Ұлттық компаниялар мен акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі
акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 наурыздағы № 183 Қаулысы
Осы редакция 2007 ж. 7 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Ұлттық компаниялар мен акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің шарттары туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Үлгі ереже) бекітілсін.
2. Акционерлік қоғамдар акцияларының бақылау пакеттерін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар директорлар кеңестерінің басшы қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін Үлгі ережеге сәйкес белгілеуін қамтамасыз етсін.
3. «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі», «ҚазАгро» ұлттық холдингі» және «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамдарына акцияларының пакеттерін мемлекет олардың жарғылық капиталына берген акционерлік қоғамдарға қатысты Yлгі ережеге сәйкес басшы қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін белгіленген тәртіппен айқындау ұсынылсын.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Мемлекеттік корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңес құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 наурыздағы № 194 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 10, 94-құжат):
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңес туралы ережеде:
5-тармақтың 5) тармақшасындағы «мәселелері» деген сөздің алдынан «;» белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) компаниялардың басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу»;
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Индустриялық- инновациялық даму саласындағы мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңес құру туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2006 жылғы 3 мамырдағы № 356 қаулысында:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Индустриялық-инновациялық даму саласындағы мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңес туралы ережеде:
5-тармақтың 5) тармақшасындағы «мәселелері» деген сөздің алдынан «;» белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) компаниялардың басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу».
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 12 наурыздағы
№ 183 қаулысымен
Бекітілген
Ұлттық компаниялар мен акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің шарттары туралы
үлгі ереже
Осы Yлгі ереже ұлттық компаниялар мен акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (бұдан әрі - ұйымдар) басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу және уәждеу мәселелерінде бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Үлгі ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
жалақы - басшы қызметкердің функционалдық міндеттері мен жауапкершілік деңгейін ескере отырып, белгіленетін айлық лауазымдық жалақы;
бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы - қол жеткізілген табыстарын материалдық көтермелеу және жұмыс тиімділігін арттыруды ынталандыру мақсатында жұмыс нәтижелеріне қарай жылына бір рет төленетін бір жолғы сыйақы.
2. Ұйымның басшы қызметкерлеріне:
бірінші басшы (президент, Басқарма төрағасы және тағы басқалары);
басшының орынбасары (вице-президент, Басқарма төрағасының орынбасары және тағы басқалары);
атқарушы органның (Басқарманың) мүшесі жатады.
3. Ұйымның басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу ұйымның ағымдағы қаржы жылына арналған бюджетінде еңбекақы төлеуге көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.
4. Ұйымның басшы қызметкері жалақысының мөлшері, бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы алуға құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен жасалатын жеке еңбек шартында айқындалады.
5. Осы Үлгі ереже ұйымға белгіленген тәртіппен тартылатын шетелдік мамандар - басшы қызметкерлерге қолданылмайды. Көрсетілген шетелдік мамандарға еңбекақы төлеу шарттары ұйымның Директорлар кеңесінің шешімімен айқындалады.
2. Еңбекақы төлеу шарттары
6. Ұйымның басшы қызметкерлері жалақысының мөлшері орындалатын жұмыстың күрделілігіне, атқарып отырған лауазымына, өндірістің (бизнестің) ерекшеліктері мен ауқымына және оларға байланысты қатерлерге, еңбектің салалық ерекшелігіне, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ұйымның рөлі мен орнына қарай сараланған түрде айқындалады және ұйымның Директорлар кеңесінің шешімімен белгіленеді.
7. Ұйымның басшы қызметкерлерінің өндірістің тиімділігі мен жұмыс сапасын арттыруға материалдық қызығушылығын күшейту үшін бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы төлеу жүргізіледі.
8. Бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақының мөлшері әрбір басшы қызметкердің қызметін бағалауға деген жеке тәсіл негізінде айқындалады және ұйымның даму жоспарының (қаржы-шаруашылық қызметі жоспарының) сапалық және сандық көрсеткіштеріне байланысты.
9. Ұйымның басшы қызметкерлеріне бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы төлеудің тәртібі мен шарттары ұйымның Директорлар кеңесінің шешімімен айқындалады.
10. Басшы қызметкерлерге бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы аудит жасалған қаржылық есептілік негізінде ұйымның қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін қаржы жылының нәтижелері бойынша төленеді.
11. «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі», «ҚазАгро» ұлттық холдингі» және «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамдарының, сондай-ақ акцияларының пакеттерін мемлекет жоғарыда айтылған акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталына берген акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлерінің жалақысы мен бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақысының шекті мөлшері тиісті Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мамандандырылған Кеңестердің ұсынымдары негізінде ұйымның Директорлар кеңесінің шешімімен айқындалады.
12. Басшы қызметкердің орташа жалақысын есептеу бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақыны есептемей Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
13. Басшы қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін белгілеу кезінде ұйымның Директорлар кеңесі осы Үлгі ережені басшылыққа алады.