Республикада жер учаскелерін сату үшін жер аукциондары мен конкурстар өткізіледі. Жер реформасының бүкіл кезеңінде 436 конкурс және аукцион өткізілді, оларда 1311 жер учаскесі сатылды. Жерді ауыл шаруашылығына пайдалану үшін сатудың айтарлықтай резерві босалқы жерлерде, олардағы ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы 109,2 млн. гектарды құрайды.
Ақылы жер пайдалану жүйесінің дамуына қабылданған Қазақстан Республикасының Жер кодексі ықпал ететін болады.
Жер ресурстарын пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау. Республиканың жерге орналастыру қызметінің құрылымында жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау жүйесі құрылған, оның міндетіне жер, азаматтық, табиғат қорғау және жер қатынастары саласындағы өзге де заңнаманың талаптарын сақтауды қамтамасыз ету кіреді.
1995-2003 жылдары ішінде Агенттіктің инспекторлық қызметі 123,4 мың тексеріс жүргізді, бұл ретте 88,3 мың рет жер заңнамасын бұзушылық анықталды.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі қызмет. Республикада Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару агенттігі басшылық жасайтын жер ресурстарын басқару қызметінің тұтас вертикалды ұйымдастыру құрылымы жұмыс істейді.
«Қазақстан Республикасында жерге құқықтарды қамтамасыз етудің 2000-2003 жылдарға арналған бағдарламасы» туралы Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2000 жылғы 16 ақпандағы № 253 қаулысын іске асыру мақсатында жерге орналастыру қызметінің өндірістік бөлімшелерін құрылымдық жағынан қайта құру жүргізілді - қазіргі «МемжерҒӨО» РМК-ның еншілес кәсіпорындары базасында аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда қосымша өндірістер - жер-кадастрлық филиалдар (орталықтар) құрылды.
Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету. Жер ресурстарын басқарудың өзекті мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер мен әдістемелік әзірленімдер жүзеге асырылуда. Жер реформасы жылдарында жерге орналастыру және жер-кадастрлық жұмыстардың барлық түрлері бойынша 60-қа жуық әр түрлі әдістемелер, нұсқаулықтар мен нұсқаулар әзірленді және қазіргі кезде қолданыста жүр.
Халықаралық ынтымақтастық. Агенттік көптеген елдермен, қорлармен және ұйымдармен жер қатынастары жөніндегі құқықтық экономикалық және қаржылық мәселелер және жер қатынастары, жерге орналастыру, жер кадастры, жер мониторингі, геодезия мәселелері саласында және жерді пайдалану мен қорғауға байланысты т.б. проблемалар бойынша белсенді халықаралық ынтымақтастық жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі Халықаралық Ғылыми Проблемалық Кеңестің мүшесі болып табылады, бұл әлемдік жерге орналастыру ғылымын, жер кадастрын дамытудың, жерді бағалаудың, геодезия мен картографияның, сондай-ақ жер қатынастарының басқа да маңызды проблемаларының негізгі үрдістері туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
МЖК ААЖ құру шеңберінде геоақпараттық жүйелерді әзірлеу мен сату саласындағы халықаралық көшбасшы ESRI фирмасымен (АҚШ), Мәскеудегі ТМД елдерінің ГАЖ Ассоциациясымен ынтымақтастық жүзеге асырылуда.
Әлсіз жақтары
Заңнамалық қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасында жер қатынастары мен жер заңнамасының кезең-кезеңмен құқықтық реттелуіне қарамастан, жер қатынастарының кейбір мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді талап етеді. Атап айтқанда, Агенттіктің ақпараттық ресурстары, Бірыңғай мемлекеттік жер тізілімін жүргізу тәртібі, жерді мемлекеттік кадастрлық бағалау туралы мәселелер бойынша тиісті нормативтік құқықтық кесімдер қабылдау қажеттігі туып отыр. Оларда дәл белгіленген мақсаттар, міндеттер, базалық мәліметтердің тізбесі, оларды жинау, жаңарту мен сақтау жолдары, Кадастр жүргізетін мамандандырылған кәсіпорындар ұйымдық құрылымы мен функциясы және басқа да мәселелер көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар, жер туралы мемлекеттік ақпаратты қалыптастыру басқа ведомстволар, заңды және жеке тұлғалар орындайтын жұмыс материалдарын мемлекеттік жер кадастрының дерекқорына беру, сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларды, оларды құқықтық тіркегеннен кейін жер-кадастрлық есепке алу тетігін әзірлеуді талап етеді.
Жер реформасының нәтижелері. Жерге нақты меншік иесін қалыптастыру жөніндегі оң функцияны орындай отырып, шаруа (фермерлік) қожалығын және басқа да шаруашылық жүргізу нысандарын ұйымдастыру үшін шағын жер учаскелерінің ауқымды санын бөлу арқылы ірі жер иеленушікті реформалау процесі ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі, жерді ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жүргізу деңгейінде теріс әсер ететін бірқатар кемшіліктері де бар.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің барлық нысандары үшін негізгі проблемалар олардың оңтайлы мөлшерлерін белгілеу, бірлестіру, аумақтарды ұйымдастыру жобаларын әзірлеу негізінде олардың инфрақұрылымдарын дамыту, ауыл шаруашылығы алқаптарын жақсарту және өңдеу бойынша техникалық-жұмыстық жобалау үшін қалыпты жағдайлар жасау болып табылады.
Жер қорын жердің мақсатты арналу санаттары мен алқаптары бойынша бөлу. Соңғы он жыл ішінде республиканың барлық өңірлерінде, оның ішінде анағұрлым қолайлы табиғи және экономикалық жағдайлы өңірлерде де жердің елеулі аудандары ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылып, босалқы жерлерге берілді. Еліміздің жер қорының жартысы дерлік қазіргі кезде пайдаланылмай отыр.
Қалыптасқан жер қорын жер санаттары, жер пайдаланушылар мен алқаптар бойынша бөлу - саяси және әкімшілік-шаруашылық қызметтің нәтижесі. Ол өзін жетілдіруді талап етеді, ал атап айтқанда жерлердің құрамын, мақсатты арналу санатын экономика мен қоршаған ортаны қорғау салаларын дамыту талаптарына сәйкес келтіруді қажет етеді. Жекелеп алғанда, елді мекендердің ауқымды алаңдары, өнеркәсіптік кәсіпорындар, коммуналды-қоймалық ғимараттар, көлік және т.б. орналасқан аумақтар тиімсіз пайдаланылуда. Орман қорының жерлерінде үлкен аудандар есепке алынған, оларда айрықша қорғалатын табиғи аумақтардың объектілері орналасқан. Су асуындағы жерлердің 40 %-на жуығы (3,1 млн. га) босалқы жерлердің құрамында есепке алынған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі № 1149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыру ауылдық елді мекендердің жерін түзету қажеттігін туғызады.
Республиканың көптеген облыстарында неғұрлым қарқынды пайдаланылатын жерлердің аудандары қысқарды. Егістік құрамынан түсімділігі төмен жерлерді шығарумен қатар, тыңаймаған 4 млн. гектар жақсы сапалы жер ауыстырылды. Сонымен қатар, егістікте әр түрлі теріс әсерлерге ұшыраған жерлердің өзге де айтарлықтай аудандары бар.
Өзен ағысын реттеу және адамның басқа шаруашылық қызметінің салдарынан, табиғи шабындықтарды суару тәртібінің өзгеруі олардың ауданының 1991 жылмен салыстырғанда бірте-бірте 62,8 мың га-ға дейін азаюына әкеліп отыр.
Жер реформасын жүзеге асырған жылдар ішінде суармалы жерлердің жалпы ауданы 248,3 мың гектарға кеміді. Суармалы аудандардың кемуі Қызылорда, Алматы, Атырау, Павлодар, Жамбыл облыстарында байқалды (1-қосымша, 6-кесте).
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің деректері бойынша суармалы жерлердің жалпы ауданынан 1369 мың гектар іс жүзінде пайдаланылған, ал қалған 762,2 мың гектары тұздалған жерлерді айналымнан шығару, суару жүйесінің істен шығуы, суару үшін су жетіспеуі немесе болмауы, топырақ-мелиоративтік жағдайының және ең бастысы, қаржы және материалды-техникалық құралдардың шектеулілігі себебінен пайдаланылмаған.
Жердің сапалық жағдайы. Қазақстанның барлық облыстарында дерлік жердің сапасының нашарлау үрдісі: топырақта қарашіріктің, қоректік заттардың азаюы; азықтық база потенциалының төмендеуіне алып келген өсімдіктердің түрлік құрамы мен оның түсімділігі байқалады. Ауыл шаруашылығы алқаптары деградацияға, ластануға ұшыраған және құнарлылығын қалпына келтіру бейімділігін жоғалтуда.
Қазақстан Республикасының аумағында ауыл шаруашылық алқаптарының айтарлықтай бөлігі жердің құнарлылығына теріс әсер ететін белгілердің болуымен сипатталады:
олардың ауданының 42,3 млн. га немесе 20%-ын қиыршық тасты және тас басқан топырақтар алып жатыр;
34,1 млн. га - тұздалған;
58,9 млн. га сортаңдалған кешендері бар топырақтар және өте қолайсыз су-физикалық қасиеттерімен сипатталады;
3,1 млн. га (1,4 %) - өте ылғалданған және 0,9 млн. га
(0,4 %) - батпақтанған. Батпақтанған жерлерде орташа және күшті батпақтанған жерлер көп (88,6%).
Егістіктің, оның құнарлылығына әсер ететін белгілері бойынша сапалық жағдайының сипаттамасы егістік құрамында теріс белгілермен шиеленіспеген топырақтар егістік құрамының 14,6 млн. га немесе жалпы ауданның 64,3 %. Теріс белгілері жоқ топырақтары бар егістіктің ең жоғары үлес салмағы Қостанай (74%), Ақмола (73%) және Солтүстік Қазақстан (70%) облыстарында байқалады.
Егістік құрамында қиыршық тасты және тас басқан жерлер 1,3 млн. га (5,7%), тұздалғандары - 2,0 млн. га (8,8%), сортаңданған кешендер 2,5 млн. га немесе 11%. Қостанай облысында олар ең көп тараған (0,7 млн. га), Солтүстік Қазақстан облысында (0,6 млн. га) және Ақмола облысында (0,4 млн. га): эрозияға ұшырағандары 1,7 млн. га немесе 7,5% (1-қосымша, 5-сурет, 7-кесте).
Сапалық есепке алу мәліметтері бойынша шабындықтардың мәдени-техникалық жағдайы мынадай көрсеткіштермен сипатталады: таза - 4,4 млн. га, бұталанғаны - 130,1 мың га, орманданғаны - 7,8 мың га, улы өсімдіктер өскендері - 84,4 мың га, төмпешік басқандары - 129,7 мың га (1-қосымша 6-сурет, 8-кесте).
Жайылымдар мәдени-техникалық жағдайы бойынша мынадай болып бөлінеді: жақсартылғандары - 4,9 млн. га, тазалары - 113,9 млн. га, төмпешік басқандары - 1,4 млн. га, бұта өскендері - 19,8 млн. га, орманданғаны - 3,6 млн. га, тас басқандары - 4,6 млн. га, қына өскендері - 7,7 млн. га, тапталғандары - 26,6 млн. га (1-қосымша, 7-сурет, 9-кесте).
Елді мекендерден отарлық және өзге де жайылымдардың қашықтығына байланысты және суландырылмауы себепті олардың үлкен бөлігі пайдаланылмайды. Суландырылған жайылымдардың ауданы республика бойынша тұрақты түрде қысқарып келеді. Көптеген суландыру құрылғылары жөндеу мен қайта қалпына келтіруді қажет етеді.
Азықтық алқаптардың, әсіресе елді мекендерге, мұнай өңдейтін жерлерге жақын орналасқандарының экологиялық жағдайы іс жүзінде республиканың барлық өңірінде нашарлауда.
Жерлердің сапалық сипаттамасының мәліметтері бойынша су және жел эрозиясына ұшыраған ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы 30,8 млн. га немесе 14,2 %, соның ішінде егістік - 1,7 млн. га. Су эрозиясы 1 градустан төмен ылдилықты беткейлерде байқалады. Республика бойынша, жалпы алғанда, су эрозиясына 5,0 млн. га жер ұшыраған, олардың ішінде 1,0 млн. га егістік. Шайылған ауыл шаруашылығы алқаптарының айтарлықтай ауданы Оңтүстік Қазақстан облысында (1 млн. га шамасында), Маңғыстау облысында (0,8 млн. га), Алматы облысында (0,8 млн. га), Ақмола облысында (0,6 млн. га) орналасқан (1-қосымша, 10-кесте).
Ауыл шаруашылығы алқаптарының құрамында азықтық алқаптардың әр жетінші гектарын эрозияға ұшыраған жайылымдар құрайды, орташа және күшті эрозияға ұшыраған жерлер 11,3%-ды құрайды (1-қосымша, 11-кесте).
Жыртылған жерлердің айтарлықтай ауданында топырақтарда қарашіріктің азаюы байқалады. Соңғы отыз жылда қарашірік түрлі топырақта 10-нан 20%-ға дейін азайды.
Қазақстан аумағының 70% шамасы әр түрлі дәрежеде шөлге айналу мен жерлердің деградациялану процесіне ұшыраған.
Арал өңірінің Қазақстандық бөлігі 59,6 млн. га жерді, соның ішінде Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының жерлерін қамтыған. Деградацияның күшті және орташа дәрежесіндегі экологиялық апат орталығында жайылымдарын үлкен ауданы ұшыраған. Аралдың құрғап қалған түбінде құмды-сортаңдар қалыптасқан. Тозаңның таралу және жайылу аймағының ауданы 25 млн. гектарды құрайды.
Балқаш өңірі аймағында мынадай теріс процестер байқалады: тұздалу, шөлге айналу, жердің улы заттармен және ауыр металдармен ластануы.
Ластанудың қауіпті түрлерінің бірі - радиоактивтілік.
Жерлерді өндірістік объектілер мен инженерлік инфрақұрылымдарға тікелей алуға байланысты республиканың аса бай шикізат әлеуетін пайдалану соңғы жылдары қалпына келтіру қарқыны күрт қысқарған бүлінген жерлердің айтарлықтай массивтерінің қалыптасуына алып келді. Бүлінген жерлердің ауданы 171,0 мың га, соның ішінде 50,8 мың га - өңделген және қайта қалпына келтіруге жатады.
Жерді ұтымды пайдалану мен қорғау тәртіптері орындалмастан мұнай мен газ өндіру көлемінің артуы топырақтардың мұнай химиялық ластануына алып келеді.
Мемлекеттік жер кадастры. Қазақстандағы реформалар басталғанда, өзге дe бұрынғы кеңестік мемлекеттердегі сияқты, жерге тек мемлекеттік меншік пен жерді ақысыз пайдалану болғандықтан, жер кадастрының мақсаттарды, міндеттері мен мазмұны социалистік жоспарлы экономиканы ақпаратпен қамтамасыз етуге және ұжымшарлар мен кеңшарларға берілген жерді есепке алуға бағытталды. Жер учаскесінің жылжымайтын мүлік ретіндегі заңдық анықтамасы болған жоқ.
Осылайша, тәуелсіз мемлекет ретіндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастры нарықтық экономика жағдайында жаңа жер қатынастары жүйесі мен жер пайдалануға жаңа тұрғыдан келуге сәйкес, мүлдем басқа тұжырымдамалық негіздерде құрылуы және қызмет етуі тиіс. Ол жер жылжымайтын мүлігіне құқықты қорғаудың басты кепілі, жер ресурстары әлеуетін тиімді басқарудың экономикалық тетігінің негізі болуы қажет.
Республикада толық құнды МЖК жасау оны құру кезеңінде жүріп жатыр. Осы бағыттағы ғылыми-іздестіру жұмыстары жаңа ғана басталып келеді. Ұйымдастырулық-құқықтық және қаржылық қамсыздандырудың бірқатар шешілмеген мәселелерінің, төмен техникалық жабдықталудың, жаңа технологиялардың жеткіліксіздігінің болуы әлемдік стандартқа жауап беретін жер кадастрының бірыңғай ақпараттық жүйесін жасауға кедергі жасап отыр.
Топырақ бонитировкасы. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында суландырылмаған және суландырылған жерлер бонитировкасы бұрынғы
№ 1:25 000 - 1:50 000 ескірген зерттеу материалдары негізінде жүргізілгендігін атап өту қажет.
Қазіргі кезде қолданылып жүрген топырақ бонитировкалау әдістемесі топырақ құнарлылығы мен дақылдардың арасындағы тікелей тәуелділік негізінде таңдап алынған жартыметрлік қабаттағы қарашірік көлемі бойынша ғана негізгі бағалау баллын алуды қарастырады. Тәжірибеде бұл әдістеме топырақты жылдам және шамалап бағалау үшін қолданылады.
Нарықтық экономика жағдайында ол мүлдем жан-жақты емес және оны жер салығы мен жалдау ақысының нормативтерін әзірлеуде қолдану күмән тудырмайды. Бұдан басқа, бонитировкалау шкаласы әр түрлі топырақ-климаттық жағдайлары бар Қазақстан сияқты ел үшін бірыңғай болуы мүмкін емес.
Жер мониторингі. Қазақстанның жер қорында табиғи ерекшеліктерінің болуы себепті теріс белгілерімен күрделіленген үлкен жер көлемдері бар. Жерге антропогендік әсердің өсіп келе жатуы, кей кезде оған әсер ету шегінен шығып кетуі теріс әсер етеді, жиі оның жағдайын қалпына келтіруге келмейтін өзгерістерге алып келеді. Ол гумус мөлшерінің төмендеуінен, құнарлы заттар балансының бұзылуынан, дефляция мен су эрозиясының дамуының қарқындауынан, қайта тұздануға, химиялық ластануға және жердің басқа да деградацияға ұшырау процестерінен көрінеді.
Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу үшін ауыл шаруашылық өндірісін, жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғауды, алынатын өнімдердің және тұрғындардың өмір сүруінің экологиялық қауіпсіздігін жоспарлау мен басқару саласындағы бірқатар проблемаларды шешу үшін мемлекеттік басқару органдарында, жер иелері мен пайдаланушыларда жерлер жағдайы туралы, оларда болып жатқан өзгерістер туралы, олардың әрі қарай дамуын болжау туралы толық және жан-жақты ақпараттар болуы қажет, басқаша айтқанда, нарықтық экономика талаптарын қанағаттандыратын жер мониторингі болуы керек.
Жер мониторингінің мазмұнының топырақ, агрохимиялық және геоботаникалық зерттеулер, стационарлық пункттердегі жүйелі түрдегі бақылаулар (стационарлық және жартылай стационарлық экологиялық алаңдар, полигондар, кескіндер), сызықтық және көлемдік түсірістер, іздестірулер, басқа да материалдар құрайды.
Жер мониторингін жүргізуге қазіргі қолданылып жүрген тұрғыдан келуде агроэкологиялық сипаттамасы бар ауыл шаруашылығы дақылдары мен өсімдіктер үшін жарамдылығының және ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігіне әсер ететін табиғи факторлардың орнына топырақтар мен өсімдік жамылғысының сипаттамасы мен сапалық құрамын анықтауға айрықша бөлінді. Сонымен қатар, республика жерінің жартысынан астамы сапалы жоспарлы-картографиялық, топырақ және басқа да зерттеу материалдарымен, мониторинг мәліметтерімен қамтамасыз етілмеген. Осы проблеманы жер үсті әдістерімен және осы жұмыстарды жүргізудің ескірген технологиялары бойынша шешу мүмкін болмай отыр.
Жоспарлы-картографиялық материалдармен қамтамасыз етілуді талдау соңғы 15 жыл ішінде топырақ және геоботаникалық іздестірулер мен жұмыстарды жаңарту бойынша көлемдері жер кадастры мен жер мониторингінің қорының ақпараттық базасын қамтамасыз етуге жеткіліксіз.
Жоспарлы-картографиялық материалдардың сараптамасы, соңғы 15 жыл ішіндегі жер кадастрының ақпараттық қоры мен жер мониторингі бойынша ақпараттық қорды қамтамасыз ету кезіндегі геоботаникалық және топырақ зерттеулерінің жеткіліксіз екендігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бұл зерттеулердің материалдары 1954 мен 1987 жылдарда жасалғандықтан, бұл материалдар жаңартуды қажет етеді.
Тұрақты бақылау пункттерінің қазіргі аумақтық-аймақтық торы жеткіліксіз. Жер мониторингін жүргізетін министрліктер мен ведомстволар қызметтерінің бағыты қажетті түрде келісілмеген.
Жоспарлы-картографиялық материалдармен қамтамасыз етілуіне жасалған талдау көрсеткендей, оларды жаңарту жөніндегі топырақ және геоботаникалық зерттеулер мен жұмыстардың көлемі соңғы 15 жыл ішінде жер кадастры мен мониторингінің қорлық ақпараттық базасын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз екендігін көрсетіп отыр. Бұдан басқа, осы зерттеулердің материалдары 1954 және 1987 жылдар кезеңінде орындалған және жаңартуды қажет етеді.
Стационарлық қадағалау бекеттерінің қазіргі бар аумақтық-аймақтық торабы жеткіліксіз. Республикада жер мониторингін жүргізетін министрліктер мен ведомстволардың қызметтерін тиісті үйлестіру жоқ.
Жерге орналастыру. Жер реформасы процесінде мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жерлерін қайта бөлуге байланысты жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау проблемаларын шешуге жеткілікті назар аударылмады - аумақтарды аймақтарға бөлу, жоспарлау және ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар жүргізілмеді. Сондықтан жаңадан құрылған ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жер пайдалануларын құру ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етулерсіз, жерге орналастыру схемалары мен жобаларын әзірлеусіз жүргізілді.
Жер реформасының одан әрі дамуы жер ресурстары әлеуетін пайдаланудың және оларды қорғаудың тиімді тетігін іске асыру қажеттілігімен байланысты.
Осы міндетті шешудің нақты жолы Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көрсетілген. Жер кодексінің баптары (139 және 149, 3-т.) оңтайлы жер пайдаланудың экологиялық нормативтері мен экологиялық бағдардағы сәйкестендірілген жер пайдалануды ұйымдастыруды практикаға енгізуді талап етеді. Осы проблемаларды іске асыру алдыңғы қатарлы жобалау технологиялары тұжырымдамасын әзірлеудің, ғылыми, әдістемелік, ақпараттық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді талап етудің қажеттілігін білдіреді.
Қаралып отырған проблема егіншіліктің сәйкестендірілген ландшафтық жүйесінің, экологиялық бағыттағы жер пайдалануды құрудың, республиканың тұрақты дамуы мен халықаралық астық нарығына шығуының негізі ретінде Қазақстанның астық егетін өңірлері үшін айрықша өзектілікке ие.
Жер пайдалану ақылылығы және экономикалық ынталандыру.
Нарықтық экономика жер пайдалануға жаңа талаптар қояды. Нарықтық экономика жағдайында жер учаскелері жылжымайтын мүлік объектісі болуда, яғни жердің жылжымайтын мүлік объектісі ретінде құны болуы керек.
Ақысыз жер пайдаланудан ақылыға өту жерге ақы төлеудің барлық түрлерін әзірлеуді, анықтауды және белгілеуді қамтиды. Оның негізгі нысандары: жер салығы, жалдау ақысы, жер учаскесіне құқық беру үшін төлем, басқа мақсаттарға арналған ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді алғандағы ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеу нормативі болып табылады.
Республикадағы жерге салық салу жүйесі жетілдіруді талап етеді.
Әлемдегі экономикалық дамыған елдердің көпшілігінде (АҚШ, Канада, Германия, Франция және тағы басқалар) жерге салық салуда оның құнын негізге ала отырып, басқа да кез-келген жылжымайтын мүлікке салық салудағы қағидаттар қолданылады. Жер салығы мен жал ақысының ставкасы жердің нарықтық бағасына қарай, ал жер нарығының жеткіліксіз дамуы жағдайында - жер учаскесінің кадастрлық құнына қарай белгіленеді.
Жер нарығы, әсіресе ауыл шаруашылық жерлерінің нарығы Қазақстанда кең дамымаған және нарықтық бағасы әлі қалыптаспаған. Жер салығын есептеу үшін алғашқы база жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны - бұл Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген, түзету коэффициенттері қолданылған базалық ставкалар арқылы есептелген құнының көрсеткіші болуы керек.
Жер учаскесінің барлық сипаттамаларын ескеретін базалық ставкалар мен түзету коэффициенттері негізінде жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құны ауыл шаруашылық мақсатындағы және өзге де санаттардағы жерлерді өңірлер, облыстар, алқаптар түрлері, топырақтар типтері мен кіші типтері бойынша дифференцияланған жер салығын есептеу үшін негіз болуы тиіс.
Жерге салық салу жүйесін жетілдіру үшін бағалық аймақтарға сәйкес жер-салық аймақтарын дәл құру және жер учаскесінің кадастрлық құнының пайызындағы жер салығы ставкасының негіздемесі қажет.
Жерлерді ластанудан және ұтымсыз пайдаланудан экономикалық қорғаудың қазіргі жүйесі жеткіліксіз қолданылмауда, сондай-ақ жерлерді, ұтымды пайдалануды экономикалық ынталандыру шаралары көзделмеген.
Ақысыз жер пайдаланудан ақылы жер пайдалануға көшу жердің жылжымайтын мүлік ретіндегі бағасын анықтаудың қазіргі заманғы әдістерін зерделеу мен талдауды, ақылы жер пайдалану тұжырымдамасын, бағалық аймаққа бөлу мен ренталық көзқарас негізінде ауыл шаруашылық алқаптарының, елді мекендер мен өзге де санат жерлерінің кадастрлық {бағалау) құнын анықтау үшін төлемнің базалық ставкаларын (нормативтік бағасын) есептеу әдістемесін әзірлеуді қарастырады.
Жерге экономикалық төлем жүйесі арқылы жер ресурстарының әлеуетін тиімді пайдалану Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның жаңа деңгейге шығуына ықпал етеді және еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы көзделген шараларына және бағыттарына сәйкес келеді.
Кадрлық қамтамасыз ету. Агенттіктің аумақтық органдары, сондай-ақ құрылып жатқан инспекторлық жер қызметі үшін штаттық бірліктерді ұлғайту проблемасы өзекті болып отыр.
Қазіргі уақытта, жерге орналастыру және жер-кадастрлық жұмыстарының өскен көлемін орындау, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру, сондай-ақ жер ресурстарын және жаңа технологияны қашықтықтан зерделеу әдістерін жан-жақты дамыту, картографиялау, жер мониторингін жүргізу үшін кадр қажеттілігі толығымен қанағаттандырылмайды. Бұл жұмыстар - жер ресурстарын басқару; жер құқығы; жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ААЖ - технологияларының негізінде); жерді кадастрлық бағалау, қашықтықтан басқару әдістерінің негізінде жерді зерделеу, картографиялау және мониторингін жүргізу, аумақтарды ландшафтық-экологиялық көзқарас негізінде жоспарлау жөніндегі тиісті мамандармен қамтамасыз етілуге тиіс.
3.2. Жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау
проблемалары
3.2.1 Проблеманы шешудің шетелдік тәжірибесін талдау
Жер мәселесі кез-келген мемлекеттің саясатында, экономикасында, экологиясында және әлеуметтік саласында басты болған және болады да - ол тек ұлттық деңгейдегі емес, сонымен қатар ғаламдық масштабтағы проблема. Сондықтан қазіргі уақытта әлемде жерге барлық байлықтың көзі, құнды табиғи ресурс және өндіріс факторы ретінде ерекше назар аударылып отыр.
Бұрын жерді пайдалануға деген көзқарас ресурс және резерв ретінде туындады және қарастырылып келді. Дегенмен, соңғы жүзжылдықтағы жер пайдалану проблемалары мен болашаққа болжау адамзатты жерге деген көзқарасын өзгертуіне мәжбүр етті. Мәселе әлемдік жер пайдалануда халықтың жермен қамтамасыз етілуі құнарлы жерлердің ауыл шаруашылықтық емес мұқтаждарға бөлінуі, эрозиясы, деградациясы мен жерлердің шөлейттенуі себепті бірте-бірте қысқарып келеді. Соңғы жылдары жер пайдалану проблемаларын қоса алғандағы, ғаламдық сипаттағы проблемаға арналған бірқатар тұжырымдамалар әзірленді. Осы тұжырымдамалардың негізгі қорытындылары жер ресурстарының шектеулілігі мен күтілетін халық өсімімен және сонымен байланысты жермен қамтамасыз етілуінің төмендеуі арасындағы қарама-қайшылық, XXI ғасырдың ортасына қарай ғаламдық дағдарысқа әкелуі мүмкін.