Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы
келісім
(Мәскеу қ. 2008 ж. 25 қаңтар)
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарттың 102-бабына сәйкес Комиссияның тиісті шешімі күшіне енген күнінен бастап қолданылуы тоқтатылды
2009.17.02 № 136-ІV ҚР Заңымен ратификацияланды
2010 жылғы 1 шілдеде күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Үкіметтері,
осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын Тараптардың мемлекеттерімен (бұдан әрі - үшінші елдер) саудада кедендік рәсімдерді оңайлату мен үйлестіру мақсатында,
өзара пайда мен халықаралық құқық негізінде сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға тілек білдіре отырып,
көпжақты сауда жүйесін нығайтуға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағында дамушы және ең аз дамыған елдерден және Тараптардың барлық мемлекеттері қатысушылары болып табылатын еркін сауда туралы шарттары бар елдерден шыққан тауарларды қоспағанда, үшінші елдерден шығарылған тауарларға қатысты осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтын қосымшаға сәйкес Тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі қолданылады.
2. Дамушы және ең аз дамыған елдерден тауарлардың шығуын айқындау ережесі Тараптар арасындағы жекелеген келісіммен бекітіледі.
3. Тараптардың барлық мемлекеттері қатысушысы болып табылатын еркін сауда туралы шарты бар елдерден шығарылған тауарларға қатысты осы шартпен белгіленген тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі қолданылады.
2-бап
Тараптар арасында осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда мұндай даулар Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың сотына қарауға беріледі.
3-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге Тараптардың жекелеген хаттамаларымен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
4-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамасымен анықталады.
2008 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы, депозитарийі болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық комитетінде сақталады және Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін | |
Тауарлардың шығарылған
елін айқындаудың бірыңғай
ережелері туралы келісімге
қосымша
Тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі
1. Осы Ережеде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
қосылған құн - «франко-зауыт» шартындағы тауардың бағасы мен оны өндіру үшін пайдаланылған импорттық шикізаттар мен материалдар құнының арасындағы айырма;
тауар партиясы - бір көліктік құжат бойынша бір жүкті жөнелтуші бір жүкті алушының адресіне жіберілетін тауарлар, сондай-ақ бір почталық жүкқұжат бойынша жіберілетін не кедендік шекарадан өтетін бір тұлға қол жүгі ретінде өткізілетін тауарлар;
тауарлардың шығарылған елі - тауарлар толық өндірілген немесе осы ережеде белгіленген тауарларды жеткілікті түрде өңдеу өлшемдеріне сәйкес жеткілікті түрде қайта өңдеуге ұшыраған ел. Бұл ретте, тауарлардың шығарылған елі деп, егер оларды тауарлардың шығарылған елін айқындау мақсаттары үшін бөлу қажеттілігі бар болса, елдердің топтары, не елдердің кедендік одақтары, не елдің өңірі немесе бөлігі түсінілуі мүмкін;
«франко-зауыт» шарттарындағы баға - оның экспорты кезінде төленетін немесе төленуі мүмкін барлық ішкі салықтарды шегергендегі, тауарды соңғы елеулі қайта өңдеуді жүзеге асырған өндірушіге төленуі тиіс тауардың бағасы.
2. Мыналар осы елде толық өндірілген тауарлар болып есептеледі:
1) елдің жер қойнауынан, оның аумақтық теңізінен (суларынан) немесе осы теңіздің түбінен өндіріп алынған пайдалы қазбалар;
2) осы елде өсірілген немесе жиналған өсімдік тектес өнім;
3) осы елде туған және өсірілген тірі жануарлар;
4) осы елде өсірілген жануарлардан алынған өнім;
5) осы елде аңшылық және балық аулау кәсіпшілігі нәтижесінде алынған өнім;
6) осы елдің кемесімен алынған теңіз балық аулау кәсіпшілігінің өнімі мен теңіз кәсіпшілігінің басқа да өнімі;
7) осы елдің қайта өңдеуші кемесінің бортында осы тармақтың 6-тармақшасында көрсетілген өнімнен ғана алынған өнім;
8) осы елдің, сол теңіз түбінің ресурстарын немесе сол теңіздің қойнауын әзірлеуге арналған ерекше құқықтары болған жағдайда, осы елдің аумақтық теңізінен (суларынан) тыс жерлердегі теңіз түбінен немесе теңіз қойнауынан алынған өнім;
9) осы елде өндірістік немесе қайта өңдеу жөніндегі өзге де операциялар нәтижесінде алынған қалдықтар мен металл сынықтары (қайталама шикізат), сондай-ақ сол елде жиналған және тек шикізат күйінде қайта өңдеу үшін ғана жарамды, пайдалануда болған бұйымдар;
10) егер осы ел тиісті ғарыш объектісі тіркелген мемлекет болса, ғарыш объектілерінде ашық ғарышта алынған жоғары технологиялар өнімі;
11) осы елде осы тармақтың 1-10) тармақшаларында көрсетілген өнімнен ғана дайындалған тауарлар.
3. Егер тауарды өндіруге екі және одан көп елдер қатысатын болса, осы Ережеге сәйкес белгіленген жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне жауап беретін тауарды қайта өңдеу немесе дайындау жөніндегі соңғы операциялар жүзеге асырылған ел тауардың шығарылған елі болып есептеледі.
4. Егер тауарлардың жекелеген түрлеріне немесе қандай да бір елге қатысты тауарлардың шығарылған елін айқындаудың ерекшеліктері осы Ереженің 6-тармағына сәйкес өзгеше ескертілмейді, тауарды қайта өңдеу немесе дайындау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру нәтижесінде Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы бойынша жіктеу коды кез келген алғашқы төрт белгінің деңгейінде өзгерген болса, тауар сол елден шығарылған болып есептеледі.
5. Осы Ереженің 4-тармағында белгіленген ережелерге қарамастан жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне:
1) тауарды сақтау немесе тасымалдау кезінде оның сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
2) тауарды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі операциялар (партияны бөлу, жөнелтуді қалыптастыру, сұрыптау, қайта орау), орамаларды бөлшектеу және құрастыру бойынша операциялар;
3) оларды жүзеге асыру Кеден одағының комиссиясы 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа сәйкес белгілеген тізбе бойынша тауардың жай-күйін елеулі өзгертпейтін қарапайым құрастыру операциялары мен тауарды бөлшектеу бойынша операциялар, сондай-ақ өзге де операциялар;
4) алынған өнімнің бастапқы құрамдастарынан елеулі айырмашылықтарына әкелмейтін тауарларды (компоненттерді) араластыру;
5) жануарларды сою, етті бөлу (сұрыптау);
6) жуу, тазалау, шаңды алып тастау, тотықпен, маймен және басқа да заттармен қаптау;
7) тоқыманы үтіктеу немесе нығыздау (талшықтар мен иірімжіптердің кез келген түрлері, талшықтар мен иірім жіптердің кез келген түрлерінен тоқыма материалдары мен олардан жасалған бұйымдар);
8) бояу немесе жылтырату бойынша операциялар;
9) дәнділер мен күріштің қабығын аршу, ішінара немесе толығымен ағарту, жылтылдату мен тегістеу;
10) қантты бояу немесе кесекті қантты қалыптастыру бойынша операциялар;
11) қабығын аршу, дәндерді алу және жемістерді, көкөністер мен жаңғақтарды бөлу;
12) қайрау, қарапайым тарту немесе қарапайым кесу;
13) елеуіштен немесе електен елеу, сұрыптау, жіктеу, іріктеу, таңдау (оның ішінде бұйымдардың жиынтықтарын жасау);
14) банкаларға, сауыттарға, қаптарға, жәшіктерге, қорабтарға құю, буып-түю бойынша қарапайым операциялар;
15) алынған компоненттердің бастапқы тауардан елеулі айырмашылығына әкелмейтін тауарларды компоненттерге бөлу;
16) жоғарыда көрсетілген операциялардың екеуін немесе одан да көп санын араластыру сәйкес келмейді.
6. Тауардың шығарылған елін айқындау үшін, сондай-ақ, Кеден одағының комиссиясы белгілейтін тәртіппен жеткілікті дәрежеде қайта өңдеудің мынадай өлшемдері пайдаланылады:
1) бұл операциялар орын алған ел тауарлардың шығарылған елі болып есептелуі үшін жеткілікті белгілі бір шарттарды, өндірістік немесе технологиялық операцияларды орындау;
2) пайдаланылатын материалдар құнының пайыздық үлесі немесе қосылған құн түпкі өнімнің бағасында тіркелген үлеске жеткен кездегі тауар құнының өзгеруі (адвалорлық үлес ережесі).
7. Егер адвалорлық үлес ережесі қолданылған жағдайда құн көрсеткіштері:
импорттық материалдар үшін бұл материалдардың оларды түпкі өнім өндіру жүзеге асырылатын елге әкелу кезіндегі кедендік құны бойынша немесе импорттық материалдардың шығу тегі белгісіз болған кезде олардың түпкі өнім өндіру жүзеге асырылатын елдің аумағында алғашқы сатылуының құжаттамалық расталған бағасы бойынша;
түпкі өнім үшін - «франко-зауыт» шарттарындағы баға бойынша есептеп шығарылады.
8. Бірнеше партиямен жеткізілетін бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрдегі тауарлардың шығарылған елін айқындау кезінде, өндірістік немесе көліктік жағдайлардың себебінен оларды бір партиямен жөнелту мүмкін болмаса, сондай-ақ тауарлар партиясы қателік салдарынан бірнеше партияға бөлінген болса, декларанттың қалауы бойынша біртұтас тауар ретінде қарастырылады.
9. Осы Ереженің 8-тармағында көзделген ереже мынадай шарттар бір уақытта орындалған кезде қолданылады:
1) мұндай бөлшектеудің себептерін көрсете отырып, бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрде тауарларды бөлшектеу туралы әкелу елінің кеден органын алдын ала хабардар ету, Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың кодтарын, әр партияға кіретін тауарлардың құны мен шығарылған елін көрсете отырып әр партияның ерекшеліктерін қоса беру, не тауарларды бірнеше партияға бөлу қателігін құжатпен растау;
2) барлық тауарлар партияларын бір елден бір жеткізушінің беруі;
3) тауарлардың барлық партияларын бір кеден органына декларациялау;
4) барлық партияларды бір келісім-шарт шеңберінде жеткізу;
5) тауардың барлық партиясын кеден декларациясы қабылданған күнінен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде не тауарлардың бірінші партиясына қатысты оны беру мерзімі өтіп кеткенге дейін жеткізу. Тауар алушыға байланысты емес себептер бойынша тауарлардың барлық партияларын жеткізіп беру мүмкін болмаған жағдайда, кеден органы тауардың барлық партиясын жеткізу үшін қажетті, бірақ бір жылдан артық емес мерзімде декларанттың дәлелді өтініші бойынша, тауардың бұл мерзімі ұзартылуы мүмкін.
10. Тауарлардың шығарылған елін айқындау кезінде оларды өндіру немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын жылу және электр энергиясы, машиналар, жабдықтар мен аспаптардың шыққан тегі есепке алынбайды.
11. Машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен бірге пайдалануға арналған құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар, егер мұндай құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар, техникалық құжаттарға сәйкес әдетте осы құрылғылармен бірге жеткізілетін жиынтықтағы және мөлшердегі көрсетілген машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен бірге әкелінсе және пайдаланылса, сол машиналар, жабдық, аппараттар немесе көлік құралдары әкелінген елде шығарылған болып есептеледі.
12. Орама Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасын есепке ала отырып, тауардан бөлек декларациялануы тиісті жағдайларын қоспағанда, сол тауардың өзі шығарылған елде шығарылған болып есептеледі. Мұндай жағдайда орама шығарылған ел тауар шығарылған елден бөлек айқындалады.
Егер тауар кедендік аумаққа әкелінетін орама, тауардың өзі шығарылған елде шығарылған болып есептелсе, тауардың шығарылған елін айқындау үшін тауар бөлшек саудада сатылатын орама ғана, оның ішінде осы Ереженің 6-тармағының 2-тармақшасында көзделген адвалорлық үлес ережесін қолдану кезінде ескеріледі.