2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 217-бап өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
217-бап. Мемлекет кепiлдiк берген қарыз қаражаттарын пайдалануға қойылатын шектеулер
Мемлекет кепiлдiк берген қарыз қаражаттарын қарыз талаптарында көзделмеген мақсаттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға кредит беруге пайдалануға тыйым салынады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 218-бап өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
218-бап. Мемлекет кепiлдiк берген қарыз қаражаттарының
пайдаланылуына бақылау жасау және жауаптылық
Мемлекет кепiлдiк берген қарыз қаражатының пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік кепiлдiгi бар қарыз бойынша қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі кепiлдiк берген қарыз бойынша алынған қаражаттарды нысаналы пайдаланбағаны үшiн және қарыз алушы қарыз бойынша борыштық мiндеттемелердi орындамаған жағдайда мемлекеттік кепiлдiк бойынша мiндеттемелердi орындауға бөлiнген қаражаттарды қайтару үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жауаптылықта болады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 46-1-тараумен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
46-1-тарау.
Мемлекет кепілгерлігi
218-1-бап. Мемлекет кепілгерлігi
1. Мемлекет кепілгерлігі - борышкер өзінен алынуға тиесілі соманы төлемеген жағдайда қарыз беруші одан берешекті өндіріп алу жөнінде қарыз алушыға қатысты барлық қисынды шараларды қолданғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық келісім шеңберінде, мемлекетке берілетін концессия объектісінің құнынан аспайтын қарыз беруші алдындағы қарыз алушының борышын толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі.
Мемлекетке берілетін концессия объектісінің құны Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен айқындалады.
2. Мемлекет кепілгерлігі қарыз алушының мемлекетке берілетін концессия объектісінің құнынан аспайтын сомаға мемлекет кепілгерлігімен тартылған қарыздар бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде қарыз берушілерге беріледі.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздар бойынша Қазақстан Республикасы атынан мемлекет кепілгерлігін беруге ерекше құқығы бар.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын талаптармен және тәртіппен мемлекет кепілгерлігін беруді жүзеге асырады.
218-2-бап. Мемлекет кепілгерлігін беруге шектеулер
1. Мемлекет кепілгерлігі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген лимит шегінде беріледі.
2. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражаты концессия объектілерін құруға ғана пайдаланылады.
3. Мемлекет кепілгерліктері бұрын тартылған қарыздарды қайта қаржыландыру ретінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын қайтаруды қамтамасыз ету ретінде тартылатын қарыздар бойынша берілмейді.
4. Мемлекет кепілгерліктерін беру лимитінің көлемі осы лимит белгіленген тиісті қаржы жылы шегінде ғана пайдаланылуы мүмкін.
218-3-бап. Мемлекет кепілгерліктерін беру шарттары
1. Мемлекет кепілгерліктері Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының негізінде беріледі.
2. Мемлекет кепілгерлігін беру осы Кодекстің 218-9-бабына сәйкес қарыз алушының концессия объектісін мемлекетке беруінің міндеттілігі шартымен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік емес қарыз бойынша мемлекет кепілгерлігі берілгені үшін қарыз алушыдан жарғылық капиталына мемлекет жүз процент қатысуымен құралатын заңды тұлғалар үшін - мемлекет кепілгерлігі сомасының 0,2 проценті мөлшерінде және басқа заңды тұлғалар үшін мемлекет кепілгерлігі сомасының екі проценті мөлшерінде алдын ала біржолғы төлем (алым) өндіріп алынады.
4. Мемлекет кепілгерлігін беру мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздың қайтарымдылығын қамтамасыз ету жөніндегі сақтандыру шарты ресімделгеннен және берілгеннен кейін жүзеге асырылады.
218-4-бап. Мемлекет кепілгерлігін алуға үміткер тұлғаларға
қойылатын талаптар
1. Заңды тұлғалар өздері қарыз алушы ретінде әрекет ететін қарыздар бойынша мемлекет кепілгерлігін алуға үміткер болғанда осы заңды тұлғаларға мынадай талаптар қойылады:
1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті болу;
2) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісе отырып белгілейтін, мемлекет кепілгерлігімен тартылған қарыздардың қайтарымдылығын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын сақтандыру шарты болуы;
3) тиісті саланың уәкілетті органының оң қорытындысының болуы;
4) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысының болуы;
5) экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысының болуы;
6) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысының болуы;
7) төлем мерзімдері басталған, мемлекет кепілгерлігімен не мемлекеттік кепілдіктерімен бұрын алынған қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша берешегінің, сондай-ақ кредиторлар алдында өзге де мерзімі өткен берешегінің болмауы.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекет кепілгерлігін алуға үміткер тұлғаларға мемлекеттік емес қарыздың шарттарына және инвестициялық жобаның тәуекеліне байланысты қойылатын қосымша талаптар белгілеуі мүмкін.
218-5-бап. Мемлекет кепілгерліктерін беру үшін инвестициялық
жобаларды іріктеп алу
Мемлекет кепілгерліктерін беру үшін инвестициялық жобаларды іріктеп алуды Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тәртіппен экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді.
218-6-бап. Мемлекет кепілгерлігінің нысаны
1. Мемлекет кепілгерлігі бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мен қарыз беруші арасында мемлекет кепілгерлігі шартын жазбаша нысанда жасасу арқылы беріледі.
Осы баптың және осы Кодекстің 218-7-бабының талаптарына сәйкес келетін құжат қана мемлекет кепілгерлігі деп танылуы мүмкін. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының ешқандай актілерінің немесе өзге де құжаттарының мемлекет кепілгерлігі болатын заңдық күші жоқ.
2. Мемлекет кепілгерлігі шартына бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бірінші басшысы қол қояды.
218-7-бап. Мемлекет кепілгерлігі шартының мазмұны
1. Мемлекет кепілгерлігі шартында:
1) мемлекет кепілгерлігін беруге негіз болған Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының деректемелері;
2) қарыз алушы мен қарыз берушінің атауы мен орналасқан жері;
3) қарыз алушының негізгі міндеттемесінің мазмұны;
4) берілетін мемлекет кепілгерлігінің сомасы;
5) мемлекет кепілгерлігінің қолданылу мерзімі;
6) мемлекет кепілгерлігі шартына қол қойған лауазымды адам көрсетіледі.
Мемлекет кепілгерлігі шартында осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген талаптар болмаған не оған осы Кодекстің 218-6-бабының 2-тармағын бұза отырып қол қойылған кезде мемлекет кепілгерлігі жарамсыз деп есептеледі.
218-8-бап. Берілетін мемлекет кепілгерліктерін және мемлекет
кепілгерлігімен берілетін қарыздарды есепке алу
Берілетін мемлекет кепілгерліктері және мемлекет кепілгерлігімен берілетін қарыздар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен тіркелуге және есепке алынуға жатады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілгерлігі бойынша борыш мониторингін Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
218-9-бап. Мемлекет кепілгерлігін орындау
Мемлекет кепілгерлігі:
қарыз беруші қарыз алушыдан берешекті өндіріп алу жөніндегі барлық қисынды шараларды қолданғаннан кейін;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы банкрот деп танылған не ол таратылған жағдайларда орындалуға жатады.
Мемлекет кепілгерлігін орындау мемлекет кепілгерлігін орындау жөнінде талаптар қойылған күннен бастап он сегіз ай ішінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражат концессия объектісін мемлекетке беру жолымен республикалық бюджетке қайтарылуға жатады.
218-10-бап. Мемлекет кепілгерлігінің қолданылуын тоқтату
негіздерi
Мемлекет кепілгерлігі қарыз алушы немесе кепілгер мемлекет кепілгерлігімен қамтамасыз етілген қарыз бойынша міндеттемелерді толық орындағаннан кейін қолданылуын тоқтатады.
218-11-бап. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз
қаражатын пайдалануға шектеулер
Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражатын қарыз шартында көзделмеген мақсаттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға кредит беру үшін пайдалануға тыйым салынады.
218-12-бап. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз
қаражатының пайдаланылуын бақылау және ол үшін
жауаптылық
Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражатының пайдаланылуына Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен бақылау жүзеге асырылады.
Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз бойынша қарыз алушы алынған қаражатты нысанасыз пайдаланғаны және қарыз бойынша борыштық міндеттемелерін орындамаған жағдайда, мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты қайтарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
47-тарау. Қарыз берушінің мүдделерін қорғау
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 219-бап өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
219-бап. Қарыз шарты бойынша мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол бермеу
Қарыз шарты бойынша мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмейдi.
220-бап. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiнен қорғау
Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып қабылдаған және мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды тарту, пайдалану немесе өтеу шарттарын нашарлататын актілерінiң заңдық күшi болмайды.
221-бап. Дауларды шешу
1. Қарыз шарттарына, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарға, үкiметтiк кепiлдiктерге байланысты немесе мемлекеттік, үкiметтiк борышты, жергiлiктi атқарушы органдардың борышын немесе мемлекет кепiлдiк берген борышты басқаруды қоса алғанда, олардың қызметiне байланысты туындайтын даулар мен келiспеушiлiктер мүмкiндiгiнше келiссөздер жүргiзу арқылы не қарыз шарттарында, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару ережелерiнде белгiленген дауларды шешудiң бұрын келісілген рәсiмдерiне сәйкес шешiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделмеген өзге даулардың барлығын, шетелдiк қарыз берушiнiң Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен дауларын қоса алғанда, егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары шешедi.
12-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер
48-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
222-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының бюджет заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
223-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер
1. Осы Кодекс 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
2. 2005 жылға арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттер осы Кодекске сәйкес әзiрленедi.
Осы Кодекстi орындау үшiн қабылданған, 2005 жылға арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттердi жоспарлау мәселелерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер оларға қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгiзiледi.
3. Осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және ол қолданысқа енгізiлген күннен бастап бiр жылдың iшiнде осы Кодекске сәйкес келтiрiлуге тиiс.
224-бап. Қазақстан Республикасының кейбір заңдарының күшi жойылды деп тану туралы
2005 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының мына заңдарының күшi жойылды деп танылсын:
1) "Бюджет жүйесi туралы" 1999 жылғы 1 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 7, 225-құжат; № 20, 731-құжат; № 21, 783-құжат; № 23, 916, 928, 930-құжаттар; 2000 ж., № 21, 395-құжат; 2001 ж., № 1, 6-құжат; № 10, 123-құжат; № 23, 310-құжат; 2002 ж., № 18, 160-құжат; 2003 ж., № 14, 100-құжат; № 24, 178-құжат);
2) "Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы" 1999 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 21, 784-құжат; 2001 ж., № 21-22, 282-құжат; 2003 ж, № 14, 101-құжат; № 15, 138, 139-құжаттар);
3) "Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау туралы" 2002 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., № 3, 21-құжат).
Қазақстан Республикасының