Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудiң ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 қыркүйектегі № 958 қаулысы
(2006.06.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2007 жылғы 28 қазандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берілiп отырған:
1) Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудiң ережесi;
2) Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн қалыптастыру мақсаты үшін облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, астанаға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берілетiн кодтардың тiзбесi бекiтілсiн.
2. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу үшін қажетті аэрофототүсiрiм, топографиялық материалдары бар орталық атқарушы органдар оларды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға көшiрме түрiнде және ақысыз ұсынатын болсын.
3. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiнiң күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2003 жылғы 20 қыркүйектегi № 958 қаулысымен
бекітiлген
Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын
жүргiзудiң ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес әзiрлендi және мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу, жердi сандық және сапалық есепке алу мен жердi бағалау, тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алу, мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерiн беру және кадастр ақпаратын пайдалану тәртібін белгiлейдi.
2. Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастры (бұдан әрi Кадастр) мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды жер және жекелеген жер учаскелерi туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi.
3. Тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекітілген жер учаскесi кадастрдың деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi болып табылады. Кадастрда әрбiр жер учаскесi үшiн оны кеңiстiкте бiр мәндi бөлуге, мөлшерiн және орналасқан жерiн айқындауға мүмкiндiк беретiн табиғи сипаттамалар, сондай-ақ учаскенiң кадастрлық бағалау құны белгiленедi.
4. Кадастрдың құрамына жер учаскесiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар туралы ақпарат кiредi.
5. Жер учаскесi туралы мәлiметтер осы учаскеге бекітілiп берiлген нөмiрi, орналасқан жерi, шекарасы және мәтіндiк сипаттамасы көрсетiлетiн жер-кадастрлық карталармен ара қатынаста болады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 6 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6. Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен іздестірулер, жер мониторингі жөніндегі жұмыстарды, жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталары мен жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжат дайындаумен қамтамасыз етіледі.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 7 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
7. Деректердi жинақтау жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi, жеке немесе заңды тұлғалардың - жер учаскесiне құқық субъектiлерiнiң атауы, атқарушы органдардың кесiмдерi мен өзге де заңнамада көзделген құжаттар, жер учаскесiнiң орналасқан орны мен мөлшерi, кадастрлық (бағалау) құны, жер учаскесіне құқығы , мақсатты тағайындауы, бөлiнетiндiгi және бөлiнбейтiндiгi, жер учаскесiне сервитуттар туралы, сондай-ақ атқарушы органдар белгiлеген оны пайдалану жөніндегі шектеулер туралы ақпараттар тiркелетiн және caқталатын республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті аудандарының (облыстық маңызы бар қалалардың) деңгейiнде жүргiзіледi.
Көрсетілген деректер аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, республикалық маңызы бар қала астана және тұтастай алғанда Қазақстан Республикасы бойынша өзара салыстыруға мүмкiндiк беретiн меншiк нысандары, жер санаттары бойынша жүйелендiріледi.
2. Кадастрды жүргiзудiң тәртiбі
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 8 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
8. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Кадастрды жүргізу бірыңғай жүйе бойынша жүзеге асырылады және ол жер учаскелері туралы мәліметтерді жинау, құжаттау, жинақтау, өңдеу, есеп жүргізу және сақтау жөніндегі дәйекті іс-қимыл болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 9 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
9. Жер учаскелерiнiң желiлiк және алаңдық сипаттамаларын бейнелеу және өзгерістер енгізу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiстi жер-кадастрлық карталар Кадастрдың картографиялық негiзi болып табылады.
Жер-кадастрлық карталардың масштабы есепке алу бірлігінің мөлшеріне және Кадастрды жүргiзудiң деңгейiне байланысты таңдалады.
Кадастрды автоматтандырылған жүргiзу кезiнде картографиялық негiз геоақпараттық технологияларды қолданумен және қағаз жеткiзгiштермен көшiрмелерiн дайындаумен электрондық карта түрiнде қалыптастырылады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 10 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
10. Жер учаскелерi туралы ақпарат учаскелер мен жер алқаптарының шекарасы мен алаңдары өзгерген кезде жүйелi түрде жаңартылады.
11. Жер учаскесi, егер оның белгiленген шекарасы болса және оған жер-кадастрлық iс жүргiзілсе, түпкiлiктi қалыптастырылған болып саналады. Жер-кадастрлық iс - жер учаскесiнiң қалыптасуы туралы iс, оған жер учаскесi туралы құжаттар кiргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 11 тармақпен толықтырылды
11-1. Мемлекеттік меншіктегі жерлерден берілетін жер учаскелеріне жер-кадастрлық істерді Кадастрды жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдерінің шешімдері, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген құзыретіне сәйкес, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы бекіткен жерге құқық беру туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесінің шекараларын белгілеу жөніндегі материалдар негізінде жүргізеді
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 12 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
12. Азаматтарға және заңды тұлғаларға иелiк ету не пайдалану құқығымен бұрын берiлген жер учаскелерiн жеке меншiкке немесе пайдалануға берудi алғашқы ресiмдеу кезiнде жер-кадастрлық iс олардың жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарына берілетін өтiнiштерiнiң негiзiнде жүргiзіледi.
Жер учаскесiне құқықты куәландырушы құжаттар, ал олар болмаған кезде - бұл учаскенi берген атқарушы органның шешімiмен учаске шекарасының сызбасы (схемасы) өтiнiшке қосыла беріледi.
Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары көрсетiлген құжаттарды тексерудi жүзеге асырады және осы құжаттарды жер учаскелерiн жергiлiктi жерде зерттеу үшiн Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындарға жiбередi. Олардың шекаралары, алаңдары және мақсатты тағайындауы өзгергенi белгiлi болған жағдайда, бұл өзгерістер облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкімінің, олардың Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген құзыретіне сәйкес қайта бекітуiне немесе мүдделi тараптардың арасында жасалатын шартта көрсетуге жатады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 13 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
13. Азаматтардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншігіндегі жерден учаске құру бөлінетін жер учаскесінің бөлігімен мәміле жасалған кезде жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына берілетін олардың бөлінетін жер учаскесін бөлу туралы өтініштері негізінде жүргізіледі.
Өтінішке жер учаскесіне жеке меншік құқығы туралы құжаттар қоса беріледі.
Бөлінген жер учаскесіне, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген құзыретіне сәйкес, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы бекіткен жер учаскесін бөлу туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесінің шекараларын белгілеу жөніндегі материалдар негізінде жаңа жер-кадастрлық іс жүргізіледі, ал бөлінетін жер учаскесіне бұрын жүргізілген жер-кадастрлық іске тиісті өзгерістер енгізіледі.
14. Азаматтардың және заңды тұлғалардың меншiгіндегі немесе пайдалануындағы жерден мемлекеттік қажеттiктер үшiн жер учаскесiн қалыптастыру кезiнде оған жүргiзiлген жер-кадастрлық iске жаңа учаскенi құру үшiн негiз болып табылатын жер учаскесiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн алу туралы атқарушы органның шешiмi не соттың шешiмi, сондай-ақ жоспар (шекара сызбасы) және басқа құжаттар кiргiзіледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 15 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
15. Мемлекеттік мұқтаждар не азаматтар мен заңды тұлғалардың арасындағы мәмiлелер үшiн жасалатын жер учаскесiн қайта құру жағдайында жаңа жер-кадастрлық iс жүргiзiлмейдi. Жер учаскесiн қайта ұйымдастыру процесiмен бiрге жүретiн барлық құжаттар осы учаскеге бұрын жүргiзілген жер-кадастрлық iске кiргiзiледi.
Бірнеше жер учаскелерін біреуіне біріктірген кезде осы учаскелерге бұрын жүргізілген жер-кадастрлық істер кіретін, жаңа жер-кадастрлық іс жүргізіледі.
16. Азаматтар мен заңды тұлғалардан ерiксiз алуға не тәркiлеуге жататын жер учаскесiнiң жер-кадастрлық iсiне сот-атқарушылық iс жүргiзу құжаттары кiргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 17 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
17. Қалыптастырылған жер-кадастрлық iс жер учаскесiн жер-кадастрлық кiтабына жазу және бірыңғай мемлекеттік жер тізіліміне жер учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшiн негiз болады.
Бірыңғай мемлекеттік жер тізілімі құқықтық, сәйкестендіру, экономикалық және басқа да сипаттамаларды қамтитын Кадастр құрамындағы жер учаскелерін есепке алудың қорытынды құжаты болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 18 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
18. Жер-кадастрлық кiтабы жер учаскелерi есепке алынатын, жердiң кеңiстiк, табиғи және шаруашылық жағдайы туралы анық мәлiметтер қамтылатын құжат болып табылады.
19. Жердiң жер-кадастрлық картасы жер учаскелерiнiң орналасқан жерiн, мөлшерлерiн және шекараларын көрнектi кескiндеу, бiрiктiру және бөлу кезіндегі олардың өзгерістерiн есепке алу мақсатында құрылады және жүргiзіледi. Кадастр және жер учаскелерiн есепке алу үшiн жер-кадастрлық карталар жүргiзу осы Ереженiң 39 және 41-42-тармақтарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
20. Кадастр қағаз жеткiзгiшпен жүргiзіледi және ақпараттарды жинақтаудың, өңдеудiң және сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалана отырып жүргiзілуi мүмкiн.
21. Кадастрдың автоматтандырылған ақпараттық жүйелерi жұмыс iстеу тәртібін жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын мамандандырылған бағдарламалық-техникалық кешендердiң базасында құрылады.
22. Жер-кадастрлық құжаттама мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:
барлық деректемелердi (оларды шығарушы органның, мекеменiң, ұйымның атауын, күнiн, құжаттың нөмiрiн, мекен-жайын (құжатты алушыны) көрсету) толтыра отырып белгіленген үлгiдегi бланкілерде орындалады;
жер учаскелерi шекараларының жоспарларын (сызбаларын) дайындау жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілеттi орган белгiлейтiн техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады;
мемлекеттік құпияға жатқызылған жер учаскелерiнiң жоспарларында (сызбаларында) қамтылатын мәлiметтер олардың құпиялылығын қамтамасыз ететiн белгiленген ережелерге сәйкес пайдаланылады және сақталады.
3. Жердi сандық және сапалық есепке алуды жүргiзу мен
бағалаудың тәртібі
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 23 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
23. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң мақсатты тағайындауына және оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, кадастрлық есепке алуға жатады.
Жер учаскелерiн кадастрлық есепке алу олардың орналасқан жерiнде бiрыңғай әдiстеме бойынша жүргiзіледi.
Жерді сандық және сапалық есепке алу олардың нақты жағдайы және пайдаланылуы бойынша жүргiзіледi. Барлық өзгерістер олар жергiлiктi жерде болғаннан кейiн тiркеледi. Жердi есепке алудың деректерi әрбiр жер учаскесi бойынша жер-кадастрлық кiтапқа және бірыңғай мемлекеттік жер тізіліміне енгiзiледі.
Есептiк деректер жер учаскелерi, елдi мекендер, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, астана, республикалық маңызы бар қала бойынша қалыптастырылады. Бұл ретте ерекше қорғалатын табиғи және тарихи-мәдени объектiлер орналасқан учаскелер бөлек көрсетiледi.
Барлық санаттағы жерлер есепке алуға жатады және ол жер алқаптарының түрлерi бойынша жүргiзіледi.
Жердiң мөлшерi, орналасқан жерi, саны мен сапасы туралы қажеттi мәлiметтер оларды бастапқы есепке алу кезiнде тiркелер, ал жердiң құрамында, олардың сапасы мен пайдалану түрiнде болған өзгерістер жердiң ағымдағы есебiн жүргiзу процесiнде анықталады.
24. Кадастрлық деректердi нақтылау және жаңарту мақсатында:
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) жер учаскелерiнiң иелерi мен жер пайдаланушылар, уәкілеттi лауазымды тұлғалар мен тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктердегi (ауыл (село), кент облыстық және, аудандық маңызы бар қала) жергілiктi атқарушы органдар есепті жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша жыл сайын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына тиiсiнше жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы, меншiктегi және пайдаланудағы, сондай-ақ тиiстi әкiмшiлiк-аумақ бiрлiктердiң (ауыл (село), кент, аудандық және облыстық маңызы бар қалалар) әкiмдерiнiң қарауындағы жерлердiң құрамында болып жатқан өзгерістер туралы белгiленген нысан бойынша есептер ұсынады;
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы ұсынылған есептерді қарайды әрі бекітеді және оларды болған өзгерістерді жер-кадастрлық кітапқа және бірыңғай мемлекеттік жер тізіліміне енгізу үшін Кадастр жүргізетін мамандандырылған кәсіпорындарға жібереді.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) Облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары жерлердің бар-жоғы және олардың санаттар, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен алқаптардың бөлінуі туралы жыл сайынғы есептерді (жер балансын), сондай-ақ есепті жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аудандары (облыстық маңызы бар қалалары), республикалық маңызы бар қаласы, астанасы, облыстары бойынша мемлекеттің жер учаскелерін меншікке сатуы туралы мәліметтерді жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін және статистика жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін нысандар бойынша жасайды.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер балансының деректері негізінде Қазақстан Республикасының жер балансын жасайды.
Кадастрды жүргізетін мамандандырылған кәсіпорындар 5 жылда бір рет аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана бойынша және тұтастай алғанда республика бойынша жерлердің сапалық жағдайы туралы есептер жасайды.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 25 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
25. Жердiң сапасын есепке алу және кадастрлық бағалау:
мақсатты тағайындауын ескерiп, жер учаскесiн пайдалану тиiмділiгiн анықтау;
жер учаскесiн жеке меншiкке сатқан кезде оның бағасын (жер учаскесiн жалдау құқығын сату төлемiн) анықтау;
салық салу;
жер учаскесiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн ерiксiз алу кезiнде және иелiктен айыру жағдайында сатып алу бағасы мен төлем мөлшерiн сотпен анықтау мақсатында жүргiзiледi.
Жердiң сапасы және оның кадастрлық бағасы туралы мәлiметтер әрбiр жер учаскесi бойынша жер-кадастрлық кiтапта көрсетiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 26 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
26. Жердің бар-жоғы, олардың санаттар, жер учаскелерінің меншік иелері, жерді пайдаланушылар және алқаптар бойынша бөлінуі туралы есептерді (жер балансын) осы Ереженің 24-тармағына сәйкес мыналар жасайды:
аудан және облыстық маңызы бар қала бойынша - аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы және есепті жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей жер қатынастары жөніндегі облыстық уәкілетті органға ұсынады;
облыс, республикалық маңызы бар қала және астана бойынша - аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың деректері негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы және есепті жылдың 20 қарашасынан кешіктірмей жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган есептi жылдан кейiнгi 20 қаңтардан кешiктiрмей, Қазақстан Республикасы жерiнiң (республикалық маңызы бар қалалар, облыстар бойынша және тұтастай алғанда республика бойынша) бар-жоғы, олардың сапалық жағдайы және пайдаланылуы туралы есептi алқада қарайды.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілеттi орган жиынтық талдамалы есептің көшірмесін Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне және Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігiне жолдайды.
4. Тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алу
27. Тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн және олардағы жылжымайтын мүлiктi есепке алу меншiк құқығы мен басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықты мемлекеттік тiркеудi қамтамасыз ететiн қажеттi шарт болып табылады.
28. Жер учаскелерiн есепке алу кезiнде мына деректердi тiркеу мiндеттi болып табылады:
жер учаскесi иесiнiң немесе оны пайдаланушының аты-жөнi;
жер учаскесінiң алаңы;
жер учаскесiне меншiктiң нысаны;
жер учаскесiнiң мақсатты тағайындалуы;
жер учаскесiн пайдаланудағы шектеулер және ауыртпалықтар;
жер учаскесiнiң бөлiнетiндiгi немесе бөлiнбейтiндiгi;
жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi;
жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлiк туралы мәлiметтер.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 29 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
29. Жер кадастрын жүргізгенде әрбір жер учаскесіне жер учаскесінің орналасқан жерін анықтау (сәйкестендіру) мақсатында жеке, Қазақстан Республикасының аумағында қайталанбайтын, учаске біртұтас болып тұрғанша сақталатын, кадастрлық нөмір беріледі. Жер-кадастрлық іс те осындай нөмірге сәйкестендіріледі.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 30 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
30. Жеке және заңды тұлғалар жер учаскесіне кадастрлық нөмірді беру үшін Кадастрды жүргізетін мамандандырылған кәсіпорынға өтініш жасайды, ал жер құқығын куәландыратын ескі үлгідегі құжатты жаңаға ауыстыру үшін жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына жүгінеді.
Өтінішке жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжаттың түпнұсқасы қоса беріледі.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 31 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
31. Жер учаскесiн сәйкестендiру оны жер-кадастрлық картада көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргiзу бұл учаскенiң нақты шекараларын, шектеулер мен ауыртпалықтардың бар-жоғын айқындаудан, басқа тұлғалар құқықтарының сипатын, сондай-ақ мақсатты пайдаланылуын анықтаудан басталады. Жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу және оларды ресiмдеу рәсiмдерi жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның бұйрықтарына сәйкес жүргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 32 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
32. Жер учаскесін сәйкестендіру жөніндегі жұмыстардың нәтижелері бойынша мамандандырылған кәсіпорын жер учаскесіне кадастрлық нөмір береді, ескі үлгідегі құжатқа тиісті белгі жасайды және оны өтініш берушіге береді. Жер учаскесіне кадастрлық нөмірді бергені туралы ақпарат жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жер қатынастары жөніндегі тиісті уәкілетті органға ұсынылады.
Жерге құқықты куәландыратын ескі үлгідегі құжаттарды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өзінің құзыретіне сәйкес өтініш берушіге беретін құқықты куәландыратын жаңа құжатқа ауыстыру өтініш берушінің қалауы бойынша жүзеге асырылады.
Жер-кадастрлық кітапқа және мемлекеттік жер тізіліміне тиісті жазба жасалады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 33 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
33. Кадастрлық нөмiрдi құру:
облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың коды мен;
ауданның немесе облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың кодымен;
есептi кварталдың кодымен;
жер учаскесiнiң есептi кварталдағы реттiк нөмiрiмен айқындалады.
Елдi мекеннiң кварталы, жұмыс кенттерi және ауылдық елдi мекендер, бағбандық және саяжайлық қоғамдар, желiлік объектілер: темір жол, автомобиль жолдары, жердегi, жер үстi және жер асты құбыр желiлерi бөлу жолақтарымен, суаттар және басқалар есептi кварталдар болып табылады.
Ескерту.
Жер учаскесi кадастрлық нөмiрiнiң екi алғашқы саны облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кодын, одан кейінгi үшеуi ауданның немесе облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың, одан кейінгi тағы үшеуi - есептi кварталдың кодын және соңғы үш сан - есептi кварталдың iшiндегі жер учаскесiнiң реттiк нөмiрiн бiлдiредi.
Есептi квартал ішінде жер учаскелерiнiң саны 999-дан асқан жағдайда, осы есептi квартал iшінде қалыптасатын келесi жер учаскелерiне төрт таңбалы реттік нөмiр берiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 34 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
34. Есептi кварталдардың және/немесе аудандардың, облыстық (аудандық) маңызы бар қалалардың, астананың iшіндегі есепті кварталдардың кодтары мен жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындар береді.
35. Егер осы Ережеге сәйкес есептi кварталға код беру объективтi себептер бойынша мүмкiн болмаса, онда осы кварталдың iшіндегі жер учаскелерiне уақытша (шартты) кадастрлық нөмiрлер берiледi. Бұл жағдайда мұндай кварталдың коды нақты есептi кварталдағы кадастрлық нөмiрдiң шартты белгiсiн көрсетуге тиiс "9" санынан басталады. Есептi кварталдың заңды мәртебесiн кейiннен анықтау кезiнде бұрын берiлген шартты нөмiрдi көрсете отырып оған нағыз код беріледi.
36. Жер учаскесiн бiрнеше бөлiкке бөлу немесе бiрнеше жер учаскелерiн бiреуге бiрiктiру кезiнде ескi нөмiрлер жойылады және жаңа кадастрлық нөмiрлер берiледi.
37. Бүтiн жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жердi пайдалану құқығы басқа меншiк иесiне немесе жердi пайдаланушыға ауысқан кезде жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi ауыстырылмайды.
Жер учаскесiнiң есептiк деректерiне онымен жүзеге асырылған мәмілелердiң нәтижесiнде жер учаскесiне меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының басқа тұлғаға ауысуы туралы мәлiметтердi енгізудi оларға жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелердi мемлекеттік тiркеу органы ұсынатын материалдардың негiзiнде Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындар жүргiзедi.