алып қоюдың және жою тәртібі
75. Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтарының тұрғылықты жеріндегі iшкi iстер органынан қарудың нақты түрiн сатып алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қаруды сатып алуға құқығы бар.
76. Азаматтық атыс қаруын, сондай-ақ үрлемелi қуаты 7,5 Дж-дан асатын, 25 Дж-ға дейiнгi аңшылық пневматикалық қаруды азаматтар тек қана iшкi iстер органдарының рұқсаттары бойынша сатып алады.
Ескерту. Сұқпалы аңшылық суық қару ("Пайдалану құқығынсыз уақытша сақтауға" дегеннен басқа) сақтау мен алып жүруге рұқсаттар бойынша сатып алынады және аңшылық билетiне жазылады.
Қазақстан Республикасының азаматтарының белгі беру қаруын, жарақат салатын, газбен және сәуле-дыбыспен әсер ететiн патрондары бар ұңғысыз атыс қаруын, механикалық шашыратқыштарды, көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiргiш заттармен жабдықталған аэрозолдық және басқа да құрылғыларды, үрлемелi қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi 4,5 мм-ге дейiнгi пневматикалық қаруларды қоса алғанда, iшкi iстер органдарының рұқсатынсыз сатып алуға құқығы бар.
77. Қазақстан Республикасының азаматтарына ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын (аңшылық карабиндерiн, винтовкаларды, құрастырылған мылтықтарды) сатып алуға, сақтау мен алып жүруге рұқсатты, ішкi iстер органдары белгiленген тәртiппен аң аулау құқығы берiлген және олар аң аулаумен байланысты кәсiби қызметпен айналысқан не олардың меншiгiнде кемiнде 5 (бес) жыл тегiс ұңғылы аңшылық қаруы болған жағдайларда берiледi.
Ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын сатып алудың, сақтау мен алып жүрудiң рұқсатына Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi, оның орынбасарлары, Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардағы IIББ, IIБ бастықтары қол қояды.
78. Iшкi iстер органдарынан ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын сатып алуға рұқсат алу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтары мынадай құжаттарды:
1) толтырылған карточка-өтiнiштi;
2) аңшылық билеттi (аң аулау құқығын беретiн мемлекеттік баж төленгенi туралы белгiсi бар);
3) көру қабiлетiнiң бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға қарсылық жоқ екенi туралы медициналық қорытындыны;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжатты;
5) қаруды қауiпсiз ұстаудың ережелерiн бiлетiндiгiн тексеру туралы анықтаманы;
6) тегiс ұңғылы аңшылық қару бұл адамның заңды иелiгiнде кемiнде 5 (бес) жыл болғандығын растайтын, iшкi iстер органы берген қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаттың көшiрмесiн ұсынады.
79. Қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар адамдарды қоспағанда, өзiн-өзi қорғауға арналған тегiс ұзын ұңғылы атыс қаруын, газды тапаншалар мен револьверлерді алғаш рет иемденушi адамдар iшкi iстер органына:
1) толтырылған карточка-өтiнiштi;
2) көру қабiлетiнiң бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға қарсылық жоқ екенi туралы медициналық қорытындыны;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжатты;
4) қаруды қауiпсiз ұстаудың ережелерiн бiлетiндiгiн тексеру туралы анықтаманы ұсынады.
Ескерту. Лицензиялық-рұқсат ету жүйесiнiң қызметкерлерi "Жекелеген қару түрлерi айналымын мемлекеттік бақылау туралы" Қазақтан Республикасының Заңына сәйкес азаматтық атыс қаруын сатып алуға рұқсат бергенде, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат мерзiмiн ұзартқанда міндеттi түрде Құқықтық статистика және ақпарат орталығының деректерi бойынша азаматтардың тұрғылықты жерінде атыс қаруының сақталу жағдайларын, сотты болуын, Автоматтандырылған деректер банкінің деректерi бойынша ойық ұңғылы атыс қаруларының бақылау оқтары мен гильзаларының болуын және уақытылы ауыстырылуын (тексеру атысының қайталану кезеңi - 4 жылда бiр рет) тексередi.
80. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың әскери қызметшiлерi, арнайы атақтары бар арнаулы органдардың қызметкерлерi азаматтық қаруды иемденiп алуға рұқсатты есiрткi және психоневрологиялық диспансерлердiң анықтамаларын тапсырмай-ақ алады.
Ескерту. Қазақстан Республикасы азаматтарының өзiн-өзi қорғау мақсатында азаматтардың денсаулығын сақтау саласына басшылық етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті орталық атқарушы органының тиiстi нормаларына сәйкес аңшылық билетiнсiз тұрғылықты жеріндегі iшкi істер органдары беретiн рұқсаттар бойынша алып жүру құқығынсыз тегiс ұңғылы, оның iшiнде жарақат салатын патрондары бар атыс қаруларын сатып алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының азаматтары қаруды "Жекелеген қару түрлерiнiң айналымын мемлекеттік бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес пайдалана алады.
81. Шетел азаматтарының азаматтық қару мен оның патрондарын сатып алуы өздерi сол елдердiң азаматтары болып табылатын мемлекеттердiң дипломатиялық өкілдiктерiнiң өтiнiштері бойынша, егер олар Қазақстан Республикасының аумағында кемiнде бір жыл мерзiм тұру үшiн белгiленген тәртiпте iшкi iстер органдарында тiркелген жағдайда Қазақстан Республикасының Iшкiiсмині беретiн рұқсаттар бойынша жалпы негiзде жүзеге асырылады.
82. Туристiк жолдамалар, жеке және қызметтiк iстерi бойынша Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасының аумағында тұру үшiн белгiленген тәртiпте iшкi iстер органдарында тiркелген шетелдіктер азаматтық қаруды, өздерi сол елдердiң азаматтары болып табылатын мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерінің өтiнiштерi бойынша, оны сатып алған күннен бастап 7 (жетi) күн iшiнде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкететiн жағдайда Қазақстан Республикасының Iшкiiсминi беретiн рұқсаттар бойынша жалпы негiзде сатып алады.
83. Қазақстан Республикасында тiркелген елшiлiктердiң дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық қызметкерлерiне азаматтық қаруды мемлекетаралық шарттарда белгiленген жағдайлар мен тәртiпте әкелуге, сатып алуға және әкетуге рұқсат берiледi. Бұл ретте әкелiнетiн, сатып алынатын және әкетiлетiн азаматтық қарулар мiндеттi түрде Қазақстан Республикасының Iшкiiсминiнде тiркелуi тиiс.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 84-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
84. Шетелдiктердiң өздерi әкелген азаматтық қаруды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте сыйға тарту немесе сату құқығы сақталады.
Шетелдiктер тиiстi рұқсат алу үшiн мемлекеттік баж төлейдi.
85. Азаматтарға азаматтық атыс қаруын сатып алуға рұқсатты iшкi iстер органдары, төлқұжатын немесе жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен жағдайда үш ай мерзiмге бередi. Көрсетiлген мерзiмде пайдаланылмаған рұқсаттар iшкi iстер органына қайтарылуы тиiс.
86. Азаматтар iшкi iстер органдарының атыс қаруын сақтау немесе сақтау мен алып жүру рұқсатын көрсету арқылы дүкендерде азаматтық қарудың патрондары мен оқ-дәрiсiн сатып алады.
87. Сатып алынған атыс қаруы, iшкi iстер органдарының оны сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге үш жыл мерзiмге беретiн рұқсатын алу арқылы сатып алынған күнiнен бастап жетi күндiк мерзiмде иесiнiң тұрғылықты жеріндегі iшкi iстер органында тiркелуi тиiс.
88. Азаматтарға тиесiлi атыс қаруын тiркеу және қайта тiркеу үшiн мемлекеттік баж оны төлеген күнгi республикада белгiленген ең төменгi есептiк көрсеткiштiң 10 процентi мөлшерiнде алынады.
Иесiнiң тұрғылықты жерi өзгергенде, егер қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге бұрын берiлген рұқсаттың мерзiмi аяқталмаған болса, қаруды iшкi iстер органына есепке қою кезiнде төлем алынбайды.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 89-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
89. Азаматтық қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсатты алу үшiн iшкi iстер органына:
1) көлемi 3х4 см екi фотосурет;
2) қаруды тiркеу (қайта тiркеу) үшiн мемлекеттік бажды және қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат беру үшiн төлегенi туралы түбiршектер;
3) қаруды иемдену көзiн көрсететiн құжат (рұқсаттың төлнұсқасы немесе өтінiш) ұсынылады.
90. Қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсаттың қолданылу мерзімiн ұзарту үшiн иесi рұқсаттың қолданылу мерзiмiнiң анықталуынан бір ай бұрын техникалық байқаудан өткізу үшiн қолындағы қаруды және мынадай құжаттарды:
1) тегі, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты мекен-жайы, қарудың жүйесі, калибрi мен нөмiрi, оның сақталуын қамтамасыз ету жағдайын: сейфтiң немесе металл шкафтың немесе қаруға бөгде адамдардың қол жеткізуiн болдырмайтын өзге де құрылғының болуы көрсетiлген рұқсаттың қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы iшкi iстер органы бастығының атына өтiнiштi;
2) қарудың әр бірлігiн қайта тiркеу үшiн мемлекеттік баж төленгенi туралы түбiршектi;
3) көру қабiлетiнiң бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға қарсылық жоқ екені туралы медициналық қорытындыны және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжатты ұсына отырып, жергiлiктi iшкі істер органына өтiніш білдiруге мiндеттi.
Ескерту. Атыс қаруын сақтау, сақтау мен алып жүру құқығын беретін рұқсаттың қолданылу мерзімі әрдайым үш жылға ұзартылады.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 91-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
91. Атыс қаруы мен оның патрондары қабырғаларының қалыңдығы кемiнде 3 мм болатын, сенiмдi ішкi құлпы бар, еденге немесе қабырғаға берiк бекітілген металл шкафта (сейфте) немесе қаруды бөгде адамдардың алуын болдырмайтын өзге де құрылыста, иесiнің тұрғылықты тұратын жерінде сақталуы тиiс. Атыс қаруларын тұрғын бөлмелердің қабырғаларына iлiп қоюға рұқсат етiлмейдi. Қаруды иесiнiң тұрақты тұратын жерiнен тыс орындарда (саяжайларда, бақтағы үйлерде, гараждарда, сарайларда, вагондарда, лашықтарда, шатырларда және т.б.), сондай-ақ жатақханаларда (бiр отбасының мүшелерi жеке бөлмеде тұратын отбасылық жатақханаларды қоспағанда), уақытша вахталық үй-жайларда, туысқандарында, таныстарында сақтауға тыйым салынады. Қару иесiнiң ұзақ (үш айдан астам) кезеңде iссапарда болуы немесе әскери қызмет өткеруі кезеңіндегі ерекше жағдайларда қару иесінің тұрғылықты жеріндегі iшкi iстер органына уақытша сақтауға тапсырылады.
92. Көліктің барлық түрлерiмен алып жүру немесе тасымалдау кезінде атыс қаруы оқталмаған күйде қабына салынуы тиiс. Атыс қаруын алып жүру немесе тасымалдау кезіндегі барлық жағдайларда иесі бір мезгілде қаруды алып жүрудiң рұқсаты болып табылатын, iшкi істер органының оны сақтау мен алып жүруге берген рұқсатын өзiмен бірге алып жүруге мiндеттi. Қаруды сақтаудың, алып жүрудiң, тасымалдаудың және пайдаланудың белгіленген ережелерiн бұзғаны үшiн кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
Аңшылық суық қару қапталған күйде тек қана аңшылық билетi болған жағдайда тасымалданады.
93. Қаруды сақтаудың немесе сақтау мен алып жүрудiң рұқсаттары мынадай жағдайларда:
рұқсаттан ерікті түрде бас тартқанда не қарудың иесi қайтыс болғанда;
қоғамдық тәртіпке немесе басқарудың белгiленген тәртібіне қол сұғатын әкімшілiк құқық бұзушылықтар бiр жыл ішiнде қайта жасалғанда;
қару айналымының белгiленген ережелерi бұзылғанда;
адам қылмыстық жауапқа тартылғанда;
иесі азаматтық немесе қызметтiк қаруды баллистикалық сипаттамаларының өзгеруіне әкелiп соққан конструкциялық жағынан қайта жасағанда күшін жояды.
Рұқсаттың күші жойылған жағдайда күшi жойылған күннен бастап үш жыл өткеннен кейін оны алу үшiн қайта өтiнiш бiлдiрiлуi мүмкін. Рұқсаттан ерікті түрде бас тарту жағдайында оны қайта алуға мерзім белгіленбейді.
94. Рұқсаттың күшін жою туралы дәлелді қорытынды шығарылады, оны ішкі істер органының бастығы бекiтедi. Қорытындыда мұндай шешім қабылдаудың негiздерi мен себептерi жазылады.
95. Рұқсаттың күшi жойылған жағдайда ол атыс (суық) қаруы және оның патрондарымен бiрге алынып қойылады. Қару иелерi немесе олардың заңды өкiлдерi алынып қойылған қару мен оның патрондарын iшкi iстер органдарының жолдамасы бойынша комиссиялық сатуға тапсырады не қаруды сатып алуға немесе сақтауға және алып жүруге iшкi iстер органдарының рұқсаты бар адамға бөлек берiлуi мүмкiн.
Ескерту. Қылмыстық iстер бойынша айып тағылған адамдардың атыс (суық) қаруы мен оның патрондары рұқсатпен бiрге алынып қойылады және тергеу органдарының немесе соттық қылмыстық iс бойынша түпкiлiктi шешiмiне дейiн iшкі iстер органдарында сақталады. Егер аталған адамға қатысты қылмыстық iс тоқтатылған болса немесе сот ақтау үкiмін шығарса, оған қаруы мен оның патрондары, қаруды сақтау немесе сақтау мен алып жүру рұқсаты қайтарылады.
96. Iшкi iстер органдары:
ұңғысының немесе ұңғылы қорапшасымен қоса, ұңғысының ұзындығы 500 мм-ге жетпейтiн және қарудың жалпы ұзындығы 800 мм-ге жетпейтiн, сондай-ақ конструкциясы оның ұзындығын 800 мм-ге жетпейтiн етiп жасауға мүмкiндiк беретiн және сонымен бiрге бұл ретте ату мүмкiндiгi жойылмайтын ұзын ұңғылы атыс қаруын;
оқты түйдектете атуға мүмкiндiк беретiн азаматтық атыс қаруын;
нөмiрi жоқ, қолдан жасалған немесе нөмiрлерi қисайған атыс қаруын сатып алуға, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсаттар бермейдi.
97. Азаматтық қарудың иесi қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелерi бiр айлық мерзiмде бұл қаруды қайта тiркеуге немесе комиссиялық өткізуге тапсыруға мiндеттi немесе олар оны азаматтық қаруды сатып алуға iшкi iстер органдарының рұқсаты бар адамға бөлек беруi тиiс. Мұраға қалдыру, сыйға тарту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
98. Iшкi iстер органдарында аңшылық атыс қаруын бір адамнан екiншi адамға тапсыруға құжаттар ресiмдеуге рұқсат беріледi. Мұның өзi, рұқсат ету жүйесiн жүзеге асыратын ішкi істер органының қызметкерi қару иесiнiң және қарудың бұл түрiн сатып алуға iшкi iстер органының рұқсаты бар адамның қатысуымен, тапсырылатын қарудың есепке алынған жерiнде жүргiзедi. Мұндай жағдайда тапсырылатын қарудың маркасы, калибрі мен нөмірі рұқсат қағазға және сатып алу рұқсатының төлнұсқасына жазылады. Жазбаларды ішкі істер органының бастығы қол қойып және "Лицензиялық-рұқсат ету жүйесi" деген бедерi бар арнайы мөрмен куәландырады. Рұқсаттың төлнұсқасы қаруды тұрғылықты жерінде есепке қою үшін жаңа иесіне қайтарылады. Сонымен бiр мезгiлде, қаруды тапсыруды жүргізудің негізінде қаруды есептен шығару туралы тиiстi жазбалар қару иелерiн есепке алу журналына енгізіледі.
99. Атыс қаруының иесi тұрғылықты жерiн өзгерткен кезде iшкi істер органына қаруды есептен шығару туралы өтiнiш жасауға және жаңа тұрғылықты мекен-жайын көрсетуге міндетті. Қару иесi жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейiн он күндік мерзiмде (шекаралық аймақта 24 сағат iшiнде) тұрғылықты жерi бойынша қолындағы қаруын есепке қоюға міндеттi.
100. Қарудың техникалық күйiн анықтау жөніндегі комиссия атыс қаруын жарамсыз (жөндеуге келмейдi) деп тапса, қару тiркелмейді (қайта тіркелмейдi) және дереу қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен жойылуы тиіс.
Ескерту. Қарудың техникалық күйiн анықтау жөніндегі комиссия ішкі істер органында құрылады, оның құрамы 3-4 адамнан: iшкi iстер органының рұқсат ету жүйесiн жүзеге асыраушы қызметкерiнен, криминалистен, қару шеберi-техниктен тұрады және Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың ІІББ, ІІБ мен көлiктегi ІІБ бастығының бұйрығымен бекітіледi. Азаматтардың iшкi iстер органдарына ұсынған атыс қаруын тiркеу (қайта тіркеу) кезiнде оның техникалық күйiн анықтау үшiн атыс қаруына тексеру жүргiзу комиссияның мiндетi болып табылады. Жұмыс барысында комиссия аңшылық атыс қаруының техникалық санатталу нормаларын басшылыққа алады.
Алынып қойылған, ерiктi түрде тапсырылған, тауып алынған қару мен оқ-дәрілердiң iшкi iстер органдарында сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тәртібін Қазақстан Республикасының Iшкіiсминi белгілейді.
101. Атыс қаруы жоғалған немесе ұрланған жағдайда иесi ол жөнінде ішкі істер органына дереу хабарлауға мiндеттi.
Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын, сондай-ақ суық қаруды сатып алудың, сақтаудың, алып жүрудiң және тасымалдаудың тәртібі заңнамада белгiленедi.
17. Марапаттық қаруды сақтаудың және алып қоюдың тәртібі
102. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтары алған қару марапаттық қаруға жатады.
Қазақстан Республикасының азаматтары шет мемлекеттер басшыларының, шет мемлекеттер үкiметтерiнің басшылары мен мүшелерiнiң марапаттау құжаттары негiзiнде марапаттық қару алуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының азаматтарына марапаттық қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсатты Қазақстан Республикасының Iшкiiсмині береді.
Түйдектете атуға мүмкiндiк беретiн, сыйымдылығы 10 патроннан асатын оқжатары (барабаны) бар, сондай-ақ осы заңмен Қазақстан Республикасының аумағында айналымына тыйым салынған қару марапаттық қаруға жатпайды.
103. Марапаттық атыс (суық) қаруы бар адамдарға Қазақстан Республикасы Iшкiiсминi қарудың қолданылу мерзiмiн көрсетпей, "марапаттық" деген белгiсi бар сақтау және алып жүруге рұқсаттар бередi.
Марапаттық қаруды сақтау мен алып жүрудiң рұқсаты бiр мезгiлде оны тасымалдаудың рұқсаты болып табылады.
104. Марапаттық атыс (суық) қаруы жетi күндiк мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Iшкiiсминiнде тiркелiп, оны сақтау мен алып жүрудiң рұқсаты алынуы тиiс.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 105-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
105. Марапаттық қаруды сақтауға рұқсат алу үшiн Қазақстан Республикасының Iшкiiсминiне мынадай құжаттар:
1) толтырылған өтiнiш-карточка;
2) қарумен марапаттау туралы құжаттың түпнұсқасы немесе нотариалды тәртiппен куәландырған көшiрмесi;
3) көру қабiлетiнiң бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға қарсылық жоқ екені туралы медициналық қорытынды;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат;
5) қаруды қауiпсiз ұстаудың ережелерiн бiлетiндiгiн тексеру туралы анықтама;
6) алынып тасталды
7) қару мен оның патрондарын сақтауға және алып жүруге рұқсат берiлу үшiн мемлекеттік баждың төленгенi туралы түбіртек;
8) көлемi 3х4 см екі фотосурет ұсынылады.
106. Лауазымды адамдардан алынған, осы Ереженiң 102-тармағында көрсетiлмеген атыс (суық) қаруы марапаттық қару қатарына жатпайды және аумақтық iшкi істер органына:
1) әскери қол атыс және суық қару - оны берген тиiстi ведомствоға кейiннен табыс ету арқылы тегiн тапсырылуы тиіс;
2) аңшылық қару - осы Ережелердің 77-80 және 89-тармақтарына сәйкес оны сақтау мен алып жүруге рұқсат беру арқылы тiркелуi немесе оны сатып алу рұқсаты бар адамға бөлек берiлуi мүмкiн.
Ескерту. Марапаттық қаруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының "Жекелеген қару түрлері айналымын мемлекеттік бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы күшiне енгенге дейін атаулы қарумен марапаттау құқығы болған лауазымды адамдардың, өкiлдi және атқарушы органдардың бұйрықтары негiзiнде алынған, заңнамада белгiленген тәртiпте оны алып жүру мен сақтауға ішкі iстер органдарының рұқсаты бар қарулар жатады.
107. Марапаттық қаруды ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес сақтаудың, тасымалдаудың және пайдаланудың ережелерін бұзғаны үшін азаматтардан алып қоюы мүмкін.
108. Марапаттық атыс (суық) қарудың иесi қайтыс болған жағдайда аталған қару бiр айлық мерзiмде iшкi iстер органдарына өткiзiледi.
109. Марапаттық қару iшкi істер органдары оны тиiсiнше қайта тiркеп, қайта жасағаннан кейiн сақтау үшiн мұражайларға тапсырылуы мүмкiн.
18. Республика аумағына азаматтық және қызметтiк қару мен
оның патрондарын әкелудiң және оны шетелге әкетудiң тәртібі
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 110-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
110. Ұйымдарға азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын әкелуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Iшкiiсминi мынадай құжаттар:
1) қару мен оның патрондарының саны, әкелуге жауапты адамның тегi, аты-жөнi, төлқұжатының немесе жеке бас куәлiгiнiң сериясы мен нөмiрi, қару мен оның патрондары әкетiлетiн мемлекет, ол арқылы әкелу жүзеге асырылатын кеден пунктi көрсетiлген ұйым басшысының өтiнiштерi;
2) қару мен оның патрондарын сатып алуға Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың IIББ, IIБ берген лицензиялардың көшiрмелерi;
3) қаруды импорттауға Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі берген лицензиялардың көшiрмелері;
4) әкелiнетiн қару мен оның патрондары сертиФикатының көшiрмелерi немесе қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелгеннен кейiн сертификаттау жүргiзудiң шарты негiзiнде бередi.
Ескерту. Қару мен оның патрондарын сату үшiн әкелу мен әкету рұқсаты тек қана азаматтық және қызметтiк қарулардың саудасына лицензиясы бар ұйымдарға Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігінiң тауарлар экспорты мен импортының лицензиясында белгiленген мерзiмге берiледi.
111. Қазақстан Республикасының азаматтарына аңшылық атыс және газды қарудың бірлі-жарым даналарын әкелуге рұқсатты Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың IIББ, IIБ өтiнiштiң, аңшылық немесе газды қаруды сатып алу құқығын беретiн рұқсаттың көшiрмесiнiң, әкелiнетiн қару сертификаты көшiрмесiнiң немесе қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелгеннен кейiн сертификаттауды жүргiзу шартының негiзiнде береді.
112. Шетел азаматтарына аңшылық атыс қаруының бірлі-жарым даналарын, олардың патрондары мен аңшылық пышақтарды әкелуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Iшкiiсминi жануарлар дүниесiнiң қорғалуына, ұдайы өсiп-өнуi мен пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырушы облыстық органдармен келісілген шақырушы тарап ұйымының өтiнiшi негiзінде бередi, онда: қару әкелетiн азаматтың тегi, аты, әкесiнiң аты, оның төлқұжатының сериясы мен нөмiрi, әкелiнетiн қарудың жүйесі, калибрi мен нөмiрi, патрондар саны, қай елден, қай кеден пунктi арқылы, республиканың қай облысына және қандай мерзiмге әкелiнетiнi, аң аулаумен айналысушының шетелдiктермен спорттық-әуесқойлық аң аулау жүргiзуiнiң шарты, заңды тұлғаны тiркеу туралы куәлiгi, жабайы аңдарды атуға жануарлар дүниесiнiң қорғалуы, ұдайы өндiрiсі мен пайдаланылуы, аң және балық шаруашылығының жүргiзiлуiн бақылау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган берген арнайы рұқсаты көрсетiлуi тиіс.
Ескерту. Шетелдiктер әкелген қару мен патрондарды әкету әкелу рұқсатына сәйкес және онда көрсетiлген мерзiмдерде жүзеге асырылады.
113. Ұйымдарға республикадан атыс, газды, суық қару мен патрондарды әкетуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Iшкiiсминi қару мен оқ-дәрiлердiң саны, әкетуге жауапты адамның тегi, аты-жөні, жеке бас куәлiгiнiң (төлқұжатының) сериясы мен нөмiрi, қару мен патрондар әкетiлетiн мемлекет, ол арқылы әкету жүзеге асырылатын кеден пунктi көрсетiлген ұйым басшысының өтiнiшi негiзінде бередi.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 114-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
114. Шетелге тұрақты тұруға шығатын Қазақстан Республикасының азаматтарына аңшылық және газды қарудың бірлі-жарым даналарын, оның патрондарын әкетуге рұқсатты Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың IIББ, IIБ шығу құжаттарын көрсеткен жағдайда аумақтық iшкі iстер органының қаруды есептен шығару туралы белгiсi бар өтiнiш негiзiнде бередi.
Қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасынан әкетуге және Қазақстан Республикасына әкелуге рұқсат беру үшiн заңды және жеке тұлғалардан мемлекеттік баж алынады.
115. Халықаралық спорт жарыстарын өткізуге арналған атыс қаруын, оның жарақталған патрондарын, оқ-дәріні шетелге әкетуге және Қазақстан Республикасына әкелуге рұқсатты Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың ІІББ, ІІБ мүдделі ұйымдардың өтініштері бойынша береді.