Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 28 қаңтардағы
№ 50 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 ақпандағы № 117 Қаулысы
(2008.11.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2008 жылғы 21 қарашадағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Экономиканың мемлекеттік секторын басқаруда мемлекеттің мүдделерін одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 28 қаңтардағы № 50 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Самұрық» холдингі» АҚ) құрылсын.
2. Акциялары «Самұрық» холдингі» АҚ-тың меншігіндегі акционерлік қоғамдарды тиімді басқаруды қамтамасыз ету оның қызметінің негізгі мәні болып белгіленсін.
3. Қоса беріліп отырған «Самұрық» холдингі» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары туралы меморандум бекітілсін.
4. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне «Самұрық» холдингі» АҚ-тың жарғылық капиталын қалыптастыру үшін 2006 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 70000000 (жетпіс миллион) теңге бөлінсін.
5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Yкіметінің резервінен бөлінетін қаражат есебінен «Самұрық» холдингі» АҚ-тың орналастырылатын акцияларына ақы төлеуді;
2) «Самұрық» холдинг» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары туралы меморандумның ережелерін ескере отырып, «Самұрық» холдингі» АҚ-тың Жарғысын бекітуді;
3) «Самұрық» холдингі» АҚ-ты Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
4) «Самұрық» холдингі» АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне беруді;
5) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
6. Қоса беріліп отырған акцияларының мемлекеттік пакеттері «Самұрық» холдингі» АҚ-тың орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берілетін ұлттық компаниялардың (бұдан әрі - ұлттық компаниялар) тізбесі бекітілсін.
7. Ұлттық компаниялар заңнамада белгіленген тәртіппен «Самұрық» холдингі» АҚ-тың орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге берілетін акциялардың мемлекеттік пакеттерін бағалауды жүргізсін.
8. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, осы қаулының 5 және 7-тармақтарында көрсетілген іс-шаралар орындалғаннан кейін «Самұрық» холдингі» АҚ-тың жарияланған акцияларының санын ұлғайтуды және ұлттық компаниялар акцияларының мемлекеттік пакеттерін беру арқылы орналастырылатын акцияларға ақы төлеуді қамтамасыз етсін.
9. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде «Самұрық» холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің құрамы жөнінде ұсыныстар енгізсін.
10. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
«Астана қаласы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-70-жолмен толықтырылсын:
«21-70. «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» АҚ»;
2) «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулыға қосымшада «Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 268-3-жолмен толықтырылсын:
«268-3. «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» АҚ».
11. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі апта мерзімде жоғарыда аталған Жарлыққа және осы қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізсін.
12. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары К.Қ. Мәсімовке жүктелсін.
13. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 23 ақпандағы
№ 117 қаулысымен
Бекітілген
«Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегi
қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамы қызметінің негізгi
қағидаттары туралы меморандум
1. Құру мақсаты
«Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамын (бұдан әрі - «Самұрық» холдингі» АҚ) құрудың мақсаты корпоративтік басқаруды жетілдіру жолымен Қазақстан Республикасының мемлекет қатысатын компаниялардың ұзақ мерзімді құндылығын барынша арттыру болып табылады.
«Самұрық» холдингі» АҚ-қа Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне сәйкес ұлттық компаниялар, өзге де акционерлік қоғамдар (бұдан әрі - Компаниялар) акцияларының мемлекеттік пакеттері беріледі.
2. «Самұрық» холдингі» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары
ҚР Үкіметінің 2006.06.12. № 1179 Қаулысымен 2-бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара)
«Самұрық» холдингі» АҚ-тың мақсаттарға қол жеткізуі қызметінің мынадай негізгі қағидаттарына негізделетін болады:
Компаниялар қызметінің бәсекеге қабілеттілігін және экономикалық тиімділігін арттыру;
Компанияларды корпоративтік басқарудың әлемдік үздік практикасын енгізу;
Компанияларды дамыту жөніндегі орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізуде Қазақстан Республикасының Үкіметіне жәрдемдесу.
ұлттық және салааралық ауқымдағы тұжырымдамалық инвестициялық шешімдерді әзірлеу;
инвестициялық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету.
Қызметтің осы негізгі қағидаттарын іске асыру «Самұрық» холдингі» АҚ-тың акционер функцияларын жүзеге асыру және тиісті директорлар кеңестерінде өкілдік ету және инвестициялық функцияларды орындау арқылы Компанияларды дамытуға белсенді қатысуы жолымен жүзеге асырылатын болады.
3. «Самұрық» холдингі» АҚ-тың функциялары
ҚР Үкіметінің 2006.06.12. № 1179 (бұр. ред. қара); ҚР Үкіметінің 2007.07.05. № 363 (бұр. ред. қара) Қаулылармен 3-бөлім өзгертілді
«Самұрық» холдингі» АҚ-тың негізгі функциялары Компанияларды олардың директорлар кеңестері арқылы корпоративтік басқаруды жүзеге асыру шеңберінде мыналар болып табылады:
әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімді жоспарларын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды ескере отырып, Мамандандырылған Кеңес қабылдаған «Самұрық» холдингі» АҚ-ны дамыту мәселелері жөніндегі шешімдер негізінде Компаниялар үшін мақсаттар қою;
алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін Компаниялардың орта мерзімді бизнес-жоспарларын, инвестициялық бағдарламаларын және жылдық бюджеттерін бекіту;
Компаниялар тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін қарау және айқындау;
мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету, оның ішінде Компаниялардың қаржылық нәтижелерін барынша арттыру;
Компаниялар алға қойылған мақсаттар мен тиімділік көрсеткіштерін орындамаған жағдайда түзету шараларын қабылдауды қамтамасыз ету;
Компаниялар басшыларын іріктеу және уәждемелеу;
Компаниялар қызметі нәтижелерінің мониторингі;
Компаниялар аудитін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету.
«Самұрық» холдингі» АҚ Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін корпоративтік қаржы мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлейді, сондай-ақ мынадай инвестициялық функцияларды іске асырады:
ұлттық және салааралық ауқымдағы тұжырымдамалық инвестициялық шешімдерді және тиісті ТЭН әзірлеу;
жобаларды сүйемелдеу және оларға қатысушыларды құрылымдау;
жобаларды бірлесіп қаржыландыру.
4. «Самұрық» холдингі» АҚ-ты басқару мәселелерi
ҚР Үкіметінің 2006.06.12. № 1179 (бұр. ред. қара) ; 2007.24.09. № 829 (бұр.ред.қара); 2007.19.11. № 1103 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен 4-бөлім өзгертілді
Мемлекет Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан «Самұрық» холдингі» АҚ-тың жалғыз акционері болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі «Самұрық» холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің дербес құрамын айқындайды.
«Самұрық» холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы, Энергетика және минералдық ресурстар, Индустрия және сауда министрліктері бірінші басшылары, тәуелсіз директорлар, «Самұрық» холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасы және өзге де тұлғалар кіреді.
«Самұрық» холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің құзыретіне мыналар жатады:
«Самұрық» холдингі» АҚ қызметінің басым бағыттарын айқындау;
«Самұрық» холдингі» АҚ қызметінің мақсаттарын қою;
«Самұрық» холдингі» АҚ-тың бюджетін бекіту;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер.
«Самұрық» холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің жанынан комитеттер, оның ішінде Аудит комитеті құрылуы мүмкін.
«Самұрық» холдингі» АҚ-тың қызметін қаржыландыру жарғылық капиталдың қаражаты мен Компаниялардан түсетін дивидендтер есебінен қалыптастырылатын кірістер және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге көздер есебінен жүзеге асырылады. Компаниялардың акциялары пакеттерін сатудан түскен кірістер де инвестициялық қызметті қаржыландыруға жіберіледі.
ҚР Үкіметінің 2007.07.05. № 363 Қаулысымен 5-бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара); ҚР Үкіметінің 2008.11.06. № 576 қаулысымен 5-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Самұрық»
холдингі» АҚ арасындағы өзара қарым-қатынастар
Қазақстан Республикасының Yкіметі мен «Самұрық» холдингі» АҚ арасындағы өзара қарым-қатынастар құрылуы туралы шешімді және қызметі туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының Yкіметі жанындағы консультативтік-кеңесшісі орган - Мамандандырылған Кеңес арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары басқаратын Мамандандырылған Кеңестің құрамына Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы министрліктерінің, салалық орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары және өзге де тұлғалар кіреді. Мамандандырылған Кеңес бір айда бір рет орта мерзімді негізде Компанияларды басқару жөніндегі негізін қалаушы мақсаттар мен міндеттер бойынша ұсынымдар әзірлеуді жүзеге асырады және мақсаттар мен қаржылық нәтижелерге қол жеткізуді бағалауды жүргізеді.
Мамандандырылған Кеңес өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады және кемінде екі жылда бір рет отырыс өткізеді. Мамандандырылған Кеңестің қызметін ұйымдық-ақпараттық қамтамасыз етуді Мамандандырылған Кеңестің қызметі туралы ережеде айқындалған жұмыс органы жүзеге асырады.
Компаниялардың қызметіне мемлекеттік органдардың олардың бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын орындауына негізделмеген араласуына жол берілмейді.
6. «Самұрық» холдингі» АҚ пен Компаниялар арасындағы
өзара қарым-қатынастар
«Самұрық» холдингі» АҚ пен Компаниялардың өзара қарым-қатынастары оның жоғарыда көрсетілген функцияларымен айқындалады. Бұл ретте «Самұрық» холдингі» АҚ-тың Компаниялардың қызметіне ықпал етуі акционер функцияларын жүзеге асыру және Компаниялардың тиісті директорлар кеңестерінде өкілдік ету арқылы корпоративтік басқару шеңберімен шектеледі.
Компаниялардың директорлар кеңестерінің құрамына «Самұрық» холдингі» АҚ-тың өкілдері, тәуелсіз директорлар, сондай-ақ тиісті салалық орталық атқарушы органның бір өкілі кіреді. «Самұрық» холдингі» АҚ қажетті дауыстар санына ие болған жағдайда «Самұрық» холдингі» АҚ-тың өкілі Компаниялардың директорлар кеңестерінің төрағасы болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2007.18.10. № 964 Қаулысымен тізбе өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 23 ақпандағы
№ 117 қаулысымен
бекітілген
Акцияларының мемлекеттік пакеттері «Самұрық»
мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық
холдингі» акционерлік қоғамына берілетін ұлттық
компаниялардың тізбесi
р/с № | Атауы | Акциялардың мемлекеттік пакетi |
1 | «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы | 100% |
2 | ҚР Үкіметінің 2007.18.10. № 964 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара) |
3 | «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» «KEGOC» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) акционерлік қоғамы | 100% |
4 | «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы | 50% + 1 акция |
5 | «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы | 100% |