144-бап. Әскери қызметтен босатылатын сотталған әскери қызметшiнi әскери қызмет бойынша шектеу түріндегі жазадан босату немесе оны ауыстыру
Соттың үкімімен белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн сотталған әскери қызметшi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша әскери қызметтен босатылуы мүмкiн.
Бұл жағдайда әскери бөлiм командирi сотқа жазаның өтелмей қалған бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстыру туралы не жазадан босату туралы ұсыныс жолдайды.
19-тарау. Сотталған әскери қызметшілерге
қатысты қамауды атқару
145-бап. Әскери қызметшiлердiң қамауды өтеу орындары
Қамауға сотталған әскери қызметшiлер жазаны гаупвахтада өтейдi. Офицерлер, прапорщиктер, мичмандар, сержанттық, старшиналық және қатардағы құрамдардың әскери қызметшiлерi өзге негiздер бойынша гаупвахтада ұсталатын әскери қызметшiлерден бөлек және жеке ұсталады.
146-бап. Сотталғандарды гаупвахтаға жiберу тәртібі
Қамауға сотталған әскери қызметшiлер жазаны өтеу үшiн үкiмдi атқару туралы соттың өкімі алынғаннан кейiн әскери жарғыларда белгiленген тәртiппен үш күн мерзiмде гаупвахтаға жiберiлуге тиiс.
147-бап. Сотталғандарды гаупвахтада ұстаудың тәртібі мен жағдайлары
Гаупвахтада ұсталатын сотталған әскери қызметшiлерге қатысты қамау түріндегі жазаны атқарудың осы Кодекстiң 64-бабында, сондай-ақ әскери жарғыларда белгiленген тәртібі мен жағдайлары қолданылады.
148-бап. Сотталғандарға қолданылатын көтермелеу және жазалау шаралары
1. Сотталғандарға үлгiлi мiнез-құлқы үшiн алғыс немесе бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу түрiнде көтермелеу шаралары қолданылады.
2. Жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшiн сотталушыға сөгiс немесе он тәулiкке дейiнгi мерзiмге жалғыз адамдық камераға көшiру түріндегі жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын гарнизонның бастығы мен әскери коменданты пайдаланады.
149-бап. Сотталған әскери қызметшiлердiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi
1. Қамау түріндегі жазаны өтеу уақыты әскери қызметтiң жалпы мерзiмiне және кезектi әскери атақ беруге арналған еңбек сiңiрген жылдарына есептелмейдi.
2. Жазаны өтеу уақытында сотталушыны кезектi әскери атақ беруге, жоғары қызметке тағайындауға, жаңа қызмет орнына ауыстыруға және әскери қызметтен босатуға ұсынуға болмайды, бұған денсаулығы бойынша қызметке жарамсыз деп танылған жағдайлар қосылмайды.
3. Қамауға сотталған әскери қызметшiлерге жазасын өтеу уақытында ақшалай үлес төленбейдi.
20-тарау. Тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі
жазаны атқарудың тәртібі мен
жағдайлары
150-бап. Тәртiптiк әскери бөлiмдер
1. Тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түріндегі жазаны жеке тәртiптiк батальондар немесе жеке тәртiптiк роталар атқарады. Тәртiптiк әскери бөлiмдердiң ұйымдық құрылымы мен олардың санын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгiлейдi.
2. Тәртiптiк әскери бөлiмдерге жалпы басшылықты тиiстi құрылымдық бөлiмшелер арқылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi жүзеге асырады.
3. Сотталғандарды тәртiптiк әскери бөлiмдерге жiберу мен қабылдау Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Тәртiптiк әскери бөлiмдерде ұсталатын сотталғандарға осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес негiзгi түзеу құралдары, сондай-ақ әскери оқу қолданылады.
151-бап. Тәртiптiк әскери бөлiмнiң режимi
1. Сотталған әскери қызметшiлер осы Кодекстiң 12-тарауында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген режим талаптарын сақтауға мiндеттi.
2. Тәртiптiк әскери бөлiмде жазаны өтеу кезеңiнде барлық сотталғандар өздерiнiң әскери атағы мен бұрынғы қызметiнiң сипатына қарамастан солдаттардың (матростардың) жағдайында болады және сол бөлiмге белгiленген киім нысаны мен айырым белгiлерi бiрыңғай болады.
152-бап. Сотталғандардың кездесулерi
1. Сотталған әскери қызметшiлердiң қысқа мерзiмдi және ұзақ кездесулерге құқығы бар.
2. Туған-туыстарымен және өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер тәртiптiк әскери бөлiм өкiлiнiң бақылауымен тәртiптiк әскери бөлiм командирi белгiлеген күндер мен сағаттарда жұмыс пен сабақтардан бос уақытта арнайы жадбықталған бөлмеде төрт сағатқа дейiнгi созылатын етiп айына екi рет берiледi.
3. Ұзақ кездесулер тәртiптiк әскери бөлiмнiң арнайы жабдықталған үй-жайында не бөлiм командирiнiң қалауы бойынша одан тыс жерде ұзақтығы үш тәулiкке дейiн бiрге тұру үшiн жұбайына (зайыбына) жақын туыстарына ғана бiр жыл iшiнде төрт рет берiледi.
4. Ұзақ кездесу уақытында сотталғандар жұмыс пен сабақтардан босатылады.
5. Сотталушының өтiнiшi бойынша қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесулер тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi белгiлеген тәртiппен телефон арқылы сөйлесумен ауыстырылуы мүмкiн.
6. Сотталғандар заң көмегiн алу үшiн адвокатымен оңаша кездесуге хақылы. Адвокатпен кездесудi уақыт жағынан шектеуге болмайды.
153-бап. Сотталғандардың посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алуы
1. Сотталғандар айына бiр посылка, кездесу кезiнде сәлемдемелер, ал бандерольдарды - олардың санына шек қоймай алуына құқығы бар.
2. Сотталғандардың атына келген посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар ашылады және оның iшіндегінi тәртiптiк әскери бөлiм өкiлiнiң бақылауымен олар атына жiберiлген сотталғандар алады.
3. Посылкадан, сәлемдемеден, бандерольдан табылған, сотталушыда болуға тыйым салынған нәрселер немесе заттар алып қойылады, сотталушының жеке заттарының тiзiмiне енгiзiледi, сөйтiп жаза мерзiмiн өтегенге дейiн оның басқа жеке заттарымен бiрге сақталады. Бұл орайда атылатын және суық қару, оқ-дәрiлер, улы және есiрткi заттар алып қойылады және сотталушыға қайтарылмайды. Мұндай нәрселер мен заттардың табылғаны туралы тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi дереу прокурорға хабарлайды.
4. Сотталғандардың атына келiп түскен ақша олардың жеке шоттарына есептеледi.
154-бап. Сотталғандардың хат алысуы
1. Сотталғандарға санына шек қойылмай хаттар мен жеделхаттар алуына және салуына рұқсат етiледi.
2. Келген хаттарды тәртiптiк әскери бөлiмнiң өкiлi бередi, сотталғандар оларды соның бақылауымен ашуға мiндеттi. Бұл орайда табылған тыйым салынғандары алып қойылады. Хаттар мен жеделхаттардың мазмұны тексерiлмейдi.
3. Сотталғандардың жiберетiн хаттарын ашуға тыйым салынады.
155-бап. Сотталғандардың тәртiптiк әскери бөлiмнiң шегiнен тыс жерге қысқа мерзiмдi жол жүруi
1. Ерекше мән-жайларға - жұбайының (зайыбының), жақын туысының өлуiне немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретiн ауыр сырқатына, сотталушыға немесе оның отбасына елеулi материалдық залал келтiрген зiлзалаға байланысты оған тәртiптiк әскери бөлiмнiң шегiнен тыс жерге бару-қайту жолына кететiн уақытты есептемегенде, ұзақтығы жетi тәулiкке дейiн қысқа мерзiмдi жол жүруге рұқсат берiлуi мүмкiн. Сотталушының тәртiптiк бөлiмнiң шегiнен тыс жерде болу уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
2. Сотталғандарға мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер үшiн көзделген демалыстар берiлмейдi.
156-бап. Сотталғандардың еңбегi
1. Сотталғандар тәртiптiк әскери бөлiмнiң өндiрiстiк кәсiпорындарына (объектiлерiне) не Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгiлейтiн басқа объектiлерге еңбекке тартылады.
2. Сотталғандарды әскери кәсiпорындарда жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкiндiк болмаған жағдайда олар режим талаптары сақталып, басқа мемлекеттік кәсiпорындар мен ұйымдарға еңбекке тартылуы мүмкiн.
3. Сотталғандардың еңбегi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасыда белгiленген еңбектi қорғау, қауiпсiздiк техникасы мен өндiрiстiк санитария ережелерi сақтала отырып, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес ұйымдастырылады.
4. Сотталғандар орындайтын жұмыстарға қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол кәсiпорында (ұйымда) белгiленген нормалар мен бағалар қолданылады. Сотталғандарға есептелген табыс сомалары төленбейдi.
5. Сотталғандардың еңбегi үшiн кәсiпорындардың (ұйымдардың) есептеген сомасының 55 процентi тәртiптiк әскери бөлiмге оны абаттандыру, оның өндiрiстiк базасын құру мен дамыту, сотталғандарды материалдық көтермелеу және олардың әлеуметтiк-тұрмыстық мұқтаждарын шешу қорын құру үшiн аударылады, ал қалған бөлiгi мемлекеттік кiрiсiне аударылады.
157-бап. Сотталғандарды әскери оқыту
Сотталғандарды әскери оқыту Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әзiрлейтiн арнаулы бағдарлама бойынша ұйымдастырылып, жүргiзiледi. Сабақтарды өткізу үшiн қажеттi оқу-материалдық база құрылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 158-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
158-бап. Тәрбие жұмысы
1. Сотталғандармен тәрбие жұмысын тәртiптiк әскери бөлiмнiң командованиесi ұйымдастырып, жүргiзедi. Ол осы Кодекстiң 105, 106-баптарында жазылған принциптерде құрылады.
2. Сотталғандар келген әскери бөлiмдердiң командирлерi тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирiмен үнемi байланыс жасап тұруға, бұрынғы бағыныштыларының мiнез-құлқына ден қоюға және олардың түзелуiне жәрдем көрсетуге мiндеттi.
3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен қоғамдық бiрлестiктердiң сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзуде тәртiптiк әскери бөлiмнiң командованиесiне жәрдем көрсетуiне болады.
159-бап. Сотталғандардың қоғамдық кеңестерi
1. Сотталғандарды түзеу жұмысында тәртiптiк әскери бөлiмнiң командованиесiне жәрдемдесу мақсатында роталарда өзiн үлгiлi мiнез-құлқымен, еңбекке және әскери қызметке адал қарауымен көрсеткен сотталушылардан қоғамдық кеңестер құрылады.
2. Қоғамдық кеңес сотталғандардың жиналыстарында сайланады және оны тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi бекiтедi, оның қызметiне бақылау жасауды сол жүзеге асырады.
3. Қоғамдық кеңес тәрбие шаралары мен сотталғандардың бос уақытын ұйымдастыруда бөлiм командирiне көмек көрсетедi, сотталғандармен жеке түсiндiру жұмысын жүргiзедi, түзелiп келе жатқандардың қатарына қосуға кандидатураларды немесе жазадан шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға ұсынылатын кандидатураларды талқылауға қатысады.
160-бап. Сотталғандарға қолданылатын көтермелеу
1. Сотталғандарға мынадай көтермелеу қолданылады:
алғыс жариялау;
грамотамен, бағалы сыйлықпен немесе ақшамен марапаттау;
қосымша бiр қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесуге не туыстарымен телефон арқылы сөйлесуге рұқсат ету;
бұрын қолданылған тәртiптiк жазаны алу.
2. Өздерiнiң түзеу жолына түскендiгiн үлгiлi мiнез-құлқымен және еңбек пен әскери қызметке адал қарауымен дәлелдеген сотталғандар жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтегеннен кейiн тәртiптiк әскери бөлiм командирiнiң бұйрығымен түзелiп келе жатқандар қатарына қосылады.
3. Түзелiп келе жатқандар қатарына қосылғандар арасынан өзiнiң түзелуiн үлгiлi мiнез-құлқымен және еңбек пен әскери қызметке адал қарауымен дәлелдеген сотталғандарды тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi заңда белгiленген тәртiппен жазадан шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға ұсынуы мүмкiн.
161-бап. Сотталғандарға қолданылатын жазалар
1. Сотталғандарға мынадай жазалар қолданылады:
сөгiс;
қатаң сөгiс;
түзелiп келе жатқандар қатарынан шығарып тастау;
отыз тәулiкке дейiн гаупвахтада ұстап қамау.
2. Тәртiптiк ретпен қамалып сотталғандар жазаны тәртiптiк әскери бөлiмнiң гаупвахталарындағы жалғыз адамдық камераларда өтейдi.
162-бап. Көтермелеу мен тәртiптiк жазаларды қолдану тәртібі
Командирлердiң көтермелеу мен жазаларды қолдану жөніндегі құқықтарын, оларды қолдану тәртібін, сондай-ақ оларды есепке алуды әскери жарғылардың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгiлейдi.
163-бап. Сотталғандарды материалдық-тұрмыстық және медициналық жағынан қамтамасыз ету
1. Сотталғандарға әскери жарғылардың талаптарына сәйкес қажеттi тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасалады.
2. Сотталғандар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен нормалар бойынша азық-түлiкпен қамтамасыз етiледi.
3. Сотталғандар заттай мүлiкпен өздерi үшiн белгiленген нормалар бойынша қамтамасыз етiледi.
4. Сотталғандарды медициналық жағынан қамтамасыз ету әскери жарғылардың талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
5. Стационарлық жағдайда емделуге мұқтаж сотталғандар емделу үшiн госпитальға күзетпен жiберiледi және онда арнайы жабдықталған палаталарда ұсталады. Сотталғандарды госпиталь шегiнде күзету госпиталь орналасқан жерi бойынша гарнизон бастығының күштерiмен және құралдарымен жүзеге асырылады.
6. Сотталғандарға ақшалай үлес олардың жеке шоттарына лауазымдық айлықақылардың есебiнен немесе шақыру бойынша қызметтiң бiрiншi жылындағы солдаттар мен матростарға арналған бiрiншi тарифтiк разряд бойынша ай сайын есептелiп отырады. Темекi үлесiнiң орнына ақшалай өтемақы тәртiптiк әскери бөлiмнен босату кезiнде қолына берiледi.
7. Сотталғандарда болуына, қолма-қол есеп айырыспай сатып алуына немесе посылкалармен, бандерольдармен және сәлемдемелермен алуына рұқсат етiлетiн бiрiншi кезекте қажеттi нәрселер мен тамақ өнiмдерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі анықтайды.
164-бап. Әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдарды жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босату
Тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түріндегі жазаны өтеушi және денсаулық жағдайы бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссия есептен шығара отырып әскери қызметке жарамсыз немесе бейбiт уақытта жарамсыз деп таныған адамды сот жазадан мерзiмiнен бұрын босатуы не жазасының өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыруы мүмкiн.
6-Бөлім. Өлім жазасы түріндегі жазаны орындау
21-тарау. Өлім жазасы түріндегі жазаны орындаудың
тәртібі мен жағдайлары
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 10.03.04 ж. № 529-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 165-бап өзгертілді
165-бап. Жалпы ережелер
1. Өлiм жазасына сотталған адамды ұстаудың жағдайы оны күшейтiлген күзетпен және жалғыз адамдық камерада оқшаулаумен қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Сотталушы кешiрiм жасау туралы өтiнiш берген жағдайда үкiмнiң орындалуы Қазақстан Республикасының Президентi шешiм қабылдағанға дейiн тоқтатыла тұрады.
3. Сотталушы кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруден бас тартқан жағдайда тергеушілік оқшаулау орнының әкiмшiлiгi прокурордың қатысуымен тиiстi акт жасайды.
4. Сот үкімінiң заңды күшiне енуi, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының қадағалау тәртібімен соттың үкіміне қарсылық жасау үшiн негiздердiң жоқтығы туралы және iстi қадағалау тәртібімен қарау үшiн негiздердiң жоқтығы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының қорытындылары, сондай-ақ кешiрiм жасау туралы өтiнiштiң қабылданбағаны туралы хабарлама немесе сотталушының кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруден бас тартқаны туралы акт өлiм жазасы түріндегі жазаны орындау үшiн негiз болып табылады.
5. Өлiм жазасы туралы үкiм ол күшiне енген кезден бастап ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II; 10.03.04 ж. № 529-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 166-бап өзгертілді
166-бап. Өлiм жазасына сотталған адамның құқықтық жағдайы
1. Үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн сотталушының заңда белгiленген тәртiппен кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруге құқығы бар. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген жағдайда, сотталғанның мораторий енгізілгенге дейін не ол қолданылған уақытта өтініш бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, мораторийдің күші жойылғаннан кейін де бір жыл ішінде кешірім жасау туралы өтінішпен жүгінуге құқығы бар.
2. Ол:
заңда көзделген тәртiппен қажеттi азаматтық-құқықтық және неке-отбасылық қатынастарды ресiмдеуге;
заң көмегiн алуға және ұзақтығы мен санына шек қойылмай адвокатпен кездесуге;
қажеттi медициналық көмек алуға;
хаттарды шек қойылмай алуға және жiберуге;
зайыбымен, жақын туыстарымен ай сайын бiр қысқа мерзiмдi кездесуге;
дiн қызметшiсiмен кездесуге;
күн сайын ұзақтығы отыз минут болатын сейiлдеудi пайдалануға;
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қатаң режимдегi түзеу колониясында ұсталатын сотталғандар үшiн көзделген мөлшерде ақша жұмсауға құқылы.
3. Өздерi жөніндегі сот үкімі заңды күшiне енген, бiрақ кешiрiм жасау мәселесi шешiлмеген не кешiрiм жасау туралы өтiнiшi қанағаттандырылған өлiм жазасында сотталғандар жазасын одан әрi өтеу үшiн түзеу мекемесiне жiберiлгенге дейiн осы Кодекстiң 123-бабында көзделген жағдайларда ұсталады.
4. Өздерi жөніндегі кешiрiм жасау туралы өтiнiш қабылданбаған өлiм жазасына сотталғандар үкiмдi орындау үшiн тиiстi мекемелерге жiберiлгенге дейiн осы Кодекстiң 127-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда ұсталады.
167-бап. Өлiм жазасын орындау тәртібі
1. Өлiм жазасы жария етпей ату жолымен орындалады. Бiрнеше адамға қатысты өлiм жазасын орындау әрбiреуiне қатысты жеке және өзгелерi жоқта орындалады.
2. Өлiм жазасын орындау кезiнде прокурор, өлiм жазасы атқарылатын мекеменiң өкiлi және дәрiгер болады.
3. Сотталушының өлгенiн дәрiгер куәландырады. Сот үкімінiң орындалғаны туралы хаттама жасалады, оған осы баптың 2-тармағында аталған адамдар қол қояды.
4. Жазаны атқарған органның әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа, сондай-ақ сотталушының жақын туыстарының бiрiне өлiм жазасының атқарылғаны туралы хабарлауға мiндеттi. Өлiктiң жерленген жерi туралы туыстарына жерленген кезден екi жыл өткен соң хабарланады.
5. Азаматтық хал актілерін жазу органына әкiмшiлiк белгiлеген үлгiде хабарлама жiбередi және туыстарына олардың өлуi туралы куәлiктi қайдан алуына болатын орынды хабарлайды.
7-Бөлім. Жазаны өтеуден босату. Жазасын өтеуден
босатылған сотталғандарға көмек және
оларға бақылау жасау
22-тарау. Жазаны өтеуден босату
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 168-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
168-бап. Жазаны өтеуден босатудың негiздерi
Жазаны өтеуден босатудың негiздерi мыналар болып табылады:
сот үкімі бойынша тағайындалған жаза мерзiмiн өтеу;
iс бойынша ақтау үкімі шығарылған немесе iс жүргiзудiң қысқартылуына байланысты сот үкімі күшiнiң жойылуы;
жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату;
жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру;
кешiрiм жасау немесе рақымшылық жасау;
сотталған адамның мүгедектігі немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органы бекітетін тізбеде көзделген сырқаты;
заңда көзделген өзге де негiздер.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II заңымен ; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 169-бап өзгертілді
169-бап. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босатуға ұсыну тәртібі
1. Шартты-мерзiмiнен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыру қолданылуы мүмкiн сотталушы жөнiнде жазаны атқарушы мекеме немесе орган Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа сотталушыны жазасын өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы не жазасының өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру туралы ұсыныс енгiзедi.
2. Кешiрiм жасауға ұсынылатын сотталушы жөнiнде жазаны атқарушы мекеме немесе орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тиiстi өтiнiш енгiзедi.
3. Жазасын өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру және кешiрiм жасау туралы ұсыныста сотталушының жеке басын сипаттайтын деректер, сондай-ақ оның мiнез-құлқы, жазасын өтеу кезіндегі еңбек пен оқуға көзқарасы баяндалуға тиiс.
4. Рақымшылық жасауды қолдану тәртібін рақымшылық жасау туралы актiнi шығарушы орган белгiлейдi.
5. Жүйке бұзылуы салдарынан жазаны өтеуден босату туралы ұсынысты сотқа жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы енгiзедi. Ұсыныспен бiрге медициналық комиссияның қорытындысы және сотталушының жеке iсi жолданады.
6. Ауыр сырқатқа байланысты жазаны өтеуден босату туралы ұсынысты сотқа жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы енгiзедi. Ұсыныспен бiрге сотқа медициналық немесе медициналық-әлеуметтiк сараптау комиссиясының қорытындысы мен сотталушының жеке iсi жолданады. Ұсыныста сотталушының жазасын өтеу кезіндегі мiнез-құлқын сипаттайтын деректер болуға тиiс.
7. Қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған адамдар I және II топтағы мүгедек деп танылған жағдайда жазаны атқарушы мекеме немесе орган оны жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босату туралы ұсыныс енгiзедi.
8. Қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған әйелдердiң жүктілігi анықталған жағдайда жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы сотқа жүктілігi мен тууы бойынша демалыс берген күннен бастап оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс енгiзедi.
9. Сотталушы заңмен белгiленген жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн өтеген кезде жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату, не одан бас тарту, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстыру туралы мәселенi бiр ай мерзiмде қарауға және өтінішхат шығаруға мiндеттi , ол кейіннен сотқа енгізу үшін прокурорға жіберіледі. Жазасын өтеу мерзімінің заңмен белгіленген бір бөлігін өтеген сотталған адамды шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі туралы жәбірленушіні не оның өкілін мекеменің немесе жазаны орындаушы органның әкімшілігі үкім шығарған сот берген мекен-жай бойынша почта арқылы тапсырыс хатпен хабардар етеді.
10.алып тасталды
11. Сот шартты-мерзiмiнен бұрын босатудан, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстырудан бас тартқан жағдайда, осы негiздердiң кез келгенi бойынша қайта ұсыныс енгізу - бас тарту туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап алты айдан ерте орын алмауы керек.
12. Шартты-мерзiмiнен бұрын босатылғандар, сондай-ақ бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталғандар, егер олар заңда көзделген жағдайларда түзеу мекемелерiне жiберiлген болса, жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағына ауыстыруды шартты-мерзiмiнен бұрын босатудан бас тарту туралы сот шешiмi шығарылған күннен бастап ерте дегенде бiр жыл өткен соң қайта ұсынуға болады.
170-бап. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарды шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға ұсынудың ерекшелiктерi
1. Өмiр бойы бас бостандығынан айырудан шартты-мерзiмiнен босату сотталушының алдыңғы үш жылдың iшiнде жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушылығы болмаған жағдайда ғана қолданылады.
2. Өмiр бойы бас бостандығынан өтеу кезеңiнде жаңадан ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған сотталғандар шартты-мерзiмнен бұрын босатуға ұсынылмайды.
3. Сот сотталушыны шартты-мерзiмнен бұрын босатудан бас тартқан жағдайда сот бас тарту туралы шешiм қабылдаған күннен бастап ерте дегенде үш жыл өткен соң қайталап ұсыныс енгізу орын алуы мүмкiн.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара) заңдарымен 171-бап өзгертілді
171-бап. Жүктi әйелдер және жас балалары бар әйелдер жөнiнде жазаның атқарылу мерзiмiн кейiнге қалдыру
1. Түзеу колониясында жазасын өтеушi жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдерге сот тиiсiнше бiр жылға дейiнгi мерзiмге немесе бала он төрт жасқа толғанға дейiн жазаның атқарылуын кейiнге қалдыруы мүмкiн.
2. Жазаның атқарылуын кейiнге қалдыру жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бес жылдан артық мерзiмге сотталған әйелдерге қолданылмайды.
3. Түзеу колониясының әкiмшiлiгi сотқа сотталған әйелге жазаны қолдануды кейiнге қалдыру туралы ұсыныс немесе оның тиiстi өтiнiшiн жолдайды. Оған қылмыстық-атқару инспекциясы жасаған әйелдiң мiнездемесi, әйелдi және баланы қабылдауға, оларға тұрғын үй беруге және тұруы үшiн қажеттi жағдайлар жасауға келiскен туысқандарының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру актiсi, жүктілігi туралы медициналық қорытынды не баласының бар екендiгi туралы анықтама, сондай-ақ сотталушының жеке iсi қоса тiркеледi.
4. Түзеу колониясының әкiмшiлiгi сотталған әйел жөнiнде жазаның атқарылуын кейiнге қалдыру туралы сот қаулысын алған соң оны босатады. Сотталушыдан өзiнiң тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына барып жеткен күнiнен бастап үш күн мерзiмде баруы туралы қолхат алынады.