Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу мен концессионерді
таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережелерін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 қазандағы № 921 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 10 желтоқсандағы № 1343 Қаулысымен күші жойылды
«Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу ережесі;
2) Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережесі бекітілсін.
2. «Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу мен объектілерді концессияға беру жөніндегі конкурсты өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 814 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2008 жылғы 6 қазандағы № 921
қаулысымен
бекітілген
Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстар беру, қарау және іріктеу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстар беру, қарау және іріктеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.
2. Ереже концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстар беру, қарау және іріктеу тәртібін анықтайды.
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
1) жобаның ақпараттық парағы - жоба бойынша экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары беретін негізгі ақпаратты қамтитын құжат;
2) концессиялық ұсынысты салалық сараптау жобаның тұжырымдамасын тиісті саланың дамуына және қажеттілігіне сәйкестігі, сондай-ақ жобаны іске асырудың неғұрлым оңтайлы нұсқасын таңдау тұрғысынан бағалау;
3) техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеуге арналған техникалық тапсырма - концессиялық жобаның ТЭН-іне қойылатын талаптарды, оның әлеуетті әзірлеушісіне қойылатын біліктілік талаптарды айқындайтын, сондай-ақ ТЭН әзірлеу жөніндегі жұмыстардың көлемін және осы жұмыстардың орындалу мерзімін регламенттейтін құжат.
4. Орта мерзімді кезеңге концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін (бұдан әрі - тізбе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми жариялануға тиіс.
2. Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстар беру тәртібі
5. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және облыстардың республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары концессиялық ұсыныстарды, оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырады.
6. Жеке және заңды тұлғалар объектілерді концессияға беру жөніндегі ұсыныстарды жеке бастама тәртібімен:
республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша - тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдарына;
тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық меншігіне жататын концессия объектілері бойынша - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына енгізеді.
7. Жеке және заңды тұлғалар еркін жазбаша нысанда жобаның әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін көрсететін мақсатын қамтитын жоба туралы қысқаша ақпаратты енгізеді.
8. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы республикалық меншікке жататын және Заңның 16-бабының 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектілері бойынша ұсыныстарды республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісуі тиіс.
9. Республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессияның нақты қолда бар объектісі бойынша концессиялық ұсынысты келісуден бас тартқан жағдайда тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, осы мәселе бойынша жұмыс бабындағы кеңесті шақыра алады.
Егер жұмыс бабындағы кеңеске қатысушылар ортақ пікірге келмесе, республикалық меншікке жататын қолда бар концессия объектісі бойынша ұсыныс қаралмайды.
10. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жоспарланып отырған орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың 1 ақпанына дейін концессиялық ұсыныстарды осы Ереженің 11-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса беріп, экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.
11. Концессиялық ұсыныс мынадай құжаттардан тұрады:
1) жобаның ақпарат парағы;
2) концессиялық ұсыныстың салалық сараптамасы;
3) концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге арналған техникалық тапсырма;
4) концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеу және оған сараптама жүргізу құнын негіздейтін ақпарат.
Ақпарат парағы өзінің негізгі қаржы өлшемдерін қоса алғанда, жоба бойынша жалпы ақпаратты қамтиды.
12. Концессиялық жобалардың салалық сараптамасы:
1) саланың одан әрі дамуына әсер ететін ағымдағы жағдайынын проблемаларын:
2) концессиялық жоба мақсаттарының саланы дамытудың республиканың немесе өңірдің стратегиялық, орта мерзімді бағдарламаларында, даму жоспарларында белгіленген басымдықтарына сәйкестігін, сондай-ақ салада бар проблемалардың шешілуін;
3) концессионер мен концессионер ұсынатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) тұтынушылар мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету қағидатын негізге алып, балама нұсқаларды;
4) концессиялық жоба іске асырылған және мұндай іске асыру болмаған жағдайда саланың ахуалын;
5) концессиялық жобаны іске асырудан түсетін пайданы бөлуді бағалауды қамтиды.
13. Концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеу және оған сараптама жүргізу құнын негіздеу үшін концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің болжанып отырған құны туралы ақпарат және концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің көрсетілген құнын негіздейтін деректер ұсынылады.
3. Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды қарау және іріктеу тәртібі
14. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессиялық ұсыныстарды талдау және оларға сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
Бағалау және сараптау концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымға концессиялық ұсыныстар түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымның қорытындысын алған кезде экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ТЭН әзірлеу үшін іріктелген ұсыныстардың тізілімін (бұдан әрі - тізілім) қалыптастырады.
15. Концессиялық ұсыныстарға ТЭН әзірлеуді қаржыландыруды және сараптама жүргізуді бөлінетін бюджеттік бағдарламалар шеңберінде республикалық немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен тиісінше экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органдар жүзеге асырады.
Бөлінетін бюджеттік бағдарламаның концессиялық жобалардың ТЭН-ін әзірлеуді қаржыландыруға арналған қаражаты бекітілген тізілім негізінде бюджеттік бағдарламалардың әр түрлі әкімшілері арасында қаржы жылы ішінде бөлінуі тиіс.
16. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары тізілім негізінде концессиялық жобалардың ТЭН-ін әзірлеуді және сараптауды қамтамасыз етеді.
17. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессиялық жобаның ТЭН-ін бағалау және оған экономикалық сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
18. Концессиялық жобаның ТЭН-ін бағалау және оны экономикалық сараптау ол тапсырылған күннен бастап қырық бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
19. Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымның ТЭН-ге экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалар бойынша экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) тиісті саланың уәкілетті органы ұсынған концессиялық жобаларды Республикалық бюджет комиссиясына енгізеді:
2) жергілікті атқарушы органдар ұсынған концессиялық жобаларды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) тиісті жергілікті атқарушы органына жібереді.
20. Алдағы орта мерзімді кезеңге арналған концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін (бұдан әрі - тізбе) экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ТЭН-нің экономикалық сараптамасының нәтижелерін ескере отырып және республиканың стратегиялық, орта мерзімді бағдарламаларға, даму жоспарларына, орта мерзімді фискалдық саясатқа, республикалық бюджеттің инвестициялық мүмкіндіктеріне сәйкес жыл сайын үш жыл мерзімге жылжымалы негізде қалыптастырады.
Тізбені қалыптастыру кезінде сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің Заңның 14-бабына сәйкес ұсынылатын концессионерді мемлекеттік қолдаудың түрлері мен көлемін ұсыну жөніндегі мүмкіндігі де ескеріледі.
21. Тізбе екі бөлімнен тұрады:
1) мемлекеттік меншіктің қолда бар объектілері;
2) құрылысы мен пайдаланылуы концессия шарттары негізінде жүзеге асырылатын объектілер.
22. Тізбеге енгізілмеген концессия объектілері бойынша тиісті ұсыныстар берген мемлекеттік органдарға тиісті хабарлама жіберіледі.
23. Тізбе жоспарланатын орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың үшінші тоқсанынан кешіктірмейтін мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізіледі.
24. Тізбеге енгізілген және концессияга берілмеген концессия объектілерін экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган келесі орта мерзімді кезеңге қалыптастырылатын тиісті тізбеге енгізеді.