Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 16 наурыздағы
№ 65 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 сәуірдегі № 286 Қаулысы
(2007.07.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2007 жылғы 24 қыркүйектегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясаты шеңберінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 16 наурыздағы № 65 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Қазына» АҚ) құрылсын.
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. «Қазына» АҚ қызметінің негізгі мәні Қазақстан Республикасы экономикасының барлық секторларындағы инвестициялық және инновациялық белсенділікті арттыру мен ынталандыру мақсатында акцияларының мемлекеттік пакеттері (қатысу үлестері) «»Қазына» АҚ-тың жарғылық капиталын төлеуге берілген заңды тұлғаларды тиімді корпоративтік басқару болып белгіленсін.
3. Қоса беріліп отырған:
1) «Қазына» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары туралы меморандум;
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) акцияларының мемлекеттік пакеттері (қатысу үлестері) «Қазына» АҚ-тың орналастырылатын акцияларын төлеуге берілетін заңды тұлғалардың тізбесі бекітілсін
4. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігіне «Қазына» АҚ-ның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін 2006 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 100000000 (бір жүз миллион) теңге бөлінсін.
5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) «Қазына» АҚ-ның жарғысын бекітуді;
2) «Қазына» АҚ-ны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) акциялардың мемлекеттік пакеттерін (қатысу үлестерін) «Қазына» АҚ-тың жарғылық капиталын төлеуге беруді;
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) «Қазына» АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін иелену мен пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігіне беруді;
5) осы қаулыдан туындайтын өзге шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
6. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне «Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің құрамы жөнінде ұсыныстар енгізсін.
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Осы қаулының 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен «Қазына» акционерлік қоғамының орналастырылатын акцияларын төлеуге берілетін акциялардың мемлекеттік пакеттерін (қатысу үлестерін) бағалауды жүргізсін.
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 6-2-тармақпен толықтырылды
6-2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, осы қаулының 5 және 6-1-тармақтарында көрсетілген іс-шараларды орындағаннан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен «Қазына» акционерлік қоғамының жарияланған акцияларының санын ұлғайтуды және заңды тұлғалар акцияларының мемлекеттік пакеттерін (қатысу үлестерін) беру жолымен орналастырылатын акцияларды төлеуді қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
Акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
«Астана қаласы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-71-жолмен толықтырылсын:
«21-71. «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ»;
2) «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулыға қосымшада:
«Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігіне» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 237-19-жолмен толықтырылсын:
«237-19. «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ».
8. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі апта мерзімде осы қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізсін.
9. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары К.Қ. Мәсімовке жүктелсін.
10. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2006 жылғы 15 сәуірдегi
№ 286 қаулысымен
Бекітілген
«Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы қызметінің
негізгі қағидаттары туралы меморандум
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 1-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. «Қазына» АҚ-ны құрудың мақсаты
«Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамын (бұдан әрі - «Қазына» АҚ) құру мақсаты мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды тиімді корпоративтік басқару жолымен Қазақстан Республикасы экономикасының барлық секторларындағы инвестициялық және инновациялық белсенділікті арттыру және ынталандыру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Yкіметінің шешімдеріне сәйкес «Қазына» АҚ-ға мемлекет қатысатын заңды тұлғалар (бұдан әрі - компаниялар) акцияларының мемлекеттік пакеттері (қатысу үлестері) жарғылық капиталын төлеуге берілетін болады.
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 2-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. «Қазына» АҚ қызметінің қағидаттары
«Қазына» АҚ-ның қызметі айқындылық және кешенділік қағидаттарына негізделетін болады.
Айқындылық қағидаты менеджерлердің жауапкершілігін, қаржы ресурстарының тиімді пайдаланылуын тиісті бақылауды қамтамасыз ететін Компанияларды корпоративтік басқарудың ашық жүйесін құруды болжамдайды. Осы қағидатты сақтау үшін мінсіз іскерлік беделі бар кәсіби шетелдік және отандық менеджерлерді тарта отырып, тәуелсіз директорлардың институтын белсенді түрде пайдалану қажет.
Кешенділік қағидаты белгілі бір операцияларда және/немесе қызмет түрлерінде Компаниялардың мамандануын қолдаудың әр түрлі көздері мен бағыттары болған кезде экономиканың жеке және мемлекеттік секторларының бастамаларын теңгерімді қолдау жүзеге асырылатынын білдіреді.
3. «Қазына» АҚ-ның міндеттерi
ҚР Үкіметінің 2007.07.05. № 363 Қаулысымен 3-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
«Қазына» АҚ-ны құру мақсатына қол жеткізу мынадай негізгі міндеттерге негізделеді:
Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003 - 2015 жылдарға арналған стратегиясының ережелерін, мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды ескере отырып, Қазына» АҚ-ны дамыту мәселелері жөніндегі Мамандандырылған Кеңестің (бұдан әрі - Мамандандырылған кеңес) ұсынымдары негізінде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге Компаниялардың қол жеткізуін қамтамасыз ету;
ұлттық экономиканы әртараптандыруда Қазақстан Республикасының Үкіметіне жәрдемдесу, Компаниялардың қызметін үйлестіру негізінде экспорт-импорт секторының басымдықтарын пайдалану;
Компанияларды корпоративтік басқарудың әлемдік үздік тәжірибесін енгізу;
Компаниялар қызметінің экономикалық тиімділігін арттыру, Компаниялардың мамандануы мен олардың арасындағы орынды бәсеке арасындағы теңгерімді айқындау;
Қазақстан Республикасының қор нарығының дамуына жәрдемдесу.
Жоғарыда көрсетілген міндеттерді шешу Компаниялардың тиісті Директорлар кеңестерінде акционер мен өкілдіктің функцияларын жүзеге асыру арқылы Компанияларды басқаруда «Қазына» АҚ-ның белсенді түрде қатысуы жолымен жүзеге асырылатын болады.
4. «Қазына» АҚ-ның функциялары
Компанияларды олардың Директорлар кеңестері арқылы корпоративтік басқаруды жүзеге асыру шеңберінде «Қазына» АҚ-ның негізгі функциялары мыналар болып табылады:
Мамандандырылған Кеңестің ұсынымдары негізінде Компаниялар үшін мақсаттар қою;
қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған Компаниялардың орта мерзімді бизнес-жоспарларын, инвестициялық бағдарламалары мен жылдық бюджеттерін бекіту;
жеке сектордың бастамаларын іске асыруға бөлінетін ақша қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау;
Компаниялардың аудитін ұйымдық қамтамасыз ету;
Компаниялардың басшыларын іріктеу және олардың уәждемесі.
«Қазына» АҚ индустриялық-инновациялық даму, жоғары технологиялық халықаралық жобаларға мемлекеттің қатысуы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін ұсынымдар әзірлейді.
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен 5-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. «Қазына» АҚ-ны басқару мәселелерi
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан мемлекет «Қазына» АҚ-ның жалғыз акционері болып табылады. Компаниялардың акцияларын (қатысу үлестерін) сату туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысын қабылдау жолымен «Қазына» АҚ-тың жалғыз акционері қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Yкіметі «Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің дербес құрамын айқындайды.
«Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына Экономика және бюджеттік жоспарлау, Индустрия және сауда министрліктері басшыларының орынбасарлары, тәуелсіз директорлар, «Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы кіреді.
«Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің құзыретіне мыналар кіреді:
«Қазына» АҚ қызметінің басым бағыттарын айқындау;
«Қазына» АҚ қызметінің мақсаттарын қою;
«Қазына» АҚ-ның бюджетін бекіту;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер.
«Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің жанынан комитеттер, оның ішінде Аудит комитеті құрылуы мүмкін.
«Қазына» АҚ-ның қызметін қаржыландыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жарғылық капитал қаражаты және өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Қазына»
АҚ-ның арасындағы өзара қарым-қатынастар
ҚР Үкіметінің 2007.07.05. № 363 Қаулысымен 6-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Қазына» АҚ-ның арасындағы өзара қарым-қатынастар Мамандандырылған кеңес - Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган арқылы жүзеге асырылады, оны құру туралы шешімді және Қызметі туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын Мамандандырылған кеңестің құрамына Экономика және бюджеттік жоспарлау, Индустрия және сауда, Қаржы министрліктерінің бірінші басшылары және өзге де тұлғалар кіреді. Мамандандырылған кеңес Компанияларды басқару жөніндегі негіз қалаушы мақсаттар мен міндеттер бойынша ұсынымдар әзірлеуді орта мерзімді негізде бір айда бір рет жүзеге асырады және мақсаттар мен қаржылық нәтижелерге қол жеткізуге бағалау жүргізеді.
Мамандандырылған кеңес өзінің қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады және екі жылда кемінде бір рет отырыс өткізеді. Мамандандырылған кеңестің қызметін ұйымдық-ақпараттық қамтамасыз етуді Мамандандырылған кеңестің қызметі туралы ережеде айқындалған жұмыс органы жүзеге асырады.
Компаниялардың қызметіне мемлекеттік органдардың бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын орындауға негізделмеген араласуына жол берілмейді.
ҚР Үкіметінің 2006.15.09. № 873 Қаулысымен 7-бөлім өзгертілді
7. «Қазына» АҚ мен Компаниялар арасындағы өзара
қарым-қатынастар
«Қазына» АҚ мен Компаниялардың өзара қарым-қатынастары жоғарыда көрсетілген оның функцияларымен айқындалады. Бұл ретте «Қазына» АҚ-ның Компаниялар қызметіне әсер етуі Компаниялардың тиісті Директорлар кеңестеріндегі акционер мен өкілдіктің функцияларын жүзеге асыру арқылы корпоративтік басқару шеңберінде шектеледі.
Компаниялардың Директорлар кеңесінің құрамына «Қазына» АҚ-ның өкілдері, тәуелсіз директорлар кіреді. Компаниялардың Директорлар кеңестерінің (қадағалаушы кеңестің) екі мүшесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынымы бойынша «Қазына» АҚ сайлайды. Компаниялардың Директорлар кеңесінің төрағасы «Қазына» АҚ-ның өкілдері арасынан сайланады.
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2006 жылғы 15 сәуірдегi
№ 286 қаулысымен
Бекітілген
ҚР Үкіметінің 2006.25.08. № 818 Қаулысымен тізбе өзгертілді (бұр.ред.қара)
Акцияларының мемлекеттік пакеттері (қатысу үлестері) «Қазына» орнықты даму қоры»
акционерлік қоғамының орналастырылатын акцияларын төлеуге берілетін заңды
тұлғалардың тізбесі
Р/с № | Атауы | Акция- лардың мемле- кеттік пакетi (қатысу үлестері) |
1. | «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамы | 100% |
2. | «Инвестициялық компания: Қазақстанның Инвестициялық қоры» акционерлік қоғамы | 100% |
3. | «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамы | 100% |
4. | «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы | 100% |
5. | «Экспорттық кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» акционерлік қоғамы | 100% |
6. | «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамы | 100% |
7. | «Қазақстан инвестицияларға жәрдемдесу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігi | 100% |