9. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру үшiн қажеттi бастапқы материалдардың құрамы мен көлемi мемлекеттік нормативтiк құжаттармен белгiленедi.
Жаңа объект салу немесе бар объектiнi реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, жаңғырту, қалпына келтiру) үшiн жер учаскесiн бөлiп беру (телiм беру) талап етiлмейтiн жағдайларда, сондай-ақ бұл мақсаттар үшiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосу қажет болмаса, сәулет-жоспарлау тапсырмасына тиiстi жазба жасалады.
10. Жобалауға берiлген тапсырмаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына және өзге де бастапқы материалдарға сәйкес әзiрленген жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы мемлекеттік нормативтiк құжаттамаларда белгіленген талаптарға сәйкес келісіледi және бекітіледi.
Құжаттамаға сараптама осы Заңның 64-бабында белгіленген талаптарға сәйкес жүргiзiледi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 11-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 11 тармақ жаңа редакцияда (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
11. Жобаның (құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуін) іске асырылуын бастау үшін:
1) республикалық маңызы бар объектілер бойынша - сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның;
2) жергілікті маңызы бар объектілер бойынша - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарының рұқсаты қажет.
Рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізбесі сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен белгіленеді.
12. Құрылыс процесi осы Заңның 6-тарауының нормаларына сәйкес сәулет-құрылыс бақылауында болады.
13. Құрылысы аяқталған объект осы Заңның 11-тарауының нормаларына сәйкес пайдалануға қабылдануға тиiс.
Салынған объектiнi пайдалануға қабылдаудың белгiленген тәртiппен бекітілген актiсi жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды тiркейтiн мемлекеттік органда объектiнi тiркеу үшiн негiз болып табылады.
14. Рұқсат ету құжаттары мен өзге де бастапқы материалдарды ресiмдеу және беру (оларды беруден дәлелдi бас тарту) мерзiмдерiн, сондай-ақ оларды ресiмдеу және беру үшiн ақы төлеу (алымдар алу) тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілейдi.
69-бап. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмi
1. Құрылыс объектілерiн пайдаланудың кепiлдi мерзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi.
Өзге де барлық жағдайларда кепiлдi мерзiм салынған объектiнi (тұтастай алғанда құрылыстың күрделi сыныбына немесе жүргiзiлген құрылыс-монтаж жұмыстарының жекелеген түрлерiне сәйкес) пайдаланудың нормативтiк мерзiмiне қарай тапсырысшы мен мердiгер (бас мердiгер) арасында құрылысқа шарт жасасқан кезде белгiленедi, бiрақ объект пайдалануға қабылданған күнiнен бастап екi жылдан кем болмауға тиiс. Кепiлдi мерзiмнiң бұл шегi қосалқы-көмекшi мақсаттағы, азаматтардың жеке пайдалануына арналған уақытша құрылыстар мен ғимараттарға қолданылмайды.
2. Белгiленген кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар бойынша жауапкершiлiк оларды жою жөніндегі мiндеттемелермен бiрге мердiгерге (бас мердiгерге) жүктеледi.
3. Егер кепілдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар басқа орындаушылардың (iзденушiлердiң, жобалаушылардың, iшкi мердiгерлердiң, өндiрушiлердiң немесе құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын, жабдықтарды берушiлердiң) сапасыз жұмыстарының салдарынан туындаған болса, мердiгер (бас мердiгер) жауапкершiлiктi кiнәлi тұлғаға толығымен немесе ішінара аударуға құқылы.
4. Егер кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар объектiнi пайдалану және күтiп ұстау ережелерiн сақтамаудан не құрылыс-монтаж жұмыстарын орындаушыларға байланысты емес мән-жайлардан туындаған болса, орындаушылар жауапкершiлiктен босатылады.
5. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмдерiне байланысты жауапкершiлiк шаралары мен дәрежесi жөнiнде даулар мен өзара талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
70-бап. Құрылыстағы сапа
1. Құрылыстың және құрылыс өнiмдерiнiң тиiстi сапасын қамтамасыз етуде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормалар мен ережелер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен реттеледi және көлемдiк, жазықтық және желiлiк күрделi ғимараттардың (құрылыстардың, үйлер мен олардың кешендерiнiң, коммуникациялардың) барлық түрлерiне, соның iшiнде оларға қатысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарға, сондай-ақ құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) мақсатына қарамастан, оларды жобалау, салу, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындау (өндiру) жөніндегі жұмыстардың (қызмет көрсетулердiң) барлық түрлерiне қолданылады.
2. Құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) сапасы:
1) мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтiк құжаттардың нормалары мен талаптарын сақтау;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiн лицензиялау және мамандарды аттестаттау;
3) құрылыстағы инвестициялардың негiздемесiне сараптама жүргiзу және жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары;
4) сәулет-құрылыс бақылауы, техникалық және авторлық қадағалау;
5) жобалау мен құрылыста пайдаланылатын өнімдердi стандарттау;
6) сынақ-талдау зертханаларын аттестаттау мен тiркеу, құрылыста пайдаланылатын өнiмдердi сертификаттау, сондай-ақ жаңа өнімдi, өндiрiс әдiстерiн, құрылыстағы жарақтарды техникалық бағалау;
7) жобалау мен құрылыстағы метрологиялық қызмет;
8) құрылысы аяқталған объектiлердi пайдалануға беру мен қабылдап алуды ұйымдастыру;
9) құрылыс техникасы мен технологиясын жетiлдiру;
10) жер сiлкiну қаупi бар аймақтар объектiлерiне паспорттар беру;
11) пайдаланылып отырған не құрылысы тоқтатылған және өзге де құрылысы аяқталмаған объектiлердiң жай-күйiн тексеру мен байқау, нормативтiк сипаттамаларды қамтамасыз ету мақсатында араласу арқылы қамтамасыз етiледi.
3. Құрылысты салудың (тоқтатып қоюдың) бүкiл кезеңi мен объектiлердiң қызмет (пайдалану) мерзiмi iшiнде меншiк иелерi (тапсырысшылар, иеленушiлер, жалдаушылар, жалға алушылар) олардың сапасының мынадай негiзгi сипаттамаларын:
1) жұмыс жүргiзу мен күтiп ұстауды қоса алғанда, тұрғызу және пайдалану кезіндегі қауiпсiздiгiн;
2) еңбектi қорғау талаптарына сәйкестiгiн;
3) жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiн;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4) экологиялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті.
Сапаның негiзгi сипаттамаларын қамтамасыз ету күрделi құрылыс үшiн инженерлiк iзденiстерге, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын жобалауға, дайындауға (өндiруге) және жеткiзiп беруге, аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюға, объектiлердi пайдалануға, қабылдауға, күтiп ұстау мен пайдалануға, сондай-ақ оларды кейiннен кәдеге жаратуға қатысушы барлық субъектiлердiң мiндетi болып табылады.
4. Сәулет-құрылыс бақылау, жобаларды сараптамадан өткізу, құрылыс өнiмiн стандарттау және сертификаттау органдары (қызметтерi, лауазымды адамдары), тапсырысшылар, құрылыс салушылар, iзденушiлер, жобалаушылар, құрылыста пайдаланылатын өнімдi дайындаушылар (өндiрушiлер) мен жеткiзiп берушiлер, жұмыс жүргiзушiлер, аталған өнімнiң (объектілердiң) меншiк иелерi (пайдаланушылары, жалдаушылары, жалға алушылары) өз мiндеттерiне сәйкес құрылыс өнiмiнiң (объектiлерiнiң) сапасын қамтамасыз етушi субъектiлер болып табылады.
71-бап. Объектілердiң сапалық сипаттамаларын қамтамасыз етудегi меншiк иелерiнiң мiндеттерi
Меншiк иелерiне объектiлердi пайдалану кезiнде олардың тиісінше сапасын қамтамасыз ететін негізгі сипаттамаларын сақтауға бағытталған мынадай міндеттер:
1) объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жобалау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, түрлендіру және кейін кәдеге жарату, сондай-ақ объектінің сәулеттік келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөніндегi жұмыстарды тек рұқсат ету рәсiмдерiнен өтудiң заңдарда белгiленген тәртібіне, құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, экологиялық және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру;
2) пайдаланушылардың (жалдаушылардың, жалға алушылардың) объектiнi қиратуына және (немесе) бүлдiруiне жол бермеу жөнiнде шаралар қолдану;
3) объектiнi кейiн кәдеге жарату жөнiнде жұмыстар кешенiн жүргiзудi ұйымдастыру жүктеледi.
72-бап. Объектiлердiң сапалық сипаттамаларын қамтамасыз етуде пайдаланушылардың мiндеттерi
Пайдаланушыларға (жалдаушыларға, жалға алушыларға) объектiлердi пайдалану кезiнде олардың тиiсiнше сапасын қамтамасыз ететiн негiзгi сипаттамаларын сақтауға бағытталған мынадай мiндеттер:
1) тұтас алғанда объектiнi не оның жалға алынған бөлiгiн пайдалану жөнiнде оларды заңдарда белгiленген ережелерге (тәртiпке, нұсқаулықтарға) не жалдау (жалға алу) шартының талаптарына сәйкес пайдалану;
2) жалдау (жалға алу) шартының талаптары бойынша пайдаланушыға (жалдаушыға, жалға алушыға) жүктелген күтiп ұстау мен жөндеу жөніндегі жұмыстарды уақтылы және тиiсiнше жүзеге асыру;
3) объектiнi қалпына келтiру, күшейту, қайта салу, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жарақтау, түрлендiру, жаңғырту, сондай-ақ объектiнiң сәулеттiк келбетiн және (немесе) қала құрылысы қырларын өзгерту жөніндегі жұмыстарды тек меншік иесінің келісімімен және құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру;
4) меншiк иесiн объектiнi пайдалану кезiнде болған оның сипаттамасындағы өзгерістер немесе техникалық авариялар туралы хабардар ету жүктеледi.
11-тарау. Құрылыс объектілерін пайдалануға
Қабылдау
73-бап. Объектiлердi пайдалануға қабылдаудың жалпы тәртібі
1. Салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiмен, осы Заңмен реттеледi.
2. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды мемлекеттік қабылдау комиссиясы немесе қабылдау комиссиясы оның бекітілген жобаға сәйкес толық әзiрлiгi және жұмыс комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда жүргiзедi.
Осы Заңның 74-бабында көзделген жекелеген жағдайларда салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылысты салушы) дербес жүргiзедi.
3. Осы Заңның 74-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының оң шешiмi болмайынша, салынған объектiнi пайдалануға жол берiлмейдi.
4. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы актiсi (ал мемлекеттік нормативтерде белгiленген жағдайларда - қабылдау комиссиясының актiсi) дайын құрылыс өнімiне мүлiктiк құқықты тiркеу кезiнде бастапқы ерекше құжат болып табылады.
5. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн мемлекеттік комиссия бекітуге тиiс. Қабылдау актiсiн бекітудi мемлекеттік қабылдау комиссиясын тағайындаған инстанция жүргiзедi.
Қабылдау актiсiн бекіту:
1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде;
2) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап жетi күннен аспайтын мерзiмде жүргiзiледi.
6. Комиссияны тағайындаған инстанцияның объектiнi пайдалануға қосу туралы актiнi бекiткен күнi мемлекеттік қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi.
Объектiнiң пайдалануға қосылғандығы туралы актiге қол қойылған күн қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi.
7. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi олардың тағайындалған кезiнен басталады және объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы акт бекітілген кезден бастап тоқтатылады.
8. Жұмыс комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi оның тағайындалған кезiнен басталады және пайдалануға қосылған объектiнi кешендi тексеру жөнiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ресiмделген қорытынды тапсырысшыға берiлген кезден бастап тоқтатылады.
74-бап. Меншiк иесi пайдалануға дербес қабылдайтын объектiлер
1. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге заңдарда белгіленген рұқсаты болған жағдайда меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылыс салушы) құрылысы аяқталған, техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi, атап айтқанда:
1) тiреу және қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге, сондай-ақ үй-жайларды қайта бейiмдеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысы жоқ бiр қабатты тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
2) уақытша құрылыстарды, соның iшiнде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрмыстық үй-жайларды;
3) жеке үй маңындағы учаскелер аумақтарындағы шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды, бау-бақша серiктестiктерi (қоғамдары) учаскелеріндегі құрылыстарды, үй жанындағы немесе үй iргесіндегі (саяжай) учаскелердегi абаттандыру элементтерiн;
4) контейнердi және блоктарды пайдаланып жасалатын шағын кешендердi, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi қажет етпейтiн сауда, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсету кәсiпорындарына арналған бiр қабатты үйлердi (ғимараттарды);
5) автомашиналар саны елуден аспайтын ашық үлгiдегi автотұрақтарды, сондай-ақ саны екеуден аспайтын автомашинаға арналған жайы бар көлiкжайларды;
6) бар ғимараттарда жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларының өзгертiлуiн қажет етпейтiн өндiрiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлауды (қайта жабдықтауды);
7) шағын сәулеттiк нысандарды және аумақтардың қоршауын;
8) үйлер (ғимараттар) маңындағы ашық спорт алаңдарын, тротуарларды, тас төсенiштерiн пайдалануға қабылдауды дербес жүзеге асыруға құқылы.
2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) өзгерту, сондай-ақ техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi салу мен пайдалану басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтiрсе не мемлекеттік және (немесе) қоғамдық мүдделерге қайшы келсе, бұл баптың нормаларын қолдануға болмайды.
3. Осы баптың нормалары:
1) құрылысы мемлекеттік инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен қаржыландырылатын;
2) сейсмикалық қауiптілігi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ ерекше реттелетiн аймақтарда орналастырылатын (орналастырылған) объектiлерге қолданылмайды.
75-бап. Мемлекеттік қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер
1. Мемлекеттік инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен салынып жатқан (салынған) барлық объектiлер мемлекеттік қабылдау комиссиясының пайдалануға қабылдауына жатады.
2. Қаржыландыру көздерiне қарамастан, мемлекеттік қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына:
1) азаматтық (қоғамдық) және коммуналдық мақсаттағы жеке тұрған объектiлер;
2) шағын бизнес (жеке кәсiпкерлiк) кәсiпорындарын қоспағанда, өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер;
3) көп пәтерлi тұрғын үйлер (ғимараттар);
4) автомобиль жолдары мен темір жолдар;
5) көпiрлер, жол желiлерi, тоннельдер, азық-түлiк желiлерi мен инженерлiк құрылыстары бар электр беру желiлерi;
6) ғарыштық байланыс объектілерi;
7) атом энергетикасын қоса алғанда, энергетика объектiлерi;
8) су шаруашылығы, ирригациялық және (немесе) гидротехникалық мақсаттағы объектiлер;
9) темір жол және автомобиль разъездерiнде, қорықтарда, заказниктерде, балық питомниктерiнде, орман, аңшылық және басқа алқаптарда тұруға арналған объектiлер (тұрғын және қосалқы үй-жайлар) жатады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан (салынған), бiрақ мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге қатысы бар объектiлердi мемлекеттік қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдауға тиiс.
Аталған талапты тапсырысшыға (құрылыс салушыға) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi және ол сол тапсырмада, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге берiлген рұқсатта көрсетiлуге тиiс.
76-бап. Қабылдау комиссиялары пайдалануға қабылдайтын объектiлер
1. Осы Заңның 74 және 75-баптарында көзделген нормалар қолданылатын объектiлердi қоспағанда, мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан (салынған) объектiлер қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына жатады.
Осы Заңның 75-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған объектiлер санатын шығарылатын өнiмнiң және көрсетiлетiн қызметтiң жылдық көлемiне қарай Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2. Мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз қаржыландырылатын объектiлер де, егер олар:
1) тұрғын және тұрғындық емес үй-жайларды тұрғын үйлер етiп қайта бейiндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысты болса;
2) үй-жайлардың (үйдiң бiр бөлiгiн) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертудi талап ететiн реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) байланысты болса;
3) салу және (немесе) пайдалану кезiнде басқа меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғаса;
4) әлеуметтiк (әлеуметтiк-экономикалық) сипаты бар мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделердi бiлдiретiн объектiлер болса;
5) сейсмикалық қауiптілiгi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ өзге де ерекше реттелетiн аймақтарда салынып жатса (салынса);
6) адамдар мен қоршаған ортаға ықтимал қаупi бар өндiрiстiк процестерге байланысты болса, қабылдау комиссияларының пайдалануға қабылдауына жатады.
Аталған шектеулердi тапсырысшыға (құрылыс салушыға) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi және олар сол тапсырмада, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзуге берiлген рұқсатта көрсетiлуге тиiс.
77-бап. Қабылдау және жұмыс комиссиялары
1. Қабылдау комиссиясы мен жұмыс комиссиясы тапсырысшының шешiмiмен тағайындалады және объектiнiң пайдалануға қабылдау рәсiмiне дайын екендiгi туралы бас мердiгерден жазбаша хабар алынғаннан кейiн он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей құрылады.
2. Қабылдау және жұмыс комиссияларының өкiлеттiктерi мен мiндеттерi, сондай-ақ мiндеттi құрамы Қазақстан Республикасының Yкіметі анықтайтын тәртiппен белгiленедi.
3. Қайта қабылдауды қоса алғанда, қабылдау және жұмыс комиссияларының жұмыс процесiнде жасалған шығындарын тапсырысшы өтейдi.
78-бап. Мемлекеттік қабылдау комиссиясы
1. Мемлекеттік қабылдау комиссиясы - салынған объектiнi пайдалануға қабылдайтын уақытша немесе тұрақты алқалы орган.
Тұрақты мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамын, қажет болуына қарай, комиссияны тағайындаған мемлекеттік басқару органы өзгертедi.
2. Пайдалануға қабылданатын объектiнiң маңыздылығына немесе құрылыс құнына қарай мемлекеттік қабылдау комиссиясын:
1) орталық атқарушы органдардың немесе облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкiмдерiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) әкiмдерi;
4) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкiмдерi тағайындайды.
3. Мемлекеттік қабылдау комиссиялары:
1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде - комиссия жұмысы басталуының белгiленген мерзiмiне дейiн үш айдан кешiктiрмей;
2) тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде - комиссия жұмысы басталуының белгiленген мерзiмiне дейiн күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей алдын ала тағайындалады.
Бұл орайда осы объект бойынша комиссия жұмысының басталу және аяқталу мерзiмдерi белгiленедi.
4. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының мiндетiне:
1) жұмыс комиссиясы анықтаған шалағайлықтардың, жобадан, құрылыс нормалары мен ережелерiнен ауытқушылықтардың жойылуын тексеру;
2) сәулет-құрылыс, инженерлiк және технологиялық шешiмдердiң, сондай-ақ тұтас алғанда объектiнiң iлгерiшiлдiгiн бағалау;
3) қолданысқа енгiзiлетiн объектiнiң (кешеннiң) жобалық қуатының (сыйымдылығының) сәйкестiгiн тексеру;
4) қажет болған жағдайда, технологиялық жабдықтар мен инженерлiк жүйелерге бақылаушылық байқау және сынақ жүргiзу;
5) комиссияны тағайындаған инстанция объектiнiң пайдалануға жарамсыздығы туралы дәлелдi қорытынды берiп, жобалау-iздену және (немесе) құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасыз орындалуына жол берген лауазымды адамдарды заңдарда белгiленген тәртiппен жауапқа тарту жөнiнде ұсыныс жасау кiредi. Бұл орайда қорытындының көшiрмелерi тапсырысшыға (құрылыс салушыға) және бас мердiгерге жiберiлуге тиiс.
5. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының салынған объектiнi пайдалануға қабылдау фактiсi Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген бiрыңғай нысандағы актiмен ресiмделедi.
6. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының барлық мүшелерi қол қойған, объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн комиссияны тағайындаған инстанция бекiтедi.
Мемлекеттік қабылдау комиссиясы мүшесiнiң (мүшелерiнiң) айрықша пiкiрi болған жағдайда, комиссия қабылдау актiсi бекітілгенге дейiн туындаған қарсылықтарды өзiн тағайындаған мемлекеттік басқару органының қатысуымен қарауға тиiс.
7. Өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау кезiнде мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамына:
1) комиссияны тағайындаған мемлекеттік басқару органының комиссия төрағасы тағайындайтын жауапты өкiлi;
2) комиссия төрағасының орынбасары тағайындайтын бас жобалау ұйымының өкiлi;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) тапсырысшының (инвестордың, құрылыс салушының), пайдаланушы ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердің), бас мердiгердiң, жергiлiктi атқарушы органдардың, iшкi жобалаушылардың (жоба бөлiмдерiн әзiрлеушiлердiң), мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, мемлекеттік өртке қарсы қадағалау, орындарының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның өкілдерi кiредi.
8. Өндiрiстiк мақсаттағы объектілердi қабылдау жөніндегі мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамына:
1) өнеркәсiп және кен қадағалау жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу жөніндегі мемлекеттік қызмет өкiлдерi - осы органдардың бақылауындағы магистральдық мұнай өнiмдерi құбырларын, газ құбырлары мен басқа объектiлердi қабылдаған кезде;
2) күрделi немесе бiрегей технологиялық жабдықтарды дайындаушы кәсiпорынның және монтаждау ұйымдарының өкiлдерi - осындай жабдықтар бар объектiлердi қабылдаған кезде;
3) темір жолдарды басқаратын мемлекеттік органдардың өкiлдерi - кiрме темір жолдары бар объектiлердi қабылдаған кезде;
4) жер ресурстарын басқару жөніндегi уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер пайдаланушы қожалықтардың өкiлдерi - суландыру және құрғату жүйелерiн, қайтадан қалпына келтiрiлген жерлердi, қорғаныш ағаш екпелерiн, эрозияға қарсы гидротехникалық құрылыстарды және басқа жер құнарлығын арттыру мен оны қорғау мақсатында салынған объектiлердi қабылдаған кезде;
5) мемлекеттік мал дәрiгерлiк қызметiнiң өкiлдерi - осы органдардың немесе мал дәрiгерлiк ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердiң) бақылауындағы объектiлердi қабылдаған кезде;
6) автомобиль жолдарын басқаратын мемлекеттік органдар мен мемлекеттік жол инспекциясының (полициясының) өкiлдерi - автомобиль жолдарын қабылдаған кезде;
7) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік қадағалау және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерiнiң өкiлдерi - газдан тазартатын және шаң соратын құрылғыларды қабылдаған кезде;
8) төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік басқару органдарының өкiлдерi - азаматтық қорғаныс ғимараттарына (үй-жайларына) немесе азаматтық қорғаныстың жеке тұрған ғимараттарына жапсарлас салынған объектiлердi қабылдаған кезде енгiзiледi.
9. Тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi қабылдаған кезде мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамына:
1) жергiлiктi атқарушы органның комиссия төрағасы тағайындайтын жауапты өкiлi;
2) комиссия төрағасының орынбасары тағайындайтын мемлекеттік құрылыс инспекторы;
2005.13.04 № 40-III ҚР Заңымен 3 тармақша толықтырылды (бұр. ред. қара)
3) тапсырысшының (инвестордың, құрылыс салушының), жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органының, халықты әлеуметтiк қорғау мемлекеттік органының, пайдаланушы ұйымдардың (кәсiпорындардың, мекемелердiң), бас мердiгердiң, бас жобалау ұйымының (жоба авторларын қоса алғанда), мемлекеттік өртке қарсы қадағалау және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерiнiң өкiлдерi енгiзiледi.