Қазақстан Республикасының ішкі нарығын жеміс-көкөніс өнімінен молықтыру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 шілдедегі № 592 Қаулысы
(2014.09.12. берілген өзгерістермен)
Ішкі нарықты жеміс-көкөніс өнімімен молықтыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Қаржы, Көлік және коммуникация, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша):
1) «жалғыз терезе» қағидаты бойынша жаңа піскен жеміс-көкөніс өнімін өткізудің оңайлатылған тәртібін ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында (бұдан әрі - Мемлекеттік шекара) өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жайластыру мәселелерін пысықтасын;
2) жеміс-көкөніс өнімі бар автокөлік құралдарын Мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде негізсіз ұстауға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдасын.
ҚР Үкіметінің 2014.09.12. № 1286 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі:
1) Қырғыз Республикасының және Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан Қазақстан өңірлеріне жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын жеміс-көкөніс өнімі бар автоколонналарды жол-патрульдік полицияның бірге алып жүруін қамтамасыз етсін;
2) екі апта мерзімде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігімен бірлесіп, шектес мемлекеттерден Қазақстан өңірлеріне жаңа піскен жеміс-көкөніс өнімін тасымалдауды жүзеге асыратын, Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде берілген бақылаудан өту талоны бар көлік құралдарын негізсіз тоқтату, тексеру және ұстау жағдайларын болдырмау жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп, жеміс-көкөніс өнімін оңтүстік өңірлерден Қазақстан Республикасының басқа өңірлеріне тасымалдау үшін жолаушылар поездарын қосымша багаж вагондарымен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырсын.
4. «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық одағына (келісім бойынша) Қазақстан Республикасының Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағымен (келісім бойынша) және»«Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен (бұдан әрі -»«Сарыарқа» ӘКК» АҚ) (келісім бойынша) бірлесіп, бір ай мерзімде тез бұзылатын жеміс-көкөніс өнімін тасымалдау үшін үлкен жүк таситын автомобиль-рефрижераторлары бар мамандандырылған автопарктерді ұйымдастыру мәселелерін пысықтау ұсынылсын.
5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері республикада мауысымаралық кезеңде жергілікті өнімге сұранысты қанағаттандыру үшін көкөністер мен жемістерді жабық топырақ жағдайында өсіруді кеңейту мәселелерін пысықтасын.
6. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, биржалық сауда тетігін қолданып, ел базарларына жеміс-көкөніс өнімін жеткізуді ұйымдастыру мәселелерін пысықтасын.
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері:
1) жеміс-көкөніс өнімін сату үшін қалаларда және ауылдық елді мекендерде қосымша коммуналдық базарлар мен қосымша сауда алаңдарын (алаңқайларын) ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) олардан алымдар мен төлемдерді алуды болдырмай, жеміс-көкөніс өнімін көлік құралдарынан сату, сондай-ақ»«жол бойында сату» үшін қолайлы жағдай жасасын;
3) Қазақстанның базарлар, сауда мен қызмет көрсету салалары кәсіпорындары қауымдастығымен (келісім бойынша) бірлесіп, жеміс-көкөніс өнімін ішкі нарықта жылжыту үшін сауда-логистикалық терминалдар қалыптастыру мәселелерін пысықтасын;
4) өңірлердегі коммуналдық меншіктегі, жұмыс істемейтін жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын қайта жаңарту жөнінде шаралар қабылдасын, сондай-ақ қызмет көрсетілетін халықтың санын ескере отырып, жеміс-көкөніс өнімін сатып алу, сақтау және сату жөніндегі сауда инфрақұрылымының жаңа объектілерін салу үшін қажетті аумақты айқындасын;
5) «ҚазАгро» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп, өңірлерде жылыжайлар салу және оларды қайта жаңарту жөніндегі мәселелерді пысықтасын;
6) интернет-ресурстарда тұрақты түрде жеміс-көкөніс өнімін өсіру, олардың бағасы және атауларын, мөлшерін және оларды сауда базарларында сату шарттарын көрсете отырып, өңірлердің аталған өнімге қосымша қажеттіліктері туралы ақпаратты орналастыруды жүзеге асырсын.
8. Ақмола, Қарағанды облыстарының және Астана қаласының әкімдіктері бір ай мерзімде қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ға жеміс-көкөніс өнімін сатып алу, сақтау және сату жөніндегі сауда инфрақұрылымының объектілерін салу үшін қажетті жер учаскелерін бөлсін.
9. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ (келісім бойынша) бір ай мерзімде Ақмола, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында жеміс-көкөніс өнімін сатып алу, сақтау және сату жөніндегі сауда инфрақұрылымын салу үшін инвесторлар тарту мәселелерін пысықтасын.
10. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі | К. Мәсімов |