Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы
Ғылым туралы
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 қыркүйектегі № 1368 Қаулысымен кері қайтарып алынды
1-тарау. Жалпы ережелер
2-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілері
3-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне ғылыми зияткерлік меншік құқығы
4-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті басқару
5-тарау. Ғылымды қаржыландыру
6-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті кадрмен қамтамасыз ету
7-тарау. Ғылым мен техника саласындағы халықаралық қызмет
8-тарау. Қорытынды ережелер
Осы Заң ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, ғылыми және ғылыми-техникалық сала субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ғылым - функциясы табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоғамды тиімді басқару мақсатында табиғат, қоғам және ойлау заңдарын зерделеуге, болмыс туралы объективті білімді тұжырымдау және теориялық жағынан жүйелеу болып табылатын адам қызметінің саласы;
2) ғылым бойынша ұлттық баяндама - әлемдік және отандық ғылымның даму үрдістері мен жай-күйін талдауды, ғылымды дамытудың басым бағыттарын негіздеуді және елдегі ғылымның одан әрі дамуы үшін ұсыныстарды қамтитын, Қазақстан Республикасы Президентіне ұсынуға арналған жыл сайынғы есеп беру;
3) ғылым докторы - философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі бар, немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі бар ізденушіге диссертация қорғау негізінде диссертациялық кеңес беретін және уәкілетті орган бекітетін ғылыми дәреже. Ғылым докторы ғылыми дәрежесі жаратылыстану, гуманитарлық және техникалық ғылымдар саласында іргелі, ірі теориялық және қолданбалы проблемаларды әзірлегені және шешкені үшін, сондай-ақ енгізілуі қоғамның ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге елеулі үлес қосатын техникалық, экономикалық және технологиялық шешімдерді ғылыми негіздегені үшін беріледі;
4) ғылым кандидаты - жоғары арнаулы білімді маман біліктілігін иемденетін немесе магистр академиялық дәрежесі бар ізденушінің қорғаған диссертациясы негізінде мамандарды даярлаудың үш сатылы үлгісіне толық өткенге дейін диссертациялық кеңес беретін және уәкілетті орган бекітетін ғылыми дәреже;
5) ғылыми-білім беру консорциумы - бірлескен қызмет туралы шарт негізіндегі ерікті тең құқылы бірлестік, онда ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және өндіріс саласындағы басқа да заңды тұлғалар іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулер мен технологиялық инновацияларды әзірлеу, жоғары білікті мамандар даярлау үшін зияткерлік, қаржылық және өзге де ресурстарды біріктіреді;
6) ғылыми грант - азаматтар мен заңды тұлғалардың, оның ішінде шетел азаматтары мен шетелдік заңды тұлғалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте ел аумағында грант беру құқығын алған халықаралық ұйымдардың грант берушілер мен грант алушылар арасындағы келісім-шартта қарастырылған талаптарға сәйкес нақты ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған өтеусіз және қайтарымсыз беретін ақшалай немесе өзге қаражаттары;
7) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі - ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
8) ғылыми және инженерлік-техникалық қызметкерлерді аттестаттау - ғылыми ұйым қызметкерлерінің еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген лауазымдардың біліктілік сипаттамасына сәйкестігін белгілеу бойынша бағалау іс-әрекеттерінің жүйесі;
9) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі - жаңа білімді немесе жаңа шешімдерді қамтитын және кез келген ақпарат жеткізгішінде тіркелген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің өнімі;
10) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық өнім - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің іске асыруға арналған нәтижесі, сондай-ақ жаңа бұйымдар, материалдар мен заттардың модельдері, пішіндері және үлгілері;
11) ғылыми-зерттеу жұмысы - бар білімдерді кеңейту және жаңа білімдер алу, ғылыми болжамдарды тексеру, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарын орнықтыру, ғылыми жинақтау, ғылыми негіздеу мақсатындағы ғылыми ізденіспен, зерттеулер және тәжірибелер жүргізумен байланысты жұмыс;
12) ғылыми зияткерлік меншік - бұл ғылыми-зерттеу, жобалау, ізденіс, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелеріне жеке және заңды тұлғалардың ерекше меншік құқығы;
13) ғылыми қызмет - зерттелетін объектілерге, құбылыстарға (үдерістерге) тән ерекшеліктер мен заңдылықтарды айқындау мақсатында қоршаған болмысты зерделеуге және алынған білімді іс жүзінде пайдалануға бағытталған үдеріс;
14) ғылыми қызметкер - ғылыми және ғылыми-техникалық жұмысты кәсібилікпен орындайтын және ғылыми ұйымда тиісті қызмет атқаратын жоғары білімі, қажетті біліктілігі бар жеке тұлға;
15) ғылыми-техникалық ақпарат - отандық және шетелдік ғылым, техника, технология жетістіктері жөніндегі мәліметтерді қамтитын ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік қызмет барысында алынатын ақпарат;
16) ғылыми-техникалық қызмет - технологиялық, конструкторлық, экономикалық, әлеуметтік-саяси және өзге де проблемаларды шешу үшін ғылым мен техниканың барлық салаларында жаңа білім алу мен қолдануға, ғылымның, технологияның және өндірістің біртұтас жүйе ретінде қызмет істеуін қамтамасыз етуге бағытталған үдеріс;
17) ғылыми ұйым - ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншік нысанына қарамастан ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
18) ғылыми ұйымдарды аккредиттеу - ғылыми ұйымның ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің уәкілетті орган белгілеген талаптары мен стандарттарына сәйкестігін тану рәсімі;
19) диссертациялық кеңес - республиканың ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындары жанынан құрылатын, ғылым кандидаты мен ғылым докторы ғылыми дәрежелерін алуға ұсынылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарды қарау жөніндегі кеңес;
20) инженерлік-техникалық қызметкер - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық нәтиже алуға және оның іске асырылуына жәрдемдесетін және ғылыми ұйымда жұмыс атқаратын орта кәсіптік немесе жоғары кәсіптік білімі бар жеке тұлға;
21) қолданбалы ғылыми зерттеу - қол жеткен ғылыми нәтижелерді, алынған ғылыми өнімді тікелей іс жүзінде қолдану мақсатында орындалатын ғылыми зерттеу;
22) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама - сараптама объектісінің объективті талдамалық бағалауын алу және ғылыми-техникалық прогрестің маңызды мәселелері бойынша қабылданатын шешімдердің негізділік деңгейін айқындау үшін уәкілетті орган ұйымдастыратын бағалау іс-әрекеттері мен қорытындыларының жүйесі;
23) тапсырыс беруші - ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орындау үшін мердігерге тапсырыс беретін жеке немесе заңды тұлға;
24) тәжірибелік-конструкторлық жұмыс - өнімді жасау немесе жаңарту кезінде орындалатын жұмыстар кешені, тәжірибелік үлгілерге арналған конструкторлық және технологиялық құжаттамаларды әзірлеу, тәжірибелік үлгілерді дайындау және сынау;
25) тәжірибелік өндіріс - жаңа өнімдер мен жаңа технологиялық үдерістердің тәжірибелік үлгілерін дайындау мен сынақтан өткізу негізгі қызметі болып табылатын ғылыми ұйымдардың құрылымдық бөлімшелері немесе заңды тұлғалар;
26) тиісті саланың уәкілетті органы - ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын тиісті саланың мемлекеттік органы;
27) уәкілетті орган - ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
28) іргелі ғылыми зерттеу - табиғат, қоғам, адам дамуы мен олардың өзара байланысының негізгі заңдылықтары туралы жаңа ғылыми білім алуға бағытталған теориялық және (немесе) тәжірибелік зерттеу.
2-бап. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңнан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық
қызмет субъектілері
3-бап. Ғылыми қызметкердің құқықтары мен міндеттері
1. Ғылыми қызметкердің:
1) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет туралы шарт жасай отырып, бюджет қаражаты, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті қолдау қорлары және өзге де көздер есебінен ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға арналған конкурстарға қатысуға;
2) жетекші отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтарында кәсіби біліктілігін көтеруге;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасында тыйым салынбаған ғылыми және ғылыми-техникалық салада кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға;
4) оқытушылық қызметпен шұғылдануға, консультациялық көмек көрсетуге, сондай-ақ өз құзыреті шегінде ғылым саласында сараптамалық жұмыстар жүргізуге;
5) Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасында қарастырылған тәртіпте ерікті негізде қоғамдық бірлестіктер (ғылыми, ғылыми-техникалық және ғылыми-ақпараттық қоғамдар, ғылым академияларын) құруға;
6) республикалық және шетелдік ғылыми қоғамдастықтарға кіруге немесе сайлануға;
7) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысуға;
8) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері туралы ақпаратқа, соның ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерге қол жеткізуге;
9) егер ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет нәтижелерінің мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтері болмаса, оларды баспасөзде жариялауға;
10) адамға, қоғамға және қоршаған ортаға теріс ықпал ететін ғылыми зерттеулер жүргізуге, ғылыми-техникалық және инновациялық әзірлемелерге қатысудан дәлелді себептермен, сондай-ақ моральдық пайымдаулары бойынша бас тартуға;
11) еңбегін, денсаулығын қорғауға, қауіпсіз еңбек жағдайына;
12) ғылыми зерттеулер мақсатына жету үшін Қазақстан Республикасы заңнамасында тыйым салынбаған басқа да іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Ғылыми қызметкер:
1) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға;
2) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын нәтижелерін жарияламауға;
3) жасалған шарттарға (келісім-шарттарға) сәйкес ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға;
4) уәкілетті орган белгілеген тәртіпте лауазымдардың біліктілік сипаттамаларына сәйкестігіне аттестаттаудан өтуге міндетті.
4-бап. Ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру және
олардың қызметінің мемлекеттік кепілдіктері
1. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне ғылыми дәрежесі үшін ай сайын ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор үшін бір айлық ең төменгі жалақы және ғылым докторы үшін екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.
2. Шетелден жоғары біліктілікті ғылыми қызметкерлерді тарту мақсатында олардың біліктілік деңгейі мен тұрып жатқан еліндегі айлық еңбекақы деңгейін есепке ала отырып, еңбекақының формасын еңбек шарты негізінде белгіленуіне рұқсат етіледі.
3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік меншіктің үлесі бар ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне, оның ішінде ғылым докторларына ұзақтығы күнтізбелік 56 күн, ғылым кандидаттарына, бейіні бойынша докторлар мен философия докторларына (PhD) 42 күнтізбелік күн, басқа ғылыми қызметкерлерге 35 күнтізбелік күн төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
4. Ғылыми қызметкерлер біліктілігін арттыру үшін докторантурада (PhD) оқуы, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарында және зертханаларында тағылымдамалардан өтуі мүмкін.
5. Ғылыми қызметкерлер:
1) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтегі ірі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президенті тағайындаған Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы мүмкін;
2) ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынылуы мүмкін;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған тәртіпте ғылымды дамытудағы елеулі үлесі үшін:
үздік ғылыми зерттеулер мен жұмыстар, ғылым саласындағы көрнекті жетістіктер үшін атаулы сыйлықтарды алуға;
ғылым мен техниканы дамытудағы елеулі үлес қосқаны үшін, мемлекетке басым бағыттарда іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізуге, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға белсенді қатысатын, ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулерді жүргізуге белсенді қатысатын және ғылыми қоғамдастықтың танылуына ие болған ғалымдар мен мамандарға, сондай-ақ 35 жасты қоса алғанда және дейінгі талантты жас ғалымдарға тағайындалатын мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуына ұсынылуы мүмкін.
6. Мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етілетін, азаматтық қызметші болып табылатын ғылыми қызметкерлер, оларға кезекті еңбек демалысын беру кезінде лауазымдық жалақы мөлшерінде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыру жәрдемақысын алады.
5-бап. Ғылыми ұйымдар және олардың құқықтары
1. Мемлекеттік меншікке негізделген ғылыми ұйымдар мемлекеттік ғылыми ұйымдар болып табылады.
2. Мемлекеттік ғылыми ұйымдар немесе мемлекеттік меншіктің үлесі бар ғылыми ұйымдар құрамынан оның эксперименттік базасы болып табылатын тәжірибелік өндірістер бөлініп шыға алмайды.
3. Ғылыми ұйымдардың:
1) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің бағыттарын айқындауға;
2) ғылыми зерттеулерді, оның ішінде ғылыми ұйымдар бағдарына сәйкес келетін мемлекеттік, салалық (секторлық) ғылыми-техникалық бағдарламаларды, инновациялық жобаларды, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға арналған конкурстарға қатысуға;
3) ғылыми ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен және басқа да заңды тұлғалармен тікелей байланысты дамытуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған тәртіпте бірлестіктер мен консорциумдарға кіруге, филиалдар, еншілес және бірлескен кәсіпорындар құруға;
5) ғылыми еңбектер, мерзімдік басылымдар шығаруға, ғылыми-техникалық деректер банкін қалыптастыруға, ғылыми конференциялар және басқа да ғылыми іс-шаралар өткізуге;
6) мемлекетаралық және халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысуға, шетелдік ұйымдармен келісім-шарттар жасасуға;
7) ғылыми ұйымның ғылымдағы халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес біліктілігін тануға арналған халықаралық аккредиттеуден өтуге;
8) ғылыми, ғылыми-техникалық, үйлестірушілік немесе басқа да консультациялық-кеңесші органдар құруға;
9) ғылыми кадрлар даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыруға құқығы бар.
4. Ғылыми ұйымдар ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың іске асырылу барысында ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер болдырмайтын бақылауды қамтамасыз етеді.
6-бап. Ұлттық ғылым академиялары
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы академия мүшелерінен тұратын республикалық қоғамдық бірлестіктер.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындауға, мемлекеттік, салалық (секторлық) ғылыми-техникалық бағдарламалар, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің бағдарламаларын, сыйлықтарды алуға ұсынылған жұмыстарды ғылыми-техникалық сараптамалауға, жыл сайынғы Ғылым бойынша ұлттық баяндаманы және ғылыми басылымдар даярлауға қатысады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық прогресінің және инновациялық-индустриалдық дамуының басым бағыттарын айқындауға, қолданбалы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ғылыми-техникалық сараптамалауға қатысады.
7-бап. Салалық ғылым академиялары және басқа қоғамдық
бірлестіктер
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылым мен техниканың тиісті салаларында зерттеулер ұйымдастыратын және жүргізетін қоғамдық бірлестіктер нысанында салалық ғылым академиялары және ғылыми-техникалық сала мен тиісті салалардағы уәкілетті органдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртіпте өзара ықпалдасатын басқа қоғамдық бірлестіктер құрылуы мүмкін.
2. Салалық ғылым академиялары және басқа қоғамдық бірлестіктер:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте ғылыми зерттеулердің жобалары мен бағдарламаларын ғылыми-техникалық сараптамалауға, ғылыми-техникалық саладағы нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге қатысады;
2) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін елдегі ғылым салаларын дамытуға, ғылыми зерттеулердің болашағы бар бағыттарының іске асуына, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізуге, ғылыми-инновациялық қызметті дамытуға, ғалымдардың кәсіби бірігуіне жәрдемдеседі.
3. Халықаралық танылуы бар, ғылымды дамыту бойынша жалпы мемлекеттік маңызы бар қызметті Қазақстан Республикасының барлық аумағында жүзеге асыратын салалық ғылым академиясына "ұлттық" мәртебесі беріледі.
8-бап. Ұлттық ғылыми зертханалар
1. Ұлттық ғылыми зертханалар заңды тұлға немесе ғылыми ұйымның немесе жоғары оқу орнының құрылымдық бөлімі нысанында құрылады және уәкілетті орган белгілеген тәртіпте отандық және шетел ғалымдарының зертхана негізінде ғылыми зерттеулер жүргізуге еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету жолымен ғылыми зерттеулердің озық деңгейіне жету және материалдық-техникалық және кадрлық әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында жұмыс істейді.
2. Ұлттық ғылыми зертханалар туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
3-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне
ғылыми зияткерлік меншік құқығы
9-бап. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне ғылыми
зияткерлік меншік құқығы
1. Тапсырыс беруші ақысын төлеп, өз тапсырысы бойынша жасатқан, құқықтық қорғауға ие ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін пайдалануға құқылы.
2. Бюджеттік қаражат есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау нәтижесінде жасалған ғылыми зияткерлік меншік объектілеріне қорғау құжаттарын алу құқығы Үлгі шартқа сәйкес тапсырыс берушіге де, мердігер-ұйымға да тиесілі.
3. Мердігер-ұйым жұмыстар нәтижелерін Үлгі шартқа сәйкес үшінші тұлғаларға сатуға құқылы.
4. Тапсырыс беруші, мердігер және автор арасындағы қарым-қатынас тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен және Үлгі шартқа сәйкес анықталады.
4-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті басқару
10-бап. Ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі
принциптері
Ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері:
1) ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің басымдылығы;
2) мемлекеттік қолдауды алу және мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру кезінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің айқындығы, объективтілігі және теңдігі;
3) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдаудың экономикалық тиімділігі мен нәтижелілігі;
4) білім алуды, оны технологияға трансформациялауды және оларды экономиканың нақты секторына трансферттеуге ынталандыру;
5) ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыру мен іске асыру барысында мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдар мен ғылыми қоғамдастықтың өзара ықпалдасуын қамтамасыз ету, мемлекеттік реттеу мен ғылыми ұйымдардағы өзін-өзі басқарудың үйлесімі болып табылады.
11-бап. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік
қолдаудың негізгі түрлері және принциптері
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік қолдаудың негізгі түрлері және принциптері:
1) елдің ұлттық мүдделері мен әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімді мақсаттарына сәйкес ғылыми және ғылыми-техникалық дамудың басым бағыттарын ынталандыру және оларды іске асыру үшін ресурстарды жұмылдыру;
2) іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулерді және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру;
3) ғылыми-техникалық қызмет инфрақұрылымын дамытуға ықпалдасу;
4) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамыту, ғылым, білім мен өндірісті интеграциялау, нәтижелерді коммерцияландыру үшін, оның ішінде мемлекеттік және жеке меншік секторды ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыруды және іске асыруды ынталандыру жолымен жағдайлар жасау;
5) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттары бойынша біліктілігі жоғары кадрлар даярлау, оның ішінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласына талантты жастарды тарту және орнықтыру үшін жағдайлар жасау;
6) шетелдік ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастықты дамыту;
7) ғылыми және ғылыми-техникалық жетістіктерді ақпараттық қолдау, насихаттау және көпшілікке тарату.
12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты және оны жүзеге асыру жөніндегі шараларды әзірлейді;
2) Мемлекет басшысының қарауына ғылым және технологиялар саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды енгізеді;
3) Қазақстан Республикасындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын бекітеді;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан іргелі және қолданбалы ғылым мен техниканы дамытудың болжамдары мен ұлттық басымдықтарын әзірлеу, жаңа технологияларды енгізу, нәтижелілігін бағалау, жүргізілетін ғылыми зерттеулерді бақылау мәселелері жөнінде консультациялық-кеңесші орган құрады;
5) ғылым саласындағы сыйлықтарды тағайындайды;
6) мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындайды және олар туралы Ережені бекітеді;
7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан консультациялық-кеңесші орган туралы ережені бекітеді;
8) Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі ережелерді бекітеді;
9) республика үшін аса маңызды кешенді ғылыми-техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік ұлттық ғылыми және ғылыми-инновациялық орталықтар құрады және олар туралы ережені бекітеді;
10) Ғылыми ұйымдарды аккредиттеу ережелерін бекітеді;
11) бюджет қаражатын тартумен орындалатын Ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды жүргізуге арналған үлгі шартын бекітеді.
13-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) басқару шешімдерін қабылдауда бірыңғай тәсілді іске асыру жолымен іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларын үйлестіру: саясатты тұжырымдау және іске асыру, басым ғылыми зерттеулерді қалыптастыру, жобалар мен бағдарламаларды ғылыми және қаржылық сараптамалау, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші органға оларды қаржыландыру (бірлесіп қаржыландыру) туралы ұсыныстарды дайындау, нәтижелерді сараптау;
3) Қазақстан Республикасында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын қалыптастыру;
4) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің бағдарламаларын әзірлеу және іске асырылуын қалыптастыру, орындау және аяқтау сатысында бақылау;
5) ғылыми ұйымдарды аккредиттеуді жүргізу;
6) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің мемлекеттік ғылыми-техникалық және салалық (секторлық) бағдарламаларын іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;