Республикалық референдум туралы 1995 ж. 2 қарашадағы № 2592
Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы
(06.05.99 ж. № 376-1; 24.11.04 ж. № 604-II ҚР
Конституциялық Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2008 жылғы 4 мамырдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I тарау. Жалпы ережелер (1 - 9 баптар)
II тарау. Республикалық референдум тағайындау және әзiрлеу (10 - 24 баптар)
III тарау. Республикалық референдумды өткізу тәртібі (25 - 33 баптар)
IV тарау. Қорытынды ережелер (34 - 37 баптар)
06.05.99 ж. № 376-1 ҚР Конституциялық Заңымен тақырыбы және кіріспе өзгертілді
Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес республикалық референдумды тағайындау, әзірлеу және өткізу тәртібін белгілейді.
I тарау
Жалпы ережелер
1-бап. Республикалық референдум ұғымы
1. Республикалық референдум - Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттік өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру.
2. Референдум Республиканың бүкiл аумағында өткiзiледi.
2-бап. Республикалық референдум талқысына қойылатын мәселелер
Референдумның талқысына:
1) Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу;
2) Республиканың мемлекеттік өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiн шешу қойылуы мүмкiн.
3-бап. Республикалық референдумның талқысы бола алмайтын мәселелер
Мыналар:
1) адамның және азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына әкелiп соғатын;
2) мемлекеттік бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгерту;
3) Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мен шекараларының;
4) сот әдiлдiгi, қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық тәртiптi қорғау;
5) бюджет пен салық саясаты;
6) рақымшылық пен кешiрiм жасау;
7) Республика Президентінің, Парламент Палаталары мен Үкіметінiң қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;
8) Республиканың халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелерiн орындау мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды.
4-бап. Республикалық референдум өткізудiң принциптерi
Референдум өткізу:
1) азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысуы және еркiн ашық бiлдiруi;
2) азаматтардың референдумға жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бiрдей, тең және төте қатысу құқығы;
3) жариялылық принциптерiне негiзделедi.
5-бап. Республикалық референдумға қатысу құқығы
1. Референдумға қатысу құқығы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрақтылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Республиканың өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да болмасын тiкелей не жанама шектеуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жазаланады.
2. Азаматтар референдумға тең негiздерде қатысады және олардың әрқайсысы тиiсiнше бiр дауысқа не тең дауыс санына ие болады.
3. Азаматтар референдумға тiкелей қатысады.
6-бап. Республикалық референдум ұйымдастыру мен өткізу кезіндегі жариялылық
1. Референдумды ұйымдастыру мен өткізу ашық әрi жариялы жүзеге асырылады.
2. Референдумды өткізу туралы шешiм мен оған қойылатын мәселе (мәселелер) азаматтардың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткiзiледi.
3. Референдум комиссиялары референдум өткізудi ұйымдастыру жөніндегі өзiнiң жұмысы туралы, дауыс беретiн учаскелер құру, комиссиялардың құрамы, орналасқан жерi және жұмыс уақыты туралы, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi туралы азаматтарды хабарландырады.
4. Референдум өткізу кезiнде Республика қоғамдық бiрлестiктерiнiң өкiлдерi, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатыса алады, олардың өкiлеттiгi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен куәландырылады. Өкiлдер мен байқаушылардың референдум комиссияларының жұмысына араласуына жол берiлмейдi.
5. Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға әзiрлiк пен оны өткізу барысын жария етiп отырады, олардың референдум комиссиялары жанында тiркелген өкiлдерiнiң республикалық референдум өткізуге байланысты шараларға баруына кепiлдiк берiледi.
7-бап. Республикалық референдум қарсағындағы үгiт
1. Республика азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе (мәселелер) бойынша жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi.
2. Барлық баспа үгiт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәлiметтер болуға тиiс. Бұқпантай үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
3. Республикалық конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысқа, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамашылыққа, сондай-ақ қатыгездiк пен зомбылыққа табынуға үгiттеуге жол берiлмейдi.
4. Референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады. Дауыс беретiн жайлардан басқа жерлерде бұрын iлiнген баспа үгiт материалдарының, плакаттардың бұрынғы орындарында сақталуы мүмкiн.
8-бап. Республикалық референдумды қамтамасыз ету
1. Референдум әзiрлеу мен өткізуге байланысты шығыстар тек қана республикалық бюджет есебiнен жұмсалады.
2. Мемлекеттік органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ меншiк нысанына қарамастан ұйымдар референдум комиссияларының қарамағына референдум әзiрлеу мен өткізу үшiн қажет үй-жайларды, жабдықтар мен көлiк құралдарын бередi.
3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктердiң, шетел мемлекеттік органдарының, заңды тұлғалары мен азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың референдумға қатысты шараларды қаржыландыруға және өзгедей қамтамасыз етуге тiкелей немесе жанама түрде қандай да болсын қатысуына тыйым салынады.
9-бап. Республикалық референдум туралы заңдар
Референдум туралы заңдарға мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;
2) Осы Конституциялық заңға қайшы келмейтiн бөлiгiнде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңы;
3) осы Конституциялық заң:
4) Орталық референдум комиссиясының нормативтiк сипаты бар актілері.
II тарау
Республикалық референдум тағайындау және әзiрлеу
10-бап. Республикалық референдум тағайындау құқығы
Референдум тағайындау құқығы Қазақстан Республикасының президентiнде болады.
11-бап. Республикалық референдум тағайындау жөніндегі бастамашылық
1. Референдум тағайындау бастамашылығы:
1) Қазақстан Республикасының Президентiнде;
2) Қазақстан Республикасының Парламентiнде болады, ол референдум тағайындау туралы бастамашылықпен Қазақстан Республикасының Президентiне тiлек бiлдiредi. Бастамашылық көтерудi Парламент өз Палаталарының бiрлескен отырысында әр Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен жүзеге асырады және тиiстi қаулымен ресiмдейдi;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметінде болады, ол референдум тағайындау туралы бастамашылықпен Қазақстан Республикасының Президентiне тілек бiлдiредi. Бастамашылық көтерудi Үкiмет өзiнiң мәжілісiнде мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен жүзеге асырады және тиiстi қаулымен ресiмдейдi;
4) сан жағынан Республиканың барлық облыстарын, астанасы мен республикалық маңызы бар қалаларын тең мөлшерде бiлдiретiн республикалық референдумға қатысу құқығы бар екi жүз мыңнан кем емес Республика азаматтарында болады, республикалық референдум тағайындау туралы бастамашылықпен Республика Президентiне тiлек бiлдiредi.
2. Бiр ғана мәселе (бiр ғана мәселелер) бойынша референдум тағайындау туралы ұсыныстар қайтара енгiзiлуi мүмкiн және оларды Республика Президентi аталған мәселе (аталған мәселелер) жөнiнде алдыңғы шешiм қабылданғаннан кейiн кемiнде екi жыл өткеннен соң ғана қайтадан қарайды.
12-бап. Республикалық референдум тағайындау жөніндегі мәселе бойынша бастамашыл топтың құрылуы
1. Егер референдум өткізу туралы бастамашылықты азаматтар көтерген жағдайда құрамына Қазақстан Республикасының әр облысынан, астанасынан және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде үш-үштен өкiл кiретiн референдумның бастамашыл тобы құрылады.
2. Референдумның бастамашыл тобы референдумға қатысу құқығы бар азаматтар, бiрақ Қазақстан Республикасының әр облысынан, астанасын және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде отыз-отыздан өкiлдер қатысқан жиналыста құрылады.
3. Жиналыс өткізуден кемiнде он күн бұрын оның бастамашылары аумағында жиналыс өткiзiлетiн жергiлiктi атқарушы органға жиналыстың уақыты, орны және мақсаты туралы жазбаша хабарлауға тиiс.
4. Жиналыстың алдында жиналысқа қатысушыларды тiркеу жүргiзiледi, олардың мiндеттi түрде тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жерi және Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерi көрсетiлген тiзiм жасалады.
5. Референдумның бастамашылар тобының мүшелерi жиналысқа қатысушылардың көпшiлiк даусымен сайланады. Бастамашыл топтың тiзiмiнде топтың әр мүшесiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты және тұрғылықты жерi көрсетiледi. Референдумға қойылатын сауалды оған тиянақты жауап қайтарылуы үшiн бастамашыл топ айқын тұжырымдауға тиiс.
13-бап. Референдумның бастамашыл тобы мен ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу
1. Референдумның бастамашыл тобы Орталық сайлау комиссиясына топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеудi сұрап өтiнiш бередi.
2. Тiркеу мынадай құжаттар болғанда жүргiзiледi:
1) топты тiркеу және ол референдумға ұсынатын мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы өтiнiш;
2) бастамашыл топ құрылған жиналыстың хаттамасы;
3) бастамашыл топ мүшелерiнiң тiзiмi.
3. Бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) Орталық сайлау комиссиясы тiркеуге өтiнiш берiлген күннен бастап он күн мерзiмде тiркейдi. Бұл жайындағы хабарды Орталық сайлау комиссиясы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
4. Референдумның бастамашыл тобына тiркелген күннен бастап бес күн мерзiмде топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiк берiледi. Тiркеу туралы куәлiктiң нысанын Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.
5. Осы Конституциялық заңның талаптары бұзылған жағдайларда тiркеуден бас тартылуы мүмкiн. Орталық сайлау комиссиясының бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеуден бас тартуына он күн мерзiмде Республика Жоғарғы Сотына шағым жасалуы мүмкiн, ол шағымды берiлген күнiнен бастап он күн мерзiмде қарайды. Жоғарғы Соттың шешiмi түпкiлiктi болып табылады.
14-бап. Қол жинаудың тәртібі мен мерзiмi
1. Референдум бастамашыл тобы топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәліктi алған күннен бастап азаматтардың қолын жинауды ұйымдастырады әрi мұны республикалық референдумға қатысу құқығы бар топ мүшелерi жүзеге асырады.
2. Референдумның бастамашыл тобына қол қою парақтарын берудi Орталық сайлау комиссиясы топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiктi тапсыра отырып бiр мезгiлде жүзеге асырады.
3. Қол қою парағына бастамашыл топ референдумға ұсынған мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасы енгiзiледi.
4. Қол жинайтын адам бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетедi. Әрбiр азамат қол қою парағына тек бiр рет қана қолын қоюға хақылы. Бұл ретте азамат жеке басын куәландыратын құжатын көрсетедi. Азаматтың қолы оның тегiн, атын, әкесiнiң атын, тұрғылықты жерiн, оның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерiн және параққа қол қойылған күндi көрсетумен толықтырылады.
5. Толтырылған әрбiр қол қою парағына қол жинаған адам қолына қоюға тиiс.
6. Белгiленбеген үлгiдегi қол қою парақтары, сондай-ақ осы Конституциялық заңның өзге де талаптары бұзылып толтырылған қол қою парақтары жарамсыз болып табылады.
7. Қол жинау аяқталғаннан кейiн үш күн мерзiмде толтырылған қол қою парақтарын қол жинаған адамдар аумақтық сайлау комиссиясына тапсырады, ол паспорт қызметiнiң қызметшiлерiн қатыстыра отырып он күн мерзiмде қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексередi, тиiстi хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.
15-бап. Қол жинау тәртібін бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Расталмаған қолдар, қол жинау және қол қою парақтарын ресiмдеу тәртібінiң бұзылғаны анықталған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Орталық сайлау комиссиясына тиiстi ұсыныс енгiзедi.
2. Орталық сайлау комиссиясы ұсыныс енгiзiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде жөнсiздiкке жол берген бастамашыл топ мүшелерiнiң қызметiне тоқтату туралы, осы Конституциялық заң талаптарының бұзылғаны анықталған қол қою парақтарын жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдай алады.
3. Қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылданған бастамашыл топ мүшелерiн осы референдумды әзiрлеу және өткізу кезеңiнде қайта сайлауға жол берiлмейдi.
4. Бастамашыл топ қол жинау және қол қою парақтарын ресiмдеу тәртібін қайталап бұзған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы референдумның бастамашыл тобының қызметiн тоқтату және оны тiркеу туралы куәліктi қайтарып алу туралы шешiм қабылдай алады.
16-бап. Қол жинаудың нәтижелерi бойынша қол қою парақтары мен қорытынды хаттаманы жiберу
1. Қол жинау жүзеге асырған адамдар толтырылған және тиiстi аумақтық сайлау комиссиясында тексеруден өткен қол қою парақтарын референдумның бастамашыл тобына жiбередi. Бастамашыл топ қол жинаудың нәтижелерi туралы жиынтық деректердi түзедi және қол жинау аяқталған күннен бастап он күннен кешiктiрмей толтырылған қол қою парақтары мен жиынтық деректердi Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.
2. Орталық сайлау комиссиясы табыс етiлген қол қою парақтары осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келген ретте қол жинаудың нәтижелерiн қорытынды хаттамаға енгiзедi. Референдум өткізу туралы ұсыныс қол жинаудың нәтижелерi жайындағы қорытынды хаттамамен бiрге референдумның бастамашыл тобынан құжаттарды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде Қазақстан Республикасының Президентiне жiберiледi.
3. Қол қою парақтары мен қол жинаудың нәтижелерi жөніндегі қорытынды хаттамаларды сақтаудың тәртібі мен мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
17-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық референдум тағайындау туралы бастамашылық жөнiнде шешiм қабылдау
Республика Президентi Парламент пен Үкiметтiң немесе Республика азаматтарының бастамашылығы бойынша референдум тағайындау туралы мынадай:
1) референдум тағайындау туралы;
2) референдум өткiзбей-ақ, оның талқысына ұсынылатын мәселе (мәселелер) бойынша Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу, конституциялық заң, заң немесе өзге де шешiм қабылдау қажеттiгi туралы;
3) референдум тағайындау туралы бастамашылықты қабылдамау туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
06.05.99 ж. № 376-1 ҚР Конституциялық Заңымен 17-бап 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төртінің, көпшілік даусымен Парламент Конституцияға осы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті сол заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады.
18-бап. Республикалық референдум тағайындау туралы шешiм
1. Референдум тағайындау туралы шешiмдi Республика Президентi тиiстi Жарлық шығару жолымен қабылдайды, онда:
1) референдумды өткізу мезгiлi;
2) оған қойылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасы белгiленедi;
3) референдумды өткізуге байланысты өзге де мәселелер шешiледi.
2. Республика Президентi референдум бастамашыларының келiсуiмен оны өткiзгенге дейiн оның бастамашыларының еркiн неғұрлым дәл бiлдiру үшiн референдумға қойылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасын нақтылау түсуге хақылы.
3. Референдум тағайындау туралы Республика Президентінің Жарлығы, Конституция, конституциялық заң, заң жобаларының мәтiндерi, оларға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
19-бап. Республикалық референдум өткізу мерзiмi
Референдум оны өткізу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде өткiзiледi. Ерекше жағдайларда Республика Президентi референдум өткізудiң басқа мерзiмiн белгiлеу мүмкiн.
20-бап. Республикалық референдум комиссиясы
1. Референдумға дайындық пен оны өткізудi мыналар жүзеге асырады:
1) Орталық референдум комиссиясының функциясын орындаушы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы;
2) аумақтық референдум комиссияларының функциясын орындаушы Қазақстан Республикасының аумақтық сайлау комиссиялары;
3) учаскелiк референдум комиссияларының функциясын орындаушы учаскелiк сайлау комиссиялары.
2. Аумақтық және учаскелiк референдум комиссияларын құру мен олардың құрамын қалыптастыруды тиiстi әкiмдер "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңымен белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
21-бап. Орталық референдум комиссиясының өкiлеттiктерi
1. Орталық референдум комиссиясы:
1) Республикасының бүкiл аумағында референдум туралы заңның орындалуын бақылауды жүзеге асырады; оның бiркелкi қолданылуын қамтамасыз етедi; өз құзыретi шегiнде Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi шешiмдер қабылдайды;
2) референдумға дайындық пен оны өткізудi ұйымдастырады;
3) референдумды ұйымдастыру мен өткізуге арналған шығыс сметасының жобасын жасайды және оны Республиканың Үкіметіне табыс етедi;
4) референдум комиссияларына басшылықты жүзеге асырады, олардың шешiмдерiн жояды және кiдiрте тұрады; референдумды ұйымдастыру мен өткізуге арналған қаражатты олардың арасында бөледi;
5) референдум комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң жай-күйiн бақылайды;
6) референдум туралы заңдардың бұзылуы туралы арыздар мен шағымдарды қарайды;
7) дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң, сайлаушылар тiзiмiнiң, қол қою парақтарының, референдум өткізу үшiн қажеттi өзге де құжаттардың нысандары мен мәтiндерiн; дауыс беру уақытын; референдум құжаттарын сақтау тәртібін белгiлейдi;
8) референдум комиссияларының, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының референдумға дайындық пен оны өткізуге байланысты мәселелер жөніндегі есептерiн, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер органдарының сайлау туралы заңды сақтау мәселелерi бойынша хабарламаларын тыңдауға хақылы;
9) референдумға дайындықтың барысы туралы азаматтарға хабарлап отырады;
10) Республика бойынша тұтас алғанда референдумның қорытындыларын шығарады, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына хабар берiлуiн қамтамасыз етедi;
24.11.04 ж. № 604-II ҚР Конституциялық Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11) референдумның бастамашыл тобын және оның референдумға ұсынатын мәселесiн (мәселелерiн) тiркеудi жүзеге асырады және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабар орналастырады;
24.11.04 ж. № 604-II ҚР Конституциялық Заңымен бап 12) тармақшамен толықтырылды
12) референдумның бастамашыл тобын тіркеу туралы куәлiктiң нысанын бекiтедi;
24.11.04 ж. № 604-II ҚР Конституциялық Заңымен бап 13) тармақшамен толықтырылды
13) референдумның бастамашыл тобын тiркеу туралы куәлiк берудi жүзеге асырады, сонымен бiр мезгiлде қол қою парақтарын бередi;
24.11.04 ж. № 604-II ҚР Конституциялық Заңымен бап 14) тармақшамен толықтырылды
14) осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда бастамашыл топ мүшелерiнiң қызметін; бастамашыл топтың қызметiн тоқтату туралы және оны тiркеу жөніндегі куәлiктi қайтарып алу туралы шешім қабылдайды;
24.11.04 ж. № 604-II ҚР Конституциялық Заңымен бап 15) тармақшамен толықтырылды
15) осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда жекелеген учаскелерде (әкiмшілік-аумақтық бiрлiктерде) референдум өткізудi жарамсыз деп таниды.
2. Орталық референдум комиссиясының мәжілістерi оның мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.
3. Орталық референдум комиссиясы өз шешiмдерiн оның мүшелерi жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылдайды.
22-бап. Аумақтық референдум комиссияларының өкiлеттiктерi
1. Аумақтық референдум комиссиялары:
1) тиiстi әкiмдердiң ұсынуы бойынша дауыс беруге арналған учаскелердi құрады;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң аумағында референдум туралы заңның орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
3) учаскелiк комиссиялардың қызметiн ұйымдастырады, референдум өткізуге арналып бөлiнген қаражатты олардың арасында бөледi;
4) учаскелiк референдум комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң жай-күйiн бақылайды;
5) референдум туралы заңның бұзылуы туралы арыздар мен шағымдарды қарайды;
6) учаскелiк референдум комиссияларының, жергiлiктi мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының референдумға дайындық пен оны өткізуге байланысты мәселелер бойынша хабарламасын тыңдауға хақылы;
7) учаскелiк референдум комиссияларынан дауыс берудiң нәтижелерi туралы хаттамаларды алады, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң аумағындағы референдумның нәтижелерiн шығарады;
24.11.04 ж. № 604-II ҚР Конституциялық Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
8) референдумның бастамашыл тобының қол қою парақтарының осы Конституциялық заңда белгiленген талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргiзедi.
2. Аумақтық референдум комиссияларының мәжілістерi олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.
3. Аумақтық референдум комиссиялары өзiнiң шешiмдерiн олардың мүшелерi жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылдайды.
23-бап. Учаскелiк референдум комиссияларының өкiлеттiктерi
1. Учаскелiк референдум комиссиялары:
1) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заңмен белгiленген ережелерге сәйкес республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тiзiмiн жасайды, осыған байланысты мәселелердi шешедi;
2) азаматтарды республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды, оларға тиiстi өзгертулер енгізу туралы мәселелердi шешедi;
3) азаматтарды дауыс беретiн күн, уақыт, орын және оның тәртібі туралы хабардар етедi;
4) үй-жайларды дайындайды және дауыс беруге арналған кабиналар мен урналардың жасалуын қамтамасыз етедi;
5) референдум өткiзiлетiн күнi учаскеде дауыс берудi ұйымдастырады;
6) учаскеде дауыстың саналуын жүргiзедi және дауыс берудiң нәтижелерiн анықтайды;
7) учаскеде дауыс беруге дайындық пен оны ұйымдастыру мәселелерi жөніндегі арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды;
24.11.04 ж. № 604-II ҚР Конституциялық Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
8) бюллетеньдердi жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдайды.
2. Учаскелiк референдум комиссияларының мәжілістерi олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.
3. Учаскелiк референдум комиссиялары өздерiнiң шешiмдерiн, осы Конституциялық заңға сәйкес шешiм қабылдау үшiн комиссия мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусы қажет болатыннан басқа реттерде, олардың мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.
24-бап. Референдум комиссияларының қызмет жағдайларын қамтамасыз ету
1. Референдум комиссияларының өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмдерi тиiстi аумақтағы барлық мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғаларының орындауы үшiн мiндеттi.
2. Референдум комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы немесе мүшелерi комиссиясының шешiмi бойынша, референдум өткізуге арналып бөлiнген қаражат есебiнен орташа жалақысын сақтай отырып, референдумға дайындық пен оны өткізу кезеңiнде өндiрiстiк немесе қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатыла алады.
3. Мемлекеттік органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдар, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғалары референдум комиссияларының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруында оларға жәрдемдесiп отыруға, жұмысы үшiн қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етуге, өзге де көмек көрсетуге мiндеттi.