Қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорларын қалыптастыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 шілдедегі № 591 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі № 196 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорларын қалыптастыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 10 шілдедегі
№ 591 қаулысымен
бекітілген
Қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорларын қалыптастыру
ережесі
1. Осы Қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорларын қалыптастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорларын құру және басқару тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереженің әрекеті сот шешімі бойынша республикалық меншікке түскен иесіз қауіпті қалдықтар полигондарына қолданылмайды.
3. Осы ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қалдықтарды орналастыру полигоны - өндіріс қалдықтарын орналастыру және оларды кейіннен кәдеге жарату, қайта өңдеу немесе түпкілікті көму мақсатында әрбір қалдық түрі үшін белгіленген кезеңге тұтыну үшін арнайы жабдықталған орын (алаңдар, көмбелер, қоймалар);
2) қалдықтарды орналастыру полигонын жою қоры - полигон жабылғаннан кейін оны рекультивациялау және мониторингілеу үшін қалдықтарды орналастыру полигоны меншік иесінің жалпы қаражатының құрамында қалыптастырылатын қор;
3) меншік иесі - қалдықтар полигонының меншік иесі болып табылатын жеке және заңды тұлға.
4. Қалдықтарды орналастыру полигондарының жою қорын (бұдан әрі - жою қоры) полигонды жабу, полигонның аумағын рекультивациялау және полигон жабылғаннан кейін қоршаған ортаға әсерінің мониторингін жүргізу жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін қалдықтарды орналастыру полигонының (бұдан әрі - полигон) меншік иесі құрады.
5. Жою қорын құру қалдықтарды орналастыру полигонының жобасымен көзделуі тиіс.
6. Жою бойынша жұмыстар көлемін және оларды орындау үшін қажетті қаражаттың көлемін айқындау үшін полигон иесі полигонды жою жобасын әзірлейді және оны іске асыруға арналған шығындардың (есеп айырысудың) техникалық-экономикалық негіздемесін жасайды. Қалдықтар полигонын жоюға арналған жобаны және оны іске асыруға техникалық-экономикалық негіздемені (есеп айырысуды) полигон иесі қалдықтарды орналастыру полигоны жобасының бір бөлігі ретінде дайындайды.
7. Полигонды жою бойынша жоба аумақты рекультивациялау, қоқыс газының шығарындыларының және 1-сыныптағы полигондар үшін отыз жыл ішінде, 2-сыныптағы полигондар үшін жиырма жыл ішінде, полигонды жайластыру және пайдалану үдерісінде пайдаланылған құрылыстар мен жабдықтарды жою мониторингін жүргізу, сондай-ақ қоршаған ортаны нормативтен тыс ластанудан тазарту жөніндегі жұмыстардың орындалуын көздеуі тиіс.
8. Қалдықтарды орналастыру полигонының жобалары, полигонды жою жөніндегі жоба және техникалық-экономикалық негіздеме (есеп айырысу) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады.
9. Полигонды жою жөніндегі жобаның негізінде меншік иесі жою бойынша жұмыстардың жоспарын және оны іске асыруға шығындар сметасын әзірлейді. Жалпы сметалық құны полигонды пайдаланған кезде бұзылған топырақтың алаңы мен сипаттамаларына, орналастырылатын қалдықтардың көлемдеріне, санына және сыныбына, полигонды жою үдерісінде пайдаланылатын материалдар мен техниканың құнына қарай полигонды жою жобасына сәйкес жоюға байланысты барлық шығыстарды қамтуға тиіс.
Көрсетілген шығындар инфляция индексін ескере отырып, жою бойынша жұмыстардың басталуы болжанатын күніне есептеледі.
10. Жою жөніндегі жұмыстар жоспары мен шығындар сметасы экологиялық рұқсат алу үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының құрамында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
11. Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды жүргізу үшін жою қорына қалдықтарды орналастыру полигонын пайдаланудың басынан бері меншік иесі тұрақты аударатын қаражат шоғырланады.
12. Қор полигонды пайдалану басталған күнінен бастап меншік иесі жүзеге асыратын тоқсан сайынғы аударымдар есебінен құрылады.
Жою қорына жыл сайынғы аударымдар мөлшері полигон жойылуы тиіс уақыт кезеңіндегі (жылдар саны) есеп айырысудағы полигонды жоюға арналған шығынның түзу бара-бар жалпы сметалық құнымен анықталады.
13. Жою қорына түсетін аударымдарды полигонның, меншік иесі Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банкте арнайы депозиттік шотта жүргізеді.
14. Жою қорының қаражатын полигон иесі (иесі) тек қана мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынған полигонды жою жөніндегі жобаға сәйкес полигонды жою жөніндегі іс-шараларға қолданылады.
15. Қажет болған жағдайда полигонды жою жөніндегі жұмыстардың жоспарына, оны іске асыруға арналған шығындардың сомасына, сондай-ақ аударымдар мөлшеріне түзетулерді жүзеге асырады. Көрсетілген түзетулерді енгізу тәртібі полигонды жою жобасында белгіленеді.
16. Егер жоюға арналған нақты шығындар жою қорында болған қаражаттың мөлшерінен асып кетсе, онда меншік иесі депозиттік шотқа қосымша толықтыруды жүзеге асырады.
17. Егер жоюға арналған нақты шығындар жою қорында болған қаражаттың мөлшерінен кем болса, онда ақшалай қаражаттың артығы полигон иесінің иелігінде қалады.
18. Полигон иесі жою қорына жасаған аударымдар, арнайы депозиттік шот ашылатын екінші деңгейдегі банктің атауы, шоттың жай-күйі туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды жыл сайын хабардар етеді.
19. Полигон иесі осы Ереженің талаптарын сақтауға, сондай-ақ жою қоры қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуына жауапты болады.
20. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Ереже талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.