Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану жөніндегі 2005-2008 жылдарға арналған бағдарлама туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 қаңтардағы № 3 Қаулысы
(2008.07.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2009.19.09. № 1411 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2008.07.02. № 89 Қаулысымен тақырыб өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2008.07.02. № 89 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану жөніндегі 2005-2008 жылдарға арналған бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі жыл сайын 10 қаңтарға Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.С. Есімовке жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы | А. Есімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 5 қаңтардағы
№ 3 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2008.07.02. № 89 Қаулысымен бағдарлама өзгертілді (бұр.ред.қара)
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану
жөніндегі 2005-2008 жылдарға арналған
БАҒДАРЛАМА
Мазмұны
1. Паспорт
2. Кіріспе
3. Жер ресурстарының қазіргі жай-күйін талдау
3.1 Жер қорының жалпы сипаттамасы
3.2. Жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау проблемалары
3.2.1 Проблеманы шешудің шетелдік тәжірибесін талдау
3.2.2 Проблеманы шешу жолдары
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктерi
5.1 Жер ресурстарын басқаруды жетілдіру
5.2 Топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру мен сақтау және жердің жағдайына теріс антропогендік әсерді жою жөніндегі іс-шаралар
5.3 Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралармен кешенді түрде жер ресурстарын қорғау
5.4 Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету
5.5 Кадрлық-қамтамасыз ету
5.6 Материалдық-техникалық қамтамасыз ету
5.7 Халықаралық ынтымақтастық
6. Қажетті ресурстар және қаржыландыру көздерi
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1 Қосымша
ҚР Үкіметінің 2008.07.02. № 89 Қаулысымен 1-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. ПАСПОРТ
Атауы | Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi ұтымды пайдалану жөніндегі 2005-2008 жылдарға арналған бағдарлама |
Әзірлеу үшін негіздеме | Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 қыркүйектегі № 903 қаулысымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегi іс-шаралар жоспарының 3.1-тармағы, «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2004-2006 жылдарға арналған индикативтік жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 12 қыркүйектегi № 926 қаулысы |
Негізгі әзірлеушілер | Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық министрлігi |
Мақсаты | Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқа да іс-шаралар кешенінде нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, топырақ құнарлылығын сақтау және арттыру, жер ресурстарын қорғау |
Міндеттері | Топырақ құнарлылығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, жер жағдайына келеңсіз антропогендік әсердi жою; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi ұтымды пайдаланудың экономикалық тетіктерін жетілдіру; мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің инфрақұрылымын құру; жерді пайдалану мен қорғауды және жер заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету; жер мониторингі желісін дамыту және оның деректері негізінде келеңсіз процестерді жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу; мониторингті жүргізудің автоматтандырылған жүйесін құру; ақпарат алудың, жерді зерттеумен картографиялаудың жаңа технологиялары мен әдістеріне көшу; жерді ұтымды пайдалану және қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру кезінде ландшафтық-экологиялық көзқарасты іске асыру; жер ресурстарын басқару мен жер қатынастарын реттеу саласында ғылыми-әдістемелік, нормативтік қамтамасыз ету |
Iске асыру мерзімі | 2005-2008 жылдар |
Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздері | Бағдарламаны қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Қаржыландырудың жалпы көлемі 6353108 мың теңге, соның ішінде: 2005 жылға - 1474669 мың теңге; 2006 жылға - 1905685 мың теңге; 2007 жылға - 1274964 мың теңге, 2008 жылы - 1697790 мың теңге. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру көлемі жергіліктi бағдарламаларға сәйкес белгіленеді. |
Күтілетін нәтижелер | Бағдарламаның іске асырудан күтілетін нәтижелер: мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің және жер мониторингінің құрылымы қалыптасады және оны жүргізу қамтамасыз етіледі; мыналардың: ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген және 44,3 млн. га (40 %) алаңда жер мониторингі есебінен шаруашылық жүргізуші субъектілерге берілген жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғауды ақпараттық қамтамасыз ету; егістіктің 20,7 % алаңында бонитет балын анықтау; ауыл шаруашылығы алқаптарының тиісінше 1,9 млн. га және 3,2 млн. га алаңында ірі масштабты топырақ және геоботаникалық зерттеулер жүргізу; 1,9 млн. га алаңда топырақ материалдарын жаңарту; аэрофотогеодезиялық, дешифрлеу жұмыстарының, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 33,9 % алаңында топографиялық және сандық карталар жасаудың деңгейі артады; мыналарға: шаруа қожалықтарына - 59,9 мың, жер учаскелеріне, ауыл шаруашылығы ұйымдарына - 9,5 мың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне паспорттар жасалады. мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізудің, сондай-ақ аумақты ландшафты-экологиялық көзқарас негізінде ұйымдастырудың, осы жұмыс түрлері бойынша әдістемелік және нұсқаулық материалдардың ғылыми негіздері әзірленеді; Бұл: жер ресурстарын басқару мен жер қатынастарын реттеуде экономикалық әдістер мен инновациялық технологияларды құруға; жер ресурстары әлеуетін ұтымды пайдалану мен қорғау проблемаларын шешудің жүйелік тәсіліне көшуге; жер алқаптарының құрылымын, олардың мелиоративтік жағдайын жақсартуға; жерді жылжымайтын мүлік ретінде нарықтық айналымға тарту, жер үшін төленетін төлемдердің бюджетке тұрақты түсуі үшін негіз жасауға, жер нарығын дамытуға; жер ресурстарын пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанның жер қатынастары мен жер ресурстарын басқаруды құқықтық, экономикалық және ғылыми-техникалық қамтамасыз етуді жасау жөніндегi халықаралық ынтымақтастығы елеулi түрде дамуы тиіс. |
2. Кіріспе
Осы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану жөніндегі бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 қыркүйектегі № 903 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 3.1-тармағына, Қазақстан Республикасының жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен сақтаудың 1994-1995 жылдарға және 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасын ескере отырып, «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2004-2006 жылдарға арналған индикативтік жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 12 қыркүйектегі № 926 қаулысына сәйкес әзірленді.
Елдің негізгі табиғи байлығы - оның жер ресурстары, оның экономикалық және әлеуметтік игілігінің негізі.
Қазақстан Республикасында саяси және экономикалық құрылысты реформалау процестері жер қатынастарын түбегейлі өзгерту және мемлекеттің тікелей басқаруымен және бақылауымен жер реформасын жүргізу қажеттілігін туғызды.
Нарықтық экономикаға көшу жерге әр түрлі меншік нысандарын енгізу, жер пайдаланудың ақылы болуын, жердің, оның өндіріс құралы, кеңістіктік базис және шектелген маңызды табиғи ресурс сияқты басты функцияларын сақтай отырып, жылжымайтын мүлік және құқықтық реттеу нысанасы ретінде заң тұрғысынан танудың объективті қажеттілігін туғызады.
Осыған байланысты елдің жер ресурстары әлеуетін тиімді пайдалану мен қорғаудың негізгі стратегиялық бағыттарын белгілеу айрықша өзекті болып отыр.
Бағдарлама мемлекеттің жер ресурстарын басқару саласындағы өзара тығыз байланыстағы экономикалық, техникалық, ұйымдастыру-шаруашылық және құқықтық іс-шараларын жетілдіру негізінде барша қоғам мен жекелеген жер пайдаланушылардың мүддесі үшін жерді тиімді пайдалану мен оларды қорғауды ұйымдастыру мен қамтамасыз етудің жаңа сапасына өтуге бағдарланған.
3. Жер ресурстарының қазіргі жай-күйін талдау
3.1 Жер қорының жалпы сипаттамасы
Қазақстан, аумағы бойынша Азиядағы үшінші ел, он табиғи-ауыл шаруашылығы аймақтарын қамтитын 272,5 млн. гектар аумақты алып жатыр. Далалы, құрғақ далалы, жартылай шөлейтті және шөлді төрт аймақтың үлесіне жалпы аумақтың 87,4% және ауыл шаруашылығы алқаптарының 88,3 % жатады (1-қосымша, 1-сурет).
Елдегі жерде болып жатқан өзгерістер жер қорын санаттар мен алқаптар бойынша бөлуде белгілі бір өзгерістерге алып келді:
ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамынан қордағы жерлер қатарына және өзге санаттарға 135,0 млн. га (62 %) жер ауыстырылды;
өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығына арналмаған жерлердің ауданы 8 есе азайды;
мемлекеттік орман қоры жерінің ауданы 5,6 %-ға өсті;
су қоры жері - 4,4 есе өсті;
ауылдық (селолық) округтерге мал бағу және басқа да мақсаттар үшін қосымша жерлердің берілуіне байланысты ауылдық елді мекендер жерінің ауданы 11 есе өсті. Олардың ауданы 20,4 млн. га, оның ішінде қалалар мен кенттердің жері - 1,9 млн. га, ауылдық елді мекендердікі - 18,5 млн. га құрады;
реформаланған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бөлінбеген жерлерінің, сондай-ақ өнеркәсіп және ауыл шаруашылығына арналмаған, пайдаланылмай жатқан ауданы 100 млн. гектардан астам өзге де жерлер қордағы жердің құрамына шығарылды. Нәтижесінде республикада қордағы жерлердің ауданы 6 есе өсті (1-қосымша, 2-сурет, 1-кесте).
Қазақстан Республикасының жер қоры өзінің табиғи ерекшеліктеріне қарай, негізінен, ауыл шаруашылығы алқаптарынан тұрады (81,7%), орман алқаптары мен ағашты-бұталы екпелер республиканың жер қорының құрылымында бар-жоғы 5,3%-ды, су мен батпақ астындағы жерлер - 3,2%, басқа алқаптар жалпы жер алаңының 9,8%-ын құрайды.
Республиканың жер қорының 81,7%-ын ауыл шаруашылығы алқаптары алып жатыр, олардың ішінде шөлді және жартылай шөлді типтегі жайылымдар басым (84,9%), ал егістік 10,2%-ды құрайды.
Республиканың ауыл шаруашылығы алқаптарының құрылымында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің үлес салмағы 38,5%. Ауыл шаруашылығы алқаптарының елеулі ауданы босалқы жер қорының
(50,6%), елді мекендердің (8,6 %), орман қорының (3,6%) құрамында орын алады.
Тәлімді (суарылмайтын) егістіктің 70%-ынан астамы үш облыстың - Ақмола, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының үлесінде; суармалы егістіктің 60,7%-ы Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында, ал жайылымдардың неғұрлым үлкен ауданы Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында, тиісінше: 35,5 млн. га (18,8%) және 25,5 млн. га (14,1%) шоғырланған.
Реформа жылдарында ауыл шаруашылығы алқаптарының құрылымындағы егістікте айтарлықтай өзгерістер болды. Егістікте өңделген жердің 12,8 млн. га (1/3 шамасында) айналымнан шықты.
Қазіргі кезде республикада көп жылдық екпелер 121,8 мың гектарды, оның ішінде: бақтар - 97,6 мың гектар, жүзімдіктер - 13,7 мың гектар жерді алып жатыр. Жер реформасы жылдары көп жылдық екпелер ауданы 41,4 мың гектарға немесе 25%-ға, оның ішінде есепті жылда - 1,2 мың гектарға кеміді.
Шабындықтардың ауданы есепті кезеңде 5,0 млн. гектарды құрайды, оның ішінде: 62,4 мың гектары - жақсартылған, 731,8 мың гектары - көлтабанды суармалы жерлер.
Республикада алқаптардың негізгі түрі болып жайылым табылады. Олар ауыл шаруашылығы алқаптарының 189,0 млн. гектарын немесе
84,9%-ын алады. Жайылымдардың жалпы ауданының 116,9 млн. гектарын немесе 61,6%-ын суландырылатыны, 4,8 млн. гектарын немесе 2,6%-ын - жақсартылғаны құрайды. Республиканың жер қорының 49,7 млн. гектарын немесе 18,3%-ын ауыл шаруашылығына арналмаған алқаптар алады (1-қосымша, 3-сурет, 2, 3, 4-кестелер).
Республикада жер реформасын жүргізу мемлекеттік монополияның жойылуына және жерге жеке меншік құқығының бірте-бірте таралуына алып келді. Азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігінде жалпы көлемі 589,9 мың гектар 3 миллионнан астам жер учаскелері бар.
Республиканың жер ресурстары, оларды ұтымды пайдаланған және жақсартқан жағдайда ішкі және экспорт сұраныстарын қанағаттандыратын көлемде әртүрлі өнімдер өндірісін қамтамасыз ете алады.
Күшті жақтары
Заңнамалық қамтамасыз ету. Республикада өндіріс салаларының нарықтық экономикаға өту жағдайлары мен процестерін ескере отырып жер қатынастарын кезең-кезеңмен құқықтық реттеудің қажеттілігіне қарай, жер заңнамасы дамып, жетілдіріліп отырды.
Жер қатынастары мен жер реформасын заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлықтары қабылданды.
Қазақстан Республикасының Заңдары:
1998 жылғы 31 наурыздағы «Шаруа (фермер) қожалығы туралы»;
2001 жылғы 24 қаңтардағы № 152-ІІ-ҚРЗ «Жер туралы» (күші жойылды);
2003 жылғы 20 маусымдағы № 442 ІІ ҚРЗ «Жер кодексі».
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары:
1995 жылғы 12 мамырдағы № 226д «Қазақстан Республикасы Президентінің жер қатынастарын реттейтін Жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (күші жойылды);
1995 жылғы 22 желтоқсандағы № 2717 «Жер туралы» (күші жойылды);
1995 жылғы 25 желтоқсандағы № 2727 »Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы»;
1995 жылғы 23 желтоқсандағы № 2723 «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы».
Аграрлық сектордағы жер қатынастарын реттеу үшін және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді пайдалану дәлелдемесін нығайту мен бастапқы жер пайдаланушыға капитал (инвестициялар) салу, сондай-ақ жер құнарлылығын сақтау мақсатында 2003 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасының Жер кодексі қабылданды. Оны іске асыру үшін нормативтік құқықтық кесімдер пакеті дайындалып және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітті.
Жер Кодексі жер қатынастарын реттеу саласындағы маңызды заңдық кесімге айналды. Оның қабылдануымен жеке меншік құқығы институтының бұрын соңды тек мемлекет меншігінде болған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге, сонымен қатар орман және су қорының жеке учаскелеріне ықпалы тарады.
Жер қатынастары саласындағы бірқатар мәселелерді заңнамалық және нормативтік қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі № 1149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2004-2006 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында көзделген.
Соңғы жылдары жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу және олардың сапалық жағдайын жақсарту жөнінде бірқатар бағдарламалар әзірленді және енгізілуде.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары
Д. Ахметовте болған мәжілістің 2000 жылғы 2 наурыздағы № 11-8/II-284 хаттамалық шешіміне сәйкес тыңайған (пайдаланылмаған) жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу бойынша ұйымдастыру шаралары іске асырылды. Оның нәтижесінде тыңайған жерлер едәуір азайды, яғни, 2003 жылы олардың аудандары 5686,7 мың гектарға қысқарды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 16 мамырдағы № 1095 Жарлығымен бекітілген «2005 жылдың соңына дейін Каспий теңізінің Қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасында» экожүйелер мен жер ресурстарына залал келтірместен көмірсутектерін өндірудің шекті мүмкін деңгейін айқындау бойынша арнайы зерттеулер жүргізу көзделеді.
Республикада Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тауарлық жүзімдіктерді қалпына келтіру мен дамыту, шарап материалдары мен жоғары сапалы маркалы шараптар өндірісін ұлғайту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 12 желтоқсанындағы № 1621 қаулысымен бекітілген «Қазақстанда жүзім шаруашылығы мен шарап жасау ісін қалпына келтіру мен дамытудың 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламасы» іске асырылып жатыр. Осы Бағдарламаның шеңберінде республикада жүзімдіктердің ауданын 15,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жер реформасының нәтижелері. Жердегі өзгерістер республикада жаңа жер құрылысын жасауға алып келді. Жер қатынастарының сипаттамаларындағы негізгі мәселе: жерге мемлекеттік монополияны жою және жердің кей санаттарына жеке меншік енгізу; ақылы жер пайдалануға көшу, жерді сатып алғаны және пайдаланғаны үшін төлемдер енгізу; жерде шаруашылықтың барлық нысандарының тең дамуы үшін жағдайлар жасау; жылжымайтын жер мүлігінің нарығын құру болды.
Қазіргі кезде республика экономикасының аграрлық секторындағы шаруашылықтарды реформалау процесі іс жүзінде аяқталды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру барысында 2004 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 151,9 мың шаруа (фермер) қожалықтары, 18 мыңға жуық мемлекеттік емес ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, оның ішінде 3,7 мың шаруашылық серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар, 1,5 мың ауыл шаруашылығы кооперативтері ұйымдастырылды (1-қосымша, 4-сурет, 5-кесте).
Оларға 96,6% ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бекітіліп берілген.
Аграрлық секторға қоса елді мекендер жерлерінің, сондай-ақ өнеркәсіптік, көліктік, байланыстық, қорғаныстық және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлер құрамында жаңа шаруашылық жүргізу құрылымдары қалыптасуының қарқынды процесі жүріп жатыр.
Жер учаскесі иелерінің және жер пайдаланушылардың көпшілігі жерге құқық беретін құжаттармен қамтамасыз етілген.
Жер мониторингi. Ғылыми-әдістемелік құжаттар шығарылды:
жерлердің базалық мониторингі жүргізілуде, 288 стационарлық және жартылай стационарлық пункттерде жүйелік қадағалау қойылды және жүргізілуде; Атырау облысының мұнай кен орындарын санитарлық қорғау аймақтарының экожүйелері жергілікті мониторингінің 7 полигоны жұмыс істейді; тұрақсыз экологиялық жағдайы бар өңірлердің (Арал өңірі, Каспий өңірі, Балқаш өңірі мен Семей ядролық сынақ полигоны) топырақ және геоботаникалық карталары, стационарлық қадағалау пункттерінің схемалары жасалды.
Жылдар бойына жасалынған зерттеулер материалдарын қорытудың негізінде болжамдық, экологиялық, өңірлік, республикалық, облыстық, аудандық, геоботаникалық және топырақ карталары жасалды; республиканың жазық далалы, таулы, тау етегіндегі аумақтары топырақтарының жүйелік тізімдері, олардың негізгі диагностикалық көрсеткіштері, сондай-ақ табиғи азықтық алқаптар түрлерінің тізімдері мен олардың қысқаша сипаттамасы дайындалды, «Қазақстан Республикасының табиғи азықтық алқаптарының жіктемесі» әзірленді, ғылыми-әдістемелік нұсқаулар, нұсқаулықтар, көрнекі құралдар дайындалды, «Қазақстанның шабындықтары мен жайылымдарының азықтық өсімдіктері», «Қазақстан Республикасындағы жер мониторингі (даму жағдайы мен болашағы)» жинағы жарияланды.
Қазіргі кезде «Қазақстан Республикасының зымырандық-ғарыштық қызмет әсеріне ұшыраған аумағы экологиялық жай-күйінің мониторингі» бюджеттік бағдарламасы бойынша ғылыми-іздестіру жұмыстары жүргізіліп отыр.
Мемлекеттік жер кадастры. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) жер кадастрының тұтас жүйесін жасау, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі орталықтарымен, Қаржы министрлігімен (СТмССОТ) және басқа да мемлекеттік басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау және жұмыстарын үйлестіру бойынша мақсатты бағытталған жұмыс жүргізілуде.
Жаңа мемлекеттік жер кадастрын (әрі қарай - Кадастр) қалыптастыруды Қазақстан Республикасы үшін бірыңғай жүйе бойынша Агенттіктің мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындары жүргізуде.
Республикада Кадастр мен оның инфрақұрылымдарының негізі жасалған.
Шекаралар мен есепті кварталдардың кодтарын белгілей отырып аумақтарды жер-кадастрлық аймақтарға бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі кезде құқықтық және фискалдық кадастрлар үшін ақпараттарды жер кадастры жасайды. Фискалдық кадастрды жүргізудің негізі болып табылатын жер учаскесінің кадастрлық құнын белгілеу (жерге төлемдерді, ипотека мен басқа да төлемдерді есептеу) жер кадастрының құрамдас бөлігі болып табылады.
Жерді мемлекеттік кадастрлық бағалау үшін «Ауыл шаруашылығы алқаптарының кадастрлық (бағалау) құнын айқындауға арналған төлемнің базалық ставкаларын есептеу әдістемесі» (Астана қаласы, 2003 ж.) және нарық бағаларының, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті бағалау мен Астана қаласындағы жер учаскелерін бағалау кезінде сынақтан өткен бағалық аймақтандыру әдістерінің негізінде «Елді мекендердің (қалалардың) жерін кадастрлық бағалау әдістемесі» әзірленді.
Мыналарды:
Жер кодексінің талаптарына сәйкес атрибутивтік және графикалық жер-кадастрлық құжаттаманы, статистикалық есеп беру мен ведомствоаралық алмасудың нысанын, мазмұнын, оларды қалыптастыру тәртібі мен жүргізу әдістемесін;
сандық және сапалық мемлекеттік есепке алуды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аудандар мен есепті кварталдардың жер-кадастрлық карталарын компьютерлер технологиялары базасында жасау және оларды стандарттау жетілдірілуде.
Кадастрды ғылыми-әдістемелік және бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленуде.
Кадастрдың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (ЖК ААЖ) жасау және жетілдіру, ГАЖ-технологияларын пайдалана отырып сандық карталар әзірлеу оны жүргізу технологияларын дамытудың негізі болып табылады. 2002 жылдан бастап мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (әрі қарай - МЖК ААЖ) жасау мен енгізу бойынша жұмыстар басталды. Осы бағытта мынадай іс-шаралар жүзеге асырылды:
«Бірыңғай мемлекеттік жер тізілімі (БМЖТ)», «Жер балансы», «БМЖТ базасынан құқықты куәландыратын құжаттарды қалыптастыру және басып шығару», «Жерді кадастрлық бағалау» - кіші жүйелері әзірленді;
МЖК ААЖ-ін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің «Салық төлеушілер мен салық салу объектілерінің тізілімі (бұдан әрі - СТмССОТ)» ақпараттық жүйесімен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. МЖК ААЖ-нің Республикалық орталығына осы жобаның шеңберінде компьютерлік техника қойылды, БМЖТ деректерін құру және осы деректерді СТмССОТ АЖ-не беру үшін клиенттік қосымша қойылды, Астана қаласының деректері бойынша Пилоттық енгізу мен тестілеу басталды;
қажетті анықтамалықтар мен кодификаторлар әзірленуде және жасалуда.
МЖК ААЖ деректері жалпы мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылады және бұл деректер электронды Үкімет пен оған кіретін төрт жалпымемлекеттік жүйенің құрамдас бөлігі ретінде қажетті. Оларға: СТмЖМОТ, мекен-жайлық тіркелім, жылжымайтын мүлік тіркелімі мен табиғи ресурстар жатады.
Жерге орналастыру. Республикада жер реформасының дамуының бастапқы кезеңіндегі жерге орналастырудың ролі жерлерді қайта бөлуге келіп саяды. Мыналар:
Халық депутаттары аудандық кеңестерінің арнайы жер қорын құру;
ауылдық елді мекендердің шектерін (шекараларын) белгілеу;
мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру
және мемлекет меншігінен алу процесінде жерді қайта бөлу;
шартты жер үлестерін нақты дербестендіруді жүргізу;
жер учаскелеріне құқық куәландыратын құжаттарды ресімдеу және қайта ресімдеу;
шаруа (фермер) қожалықтары және басқа да шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін жер учаскелері беру (бөлу) бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Қазіргі кезде жерге орналастыру акценті жер кадастрын жүргізу, жердің және оған салық салудың жұмыс істеуі; жерді аймақтандыру схемаларын, жерді ұтымды пайдалану мен оны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаларды, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің жер-шаруашылық орналасуы жобаларын әзірлеу мақсаттары үшін жерді бағалауды қамтамасыз ету жағына ойысты.
Жер пайдалану ақылылығы және экономикалық ынталандыру. Республикада жер реформасы жылдары ішінде жер учаскелері мен жер пайдалану құқығын нарықтық жағдайларға тартуға, сондай-ақ жер нарығын дамытуға бағытталған жер қатынастары қалыптасып отыр. Мемлекеттің қатысуымен ауданы 196,8 мың гектар жер учаскелерін меншікке және жер пайдалану құқығында сату бойынша 92,9 мың операция жүзеге асырылды.