Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы
Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
келісім
(Братислава қ., 2007 жылы 21 қараша)
ҚР 2016 жылғы 15 наурыздағы № 472-V Заңымен ратификацияланды
2016 жылғы 29 маусымда күшіне енеді
Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі,
екі Уағдаласушы елдің өзара пайдасы үшін экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге тілек білдіре отырып,
екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің инвесторлары үшін қолайлы жағдайлар жасауға және оларды ұстап тұруға ниет білдіре отырып,
осы Келісім негізінде мұндай инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау осы саладағы іскерлік бастамаларды ынталандыратынын ұғына отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсатында:
1. «Инвестициялар» термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестициялайтын активтердің барлық түрлерін білдіреді және атап айтқанда, бұларды ғана емес, мыналарды:
(а) жылжымалы және жылжымайтын мүлік немесе кепілге салу, жалға алу немесе кепіл сияқты мүліктік құқықтарды;
(b) компаниялардағы үлестерді, акцияларды, борыштық міндеттемелерді және қатысудың кез келген басқа да нысандарын;
(c) келісімшартқа сәйкес экономикалық құндылығы бар ақшалай талаптарды немесе жұмыстарды кез келген орындауды;
(d) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес авторлық құқықтарға, патенттерге, өнеркәсіптік үлгілерге немесе модельдерге, техникалық процестерге, сауда белгілері мен қызмет көрсету белгілеріне, сауда маркалары мен ноу-хауға және гуд виллге қатысты құқықтарды және басқа да құқықтарды қоса алғанда, зияткерлік меншік құқықтарын;
(е) табиғи ресурстарды зерттеуге, жаңғыртуға, алуға немесе пайдалануға арналған концессияларды қоса алғанда, заңнамаға сәйкес немесе келісімшартқа сай ұсынылған, экономикалық құндылығы бар концессияларды қамтуы мүмкін.
Активтер инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысанды кез келген өзгерту олардың инвестициялар ретіндегі сипатын қозғамауға тиіс.
2. «Кіріс» термині инвестициялардан алынған соманы білдіреді және атап айтқанда, бұларды ғана емес, пайданы, пайыздарды, дивиденттерді, роялтиді, лицензиялық өтемақыларды және басқа да сыйақыларды қамтиды.
3. «Инвестор» термині екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында мұндай Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің кез келген жеке немесе заңды тұлғасын білдіреді:
(а) «жеке тұлға» термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын және осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыруға құқылы кез келген жеке тұлғаны білдіреді, және
(b) «заңды тұлға» термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған және тіркелген кез келген заңды тұлғаны білдіреді.
4. «Аумақ» термині:
Қазақстан Республикасына қатысты - мемлекет халықаралық құқыққа сәйкес оларға егемендігін жүзеге асыратын және заңды құзырын қолданатын құрлықты, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, мемлекеттің құрлық, теңіз және әуе шекаралары шегіндегі аумағын;
Словак Республикасына қатысты - мемлекет халықаралық құқыққа сәйкес оларға егемендігін, егемендік құқықтарын жүзеге асыратын және заңды құзырын қолданатын жер аумақтарын, ішкі суларды және олардың үстіндегі әуе кеңістігін білдіреді.
5. «Еркін айырбасталатын валюта» халықаралық мәмілелер үшін төлемдерді жүзеге асыруға кеңінен пайдаланылатын және негізгі халықаралық валюта нарығында кеңінен алмастырылатын валютаны білдіреді.
2-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеті инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және олар үшін қолайлы жағдайлар жасайды және өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай инвестицияларды таниды.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеті инвесторларының инвестицияларына және инвестицияларынан түсетін кірістерге әділ әрі тең құқылы режимді және толық қорғауды және қауіпсіздікті ұсынады.
3. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеті инвесторларының инвестицияларын басқаруды, қолдауды, пайдалануды, иеленуді немесе басқаша билік етуді жөнсіз немесе кемсітушілік шаралармен ешқандай түрде бұзбайтын болады.
3-бап
Ұлттық режим және неғұрлым қолайлы режим
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына және олардың инвестициялары мен инвестицияларынан түсетін кірістеріне өзінің жеке инвесторларына не үшінші мемлекеттің инвесторлары мен олардың инвестицияларына инвестицияларды ұлғайтуға, басқаруға, қолдауға, пайдалануға, иеленуге, сатуға немесе басқаша билік етуге қатысты ұсынған режимнен қолайлылығы кем емес режимді ұсынады.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына және олардың инвестицияларына және инвестицияларынан түсетін кірістеріне осы баптың 1-тармағына сәйкес неғұрлым қолайлы болып табылатын режимді ұсынады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері кез келген Уағдаласушы Тарап өзінің мүшелігіне немесе кедендік, экономикалық немесе монетарлық одақ, бірыңғай нарық немесе еркін сауда аймағы бойынша міндеттемелеріне байланысты берілген кез келген режимнің барлық қолданыстағы немесе болашақтағы артықшылықтарына; өз инвесторларына, осындай одаққа, бірыңғай нарыққа немесе еркін сауда аймағына мүше мемлекеттердің немесе кез келген басқа үшінші мемлекеттің инвесторларына қолданылмайды.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Уағдаласушы Тараптардың кез келгені Қосарланған салық салуды болғызбау туралы келісімнің немесе толық немесе ішінара салық салу мәселелеріне қатысты кез келген келісімнің негізінде үшінші мемлекеттің инвесторларына беретін кез келген артықшылықтарға қолданылмайды.
4-бап
Залалдарды өтеу
1. Екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестициялары әскери немесе басқа да қарулы қақтығыстың, төңкерістің, көтерілістің, бүліктің, ұлттық төтенше жағдай жай-күйінің немесе азаматтық толқулардың салдарынан залал шеккен бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына екінші Уағдаласушы Тарап реституцияға, орнын толтыруға, өтемге немесе басқа да реттеу нысандарына қатысты екінші Уағдаласушы Тарап инвестор үшін неғұрлым қолайлы болып табылатын, өз инвесторларына немесе үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режимді ұсынады.
2. Осы баптың 1-тармағына нұқсан келтірместен:
(а) екінші Уағдаласушы Тараптың олардың меншігін реквизициялауы, немесе
(b) әскери іс-қимылдардан туындамаған немесе жағдайдың қажеттілігімен талап етілмеген, екінші Уағдаласушы Тараптың олардың меншігін бұзуы салдарынан екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында көрсетілген тармақта айтылған кез келген жағдайларда шығынды көтеретін бір Уағдаласушы Тараптың инвесторлары,
дәл осындай мән-жайларда екінші Уағдаласушы Тараптың немесе үшінші мемлекеттің инвесторы алатыннан қолайлылығы кем емес реституция немесе барабар өтемақы алады.
5-бап
Экспроприация
1. Бір Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторларының инвестициялары ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекеттік мақсатта кемсітушіліксіз негізде және дереу, барабар және тиімді өтемақымен қабылданатын шаралардан басқа, екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында экспроприацияланбауға, мемлекет иелігіне алынбауға, реквизицияланбауға немесе басқаша түрде экспроприациялаумен, мемлекет иелігіне алумен немесе реквизициялаумен (бұдан әрі - экспроприация) бірдей әсері болатын кез келген басқа шараларға ұшырамауға тиіс.
2. Өтемақы экспроприация өтетін күннің алдындағы күнге не экспроприация барынша ертерек болып табылатыны жалпыға белгілі болғанға дейінгі экпроприацияланған инвестициялардың нарықтық құнына тең болуға тиіс. Мұндай өтемақы экспроприациялау күнінен бастап төлем күніне дейін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық мөлшерлеме бойынша пайызды қамтуға тиіс. Өтемақы инвестор инвестицияны жүзеге асырған валютамен немесе инвестордың келісімімен кез келген басқа валютамен төленуге тиіс. Өтемақы толық іске асырылатын және шектелмей әрі артық кідіртілмей еркін аударылатын болуға тиіс.
3. Экспроприациялаудан залал шеккен кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторының өз ісін екінші Уағдаласушы Тараптың сот немесе өзге де құзыретті және тәуелсіз билік органдарының шұғыл қарауына немесе өз инвестицияларының осы бапта белгіленген ережелерге сәйкес бағалануына құқығы бар.
4. Уағдаласушы Тарап осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелген немесе құрылған және екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторларының үлестері бар компания активтерін экспроприациялаған жағдайларда осы баптың ережелері дереу, барабар және тиімді өтемақыны қамтамасыз ету үшін қажетті шектерде қолданылатын болады.
6-бап
Аударымдар
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына олар қаржылық міндеттемелерді орындағаннан кейін, өздерінің инвестицияларымен байланысты негізгі сомалар мен кірістерді қоса алғанда, төлемдерді еркін аударуға кепілдік береді. Мұндай төлемдер, атап айтқанда, бұларды ғана емес, мыналарды:
(а) инвестицияларды қолдау және дамыту үшін бастапқы капиталды және қосымша сомаларды;
(b) кірістерді;
(c) инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан немесе жоюдан алынған түсімді;
(d) қарыз туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылатын төлемдерді қоса алғанда, келісімшарт бойынша төлемдерді;
(е) 4 және 5-баптарға сәйкес өтемақыны;
(f) дауларды шешуге байланысты төлемдерді;
(g) инвестицияларға байланысты шетелде жалданған персоналға төленетін жалақы мен басқа да сыйақыларды қамтуға тиіс.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы баптың 1-тармағында айтылған аударымды аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың аударым күні қолданыста болған нарықтық валюталық бағам бойынша еркін айырбасталатын валютамен жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс.
3. Шетелдік валютаны айырбастау нарығы болмаған кезде Халықаралық валюта қорының қағидаларына сәйкес айқындалған валютаның соңғы бағамы қолданылатын бағам болуға тиіс.
4. Алайда әрбір Уағдаласушы Тарап осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылатын аударымдарды:
(a) қабылдайтын Уағдаласушы Тарап үшін елеулі макроэкономикалық қиындықтар немесе төлем балансы бойынша елеулі қиындықтар сияқты ерекше мән-жайларда қабылдануы мүмкін қажетті уақыт кезеңінде қорғау шараларын қабылдауға;
(b) банкроттыққа, төлем қабілетсіздікке немесе кредит берушілердің құқықтарын қорғауға;
(c) бағалы қағаздарды, фьючерстерді, опциондарды және туынды қаржы құралдарын шығаруға, сатуға немесе олармен операцияларға;
(d) құқық бұзушылықтарға;
(е) қаржылық есептілікке немесе заңды жүзеге асыруға немесе қаржылық бақылау органдарына жәрдемдесу қажет болған кезде аударымдардың есебін жүргізуге;
(f) валюталық операцияларға;
(g) сот процестерінде үкімдерді, бұйрықтарды немесе сот шешімдерін орындауды қамтамасыз етуге;
(h) төленбеген салықтарға және басқа да міндетті төлемдерге жататын өз ұлттық заңнамасын тең құқылы, кемсітушіліксіз және әділ қолдану жолымен алдын алады не шектей алады.
5.4-тармақтың (а) тармақшасында аталған шаралар жөнсіз не кемсітетін болмауға тиіс, шектеулі уақыт кезеңінде жүзеге асырылуға және төлем балансының жағдайына байланысты қиындықтарды реттеу үшін қажетті шаралардан аспауға тиіс. Осы бапқа сәйкес шараларды белгілейтін Уағдаласушы Тарап осы шараларды қабылдау туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа дереу хабарлайды.
7-бап
Суброгациялар
1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе ол айқындаған агенттік екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларға қатысты берілген кепілдіктер немесе өтемдер бойынша өзінің инвесторларына төлемдерді жүзеге асырса, екінші Уағдаласушы Тарап:
(а) мұндай инвестордың кез келген құқықтары мен талаптарының бұрынғы Уағдаласушы Тарапқа немесе ол айқындаған агенттікке ауысуын; және
(b) алдыңғы Уағдаласушы Тарапқа немесе ол айқындаған агенттікке суброгацияға байланысты сол инвесторлардың құқықтарын жүзеге асыру және талаптарын орындау құқығы берілетінін мойындауға тиіс.
2. Суброгацияланған құқықтар немесе талаптар инвестордың бастапқы құқықтарынан немесе талаптарынан аспауға тиіс.
8-бап
Уағдаласушы Тарап пен екінші
Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторы
арасындағы инвестициялық дауларды реттеу
1. Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторының арасындағы инвестицияларға қатысты кез келген дауды даудың тараптары мүмкіндігінше достық сипатта шешуге тиіс.
2. Егер дау кез келген Уағдаласушы Тараптың дау туралы хабарлама жасаған күнінен бастап алты (6) ай ішінде шешілмеген болса, ол инвестордың немесе дау тараптарының талабы мен таңдауы бойынша:
(a) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың жергілікті құзыретті сотына, немесе
(b) 1965 жылғы 18 наурыздағы Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке немесе заңы тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға (бұдан әрі - Вашингтон Конвенциясы) сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықта; немесе
(c) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелік қағидасына сәйкес құрылатын «ad hoc» төрелік сотына берілуге тиіс.
3. Дауды жергілікті соттың қарауына жіберген инвестор, егер жергілікті сот қарау нысанасы бойынша шешім шығарғанға дейін инвестор ұлттық сот рәсімдері арқылы істі одан әрі жалғастырмайтындығын жарияласа және істі қайтарса, осы баптың 2-тармағының (b) тармақшасында немесе 2-тармағының (с) тармақшасында аталған төрелік трибуналға жүгінуіне де болады.
4. Вашингтон Конвенциясының 26-бабына нұқсан келтірместен әрбір Уағдаласушы Тарап осы арқылы осындай Уағдаласушы Тарап пен екінші Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы дауды осы бапқа сәйкес реттеу үшін төрелікке ұсынуға өз келісімін береді.
5. Төрешінің шешімі дау тараптары үшін түпкілікті және міндетті болуға тиіс. Әрбір Уағдаласушы Тарап мұндай шешімді дереу орындауға және өз мемлекетінің аумағында мұндай шешімдерді тиімді орындауды қамтамасыз етуге тиіс.
9-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды реттеу
1. Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мүмкіндігінше консультациялар арқылы шешіледі.
2. Егер дау бұлайша шешілмейтін болса, мұндай консультацияларға кез келген Уағдаласушы Тарап жазбаша нысанда сұрау салған күннен бастап алты ай ішінде осы баптың ережелеріне сәйкес ол «ad hoc» төрелік сотына (бұдан әрі - төрелік сот) ұсынылуға тиіс.
3. Мұндай төрелік сот әрбір жеке іс үшін мынадай түрде құрылады: төрелік ету туралы өтінішті алғаннан кейін екі (2) ай ішінде әрбір Уағдаласушы Тарап төрелік соттың бір мүшесін тағайындайды. Одан кейін бұл екі мүше екі Уағдаласушы Тарап мақұлдағаннан кейін басқа екі мүше тағайындалған күннен бастап төрт (4) ай ішінде тағайындалатын үшінші мемлекеттің азаматын Сот Төрағасы етіп сайлауға тиіс.
4. Егер осы баптың 3-тармағында айқындалған кезең ішінде қажетті тағайындаулар жасалмаса, кез келген Уағдаласушы Тарап кез келген басқа келісім болмағанда, БҰҰ Халықаралық сотының Төрағасына осындай тағайындау жасауға сұрау сала алады. Егер Төраға кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылса немесе көрсетілген функцияны орындауға өзге де жағдай кедергі келтірсе, онда БҰҰ Халықаралық сотының Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылмайтын, лауазымы бойынша жоғары келесі мүшесі қажетті тағайындауды жасауға шақырылуға тиіс.
5. Төрелік сот шешімді көпшілік дауыспен қабылдауға тиіс. Мұндай шешім екі Уағдаласушы Тарап үшін түпкілікті және міндетті болуға тиіс. Әрбір Уағдаласушы Тарап төрелік процесте өз төрешісінің және оның өкілдігінің шығыстарын көтереді. Екі Уағдаласушы Тарап Төраға шығыстарын тең үлеспен көтереді. Алайда, төрелік сот өз қалауы бойынша шығыстардың басым бөлігін немесе барлық шығыстарды бір Уағдаласушы Тарап төлейді деп ұйғаруы мүмкін. Барлық қалған қатынастарда төрелік сот өз рәсімін айқындайды.
6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген дауға қатысты барлық мәселелер осы Келісімнің ережелеріне және халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттарына сәйкес шешілуге тиіс.
10-бап
Консультациялар
Кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша екінші Уағдаласушы Тарап осы Келісімді түсіндіру және/немесе қолдану жөнінде консультацияларды өткізуге дереу келіседі.
11-бап
Басқа да қағидаларды және арнайы міндеттемелерді қолдану
1. Егер кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасының немесе Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың нормаларында екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары жүзеге асыратын инвестицияларға осы Келісімде ұсынылатыннан неғұрлым қолайлы режим беретін жалпы немесе айрықша қағидаларды қамтитын болса, онда неғұрлым қолайлы режим ұсынылады.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларына қатысты өзіне алған міндеттемелерді сақтауға кепілдік береді.
12-бап
Осы келісімнің қолданылуы
Осы Келісім кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісім күшіне енгенге дейін де және енгеннен кейін де жүзеге асырған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ ол күшіне енгенге дейін туындаған және (немесе) реттелген инвестицияларға жататын кез келген дауға немесе талапқа қолданылмайды.
13-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша нысанда бірін-бірі хабардар ететін дипломатиялық арналар арқылы соңғы хабарлама алынған күннен бастап тоқсаныншы (90) күні күшіне енеді.
2. Осы Келісім он (10) жылға жасалады және ол өткен соң егер қандай да бір Уағдаласушы Тарап болжалды шығу күніне дейін кемінде 12 ай бұрын осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа алдын ала жазбаша хабарлама жібермесе, белгіленбеген мерзімге ұзартылады.
3. Осы Келісім тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты 1-12-баптардың ережелері осы Келісім тоқтатылған күннен бастап одан арғы 10 (он) жыл кезеңде күшінде болады.
4. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осыны растай отырып, тиісті түрде өкілеттік берілген төменде қол қойғандар, осы Келісімге қол қойды.
2007 жылғы 21 қарашада Братислава қаласында әрқайсысы қазақ словак, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін негізге алынады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Ғалым Оразбақов Индустрия және сауда министрі | Словак Республикасының Үкіметі үшін Ян Почиатек Қаржы министрі |