7. Егер Қазақстан Республикасы заң актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық Жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының әзірленіп жатқан жобасы нормаларының қолданылуын қамтамасыз ету үшін басқа нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болса, негізгі актінің жобасымен бір мезгілде актілердің өзгерістері мен толықтырулары көрсетілген жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілер дайындау туралы тапсырма берілуге тиіс.
2006.31.01. № 125-III (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізіледі) ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін
қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi
әзірлеудің және қабылдаудың ерекшеліктерi
1. Орталық және жергілікті атқарушы органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сараптамалық қорытынды алу үшін сараптама кеңестері арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жібереді.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есеп нәтижелері қамтылуға тиіс.
3. Сараптамалық қорытынды жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мүшелерінің ортақ пікірін білдіреді, ұсыныс сипатында болады және нормативтік құқықтық актінің жобасына оны мемлекеттік орган қабылдағанға дейін міндетті қосымша болып табылады.
4. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен ретте нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерін негіздеп, жауап жібереді.
5. Жеке кәсіпкердің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізудің мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектісіне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалуы үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізудің тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс.
6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкердің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың міндетті шарты болып табылады.
7. Жеке кәсіпкердің мүддесіне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобалары оларды тиісті органда немесе Сараптама кеңесінің отырысында қарағанға дейін, көпшіліктің қолы жетімді телекоммуникациялық жүйелердегі WEB-сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) тиіс.
15-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу
1. Нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған жағдайда - оны дамыту үшін қабылданатын басқа да нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберіледі.
2. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде келісілуге тиісті мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді, бұған Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобалары және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізетін заң актілерінің жобалары қосылмайды.
3. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер уәкілетті орган өзге бір, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жоба бойынша өз ескертпелері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы жобаны әзірлеген органға хабарлауға тиіс.
4. Алынған ескертпелер бойынша жобаны қажет болған жағдайда оны әзірлеген орган пысықтайды, ал жұмыс тобы қабылданған және қабылданбаған ескертпелер, ескертпелердің қабылданбау себептері туралы анықтама жазады. Бұл анықтама нормативтік құқықтық акт жобасымен бірге жұмыс тобын құрған мемлекеттік органға беріледі.
5. Жұмыс тобын құрған мемлекеттік орган жобаға жұмыс тобымен бірлесіп талқылануға тиіс өзгерістер мен толықтырулар енгізуі немесе жобаны жұмыс тобына пысықтау үшін қайтарып беруі мүмкін.
ҚР 16.06.04 ж. № 566-II (бұр. ред. қара); 2005.21.10. № 81-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Нормативтік құқықтық актінің реквизиттері
Нормативтік құқықтық актілердің мынадай реквизиттері болуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы;
2) актінің нысанына нұсқау; Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы; Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар Жарлығы; Кодекс; Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар Жарлығы; Қазақстан Республикасы Парламентінің қаулысы; Сенаттың қаулысы; Мәжілістің қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы; Министрдің бұйрығы; орталық мемлекеттік орган басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттік органның қаулысы; орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының бұйрығы; мәслихаттың шешімі; әкімдіктің қаулысы; әкімнің шешімі; осы Заңда көзделген нормативтік құқықтық актінің өзге де нысаны;
3) осы нормативтік құқықтық акт реттейтін істі білдіретін тақырып;
4) нормативтік құқықтық актінің қабылданған жері мен күні;
5) нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі;
6) тиісті нормативтік құқықтық актіге қол қоюға уәкілдік берілген адамның қолы;
7) нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен күнi мен нөмiрiн осылай тіркелуге тиісті нормативтік құқықтық актілерде көрсету;
8) елтаңбалы мөр.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II; 2005.21.10. № 81-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Нормативтік құқықтық актінің құрылымы
1. Нормативтік құқықтық актінің негізгі құрылымдық элементі құқық нормаларын қамтитын бап немесе тармақ болып табылады. Құқық нормалары баптар түрінде "бап" атауымен заң актілеріне енгізіледі. Қайсыбір нормативтік құқықтық актілер тармақтардан тұрады, олардың атауы "тармақ" деген сөзбен жазылмайды.
2. Көлемі едәуір нормативтік құқықтық актілердің мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға біріктірілуі мүмкін. Мазмұны жағынан жақын бірнеше тарау бөлімдерге, ал бөлімдер өз кезегінде нормативтік құқықтық актінің бөліктеріне біріктірілуі мүмкін.
3. Көлемі үлкен тарауларда нормативтік құқықтық актінің параграфтары және параграфтарының бөліктері бөліп көрсетілуі мүмкін, ал үлкен бөлімдерде осылайша бөлімшелер бөлінуі мүмкін.
4. Нормативтік құқықтық актінің баптары жекелеген құқық нормаларын қамтитын тармақтарға, ал тармақтар - тармақшаларға бөлінуі мүмкін. Баптардың, тармақтар мен тармақшалардың ішінде бөліктер-құқықтың қисынды аяқталған, абзацтармен бөлінген жекелеген нормалары болуы мүмкін.
Мәтіннің мағыналық жағынан тұтастығы бар, бірінші жолда азат жолмен бөлініп көрсетілетін және кіші әріппен басталатын бөлігі, бөліктің бас әріппен басталатын бірінші абзацын қоспағанда, абзац деп саналады. Абзацтар (бөліктің бірінші және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелі үтірмен аяқталады.
Нормативтік құқықтық актінің баптары - жекелеген құқық нормалары бар тармақтарға, ал тармақтар тармақшаларға бөлінуі мүмкін. Баптардың, тармақтардың және тармақшалардың ішінде абзацтар арқылы бөлінетін бөліктер болуы мүмкін.
Кодекстерде ішкі құрылымның басқа белгілері пайдаланылуы мүмкін.
5. Нормативтік құқықтық актінің әрбір бабы (тармағы), сондай-ақ тараулары, бөлімдері мен бөліктері араб цифрларымен нөмірленеді. Баптардың (тармақтардың) нөмірленуі бүкіл нормативтік құқықтық актінің басынан аяғына дейін реттеліп жасалады. Нормативтік құқықтық актінің бөлімдері мен бөліктерінің нөмірленуі де дербес және басынан аяғына дейін реттеліп жасалады.
6. Баптың тармақтары мен тармақшаларының нөмірлері әрбір бап үшін дербес болады, ал негізгі құрылымдық элементі бап емес, тармақ болып табылатын нормативтік құқықтық актілерде әрбір тармақтың тармақшалары дербес нөмірленеді. Нормативтік құқықтық актінің әрбір тарауындағы параграфтардың нөмірлері мен әрбір бөліміндегі бөлімшелердің нөмірлері де аяғына дейін емес, дербес нөмірленеді.
7. Тармақтарда тармақшалардың нөмірлері жақшамен жабылған араб цифрларымен көрсетіледі.
8. Нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың мақсаты мен себептерін, оның алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндіру қажет болған жағдайларда құқық нормаларын баяндаудың алдынан кіріспе бөлім (преамбула) беріледі.
9. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болған жағдайда оған олардың мәнi түсiндiрiлетiн бап берiледi. Мемлекеттік тiлдегi нормативтiк құқықтық актiде терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылады.
Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар жоғары деңгейде тұрған нормативтiк құқықтық актiде немесе қолданысқа бұрын енгiзiлген бiр деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.
10. Пайдалануға ыңғайлы ету мақсатында нормативтік құқықтық актінің әрбір тарауының, оның бөлімінің, бөлігінің, сондай-ақ тараулардың параграфтары мен бөлімдері бөлімшелерінің тақырыптары болуға тиіс. Заң актілері баптарының да тақырыптары болуға тиіс.
Тараулары жоқ шағын заң актілері баптарының тақырыптары болмауы мүмкін.
11. Кодекстердің, ал уәкілетті орган мұны қажет деп тапқан жағдайларда басқа да ірі нормативтік құқықтық актілердің қажетті құрылымдық элементі мазмұны болып табылады.
12. Нормативтік құқықтық актінің құрылымына қосымшалар енгізілуі мүмкін.
ҚР 12.03.04 ж. № 536-II Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
18-бап. Нормативтік құқықтық акті мәтінінің мазмұны мен жазылу стиліне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу саласындағы міндеттері, функциялары мен құзыреті заңдарда мемлекеттік басқару деңгейлері бойынша айқын ажыратылып белгіленуге тиіс.
2. Нормативтік құқықтық актінің мәтіні әдеби тіл нормалары мен заң терминологиясы сақтала отырып жазылады. Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттерді, метафораларды қолдануға, сөздерді қысқартуға жол берілмейді. Баптың (тармақтың) мәтіні басқа баптарда (тармақтарда) қайталап жазылмайды.
19-бап. Нормативтік құқықтық актілерде басқа актілердің баптарына сілтеме жасау және актілерде басқа актілердің баптарын келтіру
Қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актіде өзге актілердің баптарына (тармақтарына) сілтемелер жасауға жол беріледі, сондай-ақ жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерден сол актілерге сілтеме жасала отырып, олардың жекелеген ережелері келтіріледі.
20-бап. Нормативтік құқықтық актілердің баптарында басқа баптарға сілтеме жасау
Нормативтік құқықтық актінің баптарында (тармақтары мен тармақшаларында) оның басқа баптарына (тармақтарына, тармақшаларына) сілтеме жасау құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауға жол бермеу қажет болған жағдайларда қолданылады.
ҚР 16.06.04 ж. № 566-II (бұр. ред. қара); 2005.21.10. № 81-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 21-бап өзгертілді
21-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізу
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамашылығы құқығы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде ғана іске асырылады. Нормативтік құқықтық актінің жобасы Мәжіліске мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қағазға түсiрiлiп және электронды жеткiзушiлер арқылы енгізіледі.
2. Жоба бойынша табыс етілетін материалдарда мынадай қосымшалар болуға тиіс:
1) жобаны дайындаған мемлекеттік органның немесе ұйымның атауы;
2) жобаны қабылдаудың қажеттігі негізделіп, мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері кеңінен сипатталған түсіндірме жазба;
3) жұмыс тобының құрамы;
4) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы;
5) егер жобаға сараптама жүргізілсе, ол жөніндегі сараптама қорытындылары;
6) жобаның қабылдануына байланысты өзгертілуге немесе күші жойылды деп танылуға тиіс заң актілерінің тізбесі және жобаны іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілер әзірлеу туралы ұсыныстар;
7) әдетте, жобаға қаржы-экономикалық есептеулер, статистикалық мәліметтер қабылданатын нормативтік құқықтық актіні қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары қоса тіркеледі.
Қолданылып жүрген заңдарға өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің жобасы енгізілген жағдайда, енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың тиiстi негiздемесiмен баптардың бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесі табыс етіледі.
4-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің
жобаларына ғылыми сараптама
06.03.02 ж. № 298-II; 16.06.04 ж. № 566-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 22-бап өзгертілді
22-бап. Ғылыми сараптаманың міндеттері
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң реттейтiн құқық қатынастарына қарай осы актiлердiң жобалары бойынша ғылыми (құқықтық, экологиялық, қаржылық және басқа да) сараптама жүргiзiлуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қарауына енгiзiлетiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары бойынша ғылыми сараптама жүргiзiлуi міндетті.
1-1. Қабылдау салдары экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіретін заң актілері мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
2. Сараптама:
1) жобаның сапасын, негізділігін, уақтылылығын, дұрыстығын жобада Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген адам және азамат құқықтарының сақталуын бағалау;
2) нормативтік құқықтық актінің ықтимал тиімділігін айқындау;
3) жобаның нормативтік құқықтық акт ретінде қабылдануының ықтимал теріс салдарларын анықтау үшін жүргізіледі.
23-бап. Сараптаманы жүзеге асыратын адамдар мен ұйымдар
1. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының ғылыми сараптамасын тиісті бейімді ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары, қаралатын жобаның мазмұнына қарай ғалымдар мен мамандар арасынан тартылатын сарапшылар жүргізеді. Сараптама жүргізу бір немесе бірнеше сарапшыға (сараптама комиссиясына) тапсырылуы мүмкін.
2. Жоба бойынша мамандықтары әр түрлі сарапшылардың кешенді сараптамасы немесе әр түрлі сараптаманың дербес түрлері, ал қажет болған жағдайда - қайталама сараптама жүргізілуі мүмкін.
3. Сарапшылар ретінде жобаны дайындауға тікелей қатыспаған ұйымдар мен адамдар тартылады.
4. Сарапшылар ретінде басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан мамандар тартылуы мүмкін.
Жоба ғылыми сараптамадан өткізу үшін шетелдік және халықаралық ұйымдарға жіберілуі мүмкін.
24-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сараптамаға жіберу кезіндегі бастамашылық
1. Нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптама жүргізу туралы шешімді:
1) уәкілетті орган;
2) заң шығару бастамашылығы тәртібімен жобаны Мәжіліске енгізуші Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен Қазақстан Республикасының Үкіметі;
3) уәкілетті органның лауазымды адамдары немесе құрылымдық бөлімшелер, егер уәкілетті органның регламентімен немесе басқа заңдармен осы адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге мұндай құқық берілген болса, қабылдауы мүмкін.
2. Нормативтік құқықтық актінің жобасы шарттық негізде дайындалатын жағдайларда (осы Заңның 14-бабының 5-тармағы) жоба сараптамасы жобаға тапсырыс берушінің шешімі бойынша жүргізілуі мүмкін.
5-тарау. Нормативтік құқықтық актіні қабылдау мен
оны күшіне енгізу тәртібі
06.03.02 ж. № 298-II; 16.06.04 ж. № 566-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 25-бап өзгертілді
25-бап. Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібін белгілеу
1. Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясымен және осы Заңмен белгіленеді.
2. Нормативтік құқықтық актілердің әр алуан түрлерін қабылдау тәртібінің ерекшеліктері сонымен қатар:
1) кодекстер үшін - осы Заңмен.
Кодекстер, оларға өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бөлек отырыстарында өз кезегімен қарау арқылы кемінде екі оқылымда қабылданады;
2) заңдар үшін - Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Парламенті туралы, Қазақстан Республикасының Президенті туралы, референдум туралы заң актілерімен, өзге де заң актілерімен, оның ішінде Парламент пен оның палаталарының регламенттерімен;
2-1) Парламенттiң және оның палаталарының нормативтiк қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Парламентi туралы заң актілерімен;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары үшін Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Президенті туралы заң актісімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің осы тәртіпті реттейтін актілерімен;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары үшін - Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Үкімет туралы заң актісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен;
5) орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының Қазақстан Республикасы Үкіметі құрамына кіретіндерінің де, кірмейтіндерінің де, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілері үшін - Үкімет пен осы органдар туралы заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы органдардың қызметін реттейтін қаулыларымен;
6) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары үшін - Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы заң актілерімен;
7) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары үшін - Қазақстан Республикасының соттары туралы заңдармен;
8) Орталық сайлау комиссиясының (Референдум өткізу жөніндегі комиссияның) нормативтік қаулылары үшін - сайлау және референдум туралы заң актілерімен;
8-1) орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының нормативтiк құқықтық актілері үшiн - осы органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінiң актілерімен;
9) жергілікті өкілді және атқарушы органдардың нормативтік шешімдері үшін - осы органдар туралы заң актілерімен, өзге де заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен айқындалады.
3. Уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау жөніндегі құзыретi Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделген жағдайларда ғана уәкiлеттi органның осы актiнi қабылдауына жол берiледi.
26-бап. Нормативтік құқықтық актіні күшіне енгізу тәртібі
1. Нормативтік құқықтық актіні күшіне енгізу тәртібі нормативтік құқықтық актінің өзінде белгіленуі мүмкін.
2. Заңдарды, оның ішінде кодекстерді күшіне енгізу тәртібі заңдардың (кодекстердің) өзіне немесе жеке заңдармен белгіленеді.
16.06.04 ж. № 566-II ҚР Заңымен 27-бап толықтырылды (бұр. ред. қара)
27-бап. Жаңа нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты нормативтік құқықтық актілердің және олардың бөліктерінің күші жойылды деп тану, оларды өзгерту мен толықтыру
1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты бұрын қабылданған барлық нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық бөліктері, егер олар жаңа актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе оларда қамтылса, күші жойылды деп танылуға, өзгертілуге немесе толықтырылуға тиіс.
2006.31.01. № 125-III (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізіледі) ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде, оны іске асыру үшін қабылданған төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің де күші жойылды деп танылуға тиіс.
Бұл талап жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актіден төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерді іске асыру үшін қабылданған жекелеген нормалар алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
2. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға тиісті актілер мен олардың бөліктерінің тізбесі не актінің өзінде, не оны күшіне енгізу тәртібі туралы актіде болуға тиіс.
3. Жаңа нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға, өзгертілуге немесе толықтырылуға тиісті және жаңа актімен бір деңгейдегі актілердің немесе олардың бөліктерінің (тарауларының, баптарының, тармақтары мен тармақшаларының) саны едәуір болған жағдайда олардың тізбесі жеке актімен ресімделеді. Мұндай актінің жобасын негізгі актінің жобасын әзірлеушілер дайындап, сонымен бір мезгілде табыс етеді.
4. Жаңа нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға, өзгертілуге немесе толықтырылуға тиісті және жаңа актіден деңгейі неғұрлым төмен актілердің немесе олардың бөліктерінің (тарауларының, баптарының, тармақтары мен тармақшаларының) саны едәуір болған жағдайда уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органға олардың актілерінің күші жойылды деп тану, оларды өзгерту мен толықтыру туралы актілер қабылдауды (шығаруды) олардың қабылдану (шығарылу) мерзімін көрсете отырып тапсырады.
Мұндай тапсырманың жобасын уәкілетті органға жаңа нормативтік құқықтық актінің жобасын енгізетін орган дайындайды.
5. Нормативтiк құқықтық актiнiң күшi жойылды деп танылған кезде, сонымен бiр мезгiлде осы актiге өзгерістер мен толықтырулар енгізiлген барлық нормативтiк құқықтық актiлердiң не олардың бөлiктерiнiң күшi жойылды деп танылады.
6. Күшiне енгiзiлмеген нормативтiк құқықтық актiлердi күшi жойылды деп тануға болмайды. Қажет болған кезде мұндай нормативтiк құқықтық актiлер жойылуы мүмкiн.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II; 2005.21.10. № 81-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу
1. Қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінің (бөліктерінің, бөлімдерінің, бөлімшелерінің, тарауларының, параграфтарының, баптарының, тармақтарының, тармақшаларының) күші жойылды деп танылған жағдайда мұндай бөліктері қолданылып жүрген актіден алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірлерге актінің (немесе оның бөлігінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік актіге сілтеме қосып жазылады. Сақталып қалған құрылымдық бөліктердің нөмірлері өзгермейді.
1-1. Нормативтік құқықтық актіге дәл сол түрдегі соңғы құрылымдық бөліктен кейін енгізілетін жаңа құрылымдық бөліктерге кейінгі рет сандары беріледі.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінің арасына дәл сол түрдегі қосымша құрылымдық бөліктер енгізілген жағдайда олар актінің қай құрылымдық бөлігінен кейін келсе, сол құрылымдық бөлігінің нөміріне қосарласатын: 2-1-бөлім, 8-1-параграф, 26-1-бап, 4-1-тармақ және сол сияқты қосымша нөмірлермен енгізіледі.