Заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауы (дайындауы), сақтауы, қайта өңдеуі және өткізуі жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 қаңтардағы № 80 Қаулысы
(2012.30.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1796 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2012.30.07. № 997 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2012.30.07. № 997 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауы (дайындауы), сақтауы, қайта өңдеуі және өткізуі жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. «Заңды тұлғалардың түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және сату жөніндегі қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 желтоқсандағы № 1203 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 47, 504-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2012.30.07. № 997 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауы (дайындауы), сақтауы, қайта өңдеуі және
өткізуі жөніндегі қызметті лицензиялау
ережесі
ҚР Үкіметінің 2008.06.05. № 426 Қаулысымен біліктілік талаптары өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.30.07. № 997 Қаулысымен біліктілік талаптары жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 31 қаңтардағы
№ 80 қаулысымен
бекітілген
Заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауы (дайындауы),
сақтауы, қайта өңдеуі және өткізуі жөніндегі қызметке қойылатын
біліктілік талаптары
1. Заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауы (дайындауы), сақтауы, қайта өңдеуі және өткізуі жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары мыналардың болуын қамтиды:
1) мыналарды:
оттегі және пропаны бар баллондарды сақтауға арналған орынды;
қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын және қорытпаларды топтары, түрлері, маркалары мен сұрыптары бойынша бөліп сақтауға арналған контейнерлерді немесе алаңдарды;
түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинауға (дайындауға), сақтауға және қайта өңдеуге арналған жабық үй-жайды не асфальтталған немесе қатты жамылғылы орынды;
сынықтар мен қалдықтарды сұрыптауға, кесуге және пакеттеуге арналған жабдығы мен құралдары бар арнайы алаңдарды немесе өндірістік үй-жайларды;
өрт сөндіру құралдарымен жарақтандырылған түсті және қара металдардың жарылу қаупі бар сынықтарына арналған қойманы;
жұмысшы персоналды орналастыруға арналған қызметтік үй-жайды;
белгіленген тәртіппен тіркелген кемінде 50 %-ы электромагниттік шайбалармен не грейферлік қапсырулармен жарақталуы тиіс жүк көтергіштігі кемінде 5 тонна стационарлық немесе ұтқыр жеке меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздегі жүк көтергіш жабдықты;
қара металдардың сынығын отпен кесуге арналған жабдықты, оның ішінде қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды;
қара металдардың жеңіл салмақты сынығын пакеттеуге арналған престерді, гидроқайшыларды, жоңқаны сұрыптауға және ұсақтауға арналған қондырғыларды;
олардың салыстырып тексерілгені туралы сертификаты бар өлшем құралдарын (автомобиль немесе темір жол таразыларын және басқа да өлшем құралдарын);
салыстырып тексерілгені туралы сертификаты бар қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтары радиациясының деңгейін өлшеуге арналған дозиметрлік немесе радиометрлік жабдықты қамтитын мамандандырылған жеке меншік құқығындағы қоршалған өндірістік база;
2) қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын тасымалдау үшін жеке меншік құқығындағы немесе өзге заңды негіздегі (жүк) автокөлік;
3) мынадай мөлшерлерде:
түсті металдардың сынықтарымен және қалдықтарымен жұмыс істеу үшін - кемінде 400 ш.м.;
қара металдардың сынықтарымен және қалдықтарымен жұмыс істеу үшін - кемінде 1000 ш.м. автокөлік үшін кіреберіс жолдары бар және/немесе кіреберіс темір жол тұйықтары бар жеке меншік немесе жалға алу құқығындағы жер учаскесі не оның үлесі;
4) заңды тұлғаның басшысы бекіткен түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және сату жөніндегі нұсқаулық;
5) пайдаланылатын жабдықпен жұмыс істеу үшін арнайы даярлықтан өткен білікті персонал (краншылар, престеушілер, газбен кесушілер, пиротехниктер, дозиметршілер).
2. 1-тармақта көрсетілген талаптар түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын филиалды ашқан жағдайда да қойылады.
3. Мамандандырылған өндірістік базадан өзге жерде аумақтық орналасқан жеке меншік немесе жалға алу құқығындағы, қоршалған және санитариялық-эпидемиологиялық, өрт, экологиялық, өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін қабылдау пунктін ашқан жағдайда мыналардың болуы талап етіледі:
1) қолма-қол ақшамен жұмысқа ыңғайланған (сейф немесе арнайы жабдықталған касса, байланыс құралдары, фискальдық жады бар бақылау-кассалық аппарат) үй-жай;
2) олардың салыстырып тексерілгені туралы сертификаты бар өлшем құралдары (автомобиль немесе темір жол таразыларын және басқа да өлшем құралдары);
3) қабылдау пунктінің заңды тұлғаға тиесілілігі, лицензия нөмірі, жұмыс режимі көрсетілген маңдайша;
4) кемінде 200 ш.м алаң.
4. Лицензиясы бар заңды тұлғалар жеке тұлғалардан шығу тегі электротехникалық, өнеркәсіптік, әскери және зымыран-ғарыштық сынықтан, байланыс желісінің кәбілдерінен, рельстерден, бұрын қолданыста болған темір жол төсемі мен жылжымалы құрам элементтерінен, кәріз люктерінің қақпақтарынан басқа, түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын қабылдауға құқылы.
5. Осы біліктілік талаптары заңды тұлғалардың өз өндірісі барысында және құрамында түсті және/немесе қара металл сынықтары және/немесе қалдықтары болған мүліктік кешенді сатып алу нәтижесінде пайда болған түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын өткізу жөніндегі қызметке қолданылмайды.
Мұндай заңды тұлғалар түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын Қазақстан Республикасында түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметке лицензиясы бар заңды тұлғаларға ғана өткізе алады.