Тарифтік жеңілдіктер беру туралы
хаттама
(Москва қ., 2008 жыл 12 желтоқсанда)
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды
ҚР 2009 жылғы 24 қарашадағы № 204-ІV Заңымен ратификацияланды
2010 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 5 және 6-баптарының ережелерін негізге ала отырып,
экономикалық ықпалдасуды тереңдетуге жәрдемдесу және адал бәсекелестікті жүзеге асыру мақсатында,
халықаралық сауданың жалпыға бірдей қабылданған нормалары мен ережелерін басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілері туралы келісті:
1-бап
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумағына немесе кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты ұсынылатын тарифтік жеңілдіктер тауарлардың шыққан еліне қарамастан қолданылады.
2-бап
Кеден одағы комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) тауарларды Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумағына немесе Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумағына әкелу кезінде Бірыңғай кедендік тарифті жүргізу жөніндегі Тараптардың өкілеттіктерін ұсынған күннен бастап 2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 5-бабында және 6-бабының 1-тармағында көзделмеген жағдайларда ымырашылдықпен қабылданатын Комиссия шешімдерінің негізінде ғана жүзеге асырылады.
3-бап
Осы Хаттама күшіне енген күнінен бастап Комиссияға Бірыңғай кедендік тарифті жүргізу жөніндегі өкілеттіктер ұсынылған күнге дейінгі кезеңде:
Тараптар Комиссияға олардың қолданатын тарифтік жеңілдіктері және тарифтік жеңілдіктерді қолдану мәселелері бойынша Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына өзгерістер енгізу туралы хабарлайды;
Комиссия тарифтік жеңілдіктерді қолдану мәселелері бойынша Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына салыстырмалы талдау жүргізеді және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 5-бабында және 6-бабының 1-тармағында көзделмеген тарифтік жеңілдіктерді қолдану жағдайларына қатысты уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында Тараптармен келіссөздер жүргізуді ұйымдастырады.
4-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Хаттамаға жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
5-бап
Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздер жүргізуі жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
6-бап
Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне енуі, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2008 жылғы 12 желтоқсанда Москва қаласында орыс тіліндегі жалғыз түпнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Комиссия депозитарийінің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |