III тарау
Республикалық референдумды өткізу тәртібі
25-бап. Республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi
Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмiн жасау, оған азаматтарды енгізу, олардың тiзiмге енбей қалу, тiзiмге дұрыс енгiзiлмеу немесе тiзiмнен шығарылып тастау жәйттерiне, онда жiберiлген жаңсақтарға шағымдану, сондай-ақ өздерiнiң жүрген орнын ауыстырған жағдайда азаматтардың референдумға қатысу құқығын қамтамасыз ету "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
26-бап. Республикалық референдум өткізу кезiнде дауыс беру уақыты мен оның орны туралы хабарлау
1. Дауыс беру уақыты мен орны туралы учаскелiк референдум комиссиясы азаматтарға дауыс беретiн күннен кемiнде он күн бұрын хабарлайды.
2. Дауыс беретiн үй-жайда көрнектi жерде референдумға қойылған мәселенiң, Конституция, конституциялық заң, заң жобаларының, оларға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулардың мәтiнi iлiнуге тиiс.
27-бап. Республикалық референдум өткізу кезiнде дауыс беруге арналған бюллетень
1. Дауыс беруге арналған бюллетеньде қойылған әрбiр мәселенiң тұжырымдамасы және дауыс берушiнiң жауаптарының нұсқалары келтiрiледi.
2. Егер референдумға бiрден бiрнеше мәселе қойылған болса, олардың әрқайсысы үшiн пайдаланылатын дауыс беруге арналған бюллетеньдер түсi жағынан ажыратылуға тиiс.
3. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер қазақ тілінде және орыс тілінде, сондай-ақ тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында жинақы тұратын халықтың көпшiлiгiнiң тілінде шығарылады.
4. Дауыс беруге арналған бюллетеньдердi жасау тәртібін орталық референдум комиссиясы белгiлейдi.
5. Учаскелiк референдум комиссиялары дауыс беру өткiзiлерден кемiнде жетi күн бұрын дауыс беруге арналған бюллетеньдермен қамтамасыз етiледi.
28-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын шығару кезіндегі жарамсыз бюллетеньдер
1. Референдумның қорытындыларын шығару кезiнде:
1) белгiленбеген үлгiдегi;
2) учаскелiк референдум комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
3) референдумға қойылған мәселеге қайтарылған жауаптар нұсқаларының бiрде-бiреуi сызылып тасталмаған;
4) оларда референдумда дауыс бергендердiң еркiн бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмаған бюллетеньдер жарамсыз бюллетеньдер деп танылады.
2. Референдумға қойылған мәселеге жауаптардың барлық нұсқалары сызылып тасталған бюллетеньдер жарамды деп танылады, бiрақ дауысты санау кезiнде есепке алынбайды.
24.11.04 ж. № 604-II ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Референдумның нәтижелерiн шығару кезiнде бюллетеньдердi жарамсыз деп тану туралы шешiмдi учаскелiк референдум комиссиясы қабылдайды. Келiспеушiлiк туындаған жағдайда мәселенi учаскелiк референдум комиссиясы дауысқа салу жолымен шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң дауысымен қабылданады.
29-бап. Республикалық референдум өткізу кезiнде дауыс беру
Референдумда дауыс беру мерзiмi, орны, ұйымдастыру мен өткізу тәртібі "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заңында белгiленген ережелерге сәйкес айқындалады.
30-бап. Дауысты санау және республикалық референдум нәтижелерiн анықтау
1. Учаскелiк референдум комиссиясы дауысты санау кезiнде:
1) учаскедегi республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы санын;
2) бюллетень алған азаматтардың санын;
3) дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы санын;
4) әрбiр мәселенiң оң шешiмiн жақтап берiлген дауыс санын және әрбiр мәселенiң терiс шешiмiн жақтап берiлген дауыс санын;
5) жарамсыз деп танылған бюллетеньдер санын;
6) жарамды деп танылған, бiрақ дауысты санаған кезде есепке алынбайтын бюллетеньдер санын белгiлейдi.
2. Учаскеде дауыс санауға және әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсте дауыс беру нәтижелерiн анықтауға байланысты өзге мәселелер осы Конституциялық заңға қайшы келмейтiн бөлiгiнде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен белгiленген ережеге сәйкес шешiледi.
31-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын шығару
1. Орталық референдум комиссиясы дауыс берудiң нәтижелерi туралы табыс етiлген хаттамалардың негiзiнде:
1) Қазақстан Республикасының референдумға қатысу құқығы бар азаматтарының жалпы санын;
2) дауыс беруге қатысқан азаматтардың санын;
3) референдумға қойылған мәселенiң оң шешiмiн жақтап дауыс берген, референдумға қойылған мәселенiң терiс шешiмiн жақтап дауыс берген азаматтардың санын және дауыс беруге қойылған жекелеген әрбiр мәселе бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң санын анықтайды.
2. Егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады.
3. Егер дауыс берудiң нәтижесiнде референдумға қойылған мәселе бойынша оның оң шешiмiн жақтап дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбi дауыс берсе, ол жөнiнде шешiм қабылданды деп саналады.
4. Дауыс берудiң қорытындылары Орталық референдум комиссиясының мәжілісiнде шығарылып, хаттамамен ресiмделедi, оған Орталық референдум комиссиясының Төрағасы, Төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелерi қолдарын қояды және қаулымен бекiтедi.
5. Егер референдум барысында немесе дауыстарды санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заң немесе "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын бұзу орын алған болса, Орталық референдум комиссиясы референдум нәтижелерiн шығару кезiнде оның жекелеген учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде)өткiзiлуiн жарамсыз деп тани алады.
32-бап. Республикалық референдум өткізудiң дұрыстығы туралы мәселенi Республиканың Конституциялық Кеңесiнiң қарауы
1. Республика Президентінің, Парламент Палаталары төрағаларының, Парламент депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша Конституциялық Кеңес даулы жағдайда республикалық референдум өткізудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Мұндай ретте республикалық референдум нәтижелерiн шығару өтiнiштiң қаралу кезеңiне кiдiртiледi.
2. Орталық референдум комиссиясы республикалық референдум өткізудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда референдумға дайындық пен оны өткізудiң байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.
3. Конституциялық Кеңес Конституция бұзылған жағдайда референдумды Республика Конституциясына сәйкес емес деп тануға хақылы. Мұндай жағдайда Орталық референдум комиссиясы референдум Конституцияға сәйкес емес деп танылған учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) референдум нәтижелерiн жарамсыз деп тану, сол учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) бiр айдың iшiнде қайта дауыс берудi өткізу туралы шешiм қабылдайды.
4. Конституцияға сәйкес емес деп танылған республикалық референдумның нәтижелерi Орталық референдум комиссиясының шешiмiмен тиiстi дауыс беру учаскелерiнде (әкiмшiлiк аумақтық бөлiнiстерде) жарамсыз деп танылады. Өткiзiлген референдумды Конституцияға сәйкес деп тану референдумның қорытындыларын шығаруды жүргiзе беруге әкеп соғады.
33-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын жариялау
Референдумның қорытындылары туралы Орталық референдум комиссиясының ресми хабары дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
IV тарау
Қорытынды ережелер
34-бап. Республикалық референдум қабылдаған шешiмдердiң күшiне енуi
Референдумда қабылдаған Конституция, конституциялық заңдар, заңдар, олардағы өзгертулер мен толықтырулар, референдумға қойылған өзге де шешiмдер, егер Конституцияның өзiнде, конституциялық заңда, заңда, олардағы өзгертулер мен толықтыруларда, референдумда қабылдаған өзге де шешiмде басқа мерзiм белгiленбесе, референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi.
35-бап. Республикалық референдум қабылдаған шешiмдердiң заң күшi және міндеттілігi
1. Референдум қабылдаған шешiмнiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар және Республика Президентінің немесе мемлекеттік өкiмет органдарының актілерімен қандай да бiр қуаттауды қажет етпейдi.
2. Референдум қабылдаған шешiм мен Республика Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және өзге де нормативтiк құқықтық актілерінiң арасындағы сәйкессiздiктер Конституцияны, конституциялық заңдарды заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi референдум қабылдаған шешiмге сәйкес келтiру арқылы жойылады.
36-бап. Республикалық референдум туралы заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Республика азаматының референдумға қатысу жөніндегі құқығын еркiн жүзеге асыруына, оған қойылған мәселе (мәселелер) бойынша үгiт жүргiзуiне қандайда болсын нысанда кедергi келтiру, сайлау құжаттарын қолдан жасау, дауыстарды қасақана дұрыс санамау, дауыс беру құпиясын бұзу немесе республикалық референдум туралы заңды өзге де бұзу заңда белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкелiп соғады.
2. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың референдум ұйымдастыру және өткізу мәселелерi жөніндегі iс-әрекетiне сотқа шағым жасалу мүмкiн.
37-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгізу тәртібі
Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының