7) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуді ұйымдастыру;
8) Ғылыми ұйымның консультациялық-кеңесші органы туралы үлгі ережені, оның мүшелерін сайлау тәртібін қоса бекіту;
9) Ғылыми ұйымдардың ғылыми және инженерлік-техникалық қызметкерлерін аттестаттау ережесін бекіту;
10) Ұлттық ғылыми зертханалар туралы ережені бекіту;
11) Ғылыми ұйымдарды аккредиттеу ережесін әзірлеу;
12) Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту;
13) Жоғары академиялық дәрежелер мен ғылыми дәрежелер беру ережесін бекіту;
14) Ғылыми атақтар беру ережесін бекіту;
15) ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежелерін беру туралы диссертациялық кеңестің шешімін бекіту;
16) Философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор академиялық дәрежелерін, ғылым кандидаты және докторы ғылыми дәрежесін алу үшін қорғалған диссертацияларды, мемлекеттік және салалық (секторлық) ғылыми-техникалық бағдарламаларын, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларын, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ олардың нәтижелерін орындаушы-ұйымның меншік нысанына және қаржыландыру көздерінің түріне қарамастан мемлекеттік тіркеу ережесін бекіту;
17) жыл сайынғы Ғылым бойынша ұлттық баяндаманы әзірлеуді ұйымдастыру;
18) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер саласындағы мемлекеттік ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгізу кіреді.
14-бап. Тиісті саладағы уәкілетті органның құзыреті
Тиісті саладағы уәкілетті органы құзыретіне:
1) мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын тиісті саладағы ғылыми зерттеулерді жүргізу бойынша жұмыстарын үйлестіру;
2) Қазақстан Республикасында тиісті саладағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын қалыптастыруға қатысу;
3) тиісті салада іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруды жүзеге асыру;
4) тиісті салада мемлекеттік ұйымдар немесе мемлекеттік меншіктің үлесі бар ғылыми ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгізу;
5) тиісті салада отандық және әлемдік ғылымның, білім, өндіріс пен ғылымның интеграциялануын қамтамасыз ету;
6) ведомстволық бағыныстағы ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының кадрлық әлеуеті мен материалдық-техникалық базасының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;
7) тиісті салада халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру кіреді.
15-бап. Ғылыми ұйымдарды аккредиттеу
1. Ғылыми ұйымдарды аккредиттеу олардың негізгі ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің тиімділігін айқындау және материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын ұтымды пайдалану, ғылыми кадрларды даярлау жөніндегі жұмыстың тиімділігін бағалау үшін бес жыл мерзімге жүзеге асырылады.
2. Ғылыми ұйымдарды аккредиттеу еріктілік және объективтілік принциптеріне негізделеді.
3. Уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми ұйымның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық салада жұмыс жүргізуге құқығы бар.
4. Ғылыми ұйымдарды аккредиттеу ғылыми ұйымдардың өз қаражаты есебінен жүргізіледі.
5. Ғылыми ұйымның шетелдік агенттік жүзеге асыратын халықаралық аккредиттеуден өтуге құқығы бар.
16-бап. Ғылыми ұйымды басқару
1. Лауазымға тағайындау, лауазымнан босату және аттестаттау тәртібін Қазақстан Республикасы Президенті айқындайтын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын қоспағанда, тиісті саладағы уәкілетті орган мемлекеттік ғылыми ұйымның басшысын қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
2. Ғылыми ұйымда ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет жөніндегі консультациялық-кеңесші орган - ғылыми (ғылыми, ғылыми-техникалық, техникалық) кеңес құрылады.
17-бап. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама
1. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың негізгі принциптері:
1) сараптамалық жұмысты және оның нормативтік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етілуін ұйымдастыру жүйелілігі;
2) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы жүзеге асыру кезіндегі тәуелсіздігі, объективтілігі және кешенділігі;
3) коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау;
4) сарапшылардың (сараптамалық ұйымдардың) біліктілігі және жоғары кәсіби деңгейі;
5) сараптамалық қорытындылардың шынайылығы, толықтығы және негізділігі үшін жауапкершілігі болып табылады.
2. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтуге міндетті объектілер:
1) бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын қалыптасу, орындалу және аяқталу сатысындағы ғылыми-техникалық мемлекеттік, мемлекетаралық және басқа да бағдарламалар мен жобалар, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламалары мен жобалары, тәжірибелік-конструкторлық және тәжірибелік-технологиялық жобалар;
2) мемлекеттік ғылыми және мемлекеттік меншіктің үлесі бар ғылыми ұйымдардың материалдары (пайдаланылатын ғылыми зияткерлік меншік объектілері бөлігінде) жекешелендіру кезінде;
3) мемлекет мұқтажы үшін техника және технологияларды импорттау бойынша жобалар;
4) ғылым мен техника саласындағы сыйлықтарды алуға ұсынылатын жұмыстар;
5) ізденушінің мемлекеттік ғылыми стипендия алуға ұсынатын материалдары болып табылады.
3. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама өткізу үшін тиісті біліктілігі мен сараптамалық қызметті жүзеге асыру тәжірибесі бар ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің тиісті саласының сарапшылары (сараптама ұйымдары), ғылыми қызметкерлер мен ғылыми ұйымдар, оның ішінде шетелдік ғылыми қызметкерлер мен ғылыми ұйымдар конкурстық негізде тартылады.
4. Сарапшыларға (сараптама ұйымдарына) біліктілік талаптарын және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру мен өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама өткізуді уәкілетті орган ұйымдастырады.
6. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтуге міндеттелетін объектілері болып табылмайтын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің материалдары бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылатын қызметі аясында туындайтын мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтуге міндеттелетін объектілері бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жеке және заңды тұлғалардың тапсырысы бойынша ақылы негізде жүргізіледі.
7. Осы баптың 6-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтуге міндеттелетін объектілері бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуге арналған қаражат уәкілетті органға ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражаты шегінде қарастырылады.
18-бап. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті ақпараттық қамтамасыз ету
1. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет субъектілерінің ғылыми-техникалық ақпарат алуға құқығы бар. Құпия болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық ақпаратқа қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіпте және жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті орган ғылым мен техника саласында ғылыми және техникалық ақпаратты жинау, мемлекеттік тіркеу, талдамалық өңдеу, ұзақ мерзімді сақтау және тұтынушыларға жеткізуді жүзеге асыратын мемлекеттік ақпараттық ресурс пен жүйені қалыптастыруды ұйымдастырады, отандық деректер базалары мен банкілерін есепке алуды (Деректер базасы мен банкінің мемлекеттік тіркелімі) жүргізеді, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде ғылыми және ғылыми-техникалық өнім шығаруға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық нәтижелер туралы қағаз және электрондық жеткізгіштерде ақпарат алуға ықпалдасады.
19-бап. Ғылым мен білімді интеграциялау
1. Ғылым мен білімді интеграциялау саласындағы мемлекеттік саясат:
1) білім беру үдерісіне ғылымның озық жетістіктерін енгізу және жаңа білім беру бағдарламаларын ашу, оның ішінде оқыту процесіне ғылыми ұйымдар мен жекелеген ғалымдарды тарту арқылы;
2) ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының күш-жігерін іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарына шоғырландыру;
3) ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін университеттік инновациялық құрылымдарды тиімді пайдалану;
4) ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру мен дамыту;
5) студенттерді, магистранттар мен докторанттарды ғылыми зерттеулерге тарту, талантты жастарды болашақ ғалымдар даярлау үшін іріктеу және мамандардың ғылымға тұрақты келуін қамтамасыз ету;
6) ғылым-білім инфрақұрылымын құру жолымен жаңа білімді тиімді дамыту мен пайдалану, жоғары білікті мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру және Қазақстан ғылымын әлемдік ғылымға интеграциялау принциптері негізінде жүзеге асырылады.
2. Ғылым мен жоғары білімді интеграциялау мақсатында өзара тиімді және тепе-теңдік негізде ғылым-білім инфрақұрылымының келесі нысандары: ғылыми-білім беру консорциумдары, зертханалар құрыла алады.
5-тарау. Ғылымды қаржыландыру
20-бап. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыруды
қамтамасыз ету
1. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті, ғылым инфрақұрылымын қаржыландыру бюджеттік қаржыландыру мен жеке инвестициялар арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекет ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті бюджеттік қаражат есебінен қаржылық қамтамасыз етуді мына бағыттар бойынша жүзеге асырады:
1) іргелі ғылыми зерттеулерді орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, ғылым саласындағы мемлекеттік мекемелердің және ұлттық ғылыми зертханалардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызметін базалық қаржыландыру;
2) ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру үшін бағдарламалы-нысаналы принципке сәйкес, оның ішінде ғылыми гранттар түрінде, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру.
3. Базалық қаржыландыру - ағымдағы пайдаланылуы мен инфрақұрылымның дамуын, негізгі құралдарды күрделі жөндеу, оның ішінде бірегей зерттеу қондырғыларын, кадрлар даярлауды және қайта даярлауды, мемлекеттік тапсырыс бойынша іргелі ғылыми зерттеулерді орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, ғылым саласындағы мемлекеттік мекемелердің және ұлттық ғылыми зертханалардың ғылыми-техникалық қызметін ақпараттық және патенттік қамтамасыз ететін ғылымды бюджеттік қаржыландырудың негізгі тетіктерінің бірі.
4. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті бағдарламалы-нысаналы принципке сәйкес және ғылыми гранттар түрінде қаржыландыру іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу қызметтері мен жұмыстарын ерекше тәртіпті қолдану, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы міндетті түрде өткізу арқылы мемлекеттік тапсырысты конкурстық негізде ғылыми ұйымдарда орналастыруды білдіреді. Жобаларды іріктеудің негізгі өлшемі мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың нәтижелері болып табылады.
5. Ғылым қоры инновациялық сипаттағы басым, тәуекел және бастамашыл ғылыми зерттеулердің және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың дамуын қолдауға қаржыландыру, олардың нәтижелерін коммерцияландыру және ғылыми-техникалық өнімдер нарығын қалыптастыру жолымен қатысады.
21-бап. Мемлекеттік ғылыми ұйымдарды жекешелендіру
1. Жекешелендіруге жататын мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттің жүз пайыздық акциялар пакеті бар ғылыми ұйымдардың тізімі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте анықталады.
2. Іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін мемлекеттік ғылыми ұйымдар акционерлеу мен жекешелендіруге жатпайды.
3. Іргелі ғылыми зерттеулерді орындайтын ғылыми ұйымдардың мемлекеттік акциялар пакеті жекешелендіруге жатпайды.
6-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті
кадрмен қамтамасыз ету
22-бап. Ғылыми және ғылыми-техникалық кадрларды даярлау
1. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету осы саладағы мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Мемлекет ғылыми ұйымдарда ғылыми кадрлар даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастырады.
3. Біліктілігі жоғары кадрлары және материалдық-техникалық базасы бар ғылыми ұйымдар белгіленген тәртіпте диссертациялық кеңестер, магистратура, докторантура ашуға, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми қызметкерлердің тағылымдамасын ұйымдастыруға және біліктілікті арттырудың басқа нысандарын пайдалануға құқылы.
4. Ғылыми бағыт бойынша магистрлерді даярлау ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен жүргізудегі дағдыларды алуға бағытталған арнаулы білім бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
23-бап. Ғылыми және инженерлік-техникалық қызметкерлерді
аттестаттау
1. Ғылыми және инженерлік-техникалық қызметкерлерді аттестаттау:
1) ғылыми немесе инженерлік-техникалық қызметкердің кәсіби даярлық деңгейін, оның жұмысының нәтижелілігін бағалау;
2) ғылыми немесе инженерлік-техникалық қызметкердің біліктілігінің атқаратын қызметіне сәйкестігін айқындау;
3) ғылыми немесе инженерлік-техникалық қызметкердің қабілетін пайдалану болашағын анықтау, оның кәсіби деңгейін арттыруын ынталандыру;
4) ғылыми және инженерлік-техникалық қызметкердің кәсіби даярлығын, біліктілігін арттырудағы қажеттігін айқындау мақсатында ғылыми ұйымдарда үш жылда бір рет жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және инженерлік-техникалық қызметкерлерді аттестаттау ережелерін уәкілетті орган бекітеді.
7-тарау. Ғылым мен техника саласындағы халықаралық қызмет
24-бап. Халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастық
1. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасы заңнамасының және халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік ғылыми ұйымдарды, шетелдік ғылыми ұйымдардың филиалдарын құру халықаралық шарттар негізінде және Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттерде берілген ғылыми және академиялық дәрежелер «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және осы Заңда белгіленген тәртіпте танылады.
8-тарау. Қорытынды ережелер
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейіп күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Ғылым туралы» 2001 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 15-16, 226-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 20, 152-құжат ) күші жойылды деп танылсын.
| Қазақстан Республикасының Президенті | |