Төтенше жағдайлар саласында бiлімді насихаттау, халықты және
мамандарды оқытып-үйрету, хабардар ету ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 ж. 17 қаңтардағы № 50 қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 18 қарашадағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 5 шілдедегi Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының ?кіметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Төтенше жағдайлар саласында білімдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, хабардар ету ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінiң
2003 жылғы 17 қаңтардағы
№ 50 қаулысымен
бекітілген
Төтенше жағдайлар саласында бiлімді насихаттау, халықты және
мамандарды оқытып-үйрету, хабардар ету ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже төтенше жағдайлар саласында білімдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, хабардар ету тәртібін белгілейдi.
2. Төтенше жағдайлар саласында халықты хабардар ету
2. Ұйымдар меншiк нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, қызметкерлерге және халыққа төтенше жағдайлардың туындау қаупi және туындауы туралы хабарлайды.
3. Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының аумақтық органдары жергiлiктi атқарушы органдармен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен өзара iс-әрекет жасай отырып, ведомствоға қарасты аумақтағы төтенше жағдайлар туралы ақпарат жинауды ұйымдастырады және ол туралы халыққа хабарлайды.
4. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында ақпаратты лауазымды адамдардың жасырып қалуына, мезгiлiнде бермеуiне немесе көрiнеу жалған ақпарат ұсынуына жол берiлмейдi.
5. Жергiлiктi атқарушы органдар қауiп-қатер фактiлерi мен төтенше жағдайлардың алдын алу және сол аумақтағы болуы ықтимал төтенше жағдайлардың сипатына сәйкес олардан қорғану жөніндегі қажеттi шаралар туралы халыққа және ұйымдарға тоқсан сайын хабарлайды.
6. Халыққа хабарлау үшiн хабарлау жүйесi пайдаланылады.
Хабарлау жүйесi дегенiмiз табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың қауiп-қатерi және туындауы туралы азаматтық қорғанысты басқару органдарына, авариялық-құтқару қызметтерiнiң күштерiне және халыққа қысқа мерзiм iшiнде ескерту беру жөніндегі құралдардың ұйымдастырушылық-техникалық бiрлестiгi.
Хабарланатын ақпарат ұйымдардың меншiк нысанына қарамастан, радио және сымды байланыстың арналары, радио хабарларын тарату мен теледидар және басқа да техникалық құралдар арқылы беріледi.
3. Төтенше жағдайлар саласында білімдi насихаттау
7. Төтенше жағдайлар саласында білімдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі iс-шараларға жатады.
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында білімдi насихаттауды орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, қоғамдық бiрлестiктер жүзеге асырады. Сондай-ақ білімдi насихаттау үшiн бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланылуы мүмкiн.
8. Төтенше жағдайлар саласында білімдi насихаттаудың міндеттерi:
1) халыққа табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғану тәсiлдерi мен құралдарын түсiндiру;
2) басшылардың, жұмысшылардың және қызметшiлердiң, азаматтық қорғаныс құралымдары жеке құрамының, бүкiл халықтың төтенше жағдайлардың iс-шараларына қатысуға жауапты көзқарасын тәрбиелеу жөніндегі шараларды түсiндiру;
3) басқару органдары, авариялық-құтқару қызметтерi және азаматтық қорғаныс күштерiнiң жеке құрамының, халықтың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезіндегі жанкештi әрекеттерiн насихаттау;
4) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде жинақталған оң тәжiрибенi қорыту және тарату;
5) бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкiндiктерiн пайдалану;
6) көрнекi үгiт-насихат (плакаттар мен билбордтар) жөнiнде жобалар әзiрлеу және енгізу, имидждік бейне- және аудиороликтердi, жарнамалық ұрандарды пайдалану болып табылады.
9. Төтенше жағдайлар саласында білімдi насихаттау мынадай негiз қалаушы қағидаттарға негiзделуi тиiс: ғылымилық, атаулылық, кешенділік, жүйелілік, жеделдiк, шынайылық.
10. Насихаттау нысандары мен әдiстерiн жұмыстың мазмұнына, оның нақты мақсаттары мен міндеттеріне, тыңдаушылар дайындығының деңгейiне және басқа да ерекшелiктерiне, насихат жүргiзiлетiн объектiнің, ұйымның және аумақтың ерекшелiгiне байланысты жетiлдiрiп және өзгертіп отыру қажет.
11. Насихаттау жұмысының практикалық нысандарына: ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар; лекциялар; баяндамалар; әңгiмелесулер; төтенше жағдайлар жөнiнде бейне- және кинофильмдер көрсету; байқау-конкурстар жатады.
12. Бiлiмдi насихаттауды жоспарлау негiзi азаматтық қорғаныс бастығының ағымдағы жылға арналған бұйрығымен бекітілген төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі iс-шаралар немесе төтенше жағдайлар жөніндегі жоғары тұрған органның ұйымдастырушылық-әдiстемелiк нұсқаулары болып табылады. Насихаттау жоспарының мақсаттары мен мiндеттерi жоспарланатын кезеңдегi жұмыстың басты бағытын анықтауы және төтенше жағдайлар саласында насихаттаудың неғұрлым орынды нысандары мен әдiстерiн белгiлеуi тиiс.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі iс-шараларды насихаттау жоспары мынадай бөлiмдердi қамтуы тиiс: мақсаттары мен мiндеттерi; ұйымдастыру iс-шаралары; бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау; қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, вербальдық және визуалдық әсер ету; қоғамдық ұйымдармен өзара iс-әрекет жасау.
4. Төтенше жағдайлар саласында халықты және мамандарды
оқытып-үйрету
13. Халықты және мамандарды оқытып-үйрету табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларда, құтқару жұмыстары мен басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзуде оларды кәсiби даярлау, iс-қимылға дағдыландыру, өзiне- және өзара көмек көрсетудiң негiзгi тәсiлдерi мен әдiстерiн үйрету, халық арасында болуы ықтимал шығынды барынша азайту, материалдық залалды төмендету мақсатында жүргiзiледi.
14. Халықты оқытып-үйрету мектепке дейiнгi және орта білім беру мекемелерiнде, жұмыс, оқу, тұратын орны бойынша ұйымдарда сабақтарда, жаттығуларда және арнайы оқу-жаттығулар жүргізу барысында бұқаралық ақпарат құралдарын кеңiнен пайдалана отырып, сондай-ақ өз бетiмен оқып-үйрену жолымен жүзеге асырылады.
Азаматтық қорғаныс құралымдарына кiрмейтiн персоналмен ұйымдарда бекітілген бағдарлама бойынша оқытылған тақырыптар көлемiнде сынақ қабылдай отырып, жоспарлы оқу-жаттығулар жүргізіледі.
Халықты оқытып-үйрету кезiнде "Баршаңыздың назарыңызға!" дабылы бойынша дұрыс iс-қимыл жасауға, өзiне- және өзара көмек көрсету әдiстерiне оқытып-үйретуге ерекше назар аудару қажет. Жұмыс iстейтiн халық кешендi жаттығуларға, объектiлiк жаттығуларға және жаттығулардың барлық түрлерiне тартылуы тиiс.
Жұмыс iстемейтiн халықты оқытып-үйрету олардың өз бетiнше жаднамаларды, буклеттердi, мерзiмдi баспасөз материалдарын оқуы, телерадио хабарларын көруi (тыңдауы), сондай-ақ оларды оқу-жаттығуларға және жаттығуларға тарту арқылы жүргiзiледi.
Оқу орындарының студенттерi мен оқушыларын оқытып-үйрету әрбiр санат үшiн оқыту бағдарламасында көзделген көлемдерде жүргiзiледi.
Жоғары оқу орындарында оқытып-үйрету "Тiршiлiк қауiпсiздiгi" бағдарламасына сәйкес жүргiзiлуi тиiс.
Жалпы білім беретiн мектептердiң барлық түрлерiнде оқытып-үйрету "Тiршiлiк қауiпсiздiгiнiң негiздерi" бағдарламасы бойынша жүргiзілуi тиiс.
Жалпы білім беретiн мектептердiң барлық түрлерiнде және кәсiптiк-техникалық мектептерде жыл сайын "Азаматтық қорғаныс күнiн" өткізу ұсынылады.
Сейсмикалық қауiптi аймақтарда немесе химиялық қауiптi объектiлерге жақын орналасқан ұйымдарда, оқу орындарында және мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде тоқсан сайын сейсмикалық жаттығулар немесе қатты әсер ететiн улы заттардың жайылуынан туындаған авариялар кезіндегі персоналдың, студенттердiң, оқушылардың, балалардың iс-қимылы бойынша жаттығулар жүргiзу қажет.
Сел қауiпi бар аудандарда орналасқан ұйымдарда, оқу орындарында сел қаупiнiң кезеңi басталар алдында жылына 1 рет сел жаттығуларын жүргiзу қажет.
15. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, республикалық мекемелердiң және ұйымдардың басшы құрамы, сондай-ақ жоғары, кәсiптiк орта оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар басқару органдарының мамандары белгiленген оқыту мерзiмдiлiгiне сәйкес Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының біліктіліктi арттыру оқу орындарында даярлау мен қайта даярлаудан өтедi.
Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың басшылары және олардың орынбасарлары, азаматтық қорғаныс құралымдарының командирлерi, ұйымдардағы caбaқ жүргiзу топтарының басшылары, бастауыш сыныптардың мұғалiмдерi және барлық үлгiдегi жалпы білім беру мектептерiнiң және кәсiптiк орта оқу орындарының алғашқы әскери дайындығын ұйымдастырушы мұғалiмдерi, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнiң меңгерушілерi, пәтер меншiктенушілер кооперативтерiнiң төрағалары, әлуеттi-қауiптi объектiлердің мамандары бекітілген бағдарлама бойынша Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының аумақтық органдарында даярлаудан және қайта даярлаудан өтедi.
Даярлаудың негiзi практикалық сабақтар мен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар болып табылады. Азаматтық қорғаныс құралымдарының жеке құрамы кешендi оқу-жаттығуларға, объектiлiк жаттығуларға, командалық-штабтық оқу-жаттығуларға, сейсмикалық және сел жаттығуларына, авариялық жағдайлар жөнiндегі жаттығуларға қатысуға тиiс.
Азаматтық қорғаныс құралымдарының жеке құрамымен хабарлау және жинау жөнiнде кемiнде жылына eкі рет жаттығу жүргізу қажет.
16. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында кадрларды кәсiптiк оқытып-үйрету Қазақстан Республикасының жоғары және кәсiптiк орта оқу орындарында бекітілген мамандықтар мен білім беру стандарттарына сәйкес жүргiзiледi.