Тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру жөніндегі кейбір шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 16 сәуірдегі № 348 Қаулысы
(2008.12.11. берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2008 жылғы 23 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы № 1039 қаулысына сәйкес, тұрғын үй нарығындағы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігіне пәтерлерді сатып алуға Астана қаласының әкіміне аудару үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген резервінен 41000000000 (қырық бір миллиард) теңге сомасында нысаналы ағымдағы трансферттер бөлінсін.
2. Астана қаласының әкімі қолданыстағы заңнамаға сәйкес Астана қаласының құрылыс объектілеріндегі құрылыс салушылардан бір шаршы метр үшін құны 115000 (бір жүз он бес мың) теңгеден аспайтын пәтерлерді сатып алсын.
ҚР Үкіметінің 2008.12.11. № 1048 Қаулысымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ҚазАгро» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамдарына және олардың еншілес ұйымдарына заңнамада белгіленген тәртіппен Астана қаласының құрылыс объектілеріндегі пәтерлерді сатып алу ұсынылсын.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бөлінген қаражаттың мақсатты пайдалануын бақылауды қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |