Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 шілдедегі № 598 Қаулысы
(2014.29.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 624 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен мәтін бойынша «веб-сайттарына» «веб-сайтына», «веб-сайттарында», «веб-сайттарының» деген сөздер «интернет-ресурстарына», «интернет-ресурсына», «интернет-ресурстарында», «интернет-ресурстарының», «интернет-ресурсына» «интернет-ресурстарында», «интернет-ресурстарының» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 13 шілдедегі
598 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың
интернет-ресурстарына орналастыру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру тәртібін айқындайды.
ҚР Үкіметінің 2012.29.05. № 698 Қаулысымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар, серпінді және статикалық ақпаратты қамтитындар болып бөлінеді.
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.29.05. № 698 Қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2014.29.12. № 1386 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Ережеде мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
1) атрибут - HTML тілінің түрлеріне, алаңдарына, әдістеріне, ерекшеліктеріне және басқа да кейбір құрылымына жазылатын қосымша ақпарат;
2) балама мәтін - тек мәтінді көрсететін құрылғыларды пайдаланған кезде мәтіндік емес веб-контенттің мазмұнын және функциясын түсінуге мүмкіндік беретін мәтін;
3) веб-контент - электрондық ақпараттық ресурстың мәтіндік, мәтіндік емес немесе медиа мазмұны;
4) интернет-ресурс - ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істеп тұрған электрондық ақпараттық ресурс, оны жүргізу және (немесе) пайдалану технологиясы, сондай-ақ ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылым;
5) серпінді ақпарат - бұл мемлекеттік органның ағымдағы қызметін көрсететін уақытша сипаттағы ақпарат (перспективалық даму, өзекті оқиғалар, басым бағыттар және басқалары);
6) статикалық ақпарат - мемлекеттік органның ішкі және сыртқы қызметін бейнелейтін, тұрақты (анықтамалық) сипатқа ие ақпарат (нормативтік құқықтық актілер, халықаралық шарттар, мемлекеттік органның құрылымы, ережесі және басқалар);
7) тегі - интернет-ресурстың веб-бетіндегі мәтіннің көрінісін өзгертетін HTML тілінің элементі;
8) Web Content Accessibility Guidelines (WCAG.2.0) - әртүрлі пайдаланушылардың барынша қалың тобы үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді веб-контентті құрудың заманауи ережелері мен қағидаттарын сипаттайтын веб-контентке қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі нұсқалық.
2. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың
интернет-ресурстарына орналастыру тәртібі
3. Мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшелері электрондық ақпараттық ресурстар дайындайды және оларды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыруға аппарат басшысымен, жауапты хатшымен, жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған лауазымды тұлғамен келіседі.
4. Келісілгеннен кейін электрондық ақпараттық ресурстар оларды мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастыру үшін жауапты құрылымдық бөлімшеге жібереді.
5. Серпінді ақпарат жаңа ақпараттың түсу шамасына қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет жаңартылады.
ҚР Үкіметінің 2012.29.05. № 698 Қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы статикалық ақпарат қажеттілігіне қарай жаңартылады.
Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар:
1) Word, Excel, HTML және басқа мәтіндік форматтарда;
2) JPG, GІF және басқа форматтардағы графиктік файлдар түрінде беріледі.
ҚР Үкіметінің 2012.29.05. № 698 Қаулысымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына электрондық ақпараттық ресурстарды орналастыру WCAG.2.0 сәйкес жүргізіледі:
1) безендіру мақсатында пайдаланылатын мәтіндік емес веб-контенттен басқа мәтіндік емес және медиа веб-контенттер баламалы мәтінмен сүйемелденіп, бағдарламалық кодта тиісті атрибуттармен белгіленуге тиіс;
2) веб-бетте бейнеленген, мағынасы оның түсіне байланысты болатын мәтіндік емес және мәтіндік веб-контент мағыналық жүктемесі дәл сондай баламалы мәтінді қамтуы тиіс;
3) нысанында, мөлшерінде және орналасуында мағыналық жүктеме бар веб-контент элементтері тиісті мәтіндік анықтамамен сүйемелденуі тиіс;
4) медиа веб-контент титрлермен немесе транскрипттермен сүйемелденуі тиіс;
5) егер веб-контентті оқудың дұрыс дәйектілігі оның мағынасын анықтаса, онда ол бағдарламалы түрде анықталуы тиіс;
6) үш секундтан аса автоматты түрде ойналатын аудио веб-контент үшін тоқтау, үзіліс немесе дыбысты ажырату механизмдерін беру қажет;
7) интернет-ресурста орналастырылған веб-контент пернетақта арқылы басқарылуы тиіс;
8) уақыт бойынша шектелетін бет немесе қосымша тоқтататын, икемдейтін немесе шектеу мерзімін ұзартатын механизмді қамтуы тиіс;
9) секундына үш реттен астам жарқылдауды қамтитын, автоматты түрде қозғалатын, жыпылықтайтын, айналатын веб-контентті құру ұсынылмайды, қолданылған жағдайда осы веб-контентті тоқтату жөніндегі механизмді беру қажет;
10) үлкен көлемді графикалық элементтері немесе навигациялық сілтемелері бар веб-бетте көрнекі бөлігінде веб-контенттің негізгі бөлігіне өту үшін сілтеме жасау қажет;
11) әрбір веб-бетте беттің мақсаты мен тақырыбын сипаттайтын, тиісті тегте көрсетілетін ақпаратты тақырып болуы тиіс;
12) сілтеменің мақсаты сілтеменің өз мәтінінен не сілтеме мәтіні мен оның бағдарламалы анықталған контекстінен түсінікті болуы тиіс;
13) веб-бетте негізгі қолданылатын тіл тиісті атрибуттың көмегімен бағдарламалық кодта анықталуы тиіс;
14) пайдаланушының ақпаратты енгізген кезіндегі анықталған кез келген қате мәтіндік хабарлама түрінде ұсынылуы қажет.
7. Мемлекеттік құпияларды құрайтын, жариялануы шектеулі, сондай-ақ басылымдық жариялануы Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған өзге де мәліметтер электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыруға рұқсат етілмейді.
3. Ақпараттық қамтамасыз ету
8. Мемлекеттік органның интернет-ресурстарының ақпараттық көздері:
тиісті мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері;
тиісті мемлекеттік органның ведомстволары;
тиісті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері;
тиісті мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдары;
басқа ұйымдар берген мәліметтерді құрайды.