«Монополияға қарсы органның басқа телекоммуникация желілерін басым
байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілеріне
қосу қызметтерін көрсету шарттарын, сондай-ақ желілердің өзара іс-әрекет етуі және
трафикті өткізу жөніндегі онымен байланысты міндеттемелерді айқындайтын
қосылу шартын бекіту ережесін бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 қазандағы № 996 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 26 мамырдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңы 26-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Монополияға қарсы органның басқа телекоммуникация желілерін басым байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілеріне қосу қызметтерін көрсету шарттарын, сондай-ақ желілердің өзара іс-әрекет етуі және трафикті өткізу жөніндегі онымен байланысты міндеттемелерді айқындайтын қосылу шартын бекіту ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 16 қазандағы
№ 996 қаулысымен
Бекітілген
Монополияға қарсы органның басқа телекоммуникация желілерін басым
байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілеріне
қосу қызметтерін көрсету шарттарын, сондай-ақ желілердің өзара іс-әрекет етуі және
трафикті өткізу жөніндегі онымен байланысты міндеттемелерді айқындайтын қосылу
шартын бекіту ережесі туралы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Монополияға қарсы органның басқа телекоммуникация желілерін басым байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілеріне қосу қызметтерін көрсету шарттарын, сондай-ақ желілердің өзара іс-әрекет етуі және трафикті өткізу жөніндегі онымен байланысты міндеттемелерді айқындайтын қосылу шартын бекіту ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы» және «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына (бұдан әрі - заңдар) сәйкес әзірленді.
2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер заңдарда айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
2. Қосу шартын бекіту тәртібi
3. Басым байланыс операторы кез келген байланыс операторымен жария болып табылатын қосу шартын жасағаннан кейін, жасалған күнінен бастап бес күнтізбелік күн ішінде оны монополияға қарсы органға бекітуге ұсынады.
4. Басым байланыс операторы ұсынған қосу шартын монополияға қарсы орган қосу шартын алған күнінен бастап он бес күнтізбелік күн ішінде қарайды.
5. Қосу шарты Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, монополияға қарсы орган басым байланыс операторына оларды жою жөніндегі ескертулері мен ұсыныстарын жібереді.
6. Басым байланыс операторы тиісті ескертулер мен ұсыныстарды алған күнінен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды және қосу шартын монополияға қарсы органға қарау үшін қайта енгізеді.
7. Монополияға қарсы орган қосу шартын алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оны бекіту туралы түпкілікті шешім қабылдайды.
3. Қорытынды ережелер
8. Осы Ереженің шеңберінде монополияға қарсы орган мен басым байланыс операторының арасындағы келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.