Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009
жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (екінші кезең) туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 822 Қаулысы
(2007.15.10. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2007 жылғы 16 қазандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарларын әзірлеудің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 маусымдағы № 647 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (екінші кезең) (бұдан әрі - Жоспар) мынадай құрамда бекітілсін:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған негізгі бағыттары (1-бөлім);
2) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік реттеуіштері (2-бөлім);
3) 2007-2009 жылдарға арналған қолданыстағы және әзірленетін мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың тізбесі (4-бөлім);
4) қолданыстағы және әзірленетін мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалар бөлінісіндегі 2007-2009 жылдарға арналған басымды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесі (5-бөлім).
2. Құпия.
3. Құпия.
4. Жоспар құрамында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған маңызды көрсеткіштерінің болжамы (3-бөлім) мақұлдансын.
5. Ұлттық компанияларды дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен негізгі көрсеткіштерінің болжамы (6-бөлім) назарға алынсын.
6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері тиісті облыстар мен қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарларын уақтылы әзірлеуді және заңнамада белгіленген тәртіппен бекітуді қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Үкіметін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйі туралы хабардар етсін.
8. «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (бірінші кезең) туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылы 7 маусымдағы № 521 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2006 ж., № 22, 215-құжат) күші жойылды деп танылсын.
9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 25 тамыздағы
№ 822 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық
дамуының 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімдi
жоспары (екінші кезең)
1-бөлім. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық
дамуының 2007-2009 жылдарға арналған негізгі бағыттары
Мазмұны
Кіріспе
1. 2005-2006 жылдары әлемдік экономиканың дамуы және 2007-2009
жылдары ел экономикасының дамуына сыртқы факторлардың әсерi
2. 2003-2005 жылдары Қазақстан экономикасының дамуын талдау және
2007-2009 жылдары ел экономикасының дамуына ішкі факторлардың әсерi
3. Елді дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған мақсаттары, міндеттері және басымдықтары
4. Қазақстанның 2007-2009 жылдардағы жедел экономикалық өсуін
қамтамасыз ету үшін экономика салаларындағы серпілісті бағыттарды жаңғырту
және қамтамасыз ету
§ 1. 2007-2009 жылдары өнеркәсіптің дамуы
Тау-кен өндіру өнеркәсібi
Өңдеуші өнеркәсіп
Электр энергетикасы саласын дамыту
§ 2. Көлік-коммуникациялық кешен
§ 3. 2007-2009 жылдары агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
§ 4. 2007-2009 жылдардағы сауда саясаты
5. 2007-2009 жылдары Қазақстан экономикасының жедел өсуін
қамтамасыз ету үшін экономиканы мемлекеттік басқаруды жетілдіру
§ 1. 2007-2009 жылдары макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету
Тұрақты экономикалық өсу
Ақша-кредит саясаты
Қаржы секторын дамыту
§ 2. Экономиканы мемлекеттік басқару
Фискалдық саясат
§ 3. Инвестициялық саясат
§ 4. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борышты
басқару саласындағы саясат
Мемлекеттік активтерді басқару
§ 5. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты жетілдіру
Бәсекелестікті дамыту және монополияға қарсы саясат
Тариф саясаты
Техникалық реттеу жүйесін дамыту
Сыртқы экономикалық қызмет және ДСҰ-ға кіру
Кәсіпкерлікті дамыту
Кәсіби Үкімет
6. Аумақтық даму
7. 2007-2009 жылдардағы әлеуметтік саясат және адами капиталды дамыту
§ 1. Демография және 2007-2009 жылдарға арналған әлеуметтік даму
Демографиялық және көші-қон саясаты
Кедейлік пен жұмыссыздықты азайту
Халықты әлеуметтік қамсыздандыру
§ 2. 2007-2009 жылдарға арналған білім беру және кадрлар даярлау
§ 3. Денсаулық сақтау
§ 4. 2007-2009 жылдары мәдениетті, ақпаратты пен спортты дамыту
§ 5. 2007-2009 жылдарға арналған гендерлік даму
§ 6. 2007-2009 жылдарға арналған тұрғын үй саясаты
§ 7. Кіріс саясаты
§ 8. 2007-2009 жылдары қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану
Кіріспе
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (бұдан әрі - Жоспар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 маусымдағы № 647 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының экономикалық-әлеуметтік дамуының орта мерзімді жоспарларын әзірлеудің ережесіне сәйкес әзірленді.
Жоспарда сыртқы және ішкі факторларға қарай 2007-2009 жылдарға арналған экономиканы дамытудың қарқындары негізделеді және орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының экономиканың жеке және мемлекеттік секторларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау саласындағы іс-қимылы айқындалады.
Стратегиялық жоспарларда, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауларында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу және басымдықтарды іске асыру үшін экономика салаларын дамыту саласындағы 2007-2009 жылдарға арналған міндеттер және оларды шешу жолдары Жоспарда айқындалады.
1. 2005-2006 жылдары әлемдік экономиканың дамуы және
2007-2009 жылдары ел экономикасының дамуына сыртқы
факторлардың әсерi
2005 жылы әлемдік экономикада мұнайға бағаның жоғары қарқынмен өсуімен және нәтижесінде дамыған елдердегі инфляциялық күтілімдердің өсуімен қатар жүретін тұтастай экономикалық өрлеу жағдайы жалғасты.
Әлемдік экономиканың өсу қарқыны 2005 жылдың қорытындылары бойынша тұтастай алғанда жеткілікті жоғары деңгейде сақталды, дегенмен, 2004 жылғы рекордтық қарқыннан төмен болды (5,8 %) және Халықаралық валюта қорының (бұдан әрі - ХВҚ) бағалауы бойынша 4,8%-ды құрады. ХВҚ-ның бағалауы бойынша 2005 жылы Қытайдың ЖІӨ-нің өсуі 9 %-ды, АҚШ-тікі - 3,5 %-ды, Жапониянікі - 2 %-ды, Еуроаймақтікі - 1,2 %-ды құрады.
2006 жылғы бірінші жарты жылдық ішінде әлемдік экономиканың жағдайы 2005 жылмен салыстырғанда түбегейлі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Әлемдегі экономикалық дамуды айқындайтын негізгі факторлар өзгеріссіз қала береді:
басқа тауар нарықтарында бағалардың өсуіне әсерін тигізген мұнай бағасының жедел өсуі;
Қытайдың, Үндістанның және шикізаттық тауар нарықтарында сұраныстың өсуін айқындайтын басқа кейбір елдердің экономикасының өсуі;
АҚШ экономикасы өсуінің баяулауы, әлемдік экономика теңгерімін бұзатын бюджеттің және осы елдегі төлем теңгерімінің айтарлықтай тапшылығы;
әлемдік валюта ретінде доллардың әлсіреу үрдісінің жалғасуы.
Бірқатар елдердің тамақ өнеркәсібіне шығын келтірген және тиісті өнімнің экспорттық жеткізілімдерін қысқартуға әкеп соққан құс тұмауының індеті маңызды жағымсыз фактор болып табылады.
ХВҚ пікірі бойынша мұнай бағасының өсуі мен табиғи апаттарға қарамастан, әлемдегі экономикалық өсудің қарқыны бұрынғысынша күтіліп отырғанынан жоғары, бұған қаржы нарығындағы қолайлы жағдайлар және байыпты макроэкономикалық саясат ықпал ететін болады.
XBҚ болжамы бойынша әлемдік экономиканың өсуі 2006 және 2007 жылдары 4,9 % және 4,7 % деңгейінде сақталатын болады.
ХВҚ деректері бойынша әлемдік сауданың көлемі 2005 жылы 7,3%-ға өсті.
2005 жылы мұнай және металдар нарығы сенімді жоғары қарқынды көрсетті. Геосаяси тартыc және Қытай мен АҚШ тарапынан сұраныстың жедел өсуі мұнай бағасы артуының алғышарты болып табылды.
Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша 2005 жылы "Brent" маркалы мұнайдың әлемдік орташа бағасы бір баррель үшін 54,43 АҚШ долларын құрады, бұл 2004 жылмен салыстырғанда 42,1 %-ға жоғары. Мыс бағасы 28,4 %-ға ұлғайды және бір тоннасы 3679 долларды құрады, қорғасынның орташа жылдық құны бір тоннасы үшін 975,3 доллар деңгейінде қалыптасты, бұл ретте, кезеңнің соңында баға жылдың басына қатысты 16,5 %-ға ұлғайды. Мырыштың орташа бағасы бір тоннасы 1380 долларды құрады және жылдың ішінде 45,2 %-ға ұлғайды. 2004 жылмен салыстырғанда алюминийдің орташа жылдық бағасы 10 %-ға төмендеді және бір тоннасы үшін, 1897,4 долларды құрады. JP Morgan деректеріне сәйкес глиноземнің бағасы оны өндірудің төмен қарқынына және жоғары сұранысқа байланысты рекордқа жетті.
2006 жылғы бірінші жарты жылдықта әлемдік нарықтарда бағаның өсуі жалғасын тапты. Мұнайдың «Brent» сортының әлемдік бағасы 2005 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,7 %-ға ұлғайды және орташа алғанда бір баррель үшін шамамен 65,9 АҚШ долларын құрады. Мыс бағасы 2005 жылғы бірінші жарты жылдықпен салыстырғанда 82,5 %-ға, күміс - 54,8 %-ға, алтын - 38,3 %-ға, қорғасын - 19,2 %-ға ұлғайды. Мырыш бағасы 2,1 есе өсті.
Әлемдік экономиканың дамуы, оның ішінде Қытайда, АҚШ пен ЕО-да, сондай-ақ негізгі тауар нарығында қалыптасып отырған экономикалық жағдай әр түрлі халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдық бағалауы тұтастай алғанда сұраныс пен әлемдік бағалардың деңгейі қазақстандық экспорттың негізгі тауар ұстанымдарына сақталып отырғанын көрсетті.
ХВҚ болжамы бойынша, әлемдік сауданың өсуі 2006 және 2007 жылдары тиісінше 8,0 % және 7,5 %-ды құрайды.
Мұнай. Дәлелденген жаһандық мұнай және газ қорларының өсуі жалғасуда. Бірақ мұнайға сұраныс жоғары деңгейде қалып отыр, бұл осы шикізатқа жоғары бағаны айқындайды.
ХЭА деректеріне сәйкес әлемдегі шикі мұнайды тұтыну 2006 жылы 2,2 %-ға немесе күніне орташа 85,18 млн. баррельді құрайды.
ОПЕК-тің пікірі бойынша шикізатқа рекордтық жоғары бағаларға қарамастан, мұнайға әлемдік сұраныс 2005 жылмен салыстырғанда 2006 жылы 1,9 %-ға өседі және күніне орташа 84,9 млн. баррельді құрайды. 2006 жылы барынша жоғары сұраныс АҚШ, Қытай және Yндістан тарапынан байқалуда. 2006 жылы Қытайдың сұранысы белсенді экономикалық өсуге байланысты 6,1 %-ға өседі.
Көптеген сарапшылар мен талдаушылар қысқа мерзімді перспективада мұнайға бағалардың одан әрі өсуін күтіп отыр. Сонымен бірге бағалардың төмендеуі туралы болжамдар айтылуда. Мәселен, British Petroleum британдық мұнай-газ компаниясының пікірі бойынша орта мерзімді перспективада мұнайдың бір баррель үшін бағасы 40 долларға дейін, ал ұзақ мерзімді перспективада - 25-30 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Мұнайға бағаның төмендеу болжамы жаңа перспективалық кен орындарын ашуға байланысты әлемдегі шикізаттың күтілетін өсімімен байланыстырылады.
Мыс. ВНР Billiton сарапшылары мыс нарығында жоғары бағалар 2007 жылдың соңына дейін сақталатынын да болжап отыр. Оған мыстың әлемдегі негізгі тұтынушысы болып табылатын Қытайдағы өндірістің өсуіне, осы металдың ірі өндірушілері болып табылатын Мексиканың, Чилидің және Индонезияның кәсіпорындарындағы мүмкін болатын еңбек даулары мен өндірістік қиындықтар ықпал ететін болады.
Macquarie Bank болжамы бойынша әлемдік нарықта 2006 жылы тазартылған мысты жеткізуде тапшылық 50 мыңға жуық тоннаны құрайды. 2007 жылы мыс нарығы теңгерімді болады, ал 2008-2009 жылдары әлемдік экономиканың даму қарқынының баяулауы жағдайында сұранысқа ұсыныстардың артуы байқалуы мүмкін. Экономиканың әр түрлі секторларында, ең алдымен, автомобиль жасауда мысты пайдалану қарқындылығының ұлғаюы жалғасады.
Қорғасын. Қорғасын мен мырышты зерделеу жөніндегі халықаралық топ 2006 жылы қорғасынға әлемдік сұраныстың 5 %-ға өсуін болжайды. Металл өндірудің сұраныстан алда болу үрдісі 2006 жылдың соңына дейін жалғасады.
Мырыш. Standard bank талдаушыларының пікірі бойынша тазартылған мырыштың орташа құны 2006 жылы бір тоннасы үшін 2290 долларды құрайды. Morgan Stanley сарапшыларының бағалауына сәйкес мырыштың құны 2006 жылы бір тоннасы үшін 2533 долларға дейін жетеді, ал Australia bank мамандары бір тоннасы үшін құны 2335 доллар деп болжайды.
Алюминий. 2006 жылы алюминийді әлемдік тұтыну 8,3 млн. тоннаға жетеді.
Әлемдегі ірі тау-кен өндіруші ВНР Billiton компаниясы 2005-2010 жылдар арасында бастапқы алюминийге әлемдік сұраныс жыл сайын 5 %-ға өседі деп болжап отыр.
Mitsui Bussan Commodities сарапшыларының болжамы бойынша бағалардың өсуін жеке дара нақты қалыптастыратын, әсіресе, Қытайда өндірістік қуаттардың күтілетін өсуіне орай 2007 жылы алюминийдің бағалары едәуір дәрежеде төмендейді. Осыған байланысты Mitsui сарапшылары дереу жеткізу кезінде алюминийдің орташа бағасын 2006 жылы бір тоннасы үшін 2546 доллар және 2007 жылы бір тоннасы үшін 2325 доллар деңгейінде деп болжайды.
Болат. Тоттанбайтын болат халықаралық форумының болжамы бойынша 2006 жылы тоттанбайтын болаттың әлемдік өндірісі 8,6 %-ға 26,4 млн. тоннаға дейін ұлғаяды және 2005 жылғы деңгейден 1,8 млн. тоннаға артады. Өндірістің негізгі өсіміне азиялық өңірдің, оның ішінде Қытайдың есебінен қол жеткізіледі. Азиядағы тоттанбайтын болаттың өндірісі 10 %-ға 13,75 млн. тоннаға дейін ұлғаяды. Тоттанбайтын болаттың әлемдік өндірісі 2007 жылы орташа алғанда 5%-ға ұлғаяды.
Астық. АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша астықтың әлемдік өндірісінің болжамы 2006-2007 маркетинг жылы 600,47 млн. тоннадан 599,83 млн. тоннаға өзгертілді, бұл 2005-2006 маркетинг жылының көрсеткішінен 20,53 млн. тоннаға дейін төмен.
Мұнай мен металдарға сұраныстың және тұтынудың күтіліп отырған артуы, сондай-ақ әлемдік бағалардың өсуі жағдайларында Қазақстанның 2007-2009 жылдары экспорттық ұстанымын сақтауға және сыртқы сауданың көлемін ұлғайтуға барлық мүмкіндіктері бар.
Бұл факторлар алдағы жылдары Қазақстанның тау-кен өндіру және металлургия кешендерінің дамуына оң әсер етеді.
2. 2003-2005 жылдары Қазақстан экономикасының дамуын талдау
және 2007-2009 жылдары ел экономикасының дамуына ішкi
факторлардың әсерi
2003-2005 жылдары Қазақстанның экономикалық өсуінің жоғары қарқыны әлемдік тауар нарықтарындағы негізгі экспорттық тауарларға қолайлы конъюнктура және сұраныс пен ұсыныс жиынтығының кеңеюі жағдайында қалыптасты.
2003-2005 жылдары жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) орташа жылдық өсімін 7-7,5 %-ға қамтамасыз ету жоспарланды. Іс жүзіндегі өсім қарқыны осы жылдары 9,5 % мөлшерінде қалыптасты.
ЖІӨ құрылымында тауар өндіру үлесі артты. 2005 жылы 2003 жылмен салыстырғанда өндірістік сектордың үлесі 42,9 %-дан 44,1%-ға дейін өсті. Қызмет көрсетулер өндірісінің жалпы үлесі 2003 жылы 51,8 % болса, 2005 жылы 52,2 %-ға жетті.
Тауар өндірісінің өсуі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс өндірісі көлемінің өсуі есебінен болды.
2003-2005 жылдары өнеркәсіп өндірісінің жыл сайынғы өсімі орташа алғанда 8,0 %, оның ішінде тау кен өндірісі өнеркәсібінде - 8,8 %, өңдеу өнеркәсібінде - 7,7 %, электр энергиясын, газ және суды өндіру мен таратуда - 4,8 %-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 2003-2005 жылдары 2,9%-ға, оның ішінде өсімдік шаруашылығы - 1,1 %-ға, мал шаруашылығы - 5,0 %-ға ұлғайды.
Құрылыста жылдық орташа өсім 15,3 %-ды құрады.
Қызмет көрсету өндірісінің өсуі, жыл сайын қызмет көрсету қарқыны тиісінше орташа 8 % және 11 %-ды құраған, көлік және сауда есебінен қамтамасыз етілді. Байланыс саласы жоғары қарқынмен дамыды, мұнда жылдық өсім 28,5 %-ды құрады.
2003-2005 жылдары ішкі сұраныстың кеңеюі тұтынуға жұмсалған шығыстар мен жалпы жинақталымның артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Тұтынудың өсуі үй шаруашылықтары мен мемлекеттік органдардың шығыстарының артуы есебінен болды. 2003-2005 жылдары тұтыну орташа алғанда 11,2 %-ға, үй шаруашылықтары мен мемлекеттік сектордың шығыстары тиісінше 10,9 % және 13,0 %-ға артты.
Халықтың нақты ақшалай табысының өсуі, 2003-2005 жылдары жыл сайын 12,1 %-ға артқан, жиынтық сұраныстың өсуін қамтамасыз ететін факторлардың бірі болып табылады.
Жалпы жинақталымның жыл сайынғы өсімі - 13 %, оның ішінде негізгі капиталдың жинақталуы - 11,2 %.
2003-2004 жылдары еліміздің төлем теңгерімінің нығаюы жүзеге асты. Егер 2003 жылы ағымдағы шот 273 млн. АҚШ доллары тапшылығымен қалыптасса, ал 2004 жылы ағымдағы операцияның профицит шоты 455 млн. АҚШ долларын құрады.
2005 жылы ағымдағы операция шотының 486 млн. АҚШ доллары тапшылығы халықаралық қызмет көрсетулерге шығыстардың және инвестициялық табыстың резидент еместеріне төлемдердің күрт өсуі нәтижесінде қалыптасты. Халықаралық қызметтер импортының құны 2004 жылдың деңгейінен 1,5 есе өсті және 7,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Шетелдік тікелей инвесторларға төленетін дивидендтердің көлемі 3,8 млрд. АҚШ долларын құрады және 2004 жылмен салыстырғанда 2 есе өсті.
2003-2005 жылдары тауарлар мен қызмет көрсетулер экспорты артты. 2005 жылы ЖІӨ құрылымындағы тауарлар және қызмет көрсетулер экспортының үлесі 54,5 %-ды құрады, 2003 жылы 48,4 % болды. Осы жылдары тауарлар мен қызмет көрсетулер экспортының өсім қарқыны орташа 42,3 %-ды құрады.
2005 жылы ЖІӨ құрылымындағы тауарлар және қызмет көрсетулер импортының үлесі 45,4 %-ға жетті, 2003 жылы 43,1 % болды. 2003-2005 жылдары тауарлар мен қызмет көрсетулер импортының жыл сайынғы өсім қарқыны орташа 38,1 %-ды құрады.
2003-2005 жылдары негізгі капиталға инвестициялар 1,6 есеге өсті. 2005 жылы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2205,2 млрд. теңгені құрады.
2003-2005 жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың нетто-ағыны оң қалпында сақталды, алайда 2005 жылы оның номиналдық көлемінің кемуі байқалды. 2005 жылы Қазақстанға 1,7 млрд. АҚШ долл. тікелей шетелдік инвестиция тартылды, бұл 2004 жылғы 5,4 млрд. доллардан едәуір артта.
Елдің халықаралық резервтері 2005 жылдың соңында тұтастай алғанда 15143 млн. AҚШ долларын, оның ішінде Ұлттық қордың активтері 8074 млн. АҚШ долл. құрады.
Тауарлар өндіру мен қызметтердің ұлғаюы 2003-2005 жылдары орташа 6,7 %-ға өскен еңбек өнімділігінің өсуі есебінен қамтамасыз етілді.
2003-2005 жылдары өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің азаюына әкеп соққан халықтың жұмыспен қамтылу саны ұлғайды. 2005 жылы ол 2003 жылғы 8,8 %-ға қарағанда 8,1 %-ды құрады.
2003-2005 жылдары орташа жылдық есептеулерде инфляция 6,4-7,6% аралығында болды.
2006 жылғы бірінші жарты жылдықта экономикалық өсудің оң үрдісі жалғасты: тауарлар мен қызметтерге сұраныс кеңейді, негізгі капиталға инвестициялардың көлемі ұлғайды, сауда теңгерімі нығайды. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша ЖІӨ-нің өсуі 9,3 %-ды құрады.
Есепті кезеңде ЖІӨ-нің өсуі қызметтер саласының есебінен шамамен 50 %-ға қамтамасыз етілді, бұл ретте, ЖІӨ-нің өсуін сауда шамамен 13 %, көлік қызметі - 6 %, байланыс қызметі - 5 %, жылжымайтын мүліктермен жасалатын операциялар және жалға беру жөніндегі қызметтер 16 % қамтамасыз етті.
Тауарлар өндірісі ЖІӨ-нің өсуін шамамен 41 % қамтамасыз етті. ЖІӨ-нің өсуіне өнеркәсіптің қосқан үлесі 16 %-ды, ауыл шаруашылығынікі - 1 %-ды және құрылыстікі 24 %-ды құрады.
2006 жылғы бірінші жарты жылдықта инфляция орташа жылдық мәнде 8,7 %-ды құрады және 2005 жылдың осы кезеңінің инфляция көрсеткішінен 1,4 пайыздық тармақта асты. Азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5 %-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағалары 6,5 %-ға ұлғайды, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 9,6 %-ға қымбаттады.
2006 жылғы қаңтар-маусымда негізгі капиталға инвестициялар 2005 жылғы ұқсас деңгейден 25,2 %-ға артты.
2006 жылғы бірінші жарты жылдықта әлемдік нарықтардағы негізгі қазақстандық экспорттық тауарларға конъюнктура жақсарды. Мәселен, Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларына әлемдік бағалардың орташа индексі 2005 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда 33 %-ға өсті.
2006 жылғы қаңтар-маусымда тауарлар экспорты 2005 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 32,6 %-ға ұлғайды, 17335,9 млн. АҚШ долларына жетті, ал импорт 9944,5 млн. АҚШ долларын құрап, 25,6%-ға өсті.
Елдің таза халықаралық резервтері 2006 жылғы бірінші жарты жылдықта 51,4 %-ға ұлғайды және 22,9 млрд. АҚШ долл. жетті, оның ішінде Ұлттық қордың активтері 10 млрд. АҚШ долл. құрады.
2006 жылғы қаңтар-маусымда орташа айлық атаулы жалақы 37769 теңгені құрады және 2005 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 24,2%-ға ұлғайды. Нақты жалақы 14,3 %-ға ұлғайды.
Жұмыссыздық деңгейі 2006 жылғы екінші жарты жылдықта экономикалық белсенді халық санының 7,7 %-ын құрады.
2007-2009 жылдары экономика дамуының жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін экономика өсуінің барлық негізгі факторларын жедел дамыту үшін қолайлы макроэкономикалық жағдай жасалатын болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі инфляцияны берілген аралықта ұстау мақсатында ақша-кредит саясатын қатаңдату жөнінде шаралар қабылдайтын болады, оның ішінде:
резервтік талаптарды қатаңдату жолымен банк секторының сыртқы қарыз алуын шектеу;
ақша агрегаттарын бақылауды күшейту;
ақша эмиссиясын стерилизациялау көлемін ұлғайту.
Бұдан басқа, қор нарығының жаңа құралдарын дамыту уақытша бос ақша қаражатын байланыстыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2007-2009 жылдары мемлекеттік шығыстар саласында салмақты мемлекеттік саясат жүргізу мынадай негізгі міндеттерді шешуді көздейді:
ЖІӨ-нің өсу қарқынынан аспайтын мемлекеттік бюджет шығыстарының өсу қарқынын қамтамасыз ету;
бюджеттің мұнай емес тапшылығын біртіндеп азайтуға бағытталған фискалдық саясатты қалыптастыру және жүргізу;
Ұлттық қордан қордың инвестициялық кірісіне тең бюджетке кепілдік берілген трансферт мөлшеріне кезең-кезеңімен қол жеткізу. 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Ұлттық қордың жұмыс істеуінің жаңа схемасы елдің макроэкономикалық дамуының теңгерімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Тариф саясаты саласында табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің көтерілуіне бақылау күшейтілетін болады.
2007-2009 жылдары өнеркәсіптің дамуы Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясында және Каспий-теңізінің Қазақстан секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасында айқындалады.
Мұнай-газ секторының тұрақты дамуы Қазақстанның экономикалық өсуін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болады. 2007-2009 жылдары мұнай және газ конденсатын өндіру көлемінің қарқыны орташа есеппен 108 %-ды құрайды.
Халықтың табысын арттыруға, оның ішінде бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бағытталған саясат халықтың ақшалай табысының артуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде елде ішкі сұраныстың артуына ықпал етеді.
Тауарлар мен инвестициялық ресурстарға ішкі сұраныстың кеңеюі инвестициялық тауарлар импортын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Халықтың нақты табыстарының ұлғаюы кәсіпорындардың қаржы жағдайының жақсаруымен астасып, экономиканың нақты секторы инвестициясының өсуі үшін қажетті жағдайлар жасайды.
3. Елді дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған мақсаттары,
міндеттері және басымдықтары
2007-2009 жылдары әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары Президенттің «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» Қазақстан халқына Жолдауында, Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасында, 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес болады.