Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және күтіп-ұстау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы № 1044 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 15 сәуірдегі № 238 Қаулысымен күші жойылды
«Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және күтіп-ұстау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 157 бұйрығын қараңыз
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңының 17-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және күтіп-ұстау ережесі бекітілсін.
2. «Әлемдік және республикалық маңызы бар объектілерге жатқызылған тарих пен мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қорғау және ұстау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 8 шілдедегі № 673 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 28, 278-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі. | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2007 жылғы 6 қарашадағы №1044
қаулысымен бекітілген
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және күтіп-ұстау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және күтіп-ұстау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңының 17-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленген және тарих және мәдениет ескерткіштерін (бұдан әрі - ескерткіштер) қорғау мен күтіп-ұстау тәртібін айқындайды.
2. Ескерткіштерді қорғау және күтіп-ұстау тәртібі
2. Ескерткіштердің меншік иелері мен пайдаланушылар олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде мынадай шаралар қабылдауы тиіс:
1) зақымданудан және (немесе) жоюдан, тағылық актілерінен, жалған дәріптеуден, өңін айналдырудан, бұрмалаудан, орынсыз өзгерістер енгізуден, тарихи түпмәтіннен үзіп тастаудан қорғау;
2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарын меншік құқықтарының болуы мүмкін немесе болған өзгерістері туралы хабардар ету;
3) халықаралық және республикалық маңызы бар ескерткіштерде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуді тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен (бұдан әрі -уәкілетті орган), жергілікті маңызы бар ескерткіштерде - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарымен келісу;
4) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен жасалған арнайы шарттарда белгіленетін тәртіппен және шекте ескерткішке ғылыми, мәдени және өзге де мақсаттарда қол жеткізуді қамтамасыз ету.
3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), жергілікті атқарушы органдары ескерткіштердің меншік иелері мен пайдаланушыларына осы құжатты ресімдеу сәтіндегі ескерткіштердің жай-күйі және оларды күтіп-ұстау шарттары тіркелетін қорғау міндеттемесін береді.
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары әрбір ескерткішке ескерткіш туралы негізгі деректер және ескерткіштің мемлекеттің қорғауында екендігіне нұсқама қамтылған қорғау тақтасын орнатады.
5. Ескерткіштерді бұзылудан немесе жойылудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары белгіленеді.
Меншік иелері мен пайдаланушылар ескерткіштерді халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы және өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес күтіп-ұстайды.