Туризмді мемлекеттік реттеу мен қолдаудың тиімді тетігін жасау саласында мынадай іс-шаралар жүргізілетін болады:
Алматы қаласы және Алматы облысының үлгісімен өңірлерде туризмді дамыту жөніндегі мастер-жоспар әзірлеуді қамтамасыз ету;
туристік қызмет саласындағы ұлттық заңнамаларды жетілдіру және халықаралық стандарттармен, оның ішінде келу және ішкі туризмді дамыту, визалық және тіркеу рәсімдерін, шекара бақылауын оңайлату мәселелері бойынша үйлестіру.
Болжанатын нәтижелер:
2010 жылға қарай белгіленген іс-шаралар нәтижесінде бәсекеге қабілетті туристік индустрия құрылатын болады, Қазақстанның әлемдік туристік нарық жүйесіне кіруіне ықпалын тигізетін ұлттық туристік өнімнің тартымдылығы артады, 2010 жылға қарай ішкі туризм бойынша 4 млн. туристке дейін, сыртқы туризм бойынша 6 млн. туристке дейін тұрақты ағыны қамтамасыз етілетін болады.
Кіру туризмі есебінен туризм саласында 2008 жылы 447,6 мың адамнан 2010 жылы 499,4 мың адамға дейін жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Ғылым, технология және инновациялардың дамуы
Ғылымды, технологияны және инновацияны дамытудың негізгі мақсаты - жаңа білімді тиімді дамыту мен пайдалануды қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті ұлттық инновациялық жүйенің негізін құру болып табылады.
Қазақстан ғылымының дамуы ғылыми және инновациялық қызмет үшін осы заманғы инфрақұрылымды құруды, сондай-ақ ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетінің ықпалдасуын қамтамасыз етуді көздейді.
Ғылым саласында саясатты іске асыру Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 маусымдағы № 348 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында ғылымды дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
2008-2009 жылдары:
қолданбалы ғылымды қаржыландыру саласындағы озық тәжірибе мен білімді енгізу, әлемдік деңгейдегі күрделі ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамыту саласындағы басқару әдістерін жетілдіру жөнінде нысаналы бағытта жұмыс жүргізу;
қабылданған халықаралық практикаға сәйкес білімді молықтыру және отандық кадрлар даярлау жүйесі болатын университеттік ғылымды дамыту;
жеке бастама үшін бағдар ретінде ғылыми және ғылыми-техникалық дамудың белгілі бір мемлекеттік басымдықтары шеңберінде халықаралық стандарттар негізінде ұлттық ғылыми зертханалардың қызметін мемлекеттік саясат пен жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылатын болады;
Осының нәтижесінде:
басымды ғылыми бағыттар бойынша жоғары оқу орындарының жанынан ашық типті бес ұлттық ғылыми зертхана және инженерлік бейінді 15 зертхана ашылатын болады;
бес басымды бағыттар бойынша ұлттық компаниялармен бірлескен арнайы ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылады;
шетелдік ғалымдармен ұйымдарды, халықаралық бағдарламалар мен жобаларды, оның ішінде шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін тарта отырып, ғылыми жобалар іске асырылады.
Технологияларды және инновацияларды дамыту саласындағы негізгі міндеттер:
үлкен мультипликативтік тиімділігі бар жаңа жоғары технологиялық және жүйе құрайтын өндірістерді дамыту, оның ішінде «серпінді» инвестициялық жобаларды іске асыру;
өңдеуші өнеркәсіптің ғылымды қажетсінуін арттыру және бизнестің инновациялық-кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру;
нақты экспорттық «тауашаларды» айқындау және бағындыру жолымен қазақстандық тауарлар сыртқы нарықтарға экспансиясын ынталандыру.
Жоспарланып отырған іс-шаралар:
Мультипликативтік тиімділігі бар жаңа жоғары технологиялық және жүйе құрайтын өндірістерді дамыту, оның ішінде «серпілісті» инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында мыналар көзделеді:
жоғары қосылған құны, мультипликативтік тиімділігі мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың құрылымын өзгертуге қабілетті бірқатар жобаларды айқындайтын «серпінді» инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі бас жоспарды әзірлеу;
«серпінді» инвестициялық жобаларды іске асыруға, ел аумағында 5-6 кластер жасауға және дамытуға ірі отандық бизнесті тарту әрі оның шағын және орта бизнеспен өзара іс-қимылын ынталандыру;
шекара маңы аудандарында, өнеркәсіптік-сауда және қаржылық белсенді орталықтарда жаңа сауда-экономикалық аумақтар құру және дамыту;
өңірлердің индустриялық саясатын іске асыруға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың белсенді қатысуы;
қаржы институттарын ұлттық және өңірлік деңгейлерде ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға тарту;
жер қойнауын пайдалану саласындағы қазақстандық сервистік нарықты дамыту жөнінде пәрменді шаралар әзірлеу.
Минералдық шикізат кешенінің аралас және ілеспе өндірістерін, мұнай-химия саласын, машина жасауды, химия, жеңіл өнеркәсіпті және өңдеуші өнеркәсіптің басқа да салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Орта мерзімді перспективада мұнай-химия өндірісін әлемдік деңгейде одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін тұңғыш әлемдік кластағы интеграцияланған мұнай-химия кешені құрылады.
Өңдеуші өнеркәсіптің ғылымды қажетсінуін арттыру және бизнестің инновациялық-кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру үшін мыналар көзделуде:
отандық инновациялық әзірлемелерді, оның ішінде гранттық қаржыландыру мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді бірлесіп қаржыландыру есебінен институционалды және қаржылық қамтамасыз ету;
технологиялардың, оның ішінде шетелдік технологиялардың трансфертін ынталандыру;
патенттік белсенділікті арттыру, технопарктер мен бизнес-инкубаторларды нығайту бойынша іс-шаралар әзірлеу;
авторлық құқықтарды, патенттер мен сауда белгілерін қорғау саласындағы барлық халықаралық конвенцияларды тануды қоса алғанда, өркениетті технологиялар нарығын дамыту үшін жағдай қалыптастыру;
ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін экономиканың нақты секторына беру тетігін әзірлеу;
отандық кәсіпорындар мен Қазақстандағы және шет елдегі технологиялар нарығы арасында жалғастырушы буын болатын технологияларды коммерциялау офисін, сондай-ақ автоматтандырылған жобалау жүйесін пайдаланып конструкторлық бюролар мен жобалау ұйымдарының желілерін ашу;
ұлттық ғылыми-техникалық ақпаратқа, регламенттерге, дерекқорларға және инновациялық қызметке қажетті басқа да көздерге ашық қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында инновациялар мен патенттер банкін қалыптастыру.
Венчурлік қаржыландыруды дамыту, отандық және шетелдік венчурлік қорлардың қызметін құру және жандандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Мемлекет тарапынан венчурлік индустрияны дамытуға белсенді жәрдемдесу ұлттық экономикада инновацияларды құру және капиталдандыру процестерін жеделдетуге бағытталады.
«Қазына» АҚ шетелден жоғары технологиялық компанияларды сатып алу және республика аумағына өндірістердің бір бөлігін орналастыру жөнінде жұмыс жүргізеді.
Технологиялық парктер желісін құру және дамыту жөніндегі, оның ішінде «Ақпараттық технологиялар паркі» АЭА екінші кезегін салу, парктің инфрақұрылымын қалыптастыру, технологиялық толықтыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 сәуірдегі № 387 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында Ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру және дамыту бойынша 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Нақты экспорттық «тауашаларды» айқындау және бағындыру жолымен қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға экспансиясын ынталандыру үшін мыналар көзделеді:
бәсекеге қабілеттіктің сапалы жаңа деңгейіне және экономиканың экспорты мүмкіндіктеріне қол жеткізу стратегиясын әзірлеу;
перспективалы экспорттық тауарлар мен қызмет көрсетулердің тізбесін айқындайтын Қазақстандық тауарлар мен қызмет көрсетулердің экспортын сыртқы нарыққа жылжытуға жәрдемдесу бағдарламасын, қазақстандық экспорт үшін әлемдік нарыққа және перспективалы «тауашаларға» шығу стратегиясын, сондай-ақ, отандық экспорттардың институционалды қолдау жүйесін қабылдау;
өнімдерді экспорттау кезінде әкімшілік рәсімдерді одан әрі оңайлату, өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін жеткізуге арналған экспортты келісім-шарттарды сақтандыру жүйесін құру, байланысты кредиттер ұсыну тәжірибесін кеңейту.
2008-2010 жылдары, оның ішінде 2008 жыл бойынша күтілетін нәтижелер:
Кәсіпорындардың инновациялық қызметін дамыту үшін тиімді нормативтік құқықтық база жасалады.
Өңірлерде инновациялық белсенділік жандандырылатын болады, атап айтқанда Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының жанында кемінде жеті өңірлік технопарк, 12 технологиялық бизнес-инкубаторлар қызмет істейді.
Ұлттық технологиялық парктер мен аймақтар, ақпараттық технологиялар, ядролық технологиялар, биотехнологиялар паркі, индустриалды мұнай-химия технопаркі, жаңа материалдар және агроөнеркәсіп технологиялар паркі белсенді қызмет жасауды бастайды.
Инновациялық менеджмент деңгейі көтеріледі.
Шет елдік инвесторлармен венчурлық қорлар құру арқылы венчурлық қаржыландыру тетігі белсенді дамиды.
Жеке меншік, оның ішінде шет елдік қаражатты да тарту, тиімділігі жоғары әзірлемелерді өндірістік игеру мен пайдалануды жеделдету және олардың негізінде ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамыту көзделуде.
Кәсіпкерліктің инновациялық белсенділігі артады.
Мұнай-химия саласында
Мақсат - әлемдік жетістіктерге сәйкес қосылған құн тізбегі бойынша тауарлы мұнай-химия өнімдерін шығарумен бірге көмірсутегі шикізатын тереңдей тазарту және кешенді өңдеу бойынша инновациялық технологиялар мен жұмыс істеп тұрған өндірістер құру арқылы Қазақстан өнеркәсібінің мұнай-химия саласын жедел дамыту.
Міндет - көмірсутегі шикізатын тереңдей өңдеу бойынша Қазақстанның мұнай-химия өндірістерін құру және дамыту жөнінде шаралар кешенін іске асыру және олардың таяудағы он жылда серпінді дамуын қамтамасыз ету.
2008-2010 жылдарға арналған іс-шаралар:
Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА құру;
Атырау облысында жылына 1,2 млн. тонна базалық мұнай-химия өнімдерін алу бойынша әлемдік деңгейдегі алғашқы интеграцияланған мұнай-химия кешенін салу (құрылыс 2008 жылдан басталады);
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп жоғары қосылған құнмен өнім шығару бойынша, мұнай-химия өндірістері құрылысының инвестициялық жобаларын дайындау (2007-2009 жылдары).
Металлургия өнеркәсібінде өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі үлес салмағын 2008 жылы 18%-дан 2010 жылы 20%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Металлургия өнеркәсібінде 2008-2010 жылдары қосылған құны жоғары тауарлар өндірісін қамтамасыз ететін бөлінісі барынша жоғары бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындарды салу және жұмыс істеп тұрғандарын қайта жаңарту бойынша іс-шаралар жалғасады.
2008 жылы Павлодар облысында қуаты жылына 125 мың тонна алюминий бастапқы алюминий өндіру жөніндегі электролиз зауытының бірінші кезегін іске асыру жоспарланып отыр, қуаты жылына 250 мың тонна болатын екінші кезегі 2010 жылға жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру оның негізінде тұтастай бірқатар ілеспе өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
2009 жылы «Қазмырыш» акционерлік қоғамы қуаты жылына 70 мың тонна катодтық мыс өндіретін мыс балқыту және электролиз зауыттарын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
2008 жылы «Химпром 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының (Тараз қаласы) қайта бейімделген қуаттарында бірінші пешті, 2009 жылы ферромарганец өндіру бойынша екінші пешті іске қосу жоспарланып отыр.
«Шалқия Цинк ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Қызылорда облысы) қуаты жылына 3 миллион тонна кен өңдеу қорғасын-мырыш концентратын өндіру жөніндегі байыту фабрикасын салуды жоспарлап отыр.
Машина жасау саласында 2008-2010 жылдары келесі іс-шараларды іске асыру жоспарланып отыр:
Көкшетау қаласында «КамАЗ» үлкен жүк автомобильдер өндірісін, оның ішінде әлеуетті құрылымдар үшін, одан әрі кеңейту;
- осы заманғы жабдықтарды орнатумен автомобиль техникасының тораптарын, агрегаттарын, оның ішінде локомотивтер мен оларға жинақтауыш тетіктерді шығару бойынша жаңа өндірістерді ұйымдастыру;
теміржолдың жылжымалы құрамы өндірісін құру;
Каспий теңізінде кеме жасау верфін салу.
Химия өнеркәсібінде 2008-2010 жылдары экспортқа бағдарланған өнім түрлерін: фосфор, үшполифосфатты натрий, минералды фосфор және азот тыңайтқыштарын, хром қосылыстарын өндіруді ұлғайту жоспарланып отыр.
Қазіргі кезде республикада өсімдіктерді қосымша қоректендіру және ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін арттыру үшін қажетті құрама және азот тыңайтқыштарының жеткіліксіздігі өткір сезіледі. Еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптарын өзіміздің минералдық тыңайтқыштарымызбен толыққанды қамтамасыз ету топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге жәрдемдесетін шаралардың бірі болып табылады. Қазақстанның минералдық тыңайтқыштарға барлық қажеттілігі алыс-беріс заттарының 1089 мың тоннасын құрайды.
Елді өз минералдық тыңайтқыштарымен толыққанды қамтамасыз ету үшін 2010 жылға дейінгі өндірісте негізгі күш қонцентрацияланған және құрама тыңайтқыштарды шығару бойынша өндірістер құруға бағытталатын болады. 2010 жылға қарай Ақтау қаласында аммиак және карбамид азот тыңайтқышын өндіруге бағдарланған карбамидті-аммиак кешенін салуды аяқтау жоспарланып отыр.
2008-2010 жылдары кальцинирлендірілген және каустикалық сода өндіру бойынша жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасады. Осы химиялық реагенттің өндірістің түрлі, салаларында кеңінен қолданылатындығына қарамастан қазіргі кезде Қазақстанда оларды шығаратын кәсіпорындар жоқ. Жоспарланып отырған өндірістер импорт алмастыруға бағдарланған, өнімнің бір бөлігі шет елдерге сатылуы мүмкін.
Жеңіл өнеркәсіптің халықаралық нарықтарға шығуының негізгі бағыттары сапалы мақта, мақта талшықтарын, иірім жібі, маталардың ассортиментін және бүкіл әлемге танымал тоқыма брэндін пайдаланумен дайын бұйымдар өндірісін ұлғайту болып табылады.
2008-2010 жылдарға арналған саланың ағымдағы жай-күйін, тоқыма және тігін өнімдерінің әлемдік нарығының конъюнктураларын, әлемдік брэндтерді пайдаланудың табысты тәжірибесін есепке алғанда саланы дамытудың стратегиялық бағыттары мынадай:
жаппай пайдалану үшін тоқыма және тігін өнімдері өндірісін дамыту;
Ғаst fasion сегменті өндірісін дамыту.
Бірінші бағыт бойынша даму тоқыма өнімдері импортының көлемі 14 млрд. АҚШ долларынан астамды құрайтын Қытайдың нарығына енуді көздейді. Бұның басты себебі Қытайда мата өндіру деңгейінің жеткіліксіздігі және олардың әлемдік нарықта қабылданған сапа өлшемдеріне сәйкес келмеуі болып табылады.
Сатылатын өнімнің жалпы көлеміндегі үлесі 20-30 % болатын екінші стратегиялық бағыт бойынша fast fasion сегментінде белгілі брэндтерді пайдалану, жабдықтарды жаңалау және өндірісті жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу арқылы жұмыс жүргізуді көздейді. Бұл бағытта тауар өткізілетін негізгі рыноктар ретінде әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсару үрдісі байқалатын Орталық Азия елдері және Ресей назарға алынып отыр. Қазақстандық компаниялардың өнімдері орта тапқа бағдарланған.
Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, тоқыма саласының дамуына компаниялардың талшықтар мен жіп дайындаудан бастап дайын тігін бұйымдарын өндіруге дейін - тұйықталған өндіріс циклы бар холдингтерге экономикалық және стратегиялық пайдалы бірлесулері ықпалын тигізеді.
Бәсекеге қабілетті тоқыма сегментін құру қосылған құнды ұлғайтып және тігін кәсіпорындарында одан әрі өңдеу үшін өнім өндіруді жолға қойып, республикада өндірілетін мақтаны қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Бұл стратегия Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік» АЭА-ның дамуы бойынша бағдарламада көрініс тауып отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында
Мақсат - бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған, ауыл шаруашылығы шикізатының қайта өңделген өнімдерін өндіру.
Міндеттер:
қазақстандық бизнес үшін тауашалар анықтау мақсатында нарықтар мен салалардың маркетингілік және технологиялық зерттеулерін жүргізу;
басым салаларда бірқатар жоғары технологиялық өндіріс құру;
еңбек өнімділігін арттыру және энергия қажетсінуді төмендету бойынша нақты шараларды анықтау;
қосылған құны жоғары тауарлар мен қызмет көрсету пайдасына еліміздің экспорттық әлеуетін әртараптандыру;
ISO және НАССР халықаралық стандарттар негізінде сапа менеджменті жүйесін енгізген кәсіпорындар санын ұлғайту;
экологиялық таза тамақ өнімдерінің түрлерін, «Халал» өнімдерін өндіру және сыртқы нарыққа жеткізу.
2010 жылға дейінгі іс-шаралар:
ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі ірі тауарлы өндірістер құруды ынталандыру;
сапалы өнімдер өндірісін ынталандыру бойынша шараларды іске асыру, шикізатты дайындау, сақтау және алғашқы өңдеу бойынша мамандандырылған пункттер ұйымдастыру;
екінші деңгейдегі банктердің ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдейтін кәсіпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретін кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау;
тамақ өнеркәсібі салаларын инвестициялау мәселелерінде даму институттарын жандандыру;
буып-тую материалдарын өндіру көлемін және түрлерін ұлғайту жөнінде шаралар әзірлеу;
ұлттық стандарттарды үйлестіру бойынша жұмыстарды күшейту, ISO және НАССР халықаралық стандарттар негізінде сапа менеджмент жүйесіне өтуді ынталандыру жөніндегі шараларды әзірлеу;
ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме базарлар жүйесін дамыту.
2008 жылға арналған іс-шаралар:
ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу жөніндегі ірі тауарлы өндірістер құруды ынталандыру;
сапалы өнімдер ендіруді ынталандыру бойынша іс-шараларды әзірлеу және іске асыру, шикізаттарды дайындау, сақтау және алғашқы өңдеу жөніндегі мамандандырылған пункттер ұйымдастыру;
екінші деңгейдегі банктердің ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдейтін кәсіпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретін кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау;
тамақ өнеркәсібі салаларын инвестициялау мәселелеріндегі даму институттарын жандандыру;
ұлттық стандарттарды үйлестіру бойынша жұмыстар жүргізу, ISO және НАССР халықаралық стандарттар негізінде сапа менеджменті жүйесіне өтуді ынталандыру жөніндегі шараларды әзірлеу;
ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме базарлар жүйесін дамыту.
Күтілетін нәтижелер:
ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу өндірісінің өсуі жыл сайын 5-7% құрайды;
отандық өндірісте ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесінің ұлғаюы, шығарылатын өнім түрлерінің кеңеюуі;
ішкі нарықтың ауыл шаруашылығы шикізатының қайта өңделген жоғары сапалы өнімдерімен қанықтырылуы;
қайта өңдеу саласында кейбір өнімдер түрлерінің импортын ығыстыру;
жаңа жұмыс орындарының құрылуы, бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюы;
ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу бойынша кәсіпорындардың кірістілігінің артуы;
экспортқа бағытталған және импортты алмастыратын ауыл шаруашылығы шикізаттарының қайта өңделген өнімдері өндірісінің дамуы, қайта өңдеу саласындағы өнімнің өндіріс шығындарын және өнім бағасын төмендету есебінен оның бәсекеге қабілеттілігінің артуы, оның сапасының артуы.
Осы заманғы фармацевтика өнеркәсібі әлемдік экономиканың серпінді дамып келе жатқан және ғылымды аса қажетсінетін салалардың бірі болып табылады.
Экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту мақсатында Жолға қойылған өндірістік практиканың (GMP) халықаралық стандартын кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. GMP стандарттарын енгізу белгілі бір талаптардың сақталуын, персоналдың тиісті даярлық деңгейін сақтауды көздейді. Бұдан басқа, Жолға қойылған дистрибьютерлік практиканы (GDP) енгізу көзделіп отыр. Жолға қойылған практикаларды енгізу саланың дамуына бағдарланған өндірісті жаңғыртумен, қызметкерлерді оқытумен, қойма үй-жайларын қайта жарақтандырумен байланысты болып отыр.
3.4.3. 3-шара. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Мақсаты - отандық өнімнің бәсекелестік басымдықтарын дамыту, оның салаларының өнімділігі мен кірістілігінің өсуі негізінде орнықты дамуды қамтамасыз ету.
Міндеттері:
агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру;
аграрлық өндірісті әртараптандыруды қамтамасыз ету және оның инфрақұрылымын дамыту;
қазақстандық тауарлардың экспорттық нарықтарға жылжуы үшін негізгі бағыттар мен»«тауашаларды» айқындау және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы нақты «серпінді» жобаларды іске асыру;
агроөнеркәсіп салаларын қазіргі заманғы прогрессивтік энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу негізінде техникалық және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету.
Агроөнеркәсіп кешені саласында мемлекеттік саясатты жетілдіру саласында:
агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар кешенін әзірлеу.
ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру көзделеді.
Агроөнеркәсіптік кешенді институционалдық қолдауды оңтайландыру үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының құрылымдарын функционалдық талдау, тиімділігін бағалау мен бейіндеу жүргізіледі.
Салалардың және биоотынның ішкі нарығының дамуы бойынша іс-шаралар кешені әзірленетін болады.
Аграрлық өндірісті әртараптандыру және оның инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету саласында:
агроөнеркәсіптік кешен салаларында өңірлерді мамандандыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру.
агроөнеркәсіптік кешен салаларының, ең алдымен, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімділігі мен кірістілігін арттыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу.
агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың және оның өнімінің нарықтарын реттеудің жаңа тетіктерін енгізу:
ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының қатысуымен шағын несие ұйымдарын құру;
ауылдық округ деңгейінде ақпараттық-консультациялық қызметтермен қамтамасыз ету;
республикада ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме (коммуналдық) базарларын дамыту жоспарланып отыр.
Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттігін арттыру және индустрияландыру мақсатында кластерлік тәсіл кеңінен қолданылатын болады.
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу жөніндегі өндіріс, оның ішінде «ҚазАгро» АҚ-ның қатысуымен дамиды.
Қазақстандық тауарлардың экспорттық нарықтарға жылжуы үшін негізгі бағыттар мен «тауашаларды» айқындау және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы нақты «серпінді» жобаларды іске асыру саласында мынадай сипаттағы шаралар қабылданатын болады.
Ауыл шаруашылығы салаларын дамыту басымдықтарын қалыптастыру мақсатында шетелдік агроазықтүліктік нарықтардағы экспорттық «тауашаларды» анықтау жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.
Агроөнеркәсіптік кешен өнімінің сыртқы нарықтарға жылжытылуы үшін экспорттық инфрақұрылымды қалыптастыру және оны одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылданады, сондай-ақ астықты және оның қайта өңдеу өнімдерін сыртқы нарықтарға тасымалдауды мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары әзірленетін болады. Амирабад және Поти (Грузия) порттарында астық терминалдары салынатын және жарақтандырылатын болады.
Агроөнеркәсіп салаларын қазіргі заманғы прогрессивтік энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу негізінде техникалық және технологиялық жаңғырту мынадай жолмен қамтамасыз етіледі:
суармалы жерлерді дамыту және энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды, ауыл шаруашылығында су пайдалану мен қалдықсыз технологиялардың айналымды және тұйық жүйелерін енгізуді ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сыналатын сорттарының сапасын бағалау жөніндегі зертханаларды жарақтандыру;
ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың басым бағыттары бойынша өндірісті әзірлеу мен ұйымдастыру жөніндегі бас жобалау-конструкторлық бюролар құру мен олардың тиімді жұмыс істеуі жөнінде шаралар әзірлеу.
3.4.4. 4-шара. Сауда саясаты
Мақсат - қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған икемді сауда жүйесін жасау.
Міндеттер:
сауда қызметін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты халықаралық нормалар мен стандарттардың талаптарын есепке ала отырып жүргізу;
инновациялық технологияларды қолдану және инфрақұрылымды дамыту есебінен ішкі сауда жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес тұтынушылар құқығын қорғаудың тиімді жүйесін құру және оның жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асыру;
2008-2010 жылдарға арналған іс-шаралар:
қорғаныстық, демпингке қарсы және өтем шараларын қолдану жолымен Қазақстандық өндірушілердің мүдделерін қорғау;
мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму міндеттерін іске асыруға, Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіру кезінде қабылдайтын міндеттерін есепке ала отырып отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған кедендік-тарифтік және тарифтік емес саясатты жүргізу;
сауда қызметін реттеу саласында заңнамалық актілерді жетілдіру;
отандық өндірушілерді тауарлардың өсіп отырған, демпингтік және субсидияланған импортынан қорғау тетігінің тиімділігін арттыру;
ЕурАЗЭҚ шеңберінде Кедендік одақ қалыптастырудың құқықтық базасын әзірлеуге қатысу.