған кезде адамдарды, оның iшiнде 18 жасқа дейінгілердi, ауруға, жарақат зардаптарына және кемiстiкке байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын қажеттi диагностикалық, емдеу және оңалту iс-шаралары жүргiзiлгеннен кейiн, төрт айдан кешіктірмей медициналық-әлеуметтік сараптамаға жiбередi.
8. Медициналық зерттеудің сапасы, адамдарды медициналық-әлеуметтiк сараптамаға жiберудiң уақытылылығы мен негізділігі үшiн жауапкершілік тиiсті медицина ұйымының басшысына жүктеледi.
9. МӘС-ке жолдама (088/у) тиiсiнше, сапалы ресiмделмеген кезде аумақтық бөлiмше оны медициналық ұйымға пысықтауға қайтарады.
4. Куәландырудың тәртібi
10. Адамға медициналық-әлеуметтiк сараптама тұрғылықты жерi бойынша тиiстi медициналық ұйымның жолдамасы бойынша мынадай құжаттарды:
1) медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама (088у нысаны), ресiмделген күнiнен бастап 1 айдан кешіктірмей;
2) жеке басын куәландыратын құжатты;
3) тұрғылықты тұратын жерi туралы мәлiметтердi;
4) амбулаторлық картаны;
5) еңбек қызметі туралы мәлiметтердi берген кезде жүргізiледi.
Куәландырылатын адам жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа мыналарды:
кәсiби еңбекке қабiлетiн жоғалту белгiленген жағдайда - еңбек қызметiне байланысты жазатайым оқиға немесе қызметкерлер денсаулығының өзге де зақымдануы туралы Н-1 нысаны бойынша актіні (бұдан әрi - Н-1 нысанындағы акті), Ұлттық еңбек гигиенасы мен кәсiптік аурулар орталығының немесе кәсiптiк аурулар клиникасының мерзiмi екi жылдан аспаған қорытындысын;
жалпы еңбек қабiлетін жоғалтуын белгілеген жағдайда - мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысу фактiсiн растайтын құжатты;
мүгедектiк себебi ауруына, жарақатына немесе мертiгуiне (жаралану, контузия) байланысты айқындалған жағдайда - уәкілетті органның аурудың, жарақаттың немесе мертiгудiң себебi туралы құжатын;
18 жасқа дейiнгi адамдарға тәрбие, білiм беру түрлерi мен нысанын айқындау үшiн айғақтар белгiленген жағдайда - психологиялық-медициналық-педагогтiк консультацияның қорытындысын ұсынады.
11. Егер адам медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайына байланысты МӘС-ке келе алмаса, онда куәландыру үйде, стационарда жүргiзіледi және ерекше жағдайларда ғана куәландырылатын адамның, оның ата-анасының, заңды өкілiнiң, оның iшiнде 18 жасқа дейiнгi адамның қамқоршысының, қорғаншысының келісімiмен ұсынылған құжаттардың негiзiнде сырттай жүргiзіледi.
12. МӘС ұсынылған құжаттарды (клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiптiк және өзге де деректердi) қарау, куәландырылатын адамды тексеру, организм функцияларының бұзылуы және тіршілік-тынысының, оның iшiнде еңбекке қабілетiнiң шектелуi дәрежесiн бағалау жолымен аумақтық бөлiмше бастығының және кемiнде екi бас маманның қатысуы кезiнде алқалы түрде жүргiзiледi.
13. Аумақтық бөлiмшенің сараптамалық қорытындысы медициналық айғақтар, организмнiң негiзгi функциялары бұзылуының және осы Ереженiң 1, 2-қосымшаларына сәйкес тіршілік-тынысы шектелуiнiң жiктемесi негізiнде организм жағдайының және тіршілік-тынысының, оның iшiнде еңбек қабілетiнiң шектелуi дәрежесiнiң кешендi бағасына орай шығарылады.
14. Организм функцияларының бұзылуы және тіршілік-тынысының, оның iшiнде еңбек қабілетiнiң шектелуi дәрежесiне байланысты мүгедек деп танылған адамға бiрiншi, екiншi немесе үшiншi топтағы мүгедектік, ал 16 жасқа дейiнгi адамға "мүгедек-бала" санаты, ал он алты жастан он сегiз жасқа дейінгi адамдарға бiрiншi, екiншi, үшіншi топтағы "мүгедек-бала" санаты белгіленедi.
15. МӘС жүргiзiлген кезде мүгедектiктiң мынадай себептерi айқындалады:
1) жалпы ауру;
2) еңбек жарақаты;
3) кәсiптiк ауру;
4) бала кезiнен мүгедек;
5) уәкілеттi орган себептiк-салдарлық байланысты анықтаған жағдайда, әскери iс-қимылдарға қатысуына байланысты, әскери қызмет мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерiн) атқару кезiнде алған, әскери қызметiн өткеру кезiнде, әскери қызмет мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерiн) атқарумен байланысты емес жазатайым оқиға нәтижесiнде алған жаралану, контузия, жарақаттану, мертiгу, ауру;
6) уәкілетті орган олардың себептiк-салдарлық байланысын анықтаған жағдайда, төтенше экологиялық жағдайлар, оның iшiнде иондық сәуле шығару әсерiнен және/немесе олардың салдарынан алған ауру.
16. Мүгедектiк және кәсiптiк еңбек қабілетiнен айырылу дәрежесi мынадай мерзiмдерге: 6 айға, 1, 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзiмiнсiз белгіленедi.
Жалпы еңбек қабілетiнен айырылу дәрежесi мынадай мерзiмдерге: 6 айға, 1, 2 жылға немесе мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа толғанға дейiн белгiленедi.
16 жасқа дейiнгi адамдарға "мүгедек-бала" санаты бойынша мүгедектiк мынадай мерзiмдерге: 6 айға, 1, 2, 5 жылға және 16 жасқа толғанға дейiн белгiленедi.
16 жастан 18 жасқа дейiнгi адамдарға "мүгедек-бала" санаты бойынша бiрiншi, екiншi және үшiншi топтағы мүгедектiк мынадай мерзiмдерге: 6 айға, 1, 2 жылға белгiленедi.
Мүгедектік мерзiмi мен еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi куәландырылатын адамның оңалту потенциалына сәйкес белгіленедi.
17. Қайта куәландыру мерзімінсiз мүгедектiк:
1) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес қалпына келмейтiн анатомиялық кемiстiктер;
2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтiн өзгерістерi мен бұзылулар болған кезде, жүргiзiлген оңалту iс-шаралары тиiмсiз болғанда, бiрiншi топтағы мүгедектi - кемiнде төрт жыл, екiншi және үшiншi топтағы мүгедектi - кемiнде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейiн, зейнеткерлiк жастағы адамдарға - оңалту болжамы қолайсыз болған кезде белгіленедi.
18. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа толғанға дейiнгi жалпы еңбек қабілетiнен айырылу дәрежесi:
1) 3-қосымшада көзделген қалпына келмейтiн анатомиялық кемiстiктерi;
2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтiн өзгерістерi мен бұзылулары болған кезде, жүргiзілген оңалту iс-шаралары тиiмсiз болғанда жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесi 80-нен 100 пайызға дейінгі адамдарды кемiнде төрт жыл, жалпы еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесi 30-дан 80 пайызға дейiнгі адамдарды кемiнде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейiн белгiленедi.
19. Қайта куәландыру мерзiмiнсiз кәсiптiк еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi:
1) 3-қосымшада көзделген қалпына келмейтiн анатомиялық кемiстiктерi;
2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтiн өзгерістерi мен бұзылулары болған кезде, жүргiзiлген оңалту iс-шаралары тиiмсiз болғанда кәсiби еңбек қабілетiнен айырылу дәрежесi 80-нен 100 пайызға дейiнгi адамдарды кемiнде төрт жыл, кәсiби еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесi 5-тен 80 пайызға дейiнгi адамдарды кемiнде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейiн белгіленедi.
20. Аумақтық бөлiмшенiң сараптама қорытындысы куәландырылатын адамның осы Ереженiң 10-тармағында белгіленген құжаттары келiп түскен күнінен бастап бiр айдан кешiктірiлмей шығарылады.
Сараптама қорытындысының деректерi аумақтық бөлiмшенiң бастығы, бас мамандары қол қоятын МӘС актісіне және хаттамалар журналына енгiзіледi және мөртабанмен расталады.
21. Адам мүгедек болып танылған жағдайда аумақтық бөлімше бiр айдың iшiнде оңалтудың жеке бағдарламасын әзiрлейдi.
22. Куәландырылатын адамның аумақтық бөлiмшеге өтiнiш берген күнi мүгедектiкті, еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесiн белгілеу күнi болып есептеледi.
Мүгедектiк тобы және оны белгiлеу күнi еңбекке жарамсыздық парағында немесе еңбекке жарамсыздық парағы берілмейтiн жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздықты куәландыратын анықтамада көрсетіледi.
23. Сараптамалық қорытындыны шығару қиын болған кезде куәландырылатын адамның құжаттары 3 күннің iшiнде аумақтық бөлiмшеге жiберiледi, ол қаралып отырған мәселе бойынша белгіленген тәртiппен сараптамалық қорытынды қабылдайды.
24. Мүгедектiк және еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi белгіленген кезде:
1) мүгедектік туралы анықтама;
2) "Мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасынан" көшiрме;
3) еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi туралы анықтама;
4) медициналық айғақтар болған кезде, көмек пен күтімнің қосымша түрлерi туралы анықтама;
5) осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес медициналық айғақтар болған кезде, арнайы жүрiп-тұру құралдарына мұқтаждығы туралы анықтама беріледi.
25. Мүгедектік туралы, еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi туралы анықтамадан үзiндiлер мен басқа да құжаттар сараптама қорытындысы шығарылған күнiнен бастап 3 күн мерзiмде әлеуметтік және басқа да төлемдердi тағайындайтын және оңалту iс-шараларын жүзеге асыратын органдарға жiберiледi.
26. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргiзген кезде сараптамалық, құқықтық және басқа да мәселелердi шешу үшін әкiмшілiк шығыстарға көзделген қаражат есебiнен осы қызметтерге ақы төленiп консультанттар (педиатр, психолог, заң қызметкерi және басқа мамандар) тартылуы мүмкiн.
27. Аумақтық бөлiмшеге сараптамалық қорытынды шығаруға мүмкiндiк бермейтiн, жеткілiктi негiзделмеген диагнозбен жiберiлген адам куәландырылған кезде, аумақтық бөлiмше диагнозы мен организм функцияларының бұзылу дәрежесiн нақтылау мақсатында оны қосымша тексеруге және емдеуге жiбередi.
Куәландырылатын адам қосымша тексеруден және емделуден бас тартқан жағдайда, сараптамалық қорытынды қолда бар деректердiң негiзiнде шығарылады, бұл туралы медициналық-әлеуметтiк сараптама актiсiнде тиiстi жазба жасалады.
5. Мүгедектік топтарын анықтау өлшемдерi
28. Азаматты мүгедек деп тану үшiн:
1) денсаулықтың организм функцияларының тұрақты ауытқуынан бұзылуы;
2) тіршілiк-тынысының шектелуi (адамның өзiне өзi қызмет көрсету, өздiгiнен жүріп-тұру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, өзінің мiнез-құлқын бақылау, оқу немесе еңбек қызметiмен айналысу қабілетiн немесе мүмкiндiгiн толық немесе iшiнара жоғалтуы);
3) әлеуметтiк қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттігi негiз болып табылады.
Жас мөлшерiне қарай организмде пайда болатын өзгерістер мүгедектiк тобын белгiлеу үшiн негiз болмайды.
29. Тiршілiк-тынысының мынадай санаттарының бiрiнiң айқын білiнетiн шектелуiне не олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемiстіктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты едәуiр немесе айқын білiнетiн бұзылуы бiрiншi топтағы мүгедектiкте белгілеу үшін өлшем болып табылады:
үшіншi дәрежедегi өзiне өзi қызмет көрсету қабілетi;
үшіншi дәрежедегi жүріп-тұру қабілетi;
үшiнші дәрежедегі айналасын бағдарлай бiлу қабілеті;
үшіншi дәрежедегi қарым-қатынас жасау қабілетi;
үшiншi дәрежедегi өзінің мінез-құлқын бақылау қабiлетi.
30. Тiршілiк-тынысының мынадай санаттарының бiрiнiң білiнетiн шектелуiне не олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемiстiктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты бiлінетiн бұзылуы екiншi топтағы мүгедектікті белгілеу үшiн өлшем болып табылады:
екiнші дәрежедегі өзiне өзi қызмет көрсету қабілеті;
екiншi дәрежедегi жүріп-тұру қабілеті;
екiншi, үшіншi дәрежедегi еңбек қызметiне (еңбек етуге) қабiлетi;
екiншi, үшіншi дәрежедегi оқуға қабілетi;
екiншi дәрежедегi айналасын бағдарлау қабілетi;
екiншi дәрежедегi қарым-қатынас жасау қабiлетi;
екiншi дәрежедегi өзiнің мiнез-құлқын бақылау қабілетi.
31. Тiршілiк-тынысының мынадай санаттары бiрiнiң шамалы білiнетін шектелуiне немесе олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемiстiктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты шамалы бұзылуы үшiншi топтағы мүгедектiктi белгілеу үшін өлшем болып табылады:
бiрiншi дәрежедегi өзiне өзi қызмет көрсету қабілетi;
бiрiншi дәрежедегi жүрiп-тұру қабілетi;
бiрiншi дәрежедегi еңбек қызметіне (еңбек етуге) қабілетi;
бiрiншi дәрежедегi оқуға қабiлетi;
бiрiншi дәрежедегi айналасын бағдарлау қабілетi;
бiрiншi дәрежедегi қарым-қатынас жасау қабілетi;
бiрiншi дәрежедегi өзiнiң мінез-құлқын бақылау қабiлетi.
6. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне
қатысушының жалпы еңбек қабiлетiн жоғалту
дәрежесiн белгiлеу өлшемдерi
32. Жалпы еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi (бұдан әрi - ЖЕЖ) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің қатысушысына еңбек қабілетiн жоғалтуына (айрылуына) әкеп соққан оқиға (әлеуметтiк қатер) туындағанда белгіленедi.
33. Еңбек қабілетiн (жалпы) жоғалту дәрежесi - адамның жоғалтқан еңбек қабілетiне пайыздық қатынаспен көрсетілген, еңбек қызметін (кез келген білiксiз қызмет) орындау қабілетінен ауытқу мөлшерi.
34. Жалпы еңбек қабiлетiнен айырылу жағдайы орын алғанда мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушысына ЖЕЖ дәрежесi 30-дан 100 пайызға дейiн белгіленедi.
35. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің қатысушысына ЖЕЖ 2-қосымшада көзделген еңбек қабілетiнiң шектелуiне әкеп соқтырған организм функцияларының бұзылу дәрежесiне қарай мынадай жағдайларда:
1) организм функциялары еңбек қабiлетiнiң шамалы білiнетiн шектелуiне әкеп соғатын шамалы білiнетiн бұзылулары 30-дан 60 пайызға дейiн;
2) организм функциялары еңбек қабілетiнiң білiнетiн шектелуiне әкеп соғатын тұрақты білінетiн бұзылуында 60-тан 80 пайызға дейiн;
3) организм функциялары еңбек қабілетiнiң айқын білінетiн шектелуiне немесе оны жоғалтуға әкеп соқтыратын едәуiр немесе айқын білінетiн тұрақты бұзылғанда 80-нен 100 (қоса алғанда) пайызға дейiн белгіленедi.
7. Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқаруға байланысты
жарақат алған немесе денсаулығына өзге де зақым келген
қызметкердiң кәсiптiк еңбек қабiлетiн жоғалту
дәрежесiн белгiлеу өлшемдерi
36. Кәсіптік еңбек қабілетін жоғалту дәрежесi (бұдан әрi - КЕЖ) еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқаруға байланысты жарақат алған немесе денсаулығына өзге де зақым келген қызметкерге белгiленедi.
37. КЕЖ дәрежесi - жоғалтқан еңбек қабілетiне пайыздық қатынаспен көрсетілген, адамның нақты өндiрiстік жағдайларда белгілi бiр білiктілiктегi, көлемдегі және сападағы жұмысты орындау қабілетiнен ауытқу мөлшерi.
Қызметкердің бiрнеше кәсiбi болған жағдайда КЕЖ дәрежесiн белгiлеу кезiнде негiзгi кәсiбi деп оны орындаған кезде денсаулығына зақым келген немесе жұмыс стажы ұзақтау және ең жоғары білiктілiкке жеткен немесе арнайы білiм алу жолымен алған кәсiбiн есептеу керек.
38. Н-1 нысанындағы актімен расталған кәсiптiк еңбек қабілетiн жоғалту туындағанда адамның еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқаруға байланысты жарақат алған немесе денсаулығына өзге де зақым келген адамға КЕЖ дәрежесi 5-тен 100 пайызға дейiн белгіленеді.
39. Қызметкерлерге 2-қосымшада көзделген еңбек қабілетiн жоғалтуға әкеп соқтырған организм функцияларының бұзылу дәрежесi бойынша КЕЖ мынадай жағдайларда белгіленедi:
1) қызметкер өзiнің кәсiби қызметiн білiктілігінiң бiркелкi немесе шамалы төмендеуiмен, не атқаратын жұмысы көлемiнiң азайтылуымен, немесе егер, оның кәсiптiк қызметiн орындауы бұрынғыдан көп күш қажет ететiн жағдайда жалғастыра алса, кәсiби еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi 5-тен 30 пайызға дейiн белгіленедi;
2) егер қызметкер кәсiптiк қызметiн әдеттегі өндiрiстiк жағдайларда білiктілiгiнiң айқын төмендеуiнен не атқаратын жұмыс көлемiнiң азаюынан жалғастыра алған немесе ол егер кәсіптiк қызметiн организм функцияларының шамалы білiнетiн бұзылулары салдарынан жалғастыру қабілетiнен айрылған жағдайда, кәсiптік еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi 30-дан 60 пайызға дейiн белгіленедi;
3) егер қызметкер өзiнiң кәсiби қызметiн организм функцияларының білiнетiн бұзылуы салдарынан арнайы жасалған жағдайларда ғана атқара алатын жағдайда, кәсіптiк еңбек қабілетін жоғалту дәрежесi 60-тан 90 пайызға дейiн белгiленедi;
4) егер кез келген кәсiптiк қызмет түрiн арнайы жасалған жағдайларда да атқаруға нақты қарсы айғақтары болған кезде, қызметкер организм функцияларының айқын бұзушылықтары салдарынан кәсіптiк еңбек қабiлетiн толық жоғалтқан жағдайда, кәсiптiк еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi 100 пайыз болып белгiленедi.
40. Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқаруға байланысты алған жарақат немесе денсаулығының зақымдануы бұрыннан бар ауруының ағымын нашарлатып жiберген жағдайда, онда КЕЖ пайызы бұрынғы организм функциялары бұзылуының және еңбек қабілетiнiң шектелуiнiң білiну дәрежесiне орай белгiленедi.
41. Бiр жұмыс берушiде алған мертiгу немесе денсаулығының өзге де зақымдануы салдары кезiнде КЕЖ дәрежесi пайызбен организм функцияларының білiнетін бұзылулары мен еңбек қабілетiнiң шектелу дәрежесiне сәйкес келетiн мөлшер шегiнде белгіленедi. Егер денсаулықтың зақымдалуы, жарақаттар әр кәсiпорындарда алынған болса, КЕЖ дәрежесi әрбiр жағдай бойынша бөлек белгіленедi.