Дене шынықтыру және спорт туралы 1999 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 490-І Қазақстан Республикасының Заңы
(2007.12.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2007 ж. 27 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
2006.05.07. № 165-III (2008.01.01. бастап қолданысқа енгізіледі);
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 8 баптар)
2-тарау. Дене тәрбиесінің жүйесі (9 - 15 баптар)
3-тарау. Спортты ұйымдастыру және дамыту (16 - 22 баптар)
4-тарау. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы басқару (23 - 24 баптар)
5-тарау. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру, (25 - 28 баптар)
материалдық-техникалық жағынан және кадрлармен
қамтамасыз ету
6-тарау. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы (29 - 31 баптар)
жеңілдіктер және әлеуметтік кепілдіктер
7-тарау. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы (32 - 33 баптар)
халықаралық қызмет
Осы Заң дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, бұқаралық дене шынықтыру, әуесқойлық және кәсiпқойлық спорт қызметiн қамтамасыз етудiң және оларды дамытудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 04.07.03 ж. № 471-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті орган - дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік басқару мен үйлестіру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
2) дене шынықтыру - мәдениеттің ажырамас бөлігі, қоғам адамның дене бітімін дамыту, оның денсаулығын нығайту мақсатында жасап, пайдаланатын, адамның үйлесімді дамуына ықпал ететін рухани және материалдық құндылықтар жиынтығы болып табылатын әлеуметтiк қызмет саласы;
3) спорт - жарыс әрекетiнiң, спортшыларды жарыстарға қатысуға даярлаудың ерекше нысаны болып табылатын дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
4) жоғары жетiстiктер спорты - жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізудi, рекордтар жасауды қамтамасыз ететiн спорт саласы;
5) спорттың техникалық және қолданбалы түрлерi - спортшының техникалық құралдарды қолдана отырып жарыстарға арнаулы даярлық жүргiзуiн талап ететiн дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
6) кәсiпқойлық спорт - басты мақсаты спорттық ойын-сауық шараларын ұйымдастыру және оларға қатысу арқылы пайда табу болып саналатын спорттық-кәсiпкерлiк қызметтiң бiр түрi;
7) спорттық сыныптама - спорттың жекелеген түрлерiнен шеберлік деңгейiн, сондай-ақ жаттықтырушылар мен жаттықтырушылардың, спортшылардың, нұсқаушылардың, әдiскерлердiң және төрешiлердiң біліктiлiк деңгейiн белгiлейтiн спорттық атақтардың, разрядтардың және санаттардың жүйесi;
8) дене тәрбиесi - денi сау, дене бiтiмi және рухани жағынан жетiлген, моральдық жағынан табанды жеткiншек ұрпақты қалыптастыруға, адамның денсаулығын нығайтуға, жұмыс қабiлетiн арттыруға, шығармашылық ғұмырлылығы мен өмiрiн ұзартуға бағытталған педагогикалық процесс;
9) дене шынықтыру және спорт жүйесi - халықтың дене тәрбиесi мен спортты дамыту мақсатындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жиынтығы;
10) әуесқойлық спорт - азаматтардың дене тәрбиесiнiң жалпы жүйесіндегі өзiнiң спорт шеберлiгiн жетiлдiруге және спорттың әр түрiнде жоғары нәтижелерге жетуге мүмкiндiк беретiн сан қырлы бұқаралық спорт қозғалысы;
11) дене шынықтыру (дене шынықтыру-спорт) қозғалысы - халықтың дене шынықтыру деңгейiн арттыруға, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, азаматтардың дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі нысаналы қызметiне жәрдемдесетiн әлеуметтiк қозғалыс нысаны;
12) дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық ғимараттары - азаматтардың дене шынықтыру жаттығуларымен, спортпен айналысуына және спорттық ойын-сауық шараларын өткізуге арналған объектiлер;
13) дене тәрбиесiнiң құралдары - дене шынықтыру жаттығулары, табиғаттың сауықтыру күштерi және гигиеналық факторлар;
14) спорттық индустрия - дене шынықтыру-спорттық және туристiк мақсаттағы қызмет көрсетудi, өнiмдер өндiрудi жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жиынтығы.
15) аккредиттеу - уәкілетті органның дене шынықтыру және спорт саласындағы республикалық қоғамдық бірлестіктің Қазақстан Республикасының атынан тиісті халықаралық ұйымдарға қатысуға құқықтық өкілеттігін ресми тануы;
16) салалық көтермелеу жүйесі - дене шынықтыру және спорт қызметкерлерін саланы дамытуға қосқан үлесі үшін ынталандыру нысаны;
17) бұқаралық спорт - дене жаттығуларымен айналысуға тарту және спорттың әр түріндегі талантты спортшыларды анықтау мақсатында халық арасында дене шынықтыруды дамытуға ықпал ететiн бұқаралық спорт қозғалысын бiлдiретiн дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
18) ұлттық спорт түрлерi - жарыс әрекетi нысанында тарихи қалыптасқан және өзiне тән дене жаттығуларын, дене шынықтыру белсендiлiгiн ұйымдастырудың өзiндiк ережелерi мен тәсiлдерi бар халық ойындарын бiлдiретiн дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
19) халықаралық спорт жарыстары - кемiнде бес мемлекеттiң өкiлдерi қатысатын спорт түрiнен спортшылар (командалар) арасында өтетiн сайыс.
2-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат принциптерi
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат халықтың салауатты тұрмыс салтын қамтамасыз ету, дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында жүргiзiледi және:
1) барлық азаматтар үшiн дене шынықтырумен және спортпен айналысу теңдiгi мен жалпыға қолайлылығы;
2) халықтың әртүрлi жас топтарының дене тәрбиесiнiң толассыздығы мен сабақтастығы;
3) дене шынықтырумен және спортпен айналысудың ерiктiлiгi;
4) дене шынықтыру-спорт шараларының сауықтыру бағыты;
5) дене шынықтыру мен спортты ұйымдастырудың мемлекеттік, қоғамдық және жеке нысандарын тану;
6) дене шынықтырумен жаппай айналысуға, әуесқойлық және кәсiпқойлық спортқа тең құрмет көрсету;
7) халықаралық жарыстарда Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жоғары жетiстiктi спорттың басымдығы;
8) дене шынықтыру мен спортты мемлекеттік қолдау және демеушiлiк, қайырымдылық қызмет пен меценаттықты көтермелеу;
9) дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық ғимараттар мен басқа да объектiлердiң меншiк нысандары өзгерiп жатқан жағдайда оларды азаматтардың дене шынықтырумен және спортпен айналысуы үшiн сақтау;
10) халық ойындары мен спорттың ұлттық түрлерiн дамыту;
11) дене шынықтыру-спорт қозғалысы, жоғары жетiстiктер спорты және спортшыларға медициналық қызмет көрсету проблемаларын зерттеу үшiн ғылыми базаны дамыту;
12) спорттың техникалық және қолданбалы түрлерiн дамыту принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңдары
Дене шынықтыру және спорт саласындағы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың нормаларына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы заңдағыдан өзге ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
4-бап. Дене шынықтыру мен спортты дамытуды мемлекеттік қолдау
1. Мемлекет дене шынықтыру мен спорт саласындағы қатынастарды мемлекеттік саясатты қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты дамытуды тиiсiнше қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлар, ғылыми-әдiстемелiк, медициналық, ақпараттық, нормативтiк-құқықтық жағынан қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру-спорт қозғалысының өзiндiк мәртебесiн тану жолымен реттейдi.
2. Мемлекет барлық үлгiдегi және тұрпаттағы балалар-жасөспiрiмдердiң спорт мектептерiнiң, азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша спорт және балалар клубтарының, балалар мен жастарға арналған сауықтыру лагерьлерiнiң, мамандандырылған топтардың және мүгедектерге арналған мектептердiң, дәрiгерлiк-дене шынықтыру диспансерлерiнiң санын көбейту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшiн жағдайлар жасайды.
3. Мемлекет дене шынықтыру-спорт ұйымдары сыртқы байланыстарының дамытылуына, Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру қозғалысының өрлеуiне жәрдемдесетiн халықаралық спорт ұйымдары мен мекемелерiне интеграциялауға қолдау көрсетедi.
4. Мемлекет халықаралық стандарттарға сай келетiн спорт ғимараттарын, спорт мақсатындағы тауарлар мен жабдықтар, спортшыларға арналған жоғары сапалы өнiмдер шығару жөніндегі кәсiпорындарды жобалау мен салуға өз қаражатын жұмсайтын отандық және шетелдiк инвесторларға қолайлы инвестициялық ахуал жасайды.
5-бап. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы
1. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасын ?кімет әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
2. Мемлекеттік бағдарламада халықтың денсаулығын нығайтуды ұйымдастыру жөніндегі шаралар, дене тәрбиесi жөніндегі оқу бағдарламаларына, бағдарламалық-бағалау нормативтерi жүйесiне қойылатын талаптар және түрлi топтардың дене бiтiмiн дамыту жөніндегі талаптар, жоғары жетiстiктер спортын дамытудың негiзгi бағыттары, сондай-ақ ұйымдық, материалдық-техникалық, кадрлар, ақпараттық және құқықтық жағынан қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi көзделедi.
6-бап. Азаматтардың дене шынықтыру мен спорт саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бiрлестiктерге кiруге;
спорт бағытындағы дене шынықтырумен және спортпен, оның iшiнде кәсiби қызмет ретiнде де айналысуға;
дене шынықтыру мен спортты басқаруға қатысуға;
мемлекеттік, коммуналдық және жеке спорттық ғимараттарды және қызметтердi тегiн не ақылы негiзде пайдалануға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының спортпен айналысатын азаматтары:
салауатты өмiр салтын насихаттауға;
жергiлiктi, республикалық және халықаралық жарыстарда дене шынықтыру-спорт ұйымы мен мемлекеттен лайықты өкiл болуға;
гигиена негiздерiн зерделеуге және сақтауға мiндеттi.
3. Ата-аналар, қамқоршылар, қорғаншылар немесе олардың орнындағы адамдар отбасындағы кәмелетке толмаған балалардың дене бiтiмiн дамытуға және денсаулығын нығайтуға, оларға дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшiн қажеттi жағдайлар жасауға қамқорлық көрсетуге мiндеттi.
7-бап. ҚР 04.07.03 ж. № 471-II Заңымен 7-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 04.07.03 ж. № 471-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 8-бап өзгертілді
8-бап. Дене шынықтыру мен спортты насихаттау
1. Дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкiлеттi орган, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бiрлестiктер, денсаулық сақтау мекемелерi бұқаралық ақпарат құралдарымен бiрлесе отырып, дене шынықтыру және спорт саласындағы білім мен жетiстiктердi, салауатты өмiр салтының принциптерiн насихаттауды жүзеге асырады.
2. Спортта қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа табынуды, адамның қадiр-қасиетiн қорлауды, тыйым салынған қоздырғыштар мен препараттарды, алкогольдi iшiмдiктер мен темекi бұйымдарын насихаттауға жол берiлмейдi.
3. Журналистердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де өкілдерінің спорт жарыстарын және басқа да спорт шараларын телерадиохабар арналары бойынша таратуы, сондай-ақ жазып алуы, оның ішінде спорт жарыстарын және басқа да спорт шараларын дыбыс-бейне жазу техникасы, кино-және суретке түсіру құралдарын пайдалана отырып, жазып алуы Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Спорт жарыстарын және басқа да спорт шараларын өткізу кезеңінде тауарларды, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді жарнамалау Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес оларды ұйымдастырушылар мен жарнама қызметі субъектілерінің арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады.
2-тарау. Дене тәрбиесінің жүйесі
2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді
9-бап. Мектепке дейiнгi балалар мекемелеріндегі, жалпы білім беретiн мектептердегi және басқа оқу орындарындағы дене тәрбиесi
1. Мектеп жасына дейiнгi балалардың, жалпы білім беретiн және кәсiптiк мектептер, колледждер, лицейлер оқушыларының, жоғары оқу орындары студенттерiнiң дене тәрбиесi оқу және ұзартылған күн режимiнде, оқу жоспарларына, дене тәрбиесiнiң кешендi мемлекеттік бағдарламаларына және санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес сабақтан тыс уақытта және дербес жүзеге асырылады. Мiндеттi дене тәрбиесi сабақтары бүкiл оқу кезеңi бойына аптасына мектепке дейiнгi мекемелерде - кемiнде 8 сағат, жалпы білім беретiн мектепте - кемiнде 3 сағат, кәсiптiк-техникалық мектептерде, колледждерде, лицейлер мен жоғары оқу орындарында кемiнде 4 сағат жүргiзiледi.
Денсаулығы нашар оқушылар мен студенттер арнаулы медициналық топтар мен емдiк дене шынықтыру топтарында шұғылданады.
2. Сабақтан тыс уақытта дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдану үшiн спорт клубтары мен мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдары құрылады, олардың құрамына балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi, балалар-жасөспiрiмдер дене шынықтыру клубтары, тұрғылықты жерi бойынша балалар мен жасөспiрiмдер клубтары және қызметi мектеп жасына дейiнгi балалардың, оқушылар мен студенттердiң дене тәрбиесi мен спорттық әзiрлiгiне бағытталған басқа да ұйымдар кiредi.
3. Мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде, мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында және оқу орындарында дене тәрбиесi үшiн қажеттi жағдайлар жасау облыстардың, қалалар мен аудандардың жергiлiктi атқарушы органдарына, сондай-ақ құрылтайшыларға жүктеледi.
10-бап. Еңбек ұжымдарындағы дене шынықтыру мен спорт
1. Меншiк нысандарына қарамастан кәсiпорындар, ұйымдар жұмыс iстеушiлердi сауықтыру жөніндегі дене шынықтыруды дамыту үшiн қаражат көздеуге және азаматтардың дене шынықтырумен, спортпен шұғылдану құқықтарын iске асыруына жағдай жасауға мiндеттi.
2. Қызметкерлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң жеке және ұжымдық дене шынықтыру-спорт сабақтарын ұйымдастыру үшiн материалдық база жасау, оны пайдалану, қаржыландыру, мамандармен қамтамасыз ету ұжымдық шарттармен және дене шынықтыру мен спортты дамыту бағдарламаларымен айқындалады.
2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді
11-бап. Тұрғылықты жердегi және халықтың жаппай демалыс орындарындағы дене шынықтыру мен спорт
1. Азаматтардың тұрғылықты жеріндегі және халықтың жаппай демалыс орындарындағы дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн жағдайлар жасау қалалардың, аудандардың жергiлiктi атқарушы органдарына, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың), кенттердiң әкiмдерiне , жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарына жүктеледi, олар дене шынықтыру-спорт ұйымдарына қажеттi үй-жайлар, мәдениет және демалыс парктерiнде сабақтар өткізуге арналған орындар бөлуге спорт ғимараттарын беруге жәрдемдеседi.
2. Санаторий-курорт ұйымдарында, пансионаттарда, демалыс үйлерiнде, туристiк базаларда және қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагерьлерiнде жеке, топтық және отбасылық дене шынықтыру-сауықтыру сабақтарын өткізуге жағдайлар жасалады.
2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Мүгедектерге арналған дене шынықтыру мен спорт
1. Дене шынықтыру мен спорт мүгедектердi дене бiтiмi және әлеуметтiк жағынан оңалту құралдары болып табылады.
2. Жергілiктi атқарушы органдар мүгедектер үшiн арнайы дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын, сондай-ақ жалпы пайдаланудағы ғимараттарда дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн жағдайлар жасауды қамтамасыз етедi.
3. Ақыл-есi кем және дене кемiстiгi бар мүгедектердi үздiксiз оңалту жүйесіндегі дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануды ұйымдастыру, кадрлар даярлау, әдiстемелiк, медициналық жағынан қамтамасыз ету, мүгедектердiң дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына дәрiгерлiк бақылау жасау, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтiк қорғау, дене шынықтыру және спорт органдарына жүктеледi.
4. Дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкiлеттi орган мүгедектердiң дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерiмен бiрлесе отырып, республикалық жарыстар өткізудi, мүгедектер арасындағы спорт түрлерi бойынша ұлттық құрама командаларының халықаралық жарыстарға дайындалуы мен қатысуын ұйымдастырады.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мүгедектердiң дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерiмен бiрлесе отырып, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейіндегі спорттық iс-шаралар өткізудi, сондай-ақ олардың республикалық жарыстарға дайындалуы мен қатысуын ұйымдастырады.
13-бап. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене шынықтыру даярлығы
1. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене шынықтыру даярлығы қызметтiк-қолданбалы бағытта болады және олардың әскери борыш пен қызмет мiндеттерiн орындауын қамтамасыз етедi.
2. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене шынықтыру даярлығы жөніндегі жұмыстың мазмұнын, оны ұйымдастырудың нысандары мен әдiстерiн тиiстi мемлекеттік басқару органдары белгiленген тәртiппен анықтайды.
3. Әскери бөлiмшелердiң, сондай-ақ құқық қорғау органдары бөлiмшелерiнiң командирлерi мен бастықтары әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене бiтiмiн жетiлдiру үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндеттi.
4. Қазақстан Республикасы құрама спорт командаларының мерзiмдi әскери қызметке шақырылған мүшелерi өздерiнiң спорттық шеберлiгiн шыңдау үшiн қажеттi жағдайлары бар бөлiмшелерге жiберiледi, оларға халықаралық, ұлттық және басқа да спорттық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріледі.
2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Мемлекеттік денсаулық сақтау органдары мен мекемелерiнiң дене шынықтыру мен спортты дамытуға қатысуы
Мемлекеттік денсаулық сақтау органдары мен мекемелерi өздерiнiң құзыретi шегiнде:
дене шынықтыруды аурулардың алдын алу және оны емдеу құралы ретiнде пайдаланады;
дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарға дәрiгерлiк бақылау мен икемдi қадағалауды жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларын халықаралық спорт жарыстарына даярлауды медициналық жағынан қамтамасыз етуге қатысады;
дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды жарысқа жiберудi жүзеге асырады;
спорт медицинасы мен емдік дене шынықтыру саласында мамандар даярлауды жүзеге асырады және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
қолданылып жүрген ережелерге сәйкес мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде, оқу орындарында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмысын ұйымдастыруға белсене қатысады;
халықтың дене бiтiмiнiң даму деңгейiн анықтайды;
Халықаралық Олимпиадалық Комитеттiң сертификаты бар мамандандырылған мекемелерде допингке қарсы бақылауды қамтамасыз етедi.
15-бап. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын, спорт жарыстары мен бұқаралық спорт шараларын өткізу кезiнде қауiпсiздiк ережелерiн сақтау, азаматтардың денсаулығын қорғау
1. Дене шынықтыру және спорт қызметкерлерi дене шынықтыру мен спорт сабақтарын өткізу кезiнде дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкiлеттi орган әзiрлеп, бекiтетiн қауiпсiздiк нормалары мен ережелерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары ұйымдарының әкiмшiлiгi сабақтар мен жарыстар өткiзiлетiн орындарды қауiпсiздiк техникасының ережелерiне және санитариялық-гигиеналық нормаларға сәйкес техникамен тиiсiнше жабдықтауды қамтамасыз етедi және азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
3. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын, спорт жарыстары мен бұқаралық спорт шараларын өткізуге арналған объектiлер мен ғимараттар санитариялық-гигиеналық нормаларға сай болуға тиiс.
4. Дене шынықтыру мен спорт қызметкерлерi дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi.
3-тарау. Спортты ұйымдастыру және дамыту
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
16-бап. Жоғары дәрежедегi спортшылар әзiрлеу
1. Жоғары дәрежедегi спортшылар әзiрлеудi дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкiлеттi орган бекiткен спорт түрлерi бойынша бағдарламаларға сәйкес мемлекеттік, қоғамдық және мамандандырылған жеке спорт мекемелерi, сондай-ақ азаматтар жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының спортшыларын әзiрлеу келісім-шарт негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн. Спорт қызметi туралы келісім-шарт Қазақстан Республикасының еңбек заңдары негiзiнде жасалады.
Спорт қызметi туралы келісім-шартта спортшының құқықтары мен мiндеттерi, оның әлеуметтiк-медициналық сақтандырылуы, мұндай келісім-шартты жасасу мен бұзу талаптары болуға тиiс. Спорт қызметi туралы келісім-шартта Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да талаптар мен мiндеттер болуы мүмкiн.
17-бап. Спорт мектептерi мен мектеп-интернаттары
1. Қосымша білім беру мекемелерi ретiнде спорт мектептерi, сондай-ақ спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес құрылады.
2. Мемлекет спорт мектептерi мен спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың қолда бар материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңа базасын жасау үшiн жағдай туғызады.
18-бап. Спорт түрлерi бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары
1. Қазақстан Республикасының құрама командалары - спортшылардың, жаттықтырушылардың, ғалымдардың, дене шынықтыру-спорт ұйымдары мен спорт медицинасы ұйымдарының басқа да қызметкерлерiнiң ұжымдары спорттың түрлерi бойынша федерациялардың құрамдас бөлiгi болып табылады, халықаралық жарыстарға даярлық және оларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы астында қатысу мақсатында құрылады.
2. Спорттың әр түрi бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын дене шынықтыру-спорт ұйымдарының ұсыныстарын ескере отырып, спорттың әр түрi бойынша тиiстi федерациялар конкурстық негiзде құрады. Спорт принциптерiн сақтай отырып, алдын ала белгiленген және жарияланған арнаулы нормативтердi орындаған спортшылар Қазақстан Республикасы құрама командаларының негiзгi және жастар (резервтiк) құрамына енгiзiледi. Қазақстан Республикасы құрама командаларының белгiленген нормативтердi орындамаған, өз мiндеттерiн үнемi бұзатын мүшелерi Қазақстан Республикасы құрама командаларынан шығарылуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы құрама командаларының құрамдарын спорттың әр түрі бойынша федерациялардың ұсынуымен дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкiлеттi орган жыл сайын бекітіп отырады.
19-бап. Кәсiпқойлық спортпен айналысу құқығы
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының келісім-шарт негiзiнде Қазақстан Республикасында да, басқа елдерде де ақы төленетiн кәсiпқойлық спорт қызметiмен айналысуға құқығы бар.
2. Кәсiпқой бiрлестiктер құру тәртібі және олардың жұмыс iстеу жағдайлары, кәсiпқойлық спорт сабақтарын ұйымдастыру, келісiм-шарттар жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Спортшылардың, төрешiлердiң, жаттықтырушылардың және басқа мамандардың спорт жарыстарына дайындалу мен қатысуға байланысты және олардың табыс көзi болып табылатын кәсiпқойлық қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
20-бап. Спорт қызметiн ғылыми-әдiстемелiк жағынан қамтамасыз ету
Дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын iске асыру шеңберiнде Қазақстан Республикасының Үкіметі мүдделi ұйымдармен бiрлесе отырып дене шынықтыру мен спорт проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзедi, халықтың әртүрлi топтары арасында бұқаралық спортты дамытуға және жоғары спорт нәтижелерiне жетуге бағытталған ғылыми-әдiстемелiк ұсыныстар мен бағдарламалар жасайды, келісім-шарт негiзiнде дене шынықтыру мен спорт, медицина, биология және психология саласындағы жетекшi ғалымдарды Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларын ғылыми-әдiстемелiк жағынан қамтамасыз етуге тартады.