ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 42-6-баппен толықтырылды
42-6-бап. Консервациялауды тоқтату
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау мынадай негiздер бойынша тоқтатылады:
1) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген консервациялау мерзiмiнiң өтуi;
2) уәкiлеттi органның консервациялауды мерзiмiнен бұрын аяқтау туралы шешiм қабылдауы.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайын оңалтуға және жұмыс сапасын жақсартуға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялауды (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын да) тоқтату жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) белгiлеген барлық шектеулердiң күшiн жоюға әкеп соғады. Бұл жағдайда консервациялау мерзiмi iшiнде құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерістер мен толықтырулар, жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органдары және қызметкерлер құрамы күшiнде қалады.
3. Егер жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау оның қаржылық жағдайын оңалтуға және жұмыс сапасының жақсаруына әкеп соқпаған жағдайда, уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында көзделген негiздер бойынша зейнетақы жарналарын тарту және жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру бойынша қызметке берiлген лицензияны қайтарып алуға құқылы.
2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 42-7-баппен толықтырылды
42-7-бап. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі
қатысушыларына қолданылатын мәжбүрлеу шаралары
1. Уәкілетті орган ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушыларына:
1) ірі қатысушы мәртебесін алуға уәкілетті органның келісімін алмаған;
2) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы мәртебесін алғаннан кейін осы Заңның 36-2-бабының 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар пайда болған;
3) осы Заңның 42-бабының 3-тармағына сәйкес уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын орындамаған;
4) салдарынан ашық жинақтаушы зейнетақы қорына залал келтірілген әрекеттерді ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы жасаған;
5) салдарынан ашық жинақтаушы зейнетақы қорына залал келтірілген, ашық жинақтаушы зейнетақы қоры ірі қатысушыларының қаржылық жағдайының тұрақсыздығы;
6) ашық жинақтаушы зейнетақы қоры мен оның ірі қатысушысы арасында уәкілетті органның осы Заңда көзделген қадағалау функцияларын жүзеге асыруына кедергі келтіретін қатынастар болған жағдайларда мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлар болған кезде, уәкілетті орган:
1) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысынан ашық жинақтаушы зейнетақы қорының оған тікелей немесе жанама тиесілі акцияларының санын дауыс беретін акциялардың он процентінен төмен деңгейге дейін азайтуды не ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін басқаруға тікелей немесе жанама қатысудан, оның ішінде дауыс беру құқығын жүзеге асырудан бас тартуды талап етуге;
2) ашық жинақтаушы зейнетақы қорынан оның өзі мен ірі қатысушы арасындағы, ашық жинақтаушы зейнетақы қорын тәуекелге ұрындыратын операцияларды (тікелей және жанама) ірі қатысушыға қатысты жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге құқылы.
3. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы осы баптың 2-тармағында, сондай-ақ осы Заңның 49-3-бабының 2-тармағында көзделген талаптарды уәкілетті орган белгілеген мерзім ішінде орындамаған жағдайда, уәкілетті орган ашық жинақтаушы зейнетақы қоры ірі қатысушысының акцияларын ашық жинақтаушы зейнетақы қорын басқаруға қатысатын сенімгерлікпен басқарушы ретіндегі құқығымен үш айға дейінгі мерзімге уәкілетті органның сенімгерлікпен басқаруына беру жөнінде ашық жинақтаушы зейнетақы қорының акционерлерімен шарт жасасу туралы шешім қабылдауға құқылы.
Акцияларды сенімгерлікпен басқаруға берудің негіздері осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген мерзімде жойылмаған кезде, уәкілетті орган сенімгерлікпен басқарудағы акцияларды бағалы қағаздардың ұйымдасқан нарығында сату жолымен осы акцияларды иеліктен шығаруды жүзеге асыруға құқылы. Көрсетілген акцияларды сатудан түскен ақша акциялары уәкілетті органның сенімгерлікпен басқаруына берілген тұлғаларға аударылады.
Акционерлер акцияларды сенімгерлікпен басқаруға беруден бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
4. Мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құру
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құру уәкiлеттi органның рұқсатымен акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша бiрiктiру, бөлiп шығару, жинақтаушы зейнетақы қорының корпоративтiк түрден ашық түрге өзгерту нысанында жүзеге асырылады. Pұқсат беру талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
Жинақтаушы зейнетақы қорының қайта құруды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтiнiшiне мынадай құжаттар қоса тiркеледi:
жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының оны қайта құру туралы шешiмi;
жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастырудың көзделiп отырған шарттарын, нысандарын, тәртібі мен мерзiмдерiн жазылатын құжаттар;
қайта құру нәтижелерiнiң қаржылық болжамы, соның iшiнде жинақтаушы зейнетақы қорының және жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құрудың нәтижесiнде құрылатын заңды тұлғалардың оны қайта құрғаннан кейiнгi есептiк балансы;
Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құруға рұқсат алу туралы өтiнiштi құжаттардың толық топтамасы табыс етiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiс.
2. Қайта ұйымдастырылатын жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органның қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсатын алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде екі баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жариялау арқылы өзінің барлық салымшылары мен алушыларына алдағы өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің салымшылар мен алушыларды хабарландыруға қатысты талабы жинақтаушы зейнетақы қоры үшін оның атауы өзгерген жағдайда да міндетті болып табылады.
3. Бөлiнiп шыққан жинақтаушы зейнетақы қоры (қорлары) бөлiнiп шығу нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайда зейнетақы жарналарын тарту жөнiндегі қызметті және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға жаңа лицензия алуға мiндеттi.
Қайта ұйымдастыру жағдайында мынадай жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) бөліп шығару нысанында қайта ұйымдастыру кезінде өзінен екі және одан да көп заңды тұлға бөлініп шыққан жинақтаушы зейнетақы қоры;
2) біріктіру нысанында қайта ұйымдастыру кезінде өзіне басқа жинақтаушы зейнетақы қорын қосып алған жинақтаушы зейнетақы қоры лицензиясының негізінде қайта ұйымдастырылған жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметті және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті қолда бар лицензиясы негізінде жүзеге асыруға құқылы.
Жинақтаушы зейнетақы қорын корпоративтік қордан ашық қор етіп түрiн өзгерткен жағдайда қайта ұйымдастырылған жинақтаушы зейнетақы қоры да жаңа лицензия алуға міндетті.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 44-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
44-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құруға рұқсат беруден бас тарту
Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құруға рұқсат беруден мына негiздердiң кез келгенi:
1) қайта құрылатын Жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының тиiстi шешiмдерi болмауы;
2) көзделiп отырған қайта құрудың нәтижесiнде салымшылар мен алушылардың мүдделерiне нұқсан келтiрiлуi;
3) көзделiп отырған қайта барудың нәтижесiнде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңдары талаптарының бұзылуы бойынша бас тартылады.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.16.06 № 58-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 45-бап өзгертілді
45-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын тарату
1. Жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) уәкiлеттi органның өзi белгiлеген тәртiппен берген рұқсаты болған кезде Жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша;
2) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда соттың шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.
2. Ерiктi және мәжбүрлеп тарату, тарату комиссиясының өкiлеттi осы Заңда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
3. Кредиторлардың мүдделерiн қамтамасыз ету және жинақтаушы зейнетақы қорларын ерiктi және мәжбүрлеп тарату рәсiмдерiне олардың қатысуымен шешiм қабылдау мақсатында кредиторлар комитетi құрылады.
Ерiктi немесе мәжбүрлеп таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының кредиторлар комитетiнiң құрамын жинақтаушы зейнетақы қорын тарату комиссиясының ұсынысы бойынша уәкiлеттi орган бекiтедi.
Кредиторлар комитетiн құрудың және оның қызметiнiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
4. алынып тасталды
5. Таратылатын мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорының алушылары мен салымшылары тарату комиссиясы немесе уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) белгілеген мерзiмдерде басқа жинақтаушы зейнетақы қорын дербес таңдауға құқылы.
6. Тарату комиссиясы бекітілгеннен кейiн жетi күн мерзiмде тарату балансы мен есебiн уәкiлеттi орган мен Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігіне табыс етуге мiндеттi.
Тарату комиссиясы жинақтаушы зейнетақы қорын таратуды аяқтаған кезде белгiленген тәртiппен құжаттарды сақтау үшiн мұрағатқа тапсыруға және бұл жөнiнде уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
7. Жинақтаушы зейнетақы қоры кредиторларының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен танылған талаптары Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген кезектілікпен қанағаттандырылады.
Тиiстi кезектілік басталғаннан кейiн кредитордың талабы оның келісімiмен Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн тәсiлдермен, оның iшiнде ақшалай нысанда және (немесе) есеп айырысудың барабарлық принципiн сақтай отырып мүлiктi заттай нысанда беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкiн.
Тарату iсiн жүргiзуге байланысты, оның iшiнде жинақтаушы зейнетақы қорын тарату комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету жөніндегі шығыстар, сондай-ақ таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының негiзгi функцияларын қамтамасыз ету қажеттілігiнен туындайтын шығыстар кезектен тыс және тұрақты түрде жүзеге асырылады.
8. Жинақтаушы зейнетақы қорын тарату комиссиясының қызметін бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 45-1-баппен толықтырылды; 2005.16.06 № 58-III (бұр. ред. қара); 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 45-1-бап өзгертілді
45-1-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын ерiктi түрде тарату
1. Жинақтаушы зейнетақы қорының ерiктi түрде таратылуға рұқсат алу туралы өтiнiшiн уәкiлеттi орган тиiстi түрде ресiмделген құжаттарды алған күннен бастап бiр ай iшiнде қарауы тиiс.
Өтiнiшке мына құжаттар:
1) акционерлердiң жалпы жиналысының ерiктi түрде тарату туралы шешiмi;
2) тарату туралы шешiм қабылданған күнге зейнетақы активтерiн бағалау;
3) зейнетақы активтерiн тапсыру мерзiмi мен кезеңдерi туралы iс-шаралар жоспары және акционерлердiң жалпы жиналысы бекiткен жинақтаушы зейнетақы қорының өзiнiң қызметiн тоқтатуға әзiрлiк жоспары;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының өз мiндеттемелерi бойынша есеп айырысуы үшiн оның қаражатының жеткiлiктi екенiн куәландыратын баланстық есеп;
5) тарату комиссиясының мүшелерiне кандидаттардың, оның iшiнде филиалдарда не өкiлдiктерде құрылатын бөлiмшелерiнiң тiзiмi;
6) басқа да қажеттi мәлiметтер қоса берiлуге тиiс.
2. Уәкiлеттi орган ерiктi түрде таратуға рұқсат беруден бас тартқан жағдайда өз шешiмiн негiздеуге және бас тартуды жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерi мен акционерлерiнiң назарына жеткізуге тиіс.
Уәкiлеттi органның ерiктi түрде таратуға рұқсатын алған кезде жинақтаушы зейнетақы қоры филиалдар мен өкiлдiктердi ескере отырып, тарату комиссиясын құрады.
Өз еркімен таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
3. Таратылатын жинақтаушы зейнетақы қоры уәкiлеттi органның таратылуға рұқсатын алған күннен бастап он күн iшiнде салымшылар мен алушыларға Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таратылатын мерзiмдi екi баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жариялау арқылы жинақтаушы зейнетақы қорының таратылуы туралы хабарлауға мiндеттi.
3-1. Ерiктi түрде таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясы зейнетақы активтерiн, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша оның мiндеттемелерiн басқа жинақтаушы зейнетақы қорына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен өткізу жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
4. Барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшiн қаражат жеткiлiксiз болған жағдайда жинақтаушы зейнетақы қоры банкроттық негiзi бойынша мәжбүрлеп таратылуға жатады.
5. Жинақтаушы зейнетақы қорын ерiктi түрде таратуды аяқтаудың мүмкiн болмауына байланысты уәкiлеттi орган оны мәжбүрлеп тарату туралы талап-арызбен сотқа шағымдануға құқылы.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 45-2-баппен толықтырылды; 2005.16.06 № 58-III (бұр. ред. қара); 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 45-2-бап өзгертілді
45-2-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп таратудың ерекшелiктерi
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп тарату:
1) жинақтаушы зейнетақы қорының банкрот болуына;
2) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында көзделген негiздер бойынша жинақтаушы зейнетақы қоры лицензияларының керi қайтарылып алынуына;
3) уәкiлеттi мемлекеттік органдардың, жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген басқа да негiздер бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының қызметiн тоқтату туралы талап-арызына байланысты жүзеге асырылады.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорын тарату осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негiздер бойынша осы Заңға сәйкес жүргiзiледi.
3. Жинақтаушы зейнетақы қоры мәжбүрлеп таратылған жағдайда сот он күн iшiнде жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп тарату туралы шешiмнiң көшiрмесiн уәкiлеттi органға жiбередi.
Сот жинақтаушы зейнетақы қорын лицензияны керi қайтарып алуға байланыссыз негiздер бойынша мәжбүрлеп тарату туралы шешiм қабылдаған жағдайда, уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оның лицензиясын керi қайтарып алу туралы мәселенi қарайды.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорының лицензиясын керi қайтарып алу туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiктi (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны) тағайындайды.
Жинақтаушы зейнетақы қоры жұмысының, оның уақытша әкiмшiлiгiн (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны) тағайындаудың тәртібі, сондай-ақ уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) өкiлеттiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерiмен айқындалады.
Мәжбүрлеп таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкiмшiлiгi (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) зейнетақы активтерiн, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша оның мiндеттемелерiн басқа жинақтаушы зейнетақы қорына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен өткізу жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
Уақытша әкiмшілік (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) өз қызметiн уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңде жүзеге асырады.
Жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясы тағайындалғанға дейiн уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) қызметiне бақылау жасауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) есебi жинақтаушы зейнетақы қорын тарату туралы шешiм қабылдаған уәкiлеттi органға және сотқа табыс етіледi.
Уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) атқарылған жұмыс туралы есебiн сот бекiтедi.
Уақытша әкiмшілік (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) тарату комиссиясын тағайындау туралы шешiм қабылданған күннен бастап он күннен аспайтын мерзiмде жинақтаушы зейнетақы қорының құжаттары мен мүлкiн тарату комиссиясына бередi.
Жинақтаушы зейнетақы қорының құжаттары мен мүлкiн уақытша әкімшіліктен (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыдан) қабылдап алу және тарату комиссиясының төрағасына беру төрт дана етіп жасалатын актімен ресімделеді және оны уәкiлеттi орган бекiтедi. Бекітілген актінің бір данасы iстің материалдарына тiркеу үшiн сотқа жiберіледi.
4-1. Лицензиясы кері қайтарып алынған жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті және өзге де қызметті жүзеге асыруға құқылы емес, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға байланысты жағдайларды қоспағанда, бар банк шоттары бойынша барлық операцияларды тоқтатуға міндетті.
5. Жинақтаушы зейнетақы қорының төлем қабiлетсiздiгi мен дәрменсiздiгi сотқа ұсынылатын пруденциялық нормативтердi есептеу әдiстемесiн және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер, жинақтаушы зейнетақы қоры капиталының мөлшерiн ескере отырып уәкiлеттi органның жасаған қорытындысымен белгiленедi.
Жинақтаушы зейнетақы қоры сот шешiмiмен белгiленген тәртiп бойынша ғана банкрот деп танылуы мүмкiн. Дәрменсiз жинақтаушы зейнетақы қорын оның кредиторларының және жинақтаушы зейнетақы қорының өз шешiмi бойынша соттан тыс тарату рәсiмiне жол берiлмейдi. Тараптардың жинақтаушы зейнетақы қорының банкроттығы туралы iс бойынша бiтiмгершiлiк келісім жасауына болмайды.
6. Сот жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп тарату туралы iс қозғаған күннен бастап:
1) жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары (қатысушылары), жинақтаушы зейнетақы қорының мүлкiне билiк етуге құқылы емес;
2) бұрын қабылданған сот шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) кредиторлардың жинақтаушы зейнетақы қорына кез келген талаптары, жинақтаушы зейнетақы қорын ұстауға арналған ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, тарату iсiн жүргiзу барысында ғана қойылуы мүмкiн;
4) кредиторлардың, салық қызметі органдарының, оның iшiнде даусыз (акцептсiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының банк шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының мүлкiнен өндiрiп алу жөнiнде өтiнiм жасауына жол берiлмейдi;
5) жинақтаушы зейнетақы қорының лауазымды адамдарының өздерiне тиесiлi жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларын иелiктен шығаруына жол берiлмейдi.
7. Жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп тарату туралы, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша шешiм қабылданғаннан кейiн сот тарату iсiн жүргiзудi қозғайды және оның филиалдары мен өкiлдiктерiн ескере отырып, жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясын құру жөнiнде уәкiлеттi органға мiндеттер жүктейдi.
Мәжбүрлеп таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорларының тарату комиссиясын тағайындау және босату тәртібі және тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалады.
Жинақтаушы зейнетақы қоры тарату комиссиясының төрағасына, мүшелерiне және өзге де тартылған қызметкерлерге төленетiн сыйақының ай сайынғы мөлшерi олардың әрқайсысына тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген он еселенген ең төменгi жалақы мөлшерiнен аспауы тиiс.
Таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының аралық тарату балансын және кредиторларының тiзiлiмiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
Жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясы уәкiлеттi органға атқарған жұмысы туралы есептi және оның жазбаша сұрауы бойынша өз қызметi туралы қосымша мәлiметтердi және таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты деректердi ұсынуға мiндеттi.
Таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының мүлкiн сатуды оның тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен жүргiзедi.
Жинақтаушы зейнетақы қорының мүлкін бағалауды тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізеді.
Тарату тәртібі және мәжбүрлеп таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорларының тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалады.
7-1. Жинақтаушы зейнетақы қорын таратуға байланысты шығыстар, осы баптың 7-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының есебiнен жүргізіледі.
7-2. Жинақтаушы зейнетақы қорының мүлкі болмаған не оның құны шығыстарды жабуға жетпеген жағдайларда жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкімшілігінің (уақытша әкімшісінің) және тарату комиссиясының құрамына енген уәкілетті орган қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп тарату жөнінде сот қабылдаған шешім туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялау жөніндегі шығыстарды және мәжбүрлеп тарату негізінде жинақтаушы зейнетақы қоры қызметінің тоқтатылуын әділет органының мемлекеттік тіркеуіне байланысты және жинақтаушы зейнетақы қорын тарату аяқталғаннан кейін құжаттарды сақтау үшін мұрағатқа тапсыру жөніндегі шығыстарды қоспағанда, мәжбүрлеп тарату негізінде жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін тоқтату жөніндегі шығыстарды уәкілетті органның қаржыландыруына тыйым салынады.
8. Тарату комиссиясы уәкiлеттi органмен келісілген тарату туралы есептi және тарату балансын сотқа ұсынады.
Сот тарату жөніндегі есептi және тарату балансын бекітіп, тарату iсiн жүргiзудiң аяқталуы туралы ұйғарым шығарады.
Тарату комиссиясы сот ұйғарымының көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын әдiлет органы мен уәкiлеттi органға жiбередi.
Жинақтаушы зейнетақы қорын тарату аяқталған кезде тарату комиссиясы құжаттарды сақтау үшiн белгiленген тәртiппен мұрағатқа тапсыруға және бұл жөнiнде уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 45-3-баппен толықтырылды; 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III ҚР Заңдарымен 45-3-бап өзгертілді
45-3-бап. Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорларының таратылу процесіндегі бақылау өкiлеттiктерi
1. Ерiктi және мәжбүрлеп, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорларының тарату комиссиясының қызметiне бақылауды жүзеге асыру мақсатында уәкiлеттi орган:
1) тарату комиссияларынан атқарған жұмысы туралы есептi, қажет болған жағдайда, қосымша ақпаратты алуға;
2) тарату комиссияларының есептердi және қосымша ақпаратты ұсыну нысанын, мерзiмiн және кезеңдiлiгiн белгiлеуге;
3) тарату комиссияларының қызметiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тексеру жүргiзуге;
4) тарату комиссияларының қызметiнен Қазақстан Республикасының заңдарын, кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзу анықталған жағдайда, бұзушылықтарды жою жөнiнде тарату комиссияларының орындауы мiндеттi жазбаша ұйғарым шығаруға, ұйғарымды орындау мерзiмiн белгiлеуге;
5) тарату комиссиясы белгiленген мерзiмде жазбаша ұйғарымды орындамаған жағдайда, кредиторлардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн сотқа не прокуратура органдарына жүгiнуге;
6) тарату шығыстары сметасын түзудің және бекітудің ерекшеліктері мен тәртібін белгілеуге;
7) тарату комиссияларының қолма-қол ақшаны кассада сақтау, қолма-қол ақшамен кіріс және шығыс операцияларын жасау, касса құжаттарын жүргізу ережелерін орындауы, қолма-қол ақшаның, касса қалдықтары лимиттерінің жұмсалуын қамтамасыз ету бойынша талаптарды, сондай-ақ тарату комиссиясының ағымдағы шотына қолма-қол ақша тапсыру мерзімдерін айқындауға құқылы.