Қазіргі кезде Қазақстанның барлық қалааралық және халықаралық трафигінің 90 % жуығын өткізетін «Қазақтелеком» АҚ қалааралық және халықаралық байланыс қызметтері нарығында бұрынғыдай үстемдік етуде. Бұл қызмет нарығы сегментінде «Қазақтелеком» АҚ үлесі бәсекелестік жағдайында біртіндеп төмендейтін болады. Қызметтердің осы түрін көрсетуге лицензия алған жаңа байланыс операторларына (»Транстелеком» АҚ, «KazTransCom» АҚ, «Арна» АҚ, «Нұрсат» АҚ, «Аstel» АҚ, «TNS-Plus» АҚ) баға саясаты саласында «Қазақтелеком» АҚ-мен бәсекелесу мүмкіндігі беріліп отыр.
Жаңғырту процесі ұлттық телекоммуникация желісінің барлық деңгейлері мен құрамдас элементтерін қозғады. Соңғы жылдар ішінде желіні толық ауқымда жаңарту мен кеңейтуге негіз болған елеулі өзгерістер болып өтті.
"Қазақтелеком" АҚ-тың Ұлттық ақпараттық супер магистралының құрылысы (бұдан әрі - ҰАСМ) жалғасуда. ҰАСМ-ның Астана - Өскемен - Талдықорған шығыс тармағын пайдалануға енгізу жүзеге асырылды. Атырау - Орал, Мақат - Құлсары - Теңіз цифрлы радиорелелі желілерін, Ақтөбе қаласында Халықаралық коммутация орталығын пайдалануға тапсыру жүзеге асырылды, Петропавл - Қостанай - Ақтөбе Солтүстік ТОБЖ құрылысы аяқталды.
Сыйымдылығы 276 станцияны құрайтын DАМА Ұлттық жерсеріктік желінің құрылысы жалғасуда.
"Транстелеком" АҚ "Астана - Алматы" ТОБЖ құрылысын аяқтады және бұдан әрі қарай Алматы - Достық, Алматы - Петропавл бағыты бойынша жаңа магистралды желілерінің құрылысын одан әрі жүргізуді жоспарлап отыр.
"KazTransCom" АҚ Атырау - Ақтау ТОБЖ-ын салды. Атасу - Алашаңқу желісінің құрылысы жүріп жатыр.
Қазіргі кезде деректер беру (Интернетті қоса алғанда) жөніндегі нарық сегментінде 379 лицензия берілді. 2005 жылы қызметтердің осы түрі бойынша өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ең жоғары өсу қарқыны тіркелді - 85 %. Деректер беру қызметтеріне тән жоғары өсу қарқыны нарықтың осы сегментін телекоммуникациялық нарықтың барынша жылдам дамитын сегменті ретінде сипаттайды.
2004 жылы тарифтік саясатта өзгерістер болды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 тамыздағы № 884 қаулысымен бекітілген Телекоммуникациялардың әмбебап қызметтеріне арналған тарифтерді қайта теңдестіру жоспарына сәйкес 2004 жылғы 1 қазаннан бастап қалалық жердегі жеке тұлғалар үшін абоненттік төлем 20 пайызға жоғарылады. Тарифтерді қайта теңгерімдеуге байланысты тіркелген телефон үшін жергілікті қалалық телекоммуникация желісіне қосылған әлеуметтік қорғалатын азаматтарға тұрғын үй жәрдемақысы құрамында өтемақы төлеу жүргізілуде. Тарифтерді қайта теңгерімдеу шеңберінде халықаралық байланыс қызметтеріне тарифтерді төмендету жөнінде қосымша іс-шаралар жүргізілді, мәселен, 2004 жылғы 1 қазаннан бастап халықаралық шығыс қосылыстарына тарифтер орта есеппен 20 %-ға және 2005 жылғы 1 сәуірден бастап тиісінше 13,1 %-ға төмендеді. Халықаралық қосылыстарға тарифтерді одан әрі төмендету жергілікті телефон байланысы қызметтеріне тарифтерді қайта теңгерімдеу жүргізілгеннен және экономикалық негізделген шығындардың өтелуін және тарифтер рентабельділіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін деңгейде белгіленгеннен кейін қаралатын болады.
2005 жылғы 30 қаңтардан бастап енгізілген қалааралық сөйлесулердің 10 секундтық қадаммен секундтық тарифтеу тетігі тұтынушылардың барлық топтары үшін телекоммуникациялық қызметтер құнының төмендеуіне (орта есеппен қалааралық байланыс қызметтері көлемінің 15-17%-ына) ықпал етті.
"Электрондық үкімет" құру жөніндегі бағдарлама шеңберіндегі іс-шараларды іске асыру және халықтың нақты кірістерінің өсу үрдісі компьютерлік жабдықты кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде әртүрлі технологиялар пайдаланыла отырып ұсынылатын Интернет қызметінің қалған түрлеріне тарифтердің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл ретте қазақстандық "контенттің" баяу дамуы байқалады, соның салдарынан Интернетті пайдаланушылардың негізгі бөлігі ресейлік сайттарға шығады.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
Бағдарламаның мақсаты елге 2012 жылға қарай әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру үшін база құруға мүмкіндік беретін Қазақстанның бәсекелі экономикасының одан әрі қалыптасуының негізгі шарттарының бірі ретіндегі Қазақстан Республикасының телекоммуникация саласын одан әрі дамытуға бағытталған шарттар мен тетіктерді жетілдіру болып табылады.
Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай бірінші кезектегі міндеттерді орындау қажет.
1. Мына салаларда телекоммуникация саласын мемлекеттік реттеуді жетілдіру:
телекоммуникация саласын одан әрі дамыту жөніндегі зерттеулер;
байланыс операторларын қосу;
тіркелген және ұялы байланысты дамыту;
Интернетті дамыту;
халыққа телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету.
2. Саланы инновациялық-технологиялық дамыту және оның техникалық базасын қамтамасыз ету:
саланы инновациялық дамыту;
нөмірлеудің телекоммуникациялық ресурсын бөлу;
радиожиілік спектрін бөлуді жетілдіру;
ұлттық жерсеріктік байланысты дамыту;
стандарттаудың және сертификаттаудың салалық жүйесін жетілдіру;
телекоммуникация саласында кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру;
телекоммуникация желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктерi
5.1. Телекоммуникация саласын мемлекеттік реттеуді жетілдіру
5.1.1. Телекоммуникация саласын одан әрі дамыту жөніндегi
зерттеулер
Телекоммуникация саласын одан әрі дамыту мен мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық база жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.
Телекоммуникация қызметтеріне арналған тарифтер деңгейін әлемдік орташа деңгейге дейін келтіру үшін тарифтеу, телекоммуникация қызметтерінің әр алуан түрлерін ұсынатын байланыс операторларының желілері арасында трафикті қосу және өткізу мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілер жетілдірілетін болады.
Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының 2004 жылғы 12 шілдедегі № 145-ө бұйрығымен бекітілген, қалааралық және халықаралық байланыс операторларының (АМТС - АМТС, АМТС - МЦК, МЦК - МЦК) өзара қосылуларын қамтамасыз етуге бағытталған Телекоммуникация желілерін Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісіне қосу және ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісі бойынша трафикті өткізуді реттеу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Қалааралық және халықаралық байланыс қызметтеріне бағаны төмендету үшін жергілікті деңгейде қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілері арқылы трафикті өткізгені үшін тарифтерді есептеуге арналған әдістеме әзірлеу қажет.
Ырықтандыру жағдайында телекоммуникация саласын мемлекеттік реттеуді жетілдіру проблемалары мен жолдарын зерттеу жүргізілетін болады, оның барысында жүргізілген реформалардың тиімділігі зерделеніп, оларды түзету бойынша ұсынымдар берілетін болады.
Республиканың тиімді геосаяси жағдайын, сондай-ақ Еуропамен, Ресеймен, Қытаймен және Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерімен арадағы ақпарат ағындарымен алмасу саласындағы жаhандық үрдістерді ескере отырып, операторлардың желілері бойынша транзиттік трафикті өсіруге бағытталған тұтас стратегияны әзірлеу қажет.
5.1.2. Байланыс операторларын қосу
Байланыс операторларын қосуды қамтамасыз ету үшін қосудың стандартты нүктелері айқындалатын және жарияланатын болады.
Телекоммуникация желілерін Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісіне қосу және ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісі бойынша трафикті өткізуді реттеу ережесінің қалааралық және халықаралық байланыс операторларына қатысты бөлігіне толықтырулар әзірленетін және бекітілетін болады.
Пайдаланушылардың ұялы байланыс қызметтеріне шығындарын азайту және ұялы байланыс операторларының «Қазақтелеком» АҚ коммутациялық алаңын айналып өтіп өзара қосылуын қамтамасыз ету мақсатында телекоммуникация желілерін үстемдік етуші байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желісіне қосуға арналған үлгі шарттың құрылымы бекітілетін болады.
5.1.3. Тіркелген және ұялы байланысты дамыту
Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіруі туралы міндетті іске асыру мақсатында телекоммуникация саласында осы елдерге тән басты көрсеткіштерге қол жеткізу жөніндегі шаралар қабылданатын болады.
Дауысты және деректерді бір мезгілде беру үшін Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерін дамытуға арналған жер үстіндегі инфрақұрылымы жоқ негізгі облыс орталықтарында жаңа технологиялар негізінде сымсыз қолжетімділік желілерін салу көзделіп отыр.
Тарифтерді қайта теңгерімдеу жөніндегі іс-шаралар жалғасатын болады. Келешекте телекоммуникацияның әмбебап қызметтеріне арналған тарифтер телекоммуникация қызметтерінің түрлері бойынша шығындарды бөлек есепке алу қағидаты негізге алына отырып есептелінетін болады. Бұл ретте мемлекеттік реттеу халық үшін жергілікті байланыс қызметтерінің тарифтерін арттыруға ғана емес, сондай-ақ абоненттердің әртүрлі санаттары үшін қалааралық тарифтерді төмендетуге және байланыс операторларының тоғыспалы субсидиялаудың алдын алу жөніндегі экономикалық әлеуетін құруға да бағытталатын болады. Осы кезеңдегі тарифтік саясаттың тағы бір ерекшелігі - тарифтерді бірдейлендіру, тарифтер мөлшерінің қашықтыққа тәуелділігін азайту, олардың деңгейін телекоммуникация қызметтері нарығының конъюнктурасын негізге ала отырып белгілеу және пайдаланушылардың барлық топтары үшін тең жағдай жасау.
Қалааралық және халықаралық байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді төмендету үшін жағдай жасалатын болады.
Қалааралық және халықаралық байланыс нарығында бәсекелестікті дамыту мақсатында ІР-телефондама операторларын жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желісіне қосуды қамтамасыз ету қажет.
Қалааралық және халықаралық байланыс операторларын қолдау жөніндегі іс-шаралар отандық компанияларға қаржыландыру көздеріне қолжетімділік алу және сыртқы байланыс нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде ұтқыр байланыс нарығында "Қазақтелеком" ААҚ "GSM Казахстан" ЖШС және "Кар-тел" ЖШС сияқты GSM стандартының екі операторы жұмыс істейді.
Ұтқыр байланыс нарығы жедел қарқынмен дамуда, абоненттерінің саны 5,5 млн. астам абоненттерді құрайды, бірақ бәсекелестіктің аздығынан және ұялы байланыс операторларын тікелей қосудың болмауынан жоғары тарифтер әлі де сақталуда. Бұл үшін 2006 жылғы бірінші тоқсанда "Қазақтелеком" АҚ-тың коммутациялық алаңын айналып өтіп, ұялы байланыс операторларына тікелей қосуды қамтамасыз ету қажет.
Ұялы байланыстың ену деңгейін арттыру мақсатында ұялы байланыс қызметтеріне есептік ставкаларды теңестіру және төмендету арқылы тарифтерді азайту қамтамасыз етілетін болады.
5.1.4. Интернетті дамыту
Болжанып отырған кезеңде Интернет желісіне жаппай, кеңжолақты қол жетімділікті дамыту, Интернеттің қазақстандық контентін дамыту жоспарлануда.
Metro Ethernet технологиясының базасында ("Қазақтелеком" АҚ) деректер беру желісін дамыту халық үшін кеңжолақты қолжетімділік қызметтеріне тарифтерді кемінде 30 %-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Тарифтік реттеу қағидаттары мен тетіктерін, оның ішінде Интернет желісіне және ұялы байланыс қызметтеріне қол жетімділікті жетілдіру бойынша оларды төмендету мақсатында жұмыстар жалғастырылатын болады.
Бірқатар маңызды мемлекеттік және әлеуметтік міндеттерді ("электрондық үкіметті" қалыптастыру, мектептерді интернеттендіру) іске асыру қажеттігін ескере отырып, сондай-ақ нарықтың дамуына жаңа серпіліс беру мақсатында халық үшін де, білім беру жүйесінің ұйымдары үшін де Интернет желісінің (бұдан әрі - Желі) кейбір қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Интернетке тарифтердің жоғары болуының елеулі маңызды себептерінің бірі Интернеттің әлемдік ресурстары үшін қазақстандық провайдерлердің шығыстарының жоғарылығына байланысты. Ресей пайдаланушылары 80 % жағдайда провайдерге өте арзанға түсетін Желінің ішкі ресейлік ресурстарын пайдаланады. Қазақстандық пайдаланушылар 90 % астам жағдайда Желінің қазақстаннан тыс сыртқы ресурстарын пайдаланады. Сөйтіп Қазақстанда Интернет құнының жоғарылығы проблемасы Интернеттің ішкі ақпараттық құрауышын (контент) дамыту қажеттілігіне теңеседі.
Қатардағы пайдаланушылар үшін оның тартымдылығын арттыру мақсатында Қазақстандық контентті толықтыру мәселесі ең бастылардың бірі болып табылады және мемлекет тарапынан ерекше назар аударуды талап етеді.
Қазақстандық сарапшылардың пікірі бойынша біздің елімізде Интернеттің дамуын тежейтін объективті себептер бар. Бұл қазақстандық ақпараттық контентаның дамымауы және халықты компьютерлендірудің нашарлығы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 қазандағы № 1077 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының почта-жинақтау жүйесін дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасына және Үкіметтің 2004 жылғы 8 желтоқсандағы № 1286 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында "электронды үкімет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес "Қазпочта" АҚ өзінің телекоммуникациялық жүйесін дамыту жөнінде іс-шаралар жоспарлады.
Осы іс-шаралар телекоммуникациялық инфрақұрылымды дәйекті дамытуды және "Қазпочта" АҚ ауылдық бөлімшелерінің базасында Интернеттің әлемдік желісіне ұжымдық қолжетімділік пункттерін ашуды қамтиды.
Бағдарламаны табысты іске асыру Интернет - коммерция (Е-commerce), электрондық әмиян (Е-cash) сияқты жаңа қызметтерді енгізу мен дамытуға, сондай-ақ микропроцессорлық карточкалардың көмегімен ақпараттық ресурстар мен қызметтердің әр алуан түрлеріне (медициналық сақтандыру карточкасы; электрондық жеке куәлік; көліктік карта; бонустық карталар және т.б.) қол жеткізуге ықпал ететін болады.
2005-2010 жылдар кезеңінде мынадай жаңа жоғары технологиялы сервистермен көрсетілетін қызметтердің тізбесін едәуір ұлғайту жоспарланып отыр:
жерсеріктік телефондама;
ұтқыр телефондама;
Интернетке қолжетімділік;
ұтқыр Интернет.
5.1.5. Халыққа телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін ұсыну
Осы заманғы телекоммуникация нарығындағы қатаң бәсекелестік және дәстүрлі телефон байланысы көлемінің төмендеуі жағдайында жаңа буындағы әртүрлі қызметтер ұсыну басымдық болып табылады. Жылдам және ең аз шығындармен жаңа, барынша жетілдірілген сервистерді енгізу мүмкіндігі, сондай-ақ клиенттердің әртүрлі топтары үшін сараланған қызметтер пакеттерін қалыптастыру - байланыс нарығында берік ұстанымды құрудың кілті.
2007 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының аумағында телефондандырылмаған АЕМ-да 450 МГц жиілік диапазонында радиожиілік спектрін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен телекоммуникацияның әмбебап қызметтерінің тізбесінде көзделген байланыс қызметтерінің көлемінен аз емес көлемдегі телекоммуникация қызметтерін ұсыну жоспарлануда.
Телефондандырудың осы тәсілі кезінде 50 адамнан астам тұрғыны бар АЕМ-де тұратын халыққа телекоммуникацияның әмбебап қызметтерінің барлық спектрін алу және құрылатын "электрондық үкімет" қызметтері мүмкіндіктерін пайдалану мүмкіндігі берілетін болады.
5.2. Телекоммуникация саласын инновациялық-технологиялық
және техникалық қамтамасыз ету
5.2.1. Телекоммуникация саласын инновациялық дамыту
2005 жылғы 18 ақпандағы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруды, оның шикізаттық бағытынан арылуды қамтамасыз ету міндетін қойды. Телекоммуникация қызметтерінің ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі үлесін арттыру үшін салаға инвестициялардың өсуін және жаңа технологияларды уақтылы енгізуді қамтамасыз ету қажет.
Телекоммуникация саласы жоғары технологиялық салалардың бірі болып табылады, соның салдарынан саланың дамуы негізінен байланыс операторларына пайдаланушыларға жоғары сападағы қызметтердің барлық жаңа түрлерін ұсыну, телекоммуникация желілерін ұстауға жұмсалатын шығындарды азайту мүмкіндігін беретін жаңа технологиялардың пайда болуы мен оларды енгізу есебінен жүзеге асырылады.
Осылайша, Қазақстан Республикасында телекоммуникацияны одан әрі дамыту үшін телекоммуникация саласын инновациялық-технологиялық дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленетін болады, ол ең жаңа ақпараттық технологияларды енгізу және пайдалану есебінен әр тарапты экономиканы қалыптастыруға, жаңа технологияларды дамытуға бағытталады.
2004 жылдың деректері бойынша Қазақстанда телекоммуникация саласына инвестициялар елдің бір тұрғынына шаққанда 9,03 АҚШ долларын құрайды. Салыстыру үшін, осы инвестициялар Ресейде бір тұрғынға шаққанда 21,41, Украинада - 16,53, Ұлыбританияда - 227,3, АҚШ-та - 104 АҚШ долларын құрайды.
Байланыс операторларының меншікті және қарызға алған қаржылары инвестицияның негізгі көзі болып табылады. Сонымен бірге, телекоммуникация саласы кірістерінің елдің ЖІӨ-дегі аздаған үлесін (саланың ел ЖІӨ-дегі үлесі 2,9 %-ға тең) ескерсек, қолда бар инвестициялар перспективада телекоммуникация саласының тұрақты озық дамуын қамтамасыз ете алмайды.
2006-2008 жылдары республика байланыс операторларының инвестициялық саясаты байланыс құралдарын әлемдік жетекші өндірушілердің жаңа технологиялары базасында осы заманғы телекоммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыруға және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы ақпараттық ағындар транзитін ұлғайтуға бағытталатын болады.
Телекоммуникация желісін жаңғырту мен дамытудың мынадай басым бағыттарын іске асыру көзделеді:
ҰАСМ салуды жалғастыру;
жергілікті телекоммуникация желісін жаңғырту және дамыту;
деректер беру желісін дамыту;
ұялы байланысты дамыту;
жаңа буындағы желіні дамыту.
Саланың инновациялық технологиялық қайта құрылуларының негізін құрайтын ірі, жүйе құрушы жобалардың бірі ҰАСМ салу болып табылады. Осы жобаның тұжырымдамасы DWDM және SDH жабдығын пайдалана отырып, аналогтық магистралды желілерді жердегі талшықты-оптикалық жоғары жылдамдықтағы цифрлы магистралды желілерге толығымен ауыстыру қажеттілігіне негізделген. Нәтижесінде республиканың барлық өңірлерінің бүкіл әлемдік телекоммуникация желісіне кемінде үш бағытта шыға алатын үш ірі сақина нысанында оңтайлы қосылуы болады. ҰАСМ салу магистралды желіні пайдаланудың арзандауын, қосылулар сапасының артуын туғызады, сондай-ақ жоғары сапалы цифрлы байланыс арналарын, көліктік ортаны ұсыну негізінде республикада телекоммуникация нарығының дамуын қамтамасыз етеді және технологиялық жағынан озуға және елдің ұзақ мерзімді бәсекелік артықшылығын қамтамасыз етуге арналған техникалық база құруға ықпал ететін болады.
2007 жылы әлемдік телекоммуникация нарығында ұлттық бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету жөніндегі алғы шарттарды жасайтын ҰАСМ құрылысын толық аяқтау жоспарланып отыр. Цифрлы магистралды құру барлық деңгейдегі телекоммуникацияны дамытуға да, олар арқылы ТОБЖ өтетін өңірлердің ақпараттандыру және іскерлік белсенділігінің артуына да ықпал етеді, Ресей желісіне екінші қуатты тәуелсіз шлюз ұйымдастырылатын болады.
Халықты "электрондық үкімет" қызметтерімен қамтамасыз ету, халықтың барлық жігінің ақпараттың электрондық құралдарына қол жеткізу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында желілерді 100 %-дық цифрландыруға ұмтылу қажет. Ол үшін байланыс операторларының мүмкіндігін ескере отырып, жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желісін цифрландырудың және ақпараттық қоғамның негіздерін қалыптастыру қажеттілігін қамтамсыз етудің 2007-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу қажет.
Телекоммуникация желісі дамуының жай-күйіне талдау жүргізу, келешекте ақпараттық қоғамға өту қажеттілігін ескере отырып, цифрландыруды дамытудың талап етілетін деңгейін айқындау және цифрландыру деңгейінің шығыстарын оңтайлы тұрғыда анықтау осы жобаны іске асырудың мақсаты болып табылады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының облыс орталықтарының, облыстық бағыныстағы ірі қалаларының және барлық аудан орталықтарының жергілікті желілерін цифрландыру жолымен жаңғырту және дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Қалалық телекоммуникация желілерін жаңғырту нәтижесінде, 2008 жылға қарай қалалық телекоммуникация желілері бойынша цифрландыру деңгейі 85 %-ға жетеді, табиғи тозған және моральдық жағынан ескірген коммутациял жабдығын айырбастау жүзеге асырылады, сондай-ақ халыққа телекоммуникация қызметтерінің сапасын жақсартуға және оларды кеңейтуге әкелетін телекоммуникацияның жаңа қызметтерін ұсыну басталатын болады.
Жаңа телекоммуникациялық технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады, бұл ретте Интернетті деректер беруді пайдаланушылар үшін сервисті жақсартатын кеңжолақты байланысты дамытуға елеулі түрде назар аударылатын болады.
Қазақстан Республикасының телекоммуникациялық секторын дамытуға ұсынылатын өнімдерді ұдайы жаңарту мен әртараптандыру, әр түрлі технологияларды конвергенциялау едәуір дәрежеде ықпал етеді.
Бүгінде телекоммуникациялық сала үшін жабдық шығару жөніндегі өз кәсіпорнының болуының басым маңызы бар. Әлемдегі Қазақстанда жоғары қосылған құнды өнімдер өндіру жөніндегі ақпараттық технологияларды жетекші әзірлеушілердің бірі ақпараттық технология саласында озық жоғары технологияларды енгізген және бірқатар бірлескен жобаларды іске асырған "НК "Казахстан инжиниринг" ААҚ мен "Technologies Engineering Ltd" компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру бойынша пәрменді шаралар қабылдау қажет.
Орта мерзімді перспективада телекоммуникация саласын жаңғырту мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығымен құрылған "Ақпараттық технологиялар паркі" Арнайы экономикалық аймағының (бұдан әрі - "АТП" АЭА) аумағында озық телекоммуникациялық технологиялар өндірісінің инвестициялық жобаларын іске асыру үшін ақпараттық технологиялар саласындағы отандық және шетелдік көшбасшы компанияларды тартуды жандандыру қажет.
Қазіргі кезде "АТП" АЭА басқару жyйесі құрылған, Паркті дамытудың басым бағыттары айқындалған, инфрақұрылымы жасалуда, технопарктің 1-кезектегі құрылысы аяқталуда.
5.2.2. Нөмірлеудің телекоммуникациялық ресурсын бөлу
3аңға сәйкес нөмірлеу ресурстарын таратудың және нөмірлерді бөлудің тәртібін, сондай-ақ телефон қызметтерін көрсетуге арналған Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желісінде телефон байланысының нөмірлерін пайдалану ерекшеліктерін байланыс саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін "Қазақтелеком" АҚ нөмірлеу ресурсын бөлу және оны пайдалануды реттеу жөніндегі өкілеттігінен айырылды.
Нөмірлеу ресурсы Қазақстан Республикасының ұлттық ресурсының бөлігі ретінде иеліктен шығарылмайтын болып табылады (сатылмайды, жалға берілмейді, байланыс саласында қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектісінің қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы нәтижесінде құқықтық мирасқорға берілмейді). Байланыс операторлары өздеріне бөлінген нөмірлеу ресурсын өзінің клиент-абоненттері арасында ғана бөледі.
Тұтастай алғанда, республика бойынша байланыс операторларына нөмірлеу ресурсын беруде кедергілер жоқ.
Алайда Алматы қаласындағы нөмірлеу ресурсының шектелуі республиканың осы ірі телекоммуникациялық торабында бәсекелестіктің дамуын тежеуші фактор болып табылады. Жергілікті байланыс нарығында бәсекелестікті дамыту қажеттілігіне байланысты нөмірлеу сыйымдылығын ұлғайту жөнінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Алматы қаласының телекоммуникация желісін жаңа нөмірлеу жоспарына ауыстыру туралы» Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының 2005 жылғы 31 мамырдағы № 159-ө бұйрығына сәйкес Алматы қаласында жеті мәнді нөмірлеуге көшу жүзеге асырылатын болады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желісін нөмірлеудің жаңа жоспарына ауыстыру жоспарланып отыр. Қазақстан мен Ресейдің нөмірлеудің жеті елдік аймағына бірлесіп кіретіндігіне байланысты, бұл процесс Ресей Федерациясының Ақпараттық технологиялар және байланыс министрлігімен келісілген мерзімде жүзеге асырылатын болады.
5.2.3. Радиожиілік спектрін бөлуді жетілдіру
Қазақстанда перспективада жылжымалы байланыстың үшінші және одан кейінгі буындары стандарттарын таңдау және енгізу жөніндегі жұмыс басталады, олар беру жылдамдығы 8 кбит/с бастап 2 Мбит/с дейінгі шектерде жататын бірнеше әр түрлі қызметтерді бір арнада ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, сөзді және деректерді нақ сол терминалға беруді талап ететін нақты мультимедиялы ақпаратты беру қамтамасыз ете отырып, пакеттер коммутациясы қызметтерінен сигналдар нақ сол арнада берілуі мүмкін. Қазірдің өзінде Қазақстанда 3-буынға өтпелі стандарттарды (2,5 стандарттар деп аталатын) енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанына қарамастан, жиіліктердің қажетті диапазондарын бөлу проблемалары өте баяу шешілуде.