Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтармен операция
жасау ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 21 ақпандағы № 237 қаулысы
(2008.15.01. берілген өзгерістермен )
Осы редакция 2008 жылғы 23 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Мемлекеттік материалдық резерв туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операция жасау ережесі бекітілсін.
2. Құпия.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2002 жылғы 21 ақпандағы
№ 237 қаулысымен
бекітілген
Өзгеріс енгізу туралы ҚР Үкіметінің 2008.15.01. № 17 Қаулысын қара
Мемлекеттік материалдық резервтің
материалдық құндылықтарымен операция жасау
ережесі
Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операция жасау ережесі (бұдан әрі - Ереже) республикалық меншік болып табылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізудің және шығарудың тәртібін белгілейді. Ереже "Мемлекеттік материалдық резерв туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік материалдық резерв - жұмылдыру мұқтаждарына және төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезінде бірінші кезектегі жұмыстарды қамтамасыз етуге, ізгілік көмегін көрсетуге және рынокқа реттеушілік ықпал жасауға арналған Үкімет шешімдерімен айқындалған материалдық құндылықтардың жалпымемлекеттік ерекше қоры;
2) сақтау нормасы - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен номенклатура бойынша материалдық құндылықтарды сақтау көлемі;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік материалдық резервінің материалдық құндылықтарымен операция жасау жоспары - мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын жаңалау мерзімдері, алмастыру және броньнан шығару бойынша жеткізу және шығару (бұдан әрі - Операция жасау жоспары).
Мемлекеттік материалдық резервке материалдық
құндылықтарды жеткізу
3. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервке жеткізіп беруге тапсырыстар оларды жеткізіп берушілер арасында:
республикалық бюджет қаражаты есебінен, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен;
заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органның қойған шарттарына сәйкес тендер нысанында мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражат есебінен орналастырылады.
Бюджет қаражаттары есебінен мемлекеттік материалдық резервке материалдық құндылықтарды жеткізіп беруге уәкілетті орган тапсырыс беруші болады.
Материалдық құндылықтарды сатудан алынған қаражат есебінен мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткізіп беруге уәкілетті орган не оған ведомстволық бағыныстағы ұйымдар тапсырыс беруші болады.
4. Мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткізу номенклатураға қатаң сәйкестікте жүргізіледі.
5. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізу шартын жасауға тендерлік комиссияның шешімі негіз болып табылады.
6. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік материалдық резервтен тиеп жіберу және оған жеткізіп берудің қағидалары ИНКОТЕРМС талаптарын есепке ала отырып, шарттарда қамтылады.
7. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын әрбір жеткізіп беру (тиеп жіберу) ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың немесе мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пунктінің басшысы, бас бухгалтері, материалдық жауапты тұлғасы қол қойған және мөрі басылған шартпен және қабылдау актісімен расталады.
8. Мемлекеттік материалдық резервке жеткізілетін материалдық құндылықтары стандарттар, техникалық шарттар талаптарына сай болуы, ұзақ уақыт сақтауға дайын болуы, ал олардың сапалық жағдайы өнімнің сертификаттарымен, паспорттарымен, сынақ хаттамасымен немесе басқа да тиісті құжаттармен расталуы тиіс.
9. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізуге тапсырыстарды орналастыруда отандық өндірушілер басымдыққа ие.
Мемлекеттік материалдық резервтен
материалдық құндылықтарды шығару
10. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын шығару:
1) броньнан шығару тәртібімен;
2) уақытша қарызға беру тәртібімен;
3) жаңалауға және алмастыруға байланысты;
4) төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін;
5) рынокқа реттеушілік ықпал жасау үшін;
6) ізгілік көмек көрсету үшін іске асырылады.
11. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын қарызға беру және броньнан шығару тәртібімен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізіледі.
Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды жаңалау және алмастыру тәртібімен шығару туралы шешімді уәкілетті орган Операция жасау жоспарына сәйкес қабылдайды.
Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды жаңалау тәртібімен шығару материалдық құндылықтардың сақтау мерзімдері өтіп кетуін болдырмау мақсатында, сол тақылеттес материалдық құндылықтардың сондай мөлшерін және сондай сапасын сонымен бір мезгілде немесе 90 күнтізбелік күннен аспайтын уақыт алшақтығымен жеткізіп және сала отырып, жүргізіледі.
12. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шығару нарық бағалары бойынша жүргізіледі.
13. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды жаңарту, алмастыру не броньнан шығару тәртібімен шығару тендер нысанында, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
14. Материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртібімен шығарудың міндетті шарты Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі анықтаған тәртіппен екінші деңгейдегі банктердің кепілдік беруі болып табылады.
15. Номенклатура не сақтау нормалары өзгерген жағдайда материалдық құндылықтарды мемлекеттік материалдық резервтен броньнан шығару кезінде, материалдық құндылықтарды сатудан алынған ақша қаражаттары мемлекеттік материалдық резервте материалдық құндылықтарды сақтаудың белгіленген нормаларына жеткізілгенге дейін жіберіледі.
16. Мемлекеттік резервтегі материалдық құндылықтарды иеліктен алу олардың құны толық төленген немесе аккредитив ашылған не Ұлттық Банк белгіленген тәртіппен екінші деңгейдегі банктердің кепілдігі берілген жағдайда жүргізіледі.
Мемлекеттік резервтен шығарылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары үшін есеп айырысу ақшалай немесе айырбасқа тауарлар жеткізіп беру арқылы жүргізілуі мүмкін.
17. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын шығаруға шарт (келісім-шарт) тендерлік комиссияның шешімі не Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде уәкілетті орган не уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы ұйым мен шаруашылық жүргізуші субъектілер - мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын алушылар арасында жасалады.
18. Сапасы бойынша және МЕМСТ (не өзге стандарттар) талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізу мақсатында жаңалау, алмастыру және броньнан шығару тәртібінде шығаруға жататын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының үлгілері мемлекеттік резервке басшылық жасайтын уәкілетті органның шешімі бойынша мүдделі тұлғаларға ақылы негізде берілуі мүмкін.
19. Мемлекеттік материалдық резервті басқару жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік резервтен шығарылған материалдық құндылықтарды төлеу бойынша берешектерді өтеу ретінде алған ақша және басқа қаражаттары мемлекеттік материалдық резервтің бүкіл номенклатурасы бойынша сақтау нормаларына жеткізгенге дейін материалдық құндылықтарды сатып алуға жіберіледі, ал сақтау нормаларына жеткізілген жағдайда, республикалық бюджетке жіберіледі.
Материалдық құндылықтармен операциялар жасау бойынша
жауапкершілік
20. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік резерв туралы нормативтік құқықтық кесімдерін бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдеріне сәйкес жауапты болады.