13. Тiнту мен алу жүргiзiлген кезде тергеушi iске қатысы болуы мүмкiн заттар мен құжаттарды алумен шектелуге тиiс. Айналымға салуға тыйым салынған заттар мен құжаттар олардың iске қатыстылығына қарамастан алынуға тиiс.
14. Алынатын заттар мен құжаттар куәгерлерге және қатысып отырған басқа да адамдарға көрсетiледi, буып-түйiледi және тiнту немесе алу жүргiзiлген жерде мөрмен бекітіледi және куәгерлер мен бұған қатысып отырған басқа адамдардың қол қоюымен куәландырылады.
15. Тiнту жүргiзген кезде қажет болған жағдайда фотосуретке, киноға түсiру және бейнежазба жүргiзiледi.
233-бап. Жеке адамды тiнту
1. Осы Кодекстiң 230-бабында көзделген негiздер болған кезде және 232-бабының талаптарын сақтай отырып, тергеушi тiнтiлетiн адамның денесiнен, оның киiмiнен және бойындағы заттардан заттар мен құжаттарды табу және алу мақсатында жеке адамды тiнтуге құқылы.
2. Жеке адамды тiнтудi тiнту жүргiзiлетiн адаммен жынысы бiр адам және сол жыныстағы куәгерлер мен мамандардың қатысуымен жүргiзедi.
3. Жеке тiнту арнайы қаулы шығармай және прокурордың санкциясынсыз, мынадай жағдайларда, егер:
1) үй-жайдағы немесе тiнту жүргiзiлiп жатқан өзге орындағы адам iс үшiн маңызы болуы мүмкiн құжаттарды немесе заттарды өз бойында жасырып отыр деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болса;
2) ол адам ұсталса немесе күзетпен қамауға алынса жүргiзiледi. Бұл жағдайда жеке адамды тiнту куәгерлер жоқ болса да жүргiзiледi.
234-бап. Тiнту немесе алу хаттамасы
1. Тiнту немесе алу жүргiзетiн адам осы Кодекстiң 203-бабында көзделген талаптарды сақтай отырып хаттама жасайды.
2. Хаттамада заттар немесе құжаттар қай жерде және қандай жағдайда табылғаны, олардың ерiктi түрде берiлгенi немесе мәжбүрлеп алынғаны көрсетiлуге тиiс. Барлық алынған заттар хаттамада саны, мөлшерi, салмағы, өзiндiк белгiлерi және мүмкiндiгiнше бағасы дәл көрсетiле отырып жазылуға тиiс.
3. Егер тiнту немесе алу жүргiзген кезде алынуға жататын заттарды немесе құжаттарды жою немесе жасыру әрекеттерi жасалған болса, бұл хаттамада қолданған шаралар көрсетiле отырып жазылуға тиiс.
4. Тiнту немесе алу хаттамасының көшiрмесi олар жүргiзiлген адамға не оның кәмелетке толған отбасы мүшесiне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымның немесе жергiлiктi атқарушы органның өкiлiне олардан қолхат алынып тапсырылады. Егер тiнту немесе алу ұйымда жүргiзiлсе, онда хаттаманың көшiрмесi оның өкiлдерiне қолхат алынып тапсырылады.
30-Тарау. Хат-хабарды тұтқындау.
Хабарламаларды жолдан ұстау.
Сөйлесулерді тыңдау мен жазу
235-бап. Почта-телеграф жөнелтілімдерiн тұтқындау,
оларды тексеру мен алу
1. Хаттар, жеделхаттар, радиограммалар, бандерольдер, посылкалар мен басқа да почта-телеграф жөнелтілімдерi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi, құжаттар мен заттарды қамтуы мүмкiн деп пайымдауға жеткiлiктi негiз болған кезде олар тұтқындалуы мүмкiн.
2. Тергеушi почта-телеграф жөнелтілімдерiн тұтқындау туралы прокурор санкция беретiн қаулы шығарады. Қаулыда почта-телеграф жөнелтілімдерiн ұстап қалу мiндетi жүктелетiн байланыс мекемесiнiң атауы, почта-телеграф жөнелтілімдерi ұстауға жататын адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, олардың мекен-жайы, тұтқындалып отырған почта-телеграф жөнелтілімiнiң түрi, ол тұтқындалатын мерзiм көрсетiледi.
3. Почта-телеграф хат-хабарын тұтқындау туралы қаулы тиiстi байланыс мекемесiнiң басшысына жiберiледi, ол почта-телеграф жөнелтілімдерiн ұстап қалып, бұл туралы дереу тергеушiге хабарлауға мiндеттi.
4. Ұсталған почта-телеграф жөнелтілімдерiн тексерудi, алуды және көшiрмесiн түсiрудi тергеушi куәгерлердiң қатысуымен байланыс мекемесiнде жүргiзедi. Қажет болған жағдайларда почта-телеграф жөнелтілімдерiн тексеру мен алуға қатысуға тергеушi тиiстi маманды, сондай-ақ аудармашыны шақыртуға құқылы. Почта-телеграф жөнелтілімдерiн тексерудiң әрбiр жағдайында хаттама жасалады, онда кiм және қандай почта-телеграф жөнелтілімдерiн тексергенi, көшiрмесiн алғаны және алушыға жiбергенi немесе тергеушi белгiлеген мерзiмге ұстағаны көрсетiледi.
5. Почта-телеграф жөнелтілімдерiн тұтқындаудың күшiн бұл шараға қажеттілік жойылған кезде тергеушi немесе прокурор, бiрақ кез келген жағдайда тергеу аяқталғаннан кейiн кешiктiрмей жояды.
236-бап. Хабарды жол-жөнекей ұстау
1. Техникалық, оның iшiнде компьютерлiк байланыс арналары арқылы берiлетiн хабарларды жолдан ұстау және компьютерлiк жүйелерден тергелiп отырған iске қатысты ақпаратты алу тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысының негiзiнде жүргiзiледi.
2. Тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы жедел iздестiру қызметiн жүзеге асырып отырған органға орындауға жiберiледi.
3. Жол-жөнекей ұстап алу нәтижесiнде алынған хабарлар мен компьютерлiк ақпаратты маман тиiстi ақпарат ұстаушыда бекiтедi және тергеушiге бередi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 237-бап өзгертілді
237-бап. Сөйлесулердi тыңдау мен жазу
1. Сезiктiнiң, айыпталушының және қылмыс туралы, ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы iстер жөнiнде мәлiметтердi бiлуi мүмкiн басқа да адамдардың бейне және дыбыс жазу техникаларын немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы әңгiмелесулерiн жасырын тыңдау мен жазу, сондай-ақ телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы сөйлескен сөздерiн тыңдау мен жазу тыңдау нәтижесiнде iс үшiн маңызы бар мәлiметтер алынады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде прокурор санкция берген тергеушi қаулысының негiзiнде жүргiзiле алады.
2. Күш қолдану, қорқытып алу және басқа қылмыстық әрекеттердi жәбiрленушiге, куәға немесе олардың отбасы мүшелерiне қолдану қаупi болған кезде тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы бойынша олардың келісімiмен, бейне және дыбыс жазу техникаларын немесе басқа да арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы әңгiмелесулерiнiң жасырын тыңдалуы және жазылуы, сондай-ақ олардың телефондары немесе басқа сөйлесу құрылғылары арқылы сөйлескен сөздерiнiң тыңдалуы және жазылуы мүмкiн.
3. Тергеушi сөйлескен сөздердi, әңгімелесулерді тыңдау мен оларды жазуды қажет деп таныған соң дәлелдi қаулы шығарады, онда: қылмыстық iс және осы тергеу iс-әрекетi жүргiзiлуге тиiс негiздер, сөйлескен сөздерi тыңдалатын және жазылатын адамдардың аты-жөнi және ол қандай уақыт аралығында жүргiзiлетiнi; сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазуды техникалық тұрғыдан жүзеге асыру тапсырылған орган көрсетiледi. Аталған қаулы прокурорға ұсынылады және ол санкция берген жағдайда тергеушi оны орындау үшiн тиiстi органға жiбередi.
4. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазу тергеушiнiң қаулысы бойынша прокурордың санкциясынсыз, оған кейiннен жиырма төрт сағат iшiнде сөйлескен сөздi, әңгiмелесудi тыңдалғаны, жазылғаны туралы хабар жiбере отырып, жүргiзiледi. Аталған хабарды алғаннан кейiн прокурор осы тергеулiк iс-әрекеттiң заңға сәйкестiгiн тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Сөйлескен сөзді, әңгiмелесудi тыңдаудың, жазудың заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда аталған iс-әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiле алмайды.
5. Сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазу алты айдан аспайтын мерзiмге белгiленуi мүмкiн. Олар бұл шараларға қажеттілік жойылған кезде, бiрақ кез келген жағдайда тергеу аяқталған соң кешiктiрмей тергеушiнiң қаулысы арқылы тоқтатылады.
6. Тергеушi ол қаулыда белгiленген бүкiл мерзiмнiң iшiнде кез келген уақытта техникалық тыңдауды жүзеге асырып отырған органнан тексеру және тыңдау үшiн фонограмманы талап етуге құқылы. Фонограмма тергеушiге мөрмен бекітілген түрiнде, тыңдаудың негiзi, сөйлескен сөздi, әңгімелесуді жазудың басталған және аяқталған уақыты, пайдаланылған құралдардың қажеттi техникалық сипаттамалары мен жазудың сапасы көрсетiлген iлеспе хатпен бiрге тапсырылады.
7. Фонограмманы тексеру мен тыңдауды тергеушi куәгерлердiң және қажет болған жағдайда маманның қатысуымен жүргiзедi, бұл туралы хаттама жасалады, онда сөйлесу фонограммасының iске қатысы бар бөлiгi сөзбе-сөз жазылып, сөйлесiп отырғандардың сөздерiнiң естiлу сапасына сипаттама берiлуге тиiс. Сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазуға қатысушы адамдарға өздерiне белгiлi болған мәлiметтердi жария еткенi үшiн жауапкершiлiгi туралы ескертiледi. Фонограмма хаттамаға қоса берiледi, бұл ретте оның iске қатысы жоқ бөлiгi үкiм заңды күшiне енген соң немесе қылмыстық iс тоқтатылғаннан кейiн жойылады.
31-тарау. Айғақтарды оқиға болған жерде
тексеру мен нақтылау. Тергеу эксперименті
238-бап. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сезiктiнiң, айыпталушының тергелетiн оқиғамен байланысты жерде берген айғақтарын тексеру мен нақтылау:
- айғақтардың растығын оларды болған оқиғаның жағдайымен салыстыру арқылы анықтау;
- тексерiлетiн iс-әрекет болған бағытты және орынды анықтау;
- жаңа нақтылы деректердi анықтау мақсатында жүргiзiледi.
2. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау бұрын жауап алынған адам зерттелiп отырған оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын оқиға болған жерде жаңғыртуы; iс үшiн маңызы бар заттарды, құжаттарды, iздердi тауып, көрсетуi; белгiлi бiр iс-қимылды бейнелеп көрсетуi; зерттелiп отырған оқиғада қандай заттардың қандай рөл атқарғанын көрсетуi; оқиға болған орынның өзгеруiне назар аудартуы; өзiнiң бұрынғы айғақтарын нақтылауы және айқындауы болып табылады. Бұл әрекеттерге сырттан қандай да бiр араласуға және жетекшi сұрақтар қоюға жол берiлмейдi.
3. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен айқындау куәгерлердiң қатысуымен, қажет болған жағдайда маманның қатысуымен жүргiзiледi.
4. Оқиға болған жерде бiрнеше адамның айғақтарын бiр уақытта тексеру мен нақтылауға жол берiлмейдi.
5. Айғақтарды тексеру мен нақтылау жауап алынып отырған адамға оның айғақтары тексерiлетiн бағыт пен орынды ерiктi түрде көрсетудi ұсынудан басталады. Айғақтар айтылғаннан кейiн және iс-қимылдарды бейнелеп көрсеткеннен кейiн айғақтары тексерiлiп отырған адамға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бұл адам, сондай-ақ iске қатысушы өзге адамдар жүргiзiлiп отырған тергеу әрекетiне байланысты өздерiнен қосымша жауап алуды талап етуге құқылы.
6. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау барысында табылған, iс бойынша дәлел ретiнде маңызы болуы мүмкiн заттар мен құжаттар алынып, буып-түйiледi және олар мөрмен бекітіледi; оларды алу фактiсi хаттамада көрсетiледi.
7. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде қажет болған жағдайда өлшеу, суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба жасау, киноға түсiру жүргiзiледi, жоспарлар мен схемалар жасалады. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде дыбыс және бейнежазба құралдарын пайдалану осы Кодекстiң 219-бабында баяндалған ережелер бойынша жүргiзiледi.
8. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен айқындаудың жағдайы, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi бейнеленедi.
239-бап. Тергеу экспериментi
1. Тергеу экспериментi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi зерттелiп отырған оқиғаның белгiлi бiр әрекеттерiн, жай-жапсарын, мән-жайларын қайта жаңғырту және тәжiрибе жүргiзу арқылы тексеру мен нақтылау мақсатында жүргiзiледi. Эксперимент жүргiзу кезiнде, атап айтқанда, әлде бiр фактiлердi қабылдау, жекелеген әрекеттердiң жасалу, әлде бiр оқиғаның болу ықтималдығы тексерiлуi, сондай-ақ болған оқиғаның ретi және iздердiң пайда болу тетiгi анықталуы мүмкiн.
2. Тергеу экспериментi куәгерлердiң мiндеттi түрде қатысуымен жүргiзiледi. Қажет болған жағдайда тергеу экспериментiне өздерiнiң келісімi бойынша сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, куә, маман, сарапшы және тәжiрибелiк iс-қимылдарды жүргiзетiн адамдар қатыстырылуы мүмкiн. Экспериментке қатысушыларға оның мақсаты мен жүргiзiлу тәртібі түсiндiрiледi.
3. Тергеу экспериментiн жүргiзуге оған қатысушы адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп келтiрiлмегенде, олардың ары мен намысына нұқсан келтiрiлмегенде, оларға материалдық зиян болмағанда жол берiледi.
4. Тергеу экспериментi қайта жаңғыртылып отырған оқиғалар немесе әрекеттер болған жағдайларға барынша ұқсас жағдайларда жүргiзiледi.
5. Қажет болған жағдайларда тергеу экспериментiн жүргiзген кезде суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, басқа ғылыми-техникалық құралдар қолданылады, жоспарлар, схемалар, сызбалар жасалады.
6. Тергеу экспериментi жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада тергеу экспериментiнiң шарты, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi баяндалады және мыналар көрсетiледi: эксперимент қандай мақсатпен, қашан, қайда және қандай жағдайда жүргiзiлдi; оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту нақты неден көрiндi; қандай әрекеттер, қандай ретпен жүргiзiлдi, оны кiм және қанша рет жасады; қандай нәтижелер алынды.
32-тарау. Сот сараптамасы
240-бап. Сараптаманы тағайындау
Сараптама сарапшы арнайы ғылыми білімдер негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеу нәтижесiнде iс үшiн маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкiн жағдайда тағайындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы өзге адамдардың мұндай білімiнiң болуы қылмыстық iстi жүргiзушi адамды тиiстi жағдайларда сарапшы тағайындау қажеттілігiнен босатпайды.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 241-бап өзгертілді
241-бап. Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау
Егер iс бойынша:
1) өлiмнiң себептерiн, денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн;
2) iс үшiн маңызды болып, бiрақ жасы туралы құжаттар болмағанда немесе күмән туғызғанда сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын;
3) ақыл-есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық iс жүргiзуде өз құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туғанда сезiктiнiң, айыпталушының психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн;
3-1) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы түріндегі жаза көзделген қылмысты жасаған айыпталушының психикалық жай-күйiн;
4) iс үшiн маңызы бар жағдайларды дұрыс қабылдау және олар бойынша айғақтар беру қабiлетiне күмән туған жағдайда жәбiрленушiнiң, куәнiң психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн анықтау қажет болғанда;
5) iстiң өзге мән-жайы басқа дәлелдермен дәл анықталмайтын болса, сараптаманы тағайындау мен жүргiзу мiндеттi болады.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 242-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
242-бап. Сараптама тағайындау тәртібі
1. Сараптама тағайындау қажет деп таныған тергеушi бұл туралы қаулы шығарады, онда сараптама тағайындаудың негiздерi; сараптамаға жiберiлген объектiлер, олардың қай жерде және қашан, қандай жағдайда табылғаны және алынғаны; сарапшының қарауына ұсынылған өзге материалдар; iсте қамтылған, сарапшының қорытындысы негiзделуi мүмкiн мәлiметтер; сарапшының алдына қойылған мәселелер; сот сараптамасы органының атауы немесе сараптама тапсырылған адамның тегi көрсетiлуге тиiс. Тергеушiнiң сараптама тағайындау туралы қаулысы ол жiберiлген және өз құзыретiне жататын органдардың немесе адамдардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Қылмыстық iстi қозғау туралы шешiмдi сараптама жүргiзбейiнше қабылдау мүмкiн болмайтын жағдайда ол қылмыстық iс қозғалғанға дейiн тағайындалуы мүмкiн.
3. Iсте тексерiс, тексеру актілерінiң, ведомстволық инспекция қорытындыларының, сондай-ақ мамандар iс жүргiзу әрекеттерi барысында жүргiзген зерттеулердiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы дәл сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
4. Сараптама iс жүргiзуге қатысатын, өздерiнiң немесе берiлетiн құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын адамдардың бастамашылығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Өзiнiң немесе берiлетiн құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын iс жүргiзуге қатысушы тергеушiге өз пiкiрiнше сарапшының қорытындысы берiлуге тиiс мәселелердi жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектiлерiн көрсетедi, сондай-ақ сарапшы ретiнде шақыруға болатын адамды (адамдарды) атайды. Бұл ретте шешуге ұсынылған мәселелер қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтын жағдайлардан басқасында тергеушiнiң сараптама тағайындаудан бас тартуға құқығы жоқ.
5. Бастамашылығы бойынша сараптама тағайындалып отырған iс жүргiзуге қатысушы сараптамалық зерттеу объектiсi ретiнде заттарды, құжаттарды ұсына алады. Тергеушi дәлелдi қаулысы арқылы оларды мұндай объектiлердiң қатарына жатқызбауға құқылы.
6. Ұсынылған мәселелердi қарағаннан кейiн тергеушi олардың қылмыстық iске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтындарын қабылдамайды, сарапшыдан бас тарту үшiн негiздердiң бар-жоғын анықтайды, мұнан соң осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып, сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.
7. Сараптама жүргiзуге байланысты шығындарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегiне ақы төлеу осы Кодекстiң 21-тарауының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
8. Сараптама тағайындаған тергеушi сезiктiнi, айыпталушыны, жәбiрленушiнi, егер аталған адамдардың сараптама жүргiзу кезiнде қатысуы мiндеттi деп танылса, оларды сарапшыға жеткізудi қамтамасыз етедi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 06.11.01 ж. № 251-II Заңдарымен 243-бап өзгертілді
243-бап. Сот сараптамасын жүргiзу тапсырылуы мүмкiн адамдар
1. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
2. Сараптама жүргiзу iс жүргiзуге қатысушылар ұсынған адамдардың бiрiне тапсырылуы мүмкiн.
3. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы тергеушiнiң талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 244-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
244-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң
сараптама тағайындау және жүргiзу кезіндегі құқықтары
1. Сараптама тағайындалған және ол жүргiзiлген кезде жәбiрленушiнiң, сезiктiнiң, айыпталушының:
1) сараптама жүргiзiлгенге дейiн оның тағайындалғаны туралы қаулымен танысуға және өзiне тиесiлi құқықтарына түсiндiрме алуына, бұл туралы хаттама жасалады;
2) сарапшыдан бас тартуға немесе сараптама жүргiзуден сот сараптамасы органын шеттету туралы өтiнiш жасауға;
3) сарапшылар ретiнде өздерi атаған адамдарды немесе белгiлi бiр сот сараптамасы органының қызметкерлерiн тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiш жасауға;
4) сарапшының алдында қосымша мәселелер қою немесе бұрын қойылғандарын нақтылау туралы өтiнiш жасауға;
5) сараптама жүргізуге кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, тергеушінің рұқсатымен сараптама жүргізу кезінде қатысуға, сарапшыға түсініктемелер беруге құқығы бар. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама жүргізу кезінде қатысу туралы өтінішті қанағаттандырған жағдайда жәбірленуші, күдікті, айыпталушы сараптама жүргізілу орны мен уақыты туралы хабардар етіледі. Бұл жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші органның қатысуы міндетті. Хабарландырылған адамның келмей қалуы сараптама жүргізуге кедергі келтірмейді;
6) сарапшының қорытындысымен не оның қорытындысы тергеушiге түскеннен кейiн беруге болмайтыны туралы хабармен танысуға, өз ескертпелерiн ұсынуға, сарапшыдан жауап алу, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, сондай-ақ жаңа сараптамалар жүргiзу туралы өтiнiштер жасауға құқығы бар.
2. Аталған құқықтарға, сонымен қатар сараптама жасалатын куә да және психикалық жағдайы мүмкiндiк берсе, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адам да ие.
3. Егер сараптама адамды сезiктi деп танығанға немесе айыпталушы ретiнде iске тартқанға дейiн жүргiзiлсе, тергеушi оны сараптама тағайындау туралы қаулымен, сарапшының қорытындысымен таныстыруға және оның осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге мiндеттi.
4. Жәбiрленушiлер мен куәларды сараптамадан өткізу тек олардың жазбаша келісімiмен ғана жүргiзiледi. Егер бұл адамдар кәмелетке толмаған болса немесе сот оларды әрекет қабiлетi жоқ деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келісімдi олардың заңды өкiлдерi бередi. Аталған ереже осы Кодекстiң 241-бабында көзделген жағдайларда сараптама жүргiзу үшiн қолданылмайды.
5. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде де аталған адамдар жасаған өтiнiштер қанағаттандырылған жағдайда тергеушi сараптама тағайындау туралы өз қаулысын тиiсiнше өзгертедi немесе толықтырады. Өтiнiштердi қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ол өтiнiш берген адамға одан қолхат алып жарияланатын қаулы шығарады.
245-бап. Сот сараптамасы органының сараптама жүргiзуi
1. Сараптама сот сараптамасы органына тапсырылған кезде тергеушi сараптама тағайындау туралы қаулыны және қажеттi материалдарды оның басшысына жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органының қаулыда көрсетiлген қызметкерi жүргiзедi. Егер қаулыда нақты бiр сарапшы көрсетiлмесе, сарапшыны сот сараптамасы органының басшысы таңдайды, бұл туралы сараптама тағайындаған адамға хабарлайды.
2. Сот сараптамасы органының басшысы сараптама жүргiзудi ұйымдастырады, оны жүргiзу мерзiмдерiн белгiлейдi, сараптамалық зерттеудiң сапалы жүргiзiлуiне және сараптама объектiлерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге бақылау жасайды.
3. Зерттеудiң нәтижесiн және қорытындының мазмұнын алдын-ала белгiлейтiн нұсқаулар беруге сот сараптамасы органы басшысының құқығы жоқ.
246-бап. Сот сараптамасы органынан тыс сараптама жүргiзу
1. Егер сараптама жүргiзудi сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын адамға тапсыру ұйғарылып отырса, оны тағайындау туралы қаулыны шығарғанға дейiн тергеушi сараптама тапсыруды белгiлеп отырған адамның жеке басын, оның құзыреттілігiн анықтауға, оның сезiктiмен, айыпталушымен, жәбiрленушiмен, сараптау жүргiзiлетiн адаммен және iс жүргiзуге басқа да қатысушылармен ара қатынасын анықтауға және сарапшыдан бас тартуға негiздердiң бар-жоғын тексеруге мiндеттi.
2. Тергеушi сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады, оны сарапшыға тапсырады, оған осы Кодекстiң 83-бабында көзделген құқықтар мен мiндеттердi түсiндiредi және көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл iс-әрекеттiң орындалғаны туралы тергеушi сарапшының қол қоюымен куәландырылатын сараптама тағайындау туралы хаттамада белгi жасайды. Сарапшы жасаған мәлiмдеме және оның өтiнiштерi де осылайша бекітіледi. Сарапшының өтiнiшiн қабылдамау туралы сараптама тағайындаған адам дәлелдi қаулы шығарады.
247-бап. Сараптама жүргiзу үшiн медициналық
мекемеге орналастыру
1. Егер сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама тағайындалған немесе жүргiзiлген кезде стационарлық байқау қажеттiгi туындаса, сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, куә медициналық мекемеге орналастырылуы мүмкiн, бұл туралы сараптама тағайындау туралы қаулыда көрсетiледi. Жәбiрленушi, куә медициналық мекемеге осы Кодекстiң 241-бабында көзделген реттерден басқа жағдайларда тек олардың жазбаша келісімiмен ғана орналастырылуы мүмкiн.
2. Сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн күзетпен ұсталмайтын сезiктiнi немесе айыпталушыны, сондай-ақ жәбiрленушi мен куәнi медициналық мекемеге жiберу осы Кодекстiң 14-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
3. Стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн сезiктiнi медициналық мекемеге орналастыру кезiнде оған айып тағылуға тиiстi мерзiм сезiктiнiң психикалық хал-ахуалы туралы сарапшылар комиссиясының қорытындысы алынғанға дейiн үзiледi.
248-бап. Сараптама объектiлерi
1. Заттай дәлелдер, құжаттар, адамның денесi мен психикалық ахуалы, мәйiттер, жануарлар, сараптамалық алынған үлгiлер, сондай-ақ қылмыстық iс материалдарындағы сараптама нысанасына жататын мәлiметтер сараптама объектiлерi болып табылады.
2. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң дәлдiгi мен оларға жол берiлетiнiне сараптаманы тағайындаған орган кепiлдiк бередi.
3. Сараптамалық зерттеу объектiлерi, егер олардың көлемi мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сарапшыға буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде берiледi. Басқа жағдайларда сараптаманы тағайындаған адам сарапшыны зерттеу объектiлерi орналасқан жерге жеткізудi, оларға бөгетсiз қол жеткізудi және зерттеу жүргiзу үшiн қажеттi шарттарды қамтамасыз етуге тиiс.
4. Сараптамалық зерттеу объектiлерiн пайдалану заттай дәлелдердi алудың, iске қоса тiгудiң, сақтау мен жоюдың осы Кодексте көзделген ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
249-бап. Жеке және комиссиялық сараптама
1. Сараптаманы сарапшы жеке не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделi сараптамалық зерттеулердi жүргiзу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бiр мамандықтағы бiрнеше сарапшы жүргiзедi.
3. Ақыл-есiнiң дұрыстығы туралы мәселе бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн кемiнде үш сарапшы тағайындалады.